Ақпанның 17-сі күні Ұлттық академиялық кітапханада сатирик жазушы Қанағат Әбілқайырдың «Періштелер жоқ жерде» деп аталатын жаңа кітабының таныстырылымы өтті. Оқырмандар, ақын-жазушылар, үкімет адамдары, «Шолпы» кітап клубының мүшелері қатысқан жиында жаңа шығарманың бүгінгі таңдағы өзектілігі жайында айтылды. «Фолиант» баспасында жарық көрген кітаптың дизайны да келісті көрінеді.
Әдебиетші-сыншы Амангелді Кеңшілік кезінде «Жансусар» клубының антологиясына алғысөз жазған кезде өзі атын атап, өлеңдерін талдаған жеті ақынның бәрінің бүгінде әдебиетте есімдері барын айта келіп, сол кезде тек поэзия емес, прозаның дамуы, жай-күйі турасында да ой кешкенін жасырмады. «Сол кезде мен қатты ойландым, прозаның жағдайы қиындап кетті, проза жазу оңай емес, ол қаламгерден үлкен мінезді керек етеді, табандылықты, шеберлікті, ізденісті талап етеді. Сол кезде іздеп жүріп, Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» романын оқып, прозада тағы кімдер бар екен деп іздеп көргенде Қанағат Әбілқайырды таптым. Өзіңнің айта алмай жүргеніңді жазушы айтып тастағанда риза боласың. Бір күні Төлен ағаға хабарлассам, Қанағаттың жазғанын мақтап отыр екен. Бізде бір-екі дүние жазса да мақтанатын, дауыл тұрғызатын, өзіне сыймай кететіндер бар, ал Қанағаттың бойынан сабырлылық көрінеді. Оқып, риза болып жүрем. Адамды күлдіру, сарказм, қоғамды әжуалау кез-келген адамның қолынан келе бермейді», - деп өзінің сыншылық бағасын берді.
Елге белгілі қаламгерлер, сатирик Берік Садыр, ақын Бауыржан Бабажанұлы, Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы, депутат Жанарбек Әшімжан, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, т.б. азаматтар шығармаға қатысты жылы лепес білдірді.
Жаңа кітапты қысқа уақыт ішінде оқып үлгерген «Шолпы» кітап клубының мүшелері мен “Фолиант” баспасының өкілдері өз пікірлерін ортаға салып, авторға сұрақ қойды.
«Фолиант» баспасының бас редакторы Фарида Тобашалова баспаның кітап нарығындағы бастамалары, жаңа жобалар жайында айта келіп, жазушы Қанағат Әбілқайырдың «Періштелер жоқ жерде» кітабында қазіргі қоғамның дерті, өткір тақырып көтерілгендіктен, шыққан бойда жастар жағының оқып, пікір білдіріп жатқанын мысалға келтірді.
Сонымен бірге оқырманға қызмет етуде, жақсы дүние ұсынуда әрдайым ынтымақтастықта жұмыс істеп келе жатқан Ұлттық академиялық кітапхана директорына баспа атынан алғыс білдірді. Айта кетелік, «Қайыршының миллиардер досы» бұдан бұрын Түркияда жарық көріп, оқырман ықыласына бөленген. Түрік тіліне аударған Ашур Өздемір екен.
«Періштелер жоқ жерде» не болады?
Автор оның жауабын оқырманның өзіне қалдырады десеңіз де, оқырман бұл жерде періште дегені періштенің өзі емес, адамның жүрегіндегі ұждан қарауылы екенін түсініп отырады. Бұндағы адамдар ақшаны оңай табатын, соның жолдарын меңгерген өзіміздің қазақтың жігіттері, бірақ, олардың бүкіл іс-әрекеттерінен мағынасыздық көрінеді. Не істесе де бар мақсаттары – естен кетпестей көңіл көтеріп, іштері түйілгенше қарқылдай күліп, бір-бірін басып озып мақтану ғана. Ақша оңай келген адамның бос уақыты көп, ақшасы көп адамның қиялы да ұшқыр, жаңа қазақтар бір-бірін көзі бақырайып, тіл-ауыздан қалардай таңғалдыру үшін ғана (тек таңғалу үшін) адам етінен сүйсініп жейтіндей дәмді ас әзірлетіп, шетелдің танымал деген мегажұлдызын әкеліп қарсы алдыңа жымитып отырғызып қоя алады. Ақшаң болса, оның еш қиыны жоқ. Осы қағанағы қарқ болған топқа кереғар елеусіз біреу– кедей халықтың өкілі – жас жігіт. Ол жігіт өзінің жаны үшін қорықпайды, еріккен байлардың көңіл көтерерлік бір сәттік ермегі үшін жанын жалдап, оққа ұшуға бейіл. Жалғыз арманы – қаланың шетінен үй алса болды. Егер жазатайым еріккен, мас, дарақылардың оғы тиіп мерт болса, өле қалатынын біледі, ал өлмесе, онда ақша алатынына сенеді. Өмірдің шешімі не деген тар еді дейсіз, біреуге қызық керек, қарқылдап күлу керек, ал кедей жігітке жаны қадірлі емес, үй алса болды. Біздіңше, Қанағаттың бұл әңгімесі – ақша біткен байлардың бәрінің психологиясы сондай дегенді емес, түбі адамзатты құртатын – оның шектен тыс еркіндігі, содан туатын жүгенсіздік пен бетімен кеткендік дегенді меңзейді. Қалай десек те, біздің бұрын түк көрмегендік, тәрбиесіздік, шектен шыққандық, жүгенсіздік деп есептейтіннің бәрі осы күні бір-ақ ауыз сөзбен еркіндік деп аталатын болды. Бұл басқа еркіндік екен, бұл еркіндікті бір сезінген адам моральдық нормаларға шекесінен қарап, мемлекеттің шегелеп қойдық-ау деген заңына да пысқырып қарамайды екен. Осы шексіз еркіндіктен түсініктер өзгереді, құндылық деп келгендер аяқасты болады, содан да дүниенің аяғы басына келіп, адам баласы биік мұраттарға ұмтылуды қойып, ақшасы болғанымен жаны бос, сол үңірейіп тұрған жерді мағынасыз қызық, бос ермек, анау-мынаумен толтырмақ. Бұл жерде эсхаталогиялық ілім де бейтарап халде. Ондай жерде періште не алады?
Жазушы Қ.Әбілқайырдың «Қайыршының миллиардер досын» – алғаш рет Ақтөбеден шығып тұрған «Адырна» әдеби журналынан (Мейірхан ағамыздың) оқып едік, бұл жазылу формасы қызық, бір жағынан ертегі, бір жағынан ертегінің ішіне жасырылған шындық. Қазақ ертегілерінің соңы «бай болып, барша мұратына жетіпті» деп аяқталатыны сияқты, мұнда да автордың: «шіркін-ай, күндердің күнінде ынсапсыз байлар мен құдайын ұмытқан билеушілер, жемқор шенеуніктер ішкен-жегенін елге қайтарып, тәубесіне келсе екен» деген биік арманы бар. Бұл – автордың ғана емес, халықтың арманы.
Жер асты хандығы дегенді ертегіден білеміз ғой, бұл хандықтың салтанаты бәрінен асып түскен. Он үш мың бөлмесі жарқырап-жайнап, көкорайында он үш жолбарысы алаңсыз жайылып, он үш мың пальмасы зәу биіктен төменге ұмсынып жайқалып, санайын десең есептегішің де жаңылатындай он үш мың он үш қызметкері құрақ ұшып қызмет көрсеткен бұл сарайда он үш миллион он үш мың балауыз шам жанып тұр екен-мыс, ал сарайдағы су қоймасына суды Каспийден емес, сонау Тынық мұхиттың өзінен алдырып, оған әлемдегі ең ұзын дейтін (Гиннестің кітабына енетін), отыз үш метрлік китті әкеліп жүздіріп қойған-мыс. Ертегі емес пе! Әзірлігінің кернейлетіп-сырнайлатқан екпіні алты айшылық жерге естіліп, ашылуына әлемнің түкпір-түкпірінен мен деген президенттер, министрлер, алпауыт байлар келген ол сарайдың бірі теңізге шығатын, бірі құмды алқапқа бастайтын және бірі әуежайға апаратын үш жерасты жолы бар екен. Шығармадан үзінді келтірейік.
«Бұл сараң ит тезегін төгуге қимайды. Ана тұрған дәу бөшкеге үлкен дәретін жинап жатыр. Осы күнге дейін толуға айналған шығар. Ал иісі, иісін жаңа өзің көрдің, жер-әлемге жайылып кетті. Анау толса немесе алда-жалда төгіле қалса, бәріміз уланып өлеміз!»
Бұл да – тұспал, жемқорлық жайлаған қоғамның сасық иісі ғой. Осы күні аузымыз әбден үйреніп кетті, «жемқорлық» деп оп-оңай айта береміз, мектептің баласы да қазір отыра қалып осы тақырыпқа эссе жазып бере салатын болды, өйткені, жемқорлық дегеннің теледидардағы қымбат костюм киген ағайлардың ойыны мен ермегі екенін олар да біледі. Шынында жемқорлықтың екінші аты – кесапат, адам өлтіру. Күндердің күнінде салғанға дейін-ақ жарты ақшасы желініп кеткен мектептердің төбесі опырылып балаларды үстінен басып қалса, сырты жылтыраған кафельдің ар жағында қабырғасы сөгіліп жатқан зәулім үйлер теңселмей-ақ опырылып құлап, қаншама адам опат болса, жолдар қақ айрылып көліктер түсіп кетіп жатса, бетін әрі қылсын, соттайтын адамды да таба алмаймыз, жауап беретіндер әлдеқашан көшіп кеткен болып шығар еді.
«Ол оққағарларына иек қақты. Екі оққағар ербиіп тұрған жұмысшыны алды да, тырбаңдатып апарып ұраға лақтыра салды. Төменнен, Құдай басқа салмасын, төбе құйқаны шымырлатар сұмдық ащы дауыс сәтке ғана шығып, сап тыйылды. Тек иттердің ырылдасқан, сүйектерді қарш-қарш шайнаған үні естіліп тұр». Бұл қабаған ит ұстап отырған көрші елдің қанқұйлы басшысы екенін ішіңіз сезсе де, тырс етпеңіз. Билікке қарсы тұрғанның көрешегі осы. Күштіге қарап мәу десең, орның жындыханада.
«Суға торай шолп ете қалды. Сол-ақ екен, өзімен-өзі жүрген балықтар тұс-тұстан анталап, торайды бас салды. Байқұстың тұмсығы судан анда-санда бір шығып, жанұшыра шыңғырып жүр. Әне-міне дегенше торайдан түйірдей ет қалмады.
– Өңешінен өтсе сүйегін жұтуға бар. Әттең, оған шамалары жоқ, – деп Ұлы-аға сақылдай күлді. – Дегенмен ақсөңкесін ғана қалдырады. Қалай, менің достарым ұнады ма?
– Достарыңыз сұрапыл екен!
– Рас, дәл қазір біздің елге осындай сұрапылдар жетіспей тұр. Құл-құтан құтыра бастады.
– Билік не әрекет жасап жатыр?
– Билік не істесін? Бізге аузын ашып қарап отыр. Осы жолы тайынбаймын. Егер бүлік шығаратын болса, қару қолданам! Болмаса ұлтаралық, дінаралық жанжал туғызам. Кешегі сесінен, өктем тілінен айырылғысы келмей отырғандардың, «әр елдің өз тілі болуы керек» деп жанығып жүргендердің немесе бір дінді қырыққа бөліп алғандардың қолтығына су бүріксем болды емес пе? Бізде оған толық мүмкіндік бар!
Мұндағы пираньялар – жемге таласқан жемқор шенеуніктер ғана емес, әміршісі үшін ештеңеден тайынбайтын көмекшілері, олардың миы бір ғана тапсырманы орындайды, ал «үлкен кісінің» сөзі – диктатордың монологы. Сөйтіп, автор қайыршыны бай ағасына ілестіріп, аузын ашырып, көзін жұмдырып, жолай нешетүрлі ғажайып пен сұмдыққа куә қылып, біз білмейтін, тіпті түсімізге кірмеген жайттарды суреттеу арқылы өзіміз бетпе-бет келіп отырған мораль дағдарысы, мейірім мен кісіліктің өлуі, осы кезге дейін салдарына мән бермей келген ашкөздік, содан туындаған қауіп жайында баяндайды. Қызығы соңында, бәрін айтып қоймайық.
«Төрт-бес миллион доллардың көлігін мініп, ең озық елдердің ең қымбат қалаларынан қос-қостан үй сатып алып, шетелдердегі қамалдарды иемденіп, ең айтулы аралдарда демалып жүрген кезде олар мүлде басқа планетаның тіршілік иелері сияқты көрінетін. Иә. Олардың өмірі мен қарапайым халықтың өмірінің арасында кемі жүз жылдық қашықтық жатыр еді. Енді, міне! Олар көрді: ауылдарда ешқандай жағдайдың жоқ екенін, мектептер мен балабақшалардың, ауруханалардың тозығы жеткенін, қоғамдық монша дегеннің баяғыда қирағанын, мамандар жетіспейтінін, бір де бір жолдың жасалмағанын, халықтың ақылға сыймайтын аз ақшаға күн көріп отырғанын, бәрі қағаз жүзінде ғана керемет болып, жоғарыға жалған есеп беріліп келгенін өз көздерімен көрді», – деп автор оқырманды (бізді) қуанышқа кенелтіп, нәшін келтіріп баяндай түседі. «Ертегі деген осылай керемет аяқталуы керек қой!» деп өзіңнен-өзің масаттана түсесің де, «Тек әділеттіліктің бәрі тек ертегіде ғана орнайтыны несі, біздің ел ше?» деп қынжылып қаласың... «Шынымен неге бұлай болды?» деп ойлап кетесің. Мәңгілік құндылықтардан қол үзіп, тек қана сәттік қызықты, тамақ, киім, ақша туралы ойлай берген адам-байғұстың дағдарысы тек өзімен бітпейді, онымен бірге оның қоғамы мен мәдениеті те қараң қалатынын түсінгендер аз ба, көп пе, қол көтеріңіздерші!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.