Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Қазақ танымымен тоғыстырған таңғажайып кітап......

31.08.2024 551

Қазақ танымымен тоғыстырған таңғажайып кітап... 14+

Қазақ танымымен тоғыстырған таңғажайып кітап... - adebiportal.kz

1 том (Бату мен достарының алтын тостағанды іздегені)

Ересектер өмірінен гөрі өзгеше, жан тебірентерлік таңғы шұғыладай шексіз көркем де қуанышты бір алқап бар, ол – балалар әлемі. Сол әлемге келіп қосылған үлкен бір еңбек – Бату мен достарының шытырман оқиғаларға толы үш кітабы (2022 жылы Steppe&world баспасынан басылып шыққан әдеби-көркем туынды).

Авторлары: Белгілі мәдениеттанушы ғалым, мифолог Зира Наурызбай және жазушы Лиля Калаус. Бірінші кітап алдымызда жатыр, парақтай бастадық. Міне, таңғажайып әлем басталды... Қу медиен шөл даладағы төбенің басынан құйын ойнақтайды, сол құйыннан қараң-құраң етіп Аспара мен бату шыға келеді... Хикаяттың басынан-аяғына дейін бір деммен құшырланып оқып шыққанымызды сезбей қалдық. Кітаптағы әрбір деталдың мән-мағынасы, айтар сыры, сезімі бар, кітаптағы оқиғалар бірімен-бірі жымы білінбей қабысып, өрбіп отырады. Бала кезімізден қиялымызды тербетіп өскен ертегілердің сарқыты сақталған бұл хикаяттағы таныс образдар – «жалмауыз кемпірдің өрмегіндей» шырмап-матап бізді өзіне тарта түсті, санамызға орнығып келген ертегілік тұрақты сюжеттер мен мифтік мотивтерге бағынбай аласұрып, басы асау арғымақтай аспанға шапшиды.

Бұл кітаптан оқырмандар қандай ой түйе алады?

Тарих тұрғысынан, біз Сақ ханзадасы Аспараға ілесіп, ежелгі сақтардың дүние-танымы, өмірі, жетпек (Инициация) жоралғысы туралы оқиғалардың бел ортасында жүріп, ежелгі заманның тіршілігіне аялдаймыз, сақ заманындағы қасиетті бұйымдар мен жартас сызбаларының сыры, Құрыш пен Тұмардың шайқасы, полигон мен кеңес заманындағы жандайшаптардың опасыз қылықтары туралы хикаяттарға қанығасыз.

Миф пен ертегі тұрғысынан, домбыраның қанатты пыраққа өзгеретін құбылушылығынан бастап, көне қазақ ертегілеріндегі Жылан патшасының жұту мотивы (инициация), Мұзбалақ пен ұябасар бүркітті наурыз айында аспанға ұшыру, жылан қайыс ырымы, тойбодым әлеміндегі Батудың рухтармен кездесуі секілді таңғажайып оқиғаларда қаздай қалқып, үйректей жүзесіз. Басын мұнар бүркеген алып Бәйтеректің Дегелең тауында жайқалып өсіп тұрған көркін оқып, барып көргіңіз келіп тамсанып, жезтырнақтың кішкентай Тұмармен уілдеп сөйлескен ғажайып қылығына айран-асыр боласыз, бір замандарда ол қанатымен дауыл боратқан алып самұрық болған дегенге нанбай толғанасыз, оның аяр адамдар құртқан алып бәйтеректен балапандарын құтқара алмай, өрт шалған қанатын сабалап, иен тақыр жоталарда дала кезіп, жезтырнақ болып кеткен күйіне жаныңыз ашиды. Үңгірдегі Қозы-баян мүсіні мен жауынгерлердің рухы баратын «Ардагерлер елінің» сыр-сипаты, домбыраның тылсым пернелері, жер асты әлеміндегі Жылан Бапы ханның салтанаты т.б оқиғалар құпия мәнде шифрланған құдайлық әлемнің болмысын сипаттап береді.

Дүние-таным, дәстүр ұғымдарына байланысты Бату мен Дананың әжесі, Қадишаның күйші әкесі айтқан ырым-тиым, ұлттық тәрбие мысалдарының өзі-ақ балаларға маңызды ақпаратты ұғындырады, «Табалдырықты баспа», «Үйге келген жыланға ақ құйып шығару», «Аруақтарға арнап жеті шелпек пісіру» т.б дүние-танымдар кітап оқиғасының өн-бойына кіріге отырып, балаларға ұлттық ғұрыптың қасиетті кілтін ұстатады.

Күй мәнісі туралы Аспара Батуға «Бұл дүние-дыбыстан, әуеннен жаралған, домбырадағы негізгі, таза дыбыстар – сендердің дүниелерің, өтпелі аралық перне – басқа дүние, ондай шектес дүние көп» деген мистикалық құпия механизмді баян етеді, «Бату мен достары» 1-інші кітабының күллі желісі – бірнеше әлемді қақ жара ұшып кейіпкерлерді тасымалдайтын домбыраның сиқырлы дыбыстарына (перне) байланысты өрбіп отырады.

Батудың қыңырлыққа толы юмор тіркестері, Сашаның қойып кеп қалатын қызықты мәліметтері (Ауспиция т.б), Қадишаның көріпкелдей сөйлейтін тұңғиық әңгімелері мен Дананың өжет, ұшқыр мінезі т.б хикаяттағы адамды күлкіге қарық қылатын көңілді сюжеттердің барлығы балаларды самала нұрға шомылдырып, бақыт сезіміне, ғажайып ертегілер еліне апаратындығына шұбаңыз болмасын.

Қорыта келгенде, бірінші кітап балаларды қазақ дүние-танымының тұңғиығымен тоғыстырып, ұлтымыздың басынан өткерген тарихи жадымен табыстырады , тұнжырай шайқалып жатқан ертегі теңізі жал толқын жектіріп алыс көкжиектерге аттануға шақырады, сүйтіп, «кендір баулы ақ желкен көтеруге» сіз дайын болсаңыз болғаны. 

2 том (Бату мен достарының барса келмес еліне саяхаты)

Бірінші кітапта хикаят негізінен үш сюжеттің төңірегінде өрістеп еді, екінші кітапта шым-шытырық оқиғаларға қарық болдық да қалдық. Алғашқы кітап мифолог, ғалым Серікбол Қондыбайдың рухына бағышталса, екінші кітап күйші, жазушы мархұм Таласбек Әсемқұловқа, үшінші кітап инженер-геолог, тұңғыш қазақ фантасты, академик Ақжан Әл-Машаниге арналады. Енді ойлай беріңіз, бұл кітаптарда айтылатын әңгіменің аржағынан жарты әлемнің «Жанартауы» қопарылып атылғалы тұрғанын мөлшерлеп отырған боларсыздар.

Екінші кітапта Бату мен достары алтын тостағанды іздеп барса келмес еліне аттанады. Үшеуі (Қайрат, Саша, Зигфрид) Қызылорда да Өге атамен бірге құдық қазып жұріп, екеуі (Бату, Қадиша) қобыз күйі «Ескендірді» орындап, біреуі (Дана) жылан қайысты отқа тамызу арқылы басқа әлемге өте шығады, ал ендеше! Онда алты дос – алты түрлі хайуанға (қозы, тай, жылан, бөлтірік, аққу, бүркіт) өзгеріп құбылып кетеді, бұлар қара қабылан текті қаской күш – Жекті жеңгеннен кейін, бір өзеннен өтіп арғы бетке шыққанда адам кейіптеріне қайта оралады, үйеңкінің түбінде қобызын тартып отырған Қорқыт атаға ұшырасады, Қорқыт оларға қасиетті қазанды тауып әкеліңдер деп таңғажайып, тәуекелге толы қиын сапарға жұмсап жібереді...

«Мифті білу дегеніміз барлық нәрсенің пайда болу құпиясына жақындау дегенді білдіреді, басқаша айтқанда, адам барлығының қандай жолмен пайда болғандығын біліп ғана қоймайды, ол барлығы ғайып болған уақытта да оларды қандай жолмен іздеп тауып, қандай жолмен қайта тудыруға болатындығын біле алмақ», – деген болатын атақты ғалым Мирча Элиаде. Бату мен достарының сүрініп-жығылып жүріп қақ жарып өткен күллі уақыт-кеңістігі әлсірей сөнген, тұма көзін құм бекіткен қазақ дүние-танымының ескі бір кең-шалқар дүниесі еді.

Көне жыраулар:

«Күлдір-күлдір кісінетіп,

Күреңді мінер ме екенбіз,

Күдеріден бау тағып,

Ақ кіреуке киер ме екенбыз!

Жағасы алтын, жеңі жез,

Шығыршығы торғай көз

Сауыт киер ме екенбіз!

Өр қояндай жүгінтіп,

Аш күзендей бүгілтіп,

Жолбарыстай шұбарды

Таңдап бір мінер ме екенбіз!» – деп ұзағынан толғап, көңіл ауанын ілкі бастаудағы өр, рухты тарихқа қарай аударып әкетеді. Меніңше, жыраулар өшкіндеп жоғалып бара жатқан ұжымдық архетиптік сананы қайта тірілдіру үшін күндей күркіреп, жасындай жарқырап хандықтың, халықтың ой аспанын осып-қамшылайды, тарихи кейіпкерлерге, архетиптерімізге, құдай текті асқақ, батыр бабалар рухына тәу етіп, соларға еліктеуге, ойлау жүйесіне мүлдем жаңа реконструкция жасауға дабыл қағады. Жолбарыстай шұбарымызда, торғай көз сауытымызда, күдері баулы ақ кіреукемізде бар сияқты, тек шұбарды қайдан ұстап мініп, сауытты қалай киіп, қайда барып не істеуді білмей мәңгіріп адасып, дағдаратын сияқтымыз. Ересектер тура осылай! Ендеше, балалар шы? Қазақ балаларының ертегі әлемін құруға кім кірісіп, кім бас қатырып жүр, түрліше мәдени үстемдіктер мен кірме «Киелі тарихтардың» аңыз-ертегісімен тербеліп өсуінен кім қорғап-сақтап жүр? Қазақ фольклорының қасиетті қара сандығы – қазынаға өте бай, оның жасы Едіге Тұрсынов ақсақалдың сөзімен айтқанда «Әдебиеттен қырық мың жыл үлкен», алайда, ондағы мазмұндарды балаларға лайықтап, арғықазақ даласының ойлау жүйесімен, бағзы тарихымен, қасиетті жоралғыларымен, дәстүр-салтымен, ғаламдық символдарымен ұштастыра отырып заманға сай фэнтези жанрына икемдеу үрдісіміз әлі де сәби қалпында екені шындық.  Бірақ әйтеуір, ақыры дәл сондай кітап дүниеге келді-ау! Ол – Бату мен достарының басқа әлемге жасайтын саяхаттары!! Кітапты оқи отырып, аңсарға толы сауалдарым мен үңірейіп тұрған қиялдарымның бір бұрышын толтырдым, рухым қанаттанып, көңілім телегейдей тербелді. Бір кітап емес, қатарынан он кітап оқып отырғандай қызық күй кештім, қараңыз:

Бала кезімнен санамда сартап болып қатталған балбал тас сынды «өлі» Қорқыт емес, кәдімгі тірі Қорқытпен емен-жарқын әңгімелесіп, ол кісіні тіпті құшақтадым, Батулармен бірге құдыққа түсіп, басқа әлемге жетіп, қазақ, грек, шумер, герман т.б аңыз-мифтерін Зигфрид пен Сашаның судай сапырған әңгімелерінен естіп, әй бір риза болдым. Бұл екеуінің білмейтін бәлесі жоқ, түрколог, мифолог, археологтарға байланысты деректерді қаздай тізіп, нардай шөктіреді. Соған қарамастан, Қайрат пен Дана олардың ауызын қағып тастап жатады, «Сендер оларды айтасыңдар-ау, қараңдар, біз де мынандай да сұрапыл аңыздар болған» деп Қадиша қазақтың көне дүние-танымдарын түйдек-түйдегімен айта жөнелгенде, намысың тулап, өне-бойың шымырлап кетеді, Бату мен Дана сол аңыз желісі бойынша барлығын жетектеп жүріп, қилы оқиғалардың қыспағынан аман-есен алып өтеді. Бату мен достары өзенде салмен неше күн ағып, Бапы ханның еліне жетеді, шөл далада адасып, Қодарға кездесіп, ауызына су тамызады, Шыңырау патшалығына жетіп, бүркіттердің қолына түседі, алтын жабағыға отырып, асқар тау, асау өзенді шарлап, қасиетті қазанды табамыз деп жүріп кержұтпаның өңешіне түсіп, әзер дегенде желбезегінен шығады. Жылан Бапы хан мен бүркіт патшасы Шыңыраудың кездесуіне куә болып, Көклен ананың шарапатын тамашалайды. Шыңыраудың жұмыртқасын жарып шыққан барақ пен өзен жағасында күнге қыздырынып жатқан Апи туралы, балаларға жасайтын Жектің қастандықтары мен үңгірде қалған Тегеурін патшазада мен Сарыүйек туралы әңгімелерінен көп дүниеге қанығуға болады.  Өзіме айрықша әсер қалдырғаны – өзен айғырлары тарауындағы көгілдір шамшырақ тас тістеп, сазды далада топтасып су кешіп жүрген жайындардың хикаясы болды. Бала кезімде, айлы түнде Ертіс дариясында шамшырақ тас тістеп, суда қаз-қатар тізіліп жүретін құндыздар туралы аңыз естіп едім, сол аңыз жайынға өзгеріп, түрленіп, Сыр дарияның жағасынан бірақ шығып қатты таңғалдырды...

Сонымен біз осы шаққа тән уақытты елеусіз қалдырып, «Қасиетті мезетке» өтіп, ілкі бастаулық заманға сапарлауды қамтамасыз еткен «Бату мен достарының саяхаты 2» туралы аз-кем әңгіме өрбіттік, аңыз-мифтердің желісіне құрылған шытырман сапарлардың басты функциясы да уақытқа үстемдік жүргізіп, оқырмандарды иллюзиялық әсерге жібек құртынша матап, олардың кері қайтпас уақыт ағысынан шығып кетуге деген астыртын тілегін қанағаттандыру болып табылады, басқа уақытта, басқа ырғақта, басқа тарихта бір сәт болсада өмір сүру үшін, темпоралдық ғаламға бізді лақтырып жібере алатын дәл қазіргі уақытта «Бату мен достарының саяхатынан» артық басқа кітап көріп тұрғамын жоқ.

Шығармада Қорқыттың: «Бүкіл сулардың барлығы ең соңында маған қайтып келіп ақиқатты айтып береді» – дейтін созі бар, әрине бұл «Су аяғы – ер Қорқыт» дейтін көне тәмсілді еске түсіреді. Ал сіздер, Қорқыттың бүкіл әлемін аралап келіп, шығарма ақиқатын балаларыңызға айтып беруге дайын болыңыздар.  

3 том (Бату мен достарының жұлдыздар елі Айдалаға саяхаты)

Екінші кітаптың соңғы парақтары жабылған сәтте, біздің даңықты кейіпкерлеріміз - Бату мен Саша, Дана мен Қадиша, Қайрат пен Зигфрид зәу биікте шаштары желге бұрқырап ұшып бара жатқан болатын, 2500 жыл бұрынғы Сақтар заманынан келген жас батыр Аспара оларды күн күймесіне отырғызып алып, алқаракок аспан көгіне сегіз аяқты тұлпарларын қамшылай сіңіп жоғалған еді. Енді міне үшінші кітаптағы оқиғаның дені аспан әлемінде, жұлдыздар елі Айдалада өрістейді, Аспара ағасы Дарханның Шолпан сұлумен (жұлдыз) жарасып, аспан елі – Айдалада қой бағып жүргенін балаларға әңгімелеп береді, аспан елі Айдалада Сашаның аңдаусызда атқан садақ оғынан күйменің сайманы болып құбылған Жетіқарақшы мен Үлпілдекке жан кіріп, Бату мен достарын тұтқындайды, олардан қашқан балалардың екеуі (Бату, Саша) Айдала жұлдыздар елінде жердің жарығына түсіп кетіп Жектің сөзіне алданып айдаһар мен суыр болып құбылып кетеді, үшеуі (Зига, Дана, Қадиша) жетіқарақшы мен зұлым аю Шахрухқа тұтқынға түседі, екеуі (Қайрат пен Аспара) Көклен анаға келіп алтын тостағанды көрсетеді, Көклен ана алтын тостағанды аластау керек деп үшеуін (Қайрат, Қадиша, Тана) жер әлеміне – Семейдегі Көкен тауына жібереді...

Құрметті оқырман, сіздер Бату мен достарының «нені бүлдіріп» кеткенін байқап отырсыздар ма?! Дәстүрлі қоғамда тыңдаушылардың ара-жігін ажыратпай жатып мифті албаты әңгімелей беруге болмайтын еді, көптеген байырғы тайпаларда мифті балалар мен әйелдерге, бағышталмағандарға айтпайтын болған, оның ішінде әсіресе киелі мифтер – космогония мен инициация ғұрыптарын атқаруға қатыстылары ерекше құпия сақталатын. Өйткені ең жоғары қасиеттілік дегенміздің өзі – дүниенің пайда болуы мен жаратылуы орын алған кеңістік пен уақыт нүктесі жөніндегі хикаяттар. Ендеше аспан туралы ойларымыздың барлығы сакрализацияланғаны анық, мәселен: «Айда бір кемпір отырады, егер айға ұзақ қарап тұрар болсаң ол сенің кірпігіңді санай жөнеледі, егер кірпігіңді санап үлгірсе онда өлгенің», « Аспанда жұлдыз ақса...», «Әр адамның аспанда жұлдызы болады» т.б жалғаса береді. 

Аспан елі Айдалаға бара қалған күні түнде біздің тентек кейіпкерлеріміз аспан шырақтарының тәртіп жүйесін бірден-ақ бұзып жібереді. Сашаның атқан садақ оғынан жансыз күн күймесі болып қатып қалған жетіқарақшыға жан кіріп, бұрынғы қарақшылық қалыптарын қайта табады. Олар балаларды тым-тырақай қуалап жүріп, бүкіл ғарыш жүйесінің кіндік қазығы болып міндет атқарып тұрған зұлым аю – Шахрухқа ұсталып қалады, Шахрух аспан әлемін билеп-төстемекші, ол жетіқарақшыны тырып еткізбей қолында ұстап, ақбозат пен көкбозатты күзеттіріп қояды. 

Бала кезіміз. Атамыз бен әжеміз жәйлау төрінде кешқұрым жұлдыздарды нұсқай отырып, жетіқарақшы, таразы, үркер, үлпілдек, шолпан, ақбозат пен көкбозат секілді аспан шырақтары туралы қызықты әңгімелер айтып беретін еді, сәулесі балалық шағымыздың көгілдір аспанын бояған сол аяулы жұлдыздар үшінші кітапта самаладай самсап кітап парақтарынан тұтас өріп шығады, міне, керемет! 

– Орнынан темірқазық аумаса,

Аспаннан тас бұршақтай жаумаса, 

Тізгін тартып тоқтаман, – дейтін еді Шора батыр. Қазақ түсінігінде темірқазық жұлдызы – күллі ғаламның, жұлдыздар айналыс жүйесінің кепілі. Ал Шахрух аю (қонжық аю шоқжұлдызы) осы жүйені ту бастағы хаосқа (бостық ) әкелсе, аспаннан темір қазық қопарылып түссе не болмақ? Бүкіл ғалам шылпара ыдырап, быт-шыт болып шашылмақ!! Бату мен достарының да арқалаған міндеті оңай емес! Ғаламдық тәртіпті жүйеге түсіру үшін, әр кейіпкер өз міндетін аянбай атқарады. 

Аспан әлемін армансыз шарлап, қазақ космогониясының қыр-сырын түсінем десеңіз, Бату мен достарының Айдаладағы сапарының қыр-соңынан қалмай еріп отырыңыз, «Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс» Бармақ шалдың образы – Хаяо Миядзакидың «Spirited Away» аниме-фэнтези филміндегі ормекші шалдан бір де кем емес,  біздің Бармақ шал көмір жағып, рухтар шомылатын жылы су дайындап жүрген жоқ, аспан әлемінде таулардың басындағы қарағайға өрмек тоқып, Шахрухқа жақтасып самұрықты қолға түсіргелі жүр. 

Жер жыртығын жамап жүрген Қарға кемпір – өз алдына бір жасампаз қаһарман, ол Бармақ шалдың кемпірі, бірі дүниені бүлдіріп жүреді, бірі жердің жыртығын жамап, бейбіт күннің жағдайын жасап жүреді, қарап тұрсаң, екеуі –антагонист кейіпкер. 

 Аспан әлеміндегі қасиетті әрі мейірімді күштің бірі Көклен ана. Көклен ананың расында түрлі-түсті қойлары бар, оларды қосақтап қойып сауып, күн арбасының уақытында жолға шығуын қадағалап, ғаламшардың миллион жылдық тарихын сапырып отырған тұңғиық әңгімелері де бала санасына тамаша қиял силайды. Ең ғажабы, сіз білесіз бе, әрбір адамның «Киіз кітабы» осы Көклен ананың қанаттаса жалғасқан ерекше сәулетті киіз үйлерінде сақталады. Оның құпия мән-мағынасын сіз Қадиша мен Данаға еріп жүріп өзіңіз көріп аларсыз... 

 Фэнтези романдағы Сегіз аяқты күн тұлпары, Батудың – айдаһар, Сашаның – суыр болып кеткен қиындықтары, Самұрықтың қызы – Тана, Айдала жерінің астынан шыққан көп басты қара-құрдым жалмауыз бен тікенек қауашақтар, ең соңындағы ұлы шайқаста Тана мен Қадишаның тау төбесінен айдаһар үңгіріне қарай өрмек жіп арқылы зымырап бара жатқан сұрапыл көріністері әдіптеле суреттелген. Ал Тана зымырап арқанмен ағып бара жатқанда есіне қандай әуен түскен дейсіз ғой? Оның ойына Вагнердің «Валькириялардың ұшуы» дейтін музкалық драмасының әуені түседі… Басқа халықтар мифологиялық сенім-нанымдарына арнап мыңдаған ұлы суреттер сызып, неше жүздеген сиқырлы әуендер жазып, неше жүздеген фильмдер түсіріп, неше он мыңдаған кітаптар, романдар шығарып жатыр. «Валькириялардың ұшуы» соның бір үзік бейнесі ғана...  «Бату мен достарының саяхаты» әлі жалғасады, себебі, Қайрат пен Зига аспан әлемінде қалып қойды, қалған балалар самұрыққа мініп жерге оралды... Сақ ханзадасы Аспара – Көкілен ананың көмегімен тіріліп жер әлеміне қайта келетін болды, бұдан кейінгі кітаптарда тағы қандай керемет кешірмелер болар ?! Асыға күтеміз.

Кітап соңында Көклен ана балаларға «Алтын тостағаннан не күтіп едіңдер? Ол адамдарды шынын айтуға итермелейді. Бірақ ол адамдарды біріктіретін, жақсырақ қылатын шындық болады. Сендер Алтын тостағанды іздеп жүргенде достасып кеттіңдер, өздеріңнің шынайы болмыстарыңды көрсеттіңдер. Енді Алтын тостағанның сендерге бере алары тек – алғыс пен бата», – дейтін сөзі бар, Көклен ана айтпақшы, оқырмандардың «Бату мен достарының» үш кітабынан алатын тамырлы танымы мен көркем әсері де орасан зор болғай! Халқымыздың телегейдей шайқалған ескі аңыз-жырлары ұрпақтарын мәңгілік ұлы сарынымен әлдилей берсін деген тілектеміз. 

Тәмәм!

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар