Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?...

12.02.2024 1517

Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?

Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе? - adebiportal.kz

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында жас жазушы Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» атты кітабының тұсаукесері өтті. Әдеби жиынға зиялы қауым өкілдері, елордалық ақын-жазушылар, кітапханашылар мен   оқырмандар қатысты. 

Әлихан Жақсылық бұдан бұрын да «Алты құрлық», «Төрт мұхит» атты кітаптары шыққан, әдеби байқаулардан жүлде алып жүрген жазушы. Бірқатар туындылары қырғыз, түрік, орыс, ағылшын тілдеріне аударылған. Анимациялық сериалдардың да авторы, мысалы, «Балапан» арнасынан көрсетілетін «Ұшақтар», «Ырысты ыдыстар», «Ақылды көжектер» және «Қаһарман» секілді онға жуық анимациялық фильмге сценарий жазған.

Автордың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» кітабының таныстырылымы Ақтөбеде, Алматыда, Талдықорғанда, Қонаев қаласында ұйымдастырылып, Астанада да жалғасты. 

Жиынды ақын Бауыржан Бабажанұлы жүргізіп, кітапты оқыған оқырмандар өз пікірлерін білдірді. Әдебиетші-сыншы Амангелді Кеңшілік: «Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» туындысын бір демде оқып шықтым. Әрине, шығарманың әлі де жетілдіре түсетін тұстары, бір қайнауы әлі жетпей тұрған жерлері баршылық. Соған қарамастан автордың ізденісі, бүгінгі күннің шындығын беру үшін тыңнан түрен салуға ұмтылған талпынысы маған ұнады. Тыным таппай еңбектене берсе келешекте Әлиханның ірі суреткер бола алатын мүмкіндігі бар.  Әлихан шығармашылығына Кафка туындыларының қатты әсер еткенін байқағандай болдым. Ақылға қонбайтын абсурдтық дүниелерді өмірдегі шын болып жатқан оқиғадай суреттей білу – жазушыдан үлкен шеберлікті талап етеді. Әлиханның жеңіл емес, өнердегі осындай ауыр жолды таңдағаны мені қатты қуантты», – деп жас қаламгердің шығармашылық қадамынан үміттенетінін жасырмады. 

Мәдениеттанушы Серік Ерғали кітаптың атауына аз-мұз ескерту беріп өтіп, «Жасқа тән бұла күш пен бойын тепкен балаң ой, ыссылай қапқан жігері жарасымды нағыз жас жазушы екен. Небәрі 26 жаста. Ақын болса бұл жас лайық болар, проза үшін бұл селт еткізер оқиға. Оның үстіне қазақ әдебиеті үшін. Көрдік. Байқадық. Сендік», – деп жылы лепес білдірді. 

Кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген романның ерекшелігіне тоқталып, «Романды оқып жатырмын. Әдетте көп дүниені бастағанда-ақ аяғы немен бітетінін сезіп отырасың. Ал мұнда сен мүлде күтпеген қайырымдар шыға келеді. Тосындығымен ерекше»,  – деген пікір айтты. Сейілбек Мырзабай болса Әлиханның романын психологиялық тұрғыдан талдауға тырысты. 

«Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» романы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Думан Рамазанның алғысөзімен басталады. Жазушы: «Шығарманы оқи бастағаннан тіл тазалығына, стиліне риза боласың. Көркем әрі анық та қанық қылып жазады. Сондықтан да болар, жеңіл оқылады. Сондай тартымды, бірден иіріміне тартып ала жөнеледі. Мүдіріс жоқ, жорғадай жорғалап, аттай желіп отырасың. Сөзбен сурет салады. Бәрін қолмен ұстап, көзбен көріп отырғандай әсерге бөленесің. Бірте-бірте жазушы суреттеп отырған қаланың қайнаған қызу тіршілігіне өзің де қалай кірігіп кеткеніңді білмей қаласың. Тұрғындармен бірге өмір сүріп жатқандай күй кешесің. Жақсылығына сүйінесің, жамандығына күйінесің. Әйтеуір, бей-жай қалмайсың, түрлі сезім күйін кешесің! Жалпы бұл шығарманы енді не болар екен деп қызығып қана емес, енді не айтар екен деп ынтыға оқисың. Ой теңізіне шомылғандай әсерде боласың. Бір сәт сан түрлі ойлар қаумалап, құрсап алады, содан бір сәтке де босай алмайсың. Тіпті кейіпкерлер диалогының өзінде қоғам және өмір шындықтары сараланып, күрделі сауалдарға толымды жауаптар беріледі. Сол бір жауаптасулардан-ақ көп нәрсені түсінуге, түйсінуге, ұғынуға болады. Бас алмай құмыға, қызыға оқисың. Егер қоғамың кері кетсе, бостандықта жүріп-ақ түрмедегідей күй кешесің, саудың тамағын ішіп, жындының сөзін сөйлейсің. Осы бір өмірлік қағида әдемі әдіптелген. Сөз жоқ, ойландыратын ойлы шығарма»,  –  деп түйіндей келіп, ағалық ықыласпен тілеулестік білдіріпті.

25 жасында Жазушылар одағына мүше болып, 26 жасында «Ерен еңбегі үшін» медалін алған Әлихан Жақсылық «Африкадан Аляскаға дейін» деп аталатын роман жазып жатыр.  Ал оның «Ар» баспасынан шыққан «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» кітабы Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен ағылшыншаға аударылды, көп ұзамай Еуропадағы оқырманға жол тартпақшы.

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар