ҚАҒАНАТТАР ҚАҚТЫҒЫСЫ
Әуелі оқырманға Қытайдың Таң империясы мен Түрік қағанаты арасындағы ғасырларға жалғасқан, теке тірес пен қан төгіске, азу мен айлаға толы арпалысты кезеңі туралы, сәл ғана тарихи шегініс жасап баян еткенді жөн көріп отырмыз. Өйткені, әдебиет пен тарих, тарих пен мәдениет, өркениеттер тоғысы қашан да егіз ұғым ғой.
Шамамен осыдан он бес ғасыр бұрын, қазіргі Алтай тауларының баурайында, Жетісу аумағында, ежелден отырықшы елдермен шекаралас, қанаттас қоныстанған, байырғы ұзын найзалы, шошақ бөрікті сақтардың сарқытындай жойқын, қуатты мемлекет құрылады. Бұл иісі түркі жұрты мақтанышпен, ауыз толтырып айтатын, заманында жарты әлемді жайлаған Түрік қағанаты еді. Олардың негізгі құрамы бұрыннан тамырлас, тағдырлас, дала төсіндегі көшпенді тайпалар болатын. Олардың тұңғыш көсемі – Бумын қаған еді. Алайда ол тақ басында ұзақ отыра алмайды. Бумын қайтыс болғаннан кейін, оның орнына Қара қаған жайғасады. Оның да билік құрған салтанаты аса ұзаққа созыла созылмайды. Тақ 553-572 жылдар аралығында өз үстемдігін жүргізген Муған қағанға келгенде ғана баянды болса керек. Көшпелі тайпалардан құрам тапқан мемлекет осы Муған қағанның тұсында гүлденіп-көркейе бастайды. Іргесін бекітіп, аумағын кеңейте түседі. Ер жүрек, қаһарман түріктер аз уақыттың ішінде айналасын тегіс бағындырып, териториясын барынша кеңейтіп, қағанаттың қанатын қатайта түседі. Олар оңтүстікте қазіргі Қытайдың Сарыөзенінен арғы жерлерге дейін еркін иемдене бастайды. Сол кездегі көршілес Ци, Жоу мемлекеттері оларға тәуелді екенін еріксіз мойындап Түрік қағанатына алым-салық төлеп тұруға мәжбүр болады. Бұндай жағдай әсіресе Таспар қағанның тұсында қатта бел алады. Сүйтіп түрік қағанаты лезде сол уақыттың ең үлкен империясына айналып Қытай, Иран, Византия сынды ірі мемлекеттермен саяси, мәдени, сауда-саттық қарым-қатынас орната бастайды. Ұлы Жібек жолына иелік етіп, қиырдағы Жерорта теңізі маңындағы елдерге дүбірі мен әмірі еркін жетіп тұрады. Бұндай ежелгі сауда жолы, сауда керуендерінің бағыныштылығы Түрік қағанатын тез арада экономикалық және қару-жарақ, түрлі әлеуметтік қажеттіліктен азат етіп, қағанаттың алапатын асырып, айбатына айбар қоса бастайды.
VI ғасырдың екінші жартысына қарай, тарихи сахнаға Таң патшалығы көтеріле бастайды. Осыдан бастап Түрік қағанатының негізгі жауы, қарсыласы анықтала бастағантұғын. Десе де түрік сарбаздары қытайлардың қаласын ойрандап, ұлын талап, қызын бұлап, мал-мүлкін қанжығалауды жалғастыра береді. Өздеріне бағынышты тайпалардың алым-салығын да барынша күшейтіп жібереді. Таң империясы да Түріктерге үздіксіз салық төлеумен әбігерге түсіп, елдің мазасы әбден кетеді. Бірақ, Таң патшалығының хандары ақылды болып шықты. Олар әртүрлі сылтаулармен Түрік даласына өз адамдарын үздіксіз жіберіп отырады. Солардың алдыңғы легінде буддалық монах Шюан Заңның түрік жұртына жасаған сапарын ауыз толтырып айтуға болды. Оның саяхат барысында жазған жазбаларында, қазіргі Ыстықкөлден бастап, Сояб бастаған Түріктер мекен еткен даладағы қалалардың орыны, жалпы ақуалы, мән-жайы, экономикалық, саяси, әскери маңызы сынды қажетті ақпараттар жан-жақтылы баяндалады. Таң дәуірінің уәзірлері ақылдаса келе осындай қуатты империямен тек бейбіт, тыныш, орнықты қарым-қатынас орнатып қана сақтануға болатынын ерте сезеді. Сондықтан олар түріктермен тіл табысып, достық қатынас орнатуға тырысады. Тек император Тайзұнның тұсында Таң патшалығының әскери қосыны күшейе бастайды. Тайзұың соғыс дайындығына өзі бас болып кірісе бастайды. Сарбаздарға ат үстінде мықты болуды, садақ атып, қылыш сілтеуге епті болуды тынбай үйретіп, мықты қаруланған қосын құра бастайды. Сонымен қатар Түрік қағанатын іштен ыдыратып, іштен жауластырып, қағанаттың күшін әлсіретіп, қағанның назарын сырттан ішке аударуды нысанаға алады. Түріктерді өз ішінен әлсіретудің тағы бір жолы олардың қағандары мен ханзадаларына өз қыздарын қалыңдыққа беру. Таң патшалығы ежелден келе жатқан құдандалық саясаты арқылы Түрік қағанатының ішкі істеріне араласуды көздейді. Олар өз қыздарымен қатар жіберетін жүздеген атқосшылардың арасына әскери мамандарды, тыңшыларды, саудагерлерді қосып жіберіп, қағанаттың ішкі-сыртқы саясатынан мол мәліметтер алып отырады. Сонымен қатар түріктер ішінде жүрген Таң адамдарының ең үлкен міндеті, түріктердің ең әлсіз тұстарын таба білу. Сол арқылы бір-бірімен араз тайпалар мен тайпа басшыларының арасына от жағып, оларды іштен ірітіп, өзара жауластырып әлекке түсіру міндеті жүктеледі. Әрине, Таң хандығының тыңшылары бұл міндетті аса сәтті орындап шығады. Көп ұзамай тұтас Түрік Қағанаты Батыс Түрік қағанаты және Шығыс Түрік қағанаты болып екі елге бөлінеді. Бұлндай бөліну Таң сарбаздары үшін ең ұтымды уақыт болатын. Олар осы тарихи сәтті пайдаланып қалудың амалдарын қарастыра бастайды. Ли Шимиың Таң империясындағы өз үстемдігін бірте-бірте күшейткен соң, әскер басқару саласына баса мән беріп, айылын жимаған көшпенді жұртқа алғашқы шабуылды бастайды. Соның нәтижесінде Шығыс түріктердің Эль қаласын талқандап, түріктердің бірәз жерін басып алады. Осылай Шығыс түріктері тарихи сақынадан біржола кетеді. Осыдан кейін Таң хандығы түріктерге деген ашық қарсылығы мен ашық соғыс майданын ашып, бірінен кейін бірі жеңіске жетіп отырады. Түрік Қағанатының айбарлы туының айдыны қайта бастайды. Асыл семсері жаси бастайды. Қытайлар Орхон мен Энисейге дейінгі жерді басып алады. Дегенмен солтүстік түріктер Таң еліне тоқтаусыз шабуыл жасап, оларға қауып төндіруін қоймайды. Алайда бұл да ұзаққа созыла қоймаған баянсыз жорық болып тынады.
Түрік қағанатының ойсырай жеңілуі мен өз жерін тастап шегінуі жыл өткен сайын жалғаса береді. 647 жылы жүз мың қолмен Таң әскерлері әуелі Тарымға содан соң Куча бастаған түріктердің жеті бірдей қаласын тартып алады. Ферғана, Самархан сынды ежелгі қалалар өздігінен беріле бастайды. Тіпті Иранның кейбір қалалары да Таң әскерлерінен пана сұрай бастайды. Өйткені, осы тұста, Қыпшақ даласында араб шапқыншылығы күшейе бастаған еді. Соған орай, көптеген ұсақ тайпалар Таң билеушілеріне соғыссыз бағынып, арап шапқыншылығынан қорғанудың тәсілі ретінде пайдаланбақшы болады. Осы уақытта Батыс түріктер қытайларға барынша қарсы тұрып бағады. Таң хандығының күретамыры болып саналатын Ұлы Жібек жолына әлденеше рет шабуыл жасағанымен бәрі де сәтсіз аяқталады да, Батыс түріктердің өздерінің шегінуіне тура келеді. Олар өз жерлерін тастап, Ташкентке дейін босып келеді. Осы аламан соғыста Ышбар қаған тұтқынға түседі. Сөйтіп Баты, Шығыс түріктерінің тұтас аумағы негізінен қытайлардың қол астында қалады. Осыдан кейін Таң империясының түріктермен шекаралас батыс өлкесі күшейіп, жер аумағы кеңейіп Тибет өңіріне дейін еркін жайлап жатады. Енді бұрынғыдай түрік тайпалары Таң хандығының бекіністері мен қалаларына қауып төндіре алмайтын деңгейге дейін құлдырайды да, Таңның гүлдену дәуірі басталады. Осы тұста жау жүрек, шешен, ділмар түріктермен ғасырлар бойы тайталасқан Таң елінің мәдениеті өзгеше түс алып гүлдене бастайды. Тұтас Қытай тарихында қытай поэзиясының ең өркен жайған дәуірі осы Таң хандығының тұсына тура келеді. Осы тұстағы қытай ақындарының негізгі тақырыбы шекарадағы соғыс, жаукершілік, бекіністердегі жан алып жан беріскен арпалысты сәттер туралы болып келеді. Оған қоса туған жердің көркем табиғатын, ақынның ішкі «мені» мен құсасын, жалғыздығы мен сағынышын асыл сөздерінің арнасы етеді.
Таң дәуірінің таңғажайыптары
Қазіргі заманның әдебиеттанушы ғалымдары Қытай әдебиетінің үш мың жылдық тарихы бар екенін жазады. Ең алғаш халық өлеңдері мен қисса, жоқтау жырлары топтастырылған «Жырнама» жинағы б.з.д ІІІ ғасырда жарық көрген. Ол әлемдік жазба мәдениеттің ең көне және ең үздік үлгілерінің қатарынан орын алады. Осы уақыт аралығында қытай поэзиясы мазмұны, көркемдігі, формасы жағынан әр кезеңде әртүрлі үлгіде түрленіп дамып отырғаны заңдылық. Сол ғасырлар құшағындағы кезеңдердің ішінде, қытай поэзиясының «Алтын ғасыры» саналатын дәуір осы Таң хандығының тұсына тура келеді. Таң хандығы (618-907) Қытайдың классикалық поэзиясының кемеліне жетіп, дамыған дәуірі. Ол Қытай поэзиясының ең үздік інжу-маржаны ғана емес, әлемдік әдебиеттің жауһар қазыналарының қатарында ең биік орында тұрады. Таң дәуірі біздің заманымыздан мың жылдап жырақ қалсада, сол заманның үздік туындылары күні бүгінге дейін өміршеңдік күшін жоймастан, адамзат мәдениетінің шұғылалы қазынасына айналып отыр.
Таң дәуірі – Қытай әдебиетінің тарихында ақындар аса көп шыққан дәуір. Ли Бәй, Ду Фоу, Жүй Й сынды шайырлар әлем тарихындағы мәңгілік ақындар санатынан. Бұлардан сырт сам жамыраған аспанның жұлдызындай, бізге мәлім һәм беймәлім ақындар қанша ма? Осы ақындар шоғырының бізге жеткендерінің аты 2300-ден асады. «Таң өлеңдерінің толық жинағында» олардың 48900-ден аса өлеңдері сақталып, бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Мұндағы өлеңдердің басты қасиеті, осыншама көп ақындардың бір-біріне ұқсамайтын бөлек стильде болуы. Әр ақынның өзіне тән жырлау аясы мен өзіне тән манерінің сақталуы таңқаларлық құбылыс. Олардың көркемдік шеберлігі сол замандағы адамдарың ой-сезімін, арман-аңсарын, қоғамдық, әлеуметтік мәселелерін, өмірдің әртүрлі, әрқырлы күрделі келбеттерін түрліше тұрғыдан бейнелеп бере алуында болып отыр. Осы өлеңдердің жазылу шеберлігі, көркемдік қуаты күні кеше жазылғандай өміршеңдік танытуы адамзат жауһар жырларында сирек кездесері анық. Бұл дәуірдегі өлеңдердің тақырыбы орасан ауқымды. Мұның ішінде мазмұны бай өлеңдерді саралап қарағанда, кейбір ақындар сол замандағы қоғамдық, таптық қайшылықтарды жырына арқау етіп, сол заманның қараңғы тұстарын әшкере жазуға бой алдырса, кейбірі соғыс тақырыбын, отаншылдық, елшілдік мәселелерін ту етіп көтерген. Ақындардың көпшілігі табиғат көрінісін, туған жер келбетін өз шығармаларына арқау еткен. Мұнан сырт ақынның өзінің ішкі жан әлемі, арман-мұраты, махаббаты, күйініш-сүйініші сынды лирикалық меннің бас көтерер тұсы асқақ күйде суреттеледі. Жалпы алғанда, табиғат құбылыстары, саяси әлпет, тұрмыстық күй, қоғамдық салт-санадан тартып, ақындардың жеке тұлғасына дейінгі нәрселердің барлығы сол дәуірдің жырына өзек болған. Жасампаздық тұрғыдан негізінен реалистік бояулар мен романтикалық шалқыған сезімді қатар өріп отырады. Кейінірек бұл тәсіл, уақыт сүзгісінен өте келе қытай халқының классикалық заманауи поэзиясының үздік дәстүріне айналады. Бұл дәуірдегі поэзияның формасы да әр алуан. Таң дәуірінен бұрынғы ескі үлгідегі өлеңдер негізінен бес буын, жеті буын болып келсе, осы кезеңде өлең үлгілеріне төрт таған және шалыс ұйқас сынды жаңа формалар енгізіледі. Бұл екі түрдің бұрынғы бес және жеті буынды болып келетін өлең үлгісінен айырмасы мол болатын. Сол себепті Таң өлеңдерінің негізгі формасы: бес буынды ескі үлгідегі өлең, жеті буынды ескі үлгідегі өлең, бес буынды төрт таған өлең, жеті буынды төрт таған өлең, бес буынды шалыс ұйқас, жеті буынды шалыс ұйқас болып алты түрге жіктеледі. Бұрынғы ескі үлгідегі өлеңнің ұйқасқа қоятын талабы еркіндеу, жеңілдеу болған. Өлең тармақтарының саны көп болса да, аз болса да, көлемі ұзын иә қысқа болса да кешіріммен қаралатын, ұйқастар мағынадан ауытқымау аясында орындарын да өзгерте беретін. Ал Таң дәуірінің поэзиясында бұл талаптар күшейтіліп, өлеңнің тармақ, ырғақ, ұйқас мәселесіне ұқыптылықпен қарайтын болды. Онда өлеңнің жол саны шекті болады. Мәселен, төрт таған өлең төрт жолдан, шалыс ұйқас сегіз жолдан айнымауы керек. Тармақ ішіндегі сөздердің үндестігінің де өз заңдылығы бар. Ұйқастарын ауыстыруға келмейді. Оның үстіне шалыс ұйқас, үнемі жол аттап ұйқасып отыруды талап етеді. Ескі үлгідегі өлеңдердің стилі арғы замандардан жалғасқан, сол себепті ол ескі стиль деп те аталады. Бертінгі Таң дәуірінің өлең үлгілерінде қатаң ырғақтық үйлесім бар, ішкі тылсым әуен бар. Сол себепті бұл кезеңдегі өлеңдерді Қытайдың әдебиетшілері ырғақты өлеңдер деп атаған. Мұнан Таң дәуірі өлеңдерінің формасы мен стилі ескіден жаңаны жаратқан бай нақышты, алуан айшықты екенін көруге болады. Ол Таң, Уй дәуірлеріндегі ауыз әдебиеті мен халық әндері дәстүріне мұрагерлік етіп қана қалмастан, өлеңдік нұсқаларды да едауір дамытты. Өзіне дейінгі қалыптасқан бес буынды, жеті буынды өлең үлгісімен шектеліп қана қоймай, құрлымы күрделі, баяндау ритмі өзгеше, сезімге толы кесек дастандар тудырудың белесіне дейін көтерілді. Қытай поэзиясының бертінгі даму жолында Таң дәуірі негізін салған осы өлең құрлысының рөлі айрықша болған. Қытай поэзиясы осы дәуір салған сара жолмен дамыды. Сондықтан өлең үлгісінің осы жаңа түрі тұтас қытай поэзиясының алтын қазығы болып табылады. Ол Қытайдың классикалық поэзиясын буын үндестігі, жазылу шеберлігі, формалық түрі мен мазмұндық жаңару тұрғысынан бұрын соңды болып көрмеген белеске көтерді. Бұрынғы заманның лирикалық өлеңдеріне типтік тұлға тауып берді. Сондықтан да, арадағы уақыт айырмасының алшақтығына қарамастан халық жүрегінен терең орын алып отыр. Әйтседе, бертін үлгідегі өлеңдердің ішіндегі шалыс ұйқас түрі формасының қатаң талаптарына байланысты, өлең мазмұнының қол-аяғын оңай тұсап, еркін жасампаздық жасап, құлашты кең сермеуге жар бермейді. Бұл оның абзал қасиетімен бірге ала келген көлеңкелі тұсы еді.
Аудармашы туралы аз сөз
Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдері әлем халықтарының көптеген тілдеріне аударылған. Таң хандығының інжу-маржандарын алғаш рет қазақ тіліне аударған белгілі тіл ғалымы, аудармашы, әдебиеттанушы Әзімхан Тішәнұлы болатын. ҚХР-ның ХІ кезекті жалпы мәжілісінен кейін, жабық күйде жатқан Қытай үкіметі, «Реформа жасап, сыртқа есікті айқара ашу» саясатын жүргізеді. Бұл саясат Қытай азаттығынан кейін жиырма жыл бойына кері жүрілген төңкерістік саясаттың орынын толтыру үшін жасалған реформа болып табылады. Әрине, бұл саясат Қытай экономикасы үшін де, мәдениеті мен руханияты үшін де өз жемісін берді. Осы кезеңнен кейінгі Қытайдың жан-жақтылы дамуы күллі әлемнің көз алдында өтіп жатыр. 1978 жылы жүрілген осы саясаттан кейін өткен рухани жәдігерлер мен көне мұраларды қайтадан тірілту, ұлттық, ғылыми айналымға түсіру сынды үлкен шығармашылық жұмыстар алып барылады. Осы орайда аудармашы Әзімхан Тішәнұлы Қытай және әлем әдебиетінің озық үлгілерін қазақша сөйлету жұмысын қолға ала бастайды. Соның нәтижесінде алғаш рет 1980 жылдары Таң дәуірінің 130-дан аса өлеңі тұңғыш рет ана тілімізде сөйлеген еді. Және осыдан кейінгі қытай ақындарының аударылуына үлкен сара жол ашқан болатын. Осы сәтті пайдалана отырып, қалың оқырман қауымға аудармашы Әзімхан Тішәнұлы туралы аз-кем мәлімет бере кеткенді жөн санап отырмыз. Ғалым, әдбиеттанушы Тішәнұлы Әзімхан 1929 жылы Алтай аймағы Қаба ауданында дүниеге келеді. Туған жердегі мектебінен түлеп ұшып, 1949 жылы Үрімжідегі арнаулы қытай тілі институтында оқиды. Осы шаңырақта ол атақты Қабимолла Манжыбаев сынды саңлақ ұстаздың алдын көріп, тәлімін алады. Арада бір мезет әскери борышын өтеп келген соң, Алтай қаласындағы қоғамдық-ағарту саласында жұмыс атқарады. 1976 жылы Үрімжі қаласындағы «Шинжияң халық баспасына» ауысып келіп аудармашы, редакторлық қызыметін атқарады. Осында шетел әдебиетіне арналған «Көкжиек» журналының шаңырағын көтеріп, редактордың орынбасары болып жұмыс атқара бастайды. Осы салада ұзақ уақыт еңбек ете жүріп «Шинжияң қоғамдық ғылыми мінбесі» атты көпшілік ғылыми журналдың жарыққа шығуына мұрындық болады. Алғашқы шығармашылығын өлеңмен бастаған Әзімхан, әртүрлі басылымдар да әдебиеттану, аударма мәселелері туралы көптеген ғылыми мақалаларын жариялай бастайды. Қаламгердің ең жемісті еңбек жолы аударма саласынан кеңінен көрініс тапқан еді. Қытай тілінің осыдан мың жыл бұрынғы көне үлгілерін де оқудың шебері болған Әзімхан бірден қытайдың ертедегі классикалық әдебиетін қазақша қотаруға көшеді. Осының нәтижесінде: «Үш патшалық қиссасы», «Таң дәуірінің таңдамалы өлеңдері», «Су бойында», «Қызыл сарай түсі», «Қытайдың ертедегі әдебиеті» сияқты шығармалармен қатар «Жаң Шиян жөніндегі әңгімелер», Лу Шынның «Торғын күндік» сынды көптеген әңгімелерін, Қытайдың Сұң дәуірінің терме, өлеңдері мен шалқымаларын, сондай-ақ әлем әдебиетінің таңдамалы әңгімелерін қазақ тілінде еркін сөйлетіп, қазақ аударма мәдениетінің озық үлгісін жасап кетеді. «Арбат көшесінің ұл-қыздары», «Мұнарлы жаңбыр» сынды романдарды аударады. Сонымен қабат ғалым өлеңтану төңірегіндегі тыңнан түрен салатын, сүбелі мақалалар легін жазды. Айталық: «Қазақ поэзиясының қара шаңырағы», «Қара өлеңнің табиғаты», «Қара өлеңнің елеңі», «Қазақтың айтыс өнері туралы», «Ғасырлар қатпарынан қылаңдаған көкбөрі», «Ескіден қалған бір тұяқ», «Халық дүниесінде қатты абай болған жөн» сияқты ғылыми-зерттеу мақалалары қазақтың қара өлеңін, айтыс өнерін, көкбөрі тотемін басқа қырынан танытуға ат салысқан, уақыт легінің өткеніне қарамастан өз маңызын жоймаған сүбелі дүниелер еді. Тек әдеби салада ғана аударма жұмысын атқарып қана қоймай, халық тұрмысы мен әлеуметтік өміріне тікелей қажетті саяси, экономикалық, танымдық мақалалаларды да аударып, жалпы халықтың игілігіне жарайтын дүниелердің бәріне бел шешіп кірісті. Әзімхан Тішәнұлының ғылыми еңбектері туралы, белгілі әдебиеттанушы ғалым Жеңісхан Мұқатай: «Әзімхан мақалаларының көбі тілінің шұрайлы, табиғи да қарапайымдылығы, идеясының терең де аңғарлылығы, діттеген мәселесінің тың да тосын ғылыми, эстетикалық маңыздылығымен, көлемінің шағын, пікірінің шынайы, сыншылдық ойының орамды ұтқырлылығымен көп мақаладан көшқұлаш алда тұратыны басы ашық шындық. Өкінерлігі, қоғамдық ғылымдар аясындағы, Әзімхан сияқты білікті ағаларымыз бастаған, бір жағы азаматтық, мөралдық өлшемдерге саятын осындай игі ғылыми үрдіс, базар шаруашылығының өрісі барған сайын кеңи түскен мына реформа дәуірінде, өз жалғасын, өз тынысын әлі толық таба алмай келеді»,- деп түйіндейді. Ендеше Таң дәуірінің классикалық өлеңдерін аудару барысында аудармашы қандай мәселелерге көңіл бөлгендігін өз жазбаларынан бірге оқып көрелік. Ендігі сөз Әзімхан Тішәнұлының өз еншісінде.
Аударманың азабы
Таң дәуірі осыдан он үш ғасыр бұрын өткен, біз үшін ертегідей еліткен заман. Айтарға ғана болмаса, он үш ғасыр дегеніңіз аз уақыт емес. Уақыт ұғымы тұрғысынан қарағанда, бұл кездің өлеңдері әлдеқашан ескіріп қалуға тиісті еді. Бірақ ол ескірген жоқ. Ескіргенді қойып, алтынның қашан да алтындай сап күйін сақтайтыны сияқы, ол сол өзі туған он үш ғасыр бойына ғана емес, мұқым бір халықтың бес мың жылдық тарихының тұла бойын жарқыратып, өзінен бұрынғыға да, өзінен кейінгіге де жарығын шашып келе жатыр. Осы мәнісінен болса керек, Лу Шын: «Барлық жақсы өлең Таң дәуірінде жазылып болған, ендігі жерде будда пірінің алақанындай хикіметі бар керемет бір әулие шығып қалмаса, қолға қалам алудың қажеті жоқ»,- дейді. Жазушының бұл сөзі Таң дәуірі поэзиясының эстетикалық биігінің қай деңгейде екенін анық көрсетіп бере алады. Дегенмен, жұрттың бір парасы «жақсы өлең аударуға келмейді» деген асық пікірді ұстанатын тәрізді. Бұны шындық деп кесіп айтпаған күннің өзін де жаны бар сөз екенін жоққа шығара алмайсыз. Неге десеңіз жақсы өлең қона, түстене жататын ырғын уақыттың дүниесі емес, қас-қағым сиқырлы сәттің сілкінісі. Лездік уақытта бір халықтың эстетикасына таңғы шықтай мөлдіреп түскен сол дүниені төгіп-шашып алмай енді бір халықтың эстетикасына қотару – оңай шаруа емес екені түсінікті. Көз бен көңілде ғана мөлдірегені болмаса, сынаптай толқыған таңғы шық қолға қайдан ұстата қойсын. Ақын-жазушы мен көркем аудармашының жасампаздық жақтағы ара жігінің ашылмайтындығы осы арада. Оның үстіне, жақсы өлең деген сөздің өзі де салыстырмалы түрде айтылған сөз. Шынтуайтына келгенде, көркіне көз, сырына ой тоймайтын көркем табиғаттың шексіздігі тәрізді, жақсы өлеңде де шек болмайды. Олай болса, өзінің қосын осы көштің қайталай жасампаздығына артып отырған көркем аудармада да шек болмауы заңдылық емес пе?
Таң дәуірінің өлеңдерін тәржімалауда санаға түскен жүк біз ойлағаннан да ауыр болып шықты. Арада өткен қаншама ғасыр. Қазір сол заманның тілін, сол халықтың бүгінгі заңды ұрпағы да толық түсінбей, аударып қолдануға мәжбүр болып отыр. Заманалармен жасасып келе жатқан бір халықтың өзіне ғана тән эстетикалық ұғымы, сана-салты тағы бар. Өзіне ғана тән логикалық ой саптау үлгісі және бар. Құрылым жүйесі мүлде бөлек тілдік шарты да көңілге күдік ұялатады. Айталық, осы дәуірдегі өлеңдер негізінен жеті сөзді (буын), бес (буын) сөзді болып келеді. Бір сөз бір әріп, яғни бір буын. Жеті сөз – жеті буын. Бес сөз – бес буын. Өлеңнің тұлғалық көркемдігін сақталу үшін жеті сөзді өлең жеті буынды қалпында, бес сөзді өлең бес буынды қалпында шығуы керек. Қазақта мұндай өлең формалары бар. Бірақ, түпнұсқадағы бір буынды бір сөздің өзі біздің тіліміздегі бірнеше буынды сөздің ұласуынан туындап отырады. Бұндай кезде түпнұсқа мәтіннің табиғатын сақтау бес буын мен жеті буынның аясына симай кетеді. Түпнұсқа сөз деп дағды бойынша айтып отырмыз, шындығында өлеңнің образы симайды. Өлеңнің образды ойға құрылуы – Таң дәуірі өлеңдерінің негізгі ерекшелігі. Оның адамның сезіміне өрт, қиялына қанат бітіретін құдіреті де осы сезім пейзажға, пейзаж сезімге бөленіп, өмір суретін ойып алғандай тұлғаланатын жарқын образдылығында. Зәуде бұл құдіретінен айырылса, өлеңдік сипаты сақталғаны былай тұрсын, сөздің үйіндісіне айналады.
Деседе өлең жайында сөз болғанда форма ешуақытта өз маңызын жойған емес. Тас бұлақтың суындай сылдыраған әуезді ырғақ құрылысы болмаса, өлең адамның ең нәзігі, ең асылы болған сезім дүниесіне қоңсы қонуы екіталай. Сол себепті, мазмұн мен форма поэзия үшін біртұтас бөлінбейтін бүтін ұғым. Бұл тұрғыдан келгенде халқымыздың сөз зерделеген өлеңшіл халық болғанына бәрекелді айту керек. Неге десеңіз, Таң дәуірі өлеңдерінің жеті буынды, бес буынды форма бітімі ғана емес, ұйқас бітімі де бізде түгел. Мәселен, оның көп өлең жолдары жол аттап қиысатын шалыс ұйқас негізімен құрылады. Төрт таған өлеңдер кәдуелгі қара өлең ұйқасынан аумайды. Ішінара шұбыртпалы ұйқас түрлері де кезігеді. Мұның өзі бір халықтың типтік көркем әдебиет формасын енді бір халықтың тілінде бейнелеу үшін үлкен қолғабыс. Сол себепті, жеті буынды, бес буынды өлең жолдарының жолма жол болып симауы тым қысылдырып кеткен жоқ, форманың дайын түрі ес қатып, жеті буынды бір жол – көбіне жеті буын қосылған бір жолға, бес буынды бір жол – көбіне он бір буынды бір жолға айналады. Мұндайда жекелеген әріп, сөздердің аударма үстінде азадап шашырауы табиғи құбылыс. Ол өлеңнің ұлы табиғатына көлеңкесін түсірмейді. Кейбір жеке әріп, жеке сөздердің анауы артық, мынауы кем деудің бұндайда реті жоқ, бұндағы ең зәру күй – өлеңдегі кейбір жекелеген сөздердің түгенделуі емес, ыстық сезім жалынын лапылдатқан образды ойдың түгенделуі, өлеңнің өлеңге тән болмысын сақтауы болып табылады. Мәселен Бай Жүйының «Пипа жыры» атты көлемді өлеңінің аудармасын оқыған бір ақын қатты тебіреніп, «Шинжияң газетіне»: «Милиондаған нәзік дірілден құралып, толықси толқындаған музыка әуені осы бір жым-жырт айлы түнді сезім бесігімен тербетіп, сол бір музыканың сазды, ырғақты құрылымынан күй болып тұлғаланған қанық бояулы сезім дірілін ақын ашты толғақпен дүниеге келтірген. Жеткізбекші болған ой-пікірін сұрыптап, екшеп алынған тіл арқылы қолынан өнер тамған зергер шеберлері де нақыштай алмайтын образдылығы ұлы, сұлу мүсінге айналдырып, көңіл көлінен баяу ғана қанат қағып көтерілген аққудай айқын бейнелеген»,- деп тебірене жазыпты. Сөзіміздің дәлелі ретінде Бай Жүйының «Пипа жыры» толғауынан аз ғана үзінді келтірейік. Пипа Таң империясына түрік жұртынан тараған домбыра тектес көп ішекті музыкалық аспап екенін айта кетейік.
...Тосыннан су бетіне шықты сыңғыр,
Пипадан саулады күй тамылжып жыр.
Мен ұмыттым қайтуды күйге балқып,
Аңырайып қайықта досым да тұр.
Күй дауысы қай жақтан?
Түрдік құлақ,
Қандай жан шертті екен деп шертті екен деп қойып сқрақ.
Сызылып кеп күй сол шақ қалды тынып,
Шақыруға дәт шіркін қайдан бармақ.
Қайықты таяулатып келдік есіп,
Өтіндік айлауға бір дидар несіп.
Шам жағып
Шарап құйып рөмкеге
Түйілген дастарханды қайта шешіп.
Демек мұнан аздап болсада аударманың оқырман сезімін оятқаны, аздап болса да өлеңнің өлең болып жеткенін байқауға болады. Көркем аударма жөнінен алғанда көздеген мұратты, жетпекші болған нысанның діттегені де осы. Дегенмен, түптеп келгенде өлең өзін-өзі түсіндіреді, өзін-өзі ақтайды. Бұл оның басқаның түсіндіруін тілемейтіндігінен емес, түсіндіруге келмейтін шетін құбылыс екендігінен. Қандай сыншы талдап, талқылап бергенімен өлеңнің өзінің ұлы аңсарындай қуатты сезімді ешкім бере алмасы анық.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.