Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
«Пайғамбар» көктен түспейді......

14.02.2024 1042

«Пайғамбар» көктен түспейді... 12+

«Пайғамбар» көктен түспейді... - adebiportal.kz

Әдетте, жылыжайда өскен помидор мен қиярдың дәмі мен иісі, далада күн жеп, жаңбырдың сабалауында, желдің шайқауында өскен помидор мен қиярдың дәмі мен иісінен мүлде басқаша болады. Күтімде, баптауда болса да, жаңағы жылыжай жеміс-жидектері, далада өскен жеміс-жидектердің құнарлығының жартысында бере алмайды екен. Түрі, түсі, формасы бірдей, бірақ, ішкі помидорлық, қиярлық табиғаты бұзылған. Бұл бір деңіз. Екіншіден: телефонға сурет не видео монтаждайтын программа жүктедіңіз дейік, егер ол программаның жұмыс жасауы ақырын, жасаған монтажы сапасыз болса не істейсіз? Өшіресіз де екінші бір одан да сапалы программаны жүктейсіз. Үшіншіден: телефонның өзін де айтуға болады. Ipone 1-ді қазір ешкім ұстамайды. Samsung galaxyің де сол. Қазір бұл екі телефонның айналасы 13-14 жылда неше буын ұрпағы бірін-бірі терістеп, бірін-бірі базардан ығыстырып дамып отырды. Бұл аз десеңіз компьютерде Windowsдың алғашқы 1985 жылғы нұсқасын пайдаланып көріңіз. Оны пайдаланбақ түгіл қолайсыздығынан түсінбейсіз де. Осылай мынау көзге көрінетін қарым-қатынастар да адам өзіне қажеттінің ең жаңасын, ең соңғысын, ең қолайлысын пайдаланып үздіксіз даму басқышында қадам-қадам бойынша сатылап өрлеп келеді. Бұлай ескі мен жаңаның алмасуы туралы көз алдымызда күнде өзгеріп жатқан материалдық дүниелердің прогрессін тізбектеп кете берсек тауыса алмаспыз.

Енді мемлекетті алып телефон деңіз. Зиялыны алып телефонның суретін не видеоны монтаждайтын программасы деңіз. Болмаса мемлекетті алып атыз деңіз, зиялыны сол атыз жылыжайында  өскен жеміс-жидек деңіз. Бәрі салыстырмалы түрде. Қарапайым адамға, қарапайым түсінікпен келіп жатырмыз. Программа ескірді не істемек керек? Ал, «балапандай баптап, қызғыштай қорғаған» жемісіңнің құнары мен дәмі сізге қажетті дәруменді бере алмай жатса қайтер едіңіз?

Денсаулық пен қолданылатын затқа келгенде талғамымыз таудай, ал саналық, ақыл-ойдың талғамына, ел тағдырының тынысына келгенде қарапайым адам болсын, «зиялысы» болсын тым талғамсыз.

Талғамды көтеру үшін де кейде сондай керемет пайым мен терең философияның қажеті шамалы. Ойша екі қолға бір затты алыңызда ескісі мен жаңасын, жаманы мен жақсысын салыстырыңыз, енді оның орнына мемлекет машинасының тетіктерін бірден, бірден қойып тексере беріңіз. Жауабы өзінен-өзі келе береді. Бәрін салыстырыңыз. Сынай қараңыз, қандай нәтиже беріп жатыр. Нәтиже берсе халықтың сауаты қаншалықты артты, қарыны қаншалықты тойды, бермесе қай жерінен кетіп тұр дегендей.

Мемлекет үшін халық қашанда тұтынушы, пайдаланушы. Мемлекет деген ұғымның өзі ұжымдасқан үлкен топтағы адамдар шоғыры деп түсініңіз. Адам халықты құрайды. Енді сол халық президент, үкімет, зиялы, кәсіпкер, жұмысшы, қызметші деген түрлі-түрлі программаны өзінің мойнына жүктеп алып ортақ өмір сүреді. Енді осы программаның ішінде кеңес кезінде мемлекеттік басқарудың программасын - бас хатшыны қазір президентке ауыстырдық. Оның аты да өзгерді, атқарар қызметі де өзгерді. Мемлекеттік басқару мен үлестіру де өзгерді. Соған орай қызмет бөлісу мен қызмет атқарудың бүкіл ұңғыл-шұңғыл қатынасының бәрі өзгергенде тек ЗИЯЛЫЛАРДЫҢ ПРОГРАММАСЫ өзгермепті. Жаңармапты.

КСРО шынымен де жылыжай тәжірибесі болды. Қолдан өсірілген, сырты қып-қызыл қазақ, іші мөңкіген сәбеттік дәруменге толған «зиялылар» халықтың «рухани» доноры болды. Күллі сәбеттік үгіт-насихатқа керек болғаны сонша, жазу-сызудың соңында жүрген қаншама азаматтар атылатын жылдары атылмады, соғысқа баратын жылдары соғысқа тартылмады. Кеңеске керек болғандықтан алтын жақұттай сақталды. Қан жауған жылдары генералдардың насихат үнінің  табы жатса, кеңістік заманда «зиялылардың» ақ жейдесінің жағасында, маңдайдан аққан терінде, қаламынан тамған сиясында қазақ қанының тамшысы жатты. Әлиханның «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!» - дегенін XX ғасырда төре тұқымы емес, орнына: «Зиялыларда қазақ баласының хақысы бар», - деуге болатындай апат пен қиянат алып барылды. 

Марат Қабанбайдың «Бұл зиялы – қай зиялы» атты 1994 жылы жазылған мақаласында: «Аңшылықпен, жеміс жинаумен алғашқы қауымдық құрылыс айналысқан ғой»-, деп тамаққа таласатын қауым мен біздің отыз жыл алдындағы тамақ үшін таластың алғашқы белгілері (симптомдары) біліне бастаған кезеңді дөп басып айтқан.  Алаңдаса, алаңдайтындай 30 жыл бойы сол тамаққа таластың түрлі-түрлі формаларын жасаймыз деп шашылып қалған, уақыттың талабын оқи алмайтын шайналған, ескірген дискіге толған зиялылар гвардиясын жасақтап шығарыппыз. Ал, халық сол ескі программалы «зиялыға» сенімін табыстайды, руханияттың тізгінін береді, болашағының білтесін ұстатады.

«Ақын болу өз ісің, азамат болу борышың» деген қысқа ғана сөйлемің де қазір уақытқа жауап бере алмайды. Қазіргі таңда қалам ұстаған қазаққа азамат болу жеткіліксіз, қайраткер болмаса азаматтығың да айдалада қалатын дүние. Елдің азаматы болып жылыстап келген қытай да болды, киіп әкетіп африкалығың да болып жатыр, бірақ олар біздің елдің тағдырына төл перезентіндей пейіл таныта ала ма? Мәселе осында. Қайраткерлік тек саясаткерлердің ісі деп қарау шала пайым. Саясаткерлердің өзі де қайраткер болмаса елін тоздырып, топалаңға айналдырады.

Кеңестік кезеңде «Еңбек ері», «Атақты шопан» тағы сондай ауыл шаруашылығы, өндіріске байланысты атақтар беріліп, жалпы халыққа насихатталды. Бұл атақтардың дүмпуі мен салмағы әлгі зиялыларға тағайындалған бүкіл одақтық, республикалық сыйлықтардан бірде-бір кем болмады. Бүгіндері атақты шопан, жемісті бағбан, шебер құрылысшы, қамба толтырушы деген  мамандарының еңбегі мемлекеттік деңгейде көтеріліп, аты аталып жатқанын байқай бермейміз. Керісінше, жылдың соңы жақындаса аяқ-қолы қалтырап, сүйектері саудырап, тәнін таяқпен сүйрелеп зиялылар халқымен «бірге» екенін қайта-қайта дәлелдеп мінберді бермейді.

Зиялылар дәнекерлік миссиясын ұмытқан халық! Тек бір тараптың ғана позициясын адақтап шығады да, екінші ұлттың, қара қазақтың мүддесін алған атағына, берген марапатына сатып жіберетін қауымға айналды. Кешегі Алаштықтарды неге екенін білмейміз, зиялы деп атағымыз келмейді. Зиялы дегенді кеңістік үкіметтік күшеюімен санаға мызғымастай қашалып тасталған. Алаш азаматтары қайраткер, тұлғалар еді. «Оян, Қазақ!» - деп не үшін кинофильм түсіріп жүрміз? Сөздің қуаттылығы, өлеңнің шедеврлігі үшін бе? Киноны Міржақыптың қайраткер мінезі үшін түсірген жоқпыз ба? «Отыр қазақ» , «Тұр қазақ» деп кім жазбайды. Мәселе айтуда емес, мәселе мінезде. Бұл портал және бұл автор әдебиеттің көркемдік мәселесін неге қаузамайды деп дау айтуларыңыз мүмкін, бірақ, әдебиет бізде көркемдік тұрғыда аз талданып жатқан жоқ. Онымен қарапайым халықтың мүддесін қаузай алмасақ керек. Біз әлгі зиялы деген қалпақты киеміз деп жүріп, әдебиетті түрлі авторитеттердің тасасына тығып өлтіріп тастағанбыз. Біз әдебиеттің проблемалық мәселесін сол үшін де тұлғалық мәселе ретінде қайта-қайта қоңырсытып отырмыз. Қып-қызыл адами фактор шешіп кетіп отыратын қоғамда көркемдік дүние мен эстетиканың құны байланыспен, көз таныспен шешіледі. Ал, көркем дүние өндіре алатын таланттар болса тіптен елеусіз, қорғаусыз. Оның құны басы алтын кеніш болса да, сұйқыл су татыған көже өндіретін көкелі көк соққанның алдында төменшік, бәсі кем. 

Тұлға мен қайраткерліктің не екенін түсінбесең әдебиетке келме. Мемлекеттің саяси ахуалын барлап, танып жетпесең әдебиетке келме. Елдің әлеуметтік жағдайына жүрегің ауырмаса, қара қазақтың XXI ғасырдағы аш-арық күйіне жаның жыламаса әдебиетке келме. Атаққа күйлесең, жазған екі өлең, бір әңгімең үшін сыймай, ісіп-кебер болсаң жазғаныңды доғар!

Сонымен ескірген программа зиялылардың өзін жаңартудан бұрын қарапайым азаматтар оларды авторитет санауды санасынан өшіруді негіз етіп қабылдаса. «Зиялы» - (ар. доиаун ضياء  - жарық, сәуле, нұр ауд.) деген осы бір арабша сөзге өлердей жабысатын да ештеме жоқ. Арабтың бір сөзін қолданыстан алып тастаса да қазақтың сөздік қоры кеміп қалмайды. Интернетті болсын, youtube-ні болсын ақтарып қалсаңыз, діндары да, оқығаны да зиялы кім деп жауап таппай миы ашыған қазақты көресіз. Бұл сөздің не құдіреті бар дегеннен бұрын, сол сөзге басымдық беріп алған өз санамызды шайқасақ дұрыс болатын секілді.

Ішкі формалық тұрғыдан санасы өспеген халық әрқашан өзіне культ іздейді. Біз қозғап жатқан «зиялы» атауы да қазақ санасында культтық деңгейге көтеріліп кеткен атау. Сол үшін де оны қазақ өз ішкі менінен құрбандыққа  шалып жіберуге дәті жетпегендіктен түрлі-түрлі сауал тастап, жауабын таппақ болады. Ал, анықтама берейін десе, зиялы деп сеніп жүргеннің фигурасы келмей тұрады. Көз жазып қалған кеңістік дәуірдің «пәк зиялыларына» мына жаңа заман жалған жазармандарының болмыс-бітімі мен іс-әрекеті қабыспай, сауалды қайта-қайта қопсыта бергізеді. Сауалға жауап берілмегендіктен де, Марат Қабанбайдан бергі 30 жылда бұл тақырыптың шиырына сан мәрте жауап іздеп, ат шалдырыпты. Себебі, бұл культ қазақ санасына ата-бабасынан келе жатқан құндылақтай болып орнығып алғандықтан, оны жоқ қылып жіберу біздің азаматтарға өте ауыр соғатыны сондықтан еді. Бұл тобырлық сананың біздің бойымызда да көрініс беріп қалған жарқылы екенін түсініңіз. Саяси, мәдени тұрғыдан өз сауаты мен жауапкершілігін әлде кімге арта салу жалқау санадағы, тобыр адамға жеңіл. Бұл жалқаулық өз кезегінде пысықай зиялыға өте тиімді болды.

Жалпы ағармаған халық жауапкершіліктен қашуға кеңес кезінен бастап үйретілді. Батыс бір әлем, КСРО бір әлем болып екі топқа жіктелуі кеңестік адамдардың томаға-тұйық болуын, билеушіден өз құқығын талап ете алмайтын жасық халықты пайда қылды. Кеңестік адам әбден езіп үйретілген цирктегі жануарлардай болды. Еркі жоқ халықтың еркін сырттан біреу шешіп, көсемнің астындағы зиялы сынды «пайғамбарларға» табынтуға әбден еті өлтірілді. Сол табыну түйсігі мен «сыйластық» ибасы жібін ортада шот үзбестен қазіргі күнге жетті. Үзілмеген бұл жіп уақыттың талабына жауап бере алмастан бұрын, қарапайым қазақтың кеңестік санадан арылмағандығының айғағы болып, зиялыға балама түсінік іздеп, тірі адамдардан пайғамбар жасауға әлі арпалыстырып келеді. Қалай айтсақ да қазіргі марғау қоғам өз жауапкершілігін өз қолына алмай, ортадан біреу шықса дейді, біреу келіп құтқарса, біреу келіп мәселемізді шешіп берсе деген жалтақ ұстанымда. «Пайғамбар» көктен түспейді... Бұл пайым кезінде пайғамбарды күткен қауымдар мен Мәдіні аспаннан түседі деп сенетін дінкештік симптомнан айырмасы шамалы.  Ницшенің «Құдайын өлтірмей» ақ қоялық, бірақ, «зиялы» деген осы сөзді санадан өлтіруге қазақтың еркі жетер. Жауапкершілікті біреудің иығына артып тастап қарап отыру ол шынында тобырлық эпидемияның асқынған түрі.

КСРО-ның жобасы, соның жылыжайында өсіп шыққан зиялы сынды ескі программаны қазақ қашанғы сүйреп жүре бермек. Қазақ сол зиялыға қаңтардағы аязда қолын төсеп жылынып па? Елдігі, еркіндігі бәске түскенде еркіндіктің көгершінін ұшырып па, қанатын қырқып па? Ойланыңыз, толғаныңыз,  шешімді өз ішіңізден шығарыңыз!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар