Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Мөлдір бұлақ немесе Роза Сейілхан болмысы туралы б...

27.04.2022 5481

Мөлдір бұлақ немесе Роза Сейілхан болмысы туралы бір үзік ой 12+

Мөлдір бұлақ немесе Роза Сейілхан болмысы туралы бір үзік ой - adebiportal.kz

Роза Сейілхан жырлары жайында бұған дейін де сыншылар пікір білдіріп, ойларын жеткізген. Роза ақын өлеңдеріндегі нәзік лиризм, сыршылдық пен ой ұштастығы әдебиетші қауымды бейжай қалдырмасы анық. Қаламдас қарындасы жайында белгілі ақын Ғалым Жайлыбай: «Бүгінгі поэзия жанрында қалам тербеп жүрген ақын қыз-келіншектер жаны нәзік бола тұра, өмірді батыл әрі еркін жырлайды. Розаның өлеңдерінен де осындай шынайылық байқалып тұрады. Оның лирикадан пәлсапа туғыза алатын­дығы, ой-өрімдері мен ақындық, адами тағдырын өзіндік мұңымен өре білетіндігі қауантады» депті. Ал әдебиеттанушы Айнұр Төлеу «Роза өлеңдерінің палитрасы тек қана қоңыр мұңнан, қоңырқай түстен тұрмайды. Қоңыр кеш, бұлтты күн болып тұрады да, өлеңнің соңғы жағын позитивпен береді. Қоңырқай палитрадан кейін ақырындап қоңырмен түстес келетін әдемі бір қызғылтым күн шығады ғой, ақын өлеңдерінен сондай күннің шыққанын көріп отырамыз. Өлең соңында мұңның да әдемі екенін, терең пәлсапаны да әдемі түспен астастырып беріп отырады. Мұңмен бірге ертеңгі күннің жарық болатынына сенім беретін әдемі тәсілдері бар» деген ой айтады.

Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,

Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның.

Т.Айбергенов

Поэзия құс қауырсынындай нәзік болмысты еске салады. Ақындар осыдан шабыттанса керек. Адам үшін жырмен ғұмыр кешу, Төлеген ақын айтқандай, азаптың азабы. Бірақ, бір қызығы, шайырлар сол азабынан рухтанатындай көрінеді. Ал онсыз да жаны нәзік әйел заты үшін өлең жазу көпшіліктің айтқанындай, «орынсыз» іс пе дейсің. Әйтсе де, болмысты өзгертуге Жаратушыдан басқа кімнің қауқары жетеді... Тумысынан өлең өлкесіне іңкәр жан жыр жазбай тұра алмайды. Біздің кейіпкеріміз де нәзік болмысты ақын. Оның есімі – Роза. Тегі – Сейілхан. Поэзияға құштар әрбір жан бұл есімді жақсы білсе керек. Біз Роза ақынның өлеңдеріне үңіліп көруге тырыстық.

Ақын өлеңдерінде айтарлықтай ерекшелік жоқ. Қарапайым қазақтың дәстүрлі қара өлеңі. Бұл оның сыртқы формасы. Ал ішінде ешкімге ұқсамайтын ақын әлемі жатқандай. Ол – сырлы, мұңды әрі ойлы әлем. Ол нәзік сезімдерді жасырмай айтқанды жақсы көреді. Ішінде болып жатқан алапат сезімдерді ақтарып салудан жасқанбайды. Өлеңге мұңын шағып, өлеңге сырын айтады.

Көзіңде сенің Күн бар екен ғой,

Сәулесін қарға түсірдің.

Өтірік пе деп ем, шын қар екен ғой,

Алжасқан ой ғой, түсіндім.

Көзіңде сенің Ай бар екен ғой,

Жарығы түссе қысылдың.

Күміс қой десем, жай, қар екен ғой,

Деміңмен үрлеп ұшырдың...

дейді ақын.

Былай қарағанда, бәріне ортақ өлең ұйқасы секілді. Қайталап оқығанда, өзгешелікті байқайсыз. Таудан түскен тұнық бұлақтай мөлдір сезімді бастан кешіресіз. Шынайы шабыттан туған жырмен сусындап, мауқыңызды басасыз. Бұл жырдағы теңеулерге көңіл бөліңізші, соңғы жолдардағы «Күміс қой десем, жай, қар екен ғой, Деміңмен үрлеп ұшырдың» деген теңеу тым сыршыл, нәзік те қорғансыз таза болмысты еске салады.

Роза ақын жол үстінде аппақ қарға қарап ойланып келе жатып, содан алған сезімнен дүниеге келген жырдай көрінеді. Бәлкім, олай да емес шығар. Бірақ ақындардың табиғаттың әрбір түйір бөлшегінен де шабыт алатыны ақиқат. Көшеде жатқан қиыршық тастың өзі оның жырына арқау болуы мүмкін. Жай ғана оған ақындық көзбен қарап, содан соң тұп-тұнық жыр жолдарын өмірге әкелсе керек. Ақын күз бен мұңды астастыра суреттейді.

Ұстатпайтын бір сағым секілді үміт,

Өртейді ішті осылай өкіндіріп.

Шұрық-тесік жанымнан жел ескенде,

Ішім жылап тұрады, бетім күліп.

Ерте кеткен күз тіпті бұрылмады,

Мұндай күйді кешпеп ем, бұрындары.

Қарашада қар жауып, қара суық

Жапырағын жанымның жұлымдады...

Жасандылықтан ада жанның ішкі әлемінде болып жатқан күйді осы жыр жолдарынан байқауға болады. Шынында да, ақындар мұңға берілгіш келеді. Бұл олардың «әлсіз» тұсы. Бірақ сол әлсіздіктен керемет өлеңдер жазылуы мүмкін. «Қарашада қар жауып, қара суық, Жапырағын жанымның жұлымдады» деген жолдардағы теңеулер шынайы да көркем үйлескен. Ақынның жапырақтай нәзік жанының азабын жайып салады.

Кейде, былайғы адамдар үшін ақындар қызық бір әлем секілді көрінуі мүмкін. Өзімен-өзі басқа ғаламшарда өмір сүретін жандардай әсер береді. Өз-өздерімен қайғы шегіп, болмайтын нәрсеге мұңаяды деп те «сөгуі» ықтимал. Бірақ сол ақындардың жазған өлеңіне үңілгенде олар да баршаға ортақ сезімдерді жырлайтынын байқайсыз. Олар өзге адамдарға қарағанда, бастан өткізген, сезінген дүниелерін айтудан қорықпайды. Бұл олардың еркшелігі болса керек. Бір нәрсеге күйінсе не болмаса қуанса немесе жек көріп, жақсы көрсе де оны өлеңде ашық жазады. Тіпті тәпсірлеудің де қажеті жоқ. Оқысаңыз, бірден түсінесіз.

Қоя алмай бөгет сағынышыма,

Тұп-тұнық күйде лайланам.

Өмірдің төзбей сабылысына,

Ақынға нәзік айналам.

Сүріп жүргенім қатыгездеу ме?

Қай, дәуір өзі, қай ғалам?

Жанымның жалғыз сәттерінде де,

Осылар жайлы ойланам...

дейді ақын.

«Өмірдің төзбей сабылысына, Ақынға нәзік айналам» деп өз күйін ашық айтып тұрғандай. Құс қауырсынындай нәзік болмыс оларға өмір сүруге «бөгет» болатын сияқты. Әрбір нәрсеге басқаша көзбен қарау, барлығын баладай пәк күйде көру ешкімге опа бермесі анық. Адам адамға қасқыр болған заманда сезіммен өмір сүру тіпті «ақымақтық». Бірақ ақындар бәрібір өз дегенінен қайтпайды. Арманына қарсы шықпайды. Сол үшін де оларға өз дәуірі, өз өмірі қатыгездеу боп көрінсе керек.

Қалса болды мөлт етіп, жанар жылап,

Алушы едім бөлмені қараңғылап.

Күн сәулесі көмкерсе тереземді,

Сол ұнайтын негізі маған бірақ.

Есейгенде ойлайсың соның бәрін,

Өз соқпағың, өзіңнің жолың барын.

Өмір сүру бәрінен маңызды екен,

Су боп ағып кеткенше қолыңдағың, –

дейді ақын.

Сезім мен ойдың ұштасу процесі ересек болғанда байқалатын болса керек. Ересек адам өмірдің мәнін түсініп, дүниенің сырларын білуге ұмтылады. Ең бастысы, қоғамға бейімделеді. Ақындар да сондай. Қанша сезімтал болса да өз ортасына, өмір сүріп жатқан қоғамның заңдылықтарына бағынуына тура келеді. Бұл жазылмаған заңдылық болса керек. Роза ақын да «Өмір сүру бәрінен маңызды» екенін айтып тұр.

Өмірді мүлде жек көрмейді екем,

Жанардан қалай өшірем.

Біреуге тіпті кектенбейді екем,

«Сау адаммын ба, осы мен?

дейді ақын.

Осы жыр жолдарында ақын Роза болмысы көрініс тапқандай. Өмірге өкпелемейтін, ешкімге кектенбейтін ақын жанын көреміз.

Ақындық жолы, шынында да, ауыр жол екенін байқауға болады. Ақын болсаң көп нәрседен бас тарту да керек шығар, бәлкім. Ақындық – ең әуелі еркіндік. Ол ешқандай заңдылықтарға бағынғысы келмейді. Бәрінен азат болуды қалайды. Еркін өмір сүріп, дүниені танығысы келеді. Ал бірақ, мына өмірде бір нәрсеге байланбасаңыз, бір нәрсені ұстап қалмасаңыз өмір сүру қиындай түсетіні шындық. Ал ақындар жұмыста да азат болғысы келеді. Ешкімге бағынбай, қалаған ісімен айналысуды ойлайды. Еркіндік – олар үшін басты құндылық.

Роза ақын да азаттықты сүйеді. Дүниені еркін жүріп жырлағысы келеді. Табиғатпен егіз боп, әр мезгілді жырына қосады.

Өмірге құмартасың,

Не деген жайлы көктем.

Тау төсеп тұр арқасын,

Құшағын жайды көктем.

Дүние құлпырып бір,

Күдікті кешірді үміт.

Жанарға сыр тұнып тұр,

Күн табы шешіндіріп,

дейді ақын.

Осы жыр шумақтарындағы «Тау төсеп тұр арқасын», «Күн табы шешіндіріп» деген теңеулер кәсіби ақынның мүмкіндігін ашып тұрғандай. Табиғаттан шабыт алып, оны ғажайып теңеумен жеткізу нағыз ақынның қолынан келсе керек. Ақын жаны табиғатпен етене.

Қар екен десем,

Мұзақ екен ғой,

Аязға шеті желінген,

Көктемнің жолы ұзақ екен ғой,

Келуге ерте ерінген.

Қар екен десем,

Қырау екен ғой,

Бетіне жердің себілген,

Жүрудің заңы құлау екен ғой,

Жеңіске жетер жеңілген...» – дейді ақын.

Бұл жыр шумақтарынан ойшылдықты аңғарасыз. Сезім мен ойдың ұштасуы көрініс тапқандай. Ақынның өмірге деген көзқарасы, философиясы жыр шумағынан көрінеді. «Жүрудің заңы құлау екен ғой, Жеңіске жетер жеңілген» деген жолдарында ақынның түйген пайымы тұрғандай. Өмірдің заңдылықтарын өзінше түсініп, аңғарған жанның жанайқайы секілді.

Еһ, дүние-ай, көңілің қалғанменен,

Болмайды екен қол созып барғанменен.

Маздамайсың лап етіп жанғанменен,

Өтеді өмір екен-ау, арманменен.

Жетем деген жеріме жеттім бе енді,

Түсініксіз бір азап шектім бе енді.

Сағындырған беймәлім адамға еріп,

Көз көрмейтін бір жаққа кеткім келді, –

дейді ақын.

Ақындардың көңіл күйі, сезімдері өзгеріп отыратынын байқайсыз. Шайырлар бір нәрседен шабыттанса өлең боп ақтарылады. Қуанса – қуанышын, мұңайса – мұңды жырын ортаға салады. Бұл табиғатпен етене ақынның болмысының көрінісі шығар. Табиғат та солай ғой. Аязды күнде қар жауып, боран болады. Бұлтты күнде жаңбыр жауып, нөсер құяды. Ал шуақты күнде күн шақшайып табиғат құлпырады. Ақын жаны да осыған ұқсас болса керек.

Далада жауын құйып тұр әлі,

Жел соқты бірақ, ұйытқымады.

Осылай кейде бұлттары көктің,

Нөсер боп жерге тиіп тұрады.

Біздің қыс солай шығарар қылық,

Сағынып жазды тұр, амал құрып.

Қоятынын-ай, ақпанның осы,

Адамды сонша дүдәмал қылып, – дейді ақын.

Ол тек табиғаттың мінезін жырлап қана қоймайды. Сонымен бірге адамдардың да ұқсас мінезін баян етеді. Нөсер жаңбырға қарап, адамның жылаған кейпін танисыз. Ал қақаған аяздан қытымыр жандардың бейнесін, мінезін көресіз. Ақын соның бәрін қалт жібермей бақылап отырады. Содан шабыт алып, ой түйеді. Көкейіндегі сұрақтарға жауап табу үшін өлеңге бар сырын ақтарады. Роза ақынның да нәзік болмысынан осыны байқаймыз. Ол қысқа қарағанда көктемді жақсы көреді. Шуақты күндерді аңсайды.

Жарық әлем, мен саған шын құмармын,

Сүрінермін, құлап ап, бір тұрармын.

Жапырақтай сарғайып күз келгенде,

Көктем келе қайтадан құлпырармын.

Мен өлеңмін, өлеңде кінә бар ма,

Жарық күннің жетелер шуағы алға.

Түсініксіз бір жайтты жиі өткерем,

Көз көрмейтін кеткім кеп бір аралға,

– дейді ақын.

«Мен өлеңмін, өлеңде кінә бар ма» ден ақын өзінің жан әлемін жайып салғандай. Ол әлемді әркім өзінше түсінеді. Кейбіреулер қабылдар, ал кей жандар қабылдай алмас. Не болса да ақынның міндеті – жыр жазу. Ақынның қаламға берген серті де сол болса керек. Өмірді жырлау, табиғатты жырлау, адамды жырлау. Ақындар осының бәрін бірге астастырып, бір-бірімен байланыста қарайтын секілді. Роза ақын жырларынан да осыны байқаймыз. Оның жырларынан өмір, табиғат пен адамдарды бір-бірімен тығыз байланыста көреміз. Өлеңдерінен табиғаттың өзіндей шынайы лепті сеземіз. Өмір айдынында қалқып, табиғат құшағында тербеліп жатқан ақын әлемін танимыз. Әрбір жыр шумағынан өмірге құштарлық пен табиғатқа іңкәрлік лебі еседі. Тау бұлағындай мөлдір сезімдер сарқырап аққан өзенге құйып жатқандай. Ол өзен Роза деп аталады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар