Қазақ әдебиеті осы уақытқа дейін дамудың біраз кезеңдерінен өтті. Ал, қазіргі уақыт әдебиетіміздің нағыз қарыштап дамып, жаңа сатыға көтерілетін кезі десем, қате болмас.
Қазақ және орыс тілдерінде жазылып жүрген шығармалар өте көп. Бірақ, олардың арасында байланыстың болмауы Алматы қаласында Almaty Writing Residency жобасының ашылуына себеп болды.
Былтыр қыркүйек айында өткен Almaty Writing Residency жобасы туралы ақпарат іздеп, ғаламторды шарлағанда осы жобаның ұйымдастырушысы Юрий Серебрянский мен аудармашы Нина Мюррейдің сұхбаты көзіме түсті. Юрий Серебрянский бұл сұхбатында:
«Осыдан үш жыл бұрын әдеби фестиваль өткізіп, қазақ тілді және орыс тілді авторлардың сұхбаттасуына мүмкіндік аз екенін аңғардық. Сонымен қатар, біз бас қосқан кезде екі әдебиет өкілдерінің арасында айтарлықтай келіспеушіліктің жоқтығын, тек тілдік кедергі бар екенін байқаған едік. Нәтижесінде бір-бірімізді мүлдем танымайтынымызды түсіндік. Резиденция қаламгерлердің өзара араласуына, танысуына, ортақ мәселелерді талқылауына жол ашатын қадам болуы мүмкін. Бұл бір жағы. Екінші жағынан, бүгінгі таңда қазақстандық бірегейлік мәселесін көтеру өте қисынды, өйткені Қазақстанда болып жатқан оқиғаларға дер кезінде әрі оқырман қызығатындай жауап беруіміз өте маңызды. Болашақта біз тақырыптарды таңдауда икемділік танытуымыз қажет - бұл жыл сайын қоғамда болып жатқан оқиғаларға реакция болуы мүмкін. Мысалы, Нина украин әдеби ортасымен де, американдық ортамен де жұмыс істеп жүр, үлкен тәжірибеге ие – тақырыпты тек өз ішімізде ғана талқыламау үшін, шетелдік авторлардың да көзқарасын білу маңызды. Бұл қазақ авторлары үшін өте маңызды тәжірибе болғаны рас».
Осы сұхбаттан-ақ Нина Мюррейдің де қазақ әдебиетін түсінетін, оның дамуына өз үлесін қоса алатын жандардың бірі екенін байқауға болады:
«Украина азаматшасы ретінде қарайтын болсам, қазақтың тарихы маған жақын. Кезінде мен әдеби зерттеумен айналыстым – посткеңестік, постколониалдық және украин мен қазақ әдебиетінде болып жатқан оқиғалардың арасында көптеген ұқсастықтар бар, сондықтан мен бұл тақырыпты басқа адамдарға қарағанда әлдеқайда жақсы түсінемін».
Almaty Writing Residency жобасы тек қана қазақстандық емес, халықаралық жоба деп мақтанышпен айтуымызға болады.
Жоба ұйымдастырушыларының бірі Валерия Макееваның айтуынша, биылғы жылы Резиденция жұмысына қатысушы қатарынан табылғысы келетін жандардан 26 өтінім келіп түскен екен.
Ұйымдастырушы болудың оңай емес екені рас, жауапкершілігі жоғары жұмыс. Резиденция қатысушыларының көңіл-күйін көтеріп, қолдау көрсетіп жүрген Валерияның да еңбегін айтып өтпеу мүмкін емес. Валериядан осы жылдың тақырыбы мен резиденттердің іріктеуден қалай өткені туралы сұраған едік:
«Резиденттерді қазылар алқасының мүшелері таңдайды. Іріктеу процесі барынша ашық болуы үшін қазақ және орыс тілдеріндегі барлық жұмыстарды автордың есімін жазбай жібердік. Ұйымдастыру комитеті іріктеуге мүлде қатыспайды.
Ал, өткен жылғы резиденцияның тақырыбы «Қазақ бірегейлігі» болды. Байқауға ақындар да, жазушылар да қатысты. Келесі резиденцияны балалар жазушыларына арнағымыз келді, бұл саладағы көпмәдениеттілік – өткен жылғы тақырыптың жалғасы әрі қазіргі балалар әдебиетіндегі өзекті мәселе. Біз келесі резиденцияны да жоғары деңгейде өткізе аламыз деп үміттенеміз. Келесі жылы да өзекті тақырып пен қызықты бағдарлама дайындауға тырысамыз. Ең маңызды міндет – әдеби аудармашылардың саны мен сапасын арттыру бойынша жұмыстарды жалғастыру, өйткені қазақ авторларының шетелде оқылып, жақсы табыстарға жетуіне көмектесетін бір дүние болса, ол – жақсы аударма. Биыл резиденттермен қатар аудармашылар да жұмыс істеді. Олар бес күн бойы «Қаламдас» сыйлығының ұзын тізіміне енген авторлардың мәтіндерін аударды».
Сонымен, биыл Алматы жазушылар резиденциясының екінші маусымы сәтті өтті. Халықаралық әдеби жоба аясында алты резидент және тоғыз аудармашы бір апта бойы бірге өмір сүріп, семинарларға қатысып, мол тәжірибе жинады. Бұл жерде резиденттердің әдеби мәтіндерді оқып, аударып, бір-бірінің шығармаларын оқып, талқылауына барлық жағдай жасалды. Өзім қатысушысы болмасам да, орыс тілді және қазақ тілді әдебиет өкілдерінің бір-бірімен танысып, шығармаларын оқыса деп жүрген мен үшін бұл шараның маңызы зор болды. Оған қоса, бұл жерге ағылшын тілі де қосылып, қазақ авторларының шығармалары ағылшын тіліне аударылып жатқаны қуантты.
Резиденция тақырыбы: «Балалар мен жасөспірімдер әдебиетіндегі мультимәдениеттілік. Өзгеріс дәуіріндегі балалар әдебиеті». Биыл балалар жылы болғандықтан, резиденция тақырыбы да балалар әдебиетімен байланысты болды. Жалпы, мультимәдениеттілік дегеніміз не? Бұл сұраққа біз резиденция қатысушыларының эсселері арқылы жауап беріп көрейік.
Резиденция қатысушысы Светлана Познякованың пікірінше: «Мультимәдениеттілік - бұл бір елде, бір қалада, бір отбасында әртүрлі мәдениеттердің қатар өмір сүріп, өзара әрекеттесуі, бірақ олар бірікпейді. Әрине, олар бір-біріне әсер етеді, десек те олар өздерінің бірегейлігін сақтап қалады. Тіл сақталады. Салт-дәстүрді білуі, әдет-ғұрыптарды түсінуі сақталады. Ең бастысы, мультимәдениеттілік өзара сыйластық пен түсіністікке негізделген».
Жазушы Айнагүл Садықова мультимәдениеттілік ұғымын тұлғалық дамумен байланыстырады: «Қоғам дамуына, қоғамның тұтастығына ықпал ететін мәселелердің бірі – мультимәдениеттілік. Әрине, мультимәдениеттілік, ең алдымен, ұлттар мен ұлыстар тақырыбына тікелей қатысты екені түсінікті. Дегенмен, ұлттық, ұлттылық мәселесін қозғамас бұрын, адамилық мәселесін қарастыру қажет деп ойлаймын. Өйткені, кез-келген ұлт өкілі алдымен – адам. Тұлға дәрежесіне жетілген адам ғана өзгені құрметтеуге қабілетті. Сондықтан, адамдық, тұлғалық мәселелер мультимәдениеттілік тақырыбының негізінде жатыр деп есептеймін».
Мені таң қалдырғаны, Светлана Познякова мен Айнагүл Садықованың ойы бір жерден шыққаны. Резиденция барысында да біраз мәселеде екі жазушының пікірі ұқсас екенін байқап отырдым. Ал резиденция соңында олардың достасып, болашақты бір-бірімен ақылдасып тұруға келісуі таң қаларлық жай болмады.
Резиденция қатысушысы, жазушы Әсет Сыздықовтың пікіріне тоқталып өтсек: «Әлем мемлекеттерінің барлығында көпмәдениеттілік – әртүрлі мәдениеттердің қатар өмір сүруі мен симбиозы бар десек болады. Іс жүзінде олар бәсекелеспейді және бір-біріне қысым көрсетпейді, керісінше, араласады, бірін-бірі толықтырады. Нәтижесінде тілге, өнерге, киноға, театрға, салт-дәстүрге және әдебиетке оң әсер ететін жаңа ортақ «дәнекерленген» көп мәдениет пайда болады».
Жазушы Орал Арукенова өз эссесінде әдебиет бірегейліктің қалыптасуына ықпал ете ала ма, баланың сөйлеу тілі оның дүниетанымына қаншалықты әсер етеді деген сұрақтарға жауап береді: «Бала әу бастан бірнеше тілді үйренетін болса, ол жастайынан толерантты, санасы ашық адам болып өседі, өйткені бірнеше мәдениетті бойына сіңіріп алып, оларды түсінуге, қабылдауға үйренеді. Екінші қалыптастырушы жүйе ретінде әдебиет балаға адамзат мәдениетіне тән философиялық, діни, ұлттық және әлеуметтік кодтар туралы білім береді. Кітаптар арқылы өз әлеміне ұқсамайтын, басқа бір әлемге барып, балалар оларға достық пейіл танытқан альтернативті ғаламға тап болады. Мәселен, аңдар туралы кітаптарды оқып, балалар жануарлар әлеміне сеніммен қарай бастайды, аңдардың тілін табуға, оларды ортақ ғаламшардың, ортақ өмір сүру мекенінің ажырамас бөлігі ретінде қабылдауға үйренеді. Сөйтіп, әдебиет – бұл айналадағы әлемді танудың маңызды қосымша құралы». Жазушы өз эссесінде өсіп келе жатқан ұрпақтың кітап оқуы қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді. Оған қоса кез келген ата-ана өзі кітап оқу арқылы, баласының бойына кітапқа деген махаббат сыйлай алатынын көрсетеді.
Резиденция жұмысының нәтижелі болғаны анық. Оған менің сөздерім ғана емес резиденция қатысушыларының пікірлері де дәлел бола алады. Резиденция қатысушысы Айнагүл Садықова осы жобаның маңызы мен алған әсерін баяндап берді:
«Былтыр ғана есігін ашқан Almaty Writing Residency – әдебиеттің әр түрлі саласында еңбек ететін, түрлі жанрда жазатын қаламгерлердің басын біріктіру талабынан туындаған жаңа шығармашылық алаң.
Қаламгер парызының бір парасы қоғамға қызмет ету екенін ескерсек, бірінші Резиденцияның да, екіншісінің де тақырыптары дұрыс таңдалған деп ойлаймын. «Ұлттық тектестік», «Балалар әдебиетіндегі мәдениеттер тоғысы» – ескерер ерекшеліктері, кілтипанды тұстары да жетерлік қатпарлы тақырыптар. Ұйымдастырушылар бізді сол қатпарларды аршып, мәніне бойлап, мынау алмағайып өзгерістер кезеңінде азаматтық үнімізді қосуға, адамдар арасында, ұлттар арасында алауыздық отын тұтатуға құмар арам пиғылдарға пәрменді сөзбен тосқауыл болуға шақырғандай.
Осы ретте, өзім қатысқан балалар әдебиеті бойынша биылғы Резиденция теориялық жағынан да, тәжірибелік те жағынан пайдалы болды.
Ең әуелі, семинар жетекшісі америкалық жазушы Келли Дуайер балаларға арнап жазудың бұрыннан белгілі жөн-жосығына жол-жөнекей шолу жасай отырып, негізінен, әлемдік балалар әдебиетіндегі өзгерістер, жаңа үрдістер, үлгі болар авторлар, т.б. турасында нақты мағлұмат беріп, салмақты мысалдар келтірді. Тәлімгерімізді тыңдай отырып, басқа елдердегі, соның ішінде, АҚШ-тағы әдеби мәселелер аясын білдік, өзімізге қатысты ойға қалдық, төл әдебиетімізге жаңа леп беру жайын парықтауға тырыстық.
Резиденцияның анық есте қалатын ерекше сәті – тәжірибелік жұмыс. Семинар үстінде, одан соң, «үй жұмысы» ретінде жазған дүниелерімізді талқылау кезінде де жетекшіміз Келли көркем ойды қалай дамытып, қай арнаға сайдыру, қандай тұжырым, нендей оймен түйіндеу керектігіне жөн сілтеп отырды. Өз басым оның кейде автордың өзі байқамаған әлдебір иірімді бетке алып шығатын, идеяның иін қандыра түсетін детальдарды дөп ұсына қоятын шеберлігіне қызықтым.
Бұлардан бөлек Резиденция – мақсаты бір, өрнегі алуан әріптестердің шығармашылық сұхбаттары, өзара кеңесі дер едім. Өйткені, кәсіби талқылау дәрістен тыс кезде де толастаған жоқ. Біз – ескісі бар, жаңасы бар – жазғанымызды бір-бірімізге оқытып, пікір бөлісіп, ақыл-кеңес айтып, мәре-сәре болдық. Резиденттердің осыншалық тіл табысуына ұйымдастырушылардың да кәсіби білігі, адами ашықтығы сеп болғанына өзім куәмін.
Сондай-ақ, «Аруна», «Меломан», «Тентек» сынды белді баспа өкілдерімен кездесу де пайдалы іс болды. Кішкентай оқырмандардың таңдауы, нарықтағы жағдай, шығармашылық үрдістердің сыртында, баспалармен шығармашылық қана емес, маркетинг, жарнама, т.б. тұрғысындағы қарым-қатынас сипаты, жұмыс реті, сатылары тарабында бағдар алып, беталысымызды түзей түстік.
Резиденция жұмысы аяқталғанда, шығармашылық үдеріс әбден қызған тұстан үзілгендей, бір апта аздық еткендей әсермен тарқадық. Бірақ, бұл да дұрыс шығар. Көмейге келгенді сарықпай, өзімізше ойланып, осы қарқынмен кішкентай оқырмандардың үйлесімді дамуына үлес қосуға аттандық. Ал, бұл балалар ақын-жазушылары үшін ең қызықты, ең маңызды, ең мәртебелі саяхат болар».
«Меніңше, жазушы жанрды таңдамаса керек, керісінше жанр жазушыны таңдайды. Белгілі бір жанрда қалам тербеймін деп еш мақсат қойғаным жоқ. Бәлкім, балалық шақтан бергі көрген-білгенім осы жолға алып келген шығар», - деп өз эссесінде жазушылық жолға қалай келгенін баяндайтын Нұрбек Нұржанның толғамы қатысушыларды бей-жай қалдырмағаны анық. Нұрбектің өзі де Резиденция туралы үлкен толғаныспен, ерекше тебіреніспен айтқанына қарап, осы шараның оған да әсер еткенін аңғаруға болады.
«Биыл Алматы жазушылар резиденциясының қатысушысы болу бақыты бұйырды. Бір апта болған шараның жазушылық біліктілігімізді арттыруға үлкен септігі тиді деп ойлаймын. Бұл жер шығармашылық адамдары шоғырланған орынға айналды. Шығармашылықпен еркін айналысу мүмкіндігі пайда болды, дәріс-семинарларға қатысып, жазушылармен қазіргі балалар әдебиетінің қарқыны туралы, белең алған жанрлардың ерекшеліктері, түрлері жайлы пікір алмасып, мағыналы сұхбаттар құрдық. Тәжірибемізбен бөлісіп, бір-бірімізден ақыл-кеңесімізді де аямадық. Ол жерде барлық шаралардың жоспарлы түрде болуы ұйымдастырушылардың біліктілігін айқын көрсете алды. Шетелдік Келли Дуайер, Кристофер Мерилл сынды жазушылардың дәрістерін тыңдап, шетел әдебиетінің бет алысы мен бағыт-бағдарын түсініп, рухани байып қалдық деп ойлаймын. Шетел әдебиетіндегі Гарри Поттер, Келли Дуайердің өз шығармалары бар, басқа да көптеген балаларға арналған әдебиеттерге көз жүгіртіп қайттық. Балалар әдебиетінің бастауы болған мифология, аңыз-әфсана, ертегілерге де біраз көңіл аударып, мифологияның түрлі тетіктері, түп тамырларының балалар әдебиетіне әсері жайлы ой бөлістік. Соның барлығын тыңдап, алдағы уақытта не жазуымыз керек, қалай жазуымыз керек деген көкейдегі сұрақтарға жауап алғандай болдық. Сонымен қатар әрқайсымыз балалар әдебиетінің беталысы, мультимәдениеттілік, көп халықтар өмір сүріп жатқан елді-мекендегі балалар әдебиетінің дамуы туралы да біраз ой тарқаттық. Мысалы, Келли Дуайердің өзі Вашингтонда тұрады, ол жақта әлемнің түкпір-түкпірінен барған ұлттар бар, олардың бір-бірімен араласуы, шоғырлануы, мәдениеті, қарым-қатынасы, мінез-құлықтары, салт-дәстүрлері де әртүрлі. Солардың арасында да еркін түрде балалар әдебиетін талқылау, өздерін бір-бірінен кем сезінбеу сияқты дүниелер бар екен, солар туралы да әңгімелестік. Біздің Қазақстанда да 130-дан астам ұлт өкілдері бар. Бір-бірінен қуыстанбай, өздерін басқа жандардан кем санамауы үшін олардың да психологиясын зерттеп, шығармашылықпен ұйымдастыра отырып балалар әдебиетінде жазылып жатқан шығармалардың кейіпкері ету мәселелері де талқыланды. Сонымен қатар, әрқайсымызға берілген бірнеше сұрақтар болды, сол тақырыпта эссе жазып, балалар әдебиеті туралы көзқарасымызды, беталысымызды көрсетуге тырыстық. Ол эсселеріміз ағылшын, орыс тілдеріне аударылды. Алда біздің балаларға арнап жазған шығармаларымыз шет тілдеріне аударылып, көпшілікке таныстырылады деген жоспар да бар екен.
Мұндай әдеби орта жазушының ой қарқынын дамытып, өз-өзіне деген сенімділігін арттыратынына көзім жетті. Жазушы өзі жалғыз қалып, өз-өзін ынталандырса, тасада жүріп, шығармашылықпен айналысса дамиды деп ойлаймыз, ол да рас. Бірақ, арасында жазушылармен сұхбаттасып, бара жатқан бағытын бағдарлап отырған да пайдалы. Әдебиет деген, өнер деген мұхитта әрқайсымыз өз аралымызға бара жатқан капитандармыз, дегенмен де, анда-санда басымызды тоғыстырып, қай жаққа бет алып бара жатырмыз, қай жақта дауыл бар, қай жақта боран бар деп, әдебиет мұхитындағы қауіптердің алдын алып, өзара ақылдасу, сұхбаттасу деген дүниелер өте қажет деп ойлаймын. Әрқайсымыз көпшілік қоғамда жүрген кезде жазған дүниелерің оқылмай жатады, ол туралы резиденцияда да айттым. Таласбек Әсемқұлов атамыздың жазған «Оқығам жоқ» мақаласы жайында айтып өттім, яғни, кімнен сұрасаң да «оқығам жоқ» дейді. Ал, бұл жердің бір артықшылығы жазған эссең болсын, әңгімең болсын әрбір үтір, нүктесіне дейін талқылап, оны түрлі тармақтарына көңіл бөліп, грамматикасын да қарап, қайдан шыққанына да назар аударып, біздің рухани өсуімізге үлкен септігі тиді деп ойлаймын.
Алматы жазушылар резиденциясы бір апта ішінде, қас-қағым сәтте өтті де кетті. Қайтар кезде бәріміз бір-бірімізді қимай қоштастық. Резиденция үш тілде өтті, оның үш тілде өту себебі қазақ тілді, орыс тілді, ағылшын тілді әдебиет өкілдерінің арасында байланыс орнату. Бір-біріміздің бет алысымызды білу, бір-бірімізді алыстатпай, шеттетпей тоғысу. Бір елде, бір жерде өмір сүріп жатқандықтан, балалар әдебиетіне қалам тартып жүргендіктен, өзара байланыстың болуы да үлкен жетістік. Осы орайда ұйымдастырушыларға, аудармашыларға алғысымды білдіргім келеді.
Менің ойымша, резиденцияның негізгі мақсаты кішкентай оқырмандардың көңіліне ізгілік дәнін себу. Көңілдерде егілген ізгілік дәні болашақта жайқалған бәйтерек болып, саясында жабыққан, тарыққан адамдар саясында тынығып, жаңа әсер, жаңа күш алады деген сенімдемін. Сол себепті біз талмай, қайтпай жазуымыз керек деп есептеймін. Кішкентай оқырмандарымыз күннен-күнге өсе береді, сол үшін біз қазірден құнды дүниелер жазуымыз керек».
«Өміріміз жазуға емес, жазуымыз өмірге айналсын!», - деп сөз соңында тілек білдірген Нұрбектің сөзіне біз де қосыламыз. Жазушы үшін шығармаларының оқырман қолынан түспей, кішкентай оқырмандардың жылы тілегін естуден, кейіпкерге деген махаббатын сезінуден артық қандай бақыт бар. Барлық жазушы осындай бақытқа кенелсін!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.