Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Қобданың қоңыр желі...

12.10.2023 1454

Қобданың қоңыр желі 14+

Қобданың қоңыр желі - adebiportal.kz

Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында 2023 жылдың 10 қазан күні «Қобданың қоңыр желі» атты Моңғолия Республикасында туған қазақ ақын-жазушылары антологиялық жинағының тұсаукесері рәсімі өтті. Жинаққа бүгінгі қазақ әдебиетіне бір-бір уық боп шаншылған  аға буын, орта буын, жас буын қаламгерлерінің шығармашылығы енген. Кеш тізгінін ҚЖО Астана қалалық филиалының төрағасы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы ұстады. Алғашқы кіріспе, құттықтау сөзін айтқан Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Мереке Құлкенов:

«Қадірлі ағайындар «Қобданың қоңыр желі» атты кітаптың соңында жүргенімізге бір ай болды. Кітап проза және поэзия жинағынан тұрады. Екеуі де тамаша шыққан. Қазақ әдебиетінің тірегі деп тек қана Қазақстандық қаламгерлерді емес, анау Қытай мен Моңғолиядағы шыққан қандас ақын-жазушыларды да айта аламыз. Кітаптың ішіне мықты-мықты шығармалар еніпті. Осы кітапты жинақтап, жарыққа шығуына ат салысқан ақын – Сұраған Рахметұлы.  Және осында отырған Шәмшәбану Қамзақызы апамызға Қанаттай ұлды дүниеге әкелгеніңіз үшін ерекше ілтипатымды білдіремін.  Қанаттың қазақ руханиятына сіңіріп жүрген еңбегінің арқасында осы екі кітап дүниеге келді. Қанаттың арқасында сонау Баян-Өлгий аймағына дейін барып келдік. Аман жүріңіздер. Бала-шағаңыздың, соның ішінде Қанаттың қызығын көруді жазсын, ылайым. Кітап ішінде шығармалары жарияланған ақын-жазушылардың жартысынан көбі қазір Қазақстанда өмір сүріп жатыр. Ақындары да керемет, жазушылары да керемет. Әрине, ішінде жастар да бар. Ұлан-Батырдағы кездесу жиынына осы кітапқа жырлары мен әңгімелері кірген біраз жас қаламгер келді. Олардың жалғыз-ақ өтініші Моңғолия қазақтарына қазақ кітаптары қажет. Мен бес мың кітапты осы жылдың аяғына дейін жинап, келесі жылы Моңғолия мемлекетінің астанасы Ұлан-Батырға апарып беруге уәде еттім. 

Моңғолияға барып байқағанымыз, қазақ деген халық өз әдебиетінен, салт-дәстүр, мәдениетінен ешқашан ажырамайтындығы бізді қатты қуантты. Сол жердегі қазақтардың еңбекқорлығы қатты ұнады. Мыңғырған малды бағып, етін жеп, сауып отырған, балаларын шетелде оқытып отырған қазақ Моңғолияда да бар екен. Моңғолияда туған қазақ қаламгерлерінің көзайым кітабы құтты болғай!», - деді. 

Еліміз егемендік алып, атажұртқа көш басталған уақытта 1993 жылы Жазушылар Одағының төрағасы Қалдарбек Найманбаев Моңғолияда туған қазақ қаламгерлерінің бір шоғырын қабылдаған екен. Қазіргі әдеби процесте де Моңғолиядан Қазақстанға бертінде қоныс аударған өте белсенді, өз машық-мәнерін тапқан қыз-жігіттер барын жалпы оқырман қауым біледі. 

Кешке арнайы қатысқан Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ғалым Жайлыбай:

«Бүгін қазақ руханияты үшін ғажайып күн болып отыр. Жаңа ғана сөз сөйлеген Мереке ағамыз бір ай бойы осы кітаптың соңында жүрміз деді ғой. Мұндай антологиялық екі бірдей жинақтың соңында жылдап жүруге болады.  Қытайға өзім көп бардым. Бір барғанымда Әзия Мағыперқызы Қытайдағы ақын қарындасымыз келіп, Алтай ақындарының жинағын шығарсақ деген идея айтып еді. Мен айттым, сіздер біз үшін Қытайдағы қазақ қаламгерісіздер, сонда біз Алтай, Тарбағатай, Іле ақындары деп жеке-жеке жинақ шығарып отырамыз ба, жалпы жырларыңды жинап, жинақ қылып шығарайық деп өз ойымды айттым. 

Бүгінгі дүниеге келген екі бірдей жинақ Сұраған құрдасымның үлкен еңбегі деп ойлаймын. Сұраған – қазақ руханиятында мектеп қалыптастыра білген ақын. Шын мәнінде солай. Қанат ініміз де демеушілік жасапты. Осындарға отырға барлық ағайынға құтты болсын!», - деді. 

Кітап тұсаукесерінің алдында ақын Ықылас Ожайұлы «Жамал-ай» әнін шырқады. Еліміз тәуелсіздік алып, инфрақұрылымы жаңа жасақталып жатқан уақытта Алматы қаласында инвестиция мәселесіне қатысты үлкен жиын өтіпті. Мемлекетімізге батыстан, шығыстан әртүрлі алпауыт компаниялар келіп, өздерінің инвестициялық жобалары мен ақшаларын әкеп құйып жатқан кез. Сол жиында баяндама жасаған Алтынбек Сәрсенбайұлы: «Біздің ең ұлы инвестициямыз – елімізге келіп жатқан қандас бауырларымыз», - деген екен.

Жиынға арнайы қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжанұлы:

«Қадірлі ағайын-бауырлар, бүгінгі күнді қазақ әдебиетінің жұлдызды сәті деп бағалауымыз қажет. Арада ширек ғасыр өтпей, Алтынбек Сәрсенбайұлының сол сөзі ақиқатқа айналды. Өйткені, Қытайдан, Өзбекстаннан, Моңғолиядан, Ираннан, Түркиядан ағылып-төгіліп жеткен ағайындарымыз барлық: кәсіпкерлік, экономикалық, спорттық, әдебиет пен руханият салаларда үлкен-үлкен, іргелі, ұлтымыздың байрағын биіктететін үлкен жобалар жасады. Соның бірі – әдебиет саласы. Жаңа тәуелсіздік алған мемлекеттің одан әрі нығаюына, елдің елдігін сақтап қалуға ғылыми, әдеби, рухани бағытта ұлы мұраларымызға жан бітіруге, тамырын терең жаюына, жапырағын биікте жайқалтуға ең алғаш қолдау жасаушылар – сіздерсіз ағайын. Ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі осы деп есептеймін. Бүгінгі жарыққа шыққан кітаптың негізгі локомативі – Сұраған Рахметұлы. Сұраған ағамыздың шығармасын, ол кісі шетелден келмей тұрғанда оқып, сол кісінің жүзін көруге сондай ынтық болдық. Елге келіп, омырауламай-ақ үлкен көрегенділікпен, кісілік-кішілікпен ортамызда осындай сый-тамаша жасап жатыр. Бұл кітаптың артында сұрапыл еңбектер жатыр. Сұраған аға сізге мың да бір алғысымды айтамыз. Бүгінгі жиынның мерейі де шоқтығы да биік деп айтып отырғанымыз сол. Құдай қаласа, жинақты оқырмандар  іздеп жүріп оқуды жазғай! Алдағы кезеңдерде де жақсы жиында бас қосуды нәсіп қылсын», - деді.

Кеште «Қобданың қоңыр желі» антологиясынан бөлек әдебиетімізге олжа салып жүрген Оразай Жеңісұлы атты өскемендік жас ақынның тырнақалды жыр жинағының тұсаукесері өтті. “Әдебиет порталы” интернет жобасы алдағы уақытта Оразай ақынмен жасаған сұхбатын бөлек жариялайтын болады. Қазіргі уақытта Зейнолла Сәнікұлы атындағы қайырымдылық қоры қазақтың бүкіл руханиятының әр саласындағы жаңа жобаларына демеуші болып жүр. Жиында марқұм Зейнолла Сәнік ағамыздың зайыбы Шәмшәбану Қамзақызы сөз сөйлеп, дүниеге келген антологияға құтты болсын айтып, ақ тілегін жаудырды. Жинақтың жарық көруіне көп үлес қосқан ақын Сұраған Рахметұлы:

«Қобданың қоңыр желі бір тамаша уақытта шықты. Біз үшін оңай болған жоқ. Қиындықтардан өттік. Сапарымыз сәтті өтті. Жалпы егемендік алғалы бері Қазақстан Жазушылар Одағы төрағаларының ішінде Моңғолия Республикасына, Баян-Өлгий аймағына алғаш барған Мереке Құлкенов ағамыз екен. Үлкен туындыға қазақ қаламгерлерінің ұрпақтары қатты көмек көрсетті. Барлығына шын жүректен рақмет айтамыз. Арамызға қуанышымызды бөлісіп ақын, сыншы Яки Ілиясұлы, айтыскер ақын Егеухан Мұқамәдиқызы, атақты тарихшы Қаржаубай Сартқожаұлы, кітаптың жарық көруіне көп көмегін көрсеткен көсемсөз шебері «Егемен Қазақстан» басылымының аға тілшісі Бекен Қайратұлы, Моңғолия ғылым академиясының академигі Бәкей Ағыперұлы, әйгілі ақын Кеңес Ілиясұлының қызы Зәмеш қарындасымыз, антологиямызға жырлары моңғол, қазақ тілдерінде қатар еніп отырған ақын Жүкел Хамайұлы сынды іні-қарындас, замандастарымыз келіп отыр. Баршаңызға алғысымды білдіремін!» - деді. 

 “Қобданың қоңыр желі” антологиялық жинағы қазіргі қазақ әдебиетінің  дамуына қосылған үлес деп білеміз.  Алдағы уақытта бұл шара өз жалғасын тауып, басқа да көршілес мемлекеттердегі қазақ ақындарының антологиялық жинағы жарық көрсе, сол арқылы қазақ әдебиетінің қоры мазмұнды да көркем  туындыларға байи түссе деген тілегіміз бар. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар