Лирика!
Әдебиет тарихы туралы статистикалық зерттеулерге сүйенсек те, логикаға салып қарасақ та жалпы әлем әдебиетінде ең көп жырланған тақырып – МАХАББАТ тақырыбы екен. Задында, сезім лирикасы, махаббат лирикасы – парасатты поэзияның қайнар бұлағы. Мұқағали ақын айтқандай, “поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады”. Ғадауат жырының бояуын, нәрін, реңін әр қазақ ақынының шығармашылығынан табуға болады. Әр түрлі жол, жаңа ой, тосын сезім...
Қазақ әдебиетінде махаббат лирикасын шығармашылығының негізгі өзегіне айналдырған ақындардың бірі – Күләш Ахметова. Ақын поэзиясындағы махаббат лирикасына арналған өлеңдері – терең сырлы, мөлдір, нәзік үнді. Орыс әдебиетіндегі атақты қос шайыр Анна Ахматова мен Марина Цветаевалар ғашықтық-сүйіспеншілік сезімдер туралы жырларында махаббаттың құдіреті мен қасіретін, тазалығы мен ізгілігін жыр етсе, қазақ әдебиетінде ұлы сезімнің сұлулығы мен ғаламатын жыр арқауы еткен ақын Фариза Оңғарсынова мен Күләш Ахметова бастаған бір шоғыр қыздар қауымы болса керек.
Бұл тақырыптағы ақын жырларында махаббатың мәні, жастық шақтың қызығы мен бал күндері, ғашықтардың сыры ашық жырланады. Ақын әр адамның сезімін, бақыты мен мұңын, ішкі әлеміндегі өзгерістерді бүкпесіз суреттейді. Әйел жанының терең қатпарларын мұқият зерделеген автор қыз сезімін аса жоғары деңгейде жеткізуге тырысады.
Талантты ақын Күләш Ахметова жастық шақтың қайталанбас күндерін тілге тиек отырып, осы кездің негізгі мән-мағынасын былайша жазады:
Аяулы шағым – жастығым!
Жартасқа шыққан ақ гүлім.
Байлауға келмес тасқыным,
Басылмай жүрген аптығым.
Кішілігім мен паңдығым,
Күнәларым мен пәктігім.
Азапқа салған жанды мың
Махаббат сынды тәтті мұң.
Асылы, ақынның шығармашылығындағы лирикалық тұлға, лирикалық қаһарман (кейіпкері) – көбіне-көп автордың өз атынан, І жақ категориясынан сөйлеп тұрады. Сөйлеушінің ойы, әдетте қазақ қыздарының табиғатына сай сезімдерін сыртқа шығара алмай, жүрегінің тереңінде сақтап, сыр білдірмей жүреді емес пе. Бұл өлеңдегі ой, негізгі фон күнделік бетіне жазылғанымен ғана білініп отыр. Ал, “Ақ гүлім” – қазақ қызының ұяңдығы басым, романтикалық әсем де, көркем өзінше бір әлемнің (қиял) бейкүнә, аңғал қалпындағы жас көңілдің образы. Лирикалық тұлға мәселесі жағынан қарар болсаңыз, (ішкі жан-дүниеңнің көркем сырларын білдіретін жыр жолдарын оқи отырып, тілмен айтып жеткізе алмайтын сезімге бөленесіз. А. Байтұрсынұлының қисынына салып айтсақ, әдемі жыр жолдарын алатын адамның көрік ләззаты басқа сөздердің бәрінен де артық болады) бұндағы жеке адамның сезім өрнегі дәстүрлі формадан көп ұзап кете алмаған. Бұдан соң автор махаббат жайлы жырларында ғашықтардың ішкі тебіренісі мен толқынысын жырға қосады. Тылсым күшпен ұғынысқан жандардың мұңы былайша берлілген:
Жай ғана тербеледі
Шынардың жапырағы,
Сен жүрген жерге мені
Бір биік шақырады.
Немесе:
Өз сырым – бар айтарым –
Шешімі ақылдың да.
Сен болып арай таңым
Сағынтып шақырдың ба?
Осы тұста айта кетер жайт, К. Ахметованың бір ерекшелігі – махаббатты жырлай отырып, сезім сергелдеңіне түскен жанның хәлін шынайы суреттеуінде. Сөзіміз дәлелді болу үшін айталық, оның шығармашылығында көбінесе сезім өрнегі айтыс-тартысқа (драма) ұласып отырады. Өлеңде шертілген сырдың шыншылдығының шынайы әрі көркем берілуінде. Осыны барлап қарасаңыз, ақынның көңіл-күйі, ой-сезім әлемі оқырманының жан-дүниесінің астан-кестенін шығарып, жүрегіне алапат жарылыс туғызады.
Ақын биік махаббатты жырлайтын өзге ақындардай әсірелеуге салынбайды, ол ұлы сезімнің қасиетін кестелі сөзбен, оралымды тілмен суреттеуді мақсат етеді. Махаббатың мазмұны неде деген сұрақтың жауабын оқырман жыр жолдырынан таба алады. Бір жағынан бұл жырлардың қос ғашықтың бір-біріне айтқысы келген ойы көрініс табады:
Жұбату күтем – жыласам.
Қолымды созам – құласам.
Өзің біл, жаным, аясаң,
Өзің біл, жаным, сынасаң.
Түсінем десең, өзің біл,
Түңілтем десең өзің біл.
Түсіме кірмеген сезім – бұл,
Түсіндіре алмайтын кезім – бұл.
Ақын жүректегі алғашқы мөлдір сезімдерді де ерекше толғаныспен бейнелейді. Әр адамның басынан өтетін алғашқы махаббатың ғажап сәттері көңілге балалық пен балғын кездерді еске түсереді. Жанға жылу беретін сол шақтың қимас күндерін көркем тілмен шебер жеткізеді. Мәселен:
Қиянатсыз қымбаттым! Сен еске сан
Ораларсың, сонда іштей тынармын.
Мен де өзіңе сенгенімдей ешқашан
Ешкімге шын сене алмайтын шығармын.
Күләш Ахметованың махаббат лирикасында ғашықтардың ішкі толғанысын сипаттайтын өлеңдер де бар. Бұл туындыларда ғашық жандардың мұң-тілегі жазылады. Әсіресе өмір жолында қосыла алмай қалған ғашықтардың өкініші мен наласы көңілге қаяу түсіреді, мұңайтады. Күләш ақынның сентименталды жырлары оқырманды ойландырмай қоймайды:
Кездеспе, жаным, кездеспе маған еш жерден,
Кездесіп қалма керуендей кезек кештерден.
Кеудеңде қалса сонау күндерден от егер,
Көрсең де мені көрмеген болып өте бер.
Сенсіз де қанша көктемдер келіп, шықты гүл,
Көшеде көрсең, көзіңді тайдыр, тік бұрыл.
Елдің де, жаным, сөзіне сенбе, пенде – олар,
Мен жайлы тіпті, естімегенің жөн болар...
Бұл өлеңдер циклінде ерекше орын алатын «Кездесу» атты өлең. Жыр жолдарында тағдыр қоспаған қос ғашықтың аянышты халі суреттеледі. Мөлдір сезімнен бас тартуға мәжбүр болған жандардың кездейсоқ кездесуінде терең сыр бар. Жыр жолдары төмендегі мысалдағыдай өрілген:
Сенің көзің көгілдір,
Менің көзім қара еді.
Жайлауында көңілдің
Жалғыз-ақ ой бар еді.
Түсінгенмен не етемін,
О, болмайды, болмайды.
Қиып, құйып кетемін
Көздеріңе мол қайғы.
Ақылдымыз,
Осы рас.
Ісіміздің –
Бәрі ізгі.
Тек махаббат есуас
Жылап қалған тәрізді.
Осы сықылды «Көк көйлекті қыз» өлеңі де осы туындылардың заңды жалғасы. Арманына жетпеген ғашық жанның ішкі мұңы мен сағыныш сезімі өлең арқауы болады. Көк көйлек қайта оралмас жастық шақтың символындай ақынның қиялымен таңдалған. Жыр жолдарынан үзінді келтірейік:
Көктем келіп көк гүлдерін санасаң,
Көтерілсе көк таулармен таласа ән.
Көлбей ұшқан көк бұлттарға қарасаң,
Көк кейлекті қыз есіңде болсыншы.
Кешір, барлық сырымды да жоқ ашқам,
Жол да бөлек болған екен о бастан.
Мөп-мөлдір боп көзді тартса, көк аспан,
Көк көйлекті қыз есіңде болсыншы...
Ақын поэзиясы мәңгілік махаббатты жырлайды. Күләш Ахметова жырларынан нәзік те назды үнді анық сезіне аламыз. Себебі ақынның табиғи болмысы мен шығармашылық дарыны бір-біріне үйлесіп жарасым тапқан. Ақын мінезі мен болмысы оның поэзиясында көрініс тапқан десек қателеспейміз. Мәселен, «Жапырақ – жаздың жүрегі» атты өлеңнің жолдарында ақын жапырақ, шынар сияқты ұғымдарды кездейсоқ таңдамаған. Әр біреуінің символдық мәні бар. Бұл ақын жүрегіне жақын түсініктер екені күмәнсіз. Бұл арқылы автор жастық шақ пен мәңгілік махаббаты жырлайды, өмірдің мәні не деген сұраққа жауап береді:
Тыңдаңызшы!
Тым жақсы әндетеді,
Айтады олар:
Дүние сәнді екенін,
Бір жаманы –
бұл ғұмыр қысқа екенін,
Бір жақсысы –
Махаббат мәңгі екенін.
Бұдан соң автор жаздың жүрегі – жапырақ пен адам сезімдерін қатар жырлайды. Жапырақ тек жаздың жүрегі емес жастықтың, махаббаттың символындай әсер қалдырады:
Қандай шынар!
Сұлу, биік те тік!
Бір-біріне қылығын сүйікті етіп,
Қараңызшы,
дірілдеп қуанады
Жапыраққа жапырақ тиіп кетіп.
Самал желге –
жүгірген тасып хабар –
Сыр айтады ұзақ та,
ашық та олар.
Күрсінеді, қарайды, біз сияқты
Бір-біріне олар да ғашық болар?
Автор жапырақты өзге туындыларын да символдық мәнде шебер қолдана береді. Келесі жыр жолдарында ғашық жан жапыраққа мұңын шағады:
Басталды дауыл бораған,
Кетеді ұшып ес кей күн.
Ғашық боп қалдым мен оған,
Жапырақтар-ау, не істеймін?!
Сендердей нәзік сезімді
Баса берсін бе жойқын қар?
Қатты аяп тұрмын өзімді,
Қайратты ақыл айтыңдар.
«Жапырақты» автор жүректің символы жай жүректің емес ғашық жүректің белгісі етіп қолданғаны келесі өлең шумақтарында да көрінеді:
Жапырақтай күн сүйген жайқалғаныммен,
Табысқандай болғанмен қайта арманыммен.
Сен сағынып келгенде алыс жолдан,
Айтайын дегенімді айта алмадым мен.
Бұл шумақтарда автор «жапырақты» теңеу ретінде де қолданып тұрғаны белгілі. Осы тұста ақынның көркемдегіш құралдарды шебер таңдай білуі оның суреткерлік талантының биік екенін айқындап тұр.
Күләш Ахметова – мәңгілік махаббатты жырлаған шайыр ғана емес, әйел жанының зерттеушісі. Оның әрбір өлеңінде қыз баласының сезімі мен ешкімге айтпас құпия сырлары көрініс табады. Әйелдің жанын әйел ғана түсіне алатындықтан болар, бұл жырлар әсерлі әрі мөлдір, сыршыл. Мәселен, «Балкондағы гүл мұңы», «Сіз осы шыныменен білмейсіз бе?», «Хабарласпай кеткенің дұрыс болды», «Мен бір бақыт іздеп жүрмін, достарым» сында тағы басқа өлеңдерінде әйелдің нәзік болмысы мен жан дүниесі суреттеліп қана қоймай, ой иірімдері арқылы оқырманды да ойландырып қоя салады.
Ақын нәзік жандылардың әлсіздігі мен дәрменсіздігін гүлге теңейді. Гүл – ақын шығармашылығының негізгі лейтмотиві. Байқап қарасаңыздар, Ахметованың шығармашылық зертханасында тек көктем, гүл, бақ, жаз, табиғат, жапырақ, ағаш т.с.с. элементтер жиі кездеседі. Ал, ақынның ұстанымы, дұрысы шығармашылық кредосы – жалт еткен сәуле-ғұмырдағы ең үлкен бақытты сүю, оның қадір-қасиетін білу керектігін көзге көрінбейтін абстрактсыз күйде жеткізе салады. Алайда ұлт танымындағы «қырық жанды әйелдің» күшін бәрінен биік қояды. Қазақ қыздарының дана образы сұлу сөзбен әсерлі жырланады:
Мен – нәзік гүлмін,
Сен – құламайтын шынарсың,
Бірақ мен шыдаған дауылға сен шыдамайтын шығарсың!
Жарқын Әлі
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.