Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨНЕР
Қайраңдап қалған қазақ мультфильмі...

07.06.2024 446

Қайраңдап қалған қазақ мультфильмі 6+

Қайраңдап қалған қазақ мультфильмі - adebiportal.kz

Бүгінде баларға арналған қазақ тілді контенттер ақсап тұрғаны белгілі. Солардың бірі – қазақ тілді мультфильмдер.  Ең алғаш «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты туынды жарыққа шыққан еді. Содан бері 57 жылдық тарихы бола тұра тамсана қарайтындай төл туындылар саны өте аз. Қуанышқа орай, елімізде  2010 жылдың 27 қыркүйегінен бастап «Balapan» телеарнасы көрерменге жол тартты. Бірақ, ол да бұл мәселенің шешімін тапты деу қиын.

«Balapan» арнасының  көгілдір экранда көрсетілуінің өзі біз үшін үлкен жетістік шығар. «Balapan» арнайы балалар үшін жасалған жоба болғандықтан,  келешек ұрпағымызға рухани нәр беріп, адамгершілігі мол, мәдениетті дәріптейтін бағдарламаларды көрсетіп келеді. Беріліп жатқан әрбір фильмдер мен мультфильмдердің мән-мағынасына, әсер ету ықпалына қарау басты талап болары сөзсіз. Себебі, балалар көрген, қызыққан әрбір дүниесін қайталауға бейім болады. Ендігі кезекте бізде мынадай сұрақ туындайды: Бүгінде «Балапан» телеарнасы қазіргі бүлдіршіндер үшін қаншалықты  қызық?

«Балапан» алғаш көпшілікке жол тартқан жылдары біз де телеарнаның тұрақты көрермендерінің бірі болдық. Әрбір мульфильмді сағаттың жанында отырып, басталар уақытын асыға күтетін едік. Эфирден «Мияның ертегі әлемі», «Баскетболшылар», «Еріншектер елі» сынды әлемге танылған ең қызықты мультфильмдерді тамашалайтынбыз. Демалыс күндері «Barbie» және «Wolt Disney» секілді аталмыш конгломераттардың туындыларын көрсететін. «Он саусақ», «Ойлан тап», «Жүзден жүйрік» деп аталатын арнайы бағдарламалармен көңілді уақыт өткіздік. «Алақай-балақаймен» таңды атырып, «Айжұлдызбен» кешті батыратынбыз.

Сақалар

Бұл осыдан бірнеше жыл бұрын болған эфирлер. Ал бүгінгі күні көрсетіліп жатқан бағдарламалар қандай екеніне бір көз жүгіртейікші: «Ертемір», «Қаһарман», «Ырысты ыдыстар», «Сақалар» және т.б. Аталған мультфильмдердің бәрі қазақстандық туынды. Өз еліміздің арнайы телеарнасы болғандықтан, отандық туындылар көрсетілгені дұрыс қой. Оған еш алып-қосарымыз жоқ. Дегенмен, арнаны бүлдіршіндер бұрынғыдай ерекше ықыласпен көргенін қаласақ, анимация сапасын қолға алу керек секілді. Өйткені, аталған туындыларды қарайтын болсақ бір емес, бірнеше қателіктерді көзің шалады. Біз айтпақ болған кейбір кемшілікті сіз де санамалап отырыңыз. Бәлкім біз ескермеген, ұмытқан дүниелерді сіз білетін шығарсыз. 

Ораман күзеті 

Біріншіден, әр мульфильмді көгілдір экраннан көрсетпес бұрын арнайы редакторлар жұмыс істеуі тиіс. Уақыт тапшылығы ма, әлде маман тапшылығы ма белгісіз, бізде шығарылымдардың сапасы әлі бір қатты өзгермеді. Мультфильмдердің бір-бірінен еш айырмашылығы жоқ. Бәрінің сценарийі мен аннотациясы ұқсас. Қуыршақ кейіпкерлердің сыртқы кейіпі бала үшін өте маңызды екенін сарапшы түгіл, қарапайым адам да біледі. Біздің туындылардағы кей кейіпкерлердің түріне қарасаң мүлде көңілің толмайды. Басы мен денесінің көлемі бір-біріне сәйкес келмейді. Өткен жолы арнаның YouTube желісінен «Сұлтан Бейбарыс» дейтін мультфильмді көріп қалдық. Сол уақытта «Қазіргі балалар неге біз секілді «Балапан» арнасын көрмейді?» деген сұрақтың нақты жауабын тапқандай болдық. Ол жердегі басты кейіпкердің бір көзінің болмауы, кейіпкердің қимыл-қозғарыстары, отырып-тұрғаны тіпті, эмоциясын білдірген кездің өзі шыны керек өте ерсі көрінеді. Бұл тұстағы баланың жас ерекшелігі мен психологиялық деңгейін ескермеген.    

Екіншіден, ұлттық құндылықты баланың бойына сіңіреміз деп артық кеткендейміз. Мән беріп қарасақ, отандық мультфильмдердің көпшілігі біздің хандарымызға, батырларымызға, нақтырақ айтсақ, тарихи тұлғалар мен оқиғаларға негізделген. Баланың кешегіні біліп өскені дұрыс-ақ. Әйтсе де, 3-4 жастағы баланың тарихи оқиғаның қалай болғанын түсініп, бәрін сүзгіден өткізуге сана күші жете ме? Бұл әріп танымайтын балаға кітап оқы дегенмен бірдей. Ол аз десеңіз сол батырлар мен хандарды «Өрмекші адам», «Халк», «Супермен» сияқты кейіпкерлен салыстырып жатады. Бірақ қазақтың Қабанбайы мен Бөгенбайын қиялдан туындаған кейіпкермен  салыстыруға бола ма? Адам не істесе де барлығын төменгі сатыдан бастайды. Дәл солай балаға бірден тарихты тықпаламай, алдымен бүлдіршіннің ой-өрісі мен қиялын дамытатын мультфильм көрсету керек.

Үшіншіден, жоғарыда атап өткен мультфильмнің кері әсері барын ұмытпаған жөн.  Мұндай туындыларда басты кейіпкер ержүрек, батыл, қайсар мінезді болып бейнелетіні белгілі. Бірақ, әлемдік трендтен қалмаймыз деп, шектен шыққан қан-қасап пен қырғын соғысты насихаттаудың бізде көмекшісі болып жатқан жоқпыз ба? Мысалға, жапон анимелері, қазіргі кино-фильмдердің дені атыс-шабыс екені өтірік емес. 

Төртіншіден, біз көрген «Алдар Көсе» баланы әділдік пен тапқырлыққа үйретсе, «Қошқар мен теке» бақыттың, туған жерге деген махаббатың не екенін түсіндірді. Қазіргі «Сақалар» сияқты мультфильмді көріп өскен бала қандай тәрбие алуы мүмкін? Мұны көріп бір-бірімен жанжалдасып жатқандары болмаса, асық ойнап кеткен баланы көргеніміз шамалы. 

Бесіншіден, өмірде, өнерде, тіпті шоу-бизнесте копипаст, плагиатты жиі естиміз. Бірі екіншісінен ән ұрласа, екіншісі дайын материалды сілтемесіз жариялап жатады. Қазіргі қазақ тілді мультфильмдер де дәл сол жағдайға жетті. Біздегі «Күшті көліктер» YouTube желісінде көп қаралым жинайтын «Грузовичок Лёва» мультфильмінің көшірмесі секілді. Соңғы жылдары көрерменнің көзайымына айналған «Леди Баг»  пен қайсар мінезді «Жібектің» киген киімі мен бетпердесіне дейін бірдей. Ал, «Супер көлік Самұрықтың» салыстырап қарасаң балалар сүйіп көретін «Маквиннен» еш айырмашылығы жоқ, әрине, сапасын ескермеген жағдайда. «Леди Баг» пен «Жібектің», «Маквин» мен «Супер көлік Самұрықтың» стилі мен түсірілімі, кейіпкерлердің сырт келбеті мен ұқсастығына байланысты екі компания арасында арнайы келісім жүргізілді ме? Егер олай болмаса біздегі креатив пен шығармашылық қабілеттің мүлде жоқ болғаны ма?

Келесі, біздің туындыларда эмоция жетіспейді. Алдымен басты кейіпкердің суретін қағаз бетіне салдық. Әрине бір жапырақ беттегі сурет көзге сүйкімді көрінуі мүмкін. Анимациялық өзгеріс кезінде оның сол сүйкімді түрін сақтау үшін қимыл-қозғалысы мен жүзіндегі әрбір мимикасына дейін мән беру керек. Бірақ біздегі кейіпкер жыласа да, күлсе де, таң қалып, шошып жатса да бір эмоция. Енді сізге оқырман ретінде сұрақ қояйын, мүлде шеберлігі жоқ актер түскен фильмді сіз көрер ме едіңіз?

Біздегі ең үлкен қателік балаға бала деп қарауымызда. Қайда барсақ та, қайда жүрсек те баланы түсіну үшін баланың деңгейіне түсу керек дейміз. Бірақ оны көбінде аттап кетіп жатамыз. Баланың көзімен әлемге қарап, баланың қиялымен дүниені тани алатындай мультфильмдер түсірілсе контентте бұлай ақсамас еді. Саны көп сапасыз туындылар уақыттың ағысына жауап бере алмай, қайрандап қалып жатқанын экран алдында күнде дәлелдеп отырмыз. Мемлекеттік тапсырыс біздің мультфильмдердің де аяғына тұсау салып, уақыты тығыз асығыстық пен аз қаржы қолы иілмейтін, көзі күлімдемейтін, атқа мінсе аты бөлек, жүгірсе жері бөлек жататын мультфильмдерді өмірге әкеліп жатыр. Бұндай сападағы мультиктерге үш жастағы балада қызықпайды, қарамайды. Әлемдік мультфильм саласында бір мультфильм түсіру үшін бір киноның қаржысы жұмсалады. Олар оған аса дайындықпен асықпай түсіреді. Тек 2D болса сызбасын баптап, 3D форматта болса әр тал шашының қозғалысы мен тербелісіне дейін құнттап отырады. Мультфильм тек балалардың қызықтайтын дүниесі ғана емес, бүгіндері бұл сала ұлттық мәдениеттің бөлшегіне айналып үлгерді. Бір жағы балаға, бір жағы ұлтқа ұшан теңіз пайда тигізетін бұл өнерді ақсатпай дамытқанымыз біздің елге пайда әкелмесе, зияны тимес.

Байұзақ Ұлданай Қалдыбекқызы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар