Нұтфолла Шәкенов қазақтың көрнекті ақыны. Павлодар облысы, Ақсу қаласына қарасты Қ.Қамзин ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Семейдің Абралысында өткен. Қаламгер - жүректерді жаулаған, жұрт аузында жатталған, көкейлерде сақталған жүздеген әннің мәтінін жазған автор. Н.Шәкеновтің туғанына биыл 90 жыл толып отыр.
Ақын 1943-1948 жылдарда Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыған. Оның 1946 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне «Ақ бидай» атты өлеңі жарияланып, сол тұстағы университеттің музыка үйірмесін басқаратын композитор Бақытжан Байқадамов ән шығарған.
Университетті тәмамдағаннан кейін, Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогтік институтында аға оқытушы, 1949-1953 жылдарда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Телевизия және радиохабарлар жөніндегі мемлекеттік комитетінде Бас редактор, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде жауапты хатшы, Қазақстан Жазушылар одағы көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, Жас әдебиетшілерді тәрбиелеу жөніндегі секцияның жауапты хатшысы міндеттерін атқарған. 1958-1961 жылдарды КСРО Жазушылар одағы жанындағы жоғары курста оқиды.
Нұтфолла Шәкеновтің өлең мәтіндеріне қазақ музыка мәдениетінің көрнекті қайраткерлері Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Бақытжан Байқадамов, Нұрғиса Тілендиев, Әбілахат Еспаев, Шәмші Қалдаяқов, Мыңжасар Маңғытаев, Еркеғали Рахмадиев, Ғазиза Жұбанова, Әсет Бейсеуов, Бекен Жамақаев, Сыдық Мұхамеджанов, Мәкәлім Қойшыбаевтар өміршең, ғұмырлы әндер шығарған.
«Белеңдер» жинағынан:
***
Сыншылар балықшыдай үңіледі,
Қармағы әлденеге ілінеді?..
Көңілдің көктемінде құлпыратын,
Өлеңім – балапаным, гүлім еді.
Өмірде мақтанышым, бар арманым –
Халқымды қуанта алса адал жаным.
Адаспай ұя тапсам дос жүректен,
Бақытты ақын болып жаралғаным.
Ақын туралы баллада
Иса Байзақовқа
1.
Далада дауыл,
далада жауын,
Аспаны дертке,
ауасы өртке тұрғандай ұқсап.
Әйелдер, қарттар тынғандай бір сәт.
Бір сәт те болса тынысы кеңіп,
Ұмытар бәлкім
сұрапыл соғыс сұмдығын.
Жарқ етіп ақын –
туысы келіп,
Көтеріп кетті-ау
қаралы көңіл түндігін.
Бірінің жары,
бірінің жалғыз боздағы –
Майданда жүр-ау,
майданда әлде оққа ұшқан.
Жүректің кегін,
жүректің мұзын қозғады,
Ақыннан бүгін
сөз емес, лаулап от шыққан.
Сезеді ақын
біледі ақын бар жанды,
Серпіп бір,
желпіп бір тастамақ қауымды.
Өлеңмен өрнектеп әр таңды,
Өнермен қуғандай дауылды.
Аспан, жер ақынға табынып,
Дүние тебірене тыңдапты.
Өр ұлын тәкаппар тау ұғып,
Жаңғырып шың-құздар үн қатты.
2.
Ал ақын қыран құстай өрге кетіп,
Саңқылдап самғағандай өршеленіп.
Телміріп таң-тамаша болар еді,
Дәл бүгін Гомер өзі келсе көріп.
Домбыра ақ толқындай күмбірлеген,
Шегінде құдіретті үн тұр ма екен?..
Жыр шіркін перне бойлап жарысады,
Исаның асқақ даусынкім білмеген...
Алдыңда ұшқын атып құбылғандай,
Ақынды алып кеткен құйын қандай?
Ағылып Алатаудан ақ дария,
Алматы жыр селіне жуынғандай.
Кім көрген дәл осындай тастағышты,
Еселеп, емірене тасқан күшті!
Исаны көтергендей алақанға
Ду етіп шапалақтар аспанға ұшты.
Құлашы қызған сайын керіледі,
Жүйріктей басын бермес керім еді.
Өлеңмен дүниені дөңгелеткен
Құдірет иесіндей көрінеді.
Исаның селдеп кетсе ағын күші,
Толқыған жаны алыс, жақын кісі.
Көтеріп желкесіне Алматыны,
Әкетті сұлу жазға ақын құсы!
Аясаңшы жанымды
Әнге қосқан Сыр сұлуы сен бе едің,
Жарқ еттің де алыстадың, келмедің.
Бір желпінтіп, өте шықтың өкінтіп,
Сиқырың бар жібек самал жел ме едің?!
Әлде, бәлкім, дарияның толқыны
Кетті ме алып қызғанышпен сол күні.
Бір сыңғыр бар осы өзенде, әйтеуір,
Ұқсатамын өзің таққан шолпыны.
Күнде өтемін көрсем деген ниетпен,
Сыр бойында өзің болған жиектен.
Ұмытқан боп қанша көзді жұмсам да,
Бір кетпейсің сәулең түскен жүректен!
Көрейінші арманымдай таңымды,
Өзің алшы, өзің берген жалынды!
Сырдың сылқым толқынына телміртпей,
Аясаңшы, аясаңшы жанымды!
Анама хат
Мен туыппын ақ боранда,
Ақ боранда қалдырдың.
Сол бір күнге тап болам ба,
Ғажабы ғой тағдырдың.
Ақ бораннан шықтым мен де,
Арпалысып, таласып.
Мұны қаплай ұқсын өңге,
Кете бардық адасып.
Кезбедім мен қаңбақ болып,
Қоныс қуып әр сайдан.
Өспедім мен жалтақ болып,
Кім сипар деп маңдайдан.
Күңгірт тартқан жүрегімнен
Нұр сәулеңді іздедім.
Сен де солай білемін мен,
Сен де күдер үзбедің.
Жазы кетіп, қысы келіп,
Өте берді жыл деген.
Жаны сырлас кісі сеніп,
Жатқа жорыр білмеген.
Жігіттіктің жеткен шағы.
Жақсы болсам сүйсінер.
Жеті қат жер кетсем-дағы,
Жан анамсың исінер!
Бар мен жоқтың пендесі боп,
Бастан кештім әмірін.
Бұл жалғанда теңдесі жоқ,
Бір сен өзің – тәңірім!
Мені күтіп тотығарсың,
Жолға қарап күйініп.
Үй жанында отырарсың,
Ұршығыңды иіріп.
Қанаттымен бірге дерсің,
Тауып апсың көп ермек.
Жыл құсымен тілдесерсің –
Құлыным қашан келер деп.
Қуанарсың кеудең толып,
Жер көгерсе, қар кетіп.
Мен келермін көктем болып,
Күн құшақтап, жарқ етіп.
Күн де әйтеуір ұршық алып,
Ертелі-кеш бітпейсің.
Гүл шыққанда бүршік атып,
Мені сонда күткейсің.
Оңашада жасың тамса,
Орамалға бүктейсің.
Ертіс шалқып, таси қалса,
Мені сонда күткейсің.
Мен келермін таңдандырып,
Толқын болып төгіліп.
Қарсы аларсың таңнан тұрып,
Құдіреттей көрініп.
Бар қызығы жер мен күннің,
Бар қуаныш қосылар.
Алдынан шық перзентіңнің,
Үлкен жолдан тосып ал!
Баянауыл басында
Атам, әжем қонған жер,
Тау мен тасын жастанып.
Атам, әжем болған жер,
Терін төгіп, жас тамып.
Жалаулатқан аспанын,
Ақбеттаудің биігі.
Заманалар дастанын,
Көтеріп тұр иығы.
Құдіретін асырып,
Шоң билеген бұл өлке.
Жаяу Мұса ашынып,
Зар илеген бұл өлке.
Барсаңыз да қай шақта,
Таңдандырған бұл өлке.
Ұлан асыр аймаққа,
Ән қалдырған бұл өлке.
Сұлтанмахмұт ең алғаш
Өлең тапқан жер едің.
Өзіңе тең келе алмас,
Ақын ауыл – дер едім!
Арман қуып, сел кешкен,
Алдыңда тұр сан ұлан:
Сенде туып, сенде өскен,
Талай Қаныш, Марғұлан.
Жасыбайдың мөлдірі,
Ұл-қызыңның жанындай.
Баян таудың мол жыры,
Нөсерлеген жауындай.
***
Көрмесем етті мен сені,
Көп ойлар қалды көңілде.
Басқандай бір зіл еңсені
Өкініп жүру жеңіл ме?
Ұқпадым әлде жаныңды,
Ұқпадың сен де білемін.
Ішіме түйіп барымды,
Ішімнен тынып жүремін.
Ашыла сөйлеп батпаған,
Есімде сол бір күн әлі.
Жұмбағын соның таппаған,
Қайсымыз біздің кінәлі?
Көңілдің талай қыс, жазы,
Өтер де кетер, басылар.
Өмірдің сол ғой қысқасы –
Өзіңді ұрлап асығар.
Теңемен саған өңгені,
Жадымда қалдың бекініп.
Көрмесем етті мен сені
Жүрмесім үшін өкініп!
Қалайша ұмыттың
Сол күнді қуанған,
Қалайша ұмыттың?
Жаның бар құп алған,
Жалынын үміттің.
Көктемнің кезінде,
Алма ағаш гүл жарған.
Аққайың есімде,
Орманда біз барған.
Бір қызып, бір жанған,
Кетіпті ол күнің:
Көңілдің кір шалған,
Байқаймын толқынын.
Жат мінез арбаған,
Жас жүзің суық тым.
Гүліңді арнаған
Қалайша ұмыттың?..
***
Өлеңменен бір туған өзге жанмын,
Басқаға жоқ болсам да, сөзге бармын.
Өзім кетіп, аулақтап ұзасам да,
Жүрегіңде табысып, кез болармын.
Сезуші ең ғой аңқылдақ мінезімді,
Жүретұғын жарқылдап бір кезімді.
Менің өкпем өткінші жауынмен тең,
Мәңгі дос әрқашан біл өзімді.
Жайымыз көп біздің де ескеретін,
Жазғы күнде қыс болып өзгеретін.
Бала көңіл - ақынның үлкен міні,
Күйініш пен күлкісі тез келетін.
Бұл сырымды әділет көремін мен,
Тебірендім жанымның тереңінен.
Мінезіңмен сұлу бол мені сүйсең,
Айырмашы өзіңнен, өлеңімнен!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.