Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Нобель сыйлығының лауреаты Вислава Шимборскаяның ...

24.07.2015 2569

Нобель сыйлығының лауреаты Вислава Шимборскаяның өлеңдері

 Нобель сыйлығының лауреаты Вислава Шимборскаяның өлеңдері - adebiportal.kz

 


wsz.jpg


 

Көрнекті жазушы, Халықаралық Абай клубының президенті Роллан Сейсенбаев поляк ақыны, Нобель сыйлығының лауреаты Вислава Шимборскаяның өлеңдерін қазақ тіліне аударған.


Халықаралық Абай клубы – қазақ елінің көрнекті мәдени қоғамдық орталығы. Абай клубы «Аманат» атты халықаралық әдеби журнал мен сол журналдың 200 томдық кітапханасын шығарады. Бұл кітапханаға әлемнің озық ойлы жазушыларының, Нобель сыйлығы иегерлерінің, қазақ әдебиетінің атақты жазушыларының кітаптары енген.

Халықаралық Абай клубы Еуропаның озық баспаларымен бірлесіп кітаптар шығаруды да дәстүрге айналдырған. Италияның, Ұлыбританияның, Польшаның, Германияның, Испанияның баспаларымен бірлесіп шығарған көркем кітаптары сол елдердің кітап дүкендерінде сатылады. Айтулы кітапханаларға ол кітаптар тегін таратылады.


Абай клубы шығарған Вислава Шимборскаяның «Исаактың жазығы неде?» жыр кітабыннан ақынның өлеңдерін  ұсынамыз.

 



Елші сөзі


 

Вислава Шимборская (1923-2012 ж.ж.) – поляк халқының ұлы ақыны, белгілі эс­сеис­ті, халықаралық Гете атындағы (1991 ж.), Гердер атындағы (1995 ж.), сонымен бір­­ге Нобель сыйлығының лауреаты (1996 ж.). Американың Өнер және Әдебиет ака­демия­сының құрметті мүшесі (2001 ж.). Польшаның ең үлкен «Ақ бүркіт» орденінің иегері.


Вислава ақын аса қарапайым, тұйық, жалғыздық құшағын ұнататын адам, сонымен бір­ге тұңғиық ой иесі, қашанда оқырмандарының жүрегін бебек қақтырады. Оның өлең­дері біліктілік биігімен, терең лиризммен, философиялық ой-қуатымен ерек­шеленеді.


Ақын өмірден өткенімен оның поэзиясына табынатындар қатары азайған жоқ. Шығармалары 42 тілге аударылған, 42 елде кітап болып басылған.


Біз қазақ елінің оқырмандарына Вислава Шимборскаяның бір томдық таңдамалы өлеңдерін тұңғыш рет қазақ тілінде әйгілі Халықаралық Абай клубының кітапханасынан шығарып отырмыз.


Нобель сыйлығының лауреаттары Чеслав Милош пен Вислава Шимборскаяның өлеңдерін қазақ тіліне аударған атақты қазақ ақыны Әбубәкір Қайранға ал­ғы­сымызды айтамыз. Осы арада, ыңғайы келген сәтті пайдаланып, қазақтың әй­гілі жазушысы, Ха­лықаралық Абай клубының президенті, «AMANAT», «Жасын» журналдарын, «Жидебай» жылнама­сын дүниеге әкелген, Роллан Сейсенбаевқа ұлт­тар мен елдер арасындағы мә­дени және әдеби қатынастарды барынша ке­ңей­туге, һәм тереңдетуге жасаған қуат­ты, өміршең еңбегі үшін ерекше алғы­сым­­ды білдіремін.


Поляк халқының әдебиеті мен өнеріне білдірген құрметтері үшін Қазақ хал­қына, қазақтың әдебиеті мен өнеріне рахмет айтамын. Поляк әдебиетінің те­реңдігі мен кеңдігін қазақ оқырмандары жүрегінен өткізетініне сенімім зор.



Веслав ОСУХОВСКИЙ,

Польша Республикасының

Қазақстандағы титулярлы елшісі,

Алматыдағы Польша Республикасының

Генералды Консулы.

 

 


 

Ғасыр аяғы


 

Жиырмасыншы ғасырымыз өткендерден

жақсы болам деп еді.

Үлгермеді алайда, жылдар қалды санаулы,

шалынысып аяғы, демі бітіп барады.

 

Болуға тиіс жағдайдан

көптеу болды болмауға тиіс жағдай,

ал келуге тиісті шақтар

келмей кетті қайрылмай.

 

Негізінен көктемге бір қуаныш

жорамалы бар еді.

Кету керек болатын қорқыныштың әлегі.

Өтіріктен жылдамырақ ақиқат

жету керек болатын мақсатына дәмелі.

 

Әлдеқандай сұмдықтар –

аштық, соғыс сияқты

болмас еді сол кезде.

 

Шын құрметке бөленуі тиіс еді

қорғансыздық қарусыз,

сенім және сондайлар.

Құштар адам өмірге

мақсат қойды алдына

мәңгі қолы жетпейтін.

 

Ақымақтық – бола алмайды күлкілі.

Ал даналық – бола алмайды көңілді.

 

Үміт деген –

кешегі жас қыз емес

et catera , өкініш.

 

Құдай бір күні сенуі керек еді адамға –

қайырымды, күштіге.

амал қанша, қайырымды мен күшті –

әлі күнге екі адам.

 

«Қалай өмір сүрем» деп біреу маған хат жазды,

қоймақ едім мен оған дәл осы бір сауалды.

 

Бүгін және қашанда

(жоғарыға қарап қой) –

шұғыл сауал мүлде жоқ,

аңқау сауал болмаса.

 


Кесірткенің қаңқасы


 

Сүйіспеншілікті Бауырлар,

алдымызда алмағайып бір зат тұр:

кесірткенің әбден тозған қаңқасы.

 

Қымбатты Достар,

сол жақта – құйрығы, шетсіз шексіз созылған,

оң жақта – мойны, басқа жаққа бұрылған.

 

Құрметті Жолдастар,

ортасында, дәу қарынның астында – төрт табан,

шайқалыстан майысқан –

Мәртебелі Азаматтар,

табиғат қателеспейді, әзілдегенді ұнатады,

мына күлкілі басқа назар салыңыздар –

 

Ханымдар мен мырзалар,

мұндай бас алдын ала ойлауға дәрменсіз,

сондықтан да ол құрып тынған –

 

Жоғары Жиналыс –

мидың аздығы, аранның алапаттығы,

данышпан үрейден ақымақ қиялдың көптігі –

Лайықты Қонақтар,

бұл жағынан келгенде, өзімізде еш мін жоқ,

өмір керемет, ал жеріміз біздің –

Қадірменді Демғаттар,

жұлдызды аспан

ойшыл құрақтың үстінде, бірақ

ізгілік заңы соның өзінде –

 

Теңдессіз Комиссия,

мұндай тек бір рет қана іске асқан,

бәлкім, осы бір жалғыз күннің астында.

 

Кеңес төріндегілер!

қандай епті қолдар, қандай

шешендік сөздер, қаншама

бастар шықтырлағы –

О, Жоғарғы Инстанция,

құйрықтағы қандай жауапкершілік?!

 

 

Құдай тәубесіне түскен түн

 


Поляк халқының әдебиеті әлемдегі ең үздік әдебиет санатына жатады. Мен сол әдебиетпен ерте таныстым. Бұл әде­биет­тің қуаты, көркемдігі мені таңқалдырды. Жү­регімді тербеді. Шыңғыстаудың алып ас­панының астында, мен, он төрт жастағы боз­бала поляк әдебиеті мен өнеріне ға­шық болдым. Сол әдебиетті жүрегіммен сүй­дім. Сол тайсалмай тура шапқан, жырларын ерлікке суарған поляк әдебиетінің биік шыңдарының бірі – Вислава Шимборская. Вислава ханым әлемде сирек кездесер шындық жұтқан ұлы ақын.


1962 жылдың қара күзінде Қарауылда Анджей Вайданың «Пепел и Алмаз» филь­мін көріп, далаға шыққанымда менің жан дүнием ғажайып арпалысқа түсті; ақиқат атты алып толқынның астында қалып тұн­шық­тым, ақиқаттың ешқашан өлмейтін, тү­ге­сілмейтін ерекше құбылыс екенін боз­бала жаным сезіп аласұрды; бұл фи­льм­нің қуаты менің жүрегімнің тас-тал­қа­нын шығарды. Санамды сандалтты. Қа­рауыл төбенің басына шығып ұзақ отыр­­дым. Жалғыздық жеңген бозбала жа­ны «Пепел и Алмаз»-дан соң есі ауыс­қан, төбе басында талмаусырап қанша отыр­ғаным есімде қалмапты. Мен төбе­ден түскенде күздің қоңыр кеші ауылды тұмшалаған-ды.


Атам мені аула ортасында тосып тұр екен. «Балам, қайда жүрсің? Малдар өріс­тен келіп алды, ал сен жоқсың?.. жоқсың... Бұл жарамас мінез, қарағым!..», – деп үн қат­ты. «Мен де оралдым, ата, оралдым», – деп атамның құшағына ендім. «Ата, ке­шір мені, кешір...». Бойы еңгезердей, батыр тұлғалы атам мені құшағына басты. Қай­тып атам да үн қатпады, мен де үн қат­­падым. Ата мен немере үнсіз ұғыс­қан­дай еді. Бозбала жүрегіндегі бұлқынысты атам сезген. Әр нәрсенің өз сәті, өз соғар са­ғаты болатынын атам жақсы білетін. Сол түні ұйықтай алмай, ұзақ дөңбекшіп шық­тым. Фильмдегі трагедияға толы суреттер көз алдымнан көлбеңдеп өтіп жат­ты. Ақиқатты осынша терең таразы­ла­ған көркем өнер туындысымен бұл менің тұңғыш кездесуім, тұңғыш табысуым, тұңғыш арбасуым болатын.


Бәлкім, суреткер жазушы болуға бе­кінген бозбала тілек сол түні оянған болар. Бұл ақиқатты айтудың, жазудың, ақи­­­­қатты жүрекке түнетіп өмір кешудің қия­мет-қайым теориясын сол түні түсін­беген болармын. Бірақ ақиқатқа беріле ұм­тылған талпынысымды сезінгенім ай­қын еді. Ұйқымнан да сергек, сенімді қи­мылмен атып тұрғаным есімде. Таңмен та­ласа атамның көк атына қарғып мініп, өзен­ге қарай шаба жөнелгенім әлі күнге дейін көз алдымда. Жазушы болуды пеше­неме Алла-Тағаланың өзі де сол түні жа­зып жіберген болса керек. Әлде ол жа­за ұрыққа ілесіп осы дүниеге бірге же­те ме екен?


Айтшы, әкей, маған,

Исаактың жазығы неде?

Доп лақтырды ма көршінің терезесіне?

Дастарханды ластады ма?

Жалғыз шалбарын жыртып тастады ма?

Құс үркітті ме?


..................................................


Терезеден әлдене ағараңдап көрінді,

басында құс боп, сонсоң жел боп сезілді.

Бірақ мұндай құс қанатын да,

мұндай жел санатын да көрмегем.

Құдай, әрине,

көршіміз кейіптеніп,

Өзін сөгіп,

өзін табалайды,

ал, сонсоң

әкемді әңгімеге шақырып,

ас үйде оның жанын жаралайды.

Міне, таңертең,

Әкеммен сыртқа шықтым,

жаныммен

жек көру сезімін ұқтым – жақсылық,

махаббат – бәрі бекер,

күзгі жапырақтай әншейін, лекер.

Сенім де жоқ,

алдайды бәрібір,

Махаббат ол да жоқ,

бос кеудем әлі жүр.

Бар болса, бар шығар.

Бар болса, ол менде,

кепкен саңырауқұлақтай,

жүрек орнында, кеудемде.

Құдай бұлттан

алау-жалынға қарайды.

Ал мен өлемін, өзімді несіне алдаймын.

Тірі жүрсем деп ешқашан жазбаймын!

Осы бір түннен соң, жап-жалғыз үннен соң,

тебіреніс пен күңіреністен соң,

Құдай тәубесіне түсті,

тура айтудан гөрі астарлап айтуға көшті.

 


Бұл – Вислава Шимборскаяның тол­ғанысы. Өлмейтін өлеңдердің бірі де осы өлең. Қырық миллион халқы бар Польша ХХ ғасырда төрт бірдей Нобель сыйлығын ал­ды. Олар – Владислав Реймонт, Генрик Сенкевич, Чеслав Милош, Вислава Шимборская. Поляк әдебиеті мен өнері туралы кезі келгенде, еркін отырып, еркін сөз айту керек болар. Ол менің парызым іс­петті. Ерте есеюіме, ерте сана бекітуіме, ру­хымды аспандатуға, намысымды биік ұстауға қазақ әдебиеті туғанымнан қалай тәрбиелесе, маған америка, жапон, орыс, поляк әдебиеттері де сонша ықпал жасады. Бұлар әлемдегі шоқтығы биік әдебиет­тер. Сонан да болар, сексенінші жылдары қары қалың Мәскеуде екі апта бойы дала бетін көрмей өз-өзімді «жалғыздық абақ­тысына» қамап, «Желтоқсан күндері» атты повесті ұйқы көрмей, бітірген едім.


Бұл поляк кинорежиссері әйгілі Анд­жей Вайда мен жас қазақ режиссерінің өнер туралы, өмір туралы, адам тағдыры туралы айтылған толғаныстарға толы ой­лары болатын. Бұл қазақ пен поляк ха­лық­тарының адам айтса нанғысыз трагедиялары жайлы жанайқайы еді. Ол ту­ралы Кеңестер заманында жазу да қа­терлі болатын. Бірақ шындық жұтқан жандар, сол шындықты айтпаса орта жолда өліп тынардай болған Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский, Белла Ахмадулина, Василий Аксенов өз шығар­маларымен, Олжас Сүлейменов «Аз и Я»-сымен Кеңес баррикадасына кеуде­лерін тосқан кез еді. Бұлардың қай-қайсы да нартәуекелге бел буғандар болатын. Бірақ Ақындар да, Ел билеушілер де сақтық сақтайтын. Сондай кереғар заман еді. Ал бұлардай жанкештілер Батыста көп кезігетін. Олардың шығармаларын біздер «самиздат!» арқылы оқушы едік. Қол­жазбаны бір түнге оқуға алатынбыз. Мен Венгрияда, Польшада, Финляндияда, Германияда, Америкада болғанымда (Кеңестер кезінде 1980-1990 жылдар) «самиздаттың» кітаптарын іздедім. Мос­квада көрсетілмейтін, Кеңес үкіметінің иде­о­логиясына кереғар келеді деп есеп­телетін ғажайып кинофильмдер мен театр қойылымдарын көруге ұмтылдым. Оның бәрі «кеңес түрмесінде» мылқау да, сақау да, соқыр да болған біздер үшін табылмай­тын саф алтын тебіреністер еді-ау! Будапештке бір барғанымда жеті түн, жеті күн «Астория» қонақ үйінен шықпай «самиздат» кітаптарын оқып едім. Әрине, бүгін ол «самиздаттар» кітап сөрелерінде толып тұр. Әттең, оқырмандары таусылған, асыл қазыналарды шаң басып жатыр!.. Сол «самиздаттар» сол кезде біздің жаны­мыз­дың өлмеуін қадағалаған сақшылар екен-ау! Сол кітаптар болмаса біздің көңіл аямыз күңгірт тартқан болар еді. Сол кі­таптар бізді Адам болып қалуға, Адам болып өлуге тәрбиелеген асылдар болатын. Сол «самиздаттарды» бүгінгі тәуелсіз аталатын мемлекет басшыларының бәрі оқыған. Сол бостандық ауасын жұтуға олар да жандарын салған. Олар қорғанған, қорыққан, бірақ бостандық ауасын сезіну ерекше бақыт болатын. Бүгін сол кездегі Ке­ңес азаматтары, бүгінгі ТМД елдерінің Пре­зиденттері, сексенінші жылдардағы бос­­тандықты аңсаған, бостандыққа ұм­тыл­ған күйзелістерін ұмытқан да болар, бі­рақ менің ойымша, сол кездегі бостан­дық дәмі, кей түндері оларды да түн ұйқы­ла­рынан тұрғызатынына мен кәміл сене­мін. Бостандықтың, Ақиқаттың, Әділеттің дәмі адам тіріде таңдайдан кетпек емес.


Вислава Шимборскаяның өлеңдерін мен тұңғыш рет Нью-Йоркте «Континент» жур­налындағы орыс жазушыларынан бір түнге алып оқып едім. Таңғы аста қайтып бер­дім. Ал Вислава ханымның өлеңдері ме­нің жүрегімде төңкеріс жасап жатыр еді.


Біз өз дәуіріміздің баласымыз,

саясат дәуірінің.

Бар ісіміз біздің және сіздің де

саясатпен өзектес

күндізде де, түнде де.

Қала, мейлі, қалама –

бұл саяси тек – нақты

дәл терінің түсі мен

көз реңі сияқты.

Айтқан сөздің бәрінде

саяси мән болады,

үндемесе – тек құпия тұрады.

Орманда да егісте

әр қадамың саяси,

сол саяси амалың.

Саясатқа қарсы өлеңнің өзі де

саясатпен оқталған,

ойдың өзі партиялық мәнге ие.

«Боламын ба, болмаймын ба?» – мәселе,

соның бәрін шешеміз

тек саяси сезіммен.

Саясаттың жолында

адам болу міндет емес, сенсіз-ақ

бола берер жанармай мен сүрлем шөп,

немесе әлгі шикізат.

Өмір, өлім шешілетін қасында

үстел үсті айғай-шуға толады,

дауласады ай бойы – мына тұрған үстелдің

шеше алмастан не сопақ,

не дөңгелек екенін.

Дәл сол сәтте халық күйреп жатса да,

аң аңырап,

үй өртеніп, дала жылап жатса да,

мың жылғыдай бұрынғы

құр даңғаза бұл саяси даурығу.


Вислава Шимборскаяның қайтыс бол­ға­нын естіген күні мен үйге сыймадым. Халықаралық Абай клубында шығарған «По­ляк поэзиясы» кітабынан ақынның өлең­­дерін тауып қайта оқыдым. Жан тын­шымады. Тауға да бардым, Барға да бар­дым. Оңаша да қалдым, бірақ жан тула-уын тоқтатпады. Ұйқысыз тағы бір түн өт­кізіп, Алматыдағы Польша Респуб­ли­ка­сының Бас консульствосына арнайы соқ­тым. Бас консул – жақсы досым Вес­лав Осуховскийге көңіл айттым. Әдебиет пен өнерге жаны үйір Веслав, Нобель сыйлығының иегері болған Милош пен Шимборская туралы естеліктері мен ойларын ортаға салды. «Веслав елші, Вислава Шимборскаяның кітабын шыға­ра­йық», – дедім. «Өте дұрыс. Мен қол­­даймын. Сенің Абай клубың шығарсын. Аудар­машы табайық», – деді. Милошты ау­дар­ған арынды ақын Әбубәкір Қайрановқа аудартатын болып келістік. Екеуі­міз бірдей орнымыздан тұрып қол алыс­тық. Құшақтастық. Сөз бітті. Іс бас­тал­ды.


Польша мен Ресейдегі аудармашылар­мен, Әбубәкір ақынмен келіссөздер жүр­гізілді. Бірақ күзде жүрек сыр беріп қай­тадан ауруханаға түстім. Бұл менің сол жы­лы бесінші рет ауруханаға түсуім еді. Жү­­рекке екінші операция керектігі анық­тал­ды. Менде басқа жол да жоқ болатын.


Астанадағы жүрек клиникасының кең па­латасының үлкен терезе алдындағы тумба үстінде менің қолжазбаларым, Вислава Шимборскаяның өлеңдерінің қа­зақша аудармалары, Абай клубында жаңа ғана басылып шыққан Шота Рус­тавелидің «Жолбарыс тонды жаһангез», Гетенің «Фауст» дастандары тұр еді. Сол асыл­дармен қоштасып таңертең операция столына жаттым. Операция сегіз са­ғатқа созылды. Мені есіме келтіріп, екі күн­­нен соң палатама алып келгенде, екі алып ақынның кітаптары, Шимборская­ның аудармалары, өзімнің жазып жатқан «Өлгеннен соң есептесерміз» атты Қазақ­станда өршіген терроризм мен діни лаң­кес­тік туралы сахналық трагедияның қол­жазбасы қарсы алды.


Бар ішінде бомба жарылады он үш

сағат жиырмада.

Бізде әлі он үш сағат, он алты.

Біреу шығып үлгеріп,

біреу кіріп барады.

Лаңкес шығып үлгерді жолдың арғы бетіне.

Бұл қауіпсіз қашықтық,

Көрінеді бәрі анық:

Сары күртелі бір әйел, міне, шығып келеді,

Әйнек киген бір еркек қыр соңынан ереді.

Джинси киген жастар да бір әңгіме үстінде.

Он үш сағат, он жеті, төрт секунд және де.

Көлігіне мініп жатыр әлдекім,

ажалы жоқ екен де.

Мына біреу жоғарыдан кеп кірді.

Он үш сағат, он жеті және қырық секунд.

Әсемденген анау қыз бері беттеп келеді.

Оны автобус көлегейлеп тастады.

Он үш сағат, он сегіз.

Көрінбейді қыз әлгі.

Кірді ме өзі, ақымақ, кірмей өтіп кетті ме –

өліктерін бәрінің шығарғанда көреді.

Он үш сағат, он тоғыз.

Ешкім кірмей қалды ғой.

Өзі семіз, өзі таз – біреу шығып тағы да,

біраз тоқтап, қалталарын қарауда.

Он секунд қалыпты он үш сағат, жиырмаға,

Қайта кірді әлгі таз ұмытқанын алуға.

Міне, болды он үш сағат, жиырма да.

Уақыт қалай өтпейді. Мүмкін, қазір.

Жоқ, әлі емес. Иә, қазір, дәл қазір

Жарылады бомба да.


Бұл жолы да өлмейтініме, жүрекке жа­салар екінші операциядан да тірі шы­ғатыныма, мені тосқан ұлылардың құша­ғы­на қайтып оралатыныма еш шүбә кел­тірмеген едім. Туған халқым мен туған әдебиетімнің алдында өтелмей бара жатқан парызым бар еді. Бар жан қуатым­ды салып сол парызды түгел орындау ке­рек болатын. Адам үшін ғана емес, бү­кіл адамзат үшін қызмет қыл деп өсиет айтқан Абай бабамның тілегін қалай жерге тастармын?!


Қалың екі кітаптың мұқабасында са­лын­ған суреттердегі Руставелидің де, Гете­нің де көздерінде қалың мұң тұнып тұр еді. Операцияда жамап-жасқаған жү­рек қайта тулап берді. Көзім қарауытты.


Ең жүйрік қас-қағымдық запыран шаш­қан зәрлі ойлар миымды жаулады.


Сонда «шындық жұтқандарды жалғыз қал­дыру күнә» деп ойладым.


Он бесінші ғасырдан жүрегі шерменде болған грузин Руставелиді, он сегізінші ғасырдан жүрегі уланған неміс Гетені, жалғыздық қапасын көрген Адам Мицкевич пен мадияр-қыпшақ Шандор Пете­фи­ді, қазақ Махамбетті, Шоқанды, Абайды керексіз қылып жалғыз тастағандарымыз үшін шын күнәһармыз-ау деп.


Сонда ойладым: ұлыларының есті сөз­дерін естеріне сақтап қалдыра алмаған ха­лық тірі өлік болар деп.


Рухы мен намысын, адамгершілігі мен бос­тандығын санада өшірткен; мәңгіге ес­тен адасқан тірі өліктер кезген кеңістікті көз алдыңызға елестетіп көріңіз...


Көрдіңіз бе? Көрсеңіз ондай кеңістікте өмір сүруге бола ма?.. Өзіңізді ойлама­ңыз... болашақ ұрпағыңыздың тағдырын ой­лаңыз. Біз келмеске кетуге керуен тарт­қандармыз. Ал қазақтың жас тұяғы қайтып күн көрмек?..


Әлем саясатын басқаратындарға, заман өткен сайын адам туралы ойлау қиын­дап барады. Олардың ойлары ақ­шаға шырмалып үнсіз жатыр. Оларға ке­регі екі-ақ нәрсе. Біреуі – билік, екіншісі – ақ­ша. Билік болса, ақша болатынын, ақша болса, билік болатынын олар жақсы біледі. Замандар бойы саясат салған са­ра жол осы. Ол – коррупция мен сатқ­ын­дық жолы.


Сонан да қара жерге аманат қылып жі­берілген шындық жұтқан Ақындар, Ба­тырлар еш тайсалмастан саясатшы­лар­ға қар­сы шығады. Бұл мәңгілік қарсылық май­даны.


Билік Құдай жіберген асыл ақындарды да, көзсіз батырларды да амалын тауып өлтіріп жатады. Бірақ қарсылық қозғалы­сы еш тыным таппайды.


Батыр өледі. Бірақ, қара жерді дүр сіл­кін­дірген даңқы аңызға айналады.


Ақын өледі. Бірақ қара жерді шындық пен мейірімге толтырған асыл сөздері, жы­лы, шуақты желдей көшіп жүреді.


Билік басындағылар да өледі. Бірақ олар­дың бірен-сараңы болмаса, арттарында түк те қалмайды. Құшағын тол­тыр­ған көк ақшаларын құшақтап, көрінген тө­бенің басында құмға бөгіп өліктері қа­латынын ұзақ-сонар тарих айтады.


Қара жерде өлмейтін, Алла жіберген Сөз ғана.

Алып Аспанның асты мен қара Жердің үс­тінде күн кешкен халқымызды ардақ тұ­тайық.

Ақын да, Батыр да, Саясаткер де, сол ха­лықтың құшағынан суырылып шыға­ты­нын еш ұмытпауымыз керек.

Вислава Шимборская ханымның жан тер­беген өлеңдері осы өлең кітапты шы­ға­рар тұста мені қайтадан қинағаны рас. Ме­ні тәрбиелеген ұлы ақындар мен ойшылдар туралы тірі болсам естелік кітап жазуды өзіме ант еттім. Ол өзім үшін де, – олардың рухына тағзым етіп, рахмет айтуым керек еді; өсіп келе жатқан қазақ өлкесінің жаңа ұрпағы үшін де – бұл олардың рухани әлемін тәрбиелейтін аманат ретінде қалу керек еді. Менің бұл ойымды Вислава ханым да растағандай:


Мұнда жатыр Шимборская деген жан,

нүктелі үтір секілді. О, қара жер,

болма алаң,

әдебиетшілер тобынан алшақ шығар,

кім білді.

Құшағыңа алыпсың бұл жазушы әйелді.

Жапырақ па, үкі ме – бәрі, міне, шығарма.

нәтсіз тасты әрлесең, ол мәңгілік тұрар ма?!

Ей, жолаушы, электрон миыңмен,

бұл әйелдің тағдыры туралы да бір ойлан.

Бұдан өзге ойға берілу күнә екенін се­зіп, сөзін тежеп, көңілін тіктеген.


Роллан Сейсенбаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар