15 тамыз – әдебиеттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішұлының туған күні. Өмірден өткеніне де 4 жыл болыпты. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз рас екен. Ұстаздың есімі ұмытылған жоқ. Уақыт өткен сайын жүректің түбіндегі қадірі артып келеді. Турашыл, шыншыл тұлғасы әлі көз алдымда. Осы ретте ұстаз қайтыс болған соң бір жыл өткенде жазылған мына бір шағын естелікті «Әдебиет порталы» оқырмандарына ұсынғым келді.
Қолыма қайдан түскенін білмеймін, бір сарғыш газет ұстап отыр екенмін. Алғашқы бетінің оң жақ бұрышында “Тұрсынбек Кәкішұлы дүниеден озды” деген ақпаратты көзім шалып қалды. Жүрегім аузыма тығылып, өксіктен тұншыға жаздап ояндым. Түсім екен. Жалма-жан ұялы телефонымдағы сағатқа қарасам таңғы төртті көрсетіп тұр. Әдеттегідей “түсіңде біреу қайтыс болса ол адам ұзақ жасайды” дегенге жорып, ұстазымды қазаға қимадым. Бірден тіліме оралған “Ықылас” сүресін үш қайталадым да ағайға амандық тілеп, ұйқымды қайта жалғастырдым. Алайда, содан тағы төрт сағат өткенде ұстаздың өмірден өткені туралы хабар алдым. Содан бері де міне, бір жыл өте шығыпты. Сағындық! Келбетін, тұлғасын, даусын сағындық! Қанша жерден сағыныш азаптаса да мына дүниеде қайта қауыша алмайтынымыз да аян. Сондықтан, ұстаз туралы естеліктерге назар аударамыз. Өзіміз де естелік жазуға мәжбүр боламыз. Ұстаздың өзі айтқандай: “Ескірмейді естелік!”
- Ғаббас Тоғжановты білесің бе? – деді ұстазым Тұрсынбек Кәкішұлы магистратураға оқуға түскенімді айтып, үйіне барған бір сәтте.
- Бірер кітаптан оқығаным бар. Әсіресе, Смағұл Садуақасов туралы зерттеу жазған Дихан Қамзабектің кітабынан көрген сияқтымын. Өз әкесін кәмпескелеушілерге өзі ұстап берген адам емес пе еді?
- Жоқ, дәл өзі ұстап бермеген, тек кәмпескенің болатынын алдын-ала ескертпеген сынды. Жалпы адам ретінде мінезі аумалы-төкпелі болған көрінеді. Бірақ, қазақ әдебиетіндегі ең алғашқы “профессионал сыншы” деген атағы бар оның. Сол адам зерттелмей жатыр. Осыдан жиырма-отыз жылдай бұрын Лұқпан Асылов деген жігітке тапсырып едім, бірақ, ол ештеңе жазбады. Сондықтан, оны толық қараған ешкім жоқ. Сенің жетекшің кім болады екен?
- Ол жағын білмедім, ағай. Менің тілегім де сол, жетекке өзіңіз алсаңыз жақсы болар еді...
- Онда ертең факультетте жолығайық. Деканның не дейтінін білейік, – деп ұстаз жылы қоштасты. Бірақ, менің алдымда бір жыл бұрын докторантураға түскен бір адамға жетекшілік жасауына байланысты декан ағайға мені берген жоқ. Алайда, Қансейіт Әбдезұлы ұстазының тілегіне қарсы келмей магистрлік зерттеуімді “Ғаббас Тоғжановтың әдеби, сыни мұрасы” деген тақырыппен бекітті. Сондай- ақ: “Негізгі кеңесші ретінде Тұрсынбек ағайыңнан ақыл сұра әрі сол кісінің сілтеген бағытымен жүруге тырыс”, – деп тапсырды. Бұл ұсынысқа мен де қуандым. Екі жылдық оқуымда Тұрсынбек ағайға жиі жолығып, ақыл–кеңес алып отырдым. Магистрлік жұмысымды да ағайдың айтуы бойынша мемлекеттік және президенттік мұрағаттарға барып жүріп жазып шықтым. Дайын болған күні үйіне апарып бергенімде ұстаз: “Қолжазбаңды үш күннен соң келіп ал”, – деді. Үш күн үш ғасырға ұласқандай күй кештім. “Ағайдың ойындағыдай жаза алмай қалдым ба екен” дейтін күдік меңдеп, уәделі күні қайта бардым. Есіктен кіргенімде: “Ә, келдің бе ғаббастанушы?” – дегенінен-ақ ішім жылып сала берді. Іле-шала жазғандарымды оқығанын, бірер кемшіліктері барын, дегенмен алған бағытымның түзу болғанын айтып қуантып қойды. Қорғаудан кейін көп ұзатпай қайта толықтырып, жеке кітап етіп шығаруды міндеттеді. Жазып берген пікірін алып, Күләш апайымның бай дастарханынан дәм татып, төбем көкке екі-ақ елі жетпей үйге қайтқаным әлі есімде.
Одан кейін де бірер мәрте үйіне бардым, бірнеше рет журналистік қызметіме байланысты сұхбат алдым. Әр көрген сайын: “Тоғжанов қайда?” – деп сұрайтын. Жұмыстан қолым босамайтынын, уақыттың аздығына байланысты өзі айтқан кемшіліктерді толтыра алмағанымды алға тартып ақталатынмын. Әлі күнге солай. Ағайдың рухының алдында сол сылтауларымды айтып келем. “Аманатын орындай алмай қалар ма екенмін” деп қорқатынымды да жасырмаймын. Өйткені, ағайдың өзі бір бастаған ісін аяқсыз тастамайтынын айтып отыратын. Сонау кандидаттық, кейінгі докторлық диссертацияларын жазғанда да, жалпы саны қырықтан асатын ғылыми кітаптарын жинағанда да өзге сылтауларға бой алдырмайтынын үлгі ретінде ұсынатын. Шәкірттерінен де дәл өзі сияқты табандап тұрып еңбектенуді талап ететін. Өзі жетекшілік еткен бүгінгі ғалымдарды айтқанда Құлбек Ергөбекті “еңбекқор”, Жандос Смағұловты “шыншыл”, Өмірхан Әбдіманұлын “қағілез” деп отырушы еді. Кейбір шәкірттеріне сырттай “басшылық қызметтерге араласып, ғылымға уақыт таба алмай жүр” деп кеитін. Өйткені, ағайдың бар ойы, тілегі, талабы – ғылым еді. Дүниеден озарынан дәл бір жыл бұрын факультетке келіп, өзі жетекшілік жасаған кафедра ұжымын жинап, әдебиеттанудың тарихы жөнінде жаңа зерттеу жұмыстарын жасау керегі жөнінде сөйлеген сөзі жадымнан шыққан емес. “Кафедраның шаруасы есеп қағаздарымен ғана өлшенбеуі тиіс” екенін айтқан ұстаз: “Жас ғалымдардың бас ғалым болатын уақыттары жетті”, – деген еді. Ондағысы ұжымды жастардың қолына тапсырып, ондаған жылдардан бері өзгеріссіз келе жатқан оқулықтарды жаңартудың, оқу бағдарламасын жетілдіріп, әдебиеттану тарихына қатысты ғылыми еңбектерді бүгінгі күннің көзқарасымен түгелдей қайта жинап, құрастырудың қажет екенін түсіндіруге тырысқан. Бірақ, кейбір шәкірттерінен қолдау таба алмаған ағайдың жиналыс соңында: “Мен сендерді жақсы ғалым бола ма десем, нашар шал болыпсыңдар ғой”, – дегенін де ет құлағыммен естідім. Бұл сөздің астарында өзекті өртеген өкініш, бір кездегі қайратына қайта міне алмайтынына қынжылғаны, бүгінгі жүйенің ғылымға деген көзқарасына реніші жатқанын аңғару қиын емес еді. Ал осының бәрін сырттай бақылап тұрған маған “өз шәкірттерінен өзі таяқ жегендей” күй кешкен ағайдың сол кезде апайдың жетегінде еңсесі түсіп, көңілі қалып, кафедрадан шығып бара жатқанын көруден артық азап болмап еді...
Естелікті дәл бұлай “көңілсіз” етіп жазуға зауқым соқпаса да ағайдың өзі әрдайым аузынан тастамайтын шындық принципінен аттай алмадым. Маған Тұрсынбек Кәкішұлы қанша жерден атақ пен абыройға кенде болмағанымен кейбір қатарластары, тұстастары арасында үнемі шетқақпай көріп келгенге ұқсайды. Оған ғалымның турашыл мінезі “кінәлі” секілді. “Академик деген атақты архивтің есігін көрмей алған”, “Бір кездері Алашорда ақын-жазушыларын “оңбаған”, “ұлтшыл” деп айыптаған адамдар кейін ұялмай алашшыл болып жүр” дейтін сөздерін көзі тірі замандастары кешіре алмаған сияқты. Есесіне, ағайдың Сәкеншіл, Сәбитшіл екенін алға тартып, алаштықтардың, әсіресе Мұхтар Әуезовтің оппоненті етіп көрсетуге тырысатындай. Көптомдығының бірінші кітабында: “Өз құрбыларымның ішінде көбірек кеуделегені мен болып қалуым ғажап емес. Біреуден кешірім сұрап, жауапкершілігімді жеңілдетейін деп айтып отырған жоқпын. “Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болу” пиғылы маған жат. Сол кезде жазғандарымның бәріне бүгін жауап беруге даярмын”, – дегенінде ұстаз өзіне қатысты айтылатын кейбір пікірлерді ескеріп отырғаны анық. Осы ретте ағайдың маған тағы бір ерекше әсер еткен сөзін келтірейін. 2010 жылы “Шалқар” радиосында қызметте жүріп 22 сәуір күні Сәбит Мұқановтың туған күніне орай ағайды түнгі бір сағаттық тікелей эфирге шақырдым. Жазушы туралы естеліктерін айтып, менің де, тыңдарманның да көптеген сұрақтарына жауап берген ғалым студиядан көңілді шықты. Жай боп кеткеніне қарамай үйіне ертіп апарып, дастархан басында әңгімені тағы да жалғастырды. Сәбит пен алаш азаматтары, оның Ахметпен, Мағжанмен, Бейімбетпен, Мұхтармен қарым-қатынастары туралы көптеген мәлімет айтты. Сол кезде жастықпен болар бәлкім: “Ғайыптан тайып, сол заманға бара алатындай мүмкіндік туса өзіңіз атын атаған азаматтардың қайсысымен сөйлесер едіңіз?”, – деген қиялилау сұрақ қойдым. Бұл сауалыма ағай ренжіген жоқ. Керісінше күрсіне отырып: “Ең алдымен Байтұрсыновпен сөйлесер ем. Өйткені, оның ғалымдық сыры әлі күнге толық зерттелген жоқ. Одан кейін Сәбитпен сұхбаттасам. Әсіресе, оның Мұхтар екеуінің арасындағы пенделік қайшылықтарының нақты сырын білгім келеді. Мүмкіндік болса екі тұлғаны жарастыруға, табыстыруға тырысар едім”, – деді. Кейін ойласам, ағайдың бұл сөзі Мұхтар мен Сәбит арасындағы дауды қаламайтынын байқатыпты. Өйткені, ғалым Сәбит Мұқанов туралы кітабында Мұқанов пен Әуезовтің жиналыстарда қарсы пікір айтысып, сөзге келіп қалғанын көруге жиналатындардың, тіпті, шамалары жетсе екі алыпты сүзістіріп қойып, рахаттанатындардың болғанын жазған. Сәбитті “сатқын” дейтін кейбір алып-қашпа әңгімелерден арашалау барысында өзінің де әуезовшіл ағайынның алдында “жағымсыз кейіпкердей” күйге түскенін байқады. Тіпті, 50-жылдардың орта шенінен бастап “М. Әуезовке оппозициядағы зерттеуші” деген аттың қалыптасқанын және ондай түсінік талай жанның көкейінен осы күнге дейін кетпей жүргенін де өзі айтқан. Әйтпесе, “...Мұқаңның кең қолтығынан мен де өзіме лайықты жылы орын тауып алуға ақылым жетер еді. Бірақ, өмір жолы басқаша соқпақты сыйлады, оған тіпті өкінбеймін...” – дегенінен ұлы жазушыға деген ішкі құрметтің, іштей сүйсінудің, қажет десеңіз жастық арман-тілектің жатқанын тануға болатындай. Бірақ, Тұрсынбек ағай өткен іске өкінетін, бармақ тістейтін жан емес. Ғалымның ғылымдағы ұзақ сүрлеуіне толық зейін қойған адам Кәкішевтің қанша жерден Мұқановшыл болса да Әуезовке қырын қарамағанын аңғарар еді. Анығында ең алғашқы кандидаттық зерттеуінен бастап Әуезовтің әдеби әлеміне тереңірек үңілген ғалым ұлы жазушыға ешқандай да жала жаппағанын көреміз. Бұл еңбегіндегі “Әуезовті суреткер ретінде сақтап қалған және оны қазақ кеңес әдебиетіне еріксіз алып келген арна – сыншыл реализм” деген пікірімен келіспеген кейбір замандастары жазушыға Кәкішев туралы жағымсыз мәлімет бергенін ғалымның өзі естелігінде жазып қалдырады.
“... – Сағат сегізде кел.
– Кешкі ме?
– Немене, сені қонаққа шақырып тұрмын ба? Пәлі! – деп, Мұқаң етженді мұрнының оң желбезегін саусағымен тартқылай бұрылып кетті. Жауап қатқыл. Мұқаңның көңілін біреулер теріс бұрағаны әлгі сөзден аңғарылғандай...” Кеңестік саяси жүйенің әбден сатқындық пиғылға ерік бергені сонша жас ғалым көзі тірі ұлы жазушы туралы жазған ғылыми жұмысын кейбіреулер “Әуезовтен кір іздеп жүр” деген тар түсінікпен қабылдаған сияқты. Үп еткен желден де секем алып үйреніп қалған қоғам тосын пікірге орын бергісі келмейді. Әйтпесе, сыншыл реализм ұғымы Әуезовтің алғашқы әңгімелерінің негізгі өзегі екенін түсіну аса қатты қиындық тудырмаса керек-ті. Таңғы сегізге шақырып алып, диссертанттың жазғандарын тыңдаған кемеңгер жазушы өзі жайында жазылып жатқан зерттеуден ешқандай да жала, нақақ пікір көрмепті. Керісінше, жас ғалымды қайта-қайта “пәлі”, “дұрыс айтыпсың” дейтін қошамет сөздерімен қуанта отырып, ақыр соңында: “... Ешкімге елпілдемей, жалынып-жалбаңдамай жүргеніңе сырттай риза едім, жақтаушы болмаса да қалыс қалатынына сене бер, үндемейді ешкім де”, – деп, қорғауға бара беруіне жол ашыпты. Есмағамбет ұстазының жетегімен Сәбиттің қолдауын тауып, Мұхтардың батасын алған Кәкішев көптеген кедергілерге қарамай кандидаттық жұмысын сәтті қорғап шығыпты.
Мен көрген Тұрсынбек Кәкішұлы табиғатынан тура, әділетсүйгіш, жалбақтауды білмейтін адам. Біреуді сырттай жамандап, жала жабуды жаны қаламайтын. Кімге болса да айтарын көзінше ақтара салатын. Бірақ, соңынан “мен анаған қалай айттым, ә” дейтін көпірме мақтанға берілмейтін. Өзінің жастық шағы кеңестік жүйенің қитұрқы саясатының дәуірлеп тұрған шағына сәйкес келсе де кейбір замандастары сияқты “ұлтшылдықпен күресіп” абырой жинамағанына қуанып отыратын. Тағы бірде әңгімелесіп отырып: “Ағай, сіз бұрынғы жазғандарыңызда алаш азаматтарын немесе басқа да бір ақын-жазушыларды ұлтшыл деп айыптап мақала жазған кезіңіз болды ма?” – деп сұрадым. Ұстаз ешқандай көлгірсусіз: “Болды. Бір рет. Бірақ, ол мақала жарыққа шықпады. Әлі күнге үйдегі мұрағатымда, қолжазбалардың арасында жатыр”, – деді.
- Кім туралы еді?
- Қажым Жұмалиев жайында. Біздің жас кезімізде қатарластар арасында біреуді “ұлтшыл”, “ескішіл” деп қаралап мақала жазып, атақ-абыройды оңай алатын тәсіл болушы еді. Көптеген ғалым, әдебиеттанушы құрдастарым, замандастарым сол тәсілді талай рет пайдаланды. Адам болған соң өз құрдастарыңның сенен озып, тез арада атақты болып жатқандарын көргенде іштей бір қызғаныш пайда болады ғой. Содан, бір күні мен де ойлана келе “Қажым Жұмалиевтің Махамбет туралы жазғандары тұнып тұрған ұлтшылдық” деген мағынада бірнеше бет мақала жаздым. Енді жазғанымды алып, газетке апарып бермек боп редакцияға келдім де, есігін ашайын деп тұтқасынан тартып қалғанымда бір белгісіз күш қолымды жұлқып әкеткендей болды. “Осы жазғаным дұрыс па, бұрыс па” дейтін күдікпен келген басым әлгі оқиғаны жаман ырымға жорып, кейін қайтып кеттім. Содан кейін көпе-көрнеу ешкімді ұлтшыл, коммунизмге жау деп жамандап көрген емеспін.
- Алашорда азаматтарына қатысты не айтасыз? Сіздің ғылыми еңбектеріңіздің бәрі де тура сол дәуірді қамтиды. Оларды қалай айналып өттіңіз? – деген сұрағыма ғалым: “Онсыз болмайтын еді. Шындығына келген уақытында алаш азаматтарының атынан фашистерден де қатты үріккен заман болды. Олардың есімін жамандап болса да кітапқа енгізу қылмыспен пара-пар еді. Мен де талай рет оларды “ұлтшыл”, “керітартпа” деп жаздым, айттым. Оны сенен жасырғанмен тарихтан жасыра алмаймын ғой. Бірақ, өзің сол жазбаларымды ашып оқысаң өзге құрдастарым мен бүгінгі алаш қайраткерлерімен құшақтасып өскендей боп жүрген кейбір ағаларыңның бұрынғы жазғандарынан әлдеқайда әсерсіз, әлсіз екенін көрер ең. Оны қойып, менің “Оңаша отау” дейтін кітабым “саяси қателігі бар” делініп бес жыл басылмай жатып қалды. Сонда баспаға жауапты қызметте отырған бір жігіттің “Мағжандай ұлтшылдың аты аталған кітапты шығаруға болмайды” дегені бар. Енді сол жігіт кейін тәуелсіздік келген соң мағжантанушы боп жүр. Ал мен өзімнің кеңестік қағиданың ықпалымен артық-кем айтқандарымды “Санадағы жаралар” дейтін еңбегімде түгел мойындағам, ашық түрде кешірім де сұрағам”, – деді. Тұрсынбек Кәкішұлының кейінгі шәкірттері санасында сақталған ең бір асыл қасиеті де осы – шынайлығы, ашықтығы. Әрбір курстағы оқуға, ғылымға икемі бар деген жасты көрсе жақын тартып, ақылын айтып, жоқ-жітігіне әрдайым көмектесіп отыратын. Әсіресе, “кедейдің бір тойғаны – шала байығаны” дегендей шәкіртақысы бір қабат киімінен аспайтын студенттерді Күләш апай екеуі сәт сайын үйіне топырлатып әкеліп, дастарханынан ішкізіп-жегізіп қайтаратыны көпке мәлім. Теңіздей терең білімімен қатар көлдей шалқыған көңілін қатар ұсынатын қос ұстазға талай шәкірт еріксіз еретін. Оқимын дейтін студентке шынайы түрде жаны ашитын ғалымның бұл қасиеті жаңа оқу жылына келген жас өрендерге аңыз боп айтылатын. Бірер дәрісіне қатысып, алдында сабақ айтқан әрбір жас тура мағынасындағы тұлғаны көретін. Аузынан шыққан әр сөз дерек пен дәйекке негізделетін. Менберде тұрған лектор Кәкішев келбеті талай жылдардың құпиясын сақтаған көне мұрағатқа ұқсайтын. Ал дәріс тыңдаушы студент бірер сағатта виртуалды түрде сол көне мұрағатты аралап, шаң басқан сары қағаздарды ақтарып шыққандай әсерде қалушы еді...
20 тамыз, 2016 жыл
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.