Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Мұхтар Мағауин. Мұқағали Мақатаев...

02.02.2019 17696

Мұхтар Мағауин. Мұқағали Мақатаев 14+

Мұхтар Мағауин. Мұқағали Мақатаев - adebiportal.kz

Менің Мұқағалимен таныстығым, нақтылап айтсам, оның ақындық алымын аңдап білуім – Жұмекенмен арадағы жай ғана қырбайлық емес, оның өмірінің ақырына дейін созылған он сегіз жылдық бітіспес араздықтың басы болды.

1965 жылдың соңы, әлде 1966 жылдың алғашқы айларының бірі. Бұл кезде мен «Қазақ әдебиетінде» жұмыстаймын. Баспаханаға газеттің жаңа санына кезекші ретінде барғам. Менімен бірге әлде Қабдеш, әлде басқа бір жігітіміз шыққан. Ол кездегі «Қазақ әдебиеті» - кесімі үлкен, етектей төрт бет. Мырышқа құйған қалыбынан әрқайсы жекелей келеді. Тәртіп бойынша, корректорлар екі қайтара оқып қойған екен. Енді біз. Алайда, ешбір бет толық емес. Кейбірінің тақырыбы кемшін, кейде тұтас бір мақаланың орны ашық. Менің қолыма дайынға жақын екінші бет тиіп еді. Қызметтес серігім басқа бір бетті қарап жатыр. Содан соң алмасуымыз керек. Сөйтіп, төрт парақ түгелденеді. Ақырында, тиесілі түзетулерімізді пысықтап, бастан-аяқ қайта қараймыз. Міне, жаңа бастадық. Газеттің екінші беті әдетте көркем проза мен поэзияға арналады. Осы өлең сөзге түстім. Оң жақ екі қатар тұтас, басынан аяғына дейін тұнып тұр. Ең басында Мұқағали Мақатаевтың есім-сойы жазылған. Бір өлең, екі өлең... орталық бүктемеге дейін шағын көлемді жеті-сегіз өлең. Түгел тамаша. Мұқағалиды алғаш оқуым, сырлы, сазды, ойшыл ақын екен. Одан әрі... сапасы түсіңкіреп кеткен сияқты. Қайткенде әуелгідей көрінбеді. «Апыр-ай, - дедім қасымдағы серігіме. – Мұқағали жақсы бастап, аяғын божыратып алған екен. Тым құрса кейінгілерін бастапқыға аралас бермеді ме. Әйтпесе, мына ірікке қоспай, топтама жинағына сақтауы керек еді...» Хош. Тиесілі бетті метранпаж ақсақалға табыстадым. Бір аяғын сылтып басатын, арық қара шал еді. Бұрнада байқағам, өз ісіне өте тыңғылықты кісі. Алып кетті. Арада бес-он минут өткенде, линотипшілер түзеткен табақ бетті қайта әкеп берді. Бірлі-жар қателерді тексеріп отырмын. Кенет... екі бой өлеңнің қақ орта тұсы, манағы, мен бәсең көрген топтаманың үстіне басқа бір автордың есімі жазылып тұр. Кім дейсіз ғой? Жұмекен Нәжімеденов. Яғни, етектегі, менің көңіліме сыймаған өлеңдер – Мұқағалиға емес, Жұмекенге тиесілі болып шықты. Мен ал кеп қарқылдап күлейін. Мына қарама-қайшы шыққан өзгеше жағдайға ма, өзімнің өлең танымас тасырлығыма ма – әйтеуір мәз болдым. Мен ол кезде саясат не ұлт мәселесі болмаса, әдебиетке, рухани ортаға қатысты қандай жағдайда да ойымдағыны ірікпес едім. Ертеңінде лездеме үстінде осы бір қызғылықты, оғаш оқиғаны қайталап айтыппын. Тәрізі, тағы да күліп алсам керек. Болды, бітті. Енді бұл әңгіме Жұмекенге жетеді. Шындығында, Мұқағалиды жаңа ашып отырсам, Жұмекенді бұрнадан білем. Поэзиясын ғана емес, өзін де. Әбіш арқылы таныстық, қазір жақсы қатынасамыз. Ақындығын да жоғары бағалаймын. Бұл кезде менің бар назарым – ортағасырлық жыраулар тарабында. Әйткенмен, сын бөлімінде отырған соң, ара-тұра бүгінгі әдебиетке қатысты мақалалар да жазып қоям, оның ішінде қазіргі поэзия турасында; осындай бір мақаламда Жұмекен туралы жылы лебіз білдіргем. Әлдебір жинағы туралы ұнасымды рецензия да бердік. Расында да атпал ақын. Ал жаңағы қатарлас топтамаға үңілсек... кез келген үлкен ақында орташа туындылар ұшырасып қалуы мүмкін. Сондай бір кілтипан. Немесе, дәп сол мезеттегі менің көңіл-күйіме сәйкеспеген. Арада қаншама заман өткен бүгінгі күні мен Мұқағали мен Жұмекенді деңгейлес ақындар санаймын, әрқайсының өзіндік ерекшелігі, олқысы мен ұтымды сыпаттары бар. Бірін соншама артық, екіншісін мұншама кем демес едім. Әйткенмен, сол бір күні осындай жағдай болды. Бұдан соң Жұмекенмен арамыз біржола ажырады. Есесіне, Мұқағалимен де қауыша достасып кеткеміз жоқ, жас айырымын айтпағанда, екеуіміздің өмір сүру қағидаларымыз қабыспайтын. Десе де, түсіністік қатынасымыз, өзара сыйлас пен құрмет өте жоғары деңгейде болды деп айтар едім.

Мұқағалидың жүзін алғаш рет кездейсоқ трамвайда көрдім. Содан екі-үш жыл бұрын, аспирант кезімде. Ғылым академиясының кітапханасына бара жатқам. Мұқағали, қасында жүзі бөтен екі жігіт бар, артқы алаңқайда жарқылдап сөйлесіп келеді. Осыдан аз ғана бұрын «Жұлдыз» журналынан суретін көргем. Бірден таныдым. Қызыл шырайлы, ақсұр жігіт екен. Иә, сол. Ал өлеңдері есімде қалмапты. «Ильич» поэмасы ма, басқа бір дүние ме, жадымда жоқ. Әйтеуір, ешқандай әсері болмап еді. Бәлкім, көңіл қойып оқымадым. Енді, «Қазақ әдебиетіндегі» жағдайдан соң, үлкен ақындар қатарына қосқам. Жаңылмасам, осы кезде ғой деймін, әлде кейінірек пе, Мұқағали туралы Әбіштің тереңнен байыптаған мақаласын бастық. Әлгі оқиғадан соң көп ұзамай әдеби газетіміздің бетінде бүгінгі қазақ поэмасы туралы талқы мақалалар ұйымдастырған едік. Менің өтінішім бойынша пікір алмасу дүбірін Әбіш бастап берді. Көп ұзамай Мұқағали да арнайы мақала жазып әкелген. Мен телефондап сұраған соң, «Ақын сын жазбау керек. Басқасын қойғанда, өзіңнің шығармашылық құпияңды айтып қояды екенсің...» - дегені есімде. Бұл мақала газет мүмкіндігіне орай аз-маз ықшамдалған еді, өзінде толық нұсқасы сақталды ма, немесе осы газеттегі қалпында болса да кейінгі жинақтарына енді ме, нақты ақпарым жоқ.

Мұқағали өткен жолы ойдағы әңгімесін айта алмай кетсе керек, көп ұзамай арнайы келген. Өлеңдер жинағы емес, тәржіма – Дантенің «Тамұғына» байланысты. «Қазақ әдебиеті» және «Лениншіл жаста» басылған екі-үш үзігін оқығам. Мұқағали атап сұрамаса да, арғы жылдың тақырыптық жоспарына енген. Көп ұзамай қолға алып едік. Үлкен трилогияның атын «Тәңірінің тәлкегі» деп аударыпты. Газет үзінділері де осы тақырыппен басылған.

- «Мұқа, бұл болмайды, - дедім. – Орысша «Божественная комедияның» мәнісі басқаша...»

- «Келісіп тұр, - деді. – Тәңірі күнәкар пенделерін тәлкек етіп, тоғыз қабат тозаққа салып отыр ғой...»

- «Мұқа, - дедім. – Данте әуел баста өзінің атақты шығармасын «Комедия» деп қана атаған. Бүгінгіден мүлда басқаша мағынада. Ол кездегі комедия – күлдіргі емес, трагедияға қарама-қайшы, ауыр басталып, жеңіл, сәтімен шешілетін, тартысты шырғалаң деген ұғым берген, кейінгі табынушылар бұл – құдайдай, яғни құдіретті деген анықтама қосқан, сейтіп «La Divina Comedia» - «Божественная комедия» болып шықты, соған орай біз де «Құдіретті комедия» деп атамасық болмайды». Мұқағали өкініп қалғандай болды. «Тәлкегіміз жақсы еді-ау», - деген. Бірақ қисынды сөзге тоқтады.

Енді бұл ғаламат дүниені баспаның кезекті, жылдық жоспарына өткізу керек. Ілекең бірден мақұл көрді. Аз-маз кілтипан Баспакомда талқылау рәсімінде елес беріп еді. Тақырыптық жоспарды бекіту кезінде қатал төраға Мұхаметқали Сужиков бірден шүйліккен. «Мынаның қанша қажеті бар?» - деген. Осындай, көлденең күмән туған жағдайда не директор, не бас редакция қорғап шығуы қажет еді. Бұл жолы менің анықтама беруіме тура келген. Әуелі Дантенің әлемдік классик екенін айттым. Содан соң өтімді уәж, қалыпты сарынмен: «Қазақ тілінде дәп осындай алыптар – Пушкин мен Лермонтов, Толстой мен Тургенев молынан аударылған және бұл жағдай біздің қазақ әдебиеті үшін үлкен мәртебе болды, қазақ тілінің мерейін көтеріп, бай мүмкіндігін әйгіледі. Дантенің қазақ тілінде шығуы да біздің руханиятымыз үшін елеулі оқиға, үлкен абырой болмақ!» - деп едім, Төраға бірден құлап түсті. Кейінде байқағаным, партиялық тұрғысы берік, басқару тәсілдері қатқыл Мұхаметқали Сужиков ұлттық санадан да мақұрым емес екен. «Онда жөн, - деді. – Жоспарда тұрсын. Және тезінен басылсын. Және мейлінше көркемдеп, суреттерінен ақшаны аямай, үздік кітап қылып шығарыңдар. Мұндай ұлы тұлғаның біз дайындаған басылымы Москвадағы халықаралық кітап жәрмеңкесінде бәйге алуы керек!» Өзіміздің ішкі жоспарымыз да осы болатын. Данте-Мұқағалиды көркемдеу жұмысы таңдама графигіміз Альберт Гурьевке тапсырылды. Және мол қаламақыға шарт жасалған. Жеті мың сомға тақау. Ол заманда қолға түспес «Жигули» машинасының екі құны. Альберт тамаша иллюстрациялар жасап шықты. Алты, әлде сегіз ай жұмыстап еді. Осыған орай, 1969 жылдың тақырыптық жоспарында тұрған кітап біршама кешігіп, 1970 жылдың қара күзінде ғана типографияға тапсырылды. «Тамұқтың» өзгеше көріністері сапалы қағазға басылып, мәтін арасында, жекелей емес, тобымен қалыптанып, мұқабаның ішінде, қосымша блок ретінде берілді. Осы сурет тарабындағы машақат та біраз бөгеген. Ақыры, 1971 жылдың басында соңғы қол қойылып, күзге қарай әрең шықты. Есесіне, Москвадағы кезекті халықаралық кітап жәрмеңкесінде үлкен сыйлыққа жетіп, «Жазушы» баспасына әжептәуір абырой әкелген. Әрине, Мұқағали үшін де үлкен қуаныш. Дантенің таралымы – 14 мың болатын. Сол заман үшін бағасы да біршама көтеріңкі – 1 сом 70 тиын, әдепкі екі-үш кітаптың құны. Алайда дүкендерде көп тұрмады. Бірер айда талап әкетті. Мұқаң өзгеше еңбегінің алғашқы, авторлық даналарын баспадан алған бетінде, типография бояуының біз үшін қашан да сүйкімді иісі әлі тарқамай тұрған бір данасын маған атаулы қолтаңбасымен сыйлаған еді: «Мұқтар! Дантені қайта тудырып, қазақша шапан жабуда сенің еңбегің аз болмап еді, енді үйіңе қонақ болсын... Мұқағали. М. Мақатаев (қолы). 21.ІХ. 1971 ж. Алматы». Ерекше ілтипат белгісі. Мұқағали автографпен кітабын сыйлап еді дегенді ешкімнен естімедім. Жалпы, кітап жазып беру әдетінде жоқ еді. Дантенің жөні бөлек шыққан.

Осы Данте ғана емес. «Жазушы» баспасында Ілияс Есенберлин отырған жылдар – Мұқағалидың да кеңінен қанат жайып, еркін көсілген және болашаққа қапысыз қадам басқан дәуірі болды. Міне, қараңыз. 1968 жылы «Қарлығашым, келдің бе?» деген өлеңдер жинағы шықты. 1969 жылы – «Мавр» атты топтамасы. 1972 жылы шыққан «Дариға жүрек» те Есенберлин баспада отырған кезде жоспарға бекіген болатын. Дантенің «Құдіретті комедиясын» айттық, 1971 жылы мәреге жетті. Сонымен қатар, аударма тағы да екі кітапша: Уитменнің «Шөп жапырақтары» (1969) және Шекспирдің «Сонеттері» (1970). Есебі, бес жылда үлкенді-кішілі алты кітап. Бұл басылымдарға менің де үлесім болды десем артық емес. Оның ішінде жоспардан тыс екі жинақты тікелей өз қолымнан беріп едім. Біздің баспада «Әлем поэзиясы» дейтін арнаулы серия болды, жоғарыдан бекитін тақырыптық жоспарда жіктеп көрсетілмейді, көлемі шағын, бірақ аса мәнді алты топтама. 1968 жылы, Данте жаңа қолға алынған кезде маған келген Мұқағалиға ұлы ақындардың өзім жасаған тізімін көрсеттім, қалауыңызға қарай, дегем. Өзім Тагорды ұсынып едім, Мұқағали Уитменді таңдады. (Ал Тагор сол кездегі университет студенті Жарасқан Әбдірашевке бұйырған). Сыртында Уитменнің сызба суреті бар, әдемі, аппақ кітапша болып шықты. Келер жылы осы ретпен Шекспир сонеттері аударылып, дәп осы қалыпта жарияланған еді.

Бұл кезде Мұқағалидың өлең жинақтары жоспарға оңай өткенімен, редакциялық дайындық кезінде біраз сүргіге түскен сияқты. Әлде «Қарлығаш», әлде «Мавр», бір күні өте ренішті кейіпте көрініп еді. «Ана Сағи менің өлеңдерімді құртты... – дейді. – Ең бір шұрайлы, өткір тұстарын ұстап қалды!..» «Онда Сағимен сөйлесейін, - дедім – Саясатқа қайшы сұмдығың жоқ шығар...» «Сұмдығы жоқ, - деді Мұқағали. Содан соң аз-маз бөгеліп барып, қолын сілтеді. – Сағи біліп отыр, қазір жіберсе де, ертең Лито ұстайды. Литодан өтсе – ана жақтың теріс назары... Рақмет, әуре болып қайтесің...» Сонымен бұл жолғы әңгіме тәмам болды. Мұны айтып отырғаным, қазіргі өлең жинақтары сол алғашқы басылымдар бойынша ғана жарияланып жүр ме, әлде ақын архивіндегі қолжазбалар ілтипатқа алынды ма – нақты білігім жоқ. Тіпті, түпнұсқа бойынша қалпына келген болса да, кейінгі зерттеушілер үшін қажетті дерек. Бұл жағдай – Мұқағали үшін арнап келген қиындық емес, өзіндік ой-пікірі бар қаламгер атаулының бәрінің басынан өткен әдепкі рәсім дер едім. Міндетті цензура – бергі беттегі кілтипан. Одан ары да қаншама өткелек тұр. Әрбір сөзің бақылау астында, тіпті, шығып кеткен кітаптың өзі тексеріске түспек. Сондықтан да, әбден запы болған баспа редакторлары артық, еркін лепестен тазарту жұмысын амалсыз атқаруға мәжбүр болатын.

Мұқағали дүниеден өткен соң, арада екі-үш жыл озбай ол туралы дабыралы, лақапты, көбіне-көп қисынсыз әңгімелер қаулап кетті. Айрықша, алабөтен қысым көрген екен, десті. Кітаптарын шығара алмай жүріпті-міс. Ілияс Есенберлиннің тұсында алты кітабы жарыққа жетті дедік. Бұдан бұрын – екі кітап: «Ильич». Поэмалар, 1964: «Армысыңдар, достарым». Өлеңдер мен поэма. 1966. Бұл үрдіс Есенберлиннен соң да тоқталмады: «Аққулар ұйықтағанда», Өлеңдер мен поэма. 1974; «Шуағым менің». Өлеңдер мен поэма. 1975 жылы жарыққа шыққан «Өмір-дастан» атты жинағы да осы қатарда. Бұл соңғы кітап – ақынның таңдамалы шығармалары болатын. Көзі тірісінде тек санаулы ғана қаламгер жететін ерекше құрмет. Бір сөзбен айтқанда, Мұқағали кезекті, дайын шығармаларының басылуы, таралуы тұрғысында ешқандай кедергіге ұшырамады. Тіпті, жолы даңғыл болды дер едік. Ал осы кітаптарды өндіріске өткізу кезінде ішінара кілтипандар ұшырасса, бұл – сол замандағы жалпыға ортақ ахуал. Енді бір лақап – Мұқағалидің еркін жүрісі турасында. Ешкім бағасын білмепті, ұлы ақын екенін мойындамапты. Сондықтан ішкілікке салынған... Біріншіден, Мұқағали алғашқы кітаптарынан бастап-ақ өресі биік ақын ретінде кеңінен таңылған болатын. Атаулы сыйлық алмаса да, сол кездегі қазақ поэзиясының алдыңғы қатарынан саналды. Бұған жыл сайын дерлік, үздіксіз шығып жатқан жыр жинақтары, ақыры, 1975 жылы тақырыптық жоспарда бекіп, келер жылы жарыққа жеткен таңдамалылар жинағы айғақ. Сонымен қатар, барлық елдің арғы-бергі әдебиет тарихында ешбір қаламгер мені тіршілігімде ұлы деп, ғаламат құбылыс деп танымады деп, қиялданып көрген емес. Тіпті, тынымсыз қудаланып, азапқа тартылып жатса да, Мұқағали өзінің ірілігін білді, жете бағаланбай жатқанын да айқын аңғарды. Бұл да әлемдік әдебиет тарихында жиі ұшырасқан, әдепкі жағдаят. Осы орайдағы әрқилы мінез, еркін жүрістің шығармашылық мехнатына ешқандай қатысы жоқ. Ішкісі келді, ішті. Қалай бастады, қалай кетті, бұл – екінші қатардағы мәселе. Менің білетінім және ең бастысы – Мұқағали ішкілікке салынып жүрген кезінің өзінде адамдықтан айнымады. Ақырғы сәтіне дейін қолынан қаламы түспеді. Және таң қаларлық жағдай, әуелгі бір жеткен биігін сақтапты. Бұған Моцарт туралы шұғыл жазылған «Реквием» атты жыры куәгер.

Мағжанның: «Ақында адамзаттан дос болмайды. – Тек қана сырын сөйлер қаламына...» - деген ғажайып толғамы бар. Тым жоғарыдан алынған қағида. Шығармашылық тарабында, ішкі сыр тұрғысында. Әйтпесе, ақын да пенде. Мағжанның алдында Ахаң, Жақаң, Әлекең сияқты әулие ағалары болды. Өзімен дарыны қарайлас Мұхтар Әуезов, Смағұл Садуақасов сияқты достары болды. Мұқағалидың алдында дәп осындай үлгі беретін ағалары болмады. Болса да, жақындығы жоқ еді. Ал тұтастар арасында, менің байыбымша ауылдас, ақылдас Еркін Ібітанов бар еді. Одан беріде... Қадырмен ара қатынасын айттық. Тұманбай, Сағилармен түсіністігі шамалы болды. Ал кейінде қаптап шыққан «достар» мен ұраншылдар, көбіне-көп түстен кейін де емес, кеш бата ертеңіне маңырасқан. Бұлардың барлығы дерлік көзінің тірісінде Мұқағалиді ақын деп таныған жоқ, адам ретінде де кемшін көрді. Бұл «достардың» енді біразы жарым күндік, бірер сағаттық, бір сәттік қана жұғысты, әдетте ащы су үстінде тоқайласқан шіркіндер болатын. Шын мәнісінде Мұқағали ешкіммен де етене араласқан жоқ, сырласқан да жоқ. Дара туды, дара жүрді. Сонымен қатар, кімнің кім екенін қапысыз танитын, өзім деген кісінің қадірін білетін. Рухани туыстығы аңдалған азаматтармен сырттай сыйластығы ғана емес, етене жақындығы да ерекше болған сияқты. Аз болар, көп болар, атап түгендей алмаймын, тек өзіме қатысты жағдаяттарға ғана куәлік берер едім. Иә, сол алмағайып заманда айрықша ықылас, пейіліне қарай, мені ерекше жақын тұтып еді. Осы ретте, бұрын жазылмаған, айтылмаған өзгеше кеп. Сыртқа шықпаған бір себебі – ақынға табынған жұрттың бәрі демейік, басым көпшілігі Ғабит Мүсіреповтің әлгі, «Өмір жорығы» толғауындағы, қуатты көксерке балықтың желбезегіне жабысып, асу бермес сарқырамадан өтетін арам шабақ сияқты, Мұқағалиға жабысып, абыройын көтермек әрекетке көшті, сол дүбірден аулақ болайық дедік. Біздің өз атағымыз да жетіп артылады. Әйткенмен кейінге іркіп едік. Енді Мұқағали туралы арнайы сөз етіп отырғанда, ашылмасқа болмады. «Құдіретті комедияның» жарыққа қалай шыққанын айттық. Ол кезде мұндай күрделі кітапты ғана емес, жыл сайынғы әдепкі жинақты жоспарға енгізудің және одан әрмен алып өтудің өзі әжептәуір машақат болатын. Әлдебір тоғышарлар сияқты емес, Мұқағали осының бәрін жан-жүйесімен сезініп, қалтқысыз бағалар еді. Маған деген көзқарасы да рухани түсініс пен риясыз өзара ықыластан бастау алған. Қашан да ұлық тұтып тұрар еді. Енді, ол заманның шет-жағасын көрген жұрт жақсы білетін жағдаят. Әлбетте, ішкілікке құмар адамның қалтасында ақша тұра бермейді. Сондықтан, бас-басында әріптес ағайындарға салмақсыз қолқа салу – үйреншікті нәрсе. Жақында, белгілі бір орыс жазушысының естелігінен ұшыраттым, бізде ғана емес. Мәскеудегі үлкен Одақта қалыпты әдет екен. Мәселен, орыстың бұрнада атаққа шыққан, енді тоқыраған үлкен жазушыларының бірі Юрий Олеша тамағы құрғаған кезде Одаққа, оған жалғас ЦДЛ – Жазушылардың орталық үйіне келіп, үлкен-кіші әріптестерінен үш сом, бес сом алмасады екен. Мен өзімізде біржола құлдыраған, бет-аузы қотыр Төлеужан Ысмайыловтың көшеде студент балалардан бақыраш жинап жүргенін көрдім. Тәкәппар Мұқағалидің ондай тіленшілік мінезі болмады. Әйткенмен, ара-тұра Одақтағы таныстарға салық салады екен. Бұл туралы кейінгі бір естеліктерде жазылып та жүр. Сағызша созып тұрғаным – сол Мұқағали ешқашан да менен тиын-тебен сұраған емес. Менің алдымдағы өзінің бедел-абыройын сақтағаны ма, әлде тілектес інісін қандай да ұсақтан жоғары қойғаны ма, қайткенде, ерекше мінез. Сондай-ақ, кітаптарын баспаға әзірлеу, одан бөтен әрқилы ұшырасуда бейсауат сөз айтып көрген емес. Екеуіміздің өзара араласымыз, әредік көлденең кеңесіміз өте сыпайы, сыйластық жағдайда өтер еді. Қазақы мәдениет пен адамдық құрмет нәтижесі дер едім. Осы орайда ерекше бір оқиғаны еске алмасақ болмас. Өзіміз үшін емес, Мұқағалидің кең пейіл, дарқан мінезінің әдепкі бір көрінісі ретінде. Данте баспадан жаңа шыққан 1971 жыл сияқты. Қара күз. Бір күні Мұқаң арнап келіп, аптаның аяғы болатын. Арыдағы сенбіге қонаққа шақырды. Мен бұған дейін Мұқағали әлдекімді үйіне шақырыпты деп естімегем. «Әуре болып қайтесіз» деген сөзіме кейімесе де, аз-маз іркіліп қалды. Содан соң: «Өзің, келін, кішкентайларың.. және қарындасыңды, күйеу баламен қоса. Осы емес, келесі сенбіде...» - деп қадап айтты да, менің мақұлымды күтпей, тік тұрған қалпы шығып кетті. Үйге келген соң келіншегіме: «Мұқағали деген үлкен ақын бар, келесі сенбіге қонаққа шақырып отыр, басқа бір тарапқа келісіп қойма...» - дедім. Ол кезде біздің достас, ауылдас ортада апта аралатпай, әлдебір мерекелік оқиға, өзара тынымсыз шақырыс. Соған орай ескерткенім. Және айттым: «Ағаңыз еркін жүретін сері болмай қалса, неге деп сұрамайсың...». Мұқаң дүйсенбі жоқ, сейсенбі күні тағы келді. Манағы сөзін қайта пысықтаған. Келін, кішкентайлар, қарындасың мен күйеу балаң... Кешкі сағат жетіде, адресі мынау... үйге келген соң тағы да еске алдым. Бүгін қайыра шақырып кетті. Барайық. Бірақ өзіміз ғана. Әйткенмен, біз есігін қаққан кезде өзі үйде болмай шықса, ренжімейсің, қонақ орнына серуен есепті дедім. Арада тағы бір күн өтті. Бейсенбіде жұмыс аяғына тақау есік ашылып, зор кеудесімен ішке сұғынды. «Ұмытқан жоқсың ғой...» Жалғыз ауыз сөз. «О не дегеніңіз, Мұқа... міндетті түрде...», - дедім. Мұқаң босағадан аттамаған қалпы кері бұрылды. Ал мен шынымен-ақ қатты қысылған едім. Кешегі, алдыңғы күнгі сөздерімді естіп қойғандай. Бәріміз де барамыз дедім үйге келген соң. Мұқағалидың «қарындасың» деп тұрғаны – біздің Бақыттың тетелес сіңілісі. Өзім оқуға түсіргем. «Күйеу бала» - ол кезде мен кезектен тыс алғашқы өлеңдер жинағынан бастап, үш-төрт кітабын шығарып берген дарынды жас ақын Жарасқан. Екеуі де студент. Өз қолымыздан ұзатқан қызымыз әр жерде пәтерлеп жүріп, жағдайы келіспеген соң, күйеуімен қоса үстімізге көшіріп алғанбыз. Шындығында, жұрттың бәрі менің өзіме тікелей қатысты деп есептейді. Иә, айтпақшы, біздің үйде Бақыттың келесі сіңілісі Дәмен және бар. Әрине, тастап кетпейміз.

Сонымен, сенбі күні үдере аттандық. Түгеліміз. Үлкен кісі бесеу және алды алты жасқа жаңа ілінген, соңы – құндақтағы алты бала. Кішкентайлардың бірін киіндіріп, бірін орап дегендей, ол кезде біздің әйел тым сабырлы, қимылы да жайуат, қайда барсақ та кешігіп жүреміз, бұл жолы тіпті ұзағырақ, қырық минуттан артық бөгеліп, әрең жеттік. Мұқаң біз келгенде мазасызданып, сыртқа шығып тұр екен. Бірден жадырап, риза болып қалды. Жазушылардың Құрманғазы мен Сейфуллиннің қиылысында, ішкері орналасқан әуелгі үйі. Мұқаң шеткі далаң, оң жақ, бірінші қабатта тұрады екен. Өзі бастап жүрді. Мынау пәтер – бес бөлме деген, бергі екі бөлмесінде Тайырдың баласы Тыныш. Түкпірдегі үш бөлме ғана бізге тиесілі деген. Кең залға кірдік. Ұзын, жалпақ стол үстінде әзірше артық ештеңе жоқ. Мұқаң бірден-ақ қызыл алмаға қол салып, біздің төрт баланың ересектеу үшеуіне, Жарасқанның жүріп жүрген екі ұлы – жиыны бес балаға бір-бірден үлестірді. «Қазір ет келеді, - деген – Кәкір-шүкірді қоя тұрып, еттен бастаған жөн сияқты...», «Өте жақсы, - дедім мен, - Мына келініңізге ылғи айтам, алдымен ет, басқаны содан соң» деп. Бірақ алдыңғылардың жобасымен етті екінші кезекте әкеледі. Дастарқанға отырдық. «Мұхтар, саған арнайы ас қойдық», - деген Мұқаң. Сол сәтінде менің алдыма әуелден кішірек жеке табақ қойылған. Туырылып, оралып жатқан білектей қазы. «Телше, - деді Мұқаң, - Тайдың телшесі. Базардан алып, өз қолыммен айналдырдым сен үшін. Енді өзің ғана же. Осыны тауысқан соң табаққа кірісесің. Оған жету қиындау сияқты. Қашан да тәбетім тәуір еді, бірақ мына телшенің жарымынан аса алсам...

Дәп осы кезде жалп етіп жарық сөнді. «Қазір жағылар», - деді жеңгеміз. «Сөнісі жаман, әй, қайта жағылмас...» - деді Мұқаң. Содан соң айтқан: «Мұхтар, аузыңды таба аласың ғой... кірісе бер...». Мен табақты қолыммен сыйпалап бір шетіндегі дайын кездікті алып, қазының шамасын байқадым да, молынан кесіп, аузыма салдым. «Таптым», - дедім күліп. «Тоқтамай кете бер», - деген Мұқаң да, көңілді дауыспен. «Лашын, ау Лашын, - деді содан соң – Майшам жақ», «Майшам жоқ сияқты», - деді жеңгеміз. «Әй... – мен Мұқаң өзінің үйреншікті «қызталақ» дейтін сөзін айтар деп ойлап едім, айтпады, іркіліп қалды. Оның есесіне кейіп сөйлеген: - Осы үйде ең аяғы майшам да жоқ па?!». «Мұқа, - дедім мен. – Кімнің үйінде балауыз май шам тұр дейсіз». «Онда әлгі...», «Иә, - дедім мен. – Біздің ауылда кесенің түбіне май құйып, білте салып, шырағдан жасайтын...». Мұқаң ара-тұра сіріңке шағып отырған. Жеңгеміз кухняға кетті. Әжептәуір бөгеліп барып, төңкерілген кесе түбіне майшам жағып әкелген. «Е, енді жақсы болды, - деген Мұқаң. – Келін шырағым, Жарасқан, ет суып барады, алып отырыңдар. Тағы бір майшам керек», - деген жеңгемізге бұрыла қарап. «Мүмкін ендігі шам да жағылып қалар...» - деп еді. «Жағылмайды, - деді Мұқаң. – жағылса, таң ата немесе ертең осы уақытта. Міне, терезеге қарамайсың ба, төңірек жаппай түнек болып тұр...». Екінші майшам келді. Біздің күліп, ойнап отырған кішкентайларға емес, менің өзіме де осы алакөлеңке ерекше жағдайымыз өте қызық болып көрінген. Дастарқан басындағы әдепкі, байсал, бейсауат әңгіме басталды. Бір мезетте аңдасам, Мұқаң өз қолымен айналдырған телшені әжептәуір еңсеріп қалыппын. Бұрын да, кейін де талай рет қазы жедік, алайда сол бір кеште Мұқағали ағам өз қолымен ұсынған тайдың телшесіндей тәтті дәм көрмедім десем, артық емес. Әрине, осыдан соң Мұқаңнан күле отырып рұқсат алып, дастарқан басындағы барлық жұртқа бір-бір кесімнен таратып ем. Есесіне ырым үшін үлкен табаққа да қол создым. Еттен соң қазақы шай. Әрқилы жеміс, өрік пен мейіз. Балаларға шоколад, кәмпит. Көңілді әңгіме үстінде әлде үш, әлде төрт сағат отырыппыз. Қайткенде шам жағылмады. Сонысының өзі дұрыс болды ма деймін. Қалыпты отырысымыздың сұры кететін еді. Басқа бір қонақ, басқа бір үйге көшкендей. Ақыры қанша қимасақ та, үй иелеріне рақмет, алғысымызды айтып, орнымыздан қозғалуға тура келді.

Сыртқа шықсақ, шынында да Мұқаң айтқандай, қара түнек. Бірер үй, бірер квартал емес, жарым Алматы, бәлкім, бүткіл Алматы қараңғылық құшағында тұр. Тақау көшедегі трамбайларда жан жоқ. Аялдамада және одан арыда бір-екеуі қаңырап, қаңтарылып тұр. Жоғарыдағы Абай даңғылында троллейбустар да тоқталған сияқты. Электр қуатына тәуелсіз автобустар және көрінбейді. Өткір, ұзын жарығы қараңғыны қақ тіліп, дәл қасымыздан арлы-берлі өткен санаулы машинаның ешқайсысы тоқтамады. Уақасы жоқ, үйіміз тым алыс емес, Жамбыл – Байзақов, балалардың бірін көтеріп, бірін арқалап, қалғанын жетелеп, жарым сағат межесінде, шаршамай, жақсы жеттік. Әлбетте, мұнда да қараңғы. Әлде майшам жағып, әлде шырағдан тұтатып, оң-солымызды таныдық. «Бәйбіше, шай қой», - дедім, қандай да қонақтан соң өз үйімде бірер шыны төңкеретін әдетіммен. Балалардың алды ұйықтап қалған, ояуы тыныш, біздің өзіміз де айрықша көңілді едік. «Бұл Мұқағали – қазіргі қазақ ақындарының ішіндегі ең күштісі... – деген Жарасқан, жаңа шай үстінде. – Қызық. Менің өлеңдерімді де оқыған сияқты». «Оқып қана қоймаған, танып білген. Сондықтан атап, арнап шақырды, - дедім. – Маған туысқандық үшін ғана емес...».

Содан көп ұзамай, баспа мен Одақтан аулақтадым. Алдағы үш-төрт жыл ішінде Мұқағалиды екі-үш-ақ рет, онда да кездейсоқ көрген сияқтымын. Соңғы жолы, шамасы 1975 жылы баспочта алдында ұшырастық. Әжептәуір қызу екен. Шашы ұйпа-тұйпа, беті алау-далау. Қол алысып амандастық. «Жағдай қалай, Мұқа?» - деп едім. Менің оң қолымды қос қолдай қыса ұстаған қалпы, бетіме тік қарады. «Болмайды екен!» - деп еді. «Ішпесем болмайды екен!..». Не айтарсың. Ақыл өзіңде де бар. Қатты салынбау керегін өзі де біледі. Бірақ болмайды екен... Қайрылар мезет өтіп кеткен. Кешелі, бүгін емес, бұдан көп бұрын... «Мұқа, аман болыңыз...» - дедім бар болғаны. Бұл – біздің ең соңғы көрісуіміз екен.

Арада бір жыл өтті ме, жарым жыл өтті ме, қаралы хабары жеткен кезде мүлде күтпеген, тосын естілді. 1976 жылдың наурыздың соңы болатын. Тіршілікте алыс-жақын төңірегінде, оның ішінде біздің қаламгер қауымда мезгілді, мезгілсіз өлім-жітім болмай тұрмайды. Мен әдетте, аса жақын біреу демесек, сырттай ғана иманды болсын айтар едім. Бұл жолы шығарып салуға арнап бардым. Әдеттегіше, Жазушылар одағының екінші қабатындағы кең фойеге, биік тұғыр үстіне қойылған екен. Ретімен кезекке тұрдым. Дәл жанына бардық. Өлімнің сырын ұғатындай, бажайлап қараған едім. Мәйіт емес, қапелімде ұйықтап кеткен тірі кісі сияқты. Өңі өзінің ең жақсы күндеріндей. Тек жүзі әдеттегіден қатқыл. Мұрыны қырланып, танауы қусырылып, сәл-пәл кейісті, тәкаппар қалыпта, керіле түсіп, қимылсыз жатыр...

Мұқағали Мақатаевтың мәңгілік ғұмыры осы соңғы мезеттен басталған жоқ. Арада екі-үш жыл өткенде Әбділда ақсақал Тәжібаев арнап, айғақтап айтып еді. Жақсы ақын екенін жұрттың бәрі білетін. Енді мүлде басқаша таным. Танымның жаңа сатысы. Күн озған сайын күшейе түскен өзгеше лепес. Мадақ пен масат. Дабыралы даңқ. Бәрі жөн. Алайда, әр нәрсенің өз өлшемі бар. Біздің жұрт әрненің парқын білсе де, мөлшерлі межесін сақтай алмайды. Қыза-қыза Абайдан асырып қойдық. Сыпайылағанда, деңгейлес санаймыз. Тіршілігінде бітіспеген Қадырдан озса, арыдағы Қасыммен қатар тұрса, осының өзі биік мәртебе емес пе. Алда біраз заман өтеді. Содан соң кері толқын басталмақ. Бірақ ол да артық. Қайткенде Мұқағали XX ғасырдағы қазақ поэзиясының алдыңғы қатарында қала бермек.

 

26-28. 11.2018

Күміс Бұлақ, Мэриленд, АҚШ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар