Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Маржан ЕРШУ : «АТЫРАУ  АЙДЫНДЫ ӨЛКЕМ  АРДАҒЫМ - АЙ...

04.10.2022 2700

Маржан ЕРШУ : «АТЫРАУ  АЙДЫНДЫ ӨЛКЕМ  АРДАҒЫМ - АЙ...»

Маржан ЕРШУ : «АТЫРАУ  АЙДЫНДЫ ӨЛКЕМ  АРДАҒЫМ - АЙ...» - adebiportal.kz

4 қазан күні  сағат 18 .00-де Құрманғазы атындағы Мәдениет Сарайында  Қала Күні  аясында  Атырау қаласы Гимнінің 25 жылдығына орай  әннің сөзін жазған ақын, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың «АТЫРАУ  АЙДЫНДЫ ӨЛКЕМ  АРДАҒЫМ - АЙ» атты шығармашылық кеші өтеді. 

Жазса Тарас Днепрді,  

Жазса Пушкин  Еділді, 

Неге маған жырламасқа , 

Сырда туған елімді», - деп қазақ поэзиясының абызы Әбділда Тәжібаев жырға қосқандай, туған жерін сүймейтін, топырағына басын имейтін ақын жоқ. Атырау қаласының  әкімі Мейірім Қалауи Қала күні мерекесі аясында Атырау қаласы Гимнінің 25 жылдығын салтанатпен  атап өтуді парыз санап, «Әкімі ақынын  іздеген ел бақытты» деп шығыстың жұлдызы Хафиз айтқандай,  ақын  Маржан Ершудың шығармашылық кешін ұйымдастырғанды  жөн көріпті. Осы кеш туралы ақыннан сұрап көрдік.

  – Маржан ханым, әдеби шығармашылығынызға 30 жыл толып жатыр екен, құтты болсын! Атырау гимніне де биыл 25 жыл екен. Өзіңіз осы гимннің сөзін жазған кезде әлі жас ақын едіңіз ғой.

 – Дұрыс айтасыз, университетті жаңа бітірген жас кезімде жаздым. Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары  жер – жерде жер-су аттары байырғы атауларын ала бастады. 1993 жылы бұрын Гурьев атанған Атырау өзінің ежелгі атын алды. Гурьев қаласының атауы Атырау болып өзгертілгеннен кейін 1996 жылы сол кездегі қала әкімі Жалғас Тікенбаев мәдениет қызметкерлеріне  Қала күніне орай халыққа тарту етер бір жаңа туынды шығаруды тапсырады. Ертеректен белгілі «Көрінген сонадайдан Гурьевім, Көрмедім Гурьевтей жер биігін» деген халық әні Гурьев атымен халықтың құлағына сіңісті боп кеткен еді. Сол кезде Атырауға өз әні керек болды. Мұны сол кездегі әкімшілік те жақсы ұғынып, «Атырау қаласының гимні жазылуы керек», - десті. Музыкасын жазу атыраулық композитор Болат Кохамановқа тапсырылған. Ән шықты, енді мәтін жазатын кім? Сол кездегі қалалық мәдениет бөлімінің басшысы,белгілі  әнші Ақмарал Машимова екеуі қатты ойланады. Сөйтіп, екеуі мені Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жатақханасына іздеп келгенде, қатты таңғалдым. Әннің сөзін Фариза Оңғарсыноваға жаздырғылары келген екен. Бірақ ол кезде қазіргідей жедел телефон байланыс жоқ. Фариза апай Алматыда. Уақыт тығыз. Содан маған тоқтапты. Аты ауызға іліге бастаған жас ақын ғой деп. «Төрт күннен кейін тойланатын Қала күні мерекесінде бұл ән орындалуы керек. Бір күн ғана уақытың бар» десті. Сол түнді ұйқысыз өткіздім. Қиналдым. Әнге сөз жазу оңай емес. Әннің өз поэзиясы бар. Бұл ән жай ән емес. Атырау туралы.  Жүгі ауыр сын болды мен үшін. Халық қалай қабылдайды деген қобалжу да болды көңілде. Бір-екі рет айтылып ұмытылатын  әндер болады. Көңілден тез өшіп қалатын әндер болады. Туынды тудырудың қиындығы да осында ғой. Ең алғаш «Аңсап келіп алыстан, Жан сырымды шертем. Толқыныңмен жарысқан, Мен де бір еркең» деген жолдар жазылды. Сосын ойлаймын. Мынау біртүрлі емес пе?! Жайықтан алыстап мен қайда барам? Әй, бірақ мен алысқа кетпесем де, басқалардың да жүрегіндегі сағынышпен ұласып жатқан жоқ па деп қоям. Осы жолдар менің дәл қазіргі менің көңіл күйімнің қылын шертетіндей. Елден алыстап кететінімді өзім сезіне алмасам да, өлеңім сезгендей  болған екен-ау деп ойлап қоям кейде. Бұл да бір қызық естелік қой мен үшін.

 – Шынында да төрт күннен кейін ән орындалды ма? Неткен шапшаңдық!

 – Ән алғаш рет  сол жылы  Қала күні мерекесінде  Іңкәр есімді жас әншінің орындауында халыққа тарады. Халық бір тыңдағаннан - ақ әнді жүрекке жылы қабылдады. Қосыла шырқап кетті. Осы ән үшін сол кездегі қала Әкімі Жалғас Тікенбаев композитор Болат Қохаманов екеумізге  « Жыл адамы», «Жылдың үздік ақыны», «Жылдың үздік композиторы» құрметті атағын берді .

Жылдар өте келе, бұл әннің халыққа ұнағаны соншалықты бағы жанып, Атырау қаласының   Гимніне айналып кетті десе де болады. Атырауды жақсы көретін және елін сағынған алыстағы  атыраулықтар осы әнді шырқайтын болды. Әсіресе  жастардың ықыласы ерекше. 2009 жылы  бұл әнді атыраулық «Дарын» ер балалар хоры ( жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері  Алтын Жұматина) Италияда өткен Халықаралық конкурста орындап, Гран При алып келді. Бес  жыл бұрын қызық оқиға болды. Атырауда Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық академия - колледжде өткен кездесуімде, кеш ортасында жүргізуші Ақназкен маған: «Маржан Ершу! Сіз бақытты ақынсыз!» дегенде селк еттім. Сосын  видеоны экраннан көрсеткенде, өзімді бакытты сезінгенім рас. Ақназкеннің  айтуынша, колледж  студенттері мен ұстаздары  Италияға гастрольдік сапармен барыпты. Керемет концерттер өткізіп ,  қайтар уақытта елді сағынып, «Атырау арман»  әнін ұстаздар мен студенттер махаббатпен сахнада шыркапты! Сол видеоны көргенде толқыдым. Қанша жыл өтсе де, әнге деген халық ықыласының суымай келе жатқанына  бұл да бір  дәлел емес пе?!

 – Жалпы дүниеге келген жақсы туынды  ел ішіне тарауы үшін оның жақсы  насихаты да болады ғой.

 – 1999 жылы Иманғали Тасмағамбетов  Атырауға әкім болып келгенде бүкіл ел қуанды. Аз ғана уақыттың ішінде Атыраудың рухын көтеріп кетті. Құрылыстар қызып, жұмыстар күні - түні жүріп жатты.Бұл кез Атырау дәулеті мен сәулеті қатар өркендеген шақ болды. Сарайшық, Бейбарыс, Құрманғазы, Динаға керемет ескерткіштер қойылды. Музейлер жаңарып, ісі жанданып, елдер Музейге баратын жаңа үрдіс пайда болды. Жаңа мешіт бой көтерді. Әуелі бұл мешіт «Иман» деп аталған еді халықтың тілегімен. Сол кезде менің «Атырау» деген өлеңім «Атырау» газетіне шыққан еді, соның ішінде «Көңілі көктем, жүрегі таза, жаны игі, Алланың үйі мешітті асқақ таниды. Иман деп оны атағанменен бүгінде, Халықтың өзі қосар - ау ертең «ғалиды» деген жолдар бар еді. Менің өлеңімнің қатысы болды ма, жоқ па, білмеймін, кейін «Иманғали» мешіті атанды. Болат Кохаманов екеуміздің Атырау қаласының Гимні атанып кеткен әніміз Иманғали ағамызға қатты ұнапты. Бұл әннің бағы жанған тұс сол уақыттар еді. Облыстық телевидение бұл әнге клип түсіріп, күн сайын эфирден айналдырып жатты. Бұл ән осылайша көпке жетіп, Атырауды сүйген жүректерді жылытқан еді. Әннің насихаты осылай басталды.

 – Одан кейін Атырау басшылары тарапынан бұл әнге ықылас танытқандар   болды ма?

 – Бұдан соң «Атырау арман» әніне  ықыластана назар салған  қала әкімі   Алимұхаммед Құттұмұратұлы болатын. Бүгінгі жаңарған Атырау -  сәулеті де, дәулеті де бар бар қала. Еліміздегі маңызды алып қалалардың бірі  Атырау қызу құрылыстың, қаптаған шұғыл істердің қаласы. Патриоттық дегеніміз – бұл ең алдымен, рух, сүйіспеншілік, тәрбие. Өзіңнің қалаңа, өзіңнің топырағыңа  деген сүйіспеншіліктен басталған сезім бүкіл еліне деген сүйіспеншілікке жалғаспай ма?! Патриоттық  шығармашылықтан басталады дегендей, атыраулықтардың сүйікті әніне айналып кеткен туындымызды , атыраудың кішкентай жұлдыздарының шамын жағам дегені шығар, сол кездегі қала әкімі А.Құттұмұратұлы  «Дарын» ер балалар  хорының орындауында клип түсіртіп , халыққа таратты. Балалар хоры  орындауындағы әсем ән тағы бір қырынан жарқырап көрінді. Шаһар әкімі өзінің Атырауға деген құрметін осылайша көрсеткен еді. «Ажар тозады, ән тозбайды» деген халық мақалы бар. Жақсы ән де жан азығы. Жақсы әннің өзі бір салтанатты мейрамдай ғой. Белгілі композитор Болат Кохаманов екеуміздің бұл әніміз сүйікті қаламыз Атырауға қойған ескерткішіміз десем артық болмас деп ойлаймын.

  – Әңгімеңізге рахмет! Кеш жақсы өтсін. Шығармашылық табыстар тілейміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар