Биыл Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті жазушы, ақын Мағаз Разданұлының туғанына ғасыр толды. Осы орайда Алматы қаласында тұратын жазушының ұлы Мопассан ағамызбен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Мағаз Разданұлы 1924 жылы 22 сәуірде ҚХР ШҰАР Алтай аймағының Буыршын ауданы, Дулайты ауылында дүниеге келген. 1935-1938 жылдары ауылдағы жаңаша мектепте, 1938-1946 жылдары Сарсүмбе мұғалімдер жетілдіру мектебінде білім алған. 1940-1944 жылға дейін Дулайтының «Жеміс» мектебінде мұғалім болған.
1947-1957 жылдары «Ерікті Алтай» газетінде, 1957-1958 жылдары Қытай жазушылар қоғамы Шынжаң бөлімшесінде әдеби қызметкер болып жұмыс атқарған. 1958 жылғы солақай саясаттың кесірінен жаланың құрбаны болып, жиырма жылдық өмірі жазалау лагерінде өткен. Атақ-абыройы қалпына келгеннен кейін 1979-1981 жылдар аралығында Буыршын аудандық саяси мәслихат кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарған. 1982 жылы қазанда зейнетке шығып, 1998 жылы сонда қайтыс болды.
Мағаз сонау 1930 жылдардың өзінде-ақ Абай, Шәкәрім қатарлы ұлы ақын-жазушылардың шығармаларынан тәлім алып, 1936 жылдан бастап өз жанынан да өлеңдер шығара бастаған. «Шынжаң газеті», «Ерікті Алтай» газеті, «Таң шолпан», «Бірлік» атты журналдарда өлеңдері арт-артынан жарық көріп тұрған. 1982 жылы «Асулар толғауы» атты алғашқы өлеңдер жинағы «Іле халық» баспасынан, 1984 жылы «Уақытқа жауап» атты екінші жыр жинағы «Ұлттар» баспасынан, 1986 жылы «Сары бел» атты өлеңмен жазылған романы «Халық» баспасынан, 1994 жылы «Ата заман сөйлейді» атты әңгіме-повестер жинағы, 1998 жылы «Алтайдың ақиықтары» атты тарихи романы, 1999 жылы «Босаға» жыр жинағы «Шынжаң жастар-өрендер баспасынан» жарық көрген. «Атазаман сөйлейді» кітабы 2005 жылы Астана қаласында «Елорда» баспасынан қайталай басылып шыққан. Автордың отызға жуық өлеңі, бірнеше әңгіме-повесі қытай тіліне аударылған.
М. Разданұлының бұрынды-соңды жеті шығармасы мемлекеттік және ШҰАР сыйлықтарына ие болған. Бұдан сырт ШҰАР, облыс, аймақ дәрежелі әдебиет-көркемөнершілер қоғамы жағынан он неше рет «Әйгілі ақын-жазушы», «Қарт майталман» секілді атақтармен марапатталған.
- Ассалаумағаликум аға, аман-есен жүрсіз бе, ең әуелі кеңесті жалпы өзіңіздің туып-өскен жеріңіз, ел-жұртыңыз туралы әңгімеден бастасақ.
- Уағаликумассалам, Ерзат балам, рахмет, есіңе алып, ескеріп, естелік алып жатқаныңа. Мен Буыршындай буырқанып аққан, Ертістей жылып аққан өзендері бар, Үліңгірдей шалқып жатқан, Қанастай дүниені жалт қаратқан көлдері бар алтын Алтай қасиетті мекенде 1954 жылы 7 шілде күні Алтай қаласының Қыран өзені жағасында 8-көше, 130-аулада Мағаз семьясында дүниеге келіппін.
Ал жұртымыз жалпы Абақ керейдің жәдік руынан тарап, басқа алыс-жуықтан келіп қоныстанған рулар мен ұлттардан құрам тапқан, Алтайдың кең даласында Қыран, Ертіс, Буыршынның сағасында, ырысы шайқалмаған, берекесі қашпаған, құтты мекенде өсіппін. Мен осындай құтты да берекелі мекеннен, Алланың қалауымен 2007 жылы маусымда Қазақ еліне қоныс аударып, мекен теуіп, балаларыммен қара шаңырақтың бір уығы болып қадалуға көшіп келген жайымыз бар.
- «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» демекші, өзіңіздің ата-тек, әулетіңіз туралы біріер ауыз айтып берсеңіз.
- Ата-тек, әулет туралы айтар болсам, атам Раздан(Ризаидин) 1896 жылы Буыршын өзені бойында, қазіргі Дулайты ауылы орналасқан қоныста Қамшыбай шаңырағында дүниеге келген. Жазба деректерге қарағанда, Қамшыбай жас кезінде Байғара елі ішіне келіп дін таратқан Летіп деген татар молдадан, тағы басқа дінни ұстаздардан білім алып, Өміртай салдырған мешіттің имамдығына тағайындалған. 1904-1905 жылдар аралығында қажыға барған, Қамшыбай қажы 1915 жылы 63 жасында қайтыс болған. Ал Разданның шешесі барқы, оның ішінде Сатайдың ұрпағы Қағазбай деген адам болып, ол Мәсау имамның әкесі Намазбаймен, домбырашы Сайыпжамалдың әкесі Тоқа деген кісімен туысқан адам. Ал екінші шешесі найман қызы Ырысты деген адам, ол кісіні Қамшыбайдың әкесі Жаңжүн әмеңгерлік жолмен некеленген екен, Қамшыбай имам Қопа, Бидәхмет, өз ұлы Раздан, қызы Ләтипа қатарлы балаларды оқытқан. Раздан 8-13 жас аралығында өз әкесіннен оқиды, одан соң Ғабдолла қажы деген молладан арнайы бір жылдан артық оқиды. 1919-1920 жылдар қазаннан оқып шыққан Ахмет Зәки деген имамнан екі жыл оқиды, 1931-1932 жылдар екі жылдан артығырақ уақыт Біләл қазірет деген татарды ауылға әкеліп содан оқиды. Бұл кісіден Мәсғұт, Мағаз қатарлы балаларын да оқытады. Ал өзі Біләл қазіреттен арапша және орысша тіл сауатын күшейту жағында білім алады.
Әкем Мағаз Разданұлы қазіргі Дулайты ауылдығының байырғы жұрты Буыршын өзеніңнің шығыс жақ жиегінде «Биғажы ауылы» деп аталатын, шағын қыстақта 1924 жылы дүниеге келіпті. Сол қыстақта 1937-1938 жылдары біздің аталарымыз жауапты болып салдырған «Жеміс мектебі» деп аталатын 12 бөлмелі (асты-үсті тақтайлы) мектеп болып еді. Сол мектепте 1940 жалдары әкеміз мұғалім болып бала оқытыпты. 1962 жылы менде екінші сыныпты сол мектептен оқыған едім. Сол жылдар Әбілқай, Уәкілқан деген адамдар біздің ұстаздарымыз болып еді. Қазір сол «Биғажы ауылында» аман тұрған екі белгі – бірі мемлекеттік деңгейде қорғалатын мұра ретінде 1935 жылы салынған Өміртайдың күмбезі. Ал енді бірі әкеміз дүниеге келген үйдің терезесінің алдындағы алты терек. Күмбез құлар, терек опырылар, бірақ он екі керейдің төрт биінің бірі болған «Биғажы ауылының» белгісі болып әкемнің осы бір өлеңі сақталып қалар деп ойлаймын.
Алты терек
Дәриға-ай, келмеді екем неге ертерек,
Қалыпты көшкен жұртта алты терек.
Астында алтауының алғаш рет,
Бүркенген келіншек боп шешем желек.
Әжелер туған жерге аунатқанда,
Кім білсін не ілінді алақанға!
Терекше менде міне тұрмын ұқсап,
Өмірдің жүгін артқан сары атанға.
Жасарар жазбен бірге жарлы терек,
Ән шырқар жыршы құстар көлеңкелеп.
Меніңде бүкір жотам тұр иілмей,
Теректей терең тамыр тартса керек. (1979 ж)
- 22 жылда қайта айналып келсем, өзім туған қыстақ қоныс жаңалапты да, тереземіздің алдындағы алты түп терек қана қалыпты,- деп отыратын әкеміз. Анам Қажынәби қызы Шәбетай мұғалім болып қызмет еткен, ол кісі өте саналы, сабырлы, қажырлы, қайратты, ақылгөй адам еді. Әкеміз қолға алынып кеткеннен кейін қызметінен босатылып, ауыл-қыстаққа түсіріліп 20 жыл ауыр күндерді басынан өткерсе де мойымай, алды 13 жаста, арты іште қалған бес баласын аман-есен ержеткізіп, қатарға қосқан аяулы ана еді. Марқұм анамыз 2021 жылы 94 жасында қытайда дүниеден озды. Біз ағайынды бесеу едік, үлкен ағам Мүтән 1948 жылы дүниеге келген. Екінші әпекем Ізнұра 1952 жылы туған, інім Марыс 1957 жылы туылып, 1994 жылы 11 айда дүниеден озды. Кенже інім Мөкен 1960 жылы туған. Қазір қазақстанда бізбен бірге тұрып жатыр, жанұялы, бала-шағалы.
- Әкеңіз Мағаз Разданұлының өмір жолы туралы айтып берсеңіз, ол кісінің қандай мінез мен болмысы есіңізде?
- Өмір жолы тар соқпақ,
Бастық талай сапарын.
Бір ілгерлеп, бір тоқтап,
Кидік түрлі шапанын, - деп әкеміз өзі айтып кеткендей бұл кісінің өмірі өте ауыр сынақтарға толы болды.
Біз Буыршын ауданы, Дулайты ауылдығының оңтүстік жиегіне орналасқан 4- отряд дүңген қыстағында отырғанымызда, 1979 жылы сәуірдің 18 күні әкеміз 20 жылдық түрме өмір жолын басып өтіп, аман-есен үйге келіп бала-шаға отбасы, туыс-туған, ел-жұртымен қауышты. Біз сол күннен бастап әкесіз үй, көңілсіз күй отбасынан, көңілді үй, шаттықты күй отбасына айналдық. Әкеміз келгенде 10-20 күндей үйіміз аманға келген ағайыннан босамады.
Ол кезде байғараның ақсақалдары да арылмаған, мол еді. Анам бауырына салып алған 5 жастағы жиен бауырым Айтқали Қариялардың: «Е, қарағым Мағаз, кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» - деген жұбату сөзін естіп алса керек. «Үйде не болып жатыр?» - деп сырттан келіп сұрағандарға: «Кебенек кигеннің тойын жасап жатырмыз»,- дейтін көрінеді. Әкем кейін сол баланың ауызындағы сөзді тақырып қылып, «Кебенек кигеннің тойы» деген тұңғыш әңгімесін жазып еді. Әкеміз келгенде біздің семьялық тұрмысымыз өте нашар еді, тек біз ғана емес, жалпы халықтың тұрмыс деңгейі төмен болатын.
Жалғыз әпкемді 1973 жылы ұзатқанбыз, қалған төрт ұлы үйлену сатысында тұрған едік. Менің білуімше, сол кезде әкемнің алдында екі үлкен міндет тұрған еді. Оның бірі кейін өзі «Ата заман сөйлейді» жинағының алғы сөзінде айтқандай, жоғалып бара жатқан тарихи деректерді ел аузынан жинап, шығарма жазу. Енді бірі ержеткен төрт ұлды үйлендіру еді. Кейінгі 15 жылдық өмір жолында әкеміз осы міндеттерді сәтті орындап, елінің мәдениетіне өшпес үлес қосып кетті. Және ұлдарын үйлендіріп, өмірден өткенше 15 немере сүйіп өтті. Яғни 1980 жыл күзде Дулайтыдағы қора-жайында үлкен ағамыз Мүтәннің тойын жасап келін түсірді. 1980 жылы жаздай біз Буыршын қалашығының «Қазақ қаласы» деген жерінен баспана салып бітіріп, сонда көшіп келіп орналастық. Әкеміздің қалған 18 жылдық өмір жолы осы қора-жайында өтті. Осы мекен жайында әкеміз қалған үшеуіміздің (1981 жылы мен, 1983 жылы Марыс, 1987 жылы Мөкен) басымызды құрап, үш үлкен той жасады.
Кейінгі жасалған үлкен той өлке, аймақ, аудан бірігіп өткізген әкеміздің 70 жылдық дабыралы мерей тойы болды. Бұл тойға өлкедегі ақын-жазушылар негізінен шақырылып қатысты. Той 3 күн өтті, ауданда 2 күн, бір күн Дулайты ауылында өтті. Осы туған ауылында «Асулар толғауы» атты алғашқы өлеңдер жинағын жазған еді. Кейін қоныстанған Буыршындағы мекенінде 15 жыл ішінде «Алтайдың ақиықтары» (қолжазба нұсқасында «Алтай аққапталдары» болып жазылған) роман, «Сары бел» атты өлең романы, «Уақытқа жауап», «Ертең», «Босаға» атты өлеңдер жинағын, «Ата заман сөйлейді» әңгіме-повесттер жинағын, «Арман-ай» драмасы және көптеген зерттеу мақалаларын жазған еді.
Бір өкінерлігі 70 жылдық мерей тойынан 37 күннен кейін 37 жастағы менен кейінгі інім Марыс ауырмай-сырқамай тұтқиыл жүрек науқасынан аяқ асты ажал құшты.
Қайғының қара бұлтында қалған әкем қабырғасын қайыстырар ауыр қайғысын, бауыр етіне деген сағынышын мына өлең жолдарымен бейнелеген еді.
Қайран Марыс келбетің,
Хан ұлынан кем бе едің.
Дүниеге сирек келетін,
Бала сүйген пенде едім.
Өз құрбыңның сұлтаны ең,
Тоятұғын көрсе көз.
Сияқты таңның шолпаны ең,
Тудың да ғайып болдың тез.
У екен қайғы тіріге,
Жұттым бірақ өлмедім.
Ақыл-қайрат біріне,
Іштегі жалын сөнбедің.
Әкеміз қартайғандағы қатты тиген қайғыны көтере алмай сол жылы қыстай денсаулығы сыр беріп, шығарма жазудан қалып қойды. Жаз аялана қайғыны қайратқа айналдырып, қаламын қайта қолға алған әкем «Кешкен күндерім» атты үш том болатын бастан кешірген өмірбаянын роман етіп бастаған еді. Амал қанша, айналдырған ауру ақыры жар бермей, науқасы асқынып, Үрімжі қаласына емделуге баруына тура келеді. Сапарға аттанғалы отырғанда бастауыш мектеп оқитын немерелері менің қызым Мұхакима мен қайтыс болған інімнің қызы Мүнәзира екеуі сабақ арасында келіп мектептің тапсыруы бойынша жапон басқыншыларына қарсы күрестің 50 жыл толуына арнап өлең жазып беруді аталарынан өтінгеннен кейін жүрер жолынан тоқтап тұрып, ауырып тұрсада болашақ ел ұрпағы немерелерінің көңілін қимай, өлең жазып беріп жолға шыққан еді.
Үрімжі қаласына барғаннан кейін жалпы жағдайын айтып 1995 жылы 15 қазанда бізге бір хат жазады. Аттанарда немерелеріне жазып берген өлеңі соңғы өлең, бізге жазған сәлем хаты өміріндегі соңғы хаты болып қаларын кім ойлаған. Бір аптадан кейін қан қысымы науқасынан жығылып, сөзден қалып қойды. Сонымен қайғыдан кейін қаламын қайта қолға алып жаза бастаған романы сол қалпы аяқталмай қалды.
Сол науқастан кейін 3 жыл тілсіз, жарым дене салданумен бірге айтарын айта алмай, жазарын жаза алмай қиналған әкем бар салмақ жүрегіне түсіп, ақыры 1998 жылы 3 мамыр күні түнде бұл жалғанмен мәңгілікке қош айтысты. Бір өкініштісі осындай мол еңбек жазып, артына өшпес мұра қалдырып кеткен ұлы адамның сол қора-жайының қазір орын бедері жоқ.
Біздің әкеміздің мінез болмысы жөнінде қытайдағы ақын-жазушылар жақсы жағынан көп жазады, және көптің арасында Разданның үш ұлы ошақтың үш бұтындай берекелі деп таралып жүрген сөздерді де еститінбіз. Сол кісілер айтса айтқандай әкеміз өте сабаз, халқына қайырымды, көркем мінез иесі еді, өйткені бұл кісі соққы көрген сол кесапат жылдардағы өзіне кесірі тиген жандарға кек сақтағанның орынына кешірім етіп;
Не керек ескі күйкі күй,
Ала көз болып қажыған.
Тігейік енді үзікті үй,
Жылынып қалсын кәрі жан, - деп берекеге достыққа шақырып, кейін сондай адамдармен қоян-қолтық араласып та кетті, және ұрпақтары болған бізге де сол адамдарға кек сақтап, жамандық жасамау туралы үнемі тәрбие беріп отыратын.
Ел арасында панасыз қалып, салт жүрген арамыз төрт-бес ата аралайтын Ескендір деген ағамызда айлап-жылдап біздің үйде туған інісіндей болып жүруші еді, біз ол кісіні Есаға дейтінбіз, марқұм өзі де жағымды жан еді. Әсіғұт, Құлыншақ деген әкесімен немере болған аға-жеңгесі бірдей қайтыс болып жетім қалған Гүлсара деген баласын үйге әкеп баласындай көріп, бағып-қағып оқытып, қызметке орналастырып кейін біздің үйден ұзатып еді. Қырда тұратын ағайын туыстарының орта мектеп оқитын Жақан, Еркін қатарлы 5-6 баланы үйге жатқызып оқытып, жоғары мектепке аттандырып еді. Қанша қарбалас болып кешке дейін шығарма жазып жүрсе де осындай жұмыстарға қалай үлгіреді деп біз тәнті болушы едік. Ол кісі біз үшін бір адамгершілікке толы тәрбие мектебі еді, мен әкемнің бүкіл өмір жолын қорыта отыра өзі ұстаз тұтқан Абай айтқандай:
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ.
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой
Бес асыл іс көнсеңіз, - деген бес дұшпанды бойынан аулақ ұстап бес үлкен асыл қасиетті бойына терең сіңіре білген мінезі мен болмысының ой-санама терең әсер еткендігін айта аламын.
- Ол кісі қазақтың, алыс-жақсын шетелдің қандай қаламгерлерін оқып отыратын еді? Шығармашылығы туралы қандайда бір қызықты, мағыналы әңгімелер есіңізде қалды ма?
- Әкем жоғары мектеп оқымаған, ақын-жазушылық ол кісінің бойына табиғи біткен дарын еді. Сонымен бірге кітапты көп оқып кітаптағы білімді бойына сіңіре білді. Мысалы ол кісінің оқып пайдаланған кітаптарынан төмендегі бір қаншасын айтуға болар еді. «Әдебиет теориясы» деген Қажым Жұмалиевтің, Абайдың 1909 жылы жарық көрген өлеңдер жинағын, Мұхтар Мағауинның тарихи романдарын, Мұхтар Әуезовтың еңбектерін, Шыңғыс Айтматовты, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Махмұт Қашқари еңбегін, Қожа Ахмет Яссауи хикметтерін оқитын, кітап сөресінде он неше томдық Қазақ совет энциклопедиясы тұратын, бұл кісі қазақ жазушылары ғана емес, Пушкин, Л.Н.Толстой, Байрон қатарлы шетел ақын-жазушыларының шығармаларын да көріп отыратын.
Қызықты әңгіме дегенде: әкеміз түрмеден босап келген 1979 жылдың жаз айларының бірінде Дулайты ауылының қырында көп тошала үй деген жерде жайламада отыратын Алпысбай деген немере жездеміздің бір қыз баласы суға кетіп қайтыс болып, сол тұста көлік болмағандықтан, Мәсау имамның есек арбасын сұрап алып, имамның өзін ертіп алып, әкем екеуін құран оқытуға алып барған едім. Қайтқан жолда әкемнің айтқан мына бір шумағы:
Қамшы бас Мопас балам есегіңе,
Біреудің салма құлақ өсегіне.
Есек боп біреуді өзің сүйремесең,
Кіреді бақытыңның есебіне, - деген өлеңі есімде қалыпты.
Бірде әкеміздің жайлауда отырған Шериаздан деген шешеннің үйіне барып тәңертең аттанарда «Мағаз сен жүрген жеріңе;
Шериаздан деген байға қондым,
Еті жоқ шайға қондым.
Жатқан жері қия екен,
Жеген ұны мия екен -, деп айтып жүретін болдың ғой» дегені есімде. Олай дейтін себебі – мал әкелген екен сойғызбапты, беткейде өр жағын тегістеп отырған қонысы болыпты, астық дұрыс тазаланбағандықтан ұнға мия араласып жеген ұны қышқыл татып кетіпті, соны айтқандағысы екен. Тере берсе бұндай мысалдар өте көп, әңгіме аясына сиғызу қиын.
- Мағаз Разданұлының Абай мектебімен танысу қай жылдардан басталған еді? Жалпы Құнанбай елі мен шығыстағы қазақтар арасындағы қарым-қатынас туралы қандай әңгімелер айтасыз?
- Әкеміздің Абай мектебімен танысуы 1909 жылы Санкт-Петербургта тұңғыш рет Кәкітай Ысқақұлы бастырған «Абай Құнанбаевтың өлеңдер жинағын» (1934 жылы 8 айдың 23 күні көшіріп болдым, Мағаз Разданұлы өзінің қолтаңбасынан) біртұтас көшіріп алумен басталады. Негізінен осы кездерден бастап, керей елінің ақын-жазушылары Абайды өздеріне ұстаз тұтып, Абай мектебінен сусындаса керек. Оған әкеміздің мына бір шумақ өлеңін дәлел ретінде келтіре кетейін.
Абайдың мен жасымнан өстім тыңдап,
Деген ол екі нәрсе сыр мен сымбат.
Сыр іші, сымбат сырты сол себепті,
Жақсының өзі тұлға, сөзі қымбат.
Осы қатарлы Абайға арнап жазған «Жеті күннің бәрінде тірі», «Киелі рух», «Ой тәңірі» атты өлеңдерін «Босаға» жинағынан көруге болады. Енді Құнанбай елімен шығыстағы қазақтар арасындағы қарым-қатынас туралы мынадай әңгімелер бар.
- Жалпы Шыңжаң өлкесінде болған тарихи оқиғалардың Мағаз Раздан шығармаларына арқау болғаны белгілі, әкеңіздің шығармаларына арқау болған тарихи оқиға, тұлғалардан сырт тағы қандай тарихи істер мен адамдарды айтар едіңіз?
- Біздің нағашы атамыз Қажынаби Досқайұлы да үш үкіметке еңбек еткен Алтайдағы тарихи адамдардың бірі еді. Алтайда уәли болып қызмет істеп жүріп, 1959 жылы райондық саяси кеңеске алмасып барып, 1979 жылы қайтыс болар алдында емханада жатып, түрмеден жаңа шығып амандасуға барған күйеу баласына көкейімде көптеген армандарым бар еді, соның бірі сені тірі көру еді, бұл арманым орындалды. Сені сағынып отырған бала-шаға, ел-жұртың бар деп қайтарып аз күннен кейін алаңсыз дүниеден өтіп еді. Ақыт Үлімжыұлы (1868-1940), Күдері Байкешұлы (1888-1917), толғамшыл ақын Төлебай Бөжекұлы (1851-1924), күйкі өмірдің қасіретін тартып, жаңа заманның бейнетіне мұңдас болған Оянған Ыңғайұлы қатарлы тарихи тұлғалар өтіп еді.
Әкеміздің қызметі қалпына келген 1980 жылы Буыршын аудандық мәдениет үйіне қызметке орналасып, 1980-1981 жылдары екі жылдай «Буыршын әдебиеті» деген журнал шығарып ұрпақтарды тәрбиелейтін игі істермен шұғылданып, 1982 жылы Буыршын ауданы саяси кеңестің орынбасар төрағасы болып ауысып келіп, сол жылдың аяғында пенсияға шығып, қалған ғұмырын шығармашылықпен өткізіп еді.
- Әкеңізбен рухани дос қатарында сыйласып өткен арғы беттегі қазақ қаламгерлерінен кімдерді айтар едіңіз, өзіңіз сол кісілерді көрдіңіз бе?
- Әкеміз арғы беттегі үлкен-кіші, ақын-жазушылардың негізінен барлығымен сыйласып өткен адам еді, оны аз десеңіз өзі түрмеде жүргенде өктемдігі өткен кейбір адамдардың да кейінгі кезде өздері жазған-сызғандарын әкеліп көрсетіп алып жүргенін де көзіміз көрген еді. Ақын Әбденбай Бажай әкеміздің қарындасы Сәбирамен некеленген күйеу баласы еді. Ақын Бәйтік Дүйсенбаевпен құда болған.
Әсіресе нағыз рухани достары Асқар Татанай, Күнгей Мұқажан еді. Күнгей Мұқажанмен 1940-1950 жылдардан бері қызмет істеп бірге жүріп-тұрып, дос болып өткен адам еді. 1984 жылы екеуі Алтайдың уәлиі Қадыстан машина сұрап алып, Шіңгіл, Көктоғайды аралап қайтқаны есімде. Асқар ақсақал да біздің үйге үнемі келіп тұратын, ол кісілер келіп қонғанда біз тікемізден тік тұрып, үйге кіргізіп, сыртқа шығарып, қолына су құйып, төреше күтіп, қызметіне жарап, әңгімелерін тыңдап, көп-көп тәлім алатынбыз.
1987 жылы кенже інім Мөкен үйленерде досы Күнгей күні бұрын келіп, әкемнің құрметті қонағы болып тойды аяқтатып, қонақтарды аттандырып, бір қанша күннен кейін аттанған еді. Осы сырлас, сыйлас екі рухани достары да әкемнен бұрын дүниеден өтіп еді, сонда ғасырға таяған Асағаңды «Қарқара құстың қайтқаны, күреңсіз күздің болғаны», - деп жоқтаса, егіздің сыңарындай, екінің бірі болған қимас досын
Сағым ойнап сарғаяды бел неге,
Сары белде гуілдейді жел неге?
Сары белде мерт болған бір киіктей,
Жалғыз қайың мұңаясың сен неге? , - деп жоқтаған еді (Күнгей Мұқажан қазасына арналған «Жалғыз қайың» өлеңінен үзінді).
- Сүбелі сұхбатыңызға көп рахмет, жаныңызға жамандық бермесін!!
- Өзіңе де көп рахмет балам, өркенің өссін!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.