Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Мұхтар Әуезов: Әбділда Тәжібаев - сыршыл, лирик ақ...

04.02.2016 16927

Мұхтар Әуезов: Әбділда Тәжібаев - сыршыл, лирик ақын

Мұхтар Әуезов: Әбділда Тәжібаев - сыршыл, лирик ақын - adebiportal.kz

















Қазақ совет әдебиетінің тарихында көрнекті орынға ие болған ақын-жазушының бірі — Әбділда Тәжібаев. Ол Қазақстан оқушы жұртшылығына көптен мәлім. Оның шығармалары идеялық мәні мен тақырыптарының күнделік, советтік құрылысқа аса жақын қабысқан өткірлігімен жұртшылық бағасын ерте алады. Ақындығы шеберлене бастаған кезде де Әбділда совет халқының ұлы құрылысын және өзіне де бақыт берген Отанын жыр етеді. Оның алғашқы кездегі қысқа өлеңдері күнделік іс пенен науқандарға қолма-қол байланысты болатын. Ол газет бетінде тез жарыққа шығып, шапшаң тарап отыратын саясаттық, үгіт өлеңдер еді. Кейін оның орнына көлемді,терең сезімді толғау жырлар жазды. Бұлары әрі күнделік тақырыптық жағынан, әрі идеялық, көркемдік, шеберлік жағынан сай келген, өскен өлеңдер болады.


Әбділда шығармаларының негізгі үлгісі, жанры – поэзия. Бұл жанрдың ішінде айқын ерекшелігі оның сыршыл, лирик ақын болуында. Ақын еңбектері әуелі қысқа, көбінше саяси лирикадан басталады да, кейін лирикалық толғауларға, лирика сарыны мол романтикалық поэмаларға да ауысады.


Осы жолдағы ақынның көрнекті табыстарымен қатар айқын кемшілік, қайшылықтары да болды. Ескілікті тақырыптарға жазған "Мерген", "Кілемшілер туралы ертек" деген поэмаларында социалистік реализм үлгісінде жазылатын поэмалардан басқарақ, жалпылаған сарындар бар. Ескі күй, ескі аңызды тамашалау басым. Сынсыз тамашалау сарыны үстемірек болады.


Отан соғысы кезінде жазылған "Толғау" атты үлкен жыры Әбділданың өз Отанын барынша сүйген, шыншыл, терең сезімді, көркем өрнекті ақын екендігін танытады.


Әбділда тек қазақ тарихының көлемінен ғана тақырып алмайды. Советтік қазақ поэзиясына ол кіргізген интернационалдық ақындық мәдениет, іздену ернектері де бар. Қазақ оқушысына Гейненің, Шевченконың, Пушкиннің, Лермонтов шығармаларының нәр-нақыстарын әкеледі. Осы аталған классиктердің кейбір шығармаларын аударумен қатар, ақын оларды өзінің сыршылдық өлеңдерінің, толғауларының және кейбір поэмаларының ("Екі жаһан", "Тарас") ішіне Гейне, Шевченко образдарын және Горький, Фурмановқа арналған ой-сезімдерін кіргізіп отырады.Бұл алуандас ақындық ізденулер Әбділданың өнімді жолға, мәдениетті поэзия жолына беттегенін көрсетеді. Бұл — қазақ әдебиетін жаңа үлгіге бастаймын деген талап.


Осылайша, Әбділда, бір жағынан, Ұлы Октябрь жаңғыртқан өз халқының советтік дәуіріндегі жаңа тарих шындығынан бағыт, қуат алады. Жыл санап өнер арттырып, жазушылық мәдениетіне терең бойлап, қазақ совет поэзиясына қызықты жемістер беріп келеді. Әбділда талантты және өзіндік стилі, өзгешелігі бар күшті ақынның бірі деп саналады.



* * *


Әбділда 1909 жылы февраль айында туған. Туған жері Қызылорда (Ақмешіт) қаласы. Әкесі Тәжібай Қарымсақов жастай ж етім қалып, көп өмірін жалшылықта өткізген. Қала байының қора сыпырушысы болады. Одан кейін Шевков деген орыс учителінің ат айдаушысы болып қызмет етеді. Осы учитель Тәжібайға орысша хат танытады. Сол азын-аулақ хат шолу білу себебінен Тәжібай кейін қала байларына жалдама қызмет істейтін приказчик болады. Әбділданың алғашқы жас балалық шағы қалада, ата-ана бауырында өткенмен, алты жасында әкесі өліп, жетім қалады. Ендігі тәрбиесі анасы Айманкүлдің қарамағында болады. Күнделікті еңбекпен тіршілік етіп отырған Тәжібай өлген соң Айманкүл жас баласымен мұқтаждық, жоқшылық күйге түседі.


Айманкүлдің нағашысы Сыр бойының ескі балықшысы, әрі егінші-диқаны Далдабай деген қарт еді. Сол кісі жетім-жесір болып қалған Тәжібай үй ішін өз қолына алады. Ендігі бірталай жыл Қараөзектегі сол Далдабайдың аулында өтеді.


Далдабай өз баласы болмай, жиені Айманкүлді бесіктегі кезінде бала қылып, бауырына салып өсірген. Өзі мейірімді, есті әке болған. Айманкүлді 14 жасына шейін ауылдағы молдадан оқытқан. Хатқа жүйрік, парсы, шағатай әдебиетіне өте таныс қанықты оқушы етіп өсірген еді. Айманкүлді оқытушы Ділдәхан молда Бұхарада отыз жыл оқып қайтқан, ескі медресе тәрбиесі бойынша көп білім алған кісі деп саналатын. Сол молданың ықыласты шәкірті болып өскен Айманкүлді Далдабай аулындағы кәрі-жастың көбі "молда қыз" деп атандырады. Далдабай қарттан бастап, ауылдағы үлкен аға, кәрі жеңгейлерге шағатай, парсы тіліндегі ақындық шығармаларды Айманкүл көп оқып береді. Өзі де көп кітапты біліп, айналасында жүргендерді шығыс әдебиет үлгілерімен мол таныстыра жүреді. Кішкене Әбділда Далдабай аулына жетім бала болып барған шағында, анасының әрбір кештерде, жиын топқа нақыстап оқып отыратын қисса, дастандарын естиді. Шығыстың классик туралы әңгімелерін ұзақ кештер ықыласпен тыңдайды. Ақындықтың алғашқы әсерін тәрбиеден алады.


Айманкүлдің кітап оқығыштық мінезін құптаған Ділдәхан молда өзі әбден қартайған шағында "ең жақсы шәкіртім осы" деп, бар кітапханасын Айманкүлге сыйлайды. Сол кітапханада Низами, Науаи, Хафиз, Сайхали, Бәділ шығармалары болады. Осы шығармаларды Айманкүл өзі оқып, жұртқа тыңдатумен қатар, баласының санасында ақындыққа құмарлықты еге жүреді. Тілі көпшілікке ұғымсыз болған шығармаларды қарттар мен балаларға оқып беруде Айманкүл шығыстың бәйіт оқитын нақысты, сұлу мақамдарымен жырлап жеткізеді. Онысы да тыңдаушыларына өз шамасынша көркемдік тәрбие беретін.Тәжібайды жоқтап Айманкүл өз жанынан алғашқы мұң-шер өлендерін де жазады. Өз мұңын өз тілімен жазған жоқтауын ақындарының кітапша сөздерін араластыра айтады. Жыл бойында осы жоқтауын көп айтып, кеңейте жүріп, Айманкүл өзі мен баласының мұңды күйін ұзақ поэмаға айналдырады. Сол жоқтаудың ішінде:


Ашыла түсіп гүл солды,

Жаңа бір түсіп от сөнді, –

деген арманды шер шерткен жолдары жас Әбділданың әкесі турасындағы мұңы болып жадында жүреді. Айманкүл баласын өзі оқытып, жеті жасқа толғанында толық хат танытады. Келесі жылдарда Далдабай аулында Айманкүлдің айнымас тыңдаушысы болып алған қарттардың арасында шешесі оқитын қисса, ғазалдарды сол мақамдарымен бала Әбділда да көпшілікке оқып беріп жүретін болады. Осындай ескіше, мұсылманша оқу көлемінде алғашқы шәкірттік сауаты ашыла жүріп, Әбділда 20-21-жылдарға жетеді.


Бұл жылдары Сыр бойында көп жанның қазасына себеп болған оба науқасы шығады. Оған және жаппай сүзек ауруы қосылады. Осы жылда Әбділда мен шешесін асыраушы, қорған болып отырған нағашысы Далдабай қарт қайтыс болады да, ашаршылыққа ілінген ана мен бала Ақмешітке қайта көшіп келеді.


1922 жылы Әбділда жетім балалар интернатына түсіп, бір қыс шала-шарпы оқумен күні өтеді де, жаз шыға үш-төрт бала қосылып Ташкентке кетеді. Онда оқу іздеген балалар көп болып, бұлар орналаса алмайды. Қайта қайтуға қаражат болмай, енді анық панасыз балалардың өміріне көшеді. Көп айлардан соң әлі оқуға да, өмірге де орналасып жәй таба алмай жүрген панасыз бала Қызылордаға қайта келіп, Ленин атындағы интернатқа орналасады.Сөйтіп, 1923 жылдың басында Әбділда совет мектебі тәрбиесіне ілінеді. Сан жетім панасыздарды жүздеп, мыңдап тәрбиесіне алып, адам етіп отырған советтік мектептің тәртіпті, ынталы шәкірті бола бастайды. Жақсы оқушы, үлгілі пионер болып, білімді азамат болуға қадам басады. Бар ынтасын оқу мен ізденуге, жақсы азамат болу талабына берген бала бір қыста екі кластың оқуын бітіреді. Енді комсомолға да кіреді. Сол бірінші басқыш мектепті өзінің ең бақытты тәрбие орны деп бағалай білген жас талапкер интернатта шығатын қабырға газетінің редакторы болады. Бұл интернат балаларының ырысына Ташкенттен оқып келген Сәтбеков Қайырбек деген жақсы бейілді мұғалім ана тілінен өзі оқытушы болады. Қазақ әдебиетін, әсіресе Абай шығармалары мен сол кездегі газет, журналдарда шығатын советтік поэзиясының үлгілерін өзінің ынталы шәкірттеріне жақсылап ұғындырып, сүйдіре танытып жүреді. Шәкірттеріне "инша жазу'" деген тәжірибелі жазу сабағында Абай өлеңдері мен совет ақындарының өлеңдеріне арналған тақырыптарды беріп, шығармалар жаздыруға баулиды. "Инша жазу" жарысынан туған шәкірттердің кей өлеңдерін қабырға газетіне бастыра бастайды. Әбділда 14 жасар кезінде осы мектепте өзінің ең алғашқы ақындық жас тәжірибесін бастайды. Қатар құрбыларынан артылта жазған көп өлеңдері қабырға газетіне жиі басылып тұрады. Ленин атындағы интернаттың талапкер жастары Қызылордада өнерлі, үлгілі совет жастарының үйірмесін құрады. Интернат жастардың күшімен қала халқына арнап клубтар, сауық кештерін де жиі ұйымдастырып жүретін болады. Сөйтіп, Ленин атындағы интернат болашақ ақынды әдебиетке, көркемөнерге анық, дұрыс бағытпен баулиды. Сапалы бағытқа жол ашқан асыл бесік, қадірлі, қымбат ұя болады.


1925 жылы Әбділда бірінші басқыш мектепті бітіріп, Шымкенттегі Мұратбаев Ғани атындағы жеті жылдық мектепке түседі. Әбділда бұл мектепте де әдебиетке, шығармалық тәжірибеге бұрынғыдан да артық ден қойып, зер салады. Мектепте комсомол ұясының және қабырға газетінің редакторы болып істейді. Сол газеттің бетінде "Комсомол", "Пионер", "Ленин өліміне", "Бірінші Май", "Октябрь мейрамына" деген арнау өлеңдері басылып жүреді.


1927 жылы Әбділда жеті жылдық мектепті бітіріп, Қызылордаға қайтады. Ендігі талабы - сол кездерде аты шығып жүрген қазақ совет ақындары Сәбит, Асқар, Қалқамандар сияқты өз күшін ақындықта сынап көру болады. Ол ақындардың "Еңбекші қазақ", "Ауыл тілі", "Лениншіл жас", "Жұмысшы" деген газеттерде шығып тұратын өлеңдерін оқиды. Әбділданың енді қай бағытта, не тақырыпта жазуы керек екенін сол өлеңдер танытқандай болады. Алғашқы жетекші үлгі бола бастайды.


Әбділда әуелі газетте адрес жапсырушы, почтада газет тасушы болып жүріп, содан "Еңбекші қазаққа" корректор жәрдемшісі болады. Кейін "Еңбекші қазақ" редакциясында көшіруші болып істейді. Ең алғаш 1928 жылы май, июль айларында "Жұмысшы газетінде" "Жұмысшының азаны", "Жұмысшының балғасы" деген ұсақ өлеңдерімен жас ақын ең бірінші рет 19 жасында, баспасөз жүзіне шығады. Сол жылы байлар мен жарым феодалдар конфискесі болады. Революцияның қазақ аулында жүргізген үлкен саясаттық шарасының бірі — конфиске туралы Әбділда көп ұсақ өлеңдер жазады. Бұлар әуелі "Лениншіл жасқа" шығып, содан "Еңбекші қазақта" да басылатын болады. Бір жаздың ішінде, сол 1928 жылдың күзінде, Әбділда "Еңбекші қазақ" бетінде үнемі жазып тұратын, көп өлең бастыратын совет жұртшылығы үшін жаңа туған, бірақ өнімді, отты, өршіл ақын болып тез танылады. Сол жылы қазақ пролетариат жазушыларының ұйымына, КазАПП-қа мүшелікке өтеді. Газетпен қатар шығармалары журналға да басылатын болады. "Арыс тұзы", "Қазығұрт" деген өлеңдер сол уақыттағы оқушылардың ықыласын Әбділдаға мейлінше аударады. Кейін "Жаңа ырғақ" атты жинақта топталып басылған Әбділда өлеңдерінің көпшілігі сол жылдарда, ақынның 16-19 жастардағы жазған алғашқы талабының жемістері болады. Әбділда ақындығының алғашқы белесі, өмірдегі ақындық, азаматтық талап-мүдделерінің ең алғашқы адымдары осылай басталады.


1929-30-31 жылдарда Әбділда Алматыдағы педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетінде оқиды. Мұның үшінші курсына шыққанда Қарсақбайдағы аудандық газетке редактордың орынбасары болып орналасады. Содан 1933 жылы Алматыға келеді. Бұл жылдары жазған өлеңдері "Олқылық" деген жинақ болып шығады. 1933 жылы шығарған "Жаңа ырғақ" атты жинағынан кейін "Олқылық" екінші кітабы болады. Бұл шығармаларының негізгі тақырыптары — байларды конфискациялау туралы. Турксиб шойын жолының салынуына, Қарсақбай сияқты өндірістік зор коллектив тіршілігін әр алуан үлгіде жазуға арналады. "Олқылық" атты жинақтың ішінен көп орын алатын сол "Олқылық" атты, өндіріс тақырыпты поэма болады.


Алматыға келген соң Әбділда "Лениншіл жас" газеті редакторының орынбасары болады. Содан кейін Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болып істейді. 1934 жылдардан бастап Әбділда ақындығының екінші кезеңі басталды. Бұл кезеңде сыршылдық, көркем сезімді, ұсақ өлеңдеріне Шевченко, Гейне сияқты ақындардан үйрену, үлгі алу әсері араласады. "Таңдамалы өлеңдер" деген атпен 1936 жылы және 1939 жылы екі рет жинақтары шығады. Осы кезеңде Әбділданың жаңа тақырыпқа жазған "Құтқару", "Екі жаһан" деген поэмалары туады. Әбділданың ендігі көп өлеңдерінің тақырыбы бауырлас, достас елдердің советтік жұртшылығына арнау түрінде айтқан толғаулары болады. "Орыс халқына", "Украина" деген өлеңдері және пролетариаттың ұлы жазушысы Горькийге арналған, Фурмановқа арналған сыршыл өлеңдері Әбділда шығармаларының ішінен үлкен орын алады. Көп ізденіп, білім арнасы кеңейіп, ақындық шеберлігі өскендігінің нәтижесінде 1942 жылы Әбділданың "Перне" атты жинағы шығады. Бұл жинақ Отан соғысына арналған әсерлі, көркем "Біз жеңеміз", "Ленинград" атты шын патриоттық шығармаларымен қатар, тақырып жағынан әр алуан болады. Қазақ фольклорындағы аңыздардың мазмұнынан құрылған "Мерген", "Толағай", "Кілемшілер туралы ертек" тәрізді ертегілі поэмалар, тарихи аңыз ретінде ескі күйші туралы "Абыл" атты поэма жазылады. Және интернационалдық тақырыпта жазылған "Катерина" поэмасы болады.


1938 жылдан бастап Әбділда драмалық еңбектер жазуға кіріседі. Мұхтар Әуезовпен бірігіп жазған "Ақ қайың" атты пьесасы 1938 жылы Қазақстанда жарияланған пьесалар бәйгесінде алдыңғы қатарлы баға алып, екінші бәйгеге ілінеді. Кейін Г. Рошальмен бірге жазған "Жомарттың кілемі" атты пьесасы Қазақстан академия драма театрының репертуарына кіреді. Соңғы жылдарда Әбділда жазған "Көтерілген күмбез" атты өзбек халқының ескі тарихына арналған романтикалық пьеса өзбек театрларының репертуарына алынады.


Қазақ совет әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін Әбділда 1939 жылы "Құрмет белгісі" орденімен наградталған. 1940-43 жылдарда Әбділда Қазақстан совет Жазушылар одағының бастығы болып қызмет атқарады.


* * *


Әбділданың 34-жылдарға шейінгі ақындық шығармалары "Жаңа ырғақ" атты жинаққа топталған. Бұндағы өлеңдердің саналық, тақырыптық, мазмұн жағы жас ақынның өмір тартыстан алған жанды әсерін танытады. Совет жасының, жас өнерпаздың қызулы екпіні мен іздену жолдарын көрсетеді. Бұл жинаққа кірген "Айдалған бай", "Үлес үстінде" деген өлеңдері қазақ аулында болған тап тартысты, өмірдегі әр алуан өзгерістерді суреттейді. 1928 жылдарда саясаттық, шаруашылық маңызы зор оқиға - байларды конфискациялау жүреді. Ел кедейін ғасырлар бойы қанаумен озбырлық етіп келген топтардан советтенген ауыл тап тартысы арқылы арыла бастайды. Бұл сияқты ірі әлеуметтік шараның арқасында ауылдың кедей-батырақтарының саяси санасы бұрынғыдан да ашылып, сенімді күш есебінде мемлекеттік құрылысқа белсене қатысып, майданға шығады. Ел еңбекшілерінің санасы күнделікті тап тартысы үстінде айқын дамып, өсе бастайды. Қазақ аулында болған сондайлық екі түрлі революциялық жаңалықтар жас ақын Әбділданың әдеби майданға шығуындағы ой-өрісін айқындаған жағдайдың бірі болды. Ауылдағы бұл жаңалықтарды жасауды үлкен қызулы екпінмен, өткір саяси жырлармен құптап, қостап қарсы алады. Үгіттік екпіні зор, шыншыл жалыны мол, жалынынан от ұшқындағандай саяси, өткір үгіт жырлар туғызады. Ақын қазақ еңбекшілерінің барлық қанаушылар тобына арналған, лағынетке толы жиренішін танытады. Конфискеленген бай, шонжарларға арнаған қарғыстай қатал жырында:


Сұр жыландар, бұлар елді шаққандар,

Күні кеше ақ патшаға жаққандар.

Шекпен киіп,

Шен тағынып,

Көп жағынып,

Езілген тап, еңбекші елді сатқандар, –

деп, ғасырлар бойы ата-тегімен елді сатқан, еңбекті қанағандарды, революция дұшпандарын табалайды.


1928 жылғы жазылған "Үлес үстінде" деген өлеңінде Әбділда кешегі батырақтардың айдалған бай мүліктеріне ие болып, енді ұйымдасқан, жаңа қоғамдық тарих дәуірін бастаған күндерін суреттейді. Бұрынғы жалшылардың енді бас қосып, ұйымдасуына басшылық етіп жүрген Жайлаубектей коммунистің белсенділік қайратын сүйсінумен жырлайды. Жаңа ауылда партия басшылығын дұрыс жүргізе бастаған саналы қайраткер ақынның қадірлейтін досы, тілеулесі есебінде бейнеленеді.


"Батырақ Қобыланды" атты көлемді өлеңінде Әбділда қазақ батырағының енді-енді өнімді, сапалы еңбекке басқан жаңа тарихтық қарқынын танытады. Қобыланды бұрынғы "еңбегі еш, тұзы сор" бай жалшысы емес, жаңа адам. Ол Москва барып, астына трактордай алып тұлпар, көлік мініп қайтқан, Қазақстанның Сырдай, Алатаудай өңір, өлкелерін жаңа сапалы, өнерлі еңбек құралымен жаңғыртуға келе жатқан зор қайраткер. "Батырақ Қобыланды" бұл жағынан қарағанда жекеше ғана адам емес. Шаруашылық, саясаттық дәуіріне, үлкен ырыс күніне айналған қазақ шаруасының бейнесін көрсету тілегінен туған поэма деуге болады. Бірақ ақын алдына қойған мақсатын толық орындап шыға алмаған. Бас қаһарман жинақты образ бола алмай, жалаң, схемалық образ болып шыққан.


"Кімге кім" атты өлеңінде Әбділда ендігі ел тіршілігі еңбек майданында, жаңа сапалы зор майданда екенін үлкен сеніммен, мол қызумен жырлайды. Сол еңбек жаңа тарих асатын жолды нұсқайды:


Әне асатын асқар бел,

Әне сулы жаңа көл,

Қозғалды ауыл, бет бұрды,

"Бәрекелді" дескендей.

Шаншылған туда бір жұлдыз,

Шұбырған соған жалғыз із,

Сол ізбен ел көшеді! –

деумен ақын енді өз елінің тарихы жаңғырғанда социалистік құрылыстың мол қарқынды, ұлы бағытымен даму арқылы жаңғыратынын зор сеніммен жыр етеді.


"Құлғара", "Трактор күйімен" деген жырларында Әбділда белсене қайрат етіп, ұлы наныммен жаңа өмірді қалаушылардың образдарын береді. "Құлғара" атты поэма ауылдан шығып үлкен табысқа жеткен, мамандық білім алған қазақ жалшысының өсу жолын сипаттайды. Әуелгі жастық шағын, жігіттік кезін Құлғара құм кешуде, аш-жалаңаш тірлікте, Саурамбай дейтін байдың қойын бағып, ауыртпалықпен өткізеді. Кейін Жүсіпбай дейтін коммунистің бастауымен Құлғара фабрика-завод мектебіне түсіп, маман-машинист болып шығады. Осы жылдардағы ақын тақырыбының екінші бір мол саласы - өндіріс. Әбділданың ақындық қиялын бұл кезеңде өзіне ең көп тартқан өндіріс майданы, бірінші бесжылдықтың бірінші гиганты Түркістан-Сібір теміржолы. Жолдың бітуіне, соның ісінің алғашқы жылдар мүлтіксіз, мінсіз, өнімді болып кетуіне арналған өлеңдер жазылды. Жолдың салынуына арналған алғашқы өлеңдері: "Қарсы алғанда", "Айнабұлақ" деген шығармалар болады.


Жазық дала жанданды,

Жарқырап қатты ағын сел,

Жыбырлап мынау қарсы алған,

Жан-тәнімен еңбекші ел! –

деп, ақын жаңа жолдың ел игілігіне бастайтын жол екенін қазақ еңбекшілерінің шат күйімен қарсы алады. Бұл жолдың салынуына Отанмен бірге зор қуаныш еткен ақын да көп өлең жазады. Сол өлеңдер ішінде Әбділданың "Айнабұлақ" атты толғау жырынан үлкен сапа танылады. "Айнабұлақ" станциясы Турксиб шойын жолының екі жағы түйіскен күндегі үлкен мерекеге куә болған жер еді. Ақын әуелі "Айнабұлақтың" бұрынғы күйін еске алады. Ол – шөл кешу, еңбек елі үшін өгейлікте болған, тұл тарихтың көп ғасырлық меңіреу куәсі болған орын еді. Енді сол Айнабұлақ - дүлей мекен емес, жаңа дәуірдің жаңа ұрпақтарының ырыс мекені.


Тап кеше Алатауға ағылып қол,

Асқардың асуынан салмаққа жол.

Гулетіп еңбек күйін дабылдатып,

Әндетіп, аршындатып төгілді мол, –

дейді.


Ақын совет адамдарының өр қайратын, жеңімпаз күресін шексіз шаттықпен мадақтайды. Бұл өлең мазмұны жағынан да, көркемдік күші жағынан да көрнекті шығарманың бірі болып саналады. Өлеңнің күйлілік құрылысы, тіл келісімі – нақты. Өлеңнің зор мазмұнына түрі де сай келіп, көркем, әсем тұтастық тудырады. Қазақ совет поэзиясындағы сол дәуірдегі өндірістік жаңа қарқын, сапаның кесек түйілген, шебер қорытындысының бірі Әбділданың осы "Айнабұлақ" өлеңі деуге болады.


Өндіріс тақырыбындағы Әбділда жырларының бір тобы темір жолдағы, немесе Қарсақбай сияқты еңбектің мол қазанындағы олқылықтарды өткір тілмен, шын жігермен шенеп-мінеуіне арналады. Совет азаматтарын саналы жігермен қайрап, намысқа шақырады. "Олқылыққа орын жоқ", "Жуытпа" деген өлеңдер осы соңғы сарыннан туған шығармалар болады. Ақын Москваны жырлау, Қазақстанның онжылдық мерекесін жыр ету арқылы, жалпы одақтық және халықаралық уақиғаларды, тақырыптарды қамтып отырады. Бұл ретте Әбділда Горький, Маяковский бастаған Бүкілодақтық пролетариат поэзиясының ұлы отандық сарынына әрдайым үн қосып отырады.


1934 жылдарға дейін жазылған Әбділда өлеңдерінде үгіттік мотивтер басым болды. Әбділданың бұл өткен кезеңдеріндегі шығармалары шыншылдығымен, өткір қырағылығымен әсерлі болғанмен де, әлі тереңдеген жоқ еді. Нақтылы лирикаға да бойлай қоймайды. Шығармаларының үгіттік құны бағалы болғанмен, әлі ақындық түр жағынан, өнерлі үлгі, өрнек туғызу жағынан көбінесе бірыңғай, сыңаржақ, жұқалаң келеді. Бұл дәуірдегі Әбділда әлі ақындық жаңалықтар іздену жағынан үлкен мәдениетті орыс ақындарынан, әсіресе орыстың, Европаның классик поэзиясынан көп өнеге алмаған және ізденіп жүрген күнделікті өмір, құрылыс тартысына барлық бой мен ой-қуатын бір ғана екпінмен жұмсап жүрген жас ақын болады. Әлі өлеңнің түрінде, тіл байлығында, теңеу, бейнелеу сипаттарында ысылған шеберлікке жетпеген жастық жүреді. Бірақ барынша шыншыл, еңбек еліменен, сүйікті Отанымен өзінің бар сезімін, жан тынысын, азаматтық, ақындық тағдырын нық байланыстырып, шын туыстырған ақын, сол қызу жанды жалынның өзімен де совет оқушысына сүйікті бола алады.


1934-1935 жылдардан бастап Әбділданың жазушылық, ақындық іздену жолдары кеңейеді. Бір жағынан, ізденіп, оқып тереңдейді. Екінші жағынан, ақындық өнері де шеберленіп, дами түседі. Әсіресе, қазақ әдебиетінен тыс, орыстың европалық өнерлі классик поэзиясына ден қойып тереңдеп, солардан үлгі ала бастайды. Осылай оқып, өсу арқылы жаңа сапаға, екінші кезеңге ауыса бастайды. Енді шығармаларында ақынның өзіндік жаңаша, жекелік стилі айқындала береді. Сол ерекшелігінің айқын бір бітімі Әбділданың сыршыл, лирик ақын болуымен байланысты. Осы лирика жанрын қазақ поэзиясында мәдениетті, әсерлі, көркем түрге ауыстыруы жолында Әбділданың орны өзгеше. Соңғы 12-13 жыл бойында Әбділданың ізденуі, өсуі жан-жақты, әр алуан болумен қатар, лирикалық үлгі-өрнек, сарын-саз оның өскелеңдеген ақындық тұлғасының негізгі қасиеті есепті боп, үнемі сақталып отырады.


Көркем, күйлі құралған ұсақ сыршыл өлеңдермен қатар, Әбділда соңғы он жылдар ішінде поэмалар жазады. Бұлардың бір тобы – "Олқылық", "Екі жаһан", "Құтқару", "Оркестр", "Толғау" алуандас бүгінгі тақырыпқа арналған шығармалар. Поэмаларының екінші бір тобы – қазақ халқының фольклоры – ескілігіне, ауыз, аңыз әңгімелеріне сүйенген көне тақырыпты: "Абыл", "Аққу", "Толғау", "Мерген", "Кілемшілер туралы ертек" тәрізді шығармалар болады.


Осы соңғы кезеңде Әбділда драматургияға көп зер салып, бір топ ескілі-жаңалы тақырыптарға пьесалар жазады. Бұлары "Жомарттың кілемі", "Көтерілген күмбез" және Шахметпен1 бірге жазған пьеса "Мәншүк".


Осындай бір жанрлы кең, көп тақырыпты шығармалар тудыру аралығында Әбділданың ерекше қадір тұтып, көңіл аударатын Украинаның классик ақыны Тарас Шевченко туралы да "Тарас" атты дастан-драма (кіші драма) жазады. Сол Тарас жырын еске алып, Батыс Украинадағы халық қызы Катерина туралы саналы толғау түрінде тың тақырыпты поэма жазады.


Осымен соңғы кезеңдегі Әбділда тудырған шығармалардың жиынын үш айқын салаға бөлуге болады. Оның біріншісі – ұсақ түрдегі сыршыл өлеңдер. Екіншісі – поэмалар. Үшінші саласы – пьесалар болады. Біз, бұдан кейінгі тексеруді, осы үш салаға жеке-жеке тоқтап, ақынның табысы мен кемшіліктерін, елеулі қайшылықтарын талдауға арнаймыз.


Әбділданың лирикалық шығармаларына келсек, олар 1936, 1939 жылдарда басылған "Таңдамалы өлеңдер" жинақтарына және 1942 жылы шыққан "Перне" жинағына кіреді. Соңғы кезде, ең соңғы жылдарда жазылған лирикалық шығармаларынан Әбділда жаңа бір жинақ топтап, әзірлеп жүр. Лирикалық қысқа шығармаларының бұрын Әбділда жазып жүрген өлеңдерден шыққан жаңа өрнекті, сырлы, күйлі өлеңі "Сырдариядан" басталады деуге болады. Бұл - ақынның өзі туған өлке, өзеніне, Сыр бойына арналған өлең. Сезіміне күйі сай, тақырыбына тілі сай, қысқа, әсем әндей шыққан анық көркем жыр. Бұл өлеңде Әбділда орыс, Украина және Европа ақындары: Пушкин, Шевченко, Гейне сияқты ұлы классик және шебер лирик ақындардың үлгісін алады. Солардың құлақ күйіне өзінің туған топырағынан сезімтал үн қосады. Осы шығармасының совет ақыны үшін ерекше ұнамды, орынды бір ерекшелігі – Әбділда мұнда құр сарыншыл, драмашыл сезім ішіне өзінің ортасынан жырылып, жекеше шомып кетпейді. Жаңағы классик ақындардың лирикасында ұдайы жүретін реалистік пейзаж, өмірмен нық қабысқан шыншылдық және әсіресе бағалысы, әлеуметтік, өмірлік сарын ұдайы араласып отырады. Ақын өзі Шевченкодан үлгі алғандай, Сыр суы да Днепрдің энергия қуатын беріп отырған жаңа сапасын тапсын дейді. Осы Днепрден өнеге алсын, советтік заманда, ұлы құрылыс дәуірінде өзгере жаңғырып жасасын дегенді програмдық талап етіп қояды. Бұл – лирик ақын үшін, оның революциялық мүдде-мұратын танытатын зор негізгі стильдік мәселе. Социалистік реализм стилінің сыршыл шығарма ішіндегі айқын өткен стилі боп сезіледі.


Жалғыз-ақ, ақынның бір ғана дәл баспаған жаңсақтығын айтуға болады. Днепр Шевченконың бесігіндей болғанда, Гейнеге Рейн өзені әрдайым шабыт бергенде, Пушкин үшін Әбділданың ұлы орыс классигі үзбей жырлайтын Неваны шабыт арнасы етіп алмай, Еділді атауы ойдағыдай дәл шықпайды. Қонымды емес.


Сыршылдық шығармалардың Әбділда тудырған көркем өрнектері көп деуге болады. Бұған "Тараспен әңгіме", "Елден сәлем", "Күзет әні", "Ат үстінде", "Келіншекпен кеңес", "Қойшы жыры", "Достық жыры" және үлкен көркемдікпен қоса әлеуметтік сана-сезімін терең танытатын ірі күйлі нақысты әpi толғаулы "Оркестрді" қосуға болады. Лирикалық шығармалардың соңғы бір кезеңінде, Әбділда ақындығының бұл жанрда үлкен шыншылдық және шын шеберлікке жеткен сатысын танытатын жетім балалық шақты толғаған өлеңі болады.


Сыршылдық шығармалардағы "Сырдариядан" басталған нәзік сезімді, нақысты күйді әлеуметтік үлкен армандармен біте қайнастырып отыратын, өнімді өлең құрылысы - Әбділданың жаңағы саналған сыршыл өлеңдерінің көбінде көрініп отырады. Ол еңбек адамдарының мал айналасында, сұлу табиғат арасындағы көңіл-күйін жырласа да, өзінің сыршылдығын әлеуметтік іргеден аулақтатпайды. Жеке-даралық мүлгуге, құр тамашалау қалпына әкетпейді. Табиғат көрінісі, адам тірлігі, еңбек рөлі әр кезде ақынның терең сезіммен сүйсініп шертетін саздары болып отырады. Бұл жағынан қарағанда, қазақтың күй өнеріне арналған "Оркестр" атты ұзақ өлеңінде де бұрын жалғыз-жалғыз жүрген, адасып жүргендей болған жеке домбыра, жеке қобыздарға "күнің енді туды" дегендей болады. Бытырап жүрген кедейлердің ұсақ шаруалары енді жаңа дәурен туғанда бірігіп, берекелі өмір құрғанындай, үлкен сырлы, күйлі берекемен қосылған қобыз, домбыраларды да жаңағы колхоздасқан елдей қостап, сүйсініп құттықтап қарсылайды.


Сөйтіп, "Сырдариядан" "Оркестрге" шейін, одан "Еске алуға" шейін созылған қадау-қадау сыршыл жырларының бәрінде де Әбділда өз лирикасының өзгеше өнімді бітімін айқын танытып отырады. Сыршылдық өлеңдерінің көпшілігі – саяси өткір, жаңа санадан туған сыршылдық.


Қоғамдық тақырыптарды сезім, санаға әсерлі ырғақтармен, күйлі сырдай жеткізіп беретіндіктен бұл алуандас саяси лириканың көпшілік санасына, сезіміне тез қонатын, сырластықтай өтімділік бағасы даусыз.


Көп сыршылдық жырларының ішінде Әбділданың "Тақтақ" атты бір өлеңінде ақынның жекелік, дарашылдық сезімі мен әлеуметтік қарызы арасында болған орынсыз, теріс қайшылықта көрінеді. Ол өлеңде ақын өмірлік құрылыстан, балға мен тастың шақылдағанынан мезі боп, құлақ басып қашқысы келеді. Бұнысында буржуазиялық романтика үлгісіндегі дарашылдық күйін күйлейтін сыршылдықтан, советтік поэзияға қонбайтын қияс, теріс елес, көрініс бар еді. Бірақ совет ақыны өзінің сол ағаттығын сәулетті өмір туғызып жатқан шебердің қасына барып, әңгімелесу арқылы аңғарады. Өзінің адасқанын танып, тұманды аулаққа тартқан, бұлдыр сағымнан айығады. Өз ақындығының қарызы өмірлік құрылысты құптауда, соған сүйсінуде, көмектесуде екенін ұғынып қайтады.


Бұл шығарманың Әбділда шығармасының ішінде кездесетін кейбір, құр ғана сезімшілдік, сарыншылдық мотивтерді сынап өту түрінде қалыптанған сыншылдық ерекшелігі бар.


Әбділда шығарған поэмаларға келсек, жаңа тақырыпты, қазақстандық, бүкілодақтық бүгінгі тақырыпқа жазылған поэмаларды ақын ерте бастайды. Оның басы 34-жылы шыққан "Олқылық" поэмасы болады. Аралықта, 35-жылы "Құтқару" поэмасы, 37-жылы "Екі жаһан" атты үлкен поэма жазылады.


"Олқылық" – ақын өзі бірнеше жыл араласып көрген Қарсақбай өндірісіне арналған поэма. Бұл шығарманың сюжеттік арнасы Қанұлы Бердібай сияқты өндіріске арам ниетпен араласқан жауларды көрсетеді және оларға қарсы шыққан қажырлы, қырағы большевик Жәнібектердің жаулармен алысып, жеңгенін баян етеді. Поэма – саяси-әлеуметтік, үгіттік жағынан жұмысшы коллективін өткір қырағылық сезімге баулимын деген тілекпен жазылған шығарма. Бірақ поэма жазу үлгісіне әлі төселіп жетпеген жазушы өзі алған тақырыбын жаулардың зиянкестік істерін көрсету арқылы баяндайды. 1930 жылдарда көп жас жазушылардың шығармаларында жиі кездесетін кемшілік бұнда да айқын көрінеді. Саясаттық мәні өз уақыты үшін зор болса да, ақындық, көркемдік жағынан схемалық үстірттігі бар. Жаңаны көрсету аз, тек зиянкестік істерді әңгіме арқауы етіп алады. Ірі өндірістің ұлы социалистік құрылыстағы үлкен сапалы, соқталы арнасын поэманың арқауы етіп алмаған. "Олқылық" поэмасы ақынның творчествосындағы үлкен олқылықтың бірі болды.


"Құтқару" поэмасы да тақырып жағынан қарағанда бүкілодақтық совет әдебиетінің қызықты, қымбат санаған, геройлық тақырыбына жазылған. Бірақ поэма челюскиншілерді құтқарудың қаһармандық жорығына арналса да, сюжеттік, композициялық және көркемдік құрылыс жағынан сапалы шығарма бола алмаған. Мұнда ерлердің әлемге әйгілі болған қайраттарын көркем етіп көрсетудің орнына чукоттар жайы, лагерьде жас баланың туу жайы, Каманиннің әңгімесі деген және летчик пен жас қыз арасындағы бұл тақырыпқа қонымсыз махаббат мотиві, қысқасы, қосымша, көлденең, бөгде тақырыпшалар көп орын алып келеді. Нағыз ерлердің өз образдары, іс пенен мінез, әрекеттері де, адамгершілік, советтік қаһармандық бейнелері де айқын танылмай, қағас қалып отырады. Бұл поэмада ақын тақырыбының үлкен арқауын дәл баса алмай, сюжет құра алмай, жайылма, бытыраңқы, бөлшек уақиғаларға поэмасының құрылысын жеңдіріп, әлсіретіп алады.


"Екі жаһан" поэмасында ақынның іздену жолында өндіріп өскендігі алдыңғы поэмалардан сонағұрлым айқын аңғарылады. Бұл шығарма – әрі одақтық, әрі бүкіл дүниелік үлкен тақырыпқа арналған поэма. Дүниежүзіндегі екі сананың тартысы баяндалады. Поэмада әлеуметтік, тарихтық, ой-саналық мінездер терең алынған. Бір сана дүниеге қараңғы, қара түнек, тажал талабын әкеле жатқан, жиренішті фашистер санасы. Тағы бір сана – дүние жүзіндегі барлық азат ойды көксейтін, еңбек нәсілдерінің нұр күні, жарқын жаһан – Ленин бастаған социалистік Отан санасы. Әбділда бақыт пен сордың, жарық пен қараңғылықтың, ақтық пен зұлматтың қалып-тұлғасын екі елді, екі жаһанды сапыстырып көрсету арқылы танытады. Бір заманда Батыс Европада сыншыл ойдың әрі сыншыл, әрі өзі сыршыл жаршысы болған арлы ақын Гейнені қиялмен тірілтіп әкеп, соған бір жағынан, Германиядағы фашистер істеп жатқан қанқор жауыздықтарды танытады. Екінші жағынан, Совет Одағындағы сан елдердің көп буындары шаттықпен, ұлы сеніммен жасап жатқан жаһан жарқын көріністерін, дүниелік табыстарын танытады. Бұл поэма – ақынның ізденіп өсуінде шынымен көрнекті өрнек туғызған, сапалы жемісінің бірі.


Тек шығарма ішінде Гейне бейнесін, сезім, ойларын сипаттауда ақынның олақ соғып отыратын жерлері де жиі байқалады. Поэмаға қиялмен шартты түрде кіргізген Гейнені аса нақтылы етіп, шынымен қасында отырған күнделікті қонақтай етіп жиі ұсына береді. Және әсіресе, орынсыз боп білінетін бір кемшілік – Әбділдә суреттеген Гейне үнемі дәл Гейненің өзіне ұқсай бермейді. Бір жағы әлемге белгілі сыршыл және сонымен қатар аса қырағы өткір көзді, ащы тілді сатирик Гейне, Әбділда поэмасында өзіне ұқсамай қалып отыратын жерлері көп кездеседі.


"Екі жаһан" поэмасы капиталистік өмір мен социалистік өмірді қарама-қарсы қойып, көп шындықтардың бетін ашқан елеулі поэма десек те, кей жерлерінде ойланбай айтыла салатын, өзіне-өзі қайшы келетін қаталықтар да ұшырап отырады. Ақын Гитлерді "құтырған ит", "адам етін жейтін қорқау", "малғұн" деп дұрыс суреттеп отырады да, екінші бір жерінде "осы күні екі адам бар" деп, алдыңғы өз пікіріне өзі қайшы келіп, оқушылардың ой-санасына бекіген Гитлердің жауыздық, сұмырайлық бейнесін жете түсіндіруде олқы соғатын жерлері де бар. Осы тәрізді қаталық басқа адамдардың аттарымен байланысты ұшырап отырады. Бұлар – ақынның өз еңбегіне сын көзімен қарамаған, жауапсыздығынан кеткен қаталықтар.


"Толғау" – қазақтың фольклорында кездесетін кең тынысты, жыраулық сарынымен, ерекше жыр өлшеуімен жазылған поэма. Бұнда неміс тевтондарына ертеде соққы берген, орыс халқының қаһарман қолбасшысы Александр Невский образы мол кейіптеледі. Жырдың кіріспесі мен қорытындысында Отан соғысы кезіндегі барлық бауырлас халықтардың және, әсіресе ұлы орыс халқының баяғыдан бергі батырлық салтын бейнелейді. Халық әдебиетінің салтынша ауызша жыр нақысына түсіп, бүкіл Совет Одағынан аттанған батырлардың жорық салтанатын сипаттайды. Совет батырларының және социалистік Отан халқының жеңімпаз, отаншылдық бейнесін ірі намыскерлікпен, жалынды ызамен қажырланып жырлайды. Барлық Отан ұлдарын әділ ашуға, кек сапарына ширықтыра аттандыратын тасқыны бар шын жалынды сөз шығады. Бұл поэмада ақын отандық көлемі бар аса зор маңызды тақырыпты алады. Александр Невскийді бір ғана орыс халқының Отан қорғаушы ұлдары емес, бүкілодақтық көп ұлттардың майдандағы ұлдарына да үлгілі ер, жақын етіп танытады.


Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазған: "Біз жеңеміз", "Ленинград" атты шығармалар және бұдан бұрынғы жылдарда ақын туғызған "Орыс халқына", "Грузия", "Украина" деген өлеңдер және осымен қатар Шевченконы, Горькийді, Фурмановты атап, арнап жыр еткен шығармалардың барлығы да Әбділда үшін кездейсоқ тақырыптар емес. Ол үшін, совет халықтарының достығы мен бауырлығы тарихта да, сезім-санада да, көркем әдебиетте де және барлық Отанның адал ұлдарына ортақ майданда да үнемі өзінің ардақтылығын, асыл қасиетін танытып отыратын, ең бір қадірлі тақырып болады.


Әбділданың Шевченко шығармаларын көп аударуы, Пушкиннің "Руслан мен Людмиласын", "Капитан қызын" аударуы да осы жаңағы бағыттағы қазына, мұра, ортақ ой-сана майданы мен білек майданы да барлық елдерімізге түгел ортақ деген, кең түсінік, мәдениеттілік санасынан туады.


Әбділданың тағы бір топ поэмасы тарихи тақырыптарға, тарихи аңызға сүйеніп жазылған: "Абыл", "Тарас", "Аққу". Соңғы екі шығармасын драмалық поэма деп атауға болады. Пушкиннің кіші трагедиялары деп аталатын шағын көлемді дастан-драмалары үлгісінде жазылған.


"Абыл" поэмасында тақырып қазақ өмірінен алынған және поэманың геройы қазақтың шын тарихында болған атақты Абыл күйші туралы. Бірақ, осылай болғанмен, бұл поэмада орыс классиктері - Пушкин, Лермонтовтардың романтикалық поэмаларына көп ұқсастық бар. Солар жырлап өткен Кавказ тұтқындарының үлгісіне жақын, өнеге алу, оқып өсу аңғары байқалады. Сонымен қатар белгілі тұтқындар турасындағы мәлім болған сюжеттік құрылыстарға оңай еліктеу де жоқ емес. Түрікпен аулындағы кеш, әңгіме-дүкен құрған жиын қасында қол-аяғы байлаулы тұтқын дәл сондай кеште шеркес аулында мойнына арқан тағылған офицер тұтқын, Пушкин тұтқынын еске түсіреді. Тек мұндағы тұтқын Абыл – үлкен өнер иесі, атақты күйші. Пушкин поэмасында ерте күндегі халықтар жаулығының қатал өткелінен тұтқынды құтқарып, азаттыққа шығаратын - мәңгі қасиетті сезім махаббат болса, Әбділда поэмасында сол дәрежелес, бар халықтарға бұл да сондай қасиетті күй өнері болады.


"Абыл" поэмасы – Әбділда жазған поэмалар ішінде анық романтикалық және құр сарындамашылық үлгісінде жазылмаған, оптимистік жарқын сезімді, әсем сырлы көркем поэма.


Осы алуандас романтикалық және ішкі сезімдерге көп көңіл бөлініп жазылған мағыналы, ойлы драма-дастан "Тарас" болады. "Аққу" атты драмалық дастан да ақынның сырлы, күйлі етіп шығармақ болған қысқа шығармаларының бірі. Бұл поэмадағы адамдардың тартыстары мен тағдырлары аңыз дәрежесіндегі болмысқа, шындыққа сай суреттелгенмен, жазушы шын мәніндегі реализмге жетерлік терең өрісіне бара алмай қалған. Хан образы жеткілікті дәрежеде батыл сыналып, жиренішті жауыздықпен және шығыста болған тираниямен суреттелмейді. Қатал хан өзінің тоқалы Аққу үшін кек алушы ғана болып кейіптеледі. Ол істеген жауыздық, өмірлік салттық жағынан белгілі дәрежеде оны ақтауға болатындай халдерге, тартыстарға сайып отырады. Бұл жай осы шығарманың идеялық, стильдік жағынан жетер өрісіне, революциялық романтика өрісіне толық жетпей, кемістік соққанын көрсетеді.


Идеялық мағына жағынан және көркемдік маңыз жағынан жалпы сапасы әлсіз шыққан Әбділда поэмаларының бір тобы ертегілі аңыздар мотивіне құрылған: "Кілемшілер туралы ертегі", "Толағай", "Мерген" атты поэмалары. Бұл үш поэманың бәрінде де Әбділда халық әңгімесін революция ақыны болып қайта қорытып, қоғамдық, көркемдік сапасын ірі дәрежеге: құнды, ойлы шығарма дәрежесіне көтере алмаған. Романтикалық сюжеті бар поэмалар туғызу жолында бұл шығармалар ақынның ілгері дамып, өрлеуін дәлелдей алмайды. Қайта, өсу жолындағы жетіспеген олқылықты, қайшылықты аңғартады. Шынында, халық аузында жүрген қысқа аңыздарды өз қалпында, өлеңмен шала сырлап, терең ойсыз құр ғана әңгімелеп беру социалистік реализм стилінен жаңылу болады. Революциялық романтика бағытында жазып келген ақынның бұрынғы өсу, өрлеу кезеңдерінен кейіндеп, кем соққанын байқатады. Бұл поэмаларда терең сырлы сезім де, адамды қоғамдық психологияға ие етіп мінездеу де жоқ. Табиғат көрінісі, тартыс, түйін құбылыстар да жай ғана сәл күйге қалыптанғандықтан, поэмалардың өлеңдік шеберлігі де аса көрнекті көркемдікке жете алмайды. Көбінше бұрынғы ауызша поэзияда көп кездесетін қисса алуандас, натуралдық стилі басым әңгіме, жеңіл поэмалар күйінде ғана қалады. Осы поэмалар тұсында көрінген тақырыптық, сюжеттік және қоғамдық идея жағынан қарағанда айқын сезілетін кемшіліктер Әбділданың ескі тақырыпқа жазған бірнеше көлемді пьесаларынан да айқын байқалады.


Ежелден бергі барлық елдер фольклоры мен ескілікті әдебиеттерінде үнемі жүретін, жақсылық пен жауыздықтың алысуын қиял тудырған жезтырнақтардай сұмырай тұлғамен сипаттау, ғажайып халдер мен құбылыстар арқылы ертегілік тартысты дамыту Әбділда мен Рошаль жазған "Жомарттың кілемі" деген пьесада көрінеді. Пьеса оқиғалық жағынан қызықты тартыс құбылыстарға құрылғанмен, жалпы ой-санасы жағынан үлкен өнімді маңызы бар, көркем шығарма бола алмаған. Және фольклор көлемінде болатын, ертегілік стиліндегі заңдылықты бұзған қонымсыз жайлар да көп. Халық әңгімелерінде бұрынғы заман шындығына сәйкес, қорлықпен тұтқын азапта болған әйелді ер, герой құтқару орынды болушы еді. Бұнда жақсы қыз бен жауыз қыздың арасындағы тартыстың себепшісі, олжасы боп жігіт Жомарт жүреді. Қазақ фольклорының материалына сәйкес жазылса, пьесада жезтырнақтар тек әйел болса керек еді. Ал, пьесада жезтырнақтардың ең жәдігөйі, сұрқия залымы еркек. Аяз қалпында әрекет етеді. Бұл жайдың өрескелдігі даусыз. Халық қиялы еркектегі, әйелдегі жаманшылық, зұлымдық мінездерге өзінше, ертегілік шартты тұлға, маска береді. Жезтырнақ осы жағынан қарағанда тек әйелден шығады. Көбінесе сылдыраған келіншек кескінінде суреттеледі. Оны еркек етіп бейнелеу орыс фольклорындағы ведьманы ақсақал етіп ауыстырумен барабар, үлкен орынсыз өрескел іс болады. Сүйтіп, фольклор тақырыбына баруда әрі фольклордың өз ерекшеліктерін жете ұғынбай бұзып алып, әрі совет жазушысы идеялық, қоғамдық жағынан өзінің совет әдебиетіндегі айқын бағытынан жаңсақ басады.


"Көтерілген күмбез" атты ескі аңыз негізіне құрылған пьесада жазушы бұрын "Аққу" атты дастан-драмада бір рет суреттеп өткен тақырыбын кеңейтіп алып, қайтадан күйлеп көреді. Бұнда хан жауыздығы шеттен келген басқыншылық варварлық-зұлымдық түрінде кеңірек алынған. Сәулет өнерінің асқан шебері Пәрман зор арманды, бірақ трагедиялық тағдыры бар, ірі суретші есебінде романтикалық стильмен бейнеленген. Бірақ пьесаның идеясында "искусство — искусство үшін" дегендей кемшілік бар. Монғол ханы ен өлкені қанға тоғытып, қара түнек орнатып жатқан заманда Пәрман сол хан мекен еткен орында өрен сәулетті ғимарат салуды өзіне мүдде, мақсат етіп қойып, сол жолында өзінің де, сүйгенінің де қанды қазасына жетеді. Бұл пьесада осындай қоғамдық көркемдік, идеялық санасы айқын, ашық социалистік реализм арнасында болмағандықтан, үлкен даулы ойлар туғызады.


1946 жылы 26 августа БК(б)П Орталық Комитетінің "Драмалық театрлардың репертуары және оларды жақсарту шаралары туралы" деген қаулысында Әбділданың "Біз де қазақпыз" деген пьесасын қатты сынады. Пьеса үлкен саяси идеялық қатасы бар шығарма болып танылды. Бұл пьесада Әбділданың ескі тақырыпқа жазылған алдыңғы пьесаларының идеялық, қоғамдық және стильдік жағынан байқалып жүрген кемшілік, қаталықтары келіп, ірі саяси қаталыққа әкеліп соқты. "Біз де қазақпыз" пьесасында Әбділда батыстың Ибсен, Метерлинк сияқты декадент, кертартпа символизм стилімен жазған буржуазиялық бағыттағы жазушыларының ізіне түсіп кетті. Сынсыз еліктеуді жол етіп, реалистік үлгіден жаңылды. Олардың шығармаларының сыртқы құрылысына, ішкі мистикалық нанымына, байшылық, дарашылдық санасына сәйкес келетін, революцияға жат, қарсы әдістерді Әбділда өз шығармасында мол түрде үлгі, өрнек етіп алды. Қоғам мен адам өмірін буржуазиялық символистер кертартпа нанымдары, тұманды, бұлдыр әдістері бойынша өте шартты түрде, үстірт әсірелеп алады. Олардың адамы нақтылы жеке, шын тірі, бейнелі адам емес, тек нобаймен нұсқалап қана алынған сыңаржақ, күдікті адам болатын. Сондықтан олардың ісі де, тартыс талабы да белгілі, тарихта, қоғамдық ортаға, арнаулы мезгілге байланыспайтын. Әбділда пьесасында да дәл солар үлгісінде, геройдың аты "қазақ" аталып, тағы бір геройлар – Балғашы, Балталы, "Балалы әйел", "Ауру әйел", "Ауру еркек" деген сияқты бұлдыр болады. Кім екені белгісіз геройлардың мәлімсіз, тұманды бір жол кешкен, ұғымсыз жұмбақты арман қуып жүргені суреттеледі. Өте шартты, күңгірт түрдегі тартыстарға түскен адамдар өмірден, тарихтан жырақ бір кейіптер болып шығады. Пьесаның барлық саясаттық, идеялық қаталықтары жазушының іздену жолында өзінің социалистік реализм әдісін тастап, жалпы советтік әдебиет бағытына қарсы келетін бөтен жазушылардың үлгісіне қаталық түрде еліктеуінен туған. "Біз де қазақпыз" пьесасында бірнеше қазақтар күн іздесе, оларға екінші бір қазақ күн әкеледі. Мұндағы көрсетілетін қараңғылық, ауыр хал – патшалық, феодалдық ескі өмірдің бейнесі де, күн – социалистік Ұлы Октябрь революциясының бейнесі десек, жазушы Октябрь революциясына қатысушы кейбір қазақтардың рөлін суреттемек болады. Бірақ оны өз шындығына дұрыс шеше алмай, ұлтшылдыққа апарып соғатын саяси қате жібереді. Өйткені қазақты ауыр азаптан құтқарған да, оларға бостандық, теңдік әперіп, күн әкелген де – социалистік Ұлы Октябрь революциясы, Ленин бастаған Коммунист партиясы. Жазушы пьесасында бұл жағдайларды ұмытып, буржуазиялық декадент, кертартпа символистердің жолына түсіп, БК(б)П Орталық Комитетінің қаулысында көрсетілген саяси қатаға ұшыраған.


Әбділда осы тексерілген ескі тақырыпқа жазылған соңғы шығармаларында жасаған қаталықтарын қазір тереңдеп ұғынып, енді күрделі, көркем шығармаларымен сол қаталықтарын түзеу жолында еңбек етіп жүр.


Драмалық шығармалармен қатар, Әбділда өзінің ең негізгі өнімді және бұл күнге шейін, жиырма шақты жыл бойына жазып келген поэзия жанрында да жаңа сана көрсетуі керек. Енді Отанымыздың бүгінгі, нақтылы үлкен құрылыстары туралы шынайы, үлкен көркем, әрі терең ойлы, әрі саясаттық, идеялық жағынан жұртшылығымызға социалистік сананы зор қадірмен таныта білетін үлкен поэмалар беруге талпыну қажет.




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар