Мұхтар Мағауин туралы толғаныс
Күміс қоңырау үні сыңғыр қақты. Студент қауымы аудиторияны тастап, сапырылысып сыртқа шыққан. Кезекті дәрісін тәмамдап, шашын «кірпі» етіп келте қырықтырған, орта бойлы ақсары ғұлама да кафедрасына қарай аяңдап келеді. Талдырмаш баланың қасқа бас ұстазға әлдеқандай қолжазба ұсынып, ұстаз әлдене себеп айтып тұрғанын да профессордың қырағы көзі алыстан байқап келеді. «Қап, баланың меселі қайтты-ау» деп ойлады ғұлама іштей шәкірт алдында өзін кінәлі сезінгендей. Жақындай келе білді, жаңылмапты. Шәкірт бала өзінің қазақ эпосынан жазған мақаласын оқып, пікір айтуын өтінеді. Жұмысбасты профессор уақытының жоқтығын уәж етеді.
– Қарағым, бері жүр, – деді профессор жай ғана.
Кафедраға еніп, төрдегі орнына отыра беріп, «кәне әкел» деп қолын созды. Шәкірт бала жалма-жан қолжазбасын ұсынды.
Әлден уақытта профессор қолжазбаның соңғы бетін аударып тастап басын көтерді.
– Қарағым, мақалаң жақсы. Өте жақсы. Ғылыми мәнді мақала.
– Рахмет, рахмет, ағай.
– Атың кім, қалқам?
– Мұхтар.
– Қай курста оқисың?
– Екінші курста.
– Мұхтаржан, дандайсып кетпе, дайын ғалымсың. Менімен хабарласып жүр. Мына мақалаңды кәзит-журналдың біріне орналастырамыз. Әзірше сабағыңа бара бер.
Шәкірт бала – Мұхтар Мағауин да, бала бойындағы дарын-қабілетті ақық танып, ақ бағалаған ұстаз профессор Бейсенбай Кенжебаев болатын.
Бүгін көп жамағат жете таныған аса талантты жазушы, үлкен ғалым Мұхтар Мағауиннің әдеби жолы студент партасынан тап осылай басталған.
Арада отыз жыл жатыр жосылып.
Отыз жылдың есесі – тындырымды бірсыпыра ғылыми еңбек. Отыз жылдың есесі – ел сүйіп оқыған бірсыпыра көркем шығармалар.
М.Мағауин – білімдар әдебиетші, тегеурінді ғалым. Жап-жас ғылымның «Қобыз сарыны» монографиясы қазақ әдебиеті тарихында үркек замана ағымынан аса алмаған, шәркез психология салдарынан ақтаңдақтай ағараңдап жатқан ХҮ-ХVІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар шығармашылығын терең зерттеуімен әдебиеттану ғылымына құбылыс болып келді. Зерттей жүріп жинақтаған, қалауын тауып әдебиет тарихының кетігіне қалаған «Алдаспан» – өз алдына бір төбе. Құрастырушылық еңбекті «бір төбе» деуіміз астамшылық емес пе? Жоқ! Бұл – жәй құрастырушылық емес. Халықтың азаматтық тарихы мен әдебиет тарихын астастыра отырып жанды байланыста зерттеудің жақсы үлгісі – «Алдаспан». «Алдаспанмен» бірге атаусыз қалған ақын, жыраулар қайта тіріліп әдебиет тарихына енді. Ол ақын-жыраулармен бірге көне дәстүр қайта жанданып, қазақ поэтикалық өнеріне жаңа әуен, соны саз келді. Т.Айбергенов, М.Сатыбалдиев, Ф.Оңғарсынова секілді ақындарымыз бабалар рухын көтеріп, жыраулар дәстүрін жаңартып алып шықты әдебиет сахнасына. Ол поэзияға жаңа әуен, тың ырғақ, соны бояу болып қосылды. Қазақтың «өлген тірілді, өшкен жанды» дейтіні сондай-ақ болар. Ол аз десеңіз, қазақ әдебиеті тарихының кем-кетігін түгендей білген Мұхтар Мағауин ұлттық мерейімізді көтеріп, бар жиған-тергенін ұқыптап аудартып Санкт-Петербургтен «Қазақстан ақындары» аталатын әдемі антология шығарып берді. «Ақындар кітапханасы» сериясынан жарық көрген ол еңбек, біздіңше, екі олқылықтың орнын толтырды. Отызыншы жылдары М.Әуезов пен С.Мұқанов Л.Соболевпен тізе қоса отырып орыс тілінде қазақ поэзиясын Санкт-Петербургте шығармақ болған. Түрлі себеппен аяқсыз қалған осы тәтті арман, игі бастаманың өтеуіне «Қазақстан ақындары» жүре алады. Бұл бір. Екіншіден, 200 томдық «Әлем әдебиеті» қорының «КСРО халықтары поэзиясы» аталатын томдығында қазақ поэзиясы Бұқар жырау Қалқаманұлы жырларынан бастап берілген еді. Одақ жұрты соған тоқтаған сәтте Мағауин құрастырып шығарған әлгі антология оларды басқаша ұйытты. Өз қателігімізді Одақ жұрты алдында осылай өзіміз жөндедік. Сонымен қатар аталмыш антологияға Шәкәрім ақынның мұралары ақын ақталмай тұрып-ақ там-тұмдап сол кездің өзінде-ақ кіріп кетті. Ақын, жыраулар шығармаларын орыс тіліне аударуда В.Цыбин секілді талантты орыс ақындарының тартылуы жауапкершіліктің тағы бір қыры.
Аталмыш жайлар ғылыми еңбек ретінде бір азамат басына аз жүк болмасқа керек. Алайда, бұлармен шектеліп жатқан ғалым жоқ. Ол күні бүгін Абай дәстүрі, Шәкәрім мұрасы хақында толымды ойлар айтып, маңызды мақалалар жазып келеді.
Мұхтар Мағауин көптеген кемел прозалық шығармалардың авторы. Көркем прозадағы алғашқы туындысы – «Тазының өлімі» – дүниедегі сенім, ынтымақ, бірлік хақында еді. Хаюанның иесіне адалдығы. Әлем әдебиетінде Сетон Томсеннен тартып, Соколов-Микитов, М.Пришвин, М.Зверев, Қ.Тәукенов сынды қаншама «натуралист» жазушылар бар. Ал Мұхтар Мағауин «Тазысының» жағдайы мүлде бөлек. Шығарма табиғат құбылыстарын мейлінше дәл білуімен, жинақтап беруімен де ерекшеленеді. Сонымен қатар табиғаттағы тепе-теңдік, мейір-шапағат, адамдар бір-біріне адал бола алмай, хаюаннан ары қаскөйлік жасайтын жағдайда, тазының иесіне адалдығы үлкен философиялық ой арқалап тұрады. «Көксерек» ұлы М.Әуезов шығармашылығы бастау көздерінің бірі. «Тазының өлімі» – ұлы М.Мағауиннің шығармашылығы бастау көздерінің бірі. «Көксерекке» еліктей тартылған қалам («Ақан сері» бірінші кітап) қаншама?! «Тазының өліміне» еліктей тартылған қадам қаншама?! Демек, Мұхтар көркем прозаға алғашқы қадамының өзінде ірі келген қаламгер. «Жалынның» жабық бәйгесінде жамбы түсірген (бірінші сыйлық алған) «Бір атаның балалары» – зұлымдық, қасіреттің кісі таңдамайтыны жөнінде, қазақ қартының кеңпейіл аталық жүрегі хақында көшелі ой айтқан туынды. Бір-біріне барынша бауырмал тартқан балалардың жүрек дүрсілі, жан күйзелісі қандай иланымды осы шығармада. «Жұлдызда» жарияланған «Шахан шері» – экологиялық тақырыптағы этнографиялық бояуы қалың шығарма. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болған «Аласапыран» тарихи дилогиясының бітім-болмысы тіпті бөлек. Тұлға талдауға құрылған мемуарлық – «МЕН». Бір тұлғаны екі жарып көрсететін «Жармақ». Енді міне «Шыңғыс хан». Қазақы материалмен халқымыздың тарихына үңілу әдебиетте бар жәйт. Ал, М.Мағауин «Аласапыранда» – орыс қолды материалды сөйлетіп, азаматтық тарихымызға басқа бір қырынан келді. Қазақ-орыс халқының ХҮІ ғасырдағы ресми қарым-қатынасынан халқымыздың алғы күніне сабақ боларлық философиялық ой түйді.
Иә, біз біраз жыл бедерінде туған көп шығарманың төрт-бесеуін ғана атадық. Әрқайсысы басқа-басқа тақырыпта туған, әр планды туындылар. Бұл – М.Мағауиннің қаламгерлік қарымының молдығына кепіл. «Шығарма қожасы – дүниетаным» деген Н.Тихонов. Тақырып төрт түрлі болмақ түгілі тоқсан түрлі болса да оның өлшемі – көркемдік пен тереңдік. Шығармаға ой – қазық. Алуан тақырыптағы туындылардың ортақ қазығы – қазақ халқының ынтымақ-бірлігі, берекелі тірлігі. Қазақ халқының өткеніне өкінішпен қарай білген қаламгер келешегі кеніш болса екен деп армандайды. Өкінішті өткенін бейнелей отырып, тарихи дилогияны «Жер мәңгі, ел мәңгі» деп тәмамдайтыны сондықтан. Халқым мәңгі жасаса деген жазушы арманы бұл. Көркемдік кілтінің бірі – характер. М.Мағауин жасаған характерлердің дені – ұлттық болмыс-бітімді болып келеді. Жазушы кейіпкерлерінің табиғаты оқушысына тарихи мол білім береді, танымына тарихи сапа бітіреді. Оның Едіге («Көк мұнар») сынды кейіпкері халқының түркілік кезеңіне үңіліп, тұтас тарихтың үзік-үзігін қолына ұстап отырып, мұңға мелдектеп, өкінішке жол беретін еді. Өзінің көркем шығармаларында көне түріктік алтын қайнардан тартып қазақтың азаматтық тарихын ғылымда ғана емес, көркем шығармада да қайталанбастай бедерлі бейнелеп келеді екен Мұхтар Мағауин. Біздің сөзіміз жазушы шығармашылығын тақырыптық ауқымда алып айтқанда. Жасырар не бар, Мұхтар Мағауин қандай тақырыпты назарға алса да ой-көзімен қорытып, өзіндік, тек қана өзіндік мәнермен жазып шығатыны және белгілі. Оның шығармалары қарапайым очерктік баяндаудан суреткерлік тамылжыған көркемдікке дейін, суреткерліктен ұлт, халық тағдырымен қабыстыра айтылатын ірі философиялық жинақтауға дейін алуан-алуан қаламгерлік мәнерде жазылады. Өзін-өзі қайталамау амалы!
Көркемдік кілтінің бірі – тіл құнары. М.Мағауиннің жазушылығын ғалымдығы ұдайы жемдеп, демдеп отырады. Тақырыбына орай тіл құнарын іздеп, сөзді қонымды қолдану – оның ұдайғы әдеті. «Аласапыранда» архаизмге айналған талай сөз қайта тіріліп тарихи шығармаға шырай бітірген жоқ па? Көне сөздер көркем шығарманың өрнегіне айналады емес пе?! «Шахан шеріде» табиғат қалай күрсініп қалып, қалай тіріліп сөйлейді десеңізші. Бұл шығармада этнографиялық детальдар әдемі көрінеді. «Шыңғыс хан» романында шежіре мен талдама мәнердің телқабысы бар. «Қобыз сарыны» көркем прозаның тілі аралас орындалар еді, көркем прозасы ғылыми талдау дәрежесіне дейін жетіп жатады. Суреткерлік мұрат ірі тартылып, қаламгерлік қуат құдіреті жетіп жатқан жерде осы мидай араласқан сипаттың ешқайсысы да ерсі көрінбейді. Қайта шығарма табиғатына суреткерлі мәнер болып құнар дарытады.
Әдебиет – күрделі құбылыс. Тарих – көш-керуен. Кешегі табы-сымызға бүгін жаңаша қарап, басқаша безбендеп, қатал елеп-екшер жайымыз бар. Қазір бірқыдыру болып қалған тарихи туындыларды көпсіну қате. Бізде тарихи туындылар енді-енді дендеп туа бастады. Алғы күн, келер ұрпаққа оның қаншасы бара алады? Ол өз алдына басқа мәселе. Жазыла бастап «өліп» қалатыны, кітап болып шыға қалғанда автор мен редактор – екеуі ғана оқитын (туған баласы да оқымайтын) талайсыз тарихи шығармалар қаншама?! Тарих елеп-екшеуінен өтіп, келешек ұрпақпен жүздесетін шығарманың бірі, орыс князьдерінің сандығынан алынған материалдан тігілген – «Аласапыран» болар деп шамалаймыз. Кейбір азаматтар «Аласапыран» дилогиясының материалы табиғатына қарап «қазаққа қатыстылығына» шүбә келтіреді. Ау, шығарманың ұлттық рухы, ұлт тағдыры жайлы кемел ойларын қайда қоясыз? – дейміз біз ондай жандарға!
М.Мағауин жазушы ретінде де, ғалым ретінде де тарихтан көзін тауып тағылым ала білген, алған тарихи білімін оқушыға оңтайын тауып бере білген – тарихтан тағылым тартқан – алымды, шалымды қаламгер.
Бүгінде ол өз шығармашылығына ғана емес, қазақ әдебиетінің тұтас тағдырына жауапты адамның бірі.
«Қорғалап батқан күн қызара төңкеріліп қайта шықты. Шаңқай түс – алда». Бұл оқушысына М.Мағауинді ерекше сүйкімді көрсеткен «Аласапыран» тарихи романының соңғы сөйлемі. Тығырықтан шыққан халық тағдырының жарқын болашағын тұспалдаған ишара ойды біз жазушының өзіне де қолданғымыз келеді. Жазушылық пен ғалымдықты егізқатар жарасымды ұштастырып, сәтті сабақтастырып келе жатқан Мұхтар Мағауин талантының толысып піскен шаңқай түсінде тұр. Соңында жемісті сорап, алдында күнеске тартқан өрісті жол жатыр.
Біз де заманымыздың аса үздік жазушысы, табанды ғалымы жайында алда әлі талай сөйлерміз деген ойдамыз.
1990-2013 ж.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.