Бізде қазір «танушы» көп қой, мысалы, алаш зиялылары туралы бір-екі деректі мұрағаттан алып шықса, алаштанушы атанады, Абайдың бір өлеңін талдап диссертациялық деңгейдегі еңбек жазса, абайтанушы есептеледі. Ал «Гете және Абай», «Асылға абай болайық» деп қазақ, орыс, неміс тілдерінде қаншама мақала жазып, өмір бойы Абайды немісше де, орысша да, кейде қазақша да насихаттаған, Германиядағы байланыстарын пайдаланып Кельнде (Леонард Кошут екеуі бірігіп) Абайдың кітапшасын шығарған Герольд Бельгер өзін абайтанушы деуге рұқсат бермеген екен. Қазақ руханиятына адал қызмет қылған Бельгер: «Абайды насихаттауға байланысты менің қарапайым еңбегімді көпшілік жоғары бағалағанымен, мен өзімді бар болғаны Абайды сүйіп оқып, оның шығармашылығына тәнті болушылардың қатарына жатқызамын», – депті.
Абай мен Гетені бөліп-жармаған
Мемлекеттің келешек тағдыры ұрпақ, ұлт, жастар арқылы белгіленеді. Біз қазір еркіндікті басқаша түсінетін болдық. Содан келіп еркіндіктің екінші аты жауапсыздық, ауа жайылып бетімен кетушілік болып кетті. Жастарға «жаңа құндылық» ұсынудың да мақсаты ала-құла. Сауаты бар надандар сайрағыш, жағы талмайды.
Біз кейде «орыстар неше жерден өздерінің Пушкиндері жайында бірдеңе айтып жатса да, одан ақынның бағасы төмендеп жатқан жоқ, керісінше олардың кей пендешілігін де, өмірбаянындағы көлеңкелі жағын да ашық айту арқылы ақындарын осылай өздеріне жақындатады» деп «уәж» айтып, соларға еліктеп, онымыз да келісті шықпай, кейде тым ерсіленіп кетеміз. Шын мәнінде өзі азғантай ұлттың ақыл қуаты Абай еді, бүгінде оған да әркім білгенінше бірдеңе айтқысы келетін болыпты. Мысалы, біздің «ақыл сатқыш» блогерлер: «Абай бүгінгі уақытта туса, әрі кетсе блогер болар еді», – деп, тағы бір психолог: «Абай қазақты жаман қылып көрсете берген», – деп... енді біреуі Абайды «мүлдем болмаған» деп те айран-асыр қылғаны бар. Біз Абайды кім қылмадық, кришнаит қылдық, физик қылдық... бұл жақсы ма, жаман ба? Айыпқа бұйырмаңыз, егер ол пікірлердің бір парасынан парасат деңгейі көрініп, ойланарлық тұсы болса, ештеңе демес едік. Ал бірақ олар Абайдың биігін тану үшін ең болмаса бір зерттеу еңбек оқымастан, өлеңін танымастан өздерінің қай шамада жүргендерін әшкерелеуден жалығар емес. Ал біз неге бәріміз түгел отырып әркімнің Абайға қатысты бірдеңе айтып лағуына жол береміз деп ойлайсың кейде. Бүтін бір ұлттың жалғыз рухани көсемін мемлекеттік деңгейде қорғау дегенге жетуге бола ма өзі? Әрине, бұл тұрғыда бүгінгі жастардың танымына сәйкес насихаттасақ қана дұрыс болар еді.
Ал енді Герольд Бельгердің Абайды кім деп, қалай танығанын түсіну үшін жазушының Абай жайлы жазғандарына үңіліп көргенімізде, оның Абайды нағыз бүгінгі заманның, дәл осы уақыттың ойшылы, ақыны, рухани ақылшысы деп танығанын түсіндік. «Бір қуаныштысы, бүгінде біз Абайды аз шығарып жатқан жоқпыз. Бірақ, өкінішке қарай, оны жақсы білмейміз. Тіпті, мүлде нашар білеміз десек те болады. Немесе былай айтсақ болады: оның шығармашылығының бетін ғана қалқып, тереңіне сүңги алмай жатырмыз. Абайдан артық қазақты сынаған ешкім жоқ. Абайдан артық ащы да, өзекжарды пікірді ешкім айтқан жоқ. Ресей туралы ащы сөзді Достоевскийден, Лермонтов пен Салтыков-Щедриннен өзге ешкім айтқан жоқ. Олар бұны отанына деген ұлы махаббат жетегінде жасаған еді»,- дейді Герольд Бельгер.
Үш тілді еркін білген Герольд Бельгер өмір бойы Абай мен Гете шығармашылығындағы үндестік жайында жазып өткен адам. Жазушының өз өмірбаяндық эссесіне қарағанда, Абай атындағы жоғары оқу орнына оқуға түскен кезде осы студенттің үш тілділігіне түрколог-профессор Сәрсен Аманжолов бірден назар аударған екен. Бұл студент Бельгерге де жақсы әсер етеді, жас жігіт бұдан кейін үш тілдің әрқайсысының көркемдігін сезініп, тілдерді терең зерттеуге, дыбыстардың ұйқасына, грамматикасына мән бере түседі. Одан әрі Бельгер Лермонтов пен Абайдың аудармаларындағы Гетенің «Саяхатшының түнгі әнін» курстық жұмысына тақырып қылып алып, өз халқының өресі, рухы саналатын ақындардың сыры мен сипатын түсінуге ұмтылады.
Құрметті оқырман, Бельгердің «Әдеби-сын очерк-эссесін» оқыған болсаңыз есіңізде шығар, сол шығарманың соңғы жағында Бельгердің балалық шағы жайында естелігі көрінетін еді ғой: бір шетінде Есіл ағып жатқан шағын қазақ ауылындағы қоржын тамда көзі көк неміс баласы Абайдың «Қыс» өлеңін оқып отырады, кішкентай Герольдтің шешесі Герольдтің қарындасын ұйықтатып отырып Гетенің өлеңін ыңылдайды. Міне, осылай Герольд Бельгер кішкентай күнінен Абай мен Гетені қатар қабылдап өседі.
Қазақтың тіліне арашашы болған
Өзі неміс бола тұра қазақтың өз тіліне немкетті қарайтынына күйініп, қазақтың тілінің жайын өле-өлгенше айтып кеткенін білеміз. Біздің «қайтейік енді, қолымыздан не келеді» деп пұшайман болған қалпымыздан түңілді ме, ұрпағына ең болмаса тілді бүтін күйінде қалдыруды ойламас қамсыздығымыздан іш жиды ма.... Рас қой енді, қарап тұрсаңыз, біз қазір ең қарапайым мәселені (мысалы, тіл туралы заңды) реттей алмай отырып, үлкен саясатқа араласып, үлкен саммиттер өткізгіш болғанымызбен, ұлт ретінде болашағына күмәні көп, ашық мұхиттың үстінде қалт-құлт еткен жаман қайық секілдіміз. Қазір тіпті тілдің зарын айтып мақала жазуға ұялатын болдық.
«1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін мұнда СОКП ОК аппаратынан бір шенеунік келеді. Оған Қарағандыдан бір білгіш қазақ тілі мал шаруашылығына арналған небәрі 500 сөзден тұратындығын айтады. Сонда қазақ тілі – өзбек тілінің мал шаруашылығына арналған нұсқасы болғаны ма(?!) Мені сонда осы шенеунікпен әңгімелесуге шақырғанда, мен қазақ тілі бес жүз емес бес миллион бірліктен тұратындығын айттым. Ол сол жерден әңгімені тыйды да, мені қуып шықты. Бірақ шындығында солай ғой. Алайда қазіргі қазақтар бұл жайында аз біледі. Мені тағы бір мәселе ашындырады. Ауылдан келген жас қыздар бірден орыс тіліне көше қояды. Тіпті өзара қарым-қатынаста да. Олар бірде-бір бесік жырын білмейді. Ал олардың бәрі болашақ ана ғой. Егер әйел-ана басқа тілге, басқа мәдениетке көшсе, меніңше, бұл ұлттың жойылуы деген сөз. Әйел бәрін сақтауы керек: ошағын, тілін, ұлттық, аналық тегін, әйтпесе, бәрінен айрыласың. Мен ұдайы жазып та, айтып та келе жатырмын, қазақтар айталық, америкалық, ағылшын немесе француз, тіпті іргедегі орыс болуға ұмтылмаулары керек. Қазақ болып қалу жағын көбірек ойлау керек. Егер мұны істемесең, туған тіліңнен, тарихыңнан, мәдениетіңнен, діліңнен біржолата айырылып, дүбәра күйге түсесің. Ел-жұртқа күлкі, мазақ боласың. Алла тағала қазақтарға ниетіне қарай Тәуелсіздікті сыйлады. Жұрт қатарлы ел болу мүмкіндігін берді. Көбі осыны түсінбейді. Мұны бір деңіз. Екіншіден, «дос жылатып айтады» демей ме, осының бәрін қазаққа жаным ашыған соң айтамын», - депті Г.Бельгер.
Бұрынғы бұрынғы ма, орыстанудың көкесі бізге енді келе ме дейміз... Сондай қауіппен отырмыз. Билігі қазақшаға ықыласты болмаған елде отырып, қазақтың тілін емес, қазақы қауымды да көтеріп, осы мемлекеттің жетекші күшіне айналдыруға бола ма деген сұрақтың өзі утопия сияқты. Әсіресе, Астанада. Әйтпесе, жазушының жоғарыдағы сөзі жайдан жай айтылған сөз емес, ондай өредегі адам әрнәрсемен алдарқату оңай қазақы қауымға өтірік жарамсақтануды қайтсін, ол қазаққа деген ықыласын іспен дәлелдеген адам. «Қазақ тілі үшін барымды беруге дайынмын. Менің рухани тірегім Абай, Жүсіпбек, Мұхтар Әуезов. Қазақ тіліне үңілген сайын тереңдей түстім», – деген Герольд Бельгер Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Дүкенбай Досжан және тағы басқа қазақ әдебиеті өкілдерінің шығармаларын орыс тіліне аударған. Қазақтың тілінің жағдайына жаны ашыған, қазақтың күйін, оның ішінде Құрманғазының, Динаның, Тәтімбеттің күйлерін қызыға тыңдап өткен екен. «Төкпе күйлер менің темпераментіме көбірек келіңкірейді. Мен неміспін ғой. Күнде түс кезінде радиодан қазақтың күйлерін жібереді. Соны жібермей тыңдап, бір ләззәт алып қаламын. Қай күйдің қашан шыққанын, қалай пайда болғанын маған кезінде Ақселеудің өзі айтып берген. Сонымен қоса шежірені оқимын», – депті ол. Ол өзі қазақты құрметтей отырып, өзінің неміс екенін мақтан тұтқан, «егер болашақта төлқұжатта адамның ұлты көрсетілмейтін болса да, мен өзімді «ұлты неміс» деп жазып қояр едім. Сонымен бірге мен өзімді мәмбетпін деймін, себебі бұл ауыл қазағы дегенді білдіреді» депті. Өлгенде де қазақтың қасын таңдаған. Өзінің қалауы бойынша, Герольд Карлович «Кеңсай» қорымында досы Асқар Сүлейменовтің қасында жерленген.
Волга жағалауынан Солтүстік Қазақстанға
Герольд Бельгер жайлы Владимир Ауманның «Қазақстанның танымал немістері» сериясымен шыққан «Такая выпала стезя» деген кітабы бар. Автордың сөзіне қарағанда, уағында бұл кітапты шығару да оңай болмағанға ұқсайды, бұл жоспар немістердің Кеңес елі мен Ресей империясы кеңістігінде болу мерзімі аяқталғанда барып қолға алынған екен. Автор В.Ауман кітабында Герольд Бельгердің өмірі жайында айта отырып, төрт миллион халықтың басынан өткен қиындықтарын да қозғап өтеді. Осы жерде айта кетейік, Владимир Ауман деген кісі Герольд Бельгермен сыйлас, сырлас болған адам. Өзі кейін Мәскеуге көшіп кеткенде де үнемі байланыста болған. Екеуі де өз ұлтына адал болғанын мақтаныш санаған, екеуі де «Қазақстанның мәдениетіне еңбек сіңірген қызметкер» атағын алған. Өз ұлтына адалдығы дегені - Герольд Бельгер Кеңес немістерінің әдебиетін зерттеп, соған көп еңбек еткен және бұл еңбегін Германия да мойындап, «ГФР-ға сіңірген еңбегі үшін» «Фердненскройц» орденін таққан екен.
Герольд Бельгердің туғанына биыл тоқсан жыл. Жазушы 1934 жылғы 28 қазанда Саратов облысындағы Энгельс қаласында, Волга жағалауында туған, алаңсыз балалық шағы сонда өткен. 1941 жылы 28 тамызда Волга жағалауындағы немістерді сатқын деп есептеп, жарлық шығарғаннан кейін жас баланың өмірі де күрт өзгереді. Герольдтің әкесі Ленинград медицина мектебінде оқып, әскери фельдшер мамандығын алған адам, Волга жағалауындағы әскери округінің 157 атқыштар полкінің санинструкторы болып қызметін бастаған, сегіз түрлі өнерді меңгеріп, кеңес еліне адал қызмет еткен адам жарлық шыққан бойда отанына сенімсіз саналады. Сөйтіп 1941 жылы Волга жағалауындағы немістерді көшіру туралы Жарлыққа байланысты екі тәуліктің ішінде бауыр басқан мекенінен көшіп кетуге мәжбүр болады. Бұл оқиға жазушы шығармасына өзек болады, мысалы, Г.Бельгер «Тұйық су» романында көптеген өзекті мәселелер қозғап, адамзаттық мәселелерді айта келіп, өзінің кім екендігін танығысы, білгісі келетінін аңғартады. Бұл оның өмір бойы жауап іздеген сұрағы секілді. Сонымен, ол өзі кім, романның басты кейіпкері саясаттың құрбаны болып басқа жақтан ауып келген кірме ме, Отаны жоқ біреу ме? Әлде қиын тағдырды бастан кешкен кезбе ме? Жердің бір бұрышында оның жабыққан жанына жұбаныш бере алатын жер бар ма? Жазушы осы сұрақтарға жауап іздейді. Бұл жүрек ауыратын нәрсе.
Сөйтіп, 1941 жылы ата-анасымен бірге Қазақстанға жер аударылған Герольд Бельгер Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақ ауылында өсіп, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп, еңбек жолын Жамбыл облысында орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беруден бастаған. «Мен неміс ауылдары бір-бірімен өте жақын орналасқан Волга жағалауында өстім. Сонда Волга жағалауы немістерінің өзара қарым-қатынасы өте нашар еді. Бұл мені қатты алаңдататын. Олардың тілдік, діни және ментальдік айырмашылықтары айтарлықтай болатын. Ал қазақтардың мынау ұланғайыр жерінде кейбір мәселелерде бірлік деңгейі өте жоғары. Батыста туған мен үшін бұл мені қайран қалдыратын. Бұл өзіндік құбылыс еді» деп жазыпты жазушы.
Қазақтардан жұққан ба, әлде өзінің о бастан бір бүйірінде жүрген миссиясы ма екен, Герольд Бельгер өмір бойы өзінің ата-тегінің шежіресін білуге талпынып, тапқан мағлұматын тарқатып, жұртының түбін зерттеуге тырысып өткен екен. Ұзақ жыл іздеп, түртінектеп жүріп, өзінің қайтыс боларының алдында ғана жазушы өзінің аталарының 15-16 ғасырда Заксен-Анхальт жерінде қоныстанғанын анықтайды. Кейін оның атасы Андреас Бельгер мен әжесі Мария 1767 жылы Ресейге қоныс аударған болып шығады. Екатерина патшайымның шақыруымен келген (тарихшы Н.М. Карамзиннің мәліметіне қарағанда, немістер Ресейге біздің дәуіріміздің алғашқы мыңжылдығында тап болған. Өзінің Византияға кіріптарлығын әлсірету үшін орыс князьдары Батыс Европа елдерімен қарым-қатынас орнатып, осының нәтижесінде неміс-орыс байланысы сипат алып, ресей жеріне алдымен дін адамдары қоныстандырылған) Бельгердің аталары бастапқыда Пруссия, Дания, Швеция, Италия, Бельгиядан көшіп келгендермен бірге Мангейм селосында тұрады.
Осы жерде айтып өтелік, Герольд Бельгер туралы кітапты оқып отырып, немістің мұқияттығы мен дәлдігіне таңғалып отырдық. Мысалы, Герольд Бельгердің өз атасы Фридрих Генриховичтің қай жылы дүниеге келгені, қай жылы әскерге алынғаны, 1921 жылы аштан өлгені жайлы нақты мағлұмат бар. Әжесі, Зельцердің тумасы, лютеранка Мария Элизабет күйеуі қайтыс болғанда бір үйлі баланы жалғыз асырап қала барады. Бельгердің нағашы атасы туралы да толық мағлұматпен бірге, жазушының балалық шағынан естеліктер, сонымен бірге отбасылық фотосуреттер де сақталған. Бельгердің нағашы атасы, музыкант, капельмейстер болған Давид Гертер біреудің тойы үстінде Совет елі туралы бір ауыз бірдеңе айта салып, сол түні оны ұстап әкетеді, содан қайтып оны ешкім көрмейді. Оның да әйелі көп баламен қалып, жалғыз өзі өсіріп жеткізеді.
Қазақтарға ризамын
«Мен қазақтарға ризамын. Басыма қайғының қара бұлты үйірілгенде олар мені өз баласындай бауырына басып, азамат болып қалыптасуыма жол ашты. Мен осыны қалай ұмытамын?! Ұмытпаймын! Мен жолым болған адаммын. Орыстардың арасында тұрған неміс бауырларым «фриц» те болды, «фашист» те болды, «немец – перец – колбаса» деді, әйтеуір, естімегендері жоқ. Таяқты да жеді. Ал, тамаша қазақ ауылында ержеткен мені ешкім ренжіткен емес. Керек десеңіз, қазақ ауылында қадірлі болдым, қазақтар әлі күнге құрметтеп келеді. Ауылда мені «Белекеңнің баласы», «Сары бала», «Біздің Гера» деді. Ойын баласы күнімде ақсақалдар еттің тәуірін асатты, жіліктің жақсысын ұстатты. Сол ауыл ақсақалдарының кеңдігі жұққан болар, менде ыза, кек жоқ», – деп ақтарылған екен жазушы өзінің естелік еңбегінде.
Жастайынан қуғын мен бақылаудың не екенін білген адам шындықты айтуға келгенде тартынып қала алмайтын болу керек, жазушы біздің жүйенің қателіктері, әлеуметтік мәселелерге қатысты бүгінгі айтып жүргендеріміздің көпшілігін ертерек айтқан. Естеріңізде болса, «Дат», «Тасжарған» деген газеттер болды, Бельгердің мақалалалары, күнделіктері сол басылымдарда үнемі жарияланып отырды. Өзі 27 жыл бойы балдақпен жүрген, соңғы жылдары денсаулығы дімкәс болса да, тынымсыз еңбектенуден жалықпаған екен. Өзінің естеліктеріне қарағанда білімі жетпегеннен емес, тар кезеңнің тұсауы шырмап, өзі армандаған оқуына түсе алмаған, тіпті төлқұжаты болмаған екен.
«Жер аударылған адамның психологиялық-рухани жағдайы өзгешелеу, ауырлау келеді. Осындай қиын уақыттар мені мүжіген жоқ, қайта өжеттеу, қыңырлау қылып өсірді, қисайған жағымнан бұрылмайтын мінез пайда болды. Есімді білгелі турасын күлбілтелемей айтуға тырысамын. «Дат» дейтін газетте он төрт жылдан бері «Көрген-білген» («Плетение чепухи») деген топтамаларым басылып келеді. Сол топтамаларымда еркін, ашық сөйлеймін. Әлбетте, маған: «Неге қисайып кеттің», - деген сипатта ескерту айтқандар да бар. «Иттігім жоқ. Ешкімге жамандық ойламаймын, ешкімнің орынтағына таласпаймын. Билікке барам деген мақсат жоқ. Және мен демократиялық, еркін елдің ұлы болған соң, өзім білетін, сезетін, көретін шындықты айтуым азамат, әдебиетші есебіндегі парызым» деп ақыл айтушыларды шығарып саламын», – деген пікірі жазушы тұлғасын көз алдымызда бұрынғыдан да биіктете түседі.
Жазушыда өмірбаян болуы керек
Байқасаңыз, Бельгердің бүкіл шығармашылығына оның өзінің өмірбаяны, әкесінің, атасының өмірі, қандастарының тағдыры да арқау болған. Өмірбаян кейде шығарманы көтеріп тұратын табаны мықты тіреу сияқты. Мысалы, автордың «Дом скитальца» деген дүниесі автордың жадында қалған оқиғалардан тұрады. Отан, балалық жайлы жадыдағы суреттер, туған үй, жүріп өткен жолдар туралы естеліктерде әруақытта өз ұстанымына, өз ұжданына адал болған адамдар бейнесі бар. «Тұйық су» романының мотивінде де тарихи сана шешуші ролінде көрінеді, тіпті бір жерлеріндегі: «Люди – песчинки, перекати-поле. Куда его ветер погонит – лишь Аллах знает» деген жолдардан оның авторы неміс емес сияқты, «адамның басы – алланың добы», «жазмыштан озмыш жоқ» деп түйген қазақтың танымы көрінетіні бар. Тармақталған сюжеттік желілері бар «Разлад», «Зов» романдарында жазушы адамзаттың жадындағы репрессия, соғыс, еңбек армиясы, соғыстан кейінгі уақыт және қазіргі шындықты көрсете отырып, саяси оқиғалар құрбанына айналған әрбір жеке адамның, бүкіл халықтың тағдырына алаңдайды.
«Неміс пен қазақ әдебиетін байланыстырып тұрған адам есебінде, мойнымдағы қарызым – неміс әдебиеті туралы тағы бір кітап шығаруым керек. Әрі-беріден соң менің де орыстарға қояр кінәм бар. Мені жер аударған орыстар емес пе еді? Бізді Қазақстанға мал сияқты айдап әкелді. Автономиямыз бар еді, оны құртты. Сонда да менің қазір оларға өшпенділігім жоқ. Ол кезде заман басқа, адам басқа, мен неге бүгіннің адамына өштесуім керек?» деген екен жазушы бір сұхбатында.
Берлинде тұратын баспагер, әдебиеттанушы, аудармашы, жазушы Л.Кошуттың Г. Бельгердің «Миниатюралар» кітабы туралы мынадай пікірін оқыдық: «Сіздің Волга жағалауындағы бала кезіңізден бастап өзіңіз туралы және әкеңіз туралы әңгімелеріңіз адамды өзіне баурап алады. Сізден басқа қай жазушы тілді осыншама құлпырта алады! Сіздің жазуыңызда орыс тілінде жазылып, қазақ және неміс сөздерімен қиылыстырылуының арқасында қайталанбас рухани-психикалық атмосфера пайда болады». Міне, қандастары жазушыны осылай бағалаған екен.
Бельгердің сыншылығы
Г.Бельгердің Л.Н.Толстойдың «күнделіктері» мен Т. Манның романдары туралы жазған дүниесі үлкен еңбек саналады. Қазіргі проза, жалпы қазақ және әлем әдебиетінің классиктері туралы – «Өмір-эпопея. Триптих», «Мүсірепов әлемі» және т.б. еңбектер жазған. А.Сүлейменов, А. Дебольский, М. Симашко сияқты көптеген ақындардың, жазушылардың, музыканттардың, ғылым мен мәдениет қайраткерлерінің шығармашылығына үңілген.
Соншама еңбекқор адам қазақ филологиясына қатысты терең зерттеулер жасап,, салыстырмалы тіл білімі мен әдебиеттану бойынша мақалалар, көркем аударма мәселелері бойынша көптеген жұмыстар, әдеби портреттер мен эсселер, публицистикалық баяндамалар да жазған. Ол өзіне сыйға тартқан немесе оқыған кітаптардың ешқайсысын назардан тыс қалдырмауға тырысқан. Г. Бельгердің тамаша рецензияларының тұтас сериясы «Керуен» ғылыми-көпшілік және әдеби-көркем журналының беттерінде (М. О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының) жарық көріп отырыпты.
Ақсақал
Бізге Бельгердің қазақ қоғамындағы ақсақалдық рольдің орны жайында айтқан пайымы ұнады. Шынымен де дәл қазіргі уақытта кей мәселеде берекеміз қашып жүргені де сол ақсақалдық қасиетті жоғалтқаннан емес пе...
«Ақсақалдар кетті. Адамгершілік кодын тасымалдаушылар. Олармен бірге біздің көп ғасырлық Азаматтың адамгершілік кодексі де кетті. Олардың орнын соңғы жиырма жылда адамгершілік абыройдан жұрдай жасы жеткен шалдар басты», – дейді жазушы.
Бұны өтірік, мына жері артық дей алмайсыз. Осы халықтың қамқорының роліне еніп жүріп, ең шешуші сын сағатта үнсіз қалатын, «тоқ жүрудің» амалын меңгерген, тек сыйлық пен атаққа келгенде байбаламшылдығы көрінетін, бірді-екілі үлкен интеллект деңгейіндегі адамдарды «космополит» деп күстаналап, ал өздері ұлттың мүддесінің атын жамылып, бірақ, жүзаралық, топаралық деңгейден көтеріле алмай қойған «рубасы» ақсақалдарды есептемесең, қазаққа шын жаны ашитын, жағдайына жаны ауыратын кіміміз қалды? Әрине, мүлдем жоқ демейміз, беделді адамдар бар бізде. Бірақ беделді деген ортасына ғана сыйлы, ықпалды ғана адам емес. Ол осы халықтың мәдени жетілуіне, ұлттық танымы мен түйсігіне әсер ете алатын адам болуы керек. Бұл тұрғыдан келгенде өз өнерінің саласында ұстазға айналған, өз орнын білетін, қулар мен пысықтарды жарылқайтын емес, ұлтым деп ұпай жинайтын ниеті байқалмайтын, қоғамнан жиған беделін жеке мүддесіне пайдаланып кетпейтін аз ғана шоғырдың бірі осы Бельгердің өзі еді...
Герольд Бельгердің ойларынан үзіктер
Герольд Бельгер айтады:
«Мен өз басым ауылда өстім. Ауылдық қазақпын. Мен үшін ол өте қымбат. Ал элитаның ауылдан қол үзгені соншалық, олардың ойында тек шетелде сарай салдырып, жақсы вилла мен яхта сатып алып, шамасы жеткенше құлқынын толтырып, бұл жақтан тезірек қарасын батыруды ойлайды. Сол үшін де олардың қарапайым, кедей адамдарға деген қарым-қатынасы сондай. Бізде кедейлер өте көп. Меніңше, қазақтар адамгершілік және моральдық тұрғыдан көп дүниесінен айрылды».
***
«Билік дегеніміз – әртүрлі жолмен бірдеңеге қол жеткізген кешегі ауыл қазағы. Бірақ қазір олар өз тамырларынан ажырап, жырақ кетіп барады. Олар өздерін ауыл қазағына қарама-қайшы қояды. Олардың өмірі басқа, олардың қолында байлық бар. Жеке басының қамы алға шықты».
***
«Біздің әртістермен бірге шетелде болған кезім болды. Біздің қазақтар қазақша ән айта бастаса, шетелдіктердің көзі бақырайып кетеді. Бұл оларға қызық. Ал біздің қазақтар не істейді? Олар операдан ариялар орындап, бар күштерімен скрипканы сабалайды. Бірақ бұнымен ешқандай еуропалықты таңқалдыра алмайсың. Бұл ешкімге қажет емес. Егер өз тіліңде ән салып, ұлттық ерекшелігіңді таныта білсең, сонда ғана саған жұрт қызығады және сенің беделің артады. Сол үшін қазақтардың ең басты кемшілігінің бірі – еліктегіштігі. Бұл жағынан олар алдына ешкімді салмайды».
(«Из казаха немец не выйдет, пусть он остаётся казахом», «Радиоточка», 10.02.2015)
Бельгер шығармалары оқылуы керек
Немістің еңбекқорлығы жайлы аңыз бар. Герольд Бельгер соны дәлелдейді. Жазушы Бельгер өмірінде жетпістен астам кітап шығарыпты, «Ауыл шетіндегі үй», «Даладағы шағалалар», «Тас өткел», «Гете мен Абай» «Бауырластықтың жанды бейнесі», «Созвучие», «Уақытпен бетпе-бет», «Мотивы трех струн», «Земные избранники» атты т.б. көркем және деректі шығармалары жарық көргеннің өзінде 4-5 дүниесі қолжазба күйінде қалыпты. Кезінде бір кітабын Ермек Тұрсынов шығарып берген екен. Күнделіктерінен үзінділер оқып отырғанда, зейнетақысынан басқа күнкөрісі жоқ жазушының бар ақшасына кітабын шығарғанын, қаражаттан қиналғанын байқайсың. Бірақ, жазуын тоқтатпаған. Бұл – мұратқа адалдық.
Мына бізге ұлт ретінде өсу үшін бір байыпты, алды-артын байырқалаған ой керек. Ұрпақ ауысқан сайын түсінік те өзгереді десек те, бүгінгі күн кешегінің жалғасы болғандықтан, одан үміт үзбейміз. Үміт үзуге болмайды. Әсіресе, ұлтқа қатысты. Дүниетанымның шапшаңдығы артқан осы шақта қазақты ұшпаққа шығаратын тез оңғыш, әсіреқызыл “эстрадниктер” емес, әсіре «демократтар», әсіре «ұлтшылдар», әлдебір жағдай болса қоғамның шынайы реакциясы қандай екенін фейсбуктегі жазбалар арқылы ғана танып, сол бойда халықты күлше беріп алдайтын құбылғыш үкімет те емес, қазақтың ел болсам деген мұраты мен алыс көкжиекке көз салатын мүмкіндігі ғана. Олай болса Герольд Бельгердің шығармалары оқылуы керек. Онда біздің де тарих бар және ең бастысы - адамгершілік идеясы бар.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.