Жақында ғана ортамыздан озған қаламгер Медеу Сапаұлы Сәрсеке саналы ғұмырын қазақ руханиятының жоғын толтырып, өлгенін тірілтіп, өшкенін жандыруға арнады. Қазақ әдебиетіндегі ең кенже қалған, көкп адам бара бермейтін күрделі жанр – адамтану, тұлғатану төңірегіне құрылған деректі роман хақында қалам тербеді. Медеу Сәрсеке әу баста ешкім тәуекел етіп бара бермейтін, жазуға талпынсада көп жазарманның талант-талғамы жете бермейтін ғылыми-фантастикалық бағытта шығармалар жазды. Айталық «Ғажайып сәуле», «Көрінбестің көлеңкесі», «От және атом», «Жетінші толқын» сынды ғылым мен қиял әлемін тоғыстырған шығармалар, оқырман тарабынан айрықша ықыласқа бөленіп, көпшіліктің көңілінен шыққан туындылар санатына жатады. Инженер саласында білім алған, технологиядан мол тәжірибесі бар жазушы осыдан соң, өндіріс тақырыбында өндіре жазды. «Жарылыс», «Көмбе» романдары сол заманның көкейкесті мәселелерін көтерген салмақты дүниелер болды. Кейін «Жарылыс» романын режиссер Есмұхан Обаев театрға бейімдеп сахналады. Еліміздің бірнеше өңірінде қойылды. Көрерменнің көзайымына айналды.
Медеу Сәрсекенің «Жарылыс» романы, шын мәнінде көп дүниені сезген, көп дүниені түйсінген, советтік жүйенің қайда апара жатқанын аңдаған жазушының жанайқайы еді. Жазушының жандүниесіндегі жарылысы еді. Бұл туралы жазушының ұстазы, ғұлама Ақжан Машани: «Ғылым мен техниканың тамаша келешегі қасаң тілмен сірестіре жазылса оқырманды, әсіресе, жастарды өзіне тарта алмайтын «жансыз» кітап болар еді. Медеу олай емес. «Ғажайып сәуле» атты тұңғыш еңбегін қызықты желіге құрып, оқырман назарын баурап алады. Оның тырнақалды еңбегі осымен де құнды. Менің шәкіртім қияли-фантастикаға қалам тартып, бізде әзірше өрістемеген жанрға жол салып отыр», - деп ағалық ілтипат, ұстаздық ұлағатпен жазады.
Медеу Сәрсеке қазақ әдебиетіндегі деректі роман жанрының негізін қалаушы және оны жетілдіріп, жүйелеп, бір ізге түсірген қаламгер. Оның Қаныш Сәтбаев, Ермахан Бекмаханов, Евней Букетов өмірінен жазылған көлемді шығармалары соның дәлелі. Сапаұлының «Семей қасіреті» сынды кесек туындысы қазіргі қазақ әдебиетіндегі деректі шығарманың шыңы тектес дүние.
Медеу Сәрсеке Қаныш Имантайұлының өмірі мен ғылым жолын зерттеуге 60 жылдан астам уақытын арнады. Осы аралықта ғұламаның күреске толы өмірінен дерек беретін, үлкенді-кішілі 19 кітап жазады.
Бұл туралы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Камал Смайылов: «Медеу Сәрсеке Қаныш сияқты алып тұлғаны халық күткен биік деңгейде айшықтап, жеріне жеткізе ұлықтай білген. Ең ғажабы өзінің қаһарманына жан-тәнімен сүйсінген, деректі жанрдың сын-сипатын әбден меңгерген қаламгердің қолынан шыққан».
Өзі де ғалым, өзі де жазушы, өзі де инженер Медеу Сәрсеке сынды қаламгердің, қазақтың біртуар тұлғасы Қаныш Имантайұлы туралы жазуы былайғы жұртқа таңғаларлық дүние еместей көрінеді. Бірақ Сапаұлының бұл тақырыпқа келуінің өзінің сыры мен сипаты бар.
Журналистерге берген сондай әңгімелерінің бірінен үзінді келтірсек. Медеу Сәрсеке: «Мен жасымнан Сәтбаев сияқты инженер болуды арман еттім. Ғұлама Сәтбаев, академик. Керемет адам. Болмасаңда ұқсап бақ. Алдын көргім келетін. Сондай күндердің бірінде Әлкей Марғұлан шақырды. Содан бардым. Атақты академик Әлкейдің кабинетіне кірдім. Аман-сәлемнен кейін, орындық нұсқады, отырдым. Қарасам алдында менің үш кітабым жатыр. Сол кітаптарды парақтап отырып, «тілің жақсы, қиялың жүйрік, ғылыми сауатың жетерлік» дегенге саятын мақтауларын айтып отырды да, «мен сені шақырғаным, Қаныш ағаңды білесің, көргенде шығарсың, сені іздеген себебім, техника саласын білесің, сен фантастикалық шығармаларыңды сәл ірке тұрып, Қанекеңді зертте, қазір ол кісі сырқат, өзім алып барып кездестірем, таныстырам. Өзің Семейден екенсің, Қанекең өмірінің алты жылын Семейде өткізген. Сен осы зерттеуіңді Семейдегі Қанекеңнің оқу барысын, мұғалімдік жұмысынан баста. Соны бір жүйелеп ал. Ұстаздары кім болды. Екі жыл мұғалім болғанда кімдерді оқытты. Осының бәрін зерттеп 3-4 айдан соң қайта кел. Содан кейін сені Қанекеңнің үйіне ертіп апарам, сол жерде ойыңда жүрген 15-20 сұрақты дайындап әкеліп қоясың, екеуміз бірге отырып талқылаймыз». Содан не керек, шамам келе ме, ойланайын дедім. Ойлан, бірақ жоқ деме. Сосын араға бір жұма салып Әлекеңмен қайыра кездестім. Бір жұма бойы ұйқы-күлкі көрмей іздендім. Қаныш Сәтбаев туралы жазамын аға дедім. Қыс кезінде өзім шақыртам сонда кел деп, солай уәделесіп тарқастық».
Міне Медеу Сәрсекенің атақты «Қаныш» эпопеясының негізі осылай қаланып, алғашқы парақтары осылай хатқа түсе бастайды. Жас шәкірт жазушыны үлкен жолға, тың түренге салған академик Әлкей Марғұланның өзі еді.
Медеу Сапаұлының «Сәтбаев» романы туралы Әзілхан Нұршайықов: «ЮНЕСКО жариялаған дерекке қарағанда Сәрсекеевтің «Сәтбаевы» әлемнің 112 еліне тарапты. Заңғар ғалымның есімін туған жұртында айтқызбай жүрген кешегі керағар заманда, Медеудің ерлігімен жүзеге асқан іс!» - деп тебірене жазады.
Өкініштісі бар дүние Медеу Сәрсеке мен Әлкей Марғұланның жоспарлағанындай болмайды. Сол жылы желтоқсан кезінде Қаныш Имантайұлы денсаулығының нашарлап тұрғанына қарамастан, қайта-қайта шақыртумен Мәскеуге ғылыми конференцияға барады. Сөйтіп Мәскеуде Қанекеңнің денсаулығы сыр беріп, құсып, қиналып қатты ауырып, больницаға түседі. Сол емханадан ақыры аман шықпайды. 31 қаңтар күні Семейде таңғы шайын ішіп отырған Медеу Сәрсеке радиодан Қаныш Сәтбаев қайтыс болды деген хабарды естиді. Сол жерде көзінен жас төгіліп, ішіп отырған шайын төгіп алады. Өз-өзіне келе алмай ұзақ жүрген автор, бәрібір қазақтың біртуар перзенті, Алаштың аймаңдай ұлы, кешегі Алаш арыстарының көзі Қанекең туралы сапалы дүние жазып шығуға іштей серт береді. Өйткені Сапаұлы жаратылысынан ойын алған, қиялына қондырған нәрсені орындамай тынбайтын қайсар да қағілез жан еді. Қаныш Сәтбаев дүниеден озғанымен ол кісінің өмір жолын зерделеу, зерттеу, кітапқа материал жию жұмыстары бір сәтке тоқтамайды.
Осы ауыр күндерді арада ұзақ уақыт өткесін еске алған Медеу Сапаұлы әңгімесін былай жалғастырар еді: «...Оның үстіне Қанекеңның Семейдегі алты жылын жүйелі түрде зерттеп, бас-аяғын ретке келтіріп қойған едім. Енді Академия тарихына ойысқан кезім. Одан кейін Жезқазған даласы тұр. Сол кезеңдер ішінде мен Жезқазған қаласына қатарынан төрт жыл бардым. Кәкімбек Салықовпен сол жылдары таныстым, оның көп көмегі тиді. Біз қанды көйлек дос болып кеттік. Жезқазғандағы Қаныштың қолы тиген, ізі қалған дүниенің түгін қалдырмай зерттедім. Одан соң Мәскеудегі, Лениградтағы жүрген жолдарына үңілдім. Қанекеңның жүрген жолының бәрімен жүріп шыққаннан кейін барып кітапқа отырдым. Алғашқы жазғаным машинкамен 830 бет болды. Екі жылға жетпейтін уақыт ішінде жаздым. Сосын 830 беттік жазбаны Марғұланның қолына бердім».
Қолжазбаны оқып шыққан академик Әлкей Марғұлан ризалығын береді. Ал Әлекеңнің көңілінен шыққан кітаптың шығу жолы өз алдына бір хикая, тым ауыр болады. Әуелі Ілияс Есенберлин «Жазушы» баспасынан «Жайсаң жандар» сериясымен шығармақшы болады. Алайда Ілекеңнің жұмысының ауысқанына байланысты бастама аяқсыз қалады. Одан кейін де жолы болмаған кітап тек 90 жылдарға қарай жарық көреді.
Медеу Сәрсекенің «Сәтбаев» кітабы алғаш рет 100 мың данамен ЖЗЛ сериясымен жарық көрді. Кітаптың жарыққа шығуына Қаныш Сәтбаевтың жарының көп ықпалы болады.
Қаныштың әкесі Имантай үш жыл Омбыда оқыған, Шоқан Уәлихановпен дос-жар болған. Жалпы Сәтбаев әулетінен үш адам Қанекеңның ағалары «Халық жауы» болып сотталған, бұл сойқаннан Қаныштың аман қалғанының өзі бір қызық. Қаныш Сәтбаевтың өмірінен, парасат-мәйегінен, әулеттің тұтас тарихынан жан-жақтылы мәлімет беретін кітаптың уақытылы шықпауының бір себебі, осындай ескіден қалған ызғарлы саясаттың салқынында екені анық.
Шын мәнінде, Сәтбаевтың өмірі, еңбегі, ғалымдығы, зерттеушілігі, ұйымдастырушылық қабылеті, қазақ фольклорының жанашыры болғаны өз алдына бір эпопея. Үлкен ізденіс пен қажыр-қайратпен дүниеге келген Сапаұлының «Сәтбаев» еңбегі қазақ руханиятының үлкен жемісі. Сәтбаевтың балалық шағы, жастық кезеңі, оқу, білім алу барысы, академия құруы, Геологиялық ғылымдар институтын құруы, Жезқазғанды ашуы Медеу сынды абыз иесінің қаламы арқылы кең құлашпен жазылды. Сондай-ақ, Сәтбаевтың кісілік келбеті, артына қалдырған игілікті істері, көптеген ғылыми-зерттеу орталықтарын құруы, жан-жақтылы зерделенген. Қазақтың жирма бес әнін Затаевичке жазып беруі, фольклор жинауы, тарихшылдығы мен шежірешілдігі, алғашқы алгебра оқулығын жазу сынды ұланасыр еңбегі толықтай жүйеленіп, зерделенген бірегей туынды саналады.
12 сәуір – ҚР Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың дүниеге келген күні. Қазақтың ғұлама ғалымының туған күні 12 сәуір – еліміздегі Ғылым қызыметкерлерінің күні. Аталмыш мереке 2012 жылдан бері аталып өтіп келеді.
Оның үстіне биыл Қазақстан ғылымы мен технологиясы дамауының көшбасшысы, Қазақтан шыққан тұңғыш ғылым докторы, Шығыс елдерінің ғалымдары арасында ғылым мен техника саласындағы КСРО алғашқы академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстандағы Ленин сыйлығының бірінші иегері – Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толып отыр. Осы орайда, баршаңызды ғұламаның ғұмырын арқау еткен Медеу Сапаұлы Сәрсекенің «Сәтбаев» сынды бірегей туындысын бірге оқуға шақырамыз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.