Кәсіби қазақ журналистикасы ХІХ ғасырдың 2-ші жартысынан – 1870 жылы «Түркістан уалаяты газеті» жарық көрген күннен басталады. Әуелде осы датаға орай байырғы әріптестеріміз Журналистер күнін атап өтетін. Ол және бейресми мереке еді. Кейін Қазақ КСР-нің "Баспасөз және басқа бұқаралық ақпарат құралдары туралы" заңы қабылданған күнге орай 28 маусым Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні (бертінде қойылған атау) деп белгіленді.
Суретте: қазақтан шыққан тұңғыз журналист әйел Назипа Құлжанова
Биыл «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің құрылғанына 100 жыл.
- 1920 жыл – агенттік «РОСТА»-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі негізінде құрылды.
- 1925 жыл – агенттік атауы ҚазРОСТ болып өзгерді.
- 1937 жыл – ҚазТАГ деген атпен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қарауына берілді.
- 1997 жыл – «Қазақ ақпарат агенттігі» республикалық қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді.
- 2002 жыл – ҚазААГ негізінде «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы құрылды.
- 2008 жыл – «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ «Арна Медиа» Ұлттық ақпараттық холдингі» акционерлік қоғамының құрамына кірді.
- 2013 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі болып құрылды.
- 2020 жыл - "ҚазАқпарат" ХАА" ЖШС мен "Қазконтент" АҚ ұжымы қосылып, "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігі болып жасақталды.
Суретте: "ҚазАқпарат" ХАА құрамындағы салалық интернет-жобалар
Қазақ АССР Халық комисарлары Кеңесі 1921 жылдың 29-шы қыркүйегінде республикалық радиохабарларын таратуды құру жөнінде шешім қабылдады. Қазан айынан бастап Қазақстанның сол кездегі астанасы – Орынбор қаласынан республикаға хабар таратыла бастады. Бүгінде Қазақ радиосының «Алтын қорда» 1948 жылдан бері сақталған 100 000-нан аса фонограмма бар. Оның 300-ден астамы ноталық қолжазба.
Суретте: диктор Мұқағали Мақатаев радиодағы әріптестерімен
Қазақ фотожурналистикасының шежіресі 1930 жылдардан басталады. Бұл тарапта ұлттың ұлы тұлғалары мен өткен кезең көріністерін тарихта қалдырған Рысқали Дүйсенғалиев, Петр Редько, Бекмұханбет Тілекметов, Жүсіпбек Пайызов, Қайрат Мұстафин, Нұрғожа Жұбанов, Сиез Бәсібеков, Сайлау Пернебаев, Дендербай Егізов, Алашыбай Есмағанбетов, Нұрманбет Қизатұлы, Рахымбай Ханалы сынды ардагерлермен мақтанар едік.
Суретте: алғашқы фототілшілердің бірі - Рысқали Дүйсенғалиев
1958 жылы 8-наурызда – Қазақ телевизиясы дүниеге келді. Дәл осы күні алғаш рет Алматыдан тікелей хабар таратылды. Оның тұңғыш дикторы – Ләзиза Аймашова.
Суретте: Қазақ телевизиясының алғашқы дикторлары
1959 жылы Қазақстан баспасөз құралдары өкілдерінің шығармашылық ұйымы – Қазақстан журналистер одағы құрылды.
Суретте: журналистік төсбелгі
Қазақ баспасөзі тарихында әлденеше буынды тәрбиелеп өсірген «редакторлардың редакторы» атанған тұлғалар жетерлік. Бүгінде аға буын журналистер «Шерағаңның шекпенінен шыққанын», «Темкеңнің (Темірбек Қожакеев) «тепкісін» көргендерін» мақтанышпен еске алады.
Суретте: "Егемен Қазақстан" газетінің ұжымы.
Қазақстандық БАҚ өкілдеріне берілетін сыйлықтар мен байқаулар саны да жыл санап артып келеді. Атап айтқанда, Қазақстан Журналистер одағының сыйлығы, «Самғау», «Үркер» Ұлттық премиясы, журналистер арасындағы «Нұр Сұңқар» дәстүрлі байқауы, «Тұмар» Ұлттық телевизиялық бәйгесі және т.б. Сондай-ақ, биылдан бастап ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен танымал тележурналист Бейсен Құранбек атындағы «Жігер» сыйлығы тағайындалды.
Суретте: Бейсен Құранбек атындағы сыйлықтың мүсіншесі
Бастапқы сурет: 1956 жылдардан "Социалистік Қазақстан" газетінде фотограф болған Бекмұхамбет Тілекметовтің еңбегі.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.