Даңқты шығыс шайыры Шамсуддин Мұхаммед Хафиз Ширазидің ғазалдарын, рубаиларын, таржебандтарын оқып отырып, оның шарап, сұлу әйел тақырыптарында көп қалам тербегенін байқаймыз. Өлеңдерін бір шолып өтсеңіз, ол: «Құр босқа егілме! Мына дүниенің өткінші сынақтарына моюдың қажеті қанша? Кел, әдемі қыздар жөнінде кеңес құралық. Шарап ішейік!» дегендей болады. Әрине, поэтикалық туындының арғы жақ бетіне, яғни, тереңіне не жасырылғанын бір оқығаннан-ақ аңғару қиын. Ал, ақынның, соның ішінде Қасиетті Құранды жатқа соғатын ақынның айналасындағыларды бас ауыртып ештеңе ойламауға, шама келсе, көңіл көтере беруге, бес күн жалғанның қызыл-жасыл қызығының барынша дәмін татып қалуға шақырмайтыны тағы бір шындық.
Мен оның 1986 жылы «Жазушы» баспасынан басылып шыққан «Ғазалдар» атты кітабын оқыдым. Өлеңдерді Әбіраш Жәмішев аударған екен. Лириктің менің көзім алма бетін аймалаған сәттерде:
«Қатал достың кәссіздігі налытпасын, Хафиз-ау,
Арам шөптің өскеніне болар ма бақ кінәлі...»,
«Іздегенім – оңашалық, табам содан тіректі»,
«Менің бүтін жан-жүрегім – сенің ғана жанарыңда,
Сенің ғажап жанарыңның тұрмын түгел қамауында» секілді өлең жолдары мені өзіне тарта берді, тарта берді. Бірақ, ол бірде:
«Әуеніңе қосайын мен күрсінісін кеудемнің,
Шарап толы кеселердің сыңғыры боп сөйлермін!» - десе бірде:
«Бақыт құсы қолыма кеп қонарына сенемін,
Ай қалқаның ақ жүзінен бір жылылық сеземін.
Кесе толы шарапқа егер түсер болса сәулесі,
Қуаныштан жүрек шіркін жарылар ма деп едім», - деп мені түпсіз ойға шомдырды. Содан оның не себепті шарапқа құмар болғанын зерттей бастадым.
Негізінде әрбір адам – өзінің ішкі ойларының құрбаны. Әрбір адам – өзінің ішкі ойларының тұтқыны. Меніңше, Хафиз пенделерді осы шырмаудан шығарып алғысы келді. Оның оқырманды шарап ішуге шақырудағы бар мақсаты – сол! Ол өз-өзін қоғамның көлеңкелі тұстарынан қорғауға құлшынды. Сізді жан дүниеңізді күңіренткен кертартпа ойларды ыдыратып, жайнаған сезім бағына қарай жетелеуге құмартты. Ол барлық пенденің өзімен бірге нұрлы болашаққа, кемел келешекке, еркіндікке барғанын қалады.
Айта кетейік, Хафиз Ширази Иранның оңтүстігінде орналасқан Шираз шаһарында дүниеге келген. Әкеден ерте айырылып, тұрмыс тауқыметін тартқан. Уақытының көп бөлігін шығармашылықпен шұғылдануға жұмсап, көрген-сезгенін қағазға түсіре берген. Ол – қайталанбас тұлға, ерекше құбылыс.
Марлен ҒИЛЫМХАН
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.