Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Нұрлайым Батыр. Салынбай қалған портрет...

01.08.2022 6974

Нұрлайым Батыр. Салынбай қалған портрет 12+

Нұрлайым Батыр. Салынбай қалған портрет - adebiportal.kz

Профессор Көшім Есмағамбетов

рухына арнаймын

Қала көшесін бойлай тізілген ағаштар борышын өтеген әскерилердей сап түзеп тұр. Ғалия әр қадамын санап келеді. Кенет аяғының алдына баяу қонған бір жапырақ оған таныс жайды еске салды. Құс қауырсынындай екі-үш айналған салмақсыз жапырақ өте баяу жерге түскен. Бейне кинодағы ақырын жылжытылған кадр секілді.

***

Егер адам көңіліндегі мейірімнің түсі белгілі болса, оны көпшілік ақ түске балар ма еді, кім білсін?.. Ғалия үшін мейірімнің түсі жасыл. Алғаш тауға барған кезде қаулаған шыршаларға қарап Жаратушының мейіріміне бас иген. Сонда ол көзге көрінбейтін киені көңіліне орап қайтқандай өзін бақытты сезінген-ді. Жасыл түске қараған сайын мәңгілік құндылықтар жайында ойланатын. Мейірімнің түсі әрқашан жасыл. Ғалия жасыл шыршалардың арасында жүріп таңғы ауаны тоя сіміретін де тынысы ашылғандай терең дем алатын. Сондай сәтте жүректің өле бастаған талшықтары қайта жанданғандай күй кешер еді. Қайғының түсі есе әрқашан сары. Көз алдыңда саудырап төгілген жапырақтардай жаныңның аяулы бөлшегін өзімен бірге алып кетеді. Ғалия күзде де өңін өзгертпейтін жасыл шыршаларға ұзақ әрі асықпай қарағанды ұнататын.

Ғалияның бойындағы бір қызық әдет, ол бұрын танысып көрмеген адамдарға бірінші болып телефон соғуға бата алмас еді. Сөйлесе бастағаннан-ақ абдырап тұтқаны тастай салатын. Оқуына байланысты не болмаса қандай да бір жұмыс бабымен бөтен адаммен сөйлесу қажет болса үнемі құрбыларына жалынатын. Бұл үшін таныс емес басқа біреумен байланыс орнатудан асқан қиындық жоқтай. Ал оқу орнының заңы сол қаласаң да, қаламасаң да төртінші курста диплом жұмысыңды кәсіби маманға тексертіп алуға тиістісің. Қосымша болғандай, диплом жетекшісі бұған тақырыбына байланысты білікті маманмен жолығуды тапсырған. Қасым Ербозов. Ғылыми кітаптарын пайдаланғанмен, бұған дейін жүздесіп көрмеген адамы. Қайтіп хабарласарын ұзақ ойланып, ақыры құрбысынан телефон соғып беруін өтінген. Бетпе-бет кездескен қиын емес. Сұрақтарын сұрайды да жайына кетеді. Ал телефон соғу азаптың азабы. Қайдан келген әдет екенін кім білсін?.. Жұлдыз телефонмен сөйлесіп жатқанда Ғалия жанында тұрды.

– КазГУ-да оқимын дейсің бе? Қай курс? – деді тұтқаның ар жағынан шыққан дауыс.

– Төртінші курс. Ғылыми жұмысыма байланысты сұрақтарым бар еді. Сізбен жолығуға бола ма? – деді бұның атынан сөйлесіп тұрған Жұлдыз. Құрбысы байсалды. Телефонмен сөйлескенде адамдар бұндай ұстамдылықты қайдан алады екен?.. Ғалия таңырқап әрі тамсанып қарады.

– Бүрсігүні сағат онда жұмысқа кел.

Ербозовтың кездесуге оңай келіскеніне жас шәкірттің көңілі шат болған.

***

Күн көтеріліп, айтылған мезет таяғанда Ғалия жарты жолда келе жатып ертерек шықпағанына қатты өкінді. Үлкен адамдардың уақытпен жүретінін естіген. «Күте тұрыңыз» деп хабарласуға батылы жетпей, сағат тілі он жарымды соққанда Құрманғазы көшесінің бойындағы Шығыстану институтына жетіп келген. Күзетшіден рұқсат алып ішке кірді де бірінші қабатта қатар тізілген кабинеттерді көзімен шолып, өзіне керегін тапты. Керек кабинетті тапқанымен, керек адамы жоқ екен. Бірер уақыт бұрын шығып кетіпті. Ғалия телефон батырмасын ашып амалсыз қоңырау шалған. Не айтарын ойлаған жоқ. Тек «өкпелеп қалмаса игі» деп іштей тіледі. Дыңылдаған дауыс қоңырау барып тұрғанының айғағы еді. Бір-екі-үш дегенде тұтқа көтеріліп, ар жағынан «Алоо» деген баяу үн естілді.

– Алло, аға. Мен аздап кешіктім. Қ-қ-қазір қайдасыз?.. – деді Ғалия не айтарын білмей сасқалақтап.

– Жиырма минут күттім ғой. Келмеген соң шығып кеттім. Қазір көліктемін, сөйлесе алмаймын, – деп сөзін аяқтады профессор.

«Өкпелеген. Енді дипломыңды көруді қаламас» деп ойлады Ғалия. Ылғи да кешігіп жүретін әдетіне осы жолы алғаш рет қатты қысылған.

***

– Ертең сағат он бірден кешікпей кел, – деді таныс дауыс. Жұлдыз да еркін сөйлесті.

– Әрине, кешікпей барамын ғой, аға. Нақты адресті айтып жібересіз бе? – деді ол.

– Көктем-2. Жанында школа бар. Жақында отадан шығып ем, ұзақ отыруға болмайды, – деді профессор Ербозов.

– Жақсы, аға. Кешікпей барамын, – деді Жұлдыз Ғалияның орнына уәде бергендей боп.

Ғалия ғалымның үй адресін жазып алмаған еді. Кездесу уақытына бір-ақ сағат қалған. Құрбысы қасында болмаған соң адресті нақтылау үшін өзі телефон соқты.

– Саламатсыз ба, аға. Мен кеше адресті жазып алмаппын. Қайталап жібере аласыз ба? – деді екілене.

– Амансың ба?! Көктем-2. Жанында школа бар. Адасып жүрме, – деді ғалым.

– Қазір таксимен барамын, – деді Ғалия.

– Таксимен дейсің бе? КазГУ-ға тиіп тұр емес пе? – деді Ербозов. Дауысында таңданыс бар.

– Жақсы, жақсы, – деді де Ғалия бәрібір жолдан такси ұстады.

Адресті дұрыс түсінбеді ме екен, әйтеуір таксист айналып жүріп Ғалияны бір жерге әкеп тастады. Қалың үйдің арасы. Ғалия қай тарапқа баратынын білмей дал болды. Бұл жолы да кешігіп қаламын ба деп маңдайы терши бастаған. Қарсы алдында кетіп бара жатқан бойжеткенді тоқтатып жол сұрады. Абырой болғанда ол айтылған адресті біледі екен. Қапталдағы бір үйді көрсетті. Ғалия Амазонкада адасып барып жол тапқандай әлгі үйді көргенде қуанып кеткен-ді. Бірақ қай подъезд екенін ұқпай аңтарылып тұрып қалған. Кенет қақ төбесінен таныс дауыс естілді.

- Мына жерден кіресің, – деді балконда бақылап тұрған қарт профессор төмендегі есікті қолымен нұсқап.

КазГУ-дың жатақханасынан ұзап шықпаған Ғалияның домофон дегенді алғаш көріп тұрғаны. Осы кезде дүниеде домофонды басудан асқан қиын іс жоқтай көрінген. Ары-бері шұқылап, ретін таппады. Әлденеше уақыттан соң есік ашылып, іштен жылы жүзді егделеу әйел қарсы алды.

– Аша алмай тұр-ау деп, өзім түстім, – деді ол мейірлене күліп.

Қасым Ербозов ауызғы есікте күтіп тұр екен.

– Амансың ба?! – деп қарт ғалым бірінші болып саулық сұрады.

Табалдырықтан аттай бергенде жас шәкірттің назарын екі нәрсе өзіне аударған. Бірі – иіс. Дәрінің иісі. Ғалымның «Жақында отадан шығып ем» деген сөзі есіне сап ете түсті. Екіншісі – профессордың бейнесі. Өмірін ғылымға арнаған адамдар жол аяғына келгенде жүзі нұрланып кететін сияқты. Орта бойлы, еңкіш тарта бастаған ғалымның тұлғасынан бұрын етжеңді болғаны байқалады. Кере-қарыс маңдайының оң жағында қиғаштау түскен із бар. Ненің ізі екені белгісіз. Неден түскені де бұған беймәлім. «Бәлкім, туа бітті солай болар» деп түйді. Артқа қарай қайырыла тікірейген қарасыз қалың ақ шашы осы уақытқа дейінгі өмірі мен қызметінің төлқұжатындай. Тіктеп қарайтын жанарынан сенімділік пен адалдық ұшқыны байқалады. «Зиялы адамның бейнесі осындай болады екен ғой» деп ойлады Ғалия.

– Жұмыс бөлмеме өтейік, – деген ғалым сөзі Ғалияны ой құшағынан алып шықты. Үйдің қақ жүрегінде орналасқан ғалымның жұмыс бөлмесі қарапайым көрінген. Орта тұстағы ұзын үстелдің үсті толған кітап пен қағаз. Бәрі де өз орнын тапқандай ұқыпты жайғастырылыпты. Профессордың алдында жатқан сиясы кеппеген парақтардан бір жұмысты бастап қойғаны байқалады.

– А-а-ал, сұрағыңды сұрай бер. Шоқайға қатысты не білейін деп ең? – деді ғалым қайта ойға шомып бара жатқан Ғалияға қарап.

– Блокнотымда бірнеше сұрақ бар. Диктофонымды қосып, сөздеріңізді жазып алуға бола ма? – деді Ғалия. Бір жағынан естелік, екінші жағынан, реті келсе сұхбат-мақала жазуды ойлаған. Газетке қатынасып жүрген кезі.

– Дипломыңда зерттеу жұмыстарым жайлы біраз қамтылған екен, – деді профессор Ғалияның алып барған ғылыми жұмысын парақтап жатып.

Ғалия әңгімені неден бастарын білмей аздап бөгелді де артынан блокнотын ашып, біртіндеп сұрағын қоюға кіріскен. Бір жарым сағатқа созылған әңгіменің бас-аяғы түгел диктофонға түсті.

Мұстафа Шоқайдың әлемдік деңгейдегі тұлға екенін қайта-қайта айтудан жалықпаған еді сонда Қасым Ербозов.

– Осы айтқандарыңызды газетке сұхбат қылып берсем қарсы болмайсыз ба? – деп сұрады Ғалия.

– Бергің келсе бере ғой, бірақ әуелі маған көрсетіп ал, – деді ғалым. – Есіңде болсын, ғылым университетте сабақ берген ұстаздарыңның айтқанымен ғана шектелмейді. Бұл жолға түскен екенсің, ең бірінші өзің ізденуің керек.

Ғалия аяқ киімін киіп сыртқа беттей бергенде:

– Алдамшы адайға сәлем айт, – деді профессор. – Ол менің кітабымды алып, екі жылдан бері қайтармай жүр.

Ғалия қарт ғалымға аңтарыла қарады. Кімді айтып жатқанын ұқпаған еді.

– Жетекшіңді айтамын. Руы адай ғой, – деп күлді профессор.

– Сіз қай елсіз? – деп сұрады Ғалия. Қапелімде аузынан шығып кетті. Артынша осыным орынсыз болмады ма екен деп қынжылды.

– Беріш, – деді ғалым. Ғалия табалдырықтан аттай бере лезде артқа бұрылып, енді қайта көрместей ғалымның қолын қос қолдап алды да ауызғы есікке беттеді.

***

– Сұхбат жарияланыпты ғой! Бұлай тез шығады деп ойламап едім, – деді тұтқаның ар жағындағы таныс дауыс. – Қысқартпай жақсы берген екен.

– Тың деректерді айттыңыз емес пе?!.. – деді Ғалия таныс адамына еркінси сөйлеп.

– Рақмет, айналайын, – деді профессор.

– Сізге рақмет.

Осымен екеуара әңгіме тәмам деп ойлады Ғалия.

***

Диплом жұмысын қорғау Ғалия үшін сәтті аяқталды. Қалың мұқабалы алғашқы «кітабы». Бірақ оның ішінде көшірменің көптігін ешкім бетіне басқан жоқ. «Бәлкім, олардың өздері де көшірмеге кетәрі емес шығар» деп ойлады бұл іштей. Профессор Қасым Ербозов болмаса күні не болар еді... Ол шығарған он екі томдық жинақ болмаса ше?.. Онда Ғалия ғылыми жұмысын қайтіп жазар еді?.. Ойлаудың өзі санаға салмақ түсіреді. Ербозов Ғалияның ғылыми жұмысын парақтап шыққан соң «Сенің деңгейіңе осы жарайды» деп еді. Бірақ өзінің көңілі өз жұмысына әсте толған жоқ. Құлықсыз жазғаны есіне түсе берді. Тақырыбы басында қызықтырғанымен, уақыт өте келе, бұл заманда ғылымның көпке керегі жоғын іштей сезінген. Әсіресе гуманитарлық ғылымның қоғамға көк тиындық құны жоқтай еді.

Университетті бітірген күні Ғалия жатақханамен қош айтысты да жұмыс іздеуге кірісті. Қанша есікті қаққанымен еш жер алған жоқ. Өзін алғаш рет қоғамға керексіз сезініп еді сонда. Бала күнгі армандарының бәрі бір-ақ күнде көзінен бал-бұл ұшты. Көшеде құрбысы екеуі келе жатқан.

– Қазіргі заманда таныссыз жұмысқа алмайды, – деді құрбысы. – Диплом жетекшіңе қоңырау шалып көмек сұра.

– Жоқ, сұрай алмаймын, – деді Ғалия. – Ұят емес пе?

– Телефоныңды бер, мен сөйлесем, – деді құрбысы.

Жетекшісі мән-жайды білген соң:

– Мен пойызда келе жатырмын. Кейін сөйлесейік, – деп тұтқаны қоя салды.

– Тағы қандай танысың бар? – деп сұрады Жұлдыз. Ғалияның есіне Қасым Ербозов түскен.

– Оған қоңырау шалма. Тіпті ұят болады, – деді құрбысына.

– Көзіңше сөйлесемін. Онда тұрған не бар?

Жұлдыздың сөзі өтті ме, тиісті номерді теріп телефонды ұсынды.

– Алло, аға. Мен ғой Ғалия, – деп құрбысы актерлық шеберлігін барынша көрсетіп бақты. Тіпті жыларман болып бар жайтты баяндағанда Ғалияның өзі таңғалған.

– Көкем-ау, неге ертерек айтпадың? Қиын болған екен, – деді де профессор телефонды қоя салды. Бірер минут өткенде қайта қоңырау келді. – Сені өзім жұмысқа ертіп барамын. Портфолиоңды дайындап қой. Баспада істей бересің бе?.. Ертең сағат онда жолығамыз, – деді ғалым асқан жанашырлықпен.

– Әрине, болады ғой, – деді Ғалия боп сөйлескен құрбысы өз-өзіне көңілі толып.

Айтылған адреске уақытында жетіп барған Ғалия сағат тілі онды соққанда профессорға қоңырау шалып, ала алмады. Төрт қабатты ғимараттың бірінші қабатында екі сағат күтті. Ары-бері өтіп жатқан адамдар «Бұл неге бір орында тапжылмай тұр» дегендей қарап кетеді. Күте-күте еңсесі түсе бастағанда Ербозовтың өзінен қоңырау келді.

– Қайда жүрсің, шырағым? – деді ол. Даусында салқындық бар.

– Сізге қоңырау шалып едім, байланыса алмадым. Айтқан жеріңізде күтіп отырмын, – деді Ғалия.

– Шырағым, телефонымның қуаты таусылып, сөніп қалды. Неге жан-жағыңа қарамайсың? Мен жаңа ғана сол жерде төртінші қабатта сені күтіп, бір сағат отырдым. Жоғары көтерілмейсің бе? Баспаның басшысымен сөйлесіп қойғанмын. Барып жолық! – деді де профессор тұтқаны қоя салды.

Осы күні Ғалия ең алғашқы жұмысына қабылданған еді.

***

- Мені ұстаз қылып алғансың ба? – деп күлді ғалым жасыл мұқабалы кітаптың бірінші бетіндегі жазбаны оқып жатып. Қалың кітаптың алғашқы бетіне «Ақкөңіл ұстазым Қасым Ербозовқа шәкірті Ғалиядан естелік. Сізге Алла екі дүние бақытын берсін» деп жазылған еді.

– Өткен жолы болған жағдай үшін айып етпеңіз. Сізді таба алмай қалдым, – деді Ғалия.

– «Бұлақ көрсең көзін аш» демей ме! Бәлкім, сен бұлақ шығарсың?.. – деді ғалым. Ғалия профессорға жалт қарады. – Қазірше осында істей тұр. Кейін басқа жұмысқа ауысып аларсың. Журналиссің ғой. Тіл байлығың бар. Өзекті тақырып қаншама. Солар жайлы түйген ойыңды жаз. Бағыт беріп отырамын, – деді ол. Ербозовтың үйінен шыққан бойда Ғалия көңіліндегі алғысы мен қуанышын жол бойындағы ағаштарға айтып, іштей сырласып келе жатты.

***

Мейірімнің түсі жасыл. «Мен ұстазыма портрет сыйлаймын. Жасыл бақтың ішінде жүрген профессор Ербозов» деді Ғалия қиялдап. Күз мезгілі. Ғалымның туған күні де таяп қалған. Суретшімен келісіп те қойып еді. Бірақ бұдан Ербозовтың хабары жоқ-тын. Оған айтпастан тосынсый қылмақшы ойы бар-ды. Сол кезде өзінің суретші болмағанына шын өкінді. Суретші болғанда қиялындағы бейнені қалағанындай өзі жасап шығарар еді. Профессордың әлеуметтік желідегі фотосын суретшіге көрсетіп, өз идеясы жайында да айтып берді. Суретші портреттің бір ай көлемінде дайын болатынын ескерткен. «Туған күніне үлгермейтін болды-ау...» деп өкінді Ғалия. Ертерек айтпағанына да қынжылды. Бірақ сыйлықты тек туған күнде ғана жасамайтыны белгілі ғой. Сол ой ғана көңілін көншітті. Бір ай! Бір айдан соң қиялындағы портрет дайын болады. Бір ай! Не деген ұзақ еді! Күткен адам үшін әр сағаттың өзі ғасырдай ұзақ көрінеді екен ғой...

***

Жасыл бақтың арасында адасып жүрген Ғалия ұйқысынан шошып оянды. Неткен ауыр түс! «Ол жерде Қасым ағай болуы керек еді. Қайда кеткен? Суретші профессордың портретін салмаған болды ғой. Ақысын төлеп едім, неге маған бұлай істеді екен?» деп ойлады Ғалия. Жасыл бақтың ішінде жалғыз өзі адасып жүр екен. Басқалар қайда? Дауыстайын десе үні шықпайды. Кенет жасыл бақтың түсі бір-ақ сәтте сарғайып шыға келген. Көзін ашқанда кеудесін әлдебір күш басып алғандай әрең тыныс алған.

Түскі үзіліс кезі. Ғалия тамақтанып отырып компьютерден әлеуметтік желіге қосылды. Жаңалықтар бірінен соң бірі шығып жатыр. Кенет бір жазбаға көзі сүрінді. «Бүгін қазақ ғылымы үшін қаралы күн. Профессор Қасым Ербозов бақилық болды». Ғалияның көз алды тұманданып кетті. Не істерін білмей, абдырап тұрып телефонды алды да профессорға қоңырау шалды. Тұтқаны көтергенде «Жалған екен» деген жылт еткен үміт көңілін шуаққа бөлгендей еді.

– Қасым аға?.. – деп асыға тіл қатты Ғалия. Бірақ оған бейтаныс дауыс жауап қатты.

– Жоқ, бұл ұлы. Әкемізден айырылып қалдық. Ертең жаназасын шығарамыз. – Ғалия тұрған орнынан бірнеше минут тапжылған жоқ. Дүние әп-сәтте басына төңкерілгендей мең-зең күй кешкен ол телефонға төніп, екінші рет қоңырау шалды. Бұл жолы суретшіге. Тұтқаны лезде іліп алған суретші:

– Бастап жатырмын. Келісілген уақытта бітірем,.. – дей бергені сол еді:

– Салмаңыз. Ол портрет енді бітпейді! – деді Ғалия сөзін қысқа қайырып. Көзінен тамған бір тамшы телефон экранында бейнеленген сап-сары жапырақ бетіне домалап түсті...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар