Қажытай Серікжан Ержанұлы – 1997 жылы ШҚО, Үржар ауданы Тасбұлақ ауылында дүниеге келген. 2015 жылдан бастап Семейдегі М.О.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің студенті. Аудандық, қалалық, аймақтық, республикалық жыр-мүшәйраларының жеңімпазы. Халықаралық «Есенин оқуларыны лауреаты. Өлеңдері мерзімді басылым беттеріне шығып тұрады. «Айтуар-Бойтұмар» антологиясына енген. Жас ақынның жырларын танымал ақын Аманхан Әлімнің ағалық ақыл, ақ жол бата-тілек рәуішті пікірімен қоса жариялап отырмыз.
Серікжанның өлеңдерін оқып отырып, жас әріптесімнің ақындық қарым-қаламының әлі де болса балаңдығы мен өзіндік қолтаңбасы қалыптасып үлгермегенін байқадым. Бұл тұстағы басын ашып алатұғын бір-ақ жай, Серікжанның ақын екендігі. Ал, өлеңдеріңдегі кетік-кемшілікке келсек, ол жүре келе түзелетін шеберлік еншісіндегі жағдайлар. Ол үшін Серікжан, ең алдымен, ақындық-жауапкершілікті барынша сезінуі керек.
Серікжанды ақын деуімнің сыры оның «Жаз көшті», «Қазан жылады» өлеңі қаншалықты мықты болса, ал «Хаттар» жыры кейбір тұстағы кездесетін бірлі-екілі кемшілікке қарамай, жақсы туынды қатарына жатады. Әсіресе, маған ұнағаны алғашқы екі өлең. Ал енді «Қар жауып тұр... Есенин» өлеңін оқығанда, менің түсінбегенім Есенинді – «Есекең» деуіндегі қазақылық. Меніңше, автор Есенинді – Есенин десе де, ештеңеден ұтылмаған болар еді. Серікжанның ұлы ақын есімін қазақыландыруы құлаққа түрпідей тиіп тұр. Содан кейін өлеңнің соңғы шумағының екінші жолындағы: «Есенин жүр қар қыздың зайыбы боп», – деген жолға назар аударыңыздаршы. Ер адам қалай автор сөзімен айтқанда «...қар қыздың зайыбы...» болады? Қайта логикаға салсақ, «қар қыздың» күйеуі болмай ма? Мұны жас әріптесімнің сөз-сөйлем пайдаланудағы жауапкершілікті босатып алған тұсы демегенде, не дейміз? Топтаманың ішіндегі «Кездесу» өлеңінің басы мен аяғы арасындағы шұбалаңқылық пен өлең ырғағының аракідік бұзылып отырулары көңіл алаңдатады.
Топтамадағы «Жаз көшті», «Қазан жылады» секілді өлеңдерді оқып отырып, жоғарыдағы біз тілге тиек еткен өлеңдерді Серікжан жазғанына сенгің де келмейді. Мен Серікжанды осы аталған екі-ақ өлеңі үшін жақсы ақын дер едім. Аталған өлеңдердегі шынайылық пен сыршылдық қаншалықты ақын шабытының көрінісі болса, олардың орындалу техникасының өзі төселген ақын шеберлігінің көрінісіндей сезіледі. Образды ойлау жүйесіндегі ерекшелік те «Қазан жылады» өлеңінде жан-жақты көрініп тұр. Бұл жақсы ма? Әрине, жақсы!
Міне, аталған бес өлеңді оқып отырып көңілге түйгенім, егерде Серікжан өзінің туа бітті бойсіңді ақындығына жауапкершілікпен қараса, жоғарыдағыдай біз көрсеткен бірлі-екілі кемшілікті жібермей, жалпы поэзиясындағы өлеңдер ала-құлалығынан арылар еді. Серікжан әлі жас. Мен оның ақындығынан үміт күтетіндігімнің де сыры сонда. Үлкен ақындық жолға – үлкен жауапкершілік керек. Оның көзі – білімде, біліктілікте. Сондықтан да, жас досым, өлең өріндегі сапарың сәтті болсын. Пікірімде артық кетіп, кем түсіп жатқан тұстарым болса кешірім сұраймын.
Сәт сапар!
Аманхан Әлім,
ақын, «Ақиқат» журналының бас редакторы.
Жаз көшті
Қыз-қырқынды жиып алып қырманнан,
Жаз ақыры көшіп кетті бұл маңнан.
Сені қойшы, сені ұмытып кеттім ғой,
Қалай ғана айырылдым сырғаңнан.
Сүйіп тұрып сүймеймін деу қолайлы ә,
Деп айтушы ем жолығатын тоғайда.
Астаң-кестең жатыр тоғай дәл қазір,
Туған жерден көшу әсте оңай ма?
Астаң-кестең болып жатқан жүрегі,
Бір ақынның мұңын кімдер біледі?
Жазда сен де көшіп кеттің бұл маңнан,
Табан асты өзгерді өмір реңі.
Мұңын айтып кеткендерге іштегі,
Көшіп жатыр жазбен бірге құс легі.
«Сағыныштан өле алмайсыз», – дейді олар,
Олар неткен күшті еді.
Сағыныштан тұратындай арасы,
Жаз да кетті көрінбейді қарасы.
Тереземе телміреді біреу кеп,
Шарасы жоқ шарасы.
Әне-міне дегенше,
Күз де жетті, жә уайымды жей тұрам,
Құспен бірге қоштасады кей күмән.
Сағыныштан сарғаяды екенсің,
Тек өлмейсің,
Тек өлмейсің бейкүнәм...
Қазан жылады
Жаңбыр жылады,
Сен жыламадың,
Соңына ілесемін деп шұбалаңның.
Өмір жайлы әңгіме айтпай-ақ қой,
Өміріне айналып бір адамның.
Жаңбыр өксіді,
Сен өксімедің,
Қазан, есте мен тұрдым өксігелі.
Біздерді де айырған сол еді ғой,
Қайта келді, о неткен кекшіл еді.
Қазан келді,
Жаңбырмен араласып,
Нәркесім-ау, қалдың ба нала басып.
Қалың жауған жаңбырға қарап тұрып,
Қалың-қалың ойларға қамаласың.
Қазан келді,
Күнәсі батпандай-ақ,
Көңілдерде жаттанды ой, жаттанды аят.
Сенің арың ұқсайтын аппақ қарға,
Ақпанды аяп тұрмын мен, ақпанды аяп.
Қазан жылады,
Мұңдары самаладан,
Селеу басқан сезімді жағалаған.
Осы жолы сен ғана жыламадың,
Қазан жылады,
Сен тұрсың қарап оған...
Хаттар
Хаттар келер қауырсыны жоқ маған,
Сұлу салған әуендермен сарындас.
Сезіміңде басқасы да боп тамам,
Ал хаттар ше? Оған тіпті жаным қас.
Әспеттейтін әсемдікті, кеңдікті,
Сұлу қыздың салған әнін енді ұқтым.
Ажырамас ақындықтан айдары,
Сол сұлулық көп ақынды байлады.
Хаттар келер сол бейкүнә сұлудан,
Мол махаббат кірпігіне ілінген.
Көз жасына аруымның жуынғам,
Жаңбырлы айдың бірінде.
Өлең оқып жүрем енді неше жыл,
Аралаймын қанша қала бақтарды.
Сұлуым-ау, қайда барсаң кеше жүр,
Саған жазған хаттарды.
Ай сәулесін күнде көзін түсірген,
Аймалайды жүзінен кеп шынардың.
Сұлу қызды көрдім дағы ішімнен,
Ақын болып туғаныма қуандым.
Қар жауып тұр...
Есенин...
Қар жауып тұр абыздың аянындай,
Есекеңнің ессіздеу түсі көрген.
Оның өлең жүрегін ая, құдай,
Алғашқы қар астында үсіп өлген.
Қар жауып тұр сәбидің тілегімен,
Қуанышқа бөлеп ап жұрт біткенді.
Өлең болған Есекең жүрегімен,
Қар боп қонып сүйеді кірпіктерді.
Ақын жүрек бәйкүнә аққа сыйды,
Жердегі емес кәдімгі аспандағы.
Биші қызға сонардан хат тасиды,
Марқұм күздің бейшара қасқалдағы.
Қар жауып тұр сұлудың кірпігі боп,
Қарашалық ару ғой, қарашалық.
Бір күні бар, тірлік-ай, бір күні жоқ,
Қар ғып басар жаныңды аласа ғып.
Көктен түсер қар болып алдауық нұр,
Есенин жүр қар қыздың зайыбы боп.
Қар жауып тұр, бейкүнә қар жауып тұр,
Есенинді ойлай сал айыбы жоқ.
Кездесу
Кездескенде құдай жоқ деп көп әңгіме айтушы ем,
Сен де тыңдаушы ең үнсіз сөзден тыйылып.
Содан кейін түн ортада үй жағыма қайтушы ем,
Жаратқанға сыйынып.
Үй жолында,
жолығатын ылғи-ылғи бір кісі,
Екі қолын жазуменен әрлеген.
Болмысымен жаратқанға өкпелеген бұл пішін,
Бауыр етін былтыр ғана жерлеген.
Қайтарымда,
Қақпасында моланың бір табы бар,
Кемпір мен шал сырт жағында тұратұғын жол қарап.
Бұл күндерін сол екеуін ешкімде жоқ сағынар,
Әй, дүние-ай, доңғалақ.
Сол жолдар-ай қалалық қып, мінгестірген іңірге,
Сен қалдың ғой, сені тастап кеткен екем несіне?
Үй жағыңа бастайтын бір жолға түссем бүгінде,
Құдай жайлы әңгімелер түседі кеп есіме.
Күлік уақыт бір-ақ сәтте, бір-ақ сәтте кісінеп,
Тірі адамдар қонағынан өлі болып тарасты-ақ.
Мен есейдім ырду тартып, ішіп от,
Сен бойжеттің үйдің маңын аластап.
Махаббат-ай, ауру қылған, өзің үшін жаралса ем,
Сырғалымға сөз айтқызбас мылқаулық.
Құдай берген көздеріңе ұзақ-ұзақ қараушы ем,
Құдай жайлы әңгімені сылтау ғып.
Солай болды ырду уақыт, арты ащы, басы бақ,
Сол бір жолды көрген кезде жұпарыңа қанды дем.
Бұл күндері саған қалай, маған оттай басылады,
Құдай жайлы әңгіме.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.