Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Оралхан Бөкей шығармаларындағы уақыт өлшемі...

14.04.2022 5936

Оралхан Бөкей шығармаларындағы уақыт өлшемі 12+

Оралхан Бөкей шығармаларындағы уақыт өлшемі - adebiportal.kz

Жазушы, Алтайдың кербұғысы атанған Оралхан Бөкейдің өзі айтпақшы: «Жазушылық дегеніміз – шындыққа жүгіну, ал әдебиет дегеніміз – сол шындықты шырақ алып іздеудің бір формасы». Және көзін көріп, әңгімесін тыңдағандардың айтуынша Орағаң «Ашпаса көрмейді, айтпаса білмейді» деген мәтелді жиі қолданады екен. Оралханның әдебиеттегі ерекшелігі – қарапайым сөзге қан жүгіртіп, қызғалдақтай құлпыртып жіберетіндегіне таңғалмасқа шараң жоқ. Жанды сөзі арқылы оның сомдаған кейіпкерлерінің бейнесі, болмысы көлбеңдеп көз алдыға келе қалатын күшке ие. Тілінің еркін есіліп-төгіліп тұратын шұрайлылығы – жазушының ана тілінен уызынан жарығандығы шығар. Бұл жердегі тіл мәселесіне тоқталып отырған себебіміз: жазушының көркем шығарма жазардағы басты құралы тіл шеберлігіне тікелей байланысты екендігін еске түсіру.

Дарынды жазушының даңқын шығарып, қалың оқырман алдында абыройын асқақтата, асыра білген әрине, ұлттық әдебиетіміздің алтын қорына қосылған көркем шығармалары емес пе? Оның дәлелі ретінде Тұрсын Жұртбай: «Оралхан Бөкей – қазақ сөз өнерін емеурінге толы ырғақты, сентиметализммен астарласып жатқан романтикалық сарынды әкелген, психологиялық ой ағымына құрылған лирикалық желіні көркем жүйе ретінде ұстанып, шығармалары арқылы мүлдем тосын көркем әлемді қалыптастырған жаңа тұрпатты (новатор) жазушы», - деген екен. Қаламгердің қазақ тілі мен әдебиетіне қосқан екі үлкен үлесі:

  1. Оның жазушы ретіндегі фразеологиядағы, грамматика мен стилистикадағы табыстары;
  2. Танымдық көзқарасы, айналадағы дүниені танып-білуі, әлемді тану тәсілі, рухани санасы, болмыс-бітімін жеткізуі;

Туындыларының көпшілігі туған ел тағдыры, қиюы қашқан тіршілік, жапанда қаңсырап қалған қазақ ауылы, ондағы өмір, адамдардың хал-ахуалы тақырыбы. Сол шығармалардың бірі де бірегей ауқымды және соңғы туындысы «Атау кере» (Қауіпті будан) шығармасы. Шығармада берілген Алтайдың көз тартарлық табиғаты, аң-құсы, тау-тасы барлығы өмірден алынған. Оған дәлел тумалас қарындасының берген сұхбаты. Жазушының кейіпкерлерінің көбі – ауыл адамдары. Шығармаларында ауыл адамдарының келбеті мен ойы, мінез-сипаты бәрі шынайы көрініс тапқан. Жазушы Дулат Исабеков Орағаң жайлы естелігінде: «Жазушыны шын толғандырған нәрсе ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір көрініс табатыны сөзсіз. Бір күні кешкі тамақтан соң екеуміз шығармашылық үйдің маңында серуендеп жүрген шақта аса бір қызуқандылықпен «Көр де тұр, осы аралас неке деген біздің түбімізге жетеді. Олардан туған бала дүбәра болады. Дүбәра ит дегенді білесің ғой. Олар тексіз. Не ит емес, қанден емес, кімді қапса да оларға бәрібір. Олар шетінен мейірімсіз. Адам да солай, не ол емес, не бұл емес, космополит!» - деп қамығып қалғанын жазады. Жазушының мазасын алған осы идея оның «Атау кере» хикаятында көрініс табады. Содан сәл ғана үзінді келтіре кетейік:

«Естеріңізде ме, буданнан пайда болған бал арасының жаңа тұқымы бар емес пе еді? Сол «дүбәра» ара өзінің ұяластарына не істемеді? Күндердің күнінде момын, еңбекқор аралардың басын аяусыз қырқып, қырып тастамап па еді?»

Мұндағы ойдың негізгі көрінісі – шығарма кейіпкерлерінің сан алуан өмір, заман, қоғам заңдылықтарына терең бойлап, біте қайнасып жатуында. Негізгі кейіпкерлер: Таған, Айна, Ерік. Жазушы Серік Нұғыман: «Жалпы, адамдардың бөгделенуі, тамырынан ажырап қалу тақырыбы әлемдік әдебиетте де, өзіміздің әдебиетте де біраз уақыттан бері қозғалып келе жатыр. Егемендік алар тұстағы О.Бөкейдің «Атау кере» романын сол тақырыпқа қосам. Онда да мәдениеттің тоғысынан туындайтын, адамдардың психологиясындағы салғырттық, өзінің тегінен жеру, ұлттық мәдениетке деген ішкі қарсылық талай ойдың айқын көрінісі деп айтуға болады», - деген екен.

Енді шығарма авторы Алтайдың асқақ жазушысы уақыттың ұғымын, бірліктерін ұтымды қолданып, көркем тілмен қалай суреттегеніне назар аударайық. Уақыт — өлшемдер жүйесінің оқиғаларды реттеуін, олардың ұзақтығын және араларындағы интервалдарын, қозғалысын сипаттап, бақылайды. Әрі астрономияның негізгі зерттеу көзі. Философтар арасында уақыт туралы екі түрлі көзқарас бар. Біріншісі, Исаак Ньютонның «реалистік көзқарасы», яғни уақыт – ғалам құрылымының іргелі бөлігі, оқиғалардың қатар жүріп, өрбуінің өлшемі. Екінші Готфрид Лейбниц пен Иммануил Канттың тұжырымдауындағы «ағатын затқа жатпайтын» уақыт ұғымы. Халқымыз үшін уақыт аса маңызды болып есептелген. Уақыттың көз ілеспес жылдамдығын, оны босқа өткізіп, өмірді өксітпеуді, алтын мезетті пайдалы іске асыруға қатысты: «Уақыт – білгенге қазына, білмегенге – быламық. Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген секілді мақал-мәтелдер өте көп. Және де бабаларымыздың ұзақ уақыт бойына көшпенділік салт-санамен ғұмыр кешкені белгілі. Жаз жайлауда, күз күзекте, қыс қыстауға көшіп-қону мерзіміне қатысты, сол уақыттың тұрмыс-тіршілігіне лайық өз өлшемдері болған. Мәселен, ол замандарда секунд, минут, сағат, күн, ай, жыл деген ұғымдар болмағанымен, олардың қасиеті дене мүшелері арқылы шамамен болжай білген. Мысалы, секунд ұғымын былай деп шамалап айтқан: көзді ашып жұмғанша, қаспен көздің арасында деген дене мүшелерінің қимыл-қозғалысы арқылы секунд ұғымын айнытпай дәл білдірген. Халық уақытты анықтауда бай тәжірибе жинақтаған, оны қолданудың сәті мен жолдарын және соған лайықты сөз өрнектерін де таба білген. Жылды, тоқсанды, айды, аптаны, тәулікті бөлудің шаруашылыққа сай реті мен ыңғайын орайластыра келтіре білді. Ал мерзім, мезгіл өлшемдеріне келгенде халық өлшемі мен атауы да бай. Ұлттық ұғымда мерзім – уақыттың, мезгілдің шамасы мен ұзақтығын білдіреді. Мезгіл сол бәр сәтін ғана айқындайды. Мысалы: елең-алаң, түс, кеш, түн ортасы, т.б. Қыс, көктем, жаз, күз мезгіл өлшемдеріне жатады.

Мерзім өлшемдері: бір сәт, қас қағым, ә дегенше (1сек), сүт пісірім (5-10мин.), бие сауым (1,5 сағат), ет пісірім (2,5-3 cағат), жарты күн, бір түн (тәуліктік) 24сағат, апта (7), ай (30-31күн), тоқсан (3ай), жыл (385күн) немесе 12 ай, ғасыр (100жыл). Адам өмірі де жас (бір жыл), мүшелмен (12 жас) есептелетін, бір мүшел (13 жас), екі мүшел (25жас), үш мүшел (37жас), төрт мүшел (49 жас)...т.с.с. бөлінеді. Мерзім өлшеміне күн, ай аттары да жатады. Уақыт мезгілдерін анықтауда және оның жиіліктерін жіктеп, айыруда халық теңеулері мен өлшемдері әрі қызық, әрі анық, әрі түрге де өте бай. Мысалы: елең-алаң, құланиек, таң сәрі, құлқын сәрі, таң бозара алакеуім, таң біліне, таң ата, күн шыға, күн қызара, күн қыза, күн көтеріле, күн арқан бойы көтеріле, түске жақын, тал түс, шаңқай түс, талма түс, сәске түс, түс ауа, түс қайта, бесін, екінді, кеш, көлеңке басы ұзара, күн бата, ымырт, іңір, апақ-сапақ, жөппелдеме, намаздыгер, ақшам, (намазшам), ақшам жамырай, бей уақыт, қас қарая, түн қараңғысы, ай туа, түн ортасы, жұлдыз сөне т.б. Мұнан тек уақыт шамасы ғана емес халқымыздың таным-түсінік, ойы, әр істің байыбына терең бойлау, бағдарлау, тіл қабілетінің жоғары тұрғанын дәлелдеп береді. Мезгілді қазақтар күндіз көлеңкеге, түнде жұлдызға қарап та анықтаған.

Мынадай уақытқа қатысты өлшем атаулары бар:


Бір сәт – 1 секунд
Сүт пісірім – 5 –10 минут
Бие сауым – 1,5 сағат
Ет пісірім – 2,5–3 сағат
Бір түн, бір күн – 24 сағат
Апта – 7 күн
Ай 30 – 31 күн
Тоқсан – 3 ай
Жыл – 365 күн
Ғасыр – 100 жыл
1 мүшелмен – 12 жыл
1 мүшел – 13 жас
2 мүшел – 25 жас
3 мүшел – 37 жас
4 мүшел – 49 жас

Мал шаруашылығына байланысты уақыт атаулары.

Қазақтар көшпелі мал шаруашылығымен айналысқаны соншалық мал шаруашылығымен байланысты көптеген уақытты білдіретін бие сауым «биені сауғанда өтетін минуттың шамасын білдіреді, шамамен 30 минуттық уақыт», сиыр сауым «сиырды сауап біткенге дейінгі уақыт шамамен 15-20 минут», мал өргенде «таң ертең малдарды өріске айдайтын уақыт» деген өлшемдер тілдерінде қалыптасқан. Жылқыға қатысты уақыт өлшемдері: бие байлар кезде, биенің бас сауымында, бие ағытарда, бие сауым уақыт. Жылқының дене мүшелері қатысқан өлшем бірліктері де баршылық. Көшпелі өмір салтымен көшпелі өмір тұрмысымен бірге пайда болған киіз үй – көшпелілер дүниетанымының, даналығының туындысы, көшпелілер әкелген күмбез типті архитектурасы, әлем кіндігі: Киіз үйдің құрылымдарына байланысты өлшемдік мәнді білдіретін құрылымды тіркестер, халық ауызекі тілінде, әдеби шығармаларда уақыт пен биіктік өлшеміне байланысты қолданым да әрдайым кездеседі. Әсіресе, уықтың тік болуы үйді күн сағатымен үйлестірді. Уықты күн сағаты ретінде пайдалану мүмкіндігінің тууымен уық дамуының үшінші сатысы басталды. Маңғолдардың ерте кезде түзу уықтың ұшын керітіп белгілеуі, оны жасыл бояумен бояуы, бұл халықта күн сағатының жақсы дамығандығын көрсетеді. Яғни, күн сәулесінің уық ұшынан кереге басына дейін ауысу сәті, сол күндегі мерзімді дәлме-дәл өлшеуге көмектескен. Ал қазақтар арасында уақытты есептеу көбіне шаңырақтан түскен күннің жүрген жолымен есептеген.

Дінге байланысты уақыт атаулары. Ислам дінінің қазақ даласында таралуымен байланысты намаз оқу, ораза тұту мерзімдері де қазақтар үшін уақыт өлшеміне айналып кеткен. Мәселен, таң намазы кезінді, бесін,үлкен (ұлы) бесін, кіші бесін, екінді, екінді мен бесіннің арасы, ақшам, ауыз ашар, құтпан, намаздыгер, намазшам, сәресі (сахар) дегендердің бәрі де дін адамдары үшін уақыт өлшемдері болып есептелген. Бұл сөздердің бірсыпырасы қазақ тілінде қазіргі кезде көнеленіп, архаизмге (пассив сөзге) айналды. Өлшем жүйесіндегі уақытты білдіретін өлшемдердің біріне діни тұрғыдан қалыптасқан уақытты білдіретін бірліктерді жатқызуға болады. Бұл өлшемдер қазақ даласына ислам діні кіргеннен кейін, халқымыз мұсылманшылықты қабылдағаннан кейін пайда болды. Соның негізінде қазақ халқының тілінде діни тұрғыға байланысты айтылатын, уақытты білдіретін өлшемдер қалыптасты. Ол өлшемдер күні бүгінге дейін діни ұстанымдарда, яғни намаз оқу, ораза тұту т.б. қатысты қолданылады.

Бесін. Түстен кейінгі күн қақ маңдайға келген шақ – бесін. Әрине, бесін атауын сыртқы ұқсастығына қарап бес сөзіне қатысты деуге болмайды. Бесін «мешін» (маймыл) атауымен байланысты дейтін де пікір бар. Бірақ бұл сөз түркі тілдеріне парсылардан ауысқан деуге болады. Парсы тілінде пишин «түс мезгілі» , намаз пишин «бесін намаз» дегенді білдіреді. Парсыша «пеш» маңдай деген сөз. Пешенесіне жазылған дегендегі пешене «маңдай». Бесін мезгіл–күн маңдайға келген шақ.

Екінді. «Екіндіде елге сүйкімді қонақ келеді» дейді қазақ мақалында. Бесін ауып, күн батуға таянған шақ – екінді. Халық тілінде екінді мен жарыса қолданылатын сөздің бірі намаздыгер. Діни салт бойынша оқылатын үшінші намаздың аты есебінде қолданылған бұл сөз де ертеректе мезгіл –шақты білдіретін атауға айналған. Намаздыгер мезігілінде Шу бойында дігер намаз шағында деп те айтпайтындығын кездестіреміз. Күн батқаннан кейінгі мезгіл іңір,ымырт,ақшам,намазшам. «Іңірде жатқан,ырыссыз қалар» дейді халық мақалы. Іңір мезгілінің өзі қызыл іңір (қоңыр іңір) және іңір қараңғысы деп екі шаққа бөлінетіндігі белгілі.

Намазшам. Намазшам діни салтта «төртінші намаздың» аты, Парсы тілінде шам «кеш» деген мағынаны білдіреді. Бұл сөзде де шаруа адамы байырғы кезде мезгілді білдіру мақсатында қолданған. Намазшам мезгілінде бие ағытып, екі айғыр желі басында жатып қалды» («Қозы Көрпеш Баян Сұлу»). Кеш мезгіліне қатысты, оның шақарын нақтылай түсетін ымырт жабылды, шам жамырады,сам батты,ақсам батты т.б. тұрақты тіркестер бар. «Ақ сам батпай түн шықпас, ажал жетпей жан шықпас» (Бұқар).

Құптан мезгілі. Ел ұйқыға жетер шақ – құптан мезгіл. Құптан парсыша: а) ұйықтау, жату,б)бес уақыт намаздың ең соңғысы. Құптан намазы еліміздің Атырау аймағында жасиық намаз деп те айтылады. Шақтың діни салттағы «бес парызға» байланысты атаулары байырғы жырларда, эпостарда жиі қолданылған. «Намазшамнан өткенде, құптан мезгіл жеткенде. Құлағына батырдың бір дауыс келіп шулайды» («Қобыланды батыр»).

Сағат (Шақ) байланысты уақыт атаулары. Қазіргі кезде тәуліктің шақтары сағат тілімен өлшенетіні белгілі. Күнделікті тұрмыста мезгілді көбіне сағат бойынша айту дағдыға айналды. Алайда құрал ретінде сағаттың тұрмыста қолданыла бастағанына айтарлықтай көп уақыт бола қойған жоқ. Олай болса, сағат сыртылына дейін, тіпті одан көп бұрын, тәулік қандай шақтарға бөлініп, олар халық тілінде қалай аталды? Алдымен назар аударатын нәрсе, тілімізде сағат деген сөздің өзі қалта сағат, қол сағат, қабырға сағаттардың тұрмысымызға бауыр басуынан көп бұрын қолданылған деуге болады. Халқымыздың байырғы жыр мұрасының бірі Қыз Жібекте: «Пұл жібердім қалаға бисағат күні, құдая», - дейді. Сөзбе–сөз айтсақ: мұндағы би–бей–сағат – «сағатсыз (сәтсіз)» деген сөз. Бұған қарағанда сағат әуелде «уақытты көрсететін құралдың» атауы емес, «сәт» деген мағынаны білдіретін сөз екенін байқаймыз. «Атау кере» шығармасында шақ, сағатқа байланысты сөздер төмендегідей берілген.

Аяқ астынан (Тастап-ақ кетейін десе, даяр тұрған «құлдан» аяқ астынан айырылып қалғысы жоқ, ал атының артына мінгестіріп алайын десе – көкбестіні аяйды) – қалай болса солай, берекесіз шашылып жатқан, керексіз болған нәрсе туралы айтылады.

Әп-сәтте (өздері берген қантты өздеріне қайтадан саңғытып беріп, бал емес әп-сәтте қоймалжың тартып, көпке бармай беріш болып қатып қалар езілген қант жеген кісілерге миығынан «күліп» қарар еді; әлемдегі әрі ақылды, әрі аңқау адамзаттың жан-жануар, құрт-құмырсқаға жасаған аярлығы күндердің күні болғанда қайта айналып өздерін табарын парықтамайтын және жер жаһандағы барлық тіршілік иелерінің ішінде тек адамзат қана алданып отырғанын пайымдаған емес;).

Бірер сағаттан соң (Шөп әлі кебе қойған жоқ, енді бірер сағаттан соң ғана жиюға жарайды).

Диуана шағында (Бұрынырақта «Сырдың суы сирағынан келмей» жүрген диуана шағында, үстінен трактор жүріп өтсе де, былқ етпейтін Таған, соңғы, ішуін тыйған уақыттан бермен, жоқтан өзгеден секем алып, қоян жүректеніп кетіп еді) – іс-әрекетінде береке жоқ, бәтуасыз, тұрақсыз адам.

Екі тәуліктен (Тал түс шалқар түске ойысып, екі тәуліктен бері төбеден төңкеріле қараған күннің шуағына масайраған тау табиғаты таңғажайып қуанышпен жарқырай жайнап, қуана құлпырып тұр еді)

Елең-алаң шақ туа (Онда таңның алғашқы хабаршы сәулелері тарап, елең-алаң шақ туа атқа мінбесең, қонаға жете алмай қаласың) – таң алды, құлқын сәрі; алагеуім мезгіл.

Жан тәсілім берер шақта (Естір құлақ, ұғар зерде болса, ақыл-кеңесін баяғыдай айтып келеді, енді мына жан тәсілім берер шақта, әлдекімдердей, шаңырақтың шаттығын бұзбау жайлы сөз бастаудың өзі күзетіп отырғандарды күйзелткеннен басқа, өсиет болып жарытпайтынын сезген еді) – қаза болды, қайтыс болды, дүниеден қайтты.

Жарты сағаттай (Қызыл жаулықты Қыз да келуін қоймайды, намазы қаза болатындай, тау асып асығыс құлдайды, өзеннің жиегіне жарты сағаттай аялдайды, содан соң атына қарғып мініп, тау асып ғайып болады).

Жас шағында (Алайда жас шағында кісі қателікке көп ұрынады; тегінде, адамға ақыл қартайғанда керек-ау, алжымас үшін, алжаспас үшін...).

Зауал шақта (Бірақ сол зауал шақта қара тізімге бір ілінген адамның көрге кіргенше көгергені, көңілі ашылып сергігені бар ма, тәйірі, өле-өлгенше қуғын-сүргеннен айырылған жоқ) – жаза, сазай, азап; өлім, апат; а) кешкі түнеріңкі кез, жарық атаулы жоғалып бара жатқан шақ, жарық пен қараңғылықтың өліарасы. ә) Егде тартып, жас ұлғайып, қартайған кез; өмірінің соңы, ақыры).

Келтеленген шағында (Тағанды таң қалдырған бұл ғана емес: ауыл-аймақ, бота-тайлақ тек қара басы ғана ауа көшсе, саяқтаса жарар еді-ау, пендеге берілер санаулы жасының көбі кетіп, келтеленген шағында оған бәрі жарасар).

Қас қағым (Екі ауыл қанды шайқасқа қас қағым сәтте әзір болды) – лезде, көзді ашып-жұмғанша.

Қысылтаяң шақта (Қысылтаяң шақта түкке аспай қалған мылтықты жерден көтеріп алып, мүлдем кәперсіз әрі асықпай борсаңдап бара жатқан аюды көздеді) – аласапыран, қарбалас, қысылшаң.

Сергелдең шағы (Жігіттің қоңырқай жүзі батар күннің батсайысындай аһ ұрған арманмен алабұртып, әшәнде жыландай жанған өкініштің бе, өксіттің бе, бәлкім, әлі де үміткер, әлі де, қоламтасы суи қоймаған еркектік сезімнің сергелдең шағы туған шығар).

Студент шағынан (Бұл – студент шағынан бастап сүйегіне сіңген қарекеті еді).

Тәуекелге бел байлаған мезетте («Шынмызды айтсақ қайтеді» деген тәуекелге бел байлаған мезетте, ауылдың аш құрсақ итін шулатып Шолақ қол келіп үлгереді) – қиындықты мойына алып, неге де болса көнді.

Тәулік бойы( Ішім пысатын шығар, тәулік бойы жер астында қамалып отырудан артық тозақ бар ма...)

Мезгілге байланысты уақыт атаулары. Халық тәуліктегі уақыт мерзімін қалай жақсы ажыратса, жыл мезгілдерін де жете тани білген. Түркі халықтары жылды төрт тоқсанға бөледі. Оны қыс тоқсан, жаз тоқсан, шілде тоқсан, күз тоқсан дейді. Қазақтар төрт маусымға бөледі де оны қыс, көктем, жаз, күз деп атайды. Мұны жылдың төрт мезгілі дейді. Әр тоқсан мен маусымда үш ай немесе тоқсан күн болады. Тоқсан деген сөз осыдан шыққан. Маусым жыл мезгілдерін анықтап көрсетеді. Оны қыстыгүні, жазғытұры, жаздыгүні, күздігүні деп атаған. Жыл мезгілдеріне байланысты ұғымдарды Ақселеу Сейдімбек «экологиялық уақыт» деп атаған. Экологиялық уақыт бойынша жыл мезгілдері жаз, күз, қыс, көктем болып сараланады. Оралханның басқа да шығармаларында табиғаттың сын-сипаты, түс-тұрпаты да, адамдарға тән қасиеттермен беріледі: жатбауыр күз, аждаһа қыс, жетім тамшы, садақы жел («Қайдасың қасқа құлыным». Осы жыл мезгілдерімен байланысты қазақ тілінде мынадай тілдік қолданыстар бар: көктем шыға, күз түсе, жаздың соңына қарай, көк қылтия, көк шыға, қар бекіген кезде, шілдеде, өліарада т.б.

Табиғат құбылыстарымен байланысты көшпелі қазақ халқы мынадай уақыттық ұғымдарды тудырған: ел жайлауға көшерде, малды көктеуге шығарарда, күзекке көшіп қонарда, қыстауға қайтар кезде т.б. Ауа райын бақылауда халықтың өзіндік тәжірбиелері мен болжамдарынан туған терминдері мен орнымен айтылған қағидалары да назар аударуға тұрарлық. Мысалы, жайма-шуақ, қапырық, аспан айналып жерге түскендей, миқайнар деп жаз айларындағы ауа райын айтатын болса, қыста – шуақ, май тоңғысыз, шыбынсыз жаз деп жайлы күндерді, үскірік, бет қаратпас аяз «тіпу» десе, түкірік жерге түспейтін аяз, қызыл шұнақ аяз деп аязды күндерді, ат құлағы көрінбейтін боран, ақтүтек, сырғыма, жаяу борасын, ақ байтал, ала қаншық боранды сәттерді бейнелей айтқан. Мұндай бейнелі теңеулер ыстық, суық күндердің шама-шарқын айқындайды. Күздегі суықты қара суық, жазғытұры желді өкпек жел, көктемгі жылы желді алтын күрек, ескек жел, сіркіреп қана жауып өткен жаңбырды етікші бүрку, күн шығып тұрғанда жауып өткен жаңбырды ақ жаңбыр, жаумайтын бұлтты қысыр бұлт, наурыз айындағы ұзарған күнді ұзынсары деп айтатын халықтың әдемі теңеулері тағы бар. Ендігі ретте әр мезгілдің аталуы мен оның ерекшеліктеріне, халық ұғымындағы кейбір мән-жайына жеке-жеке тоқталсақ. Жаз мезгілін тамсана қарап, асыға күтетін жандар аз емес. Жазда табиғат құлпырып, құстардың, қыбырлаған тіршілік иелерінің сыңғырлаған бұлбұл-бұлбұл үні шығып табиғатқа ерекше өн береді. Жер жасыл кілемге боялып, көк аспандағы күн сәулсі нұрландырып одан әрі жаздың әсемдігін арттырады. Жаз ең ыстық мезгіл. Жаздың әр айы өзіндік сипатымен ерекшеленеді.

Маусым – төртінші және жаздың алғашқы айларының бірі. Маусым үндінің маусын деген жұлдыз атауынан шыққан екен де, кейін түркі елдерінің тіліне енген. Маусым айын «отамалы» деп те атайды. Бұл жер отынның молайып, нәрленіп, малға жұғымының артуына байланысты шыққан атау. Маусымда шөп шабылып, мал азығы дайындалады. Бұл айда күн барынша ұзарып, түн қысқарады. Жаздың алғашқы айы болғандықтан жаз шықты деп айтамыз. Бұл шөп шықты, мал өріске шықты деген сөзге орай айтылса керек.

Шілде – бесінші ай, парсының «чіллә» яғни «қырық» деген сөзінен шыққан. Мұның шындығын қазақтың «қырық күн шілде» деген сөзінен-ақ аңғаруымызға болады. Жаздың ең ыстық айы-шілдеде орташа тәуліктік температура +27° +31° ал кей жылдары +41° +42°-қа дейін жетеді. Жауын-шашын бұл мезгілде өте аз түседі, орташа мөлшері 75-100 мм. «Жаздыкүн шілде болғанда, көкорай шалғын бәйшешек ұзарып, өсіп толғанда» деген қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың сөзінде айтылғандай бұл айда өсімдік те, мал да, құс та өсіп, толығады. Шілдеде күннің ұзақтығы қысқара бастайды.

Тамыз – алтыншы ай. Көне Сирия, ежелгі еврейдің таммуз деген сөзінен шығып, біздің тілімізде сары деген ұғымды білдіреді. Қазақтар кейде бұл айды саршатамыз деп те атайды. Сары – сарша-сарғаю яғни жердің құрғап, өсімдіктердің сарғайған кезін білдіреді. Бұл айда егін пісіп, күз мезгіліне дайындық басталып, тіршілік науқаны қызған ай.

Ала жаздай (Бұл үйдің ала жаздай анда-санда келіп тұрар жалғыз ақ қонағы бар) – жаз бойы.

Жазғытұрымның қарақатқағында (Алғашында күпсеп қарға малтығып өлген елікті тауып алып, талғажу жасап еді, бұдан соң жазғытұрымның қарақатқағында қарға мен сауысқанға ауыз салған) . Жердің әбден құрғап, кеуіп кетпей, тоңазып жатқан кезі.

Жаздың жуан ортасында (Әр шақырым сайын таудың құзар басынан сарқырай құлап, Бұқтырмаға құяр бұлақ бастауын қардан алатындықтан да, жаздың жуан ортасында тісімізді зыр еткізер суықтығын сақтап қалатын). Істің, я топтың, әңгіменің нақ төрінде, ең ішінде, арасында.

Тамыздың таңдай кептірер аптабы (Тамыздың таңдай кептірер аптабы алдынан анталай ұмтылды).

Тамылжып тамыз айы (Тамылжып тамыз айы туған күннен бастап, таудың бұрымы іспетті қырдан ойға құлап түскен бұралаң жолға қарап ұзақты күн телміру-Бекзаттың екі үш жылдан бергі ауруға айналған айнымас әдеті еді).

Шыбынсыз жазы (Бұдан былай жасыл түсті жайлаудың шыбынсыз жазы басталады).

Шілде бойы шіліңгір ыстық (Шілде бойы шіліңгір ыстық басып, күнгей-күнгейжің шөбін күйдіріп, жаялықтай сарғайтыып жіберіпті) – аптап аңызақ.

Қыс мезгілі. Төрт мезгіл ішіндегі ең ұлы пейзажды жасайтын – қыс. Қаңтарда қақап, ақпанда сеңі соғылып, наурыз айында қоштасатын мезгілдің сезім алдындағы пәктігін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қыс – тазалық пен пәк көңілдің, тұнықтық пен тылсым құбылыстың мезгілі. Астрономиялық ұғым бойынша, қыс — қысқы күн тоқырауы сәтінен көктемгі күн мен түннің теңесуіне дейінгі (Солтүстік жарты шарда 21—22 желтоқсаннан 20—21 наурызға дейін, Оңтүстік жарты шарда 21—22 маусымнан 23 қыркүйекке дейін) уақыт аралығы. «Жеті амал жаман өткен жоқ, қыс,сірә, жайлы болар», деген сөз бар. Жеті амал тауын байырғы кезде көбіне есепшілер қолданған. Олар табиғаттың сан алуан құбыылыстарын, жіті көзбен бақылай отырып, ауа райы туралы ұзақ мерзімді болжаулар айта білген. Есепшілер жұттың болатынын алдын-ала біліп, елді сақтандырып отырған. Ерте кезде есепшілер жеті амалға табиғаттың мынандай құбылыстарын жатқызады. Күннің тоқырауы, қарашаның қайтуы, Үркердің батуы, мұздың қатуы, киіктің матауы, айдың тоғамы, тоқсанның кіруі. Бұл тәрізді жеті амалды білдіретін тұрақты тіркестердің мағынаналарын екінің бірі жыға тани бермейді деуге болады.

Желтоқсан – он бірінші, қыстың бірінші айы. Жел және тоқсан деген сөздің қосындысынан шыққан. Яғни үш ай желді, боран деген ұғымды білдіреді. Бір тоқсанда үш ай болатыны көпке белгілі. Ежелгі түріктер бұл айды жел айы деп атаған. Бұл айда қазақтар қыстық соғым сойып, қыстық азықтарына қамданып, қыстауға көшеді. Желтоқсанның 22-сінде күн барынша қысқарады. Мұны «күннің тоқырауы» деп атайды.

Қаңтар – бірінші ай. Күннің барынша қысқарып барып, одан әрі бара алмай қаңтарылып тұрып қалуына орай қаңтар деп аталған. Бұдан кейін күн ұзара бастайды. «Қаңтарда күн қарға адым ұзарады» дейді халық. Қарға адым дегеніміз каңтар айындағы күннің ұзаруы, ол 36 минутқа тең. Елік адым – қаңтардың басынан ақпанның аяғына дейінгі аралықтағы күннің ұзаруы, ол 74 минутқа тең келеді.

Ақпан – екінші ай, қыстың және жылдың соңғы айы. Ақпан – қазақтың ақ ықпа яғни боран деген сөзінен шыққан дейді халық даналығы. Бұл ай қыстың ең ауыр әрі қаһарлы кезі. Қатты суық, аяз, үскірік, дүлей борандар осы айда болады. «Боз тоқтыда құйрық қалды, бойжеткенде бұғақ қалды, қырлан, ақпан қырлан!» деп қаңтар ақпанға тапсырып кетеді екен деп қариялар айтып отырады. Халық тілімен айтсақ «ақпанда күн ат адым ұзарады». Ат адым – ақпан айындағы күннің ұзаруы, ол 38 минутқа тең. Ақпан жылдың қысқа айы, ол кейде 28, кейде 29 күнмен бітіп отырады. Қазақтар «құт келді-жұт келді» деп ақпан айында қамданып, қорқынышпен қарсы алатын. Себебі бұл айда мал жүдейді, жемшөп азаяды.

Алғашқы сонарда (айға жуық айласын асырып келген аналық алғашқы сонарда із кесіп, моншада жасырынып жатқан нюра қатынаудан жасқанды) – жаңа жауған қар.

Қарашаның қара суығында ( расында да, қайда барады мына қарашаның қара суығында,- деп сөзге араласты аналық).

Қарашаның қары түскенде (Нюра фадеевнаның ағаштан қиып салған үйінен қарашаның қары түскенде қуып шығып, жаңа ұйымдасқан қосшының бастығы кіріп алды).

Қыстың қақаған суығында (нюраның жылағаны-ай... қыстың қақаған суығында тірісінен гөрі өлі баланың денесін жасыру қиын болды).

Қысы мен жазын, күзде (арқаның апай төс даласы болса бірсәрі, қысы мен жазын айырып болмас алтайдың алақандай алаңқайы игеруге игеруге көнбей шамданып қалды ма, әлгі жыртылған жердің бәріне алабота мен кендір өсіп, күзде қурайға айналып, үп етіп жел соқса болды, сай-сүйегіңді сырқыратар азалы үн шығарар еді;).

Көрнекі сурет: Ю. Клевер "Қысқы ормандағы күн батар шақ".

(жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар