Жаңа жыл болып тарих табалдырығынан аттай салысымен ковидімен күллі әлемді әбігерге салған 2020 жыл да аяқталуға жақын. Жылдың соңы болған соң, қоғам өміріндегі барлық салада қорытынды жасалады, сыйлықтар мен марапаттар тағайындалады. Қазақстан әдеби әлемінің де түндігі желп-желп етіп басылғандай: жас таланттар мен аға буын қаламгерлер мемлекет тарапынан берілетін сыйлықтарға ие болды. Дәстүрлі түрде ресми билік орындары тарапынан тапсырылатын бұл сыйлықтарға қандай туындысы үшін кімдер ие болғаны туралы БАҚ беттерінде жазылды, әлеуметтік желілерде талқыланды. Құтты болсын, әрине.
Және бір айта кетерлігі, әлемдік тәжірибеде қаламгердің шығармашылық қарым-қабілетін айқындаудың өзге де жолдарын кеңінен пайдаланады. Яғни бір жыл ішінде сұраныс пен қызығушылықтың ең жоғары деңгейіне ие туындыға сұрау салу арқылы оқырмандар өзі анықтайтын тәжірибені айтып отырмыз. Әрине, бұл – автордың еңбегіне деген ең әділ бағалау екендігі анық. Иә, «Әдебиет порталы» да осы күнге дейін мұндай тәжірибелерді түрлі ауқымда жүргізіп көрген. Оған әлеуметтік желілер дамыған, техникалық мүмкіндіктер жетілген заманда әбден мүмкіндік бар. Дегенмен бұл сала қазақ тілді контент бойынша дамып кеткен деп айтуға да болмайды.
Ал орыс тілді аудиторияның түпқазығы Ресейде мұндай дәстүр әлдеқашан жолға қойылғандығын білеміз. Атап айтқанда «Үлкен кітап» («Большая книга») атты, халықтық сыйлық үшін оқырмандар арасында жүрілетін дауыс беру желтоқсан айының басында аяқталды. Аталған беделді сыйлыққа оқырмандардың ықыласына ие болған роман жазған қаламгерлер ие болады екен. Дауыс беру Ресей мен ТМД елдеріндегі электронды және аудиокітаптар нарығының ірі өкілдері ЛитРес пен MyBook алаңдарында жүрілді. Кез келген әдеби мәтін жетістігінің басты жетістігі – халықтың сүйіспеншілігіне негізделетіндігін жақсы ұғынған солтүстік көршілеріміз «Үлкен кітап» беделді сыйлығына ең лайықты роман ретінде биыл жазушы Михаил Елизаровтың «Жер» («Земля») романын таңдапты. Ал екінші орынға Дина Рубинаның «Наполеонның арба керуені» романын, үшінші орынға Алексей Макушинскийдің «Ой аңғары. Философиялық серуен» («Предместья мысли. Философическая прогулка») романын лайықты деп көріпті. Сондай-ақ ресейлік, белорустық оқырмандар пандемия меңдеген кезеңде психологиялық туындыларға, қорқынышты оқиғаларды суреттеген кітаптар мен скандинавиялық жазушылар шығармашылығына басымдық беріпті. Сөйтіп желтоқсан айының соңында биылғы 15 маусымның халық дауысы арқылы анықталған жеңімпаздарына «Үлкен кітап» Ұлттық әдебиет сыйлығы тапсырылмақ.
Үлгі етерліктей, жақсы дәстүр емес пе! Жазушының еңбегін оқырмандары, яғни тікелей тұтынушылары ешқандай ажа-қожасыз, сәке-бәкесіз, тікелей өздері бағалап отыр. Орыс тілінің алып аудиториясы мен ресурстық мүмкіндіктерімен қазақ тілді оқырмандар ауқымын салыстыруға келмес. Дегенмен, қазақ тіліндегі кітаптарды онлайн түрде оқитын оқырмандардың саны да аз емес қой. Қазақ тіліндегі кітаптарды ұсынатын платформалар да өз жұмысын жүргізіп келеді. «Әдебиет порталы» интернет-жобасының базасында мыңдаған қазақша кітаптар бар және порталдың «Тыңда» қосымшасы арқылы онлайн оқу, тыңдау мүмкіндігі жаңа жылдан бастап арта түсетін болады. Міне, осы және басқа да онлайн желілер арқылы жоғарыдағыдай сыйлықтарды сыналтуға әбден мүмкіндік бар деп білеміз. Тек ниет қажет.
Көрнекі сурет ғаламтордан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.