Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
«Мешіттегі бүйі» романы һәм қаһарман ұрпақ...

19.08.2022 2619

«Мешіттегі бүйі» романы һәм қаһарман ұрпақ 14+

«Мешіттегі бүйі» романы һәм қаһарман ұрпақ - adebiportal.kz

Ұлы даланың төсін ен жайлап, еркін өскен қазақ халқы өз бостандығы мен жерінің азаттығы жолында көп бодау берді, қан төкті. Жан алып, жан беріскен ұрыс даласында кісі шығыны көп болды. Ұзақ уақытқа жалғасқан бұл тарихи үдеріс ұрпақ тағдыры, ұрпақты сақтап қалу, қара шаңырақты құлатпау сынды түйткілді мәселелерге келіп тірелді. Қазақы танымда қара шаңырақ пен отбасындағы кенже ұл мотивы бірге қарастырылатын егіз ұғымдар. Біз осы уақытқа дейін қазақ фольклорындағы, эпостық жырлар мен көкркем әдебиеттегі кенже бала образына тоқталып, жан-жақтылы талдауға талпыныс жасаған едік. Бүгінде сол мәнерді жалғастырып, көршілес өзбек әдебиетіндегі кенже бала пайымына тоқталғанды жөн көрдік. Олай болса өзбек әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, жазушы Абдулла Қадыридың «Мешіттегі бүйі» романындағы кенже бала Әнуардың бейнесіне тоқталып көрмекпіз. 

Өзбек жазушысы Абдулла Қадыри жазған «Мешіттегі бүйі» романы – бір емес, бірнеше кенже баланың тоғысқан тағдыры туралы роман. Негізгі мәтін ХІХ ғасырдың соңғы ширегіндегі Қоқан хандығында өткен хан ордасымен тікелей қатысы бар, тарихи негізге құрылған кейіпкерлер арасындағы қайшылықты суреттейді.   

Негізігі сюжет хан ордасының имамы болып, үлкен қызмет атқарған ақсүйек баласы Салық мақсым турасында баяндалады. Екі ұлдың кенжесі болған ол әкесі қайтқанда, өз алдына отау құрған, ағасы басқа жерге имам болып бөлек кеткендіктен, жиырма жастағы жігіт Салық мақсым анасы мен қарындасына бас-көз болып қалады. Әкесі ата-тегінен хан ордасында құрметті имамдық қызымет атқарған атақ-даңқынан айрылып, бұлар қиын жағдай да өмір сүріп жатады. Ол енді ежелден қалыптасқан ата-баба жолымен медресе ашып, бала  оқытып, тірлік ете бастайды. Бірақ бұл кенже баламыз, бұрынғы кенже балалардан мүлде басқаша. Ерлік жасап бірдеңені қиратпайды. Балалық шағының да қалай өткені белгісіз. «Абай жолындағы» Оспан секілді қызығы көп, басбұзар тентек болмағаны да анық. Шығармада кейіпкеріміздің өткен өмірі туралы деректер аз. Тек оның кейіпкеріміздің мінез-құлқына, қазіргі тіршілігіне сүйене отырып межелей аламыз.

Ол замандағы өзбекті айтпаған да, қазақтардың өзі ұлын жиырмаға жеткізбей, қызын он сегізден асырмай аяқтандырып отырғанын білсек. Жиырмадан асып кеткен Салықтың бойдақ жүргені, он бестен асқан қарындасының үйде отырғаны шешесіне қатты батады. Кейін, дәулеті қайтқан шаңырақ ретінде Салық мақсымды үйлендіру кезінде шешесі, Ерназар сияқты сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе деп келін қарастыра аламай, өздері сияқты күйеуі орда да қызымет істеген, бағы қайтқан жесір әйелдің ержеткен ұлы мен бойжеткен қызына қарсы құда болып, кенже ұлды үйлендіреді. Осылай кенженің отбасылық, ұстаздық өмірі басталады. Әйелі жас Нигардың да сауатын ашып, оқытып, оны қыз балаларға сабақ беруге талпындыра бастайды. Сөйтіп, күндер өте береді, басында шағын болған медресе, он-он бес жыл өте келе үлкейіп атағы Қоханға шыға бастайды. Бірақ қанша үлкейсе де, басында жоқ кезінде қалай сараң болды кейін бар болған кезінде де солай сараңдығын жалғастыра береді. Автор сөзімен айтқан да: «Оның үстінен жамаусыз киім көрмейсіз. Жеті жылдан бері бір сырма шапанын өзгерткен жоқ. Тек жыл сайын жаға-жеңін басқа матаман жиектеп, жыртылған жерлерін жаматып киеді, әсіресе, астары... биыл ол шапан сегізінші жыл киіледі. Көршілес әзілқой мақсымның бұл шапанын «малтабар» деп ат қойып алған... қысқасы, бес-алты қайыра басталып, қонышы бірақ қарыс болып қалған жамаулы мәсісі, зілдей ауыр кебісі мен шеттері жұлым-жұлы болған ақ боз сәлдесі сол төңіректегі жұртшылықтың көрген сайын күліп, мәз-майрам болып қалар ермегіне айналған... Мақсым отбасында бала-шағасын да киім-кешекке жарытпайтын, тек киім-кешекке ғана емес азық-түлікке де таршылық жасап, қазан-ошаққа үнемі араласып отыратын.» дейді. Бұл біздің бұрыннан айтып келе жатқан мәрт кенже бала бейнесіне мүлде қарма-қайшы мінездеме еді. Сараңдығы бір басқа, оның іштарлығы да бір басына жетерлік. «Мақсым өзі сияқты мектеп ұстаған мұғалімдерді өлердей күндеп, оларға деген өшпенділігі көкірегіне симай жүретін»-дей келе, тіпті сол мекетеп ашқан мұғалімдерді кезі-келсе жамандаудан тайынбайтын мінезі де бар еді. Бірақ біздің кенжеміздің сонда да бағы зор еді. Өзі қандай сараң, қандай тар адам болса,  алған әйелі сондай жайлы да кең пейілді, тіпті Рано есімді әдемі сұлу қызы да болды. Оны аз десеңіз көп адамның сауатын ашуға себепкер болып, одан оқып шыққан түлектердің кейбірінен жоғары лауазымды тұлғалар шығады.

Мақсымның бағы бұл ғана емес. Нағыз бағын жандырған шәкірттерінің ішінен шыққан асыранды баласының кейінгі жетістігі еді. Ол бала туралы романның өзін сөйлетсек: «Әнуар хижра есебі бойынша 1267 жылдың орта шенінде Бәхмәлоф махалласында, өте кедей отбасында туды. Әдетте, анасы жаңа туған баласын «тілеп алған ботам» деп, әкесі «жасаға берген жарығым» деп айналып-толғанып отырады. Бірақ, біздің Әнуар болса, анасының «тілеп алғаны» да, «жасаған бергені» де бола алмады, ал әкесі, тіпті бір рет болса да «ұлым» деп мейірін төккен жоқ. Әкесінің кәсібі бояушылық еді де, әрдайым көк бояуға белуарынан батып жүретін. Ол байғұс үрпе-шүрпе бес ұсақ баланың әкесі болатын. Оларға тағы алтыншы болып Әнуар қосылды. Қысқасы, Әнуар құдайдан тілеп алған бала емес, қайта ата-ананың тілегіне қарама-қарсы, оларды жоқшылыққа ұшыратып, қасірет тарттыру үшін дүниеге келегендей болды». Қарап отырсақ бұл кенженің де тағдыры басқаша, туған кезінің өзі тым бақытсыз басталады. Маңдайының соры бес елі байғұс бала, өмірге келгеніне жазықты болады. Тіпті дүниеге келер сәтінің өзінде анасы, үлкен қызы Надираның көмегімен көршілерінен жасырынып босанады. Ол аз болғандай, оған ат қоюды да ұмыт қалдырып, жиырма екі күннен кейін жаңағы үлкен әпкесі Ндира оған Әнуар деген ат қояды. Не болса да, уақсыз-уақытта туған Әнуарды осы әпкесі Надира ана орнына ана болып асырап бағады.

Сөйтіп, көп баланың арасында ержетіп келе жатқан Әнуардың әкесі қатты ауырып төсек тартып жатып қалады. «Сол жылы қыс өте қатты болды. Олардың суықтан сақтанатындай дайындығы да жоқ еді. Өкпесіне суық тиіп, Сәлімнің төртінші баласы өлді, одан кейін көктем шығар-шықпастан Сәлімнің өзі дүние салды. Әнуарға жәнк екі ағасына қызылша шықты да, бұл аурудан ағасының біреуі тағы қайтыс болды. Бас-аяғы 5-6 алты айдың ішінде Анарбибі ерінен және екі баласынан айырылып, төрт баламен  жесір қалды». Бақытсыздық торлаған отбасының трагедиясы бұл ғана емес еді, бала Әнуар алтыға толған жылы анасы Анарбибі жарты-ақ күн ауырып, бақилық болып кете береді. Ерте ұзатылып, күйеуге шыққан әпкесі ендігі үш жетімнің сүйеніші болып, бағып аламыз деген кісілерге ересектеу екі інісін беріп, тағдырдың талқысына түскен біздің кенже Әнуарды Әпкесі өз қарауына алады. Ендігі жерде әпкесі оның болашағынан алаңдай бастайды. Қамқор әпке оны өзінің әкесі сияқты бояушы немесе күйеуі сияты тоқымашы еткісі келмей, баланы медресеге береді. «Ол тіпті, оны медресеге оқытып молда қып шығармақшы, сүйтіп, әкесінің шаңырағын қайта көтермекші болды»,-дейді автор. Сонымен оны Салық мақсымның мектебіне апарып оқыта бастайды. Көп өтпей сауаты ашылған бала өзінің зеректігін таныта бастайды. Бірақ, екі балалы болып үлгірген әпкесіне күйеуі Әнуарды баға алмайтынын, оны біреуге көмекші етейік дегеніне қарсы болып неше рет сөзге келісіп, ақыры болмағасын, бір күні Надира Салық мақсымның үйіне барып шешесі мен мақсымның әйеліне барлық жағдайды айтып береді. Ндираның сөзін естіп, балаға жаны ашыған мақсымның анасы Махлар айым оны бауырына басып алады. 

Осы жерден шығармадағы біздің екі кенжемідің тағдыры бір нүктеде қилысады. Бұрын ұстаз бен шәкірт болса, енді әке мен баладай жақын. Әрине, Салық мақсымның жоғарыда мінезінің кейбір тұстарын айтып кеткен едік, Әнуардың өз отбасының адамы болғанын сараң мұғалім қанша қаламаса да, анасының сөзіне қарсы келе алмайтын еді. Сөйтіп бұл шығарманың кенже баласы әрі геройы осылай ортаға шығады. Туыла сала қиындықты көріп келе жатқан кенже ұлдың тағдыры қанша тәлкекке түсседе, ағалары көрмеген тағдыр сиын бірте-бірте тата бастайды. Медреседе оқиды, сауатын ашады, он үш жасқа келгенде мектепті бітіріп, мұғалім көмекшісі болып, бос уақытында мақсым оған тереңдетіп қосымша сабақтар өтетін еді, ол сөйтіп жүріп он бес жасында медереседе өз бетінше сабақ бере алатын дәрежеге жетеді.

Мақсым ұстаз әрі баласы әрі Шәкірті Әнуардың жұлдызын бірте-бірте жарқырата түседі. Оның бәрі адал достықтан бастау алған еді. Әнуар қанша жетімдік көрседе ешқашан туралықтан ауытқымаған, ұстазы мақсым қандай сараң, қандай ұсақ болса, шәкірті Әнуар соншма кең, жайдыры, қолы ашық болды. Асырап алған кезінен-ақ, Әнуардың зеректігін, әдеміше келегенін ұнатқан Салықтың анасы оған мақсымның қызы Раноны беремін дейді. Осы жерден Әнуардың кішкентайынан көкпке жұғымды бала болғанын аңғару қиын емес. Жоғарыда айтқан адал достығымыз – Әнуардың Нәсім атты бүкіл хандыққа белгілі Мұхаммет Раджаб сынды беделді бектің баласы-тын. Осы баламен аралысып, оның үйіне барып-келіп жүріп, Мұхаммет Раджабқа бала Әнуар өзінің сабырлы, байсалды қылығымен ұнай бастайды. Бірақ бұл достық ұзаққа созылмай досы Нәсімнің шешектен қаза болып кетуі, біздің кенже баламызға қатты соққы болып тиеді. Әнуардың ұлына деген адал достығы Мұхаммет Раджабты қатты әсерлендіреді, жалғыз ұлдан айырлған соң, ол енді Әнуарды көтермелеп, орда қызметіне тарта бастайды. Міне осы жерден біздің алдыңғы кенже баламыз мақсымның кейінгі кенже балаға деген көзқарасы өзгеріп сала береді. Енді мақсымның нені көздегені белгілі. Осылайша ақ жүрек Әеуар Мұхаммет Раджабтың қолдауына бөленіп, орда да хатшының көмекшісі болып жұмыс атқара бастайды. Осылай бірнеше жыл орда да хатшы болып істеп жүрген кезінде Әнуар Мұхаммет Раджабтың сеніміне ие болады. Ақыры орданың бас хатшысы болып шыға келеді. Осыдан соң, біз тілге тиек еткен кенжеінң тағдарын бақытсыз деп көр. Екі ағасы баяғда өлген, екі ағасы белгісіз бір жаққа кеткен, даралынып шыққан кенже бала тағы да ағаларынан өзып шығады. Бұл жерде қанша сараң болса да алдыңғы кенже Салық мақсы Марғұланға кеткен ағасынан ерекшеленіп, оқиғаның бел ортасында жүріп, екінші кенженің жолын ашып жатыр. Қалай айтсақта осы шығармада автор әдейілеп кенжені жазғасы келмеген шығар, бірақ кез болғанымыздай екі кенжені өмір жолдары өзі әкеліп түйлістіріп тұрғаны бізді қызықтырады.

Осылайша біздің көркемдік нысанымыздың бейнесі әралуан кейіпке түрлене бастайды. Осы шығармаға тиек болған кос кенже өздерінің өмір жолдарымен біздің тақырыбымыздың обектісі ретінде қарастырылып отыр. Әнуардың тәлейі бір бұл ғана емес, Рано есімді Салық мақсымның қызының болуы да оның өмірін нұрландыра түседі. Бала кезінен қызы Раноны Әнуарға қосамын деп жүретін шешесінің сөзін мақсым жай сөзге балап жүрсе, енді орданың беделді бас хатшысы болуы, ағылып келіп жатқан ділдәлар оның сенімін күшейтті. Ал, мақсым қызын беремін иә бермеймін десе де, біздің кенже бәрібір бақытты еді. Ертегідегі ханшалардай сұлу болып бой түзеген Раноны Әнуар өте жақсы көріп, сүйіп өсті. Екеуе де бір-бірін шын сүйетін ғашықтар еді. Қалай болса да бала кездерінен жете танитын, бір үйде, бір шаңырақта тәрбиеленген екеуінің махабаттарында мін жоқ, тек ашып айтпайтындары болмаса. Осы жерден әңгіменің ұшығын басқа жаққа бұрсақ. Ертегідегі жалмауыз сияқты, жалмауыз сияқты ғана емес одан да уытты дүспан біздің кенже балаға, ордадағы орнына қызғанышпен қарай бастады. Ақ жолмен жүретін, әділетті өскен Әнуар арамза мүфтилер мен арам молдалардың арандатуына ұшырай бастайды. Хан ордасындағы жұмсақ орнынан айрылғанын Әнуардан көретін Әбдірахман атты мешіттің имамы, оған тісін қайрап-ақ жүреді. Өзінің итаршыларымен келісіп, Әнуардың жолын кесудің амамлын ойлап табады. Ол амалдары, жүз әйелі бар, қатын құмар ханға Салық мақсымның қызы сұлу Раноны жеткізіп барулары еді. Беті жылтыр қыздың бәрін өзінің әйелі етуді қалайтын хан Раноның әкесі Салық мақсымға кісі жіберіп, күйеу бала болмақшы болады. Әр істің ақырын емес, бас пайдасы мен қалтасын ойлайтын мақсымға ханның берген қалың малы Раноны Әнуарға қосамын деп қойған сертінен тайдырады. 

Осы жерде Салық мақсымның тоғышарлығын шығарма да өте керемет ашып берген, сосын адамдар арасындағы ашкөздік пен жалған сыйластықты да керемет тартыстар арқылы көрсете білген жазушының шеберлігі демей енді не дейміз. Басында Әнуар хатшы болды дегенді естіген жалғыз жездесі бармақ тістеп қатты өкінген екен, өкінген де, Әнуардың айлығын Салық мақсымға беріп тұратынын естіп іші өртенген жазады, тіпті кейін Әнуар келінді біздің үйге түсірсін деп сәлем айтатын жері де бар. Бірақ, оныкі әшейін қызғаныш, Әбдірахман бастаған топтың істеген зұлымдығы олардың білдей-білдей мешіттің имамы болып алып, арамдыққа белшеден батуы еді. Раноның жеке басына байланысты хан мен Әнуар ортасында қайшылық пайда болады да, ендігі шығарма оқиғасы шиленіскен сайын біздің пйымымыздағы кенже баланың салмағы арта түседі. Әнуар да екі түрі талғам қалады, екі түрлі жол қалады. Бірі жұмысында қалу үшін, намысын аяққа таптап, қыңқ етіп дыбысын шығармастан ханға сүйген қызын тарту ету, келесісі махаббатын қорғап қалу үшін тәуекелге бару. Ондай жағдайда жұмысынан да айырылады, хан құзіретіне қарсы шыққан себепті жазалануы да мүмкін. Раноның өзіне ыстық махаббатын көрген кенже батыр оны алып қашуды шешеді. Не керек ертең, бүрсікүні ханға ұзатылайын деп отырған кезінде тәуекелке бел байлап, Әнуар ордадағы өзімен тілектес досы Сұлтанәлінің көмегімен Раноны алып қашады. Қашады да Сұлтанәліге басын аман алып қалу үшін өзін әшкерелеу керектігін айтады. Қашып кеткен қос ғашықты Сұлтанәлі ханға барып жеткізгенімен, залым Әбдірахман достардың бұл қулығын сезіп қалып, адамдары арқылы Сұлтанәліні ұстатып дарыға астыруды іске асырмақ болады. Бірақ, біздің кенже осы тұста нағыз қаһармандық бейнесін көтеріп шығады. Адал жарының ары үшін жұмыстан кетсе, адал досының өмірі үшін өзін құрбан етуге даяр болады. Кезінде қолында құқығы болып тұрған да оның шапағатын көрген, Әбдірахманның пасықтығын әшкерелеуге көмектескен Сапар сынды достары, туған ағасы Қабылбайлардың қолына Раноны тастап, тәуекелге бел буып, өзін күндеп жүрген хатшылардың, орда маңындағы адамдардың бәрінің есінен тандыра ордаға өзі келеді. Яғни өлімге өзі бас қояды. 

Шығарма қалай соңына жақындаған сайын, кенже бала Әнуардың да образы ашыла түседі. Басында қандай бақытсыз, отбасына керексіз болып туса да, енді бүкіл хандық оны «қылмысы» үшін іздеп сабылу да, оны тағдыр әке-шешеден айырып, тұлдыр жетім етсе де, адамдар арасындағы құрметтен жұрдай етпеді. Ол ата-ананың махаббатына бөленіп өспесе де, жас Раноның жақыны болып, сүйіктісі болып өсті, тағдыр оны қатігез тырнағына алғанымен, өмір оның жүрегін мейірімділіктен ада еткен жоқ. Біреуге ақымақтық болып көрінген бұл ерлігі, дұспандары мен ханның қалай зәресін алды десеңші. Кенже баланың ордаға өзі тіленіп, өлім іздеп келуі, ханның да мысын басып, құтын қашырды. Қамқор пейілімен жан-жағына нұрын шашып жүрген осынау қаһарман қаймықпай достық парызын өтеу үшін, досын аман алып қалу үшін дар ағашқа өз аяғымен келеді. 

Хан жарлығымен ордаға кіріп келген Әнуарды көргенде хан сақалы дірілдеп, сөзді неден бастарын білмей сасады.  Бар «қылымысын» бетіне басады, кенже батыр бәрін мойнына алады. Қаһарына мінген хан оның басын алуды бұйырады, бірақ ханның қаһарынан ықпаған Әнуар досы Сұлтанәліні босатуын оның ешқандай жазығы жоқ екенін айтып қарсыласып тұрып алады. «Хан екі сөйлесе қара болады» айтқанын орындап, Сұлтанәліні босатады да, Әнуарды жендеттер өлтіруге сыртқа алып шығады. Қалың жұртшылықтың алдында өзінің жазықсыз екенін айта келіп, күліп тұрған  Әбдірахманді көрген де: «Күлуге қақыңыз бар, молада – өшіңізді алдыңыз! – деп Әнуар айғайлап.

...Бірақ, сіз арамзалықпен масайрып тұпрсыз,- деді, - мен шындықтан азап шектім. Сіз арамзалықпен жеңдіңіз, мен жеңілдім, бірақ менің арым таза. Мені дарға әкелген кім, молда? Өзімнің арым емес пе? Сізді менің өлімімді тамшалауға келтірген кім, өзіңіздің арамзалығыңыз емес пе, тақсыр»? Осылай ар құдайын жоғары көтерген біздің кенже заман өзгерген бұралаң кезде де, жаным – арымның садағасы дейді. Лас, қызғаншақ ханның құзырынан өзінің мөлдір махаббатын артық санады. Тіпті атастырып қойған «жесірін» тартып алып ханмен ашық айқасқа барады. Ханның өзін әділетсіз ашкөздігін бетіне басып, көп қатын алса да тоймаған тойымсыз нәпсі құмарлығын бетіне басады. Әділетшілдігің осы ма жарлының жалғыз қызына талсқаның деп ханды сөздің жүйесімен жығады. 

Тәлейі үстем кенжеің тағдырын енді хан да қия алмайды. Адал достарының аянбас көмегімен ойламаған жерден дар ағашынан да аман қалады. Қоқаннан қашып шығып сүйіктісі Раноман Тәшкент шаһарына қарай жол тартады. Осылай өзінің қайтпас-қайсарлығы арқасында хан қолынна сүйген жарын құтқарып қалып, бақытына жетеді. Әдебиеттегі кенжелердің қаһармандық үлгісіндей болған шығармадағы кенже боланың орны шынында жоғары. Хан алдында тайсалмай шындықты айта білген және ханның пасықтығын бетіне басу кез-келген адамның қолынан келе бермесі даусыз. Ежелгі ертегідей-ақ батырлық көрсеткен Әнуарды кенжелік бейнені көтергенге келген де, Ер Төстіктен кем дей алмаспыз. Ер Төстік арғы заманның адамдар қиялынан туған идеялды қаһарманы болса, Әнуарды жазушыға сенсек шынайы өмірде болған, хандардан зорлық көрген өзбек халқының жиынтық тұлғасы еді. Шығарма кенже бала бейнесінің қарама-қарсы екі бейнесін, бір-біріне қарама-қарсы қойып отырып суреттейді. Екеуі де екі үйдің кенже балалары болса да, біз кенжеміз деген ұғым болмаса да, табиғаттары мүлде жараспайтын екі тұлға. Екеуі қанша уақыт ұстаз бен шәкірт болса да, автор сөзімен айытқанда, екеуін достық қарым-қатынастан ары асқан жоқ дейді. Тіпті кейде бірін-бірі сатып кетіп жатады. Осылай екі түрлі адамды қюластырып әкеліп бір ошақтың басына отырғазуы жазушының шеберлігі емес пе. Жалпы, Әнуар мінсіз идеал ретінде суреттеледі. Оның Салық сияқты дүниені бәрінен артық қоятын сараңдығы жоқ, Әбдірахман секілді іштарлығы да жоқ, хан сияқты аш көз де емес, қасында бірге жұмыс жасаған мүптилер сияқты екіжүзді де емес, ол адам бойындағы лас та пасық пиғылдарға қарсы қойылған тиіп ретінде ерекшеленеді. Жұмыс істесе, арам хан болса да оның тапсырмасын жан-тәнімен адал істейді. Көпшілікке жақын, еңбегі үшін пара алу дегенді түсінде де көрмейді. Қолы ашық, сүйгеніне адал, достарын сатпайды, арам-зұлымдарға жаны қас, артынан жаман сөз ертпейтін әділ төре бола білді. Бұның бәрі мейлі ежелгі жыр-дастандар да, мейлі қазақ көркем әдебиетінде бейнеленген кенже баланың обыразына барынша жақын. Адалдығымен, әділдігімен, өжет, қайсарлығымен ақиқат алауын өшірмеу барлық типтегі кенже балаларға тән жауапкершілік пен шындық екенін көрсетеді.  

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар