Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

05.04.2024 1994

Қош бол, газет дәуірі 12+

Қош бол, газет дәуірі - adebiportal.kz

Ғаламторға телмірген бүгінгі буын баспахана бояуының иісі аңқыған жаңа газетті айқара ашып, тұщына оқудың рақатын біле ме екен осы? Мақала газет-журналдар тарихы, кешегісі мен бүгіні туралы ой қозғайды. 

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі», - деген сөзді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы сонау ХХ ғасырдың басында айтқан екен. Мерзімді, уақытша немесе бір рет қана шығатын басылым болушы газеттер мен журналдар ғасырлар бойы адамзат баласының ақпараттық, руханияттық қажеттілігін лайықты өтеп келді.

Газетім, ой жарығын

Зердеме жұлдыздай жаққан,

Бip сенің аналығың – 

Өзіме өлгенше мақтан, - 

деп қазақтың көрнекті ақыны Хамит Ерғалиев жырлағанындай, тұрақты, мерзімдік басылымдардың қоғамның ой-санасын өсіріп, ілгері бастырудағы рөлі кітаптан бір де кем болмағаны анық. Бұл үрдістің беріктігіне кейінгі ширек ғасыр жүзінде ғана сызат түсті деуге болады. Қоғам тынысынан тыс қалмауға тырысатын әрбір адам үшін кейінгі екі ғасыр бойы баспахана майы аңқыған газеттің жаңа нөмірін иіскей отырып оқу мен  наубайханадан жаңа ғана шыққан жас нанды дастарқанға турау – қалыптасқан дәстүр болатын.

Жігерін дала ұштаған, тау ұштаған,

Арман жоқ бір өзіңде қауышпаған.

Күн сайын сені көрем таңмен бірге,

Дәуірдің биігінен дауыстаған. 

Кеңес Одағының бас газеті «Правда» туралы кезінде қазақ ақыны Рафаэль Ниязбектің «таңмен бірге көрем» деуі – осы дәстүрді меңзегені еді.

Дәуірлер көшіп, заман озғанда, үлгі мен дәстүр де тозады, қазіргі күні басқа елдерді қайдам, таңмен таласа газет алдырып оқитындар саны Қазақстанда тым азайып кеткені анық. Бұл – адамдардың ақпаратқа немқұрайлылығы емес, ақпарат тарату, қабылдау тәсілінің ғаламат өзгеріп, жетілуінің, ғаламтордың нәтижесі. Баспа станогінен шығатын мерзімді басылым бола ма, әлде мүлде тоқтай ма? Бұл сұрақтың жауабы да жақын кезеңде шығары анық. Біз осы ретте әлемде, өз елімізде газет-журналдың туып қалыптасу, өркендеу тарихына шолу жасауды мақсат еттік.

Әлемдегі ең алғашқы газет Ежелгі Қытайда, нақтылай айтқанда Хань династиясы тұсында (б.з.д. 206-б.з. 220 ж.) пайда болыпты. Мемлекет қызметкерлеріне арналған «Дзибао» газеті хабарлама бюллетень түрінде шығып тұрған. Алғашқы тиражды баспа газеті де Қытайдан ҮІІІ ғасырда пайда болыпты. «Астана жаңалықтары» атты газетті басып шығару үшін арнайы тақтайшаларға иероглифтер мен суреттер ойылып таңбаланған.

Газет-журналдар шығару ісі Ежелгі Грекияда да кең өріс алған екен. Әйгілі Юлий Цезарь императордың тұсында «Сенат іс-әрекеттері», «Халықтың күнделікті қоғамдық әрекеттері» басылымдары таратылып тұрған. 

Ал газет деген атауы итальян тіліндегі «газзета» – ұсақ тиын деген сөзден шығыпты. Оның себебі: орта ғасырларда түрлі жаңалықтар жазылған ақпараттарды оқып беру қызметі бір тиынға немесе газеттаға тең болған. Осылайша біртіндеп ақпараттың құны ақпарат жазылған парақтың атауына айналып кеткен. 

Ұлы Дала төсінде Қазақ хандығы құрылды деп жүрген дәуірде неміс инженері Иоганн Гутенберг кітап пен газет-журналдарды тираждап шығару мүмкіндігіне ие баспа машинасын ойлап тауып жетілдіріп жатты. Гутенбергтің қозғалмалы баспа литері баспа өнімін қолжазба түрінде көшіру ісіне үлкен төңкеріс жасады. 1588 жылы Англияда «Инглиш меркьюри» атты алғашқы баспаханалық газет пайда болды. Міне осы жылдан бастап газеттің ақпарат саласындағы бірнеше ғасырға созылған жетекшілік, көшбасшылық дәуірі басталды. 

Журнал – француздың «күнделік жазба» деген мағынаны беретін сөзінен шыққандығына қарап, журналдардың әу бастағы қолданысын, міндетін аңғаруға болады. Ең алғашқы журнал Erbaculiche Monaths Unterredungen – 1663 жылдан шыға бастады. Неміс тіліндегі бұл журнал әдеби, философиялық бағытты ұстанған екен.

Еуропа мен Қытайдан өзге Жапонияда да баспасөз ісі ертерек жанданып дами бастады. Ресейде де бұл Қазақ баспасөзінің туып қалыптасуын біз ХІХ ғасырдан бастаймыз. 1703 жылы 13 қаңтарда Мәскеуде «Мәскеу мемлекеті мен өзге көршілес елдерде болған әскери және басқа да істер, лайықты мәліметтер мен естеліктер»  деген газет шыққан екен.

Қазақ тіліндегі газет ХІХ ғасырдың екінші жартысынан шыға бастаған. 1870-1882 жылдары Ташкентте «Түркістан уәлаятының газеті», 1888-1892 жылдары Омбыда «Дала уәлаятының газеті» сияқты алғашқы газеттер шығарылып, халыққа таратыла бастаған. Бұл газеттердің құрылтайшысы Патшалық Ресейдің жергілікті билігі болды. Бұл басылымдарда Ресейдің алыс түкпіріндегі отары болушы қазақ даласын басқару, салық жинау, сот жүйесіне байланысты істер т.б. қатысты заңдар мен қаулы-қарарлар, хабарламалар жарияланды. Дегенмен бұл газеттерде қазақ даласындағы әншілердің, ақындардың, би-шешендердің шығармашылығы туралы аз да болса мағлұматтар жарық көріп тұрған.

Бұдан кейінгі жарық көрген басылым – 1911-1913 жылдары Ордада және Оралда шығып тұрған «Қазақстан» газеті. Бұл газет – қазақ топырағындағы тұңғыш ағартушылық бағыттағы басылым болды. Осы тұста қырым татарынан шыққан әйгілі жаңашыл ғұлама Исмаил Гаспиринский (Ысмайыл Ғаспыралы) бастаған «түркілік жәдидизм» бағыты ресейлік түркі халықтары арасында кеңінен тарала бастаған еді. Жәдитшілер көнеден келе жатқан арабша қадімше жазу мен оқу жүйесіне қарағанда оңтайландырылған төте балама жазу т.б. ұсынды.

Жаңаша реформалардың көш басында тұрған А.Байтұрсынұлы төте жазуды түзіп шықты. Бұл – осы заманғы қазақ әдеби тілін қалыптастырудың негізі болды. Ұлтсүйер демеуші меценаттардың көмегімен А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов қатарлы зиялылар «Қазақ» газетін шығарды. Демократ ақын Мұхаметжан Сералин қазақ тіліндегі алғашқы журнал «Айқапты» 1911 жылы шығарды және бұл басылым 1915 жылға дейін жарық көрді.

Дегенмен бұл басылымдардан да бұрынырақ шыққан газет-журналдар бар болатын. 1907 жылы «Серке», Бұдан өзге ХХ ғасыр басында «Дала», 1913 жылы «Ешім даласы», 1916-1917 жылдары «Алаш», 1917 жылы «Сарыарқа» газеттері шықты. Бұл газет-журналдардың кейбірінің бірнеше, енді бірінің оншақты саны шыққан екен. Тіпті кейбірінің бір саны ғана шығып жабылып қалып отырған. Қалай дегенмен де бұл алғашқы басылымдар қараңғы қазақ даласының түнегіне жағылған шам іспетті болды. Газеттер мен журналдар халықтың саяси-рухани тұрғыда оянуына, ұлт-азаттық жолында үлкен серпіліс, сілкініс жасауына жетекші болды. 

Патшалық билікке елдің көзін ашатын ақпараттық құралдар мен оларды тапсырып алып оқитын көкірегі саналы, көзі ашық қауым мүлде қажет емес еді. Патша билігі бұратана халық қазақтар арасынан заманауи техника мен қару-жарақтардың тілін білетін азаматтардың көптеп туып шығуына мүдделі болмаған деп сеніммен айта аламыз. Оған мысал ретінде тұңғыш ғалым Шоқан Уәлихановтың Омбы Кадет корпусындағы оқуын бір жыл ерте бітіртіп жіберуі болады. Себебі, кадеттің соңғы курсында заманауи қару-жарақты қолдану тәсілдері сияқты теориялық-тактикалық жұмыстар оқытылатын еді.

Дегенмен ХХ ғасыр басындағы қазақтың оқыған, білімді азаматтары патша үкіметінің жүйелі қарсылығына қарамастан, қазақ халқының санасын оятып, алға қарай жетелеу жолында еш кедергілерден тайсалып, кері шегінген жоқ. 

Газет-журналдар шығару ісі Ресейде жүрілген Қазан төңкерісінен кейін біршама қарқын алғаны белгілі. 

Қазақстанның бас газеті «Егемен Қазақстанның» тарихы да терең. Газет өз бастауын Орынбор қаласында 1919 жылы 17 желтоқсанда жарық көрген «Ұшқын» газетінен алады. 1920 жылы «Еңбек туы», 1921 жылы «Еңбекші қазақ», 1922 жылы «Еңбекшіл қазақ», 1932 жылы «Социалды Қазақстан, 1991 жылы «Егеменді Қазақстан», 1993 жылдан «Егемен Қазақстан» аталған газет жүз бес жыл бойы үздіксіз жарық көріп келеді. 

Ақмола өңіріндегі ғана емес, жалпы қазақ топырағындағы алғашқы газеттің бірі – «Арқа ажары» болып саналады. Ақмола облысының байырғы газеті өз бастауын 1917 жылы шілдеде Ақмолада Сәкен Сейфуллиннің ұйымдастыруымен шыққан «Тіршілік» газетінен алады. Демек, қазіргі күні Ақмола облысының бас газеті атанып, мыңдаған тиражбен таралып, ғасырдан астам межені бағындырып отырған «Арқа ажары» – қазақ тілді басылымдар арасындағы ең «жасы үлкені» саналуы әбден заңдылық.

Күллі әлемнің басты ақпарат көзі болған баспахана өнімі газет-журналдар ХХІ  ғасырда «бұрын шыққан құлақтан, кейінгі шыққан мүйіз озады» дегендей, заманауи ғаламторлық ақпарат құралдарына біртіндеп орын беріп, ығысып шығып бара жатыр. Бұл үрдістің ықпал-әсері әсіресе, кейінгі оншақты жылдың көлемінде анық біліне бастады.

Германияның тарихы бай, экономикалық бағыттағы «Financial Times Deutschland (FTD)» газеті де қағаз түріндегі нұсқасын шығаруды тоқтатса, осы мемлекеттің өңіраралық тағы бір байырғы басылымы «Frankfurter Rundschau» банкрот деп танылған. 

Сонымен ХХІ ғасырда лентадан бума-бумасымен шығып, көшелерде сатылып, тұтынушыларымен табысатын газеттер мен журналдар дәуірі аяқталып қалуы да ғажап емес. Сөйтіп мұндай басылымдарды келер ұрпақ тек біздің дәуіріміз туралы кинодан ғана көруі мүмкін.

Білесіз дүние жүзі толған халық,

Олардың арасында бар көп парық.

Алты айлық алыс сапар аралары,

Тұрады бір-бірінен хабар алып.

Шашатын сол хабарды газет-журнал – 

Хал-жайын, шаруаларын түгел жазып.

Кезінде Міржақып Дулатов осылай жырлаған газет-журналдар алдағы кезеңде адамзат баласына хабар шашатын ақпарат көзі болып қала бере ме, жоқ па дегенге жақын арада жауап табылып қалары анық. Сақтау тұрғысында қағазға басылған ақпараттың анағұрлым қолайлылығы бар десек, бүгін мен болашақта газет-журналдардың кітапханалар мен мұрағат сөрелері үшін ғана шығарылатын болар, мүмкін. Газет-журналдар түгілі оларды әзірлеуші журналист мамандығының өзі болашақта өз мәнін жояды деп жатыр алдағы күннің дамуын болжаушылар. Бұл – құр қиял емес, алдағы күнде жүзеге асатын үрдіс. Болашақ – бүгіннен жарқын. Қоғамның, техника мен технологияның алға дамуы талай көзқарастар мен құндылықтарды өзгертері сөзсіз. Қош бол, газет дәуірі...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар