Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы)...

26.03.2018 4454

Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы)

Мұхтар Мағауин. Ілияс аға Есенберлин (жалғасы) - adebiportal.kz

Көрнекті жазушы Мұхтар Мағауиннің "Ілияс аға Есенберлин" атты көлемді эссесінен үзінді жариялау өз жалғасын табуда.

19

Аманжол Шамкеновтың баспадан кетуіне орай өкінішті бір жағдай – орыстың «Из огня да в полынью» – «Оттан шығып, суға түсті» деген мәтеліндей, дүние мүлде бүлінді. 1969 жылдың соңғы айында бас редактор болып, құбатөбел ақын Есет Әукебаев келген. Бұл бір ғаламат адам еді. Не құдайдан қорықпайтын, не адамнан именбейтін. Ұят-аят атымен жоқ. КГБ-ның кадрлық офицері. Жиһан соғысы кезінде сыртта, бірақ Моңғолия шегінен шықпаған, саяси жетекші ретіндегі тыңшы, әрі тергеуші. 1956 жылы әскерден босаған кезінде капитан екен, енді, елу жылдан астам «бейбіт» қызметтен соң, сексеннен асып өлер шағында полковник дәрежесіне дейін көтеріліпті. Баспаға келген кезінде жайлап бастап, ақыры аз-кем емес, тура он бес жыл бойы дүйім қазақ әдебиетін жойдасыз террор астында ұстады. Жолын кескені, бөгегені, қусырғаны өз алдына, жарыққа шыққанының өзін орта жолдан қисынсыз тежеп, жекелеген беттерін жұлғызған, немесе тұтқынға түсіріп, біржола құрдымға жіберген кітаптарында қисап жоқ, нәтижесінде әрқилы ауруға ұшыратқан, кейбірінің мезгілсіз ажалына себепкер болған қаламгер және бірталай. Біздің қазақ зиялыларының дәрменсіздігі сондай, осы он бес жыл бойы ешкім көлденең тұра алмады, өзінің алты кітабын қатарынан, тоқтаусыз шығарып берген Есенберлинді ағаш атқа теріс мінгізіп, қаншама жалалы, жалған кеп ойлап тапқан Қадыр Мырзалиевтің өзі Әукебаевтың алдында құрдай жорғалап, жағынып-жалпайып, оның әлдебір шалағай жыр жинағына мадақты алғысөз жазып еді. Қадырдан басқа пұшаймандар саны біреу-екеу емес, он, жиырмалап есептелсе керек. Сырттай момақан, іші дүлей, бар зұлымдығын күліп отырып жасайтын ғажайып монстр туралы арнайы естелік мақала жазу қажет сияқты, әзірше осымен тоқтайын.

Әукебаевты баспаға Имашев әкелген жоқ деп білем. КГБ арнайы ұсынған, идеологиялық хатшы қуана келіскен. Шынында да, Ілияс Есенберлин отырған «Жазушы» баспасы ұлттың рухани, жаңа бір ұйытқысына айнала бастаған еді. Қазақтың өткен замандағы сөз қазынасы қайта көтерілді. Бұрнағы тарих төтесінен жаңғырып жатыр. Алда – жаңа тарихи романдар, ескілікті заманда қалыптанған әдеби мұра мен ол туралы сүбелі зерттеулер. Баспа қызметкерлері көбіне-көп белгісізден көтерілген жастар. Негізгі авторлары да жаппай жаңарған, кейінгі балалардың үлес салмағы басым. Ал Есенберлиннің өзі Қазақстанның Россияға ерікті қосылуына қарсы күрескен қарақшы Кенесары туралы романнан соң мүлде күшейіп, тежеусіз бара жатыр. Өзіне де, алдағы атқармақ барлық шаруасына да тоқтау салу шарт еді. КГБ-ның әккі қызметкері, кәдімгідей ақын санатындағы Әукебаевтың мойнына артылған міндет – қыруар, өзінің тілеп алған ықылас, талабы да орасан. Соған орай тірегі мықты, қайтсе де жығылмақ емес. Төтенше жұмысына кірісіп кетті.

Баспагерлік қызметі ортақ, әрі тым жақын отырған мен Есет Әукебаевтың сұмдық жағдайын бірден аңдадым. Ашып айтайын, қаршадай бала кезімнен-ақ қу мен сұмның елесін жұрттан бұрын және қапысыз танитын едім. Ал бұл ретте тіпті оңай шалынды. Жылтыраған түрі, күле сөйлеген кейпі, екіжүзді, жалған мәймөңкесі, кәдімгі, жалтақ көзқарасы мен бейкүнә қимыл-қозғалысына дейін – андағайлап тұр, ешқандай күмән қалдырмаған. Соған орай сенімді іс-әрекеті де айрықша белсенді. Өзгесін қойғанда, «Жазушы» баспасын партиялық тұрғыда идеялық тазарту жұмысын тұпа-тура менен бастамақ екен.

«Қобыз сарыны» менің өзім баспаға жеткеннен соң, шамасы екі жарым ай өтпей өндіріске тапсырылды, ақыры 1968 жылдың қаңтарында жарыққа шықты дедім. Кітап қалыптанбай тұрып, жарияға өткен мақалаларым мен ілкідегі диссертациям баспасөз бетінде мадақталып жатқан. Енді толық көлемінде көпшілік алдына тартылғаннан соң, үлкен мәртебеге жеттім. Академик Әлкей Марғұлан арнайы талдау мақала жазып, жоғары баға берді. Осы «Қазақ әдебиетінің» бетінде бұрнада Қалижан Бекхожин көтермелеп, енді Ғабдол Сланов әспеттеп сөйледі, тағы бір мерзімдік баспасөзде Рахманқұл Бердібаев, Бүркіт Ысқақов, ең аяғы, жаңа бастаған жас сыншы Сағат Әшімбаевқа дейін мадақтап жатты. «Қобыз сарынына» жалғас, келесі 1969 жылы «Ақша қар» деп аталған алғашқы прозалық жинағым шықты – «Тазының өлімі» хикаяты және бұдан бұрынғы һәм кейінгі оншақты әңгіме. Бұл кезде «Қобыз сарыны» орыс тіліне аударылып біткен. Жолма-жол қотармасын қазақ қана емес, орыс және түрік тілдерінің білгірі, тұзы жеңіл, бірақ дарынды Азат Сүлеев қалыптап еді, осы негіздегі көркем тәржімасын менің қатарлас әріптесім Павел Косенко жүзеге асырған.

Шамкеновтың тұсында үлгермеппіз, енді редакциялық барлық жұмысы тәмамдалған, сыртқы сурет, ішкі рәсімдеріне дейін түгел әзір қолжазба Есет Әукебаевтың алдына тартылды. Жаңа айтқанымдай, бар жағынан мадақталған, аса жоғары бағаланған кітап, екі тарабы бірдей – авторы ғана емес, аудармашысы да бас редакцияның шешуші қызметкерлері, дәрежесі бір саты төмен болса да, ең жақын саналуға тиіс, жауапты басшылар. Енді қараңыз. Есет Әукебаев «Кобыз и копье» деген атпен баспаның жылдық жоспарында тұрған аударма кітапты тура үш ай бауырына басып отырды. Мен әуелде, қайтер екен деп, қызық көріп едім. Әукебаев бастаған «мысық пен тышқан» ойынындағы жетекші – менің өзім деп білдім. Есет ағам жұмыс бабымен беттесе қалған жағдайда, маған еркелете, күліп қарайды. КГБ-дағы ұзақ жылдық қызметте қалыптасқан жұмыс машығы екенін бірден аңдадым. Мен де күлем. Жорта емес, шынымен. Қайткен күнде де мен – психолог қаламгермін, өзгеше эксперимент еді.

Ақыры, бір жолы ашып, қарап отырған үстінен түстім, – қолжазбамның екінші, қосалқы данасы, – оңды-солды сызық пен шимай, сұрақ пен лепке толы, көк-ала, қызыл-ала тулаққа айналыпты. Өзі ғана оқымаған, біраз жерге апарып, көрсетіп, тексертіп алған сияқты. Енді күмәнді қолжазбаны тезінен жинамай, керісінше, мен анықтап көрсін дегендей, тағы бірнеше бетті аударыстап қарады. «Оқыңыз, оқыңыз, – дедім мысқылдап. – Қазақшасынан айырымы жоқ. Бірақ ол – өтіп, таралып кеткен кітап. Аяқ астынан жаңа бірдеңе таба қалсаңыз, өзіме көрсетерсіз...» Әукебаев, ыржиған езуі жиылып, күлмеңдеген көзі шыныға айналып, бетінің қанын ішіне тартып, сұрлана қалды. Мен жұмыс бабындағы қажетті шаруамды айттым да, шығып кеттім.

Бірақ бұл көріністен соң мейлінше ширыққан едім. Қайтер екенмен қаншама апта, айлар өтіпті. Міне, тура үш айдан асып барады. Тағы үш күн тосып, ешқандай өзгеріс, жаңалық болмаған соң, арнап бардым. Нақты, әрі қатаң сөйлескен едім. Өтініш емес, талап. Ақыр аяғында: «Егер екі орынбасарыңызбен қатарынан айқасқыңыз келсе, байқап көріңіз! – дедім. – Мен директорды араға салмаймын!..» Әукебаев өңі қашып тұрса да, ыржиып күлгендей болды. Енді мен шынымен күліп едім. Ыза, әрі мазақ. Сол беті шығып кеттім. Әукебаевпен қайыра хабарласпадым. Жұмыстың ыңғайы келіп тұрса да. Қасақана.

Екі күннен соң әлдебір шаруамен өндіріс бөлімінің бастығы Вальчук кіріп шығып еді, сөз арасында: - Мухтар Муханович, кітабыңызды техникалық редакторға тапсырдым, осы бір апта ішінде типографияға өткіземіз, - дегені. Сөйтіп, әуелгі тұнжыр тартыс біздің пайдамызға шешілді. Бар жағдайды серіктесім Павел Косенкоға мәлімдегенде, терең тыныс алып, басын шайқап еді. Айтар сөз жоқ. Бұл кезде ХV–ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясының антологиясы «Алдаспан», біршама мол, әрі бедерлі, көркем суреттері бөгеліп барып, ақырында өндіріске тапсырылған. Терімге бұрнағы бас редактор Аманжол Шамкенов қол қойып кетіп еді. Мен Әукебаевтың кім екенін кәміл аңдасам да, бұл тарапта ешқандай қатер күтпедім.

Әукебаев ғайыптан түскеннен соң, арада отыз-қырық күн өткенде, Ілекеңмен арамызда ашық әңгіме болған. Кабинетте емес, әлде Госкомиздатқа, әлде Ілекеңнің өзінің үйіне қарай, жаяулап бара жатқанда, өзіміздің әдепкі әңгімемізден ауытқып. «Мынау бас редактор – бізді құрту үшін жіберілген жендет! – дедім. – Білесіз, үш қаріп. Аяусыз, қатаң күрес керек...» Ілекең маған жалт етіп бір қарады да, үнсіз қалды. «Не айтасың, қандай амалың бар?», - дегендей. «Сіз жоғарыда, мен орта жолда, Әукебаев кім болса да, аралықта қалады. Косенко бізге қосылмаса да, бейтарап тұруға тиіс. Редакция басшыларының бәрі өзіміздің кісілер. Әукебаев тыпыр ете алмайды. Керек болса, кезекті кітабын да шығара алмайды. Мен қол қоймаймын, сіз бекітпейсіз. Артында кім тұрса да қия бастырмаймыз. Көп ұзамай-ақ көндігеді, немесе бас сауғалап өзі кетуге мәжбүр болады». Сөзімнің екінші жарымы – долбар еді, оны өзім де білем, бірақ қандай да қарсы күрес қажеті күмәнсіз. «Артын күтейік...» – деді Ілекең менің бар лепесімді жалғыз ауыз сөзбен түйіндеп. Алдағы уақытта бұл әңгімеге қайтып оралмадық. Сонымен қалды.

Таудан, тастан қайтпаған жаужүрек Жеке-батыр Ілияс Есенберлин КГБ-ның әлдебір сүмелек тыңшысынан қорықты демейін, тікелей, тұпа-тура, қатқыл күрес ашудан тайқыды. Адам өзінің болашақ ажалымен алғаш беттескенде, ешқандай қатер төніп тұрмаса да, өз-өзінен құты қашып, тітіренеді деген бар. Сол сияқты, Ілекең де құпия сұмдықты іштей түйсініп, ешқандай амал таппады ма. Қайткенде де шығармашылық және әдепкі өміріндегі ең үлкен, өлесі қателігі болды деп ойлаймын. Тәрізі, әуелде, «қоянның түрін көріп, қалжасынан түңіл» дегендей, Әукебаевтың жылмиған, жасқаншақ қалыбы, жылтыраған көлгірсі бетіне, жан адамға ашық қарсы келмейтін, күлегеш мінезіне қарап, арқадан қанжар ұруға мүмкін қортықты өркеуде батырдың елемейтіні сияқты, алысуға жарайтын адам қатарлы санамаса керек. Әлде өзінің зор абыройы мен отырған орнына қарап, не ақындық атағы жоқ, не білім, парасаты жоқ бұралқымен тіл табысып кетеміз деп шамалады ма. Қай тарапта, қандай тұрғыда болса да, есеп атаулының бәрі қате, бәрі де өнімсіз еді.

Әукебаевтың күші – арттағы, Есенберлинге қайшы жеке адамдар өз алдына, бүткіл зұлымдық империясын қақпақыл ойнап отырған құдіретті мекемеде жатқан. Һәм өзін дәп осы жұмысқа бекіткен партиялық басшылықта. Және өзінің осы ерекше құрылымдардың табиғатына үйлес, тоғыз қабат қыртыстың астында жасырынған ішкі, өзгеше пайымы мен туа біткен лаңкес, бұзақы, арсыз мінезінде. Кейінірек, әлдеқалай айтқаным бар еді: «бұл сырты жұпыны Әукебаев – бұрынғы-соңғы әлем әдебиетінде Шекспир мен Бальзак қана толық кейіптей алатын ғаламат тұлға», - деп. Тәрізі, осы естелік жазбалар қорамында, шама-шарқымызша, арнайы сөз ету қажет болар. Өйткені, қайталап айтайық, бұл, кезінде ешкім тереңіне жетпеген, кейін де ешкім байыбын таппаған және қатерін толық аңдамаған өзгеше кейіпкер, шын мәнісінде, біршама кеңшілік кезең, барлық республикада аспаннан шұға жауып жатқан заман – 1970-1984 – тура он бес жыл бойы бүткіл қазақ әдебиетін лаңкес террор астында ұстады.

Осы ұзақ он бес жыл ішінде «Жазушы» баспасының бұлт етпе, жылт етпе, қайткенде де қапысын табатын сұғанақ, рақымсыз бас редакторына қарсы екі кісі ғана қажырлы күрес жүргізіпті – Ілияс Есенберлин және Мұхтар Мағауин. Мен өзімнің төл шығармаларымды жаңадан ашылған «Жалын» баспасына көшіргем. Мұнда менің ескілікті, ежеттес досым Қалдарбек Найманбаев отыр. Ал Ата-Қазақтың ежелгі мұрасы – амал жоқ, «Жазушы», яғни Әукебаев арқылы ғана өтуге тиіс еді. Яғни, менің күресім – өзімнің жарым рухымды ғана қамтыды, тынымсыз талай жылға созылғанымен, орайына қарай, әрқилы жағдайда, үздік-создық жүргізілді. Ал Ілекеңнің басқа барар жері жоқ. Өзі баспадан ығыстырылған соң, 1972 жылдан тартып, тура он үш жыл бойы, аса қолайсыз жағдайда аса ауыр, үздіксіз, жанкешті күрес атқаруға мәжбүр болды. Әукебаев ұштығында тұрған, қараңғы қалың қолдың темір құрсауын бұзып шығу үшін. Ақыры немен тынғаны белгілі. Бұзды, жарды, қиян-кескі ұрыста сансыз жарақат алды, өне бойын қан басып, бар дәрменінен айрылып, шәйіт болды. Қайран Ілекем!..

20

Әзірше Ілияс Есенберлин үшін үлкен қатердің елесі анық көрінбеген. 1970 жылдың алғашқы он айы біршама тыныштықпен өтті. «Қаһар» жер-дүниені дабылдатып жатыр. Ілекең келесі кітабы – Қазақ хандығының тарихына арналған «Алмас қылыш» романын қамдап жүр. Менің осы дүбірлі кезеңдегі ұлттық әдебиетті негіздеген монографиямның орысша аудармасы, Әукебаев қаншама жаныққанмен, су жұқтырмай өтіп, сол қалпында басылып шықты. Айрықша бедерлі, тарихи танымды суреттері біткенше әжептәуір аял жасаған «Алдаспан» енді тоқтаусыз жылжып барады. Бірінші терім. Көп ұзамай екінші терім. Бұл соңғы табақтарға, рәсім бойынша, бас редакцияның бекітімі керек еді, өзімді өзім қостай алмаймын, Әукебаев бөгеліссіз қол қойды. Тәубасына түскен екен деп ойладым. Жоқ. Бұрын болмаған сұмдыққа бел буыпты. Әзірше жібере тұрған. Енді алдын тосып отыр. Кейіннен анықталғандай, күнілгері бар пәлесін дайындап, жіпке емес, темір істікке тізіп қойған екен. Әлбетте, жалғыз өзінің білігі ғана емес, көлденеңнен қаншама көмекші тауып. Және алда үлкен, жаппай аңшылық болатынын қажетті жерлерге хабарлап отырған сияқты. Біз бұл жағдайдан мүлде бейхабармыз.

Ақыры, міне алақай, ақ түйенің қарны жарылған қуаныш – Қазақ хандығығының заманы, ХV–ХVІІІ ғасырларда жасалған ұлы поэзия – Қазтуған мен Шалкиізден басталып, Доспамбет, Марғасқамен жалғасып, Бұқар жырау, Шал ақындармен тәмамдалатын ұлы әдебиеттің бірегей антологиясы «Алдаспан» жарыққа жетті! Жаңа кітаптың бар тиражын басып шығарып, жалпыға таратуға рұқсат ететін ең соңғы, рәсімді, міндетті қол – тағы да Әукебаевтың еншісіне бұйырған. Арада екі-үш күн өтпей, «Алдаспанның» авторлық, әуелгі он данасы қолыма тиді. Болды, бітті. Өттік, кеттік. Жоқ, бітпепті, жарым жолға да жетпеппіз. Өтпедік. Келесі аптада бүткіл Орталық Партия Комитетін жаңғырықтырып, суық ызбары мен таудай толқыны «Жазушы» баспасына келіп жеткен айқай-сүрен басталды. Беталысы өте қатты. Талқы емес, айып. Айып та емес, үкім. Ақыры анық болғанымен, қимылсыз қалу мүмкін емес еді.

Әлдебір ескілікті антология, жеке бір кісілерге ғана қарсы емес, өткен неше ғасыр бойғы Қазақ руханиятын теріске шығару мақсатындағы кең көлемді партиялық-саяси науқан турасында ғұмырбаяндық «Мен» атты дилогиямда (1986-1988) кеңінен қамтып, бажайлап жазған едім. Қайталап жатсақ, тым ұзаққа кетеміз. Әйткенмен, Ілекең туралы естелік хикаятымыз осы бір тұста толымсыз қалмауы үшін, өткендегі жария мағлұматтардың кейбірін қысқаша мазмұндауға тура келеді.

Бұл кезде біз ЦеКа-ға үсті-үстіне, ақталған, қарсы дау айтқан ресми қатынастарды тоғытып жаттық. Әуелгі анықтама қағаздар Үгіт-насихат бөлімінің сектор меңгерушісі Сапар Байжановтың атына, одан соң, тоқтау болмай, іс мүлде ушыққан кезде идеология секретары Саттар Имашевтың өз атына жолданды. Жазатын мен – құрастырушы автор әрі баспаның бас редакторының орынбасары, қол қоятын – баспа директоры Ілияс Есенберлин, кейбір қажеттілерін менің көмегіммен орысша қалыпқа түсіретін – орыс әдебиеті жөніндегі орынбасар, білгір қаламгер, ресми қағаз атаулының шебері Павел Косенко.

Біз қанша тыпырлағанмен, дақпырт ұлғая берді. Енді, сол кезде Орталық Комитетке жаңа ғана келген, кейін «Тұйық өмірдің құпиясы» атты (Алматы, 1992), заманалық деректерге толы, әдемі де ащы, шынайы әрі толғамды кітап жазған Бекежан Тілегеновтың естеліктеріне үңілейік, «Алдаспан» оқиғасына тікелей қатысты деректермен ғана шектелеміз. «Тұйық өмірдің құпиясы» былай дейді:

«Жалпы идеологияны басқаратын мекемелердің бәріне ортақ бір қасиет – қырағылық, сезіктенушілік болатын. Осы қасиеттен біздер де құралақан емес едік... Тіпті осындай қауіпті «қастандықтарды» аңдып-бағып отырған цензорлар мен литоның өзімен жарысып, асып түсетін кезіміз болатын.

Совет өкіметіне, заңды үкіметке қарсы ашық, астыртын пікір айтылмаса да көңіліміз толмаған, идеологиялық догманың талабына шақ келмеген, үйреншікті ұрандарға жауап бере алмаған шығармаларды дереу «тұтқынға алып», «абақтыға» қамайтын правомыз болды. Сол правоны мейлінше толық пайдаландық-ау деймін. Қанша кітаптарға қиянат жасадық, қанша жазушылардың сорын қайнатып, жігерін құм еттік.

Партократияның қатаң тәртіп орнату жолындағы шабуылы, идеология саласында жаңа міндет жүктеу әрекеті ең алдымен әдебиет пен өнерде қалыптасқан дәстүрді, ғасырлар бойы жиналған асыл қазына – халық мұрасын талқандаудан басталатын. Партиялық жетекшілеріміз, идеологиялық басшыларымыз, өз халқының дәстүрін, әдебиет пен өнердің көне үлгілерін талқандауда үлкен еңбек сіңірді. Әрине, біз қазір ескі қазынамыз халқымызға қайта оралды деп қуанып жатырмыз, бірақ сол қазынаға қанша қастандық жасалып, қаншасы жойылып кетті деп сұрап жатқан ешкім жоқ. Мәдениеттің қасірет шегіп, қаншама жарқыраған асыл қырлары мұқалып, құрып кеткенін ескермейміз.

Осындай күйге ұшыраған кітаптардың бірі – «Алдаспан» жинағы еді. Осы кезде әдебиетіміздің тынысын кеңейтіп, шеңберін ұлғайтып, жасын ұзартқан жаңа еңбектерімен, жаңа көзқарасымен әдебиетке батыл келген Мұхтар Мағауиннің бұл жинағы – әдебиетімізде елеулі құбылыс болды. Бірақ жұрт ризашылықпен жылы қабылдағанмен, біз алақайлап, бәрекелді деп шаттана қойғанымыз жоқ. Тағы бір астыртын бүлік шыққандай көрдік. Бөлім бастығы (яғни, Мәдениет бөлімінің жетекшісі Михаил Есенәлиев, – М.М.) тағы да әдебиет секторының қызметкерлерін жинап алды. Менің бөлімге жаңа келген кезім болатын. Баспадан шығып жатқан кітаптардың әрқайсысынан екі дана міндетті түрде Орталық Комитетке жіберілетін заңды салт бар еді, сол дәстүрмен күн бұрын түскен екі кітаптың бірі алдымызда жатты. Бөлім меңгерушісі мен сектор бастығы (Әбілмәжін Жұмабаев, – М.М.) өздері оқып шықты ма, жоқ әлде бізге жиі келіп, ақыл-кеңес беріп, жаңалықтарды жеткізіп тұратын жақсы таныстарымыз хабарлады ма, әйтеуір «Алдаспан» туралы шағын әңгімеміз жайсыз өтті. Жинақта идеялық, саяси қате көп екені, бұл кітапты мына түрінде шығаруға болмайтыны айтылды.»

«Ақыры, «Алдаспанды» жазалайтын болдық, – деп жазады, осы оқиғалардың бәріне тікелей куәгер Бекежан Тілегенов бұдан әрі. – Идеологиялық екі бөлімнің атынан жинақтың зиянды, қауіпті түстары көрсетіліп, басшыларға анықтама қағаз жазылды.» («Тұйық өмірдің құпиясы», 189, 192, 202-беттер.) Бұдан соң айыптау үкімінің толық мәтінін келтіріпті (202–205-беттер). Ең соңында: «Бұл мәселені Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросында талқылау керек деп санаймыз» деп жазылды... Мәлімдеме қағаз жоғарғы қабаттағы бастықтарға жөнелтілді. Олар да қолдарын қойды, сөйтіп, жинақтың тағдыры шешілді» (205-бет).

Яғни, осы үкім және қорытынды түйін бойынша, мұндай ұлтшыл басбұзар қылмысқа айрықша мән беріліп, кең көлемде, ең жоғарғы деңгейде қаралып, жазықтылар тиесілі жазаға тартылуға тиіс. Алайда, тәрізі, мұндай, Москваға дейін жетуге мүмкін, кіді мәселені соншама дабырлатып қажеті жоқ деп, Қонаевтың өзі тоқтау салған сияқты. Имашев пен Есенәлиев қаншама тыпырласа да, айқай-аттан бюроға жетпейді. Енді «Алдаспанның» тағдырын шешу, – тағдыры шешіліп қойған, – кітапқа қатысты нақты шаралар мен оны шығарған адамдарды айыпқа тарту жөні Госкомиздатта отырған Мұқаметқали Сужиковқа тапсырылады. Осыған орай, баспакомның кеңейтілген коллегиясы шақырылған.

Ресми адамдар ғана қатысқан, әдепкідей орыс тілінде өткен қаһарлы коллегияда мен «Алдаспан» деген кітаптың мән-мағнасы, онда ешқандай саяси немесе ұлттық қате жоқтығы туралы баяндама-ақпар жасадым. Бұдан соң бір сағатқа жуық айыптау актісін Баспаком бас редакторы Мұқан Мамажанов партиялық қуатпен, идеялық турашыл бағытта келістіріп оқып шықты. Бұдан соң аралас шайқас басталып кетті: мен айыптау актісіне тарау-тарау, бап, тармағымен жеке-жеке жауап қайырдым, тағы біреулер сөйледі, Есенберлин жауап берді, тағы біреулер ышқынып жатты, мен қайыра анықтама бердім, одан соң тағы төмпештесіп кетті, қайткенде де Ілекең екеуіміз қорғаныс емес, қарсы шабуыл ұрысын өте байыпты жүргіздік.

Түскі сағат екіден кешкі сағат жетіге дейін созылған қиян-кескі ұрыста кісі өлген жоқ, кітап өлді – «Алдаспан» идеялық тұрғыдан зиянды жинақ деп табылды. Империялық күштер мұратына жеткендей, бірақ біз де біржола тапталып, қаусап жеңілмеген сияқтымыз. Бюроға кетпеген соң-ақ белгілі болған, Есенберлин орнынан түскен жоқ, жай ғана сөгіс алды. Баспаға кейінірек келген, бейнетін көрмесе де, игілігін көруге тиіс антологияға қол қойған поэзия бөлімінің бастығы Қадыр Мырзалиев ол да бір сөгіс арқалады. Менің мойныма байланбақ 22 мың сом (кітаптың суреті, қағазы, басылуы, таралуы – өндіріске кеткен барлық шығын) аяқсыз қалды, өйткені ақылға ғана емес, айлаға да жетік Ілекең ең соңғы сәтте: «кітап туралмай-ақ, он жеті жерден жамау салынса, осы қалпында сақталады, келешек түсім өткен шығынды артығымен жауып, баспаға пәленбай мың кіріс әкеледі», - деген қисынсыз ұсыныс түсіріп, барлық картаны шатыстырып жіберді, сөйтіп, маған қатаң сөгіс қана бұйырды; кемшілігімді мойындау үшін берілген соңғы сөзде мен баспаның бұдан бұрынғы тәжірибесінде авторға сөгіс беру дәстүрі болмағанын, сондықтан да сөгіс маған емес, осы ботқаны пісірген бас редактор Есет Әукебаевқа тиесілі екенін айттым – сөгіс сізге автор болғандық үшін емес, қызымет бабын пайдаланып, идеялық кемтік кітап шығарғаныңыз үшін беріліп отыр деді, мұндай майданда сонау 40-жылдардан бері үстемдік жасап келе жатқан, ақыл мен амалы бірдей ең үлкен бастық. Коллегия тарап бара жатқандағы ең соңғы сөз осы болды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар