Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Мопассан мен Әлібекті не байланыстырады? Немесе «...

11.08.2022 3849

Мопассан мен Әлібекті не байланыстырады? Немесе «Қағаз кемеден» түйген ой 12+

Мопассан мен Әлібекті не байланыстырады?  Немесе «Қағаз кемеден» түйген ой - adebiportal.kz

Әлібек Байбол шығармашылығына үңіленде өзгеше әлем, өзіндік сыр барын ұққандай болдық. Жазушы жайында журналист Әсия Бағдәулетқызы былай депті: «Әлібек қысқа жазады. Және ең бастысы, қаны сорғалаған тақырыптарға жазады. Сондықтан фантастикалық реализмді, бейнелеу құралдарынан аллегорияны таңдап алған. Сюжетсіз, шағын прозаның өкілі, оған оқиғаны тәптіштеп сипаттау, ұзын сонар диалогтар беру қызықсыз. Ол оқырманымен жасырынбақ ойнайды, ребус, кроссворд ұсынады. Бұл ребустарды шеше алған оқырман да бақытты, шештіре алса, жазушы да бақытты... Әлібектің жазуын біреулер қабылдамауы мүмкін. Алайда бір нәрсе анық: ол «жақсырақ не жаманырақ» жазбайды, бар болғаны басқаша жазады. Жалпы жазушыларды техникасы, тақырыбы, идеясы, тілдік шұрайы жағынан классификациялап, стильдік бағыты жағынан бірін жоғары, бірін төмен қоюға қарсымыз. Бердібекше жазғандар сол бағытты жазсын, эпикалық құлашқа жақындап келе жатқандар сол бағытта дамысын, Дархандар сюжеттік әңгімені, Серік Сағынтай лирикалық прозасын жазсын. Әдебиет әр түрлі болсын, жазушылар бір­біріне ұқсамасын, бірін­-бірі қайталамасын. Сол әртүрліліктің ішінде, әрине, Әлібектің фантастикалық ­аллегориялық реализміне де орын табылады». Ал журналист Нұрбек Түсіпхан болса былай дейді: «Әлеуметтік-тұрмыстық тақырып, қарапайым адамдар өмірі, елеусіз жандардың ішкі жан сыры, мұң-наласы Әлібек әңгімелерінің негізгі арқауы. Кез келген әңгімесінен бүгінгі күннің көріністерін көресіз. Әлібек әңгімелерінің көбінде кейіпкерді жағымды-жағымсыз етіп бөлу жоқ. Керісінше, әрбір адамды өзіне тән кемшілігімен де, артықшылығымен де дәл сол қалпында, әсірелемей, асқақтатпай, тым сүмірейтпей суреттейді».

Жазушының қалыптасуы, қағаз кеміріп, қаламмен күнелтуі жай ғана кездейсоқтық емес, әу баста тағдырына жазылған өзгеден ерекшелеу үлесі ме дерсің. Ол, бәлкім, бала жастан сезімтал, не болмаса кішкентайынан қасірет көріп, қаламмен ақ параққа сыр ашатын «әдетке» бейімделуі де мүмкін ғой. Кезінде айтқысы келген, айта алмай жүрген сөздерін, тәуекел етіп, жазуға отырса керек. Жазу – әуелі өз жанының емі, одан соңғы өзгелерге айтатын пайым-парасаты. Түйсігімен таныған өмір-ақиқатын адамдарға шығармасы арқылы үлестіріп береді. Содан да болар, кей жазушының әңгімелерін оқыған соң көмейіңе әлдебір өксік тығылып қалғанын байқайсың. Ол не ары, не бері кетпей тұрып алады. Тамырыңды тапқан емшідей жазушының сезім-түйсігіңе дәл басқанына таңданып қаласың. Жазушы Әлібек Байболдың «Қағаз кеме» әңгімесін оқығанда әуелгі әсер осындай болды.

«Қағаз кеме», атауы айтып тұрғандай, бала тағдыры жайындағы әңгіме. Әйтсе де, жазушы онда үлкендер көтере алмайтын жүкті артып жібергендей көрінді. Орталық кейіпкер – Серік есімді кішкентай бала. Анасы Ұлбосын мен әкесі Дарханның күнделікті ұрыс-керісінің негізгі куәсі. Былай қарағанда, тұрмыстық өмірді суреттеген шығарма сияқты көрінуі мүмкін. Ішкі әлеміне енгенде қарапайым сезімдердің күрделене бастағанын байқайсыз. Онымен әңгімені оқып отырған Сіздің де сезімдеріңіз астасып кетуі мүмкін.

«– Мама! Бүгін біз еңбек сабағында ағаштан балғаның сабын жонып жасадық, – деді бала бұлттан шыққан күндей жарқ етіп. Дәл осы сәтте, оның жүзінен қалаған ойыншығына зарыға жеткен сәбидің қуанышы аңғарылып еді, алайда аса көңілсіздеу анасын көріп жаман боп қалды. Бала шешесінің ісіген көзін, жарылған қабағын, көгерген бетін көргенде кірерге иненің жасуындай да тесік таппай қалды. Қиналды. Ол: «Әкем.. анамды тағы да итше тепкілепті ғой» деп ойлауы мұң екен, оң көзінен бір тамшы жас ақты. Серік арқасындағы портфелін жерге қойған күйі жүгіріп барып анасының оттай ып-ыстық құшағына енді».

Әр нәрсені аңғарымпаз баланың ішкі жай-күйін автор оның қимыл-әрекеттері арқылы береді. Шешесіне қарап, үлкендерше ой түюі, көз алдында қалыптасып жатқан араққор әкесінің портреті – оның өмірінің қалана бастаған қабырғасы іспетті. Отбасында көрген қасіреті баланы не қайралып өсуге, не болмаса жасықтыққа тәрбиелейтінін әңгіме барысында оқырман іштей сезінеді. Серік өзге балалардың алдында өзін төмен санайды. Достарымен ойын ойнағанда қағаз кеме жасап, суға ағызатыны бар.

«– Папам мамамды тағы да ұрды, – деді де баланың көзінен екі моншақ домалап түсті.

– Ой, құйрықтан дың-ң-ң-ң дегізіп үйден қуып шықпайсыңдар ма? – деді еркекшора Сәлима. Бір мезетте, жентек-жентек жел тұрғаны сол еді, қап-қара бұлттар бір лекігенде шалғы сойып түсер местей боп жаңбырын төкті дейсің. Жауын толастар емес, арты ұзаққа созылар сіркіреген біркелкі сарынға ұласатын түрі бар. Тар көшенің жылғалары мен төрт қағаз кеме сапқының тасындай зырлады.

– Серік, сенің кемең батып кетті ғой, – деді балалар ыржалақтасып.

– Кеме болған соң батады да. Мен үйге кеттім, – деді бала мұрнынан сөйлеп, көздері домбығып, әнтек-әнтек басып, аяқты кере-кере адымдап, жолдағы ой-шұңқырдан бірде жалғыз аяқтап, бірде қос аяқтап секіріп. Ол есіктің алдындағы тайғақ тасты басамын деп жығылып, шекесін қанатып алды».

Диалогтан соң бала Серікке деген көңілде біртүрлі аяныш пайда болатындай. Автор болса оны салмақтап, байыппен баяндайды. Бейне өзі дәл сол оқиғаның ортасында жүргендей, көзбен көріп көңіліне түйгендей әсер береді. Серіктің өмірге деген философиялық толғамы да автор ойымен астасып кеткен. «Кеме болған соң батады да» деген үлкендер айтатын қалыпты сөздей көрінеді. Бәлкім, ұрыс-керісті көрген балалар ерте ержететін шығар. Олардың ой жүйесі де өзге балаларға ұқсамаса керек.

Психологияда да баланың кішкентай кезде көрген-түйгені үлкен өмірге қадам басқанда алдынан кесе-көлденең шығатынын айтады. Батыс жазушылары бұны бізден анағұрлым ерте түсініпті. Ги де Мопассанның «Гарсон, бір кесе сыра!..» әңгімесінде де дәл осы жағдай астарланған. Онда ересек екі адамның сыраханадағы кездесуінен сюжет өрбиді. Сыра ішіп отырған екі адамға бала тағдырының қандай қатысы бар деуіңіз де мүмкін. Шебер Мопассан оның да ретін тауып, жеріне жеткізе суреттейді. Тақырыптағы Гарсонның әңгімеге оншалық қатысы жоқ. Ол тек сыра тасушы ғана. Негізгі кейіпкер – Жан де Барре есімді өз-өзін, өмірлік миссиясын әлдеқашан ұмытқан адам. Ол үшін бұл өмірдің құны көк тиын . Таң атқаннан күн батқанға дейін сыра ішуді ғана біледі. Былай қарағанда, өмірдегі ең төменгі тип деуге келетіндей. Сөйте тұра, сіз оны әсте жек көрмейсіз. Айыптамайсыз. Жиіркенбейсіз. Оның алында өзіңізді жоғары не төмен санай да алмайсыз. Автор шешіміне бой ұрып, соның жетегінде кетесіз. Бәлкім, бұл жазушы шеберлігі шығар. Сыраға күні қараған әлдебіреуді адамзатқа ой айта алатын ақылман дәрежесіне көтеріп шығарып, әңгіменің нүктесін қояды. Бұл сырақордың кішкентай бала психологиясына қандай қатысы бар деп те ойлауыңыз мүмкін. Әңгімені оқығанда Жан де Барренің де Серік секілді бір кезде бала болғанын көресіз. Балалықта куә болған оқиға оның өмір бойы есінде қалды. Тіпті сол оқиға елесімен өмір сүретін жайғдайға жетеді.

«Түтікшесін мәрмәр тақтаға қойып, ол тағы да айғайлады:

– Гарсон, бір кесе сыра! – Әрі қарай жалғастырды: – Бұл әңгіме мені қызықтыра түсті. Назарымды бұрдым. Иә, міне, мен ештеңе істемеймін, бәріне қолымды сілтедім, қартайудамын. Өлім алдында мен ештеңеге өкінбеймін. Менде бұл сырадан басқа естеліктер болмайды. Әйел де, балалар да, алаңдаушылық та, қайғы да – ешнәрсе жоқ. Осы дұрыс.

Ол алдына келген кесені ағызып, тілін ерніне тигізіп, қайтадан түтікті қолына алды.

Мен оған таңдана қарадым да сосын сұрадым:

– Бірақ сен үнемі осылай болмадың ғой?

– Жоқ, кешірерсің, әрқашан осындаймын, колледжден бері...».

Екеуара диалогтан Жан де Барренің өмірге деген көзқарасын аңғару қиын емес. Әйтсе де, оның неліктен бұндай жағдайға түскені қасындағы әңгімелесушімен бірге сізді де қызықтыра түседі. Бір кездері ауқатты отбасыдан шыққан ол қалайша өмірден баз кешіп, өлімін күтетін халге келген деген ойға қаласыз. Бәріне себеп болған – бала кезде көрген оқиға. Оның ішкі әлемін, рухани дүниесін тас-талған қып езіп тастаған жағдай. Өмірлік қызығушылықтарын қиратқан да – сол.

«Ата-анамды көріп, нағыз орман қаңғыбастары секілді ағаштардың артына тығылып, оларға үнсіз жақындай бастадым.

Бірақ бірнеше қадам қалғанда қорқақтай тоқтадым. Әкем өз-өзіне ие бола алмай, ашуланып:

– Анаң – жай ғана ақымақ; әңгіме анаңда емес, сенде болып тұр. Маған бұл ақша керек, қол қоюыңды талап етемін.

Анам қатты дауыспен жауап берді:

– Жоқ, қол қоймаймын. Бұл Жанның ақшасы. Мен оларды сенің қыздармен, қызметші әйелдермен бірге ысырап етуіңе жол бермеймін. Оларға өз байлығыңды шашқаның да жетеді.

Сонда ашудан қалтырап кеткен әкем артына бұрылып, бір қолымен анамның тамағынан ұстап, екінші қолымен оның бетінен бар күшімен ұра бастады.

Анамның шляпасы түсіп қалды, шашы алба-жұлба: ол соққыдан қорғануға тырысты, бірақ бұл сәтсіз шықты. Ал әкем жынды адамдай ұрып-соға берді. Ол екі қолымен бетін қорғап жерге құлады. Сосын оны арқасына лақтырып жіберді де, соққылар бетіне тиетіндей қолдарын алмақ болып ұруды жалғастырды.

Ал мен... маған, қымбаттым, ақырзаман келіп, болмыстың барлық мызғымас негіздері шайқалғандай көрінді. Табиғаттан тыс құбылыстар, жан түршігерлік, орны толмас апаттар алдында адам қалай есеңгіреп қалса, мені де бұл жағдай солайша таңғалдырды. Менің балалық санам шатасып кетті. Мен өзімді ұмытып, қорқыныштан, ауырсынудан, түсініксіз абыржудан қатты айғайлай бастадым. Әкем менің айғайымды естіп, артына бұрылды да, мені көрген соң жерден көтеріліп, маған қарай қадам басты. Мені өлтіргісі келеді деп ойладым да, ауланатын аң сияқты, жолға қарамай, тіке орманның ең түкпіріне қарай жүгіре жөнелдім...».

Осы жерде екі әңгімедегі кейіпкерлердің тағдыры ұқсас екенін байқайсыз. Жан де Барре мен Серіктің отбасылық өмірі қайғы-қасіретке толы. Айырмашылық – уақыт пен кеңістік тұрғысынан. Автор шешімдері де әртүрлі. Серік күнделікті айғай мен ұрыс-жанжалдың ортасында жүреді. Бұйығы тартып, ұяң боп қалған бала. Ал Жан де Барре бұрын өзіне белгісіз сырды көзімен көріп, қорыта алмай қалғандай. Отбасының мамыражай тірлігіне үйренген ол бұның астарында басқа да шындықтың жатқанын оқыстан біледі. Ылғи да тату-тәтті сияқты жүрген ата-анасы ойда-жоқта бір-біріне төзе алмайтын жандар кейпінде көрінеді. Өмірлік ұстанымдары қалыптаса бастаған Жан де Барре одан соң өз тағдырына өзі үкім кеседі. Өмір шындығын ерте аңғарған ол бұл дүние қызықтарына қолын бір сілтеп, қайғысын сырадан шығарады. Оның ойран болған өмірін көріп, оқырман ойға батуы мүмкін. Бұл дүниеде қаншама қиындық кешкен жандар шыдап өмір сүріп жүр ғой. Мопассан неге сонша күйреген адам образын жасады деп те ойланасыз. Әйтсе де, бас кейіпкердің түңілуінің өзінде мән бардай. Оқиға желісі, кейіпкердің қимыл-әрекеттері арқылы ол сізге ақыл береді. Ондағы әрбір детальдан мағына табасыз. Адамның адамға қалайша әсер ететінін, тағдырдың тағдырға қалай үкім жүргізерін пайымдайсыз. Ал «Қағаз кемеде» ше? Ондағы кейіпкер Серік кәдуілгі бала. Күнделікті ұрыс-керісті көрсе де арманынан айырылмайды. Кеме жасауын доғармайды.

«Бұлғақбас өмір арнасын басқа жаққа бұрды... Дархан мен Ұлбосын ажырасып, анасы мен баласы табанақы, маңдай термен алған жаңа үйіне көшті. Бұрын өздері тұрған теміржолшыларға арналған пәтер қаңырап бос тұр. Ал Дархан қалада біраз айналып жүрді де, Түркістанға тартты. Анасы мен баласы жаңа үйге көшіп келген соң, бұрнағы күйеуі ара-тұра келіп тұратынды шығарды. Бірде мас күйінде келген Дарханды Серік кеудесінен итеріп жіберген соң, бала оны көрген емес... Серік жаңа үйге көшсе де қағаздан кеме жасап, суға ағызып ойнайтын әдетін тастамады. Көктем келісімен-ақ «кеме жарыстыру сайысы» қайта жанданады. Бала қағаз кемені суға ағызды да: «Жолың болсын! Саған мына өмір өткелдерінде сәттілік тілеймін!» – деп қолын бұлғады...».

Екі әңгімедегі екі түрлі тағдырға қарап, бала сезімдерінің астарына үңілесіз. Толық адам боп қалыптасу үшін тағдырға әсер ететін негізгі күш – ата-ана әрекеті екенін ұғына түсесіз. Таза бұлақтай мөлдір болмысты балалар тіршілігіне назар салғанда үлкендер мән бере бермейтін қаншама сыр жатқандай. Тек бақылай білсек болғаны.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар