Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
О.Генридің «Соңғы жапырағы»...

17.10.2022 4644

О.Генридің «Соңғы жапырағы» 14+

О.Генридің «Соңғы жапырағы» - adebiportal.kz

Қаншама уақыт өтсе де құндылығын жоғалтпай, адамзатты гуманизмге шақыратын шығармалар болады. Сондай туындының бірі америкалық жазушы О.Генридің «Соңғы жапырақ» новелласы. Ол жайында әдебиеттанушы ғалымдар да әлі күнге айтудан шаршаған емес.  «О.Генридің «Соңғы жапырақ» шығармасы – сюжеттік типтегі новелла. Шығарманың бүкіл сюжеті әдебиеттегі гуманистік принципке сәйкес келеді: адами қарым-қатынас, жанқиярлық, жауапкершілік, өмірдің мәні тақырыптары бейнеленген. Кейіпкерлердің іс-әрекетін талдаудан автордың өзі де шеттетіліп, ешқандай бағалау мінездемесін бермеуі де таңғалдырады. Ол жай ғана әңгімеші. Бұл прозалық баяндау жанры қысқалығымен, өткір сюжеттілігімен, терең психологизммен, бейтарап баяндау мәнерімен, күтпеген жерден қаралауымен ерекшеленеді. Кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі біршама ұстамды суреттелген. Новеллада нақты және күтпеген бұрылыстар бар. Новелла – бұл бір кездейсоқ компонент бола алмайтын қатаң жанр. Новелладағы басты өлшем – оқырманға жарқын эмоционалды әсер қалдыру» дейді ғалым М.Поляков. «Соңғы жапырақ» – американдық жазушы О.Генри жазған таңғажайып новелла. Жазушы, әдеттегідей, күрделі туралы қарапайым және қарапайым жайында күрделі жеткізеді. Бұл шығарма бүкіл планетаның миллиондаған адамдарын кітап оқып отырып, көзіне жас алғызады. Мен үшін «Соңғы жапырақ» жанқиярлық пен өмірдің өзіндік символына айналды. Өйткені басты кейіпкерді өлімнен сақтаған соңғы жапырақ Берманның жас көрші суретші қыздың өмірі үшін құрбандыққа шалынуына себеп болды, дәл осы соңғы жапырақ Гринич ауылындағы екі адамның тағдырын шешті. Маған О.Генри өз шығармасында суретшілердің, жалпы өнер адамдарының тағдырын ой елегінен өткізгендей көрінді» дейді әдеби сыншы А.Халявина.   

Америкалық жазушы О.Генридің «Соңғы жапырақ» новелласы әсер күші басым, оқылымды шығармалар қатарына кіреді. Туындының таңғажайып көркемдік шешімі, суреттеу стилі жанды атмосфераны көз алдыңызға әкеледі. Дәл сол кезеңдегі уақыт пен кеңістікке тап келгендей сезінесіз.

Өткен ғасырдағы ескі Нью-Йорк көшелері. Өнер адамдары жан-жақтан арман арқалап келген мекен. Шығарма атмосферасынан қала тіршілігі мен ондағы адамдар өміріне қанығасыз. Бұл шаһарға сырттан ағылған «келімсектердің» арасында суретші болуды армандаған Джонси мен Сьюди есімді екі бойжеткен де бар. Жазушы О.Генри бұл шығармасында өнер құдіретіне оқырманды сендіреді. Өнер – тұрмыстан биік. Ол адам жанының жарасын жаза алатын қасиетке ие екен. Жай адамды жүрекпен ғана сезіне алатын ұлылыққа иландырады. Бұл шығарманы оқып болған соң, ең ұлы өнер сөз өнері екеніне сене бастайсыз. 

«Соңғы жапырақ» – өнер мен гуманизм идеясын насихаттайтын туынды. Кез келген жазушы өмірде өзінің ұлы шығармасын жазатынына сенеді. Сол секілді кез келген суретші де ұлы картинасын салуды армандайды. Бұл шығармадағы жолы болмаған қарт суретші Берман да бір күні өзінің ұлы картинасын тудыратынынан үміттенеді. Бірақ ол өмірде жетістікке жетпеген, күн көріс қамымен жүрген жарлы адам. Ол Джонси мен Сьюдидің көршісі. Бұл екеуі Нью-Йорктегі арзан пәтерлердің бірін жалдап тұрады. 

Новелладағы басты кейіпкер, бір қарағанда, Джонси секілді көрінеді. Бірақ соңына қарай Берманның тұлғасы дараланып шығады. Ал орта тұсында Сьюдидің адамгершілігін бас бармақпен бағалайсыз. Берман – өмірде жетістікке жетпеген суретші. Джонси мен Сьюди үлкен өмірге қадам басқан арманшыл екі жас. 

«Сью мен Джонсидің студиясы үш қабатты кірпіш ғимараттың жоғары жағында болды. Джонси – Джоаннадан қысқартылған. Біреуі Мэн штатынан, ал екіншісі Калифорниядан келген. Олар Сегізінші көшедегі мейрамхананың дастарқанында кездесіп, бір-бірінің өнерге, цикорий салаты мен сәнді жеңді киімге деген көзқарастары мүлдем бірдей екенін байқады. Нәтижесінде ортақ студия пайда болды».

Джонси мен Сьюдиді бір-біріне одан әрі жақындатқан – сурет өнері. Бұлар Нью-Йорктегі көбіне өнер адамдары жиналып, мекен ететін арзандау пәтерге орналасады. Күз айында бұнда пневмония дерті таралатын кез. Бұл ауру нәзік те талдырмаш Джонсиді айналып өтпейді. 

«Пневмония мырзаны ержүрек ескі джентльмен деп атауға болмайтын. Калифорниялық кішкентай нәзік болмысты қыз қызыл жұдырықты ентікпелі  ескі мылқау үшін лайықты қарсылас деп саналуы мүмкін емес еді. Алайда ол оны құлатып жіберді, Джонси боялған темір төсекте жатып, голландиялық терезенің кішкене байламынан көрші кірпіш үйдің бос қабырғасына қарап жатты.

Бір күні таңертең мазасызданған дәрігер Сьюді дәлізге шақырды.

– Оның бір мүмкіндігі бар... айталық, оннан бір, – деді ол термометрдегі сынапты сілкіп. – Егер ол өзі өмір сүргісі келсе ғана. Біздің бүкіл еміміз адамдар қабір қазушының мүддесіне сай әрекет ете бастағанда мәнін жоғалтады. Сіздің кішкентай жас ханым енді одан әрі жақсара алмайтынын шешті. Оның өзі не ойлағаны бар?

– Ол... ол Неаполь шығанағын бояулармен жазғысы келген...»

Жазушы ауруға шалдыққан Джонсидің ішкі хәлін шебер ашады. Дертке ұрынғаннан кейінгі қыздың жағдайы мүлде бөлек. Нәзік қыз өмірге деген барлық құлшынысынан айырылып, қиял әлеміне еніп алған. Ол енді терезеден қарағанда көрініп тұратын ағаштың жапырақтарын санауға көшеді. Бұрын үлкен істерді жасауды армандаған суретші қыз ендігі өмірін бір ғана жапыраққа байлап қояды. Ауру – жай ғана сылтау. Әйтсе де, көзге көрініп тұрған сылтау. Оның астарында жарлылық, жолы болмаушылық сынды себептер жатуы мүмкін. Ал өлім – одан құтылудың ең оңай жолы. Өлсең – бәрі мәнсіз болып қалады. Оңай келіп тұрған өлімге бас имеуге бола ма? Джонси да асқынған пневмонияға беріледі. Дәл осы кезде Американың қаншама кедей адамдарының өмірі пневмониядан қиылып жатқан. О.Генри осы әңгімесі арқылы американ қоғамының әлеуметтік өмірін де әшкерелейді. Жас адам не себептен өлімге бас иеді? Оның көзге көрініп тұрған үлкен себебі ауру деп айталық. Әйтсе де, оны жеңуге болады ғой. Бірақ Джонси өзі өмір сүруді қаламайды. Бүк түсіп, жапырақ санауға көшеді. Соңғы жапырақ. Соңғы дем. Терезенің ар жағындағы соңғы жапырақ үзілсе – Джонсидің де өмірі үзіледі. Бұл жас қыздың өзі ойлап тапқан қияли ертегісі. Осы ертегіге ол имандай сенеді. Сенгені үшін де күн санап жағдайы ауырлай береді.

«– Онда не бар, жаным? – деп сұрады Сью.

– Алты, – деп жауап қатты Джонси әрең естілетін дауыспен. – Енді олар тезірек ұшады. Үш күн бұрын жүзге жуық еді. Санауға басым айналатын. Енді бұл оңай. Міне, тағы біреуі ұшып кетті. Тек бесеуі ғана қалды.

– Бес деп нені меңзейсің, жаным? Сьюдиіңе айтшы.

– Жапырақтар. Шырмауықтағы. Соңғы жапырақ құлаған кезде мен өлемін. Мұны үш күннен бері білемін. Дәрігер саған айтқан жоқ па?..»

Джонси соңғы жапырақ жерге түскенде өмірден өтетініне кәміл сенеді. Бұл жас қыздың өмірден әбден шаршап барып түйген түйіні секілді. Ол өлімге бас иеді. Өлімнің өзін романтикалық бейнеде елестететіндей. Соңғы жапырақ секілді өзі де әлдеқайда ұшып кетуді қалайды.   

Новеллада романтикалық көңіл күй басым. Арманшыл жастар танымал болуды қалайды. Нью-Йоркке келген себебі де сол болуы ықтимал. Өнер адамы үшін танымал болуға ұмтылу күнә емес, керісінше, танымал болуды қаламаған өнер адамы күнәһар деуге келетіндей. Тіпті алпыстан асқан Берман суретшінің өзі өмірінде әлі салмаған ең ұлы каринасын жазудан үміттенеді. Үміт бар жерде өмір бар. Оқырман Берманды жолы болмаған адам ретінде таниды. Сөйте тұра оның мейірімді, қайырымды әрекетіне қарап, бекзат болмысын жоғары бағалайсыз. Берман – қатыгез қоғамда адамға деген сенімді ұстап тұрған тұтқа. 

«Қарт Берман олардың студиясының астындағы төменгі қабатта тұратын суретші еді. Ол алпыс жастарда, сақал-мұрты Микеланджелоның Моисейі сияқты бұйра, денесі ергежейлі адам. Өнерде Берман сәтсіздікке ұшырады. Ол шедевр жазбақ болды, бірақ оны тіпті бастамады да. Бірнеше жыл бойы бір үзім нан үшін маңдайша, жарнама, соған ұқсас дәптерден басқа ештеңе жазбады. Ол кәсіпқой ситерлерге шамасы келмейтін жас әртістерге сурет салу арқылы күн көрді. Көп ішетін, бірақ әлі де өзінің болашақ шедеврі туралы айтатын. Әйтпесе, ол кез келген сентименталды келемеждейтін, екі жас өнерпазды қорғауға арнайы тағайындалған күзетші секілді өзіне қараған қайсар қария еді».

Джонсидің өмірден баз кешуі, Сьюдидің болмашы жұмыстарды істеп күн көруі, Берманның қартайған кездегі аянышты тағдыры – бір-біріне ұқсас картинаны көз алдыңызға әкеледі. Бір сөзбен айтқанда, өнер адамының машақатты өмірі. Өнер жолы – ауыр жол. Бірақ қайтпайтын қайсар адамдардың жолы. Бұл жолда жетістікке жетпеуің де мүмкін. Бірақ қария Берман секілді өле-өлгенше сенімді жоғалтпауға тиістісің. Айналып келгенде өмір де өнер секілді. Өмір сүру үшін де бір сенім керек. Джонсидің тағдыры осыған дәлел. Сьюдидің құрбысын жақсылыққа сендіру үшін жасаған әрекеті сүйсіндіреді. 

«Кәрі ағаштағы жапырақтардың сенің сауғып-сауықпауыңа қандай қатысы болуы мүмкін? Ал сен бұл шырмауық ағашын қатты жақсы көрдің ғой, нашар қыз! Ақымақ болма. Тіпті бүгін таңертең дәрігер сенің тезірек сауығып кететініңді айтты... рұқсат берші, ол мұны қалай айтқанын түсіндірейін... сенің бірден он мүмкіндігің бар деді... Сорпаны аздап болса да ішуге тырыс және Сюдиіңе суретті аяқтауға рұқсат ет, сонда ол оны редакторға сатып, науқас құрбысына шарап және өзіне котлет сатып алады...»

Сьюди дәрігердің оннан бір мүмкіндігі бар дегенін керісінше айтып, құрбысының өмірге деген сенімін қайта оятқысы келеді. Бірақ Джонси өз ертегісіне әбден сеніп алған. Ол тағдырын соңғы жапыраққа байлап, соны санаумен болады. Сьюди Берманға келіп, Джонсидің ертегісін айтқанда қарт суретші оны ақымақтық деп көреді. Қыздың қиялына аянышпен қарайды. Шынында, өмірді бір ғана жапыраққа байлап қоюға бола ма? Өнер адамы үшін ол әбден мүмкін екен. Джонсидің ертегісін суретші Берман басқаша жазып шығады. Ол науқас қыздың жалғыз жапырағын сақтап қалу арқылы өз өмірін құрбандыққа шалады. 

«Таң атқаннан кейін, аяусыз Джонси пердені қайтадан түруді сұрады.

Шырмауық жапырағы әлі де орнында екен.

Джонси оған қарап ұзақ уақыт жатты. Содан кейін ол Сьюді шақырды, ол құрбысына газ оттығында тауық сорпасын қыздырып тұрған.

– Мен нашар қыз болдым, Сьюди, – деді Джонси. – Бұл соңғы жапырақ менің қаншалықты ұсқынсыз екенімді көрсету үшін бұтақта қалған болуы керек. Өзіңе өлім тілеу – күнә. Енді сен маған аздап сорпаны, содан кейін портвейн қосылған сүтті берші... Жоқ: алдымен маған айна әкел, содан кейін жастықтармен деме, сені көріп отырайын.

Бір сағаттан кейін ол айтты:

– Сьюди, мен бір күні Неаполь шығанағын бояумен жазамын деп үміттенемін». 

Джонси мен Сьюди бұл кезде соңғы жапырақ қалайша тұрғанын білген жоқ. Түнгі дауылдан кейін бір жапырақ қалайша аман қалғанына таңданады. Жалғыз жапырақты сақтап қалған Берман еді. Ол дауылда далаға шығып жапырақтың суретін салады. Айнытпай салғандықтан, Джонси жапырақтың ағашта ілініп тұрғанына сенеді. Суретші қыздың өмір туралы көзқарасы да өзгеріп сала береді.    

«Келесі күні дәрігер Сьюге:

Оған қауіп төніп тұрған жоқ. Сіздер жеңдіңіздер. Енді тамақ пен күтім – басқа ештеңе де қажет емес.

Сол күні кешке Сью Джонси жатқан төсекке барды да, ашық көк түсті, мүлдем жарамсыз шарфты жастығымен бірге құшақтады.

– Саған айтар сөзім бар, ақ тышқан, – деп бастады ол әңгімесін. – Берман мырза бүгін пневмониядан ауруханада қайтыс болды. Ол екі күн ғана ауырды. Бірінші күні таңертең жүкші кедей қартты өз бөлмесінде еденнен тауып алыпты. Ол есінен танып қалған екен. Оның аяқ киімі мен үстіндегі киімдері су болғандықтан мұз боп қатып қалыпты. Оның мұндай сұмдық түнде қайда кеткенін ешкім түсіне алмады. Содан кейін олар әлі жанып тұрған шамды, орнынан қозғалған баспалдақты, қылшықтарды және сары, жасыл бояулардың палитрасын тауыпты. Терезеден қарашы, қымбаттым, шырмауықтың соңғы жапырағы. Оның желге селт етпей, қозғалыссыз тұрғаны сені таңғалдырмады ма? Иә, жаным, бұл Берманның шедеврі – ол оны соңғы жапырақ түскен түнде салған». 

Берманның соңғы жапырағы Джонсидің қиялындағы жапырақпен үндес. Бірақ бұл жапырақ Берманның сенімі. Өнер адамының соңғы үміті. Джонсидің сенімін Берманның сенімі өзгертіп тұр. Бір сөзбен айтқанда, өнердің құдіреті. О.Генридің шебер тілінің арқасында өмірге келген құдірет. Джонсидің соңғы жапырағы – Берманның да соңғы үміті. Өлмес өмірге қадам басатын үміт. Үнемі айтып жүретін шедеврі. Бірақ ол соңғы жапырақты салып жатып, шедевр жасаймын деп үміттенбеген шығар. Жай ғана жас қыздың өміріне деген мейірім, адамгершілік оны ерлік жасауға итермеледі. Өнердің ұлысы да сол шығар мүмкін – адамға деген мейірім. Бірақ, көзге көрінбегендіктен, оның суретін салу мүмкін емес. Бәлкім, ол Берман секілділердің қылқаламы арқылы соңғы жапырақ кейпінде көрінер, кім білсін...    

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар