Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Құлтөлеу Мұқаш. Қарағанды күліп тұр...

28.11.2019 11612

Құлтөлеу Мұқаш. Қарағанды күліп тұр

Құлтөлеу Мұқаш. Қарағанды күліп тұр - adebiportal.kz

Қазақстан Жазушылар одағы биыл «Әдеби өлкетану» жобасын ұйымдастырған еді. Сол шаруаның орайымен ақын-жазушылар жер-жерге рухани-саяхатқа шығып жатты. Барған жерінен қаламына жүк боларлық «азық» арқалап қайтып жатты. Сондай бір сапардан қоржыны тоқ келген қаламгердің бірі – Құлтөлеу аға Мұқаш... Енді міне, өздеріңізге о кісінің «Қарағанды күліп тұр» хикаят-эссесін ұсынып отырмыз. Қарағанды - қазақ әдебиетіндегі қалқайып жаңа шыққан тақырып емес. Көмірлі өлкенің көзкөрім өмірі заманында Ғабиден Мұстафинның «Қарағанды», Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке», «Жат қолында», Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романдарына жүк болған-ды. Құлтөлеу ағамыздың мына – «Қарағанды күліп тұры» да сол тақырыпқа жаңаша бағытта қосылған тың туынды. Құлтөлеу қаламына тән бір қасиет – сізді сүріндірмей, жалықтырмай жетелеп отырады. Өйткені өмір-өнер сорабындағы шын болған, сөйте тұра білген, естіген жан осы күнде есінеп отырып еске түсірердей күнгейлі-көлеңкелі оқиғалар мұнда кейіпкер биографиясымен жымдасып, сіңімді қалып тапқан. Хикаят-эссе сонысымен де андағайлап тұр. Ендеше, мархабат.

Adebiportal.kz

(Хикаят-эссе)

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі,

мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Кеңес Жұмабековке арнаймын.

Автор.

Сортаңдағы із

1.

Бұнда келе салып бақытқа күмп ете түспепті.

Күмп ету қайда, алып-ұшып жеткен Қарағандысы қатты қоңылтақсытқан. Арада екі-үш ай өткенде, тіпті, жаны сыздап, үнсіз қыстығып жылағаны естен кетер ме. Терезе жақтауынан қос қолдай сығымдай ұстап, жақ сүйегі бұлтылдап, тысқа қарап тұрды. Күйінгені сонша, тісінің күтірлеп кеткенін де сезбегендей.

Түн еді. Сыртта Арқаның ақтүтек бораны тыныс аштырмай, ысқырынып, төңіректі алай-дүлей қылып тұр.

Ол енді, расында, өзге әңгіме. Осы күнге дейін, еске түссе, кеудесі құлазып, еріксіз күрсінеді. Мөлдіреген, арманшыл жас кез ғой. Жиырмаға енді толған. 1968 жыл.

Алайда, қалай екенін, бұлардың әулетінің арасында қазақ елінің кіндігі саналатын осы қаламен арада бір тылсым байланыс бар сияқты...

Самолетте отырып осыны ойлады. Соғыс аяқталар жылы Қарағандыға нағашысы Әділгерей келіпті. Иә, сонау Батыс Қазақстан... Оралдан...

Анығырағы, ол – мұның әкесі Нарымбайдың нағашы інісі. Тіпті дәлірегі ­– оның шешесінің кенже бауыры.

1944-тің аяғы, не 1945-тің басы болса керек... Жергілікті өкімет он жеті жасқа енді толған Әділгерейді де бір топ жеткіншекпен қоса пойызға отырғызып, осындағы ФЗО мектебіне – фабрика-зауыт оқуына жөнелтеді. Сөйтсе, о байғұстың өзі дұрыстап хат та танымайды дейді. Жазу, сызудан мақұрым. Орысша, болса-болмаса, бір ауыз тіл білмейді. Денсаулығы да жетісіп тұрған жоқ, тірсегі-тірсегін соққан, тыриған арық. Әйтеуір, өте ақкөңіл, «бұқа бұзаулап жатыр» десе сенетін, сонша аңғырт, аңғал екен. Жан баласына титтей залалы жоқ, елпектеген елгезек. Сонысымен сүйкімді ме, мұны көрген ел көптен сағынған туысқаны кезіккендей ерекше мейірленіп, бауырына тартқысы келетін көрінеді.

Нағашы әжесі ентіге басып Нарымбайға жетеді:

– Әй, жүгірмек, мына жерде неғып отырсың?! Алып қалмайсың ба анау туысқаныңды? Қарағанды дегеннің төңірегі түгел түрме деп естиміз. Және жағалай шахта... Шыңырау құдық... Байқамай түсіп кетсе, арам өледі ғой. Кәне, алып қал! Сол тізімді жасағанның бірі сен емессің бе...

О кезде Нарымбай ­– ауылдық советтің секретары. Қипыжықтайды да қалады. Қайтсін. ФЗО-ға кісі жетпей жатыр. Ауданнан «не істесең де адам санын толтыр, тіпті, болмаса өзің кет» деп дігерлеп ол әкетіп барады. ­Заң қатал, қит етсең соттап жібереді.

– Тәте-ау, он күнге болсын барып келсінші. Адам есебін толтыру керек болып тұр! Одан соң ретін тауып шақыртып аламыз...

– Өй, бар болғыр! Саған сеніп жүрген менде де ес жоқ!..

Сөйтіп дәрменсіз апасы жылап-сықтап, баласын аттандырып салыпты.

Кейін... Арада бір жылдай өткенде белгілі болғанындай, нағашы ағасын ФЗО комиссиясы қабылдамаған екен. Жасөспірім жігіттің мән-жайына қаныққан директор:

– Сен шырағым, еліңе қайта ғой. Мұнда сенсіз де оқушылар қатары жеткілікті, – депті.

Бірақ бұл анау жер түбіне қалай қайтады, жолды біле ме, қалтасында ақшасы бар ма, жоқ па деп неге ескермегенін кім білсін, Әлімгерей далада қалғандай болады. Содан не істерін білмей, шахта түбінде дірдектеп тоңып, қамығып, жыламсырап отырғанын көрген бір егделеу кісі:

– Әй, жарқыным, мұнша жабырқағаның не? Қайдан келдің, қайда кетіп бара жатқан жансың? – деп жөн сұраған секілді.

– Аға, мен Оралдан келіп едім. Мұнда оқуға қабылдамай, қайтарып жіберді. Енді пойызға қай жерден отыруды да білмеймін...

– Алда, қарағым-ай!..

– Иә, ағатай, бұ жақта ешкімді танымаймын өзі.­

Бірталай аңтарылып, ойланып тұрған адам:

– Қой, жүр, айналайын. Кішкене есіңді жи. Біздікіне барайық. Сосын ақылдасып көре жатармыз, – деп үйіне ертіп кетеді.

Қала іргесіндегі Шахан поселкесінде шахта бухгалтері болып істейді екен. Ол әйелімен кеңесе келіп:

– Балам, сен келіссең, осында қала тұр. Күннің қақап тұрғаны мынау. Аздап күн жылысын. Біздің үйде азын-шоғын мал бар. Сол шаруаға қарайлас. Ал жер аяғы кеңіген мезгілде сұрастырып жүріп, сенің ауылың жағына баратын біреу-міреу кездессе ертіп жіберемін, – дейді.

Содан сегіз-тоғыз айдай әлгі үйде болады. Су тасиды, отын жарады, малға қарайды.

Өзі Оралдың да «Ащысай», «Ботақара» деген жерлерінің атын ғана біледі. О заманда қалалар арасында пойызбен саудагерлердің товарын жеткізіп беріп отыратын жалдамалы кірешілер жүретіні мәлім. Отағасы вокзалға барғыштап жүріп, сондайлардың ішінен Батыс Қазақстан өлкесіне баратын біреуді жолықтырған секілді. Жағдайға түсінген кіреші:

– Е, білемін о жерді. Ботақара «Жас талап» деген колхозға қарайды. Ала кетейін. Пойыз сол тұстан аялдайды, – деп елп ете түсіпті.

Қожайын Әділгерейге әбден риза болған сияқты:

– Шырағым, мынау жолыңның қаражаты. Ал мынау – ақ-адал еңбегіңнің ақысы. Бұған бір ірі қара немесе бес-алты ұсақ мал алуға болады, түсіріп алмассың, – деп беліне жақсылап байлап береді.

Әділгерей сөйтіп елге жетіпті. Түсе сала «Жас талаптың» мал базарына соғып, бес ешкі сатып алады. (Ақылдысын қарамаймысың!) Әлгі жерде жаяулатып Ботақара жаққа бірге баратын әлдебір серіктер табады. Содан айдауға жеңіл болу үшін ешкілерін мойындарынан бір-біріне жалғастырып байлап, ауылына қарай жөнейді. Бір күн жолда түнеп, ертесіне таң бозынан тұрып алып, үйіне тақалғанын сезген соң қасындағы жолдастарына рахмет те айтпастан, малын алдына салып, Жайықты жағалап тартып отырады. Ауылға дейін он-он бес шақырымдай жер...

Шешесі сиыр сауып отырса, алыстан біреу:

– Ма-м-а, ма-м-а-а! – деп айқайлайтын секілді.

– Әй, өзен жақтан бір дауыс естіледі! Менің балам емес пе?! ­– деп анасы байғұс елеңдеп, аңырып тұрғанда әкесі де үйден атып шығып:

– Ойбай-ау-у, Әділгерей ғой анау-у! Иә, соның өзі! Әділ-герей-и! – депті кемсеңдеп...

Қараса: расында да, балалары! Бұрынғыдай емес, бірталай ширағандай. Едәуір қоңданып, толған. Қайран әке-шеше біріне-бірі соғылып, жоғалып-табылған ұлдарына қарай тұра ұмтылады.

Енді қайтсін, бір жыл бұрын кеткен баланың өлі-тірісін білмей, діңкелері құрып, әбден азып-тозып бітсе керек. Әсіресе, осы жағдайға өзін кінәлі санаған Нарымбай күйзеліп ол жүр. Нағашы інісі үйден шыққаннан кейін ай шамасында Қарағанды ФЗО-сына хат жазады, аудан орталығы арқылы телефон соғады. Ондағылар келді-кетті деген дерек айта алмай, не істерін білмеген бұл – бала келерден бір күн бұрын ғана білекті сыбанып, енді соңынан өзім барып іздеп табайын деп бекініп отырған беті екен.

Кешкісін туған-туыс түгел жиналып, мән-жайға қанығып, естері шыға қуанып, арқа-жарқа болғанда ағайындарын:

– Қарағандының өзі жаман болғанымен, адамдары жақсы! – деп жұбатқан көрінеді.

Аузына түскен сөз сол болды ма, әлде туыстарының алдында қалай ақталарын білмеген адамның шын пейілден айтқаны ма – бір Аллаға мәлім.

Міне, сол атақты қалаға енді мұның да алғаш келе жатқан беті еді...

Алматыдан шыққан «ИЛ-18» Балқашқа соғып өтетінін білмепті. Стюардесса қыз ұшақтың он минут осы жерге аялдайтынын хабарлаған сәтте, иллюминатордан сыртқа қарап, ойға батқан жас жігітті қатар отырған ақсақал санынан түртті. Жетпісті алқымдаған жұдырықтай қара шал:

– Балам, студентпісің, әлде жұмыс істейсің бе?­­­ – дейді.

Алатау бөктерінен әуеге көтерілгелі ешкіммен тіл қатыспай, тыныштықтан зеріге бастаған кісі уақыт қысқартқысы келген болар.

– Жұмысқа енді орналаспақшымын, аға. Мәдениет министірлігінің жолдамасы арқылы Қарағандыға кетіп барамын. Сондағы театрға... Актермін...

– Е-е, айналайын, жас маман екенсің ғой. Жолың болсын, шырағым. Мен сол қаланың байырғы тұрғынымын. Айтпақшы, атың кім?

– Кеңес, – деді бұл жымиып.

– Фамилияң ше?

– Жұмабеков...

Тақау отырған жастар елеңдесіп қалды. Әсіресе, бір-екі қыз естері шыға, таңдана қарайды, «актермін» деген сөз қатты әсер еткендей.

Ұшақ қайта көтерілгенде тағы да түйдек-түйдек ақ ұлпа бұлттарға қарап, ойға шомды. Есіне атақты жазушы Бердібек Соқпақбаевтың сол Қарағанды ФЗО-сынан қашқаны туралы әңгімесі есіне түскен. Өзі, байқап отырса, талай қазақ Қарағандыға бір соқпай өтпеген секілді. Әлгі «Әлімгерей оқиғасынан» кейін араға он жыл салып әкесі Нарымбай да сонда алты ай оқып қайтыпты.

Соғыстан жараланып қайтқан соң бірталай уақыт ауылдық атқару комитетінде жұмыс істеген оны аудан басшылығы радио, телефон жүйесінің дамуына орай Байланыс бөлімінің жетекшілерін дайындайтын курсқа жіберуді ұйғарады. Сөйтіп аттаныпты. Әкесі сол кезде Қарағандының «Копайгород» деген жерінде ұзын барақ үйде тұрғандарын әңгімелейтін. Қазақ елінің түкпір-түкпірінен жиналған жүздеген шәкірт бір бөлмеге он-оннан орналасыпты. Ол тұста түнге қарай көшеге шығу мүмкін емес еді, сабақтан кейін киноға, театрға бару ойға да келмейтін, бөлмеге кіріп алып тымпиып жатамыз дейтін-ді. Расында, түрмеден босаған жұрттың белгілі бөлігі сонда қалып қояды екен де, бүкіл Совет Одағының жан-жағынан келген нешеқилы адам топ-топ болып кісі тонайтын немесе бейсауат жүрген кісіні жазықсыздан-жазықсыз соққыға жығатын жағдайлар жиі ұшырасыпты. Жергілікті тұрғындардың өз бұзақылары да аз емес, көшеге жалғыз-жарым шығу өте қауіпті болған секілді. Сол жарты жылдың ішінде Нәкең ретін тауып бір мәрте ауылға келіп қайтқан екен, жол азабын да тартыпты. «О кезде тікелей пойыз деген жоқ; алдымен Ақмолаға барады. Одан пойыз күтіп, Қарталы – Новосібір облысындағы станцияға барамыз; сөйтіп Новосібірден Қырым, Сочиға баратын пойызға ауысып отырып, ақыры Оралдан түсеміз», - деуші еді. О кезде көлік бес-алты тәулік жүреді. Билет те табыла қоймайды... Өте қиын кезең...

Мұның оқу бітірген соң Қарағандыға жолдама алғанын алғаш естігенде сол әкенің еңсесі түсіп, кәдімгіше қабағы кіртиіп, мұңайып қалғанын ойлады. Нәкеңнің:

– Апырмай, балам, сен сонша нашар оқып па едің?! О жаққа көбінесе ауылда бос жүрген жастарды жіберіп, оқытып, қайта тәрбиелеп, шахта маңайына қала салу, кен қазып, фабрика, заводқа жұмысқа тұрғызу үшін еріксіз аттандырушы еді, бұл қалай болғаны?! Мен сені Алматыда әжептәуір ақыл толыстырды ма деп дәмеленіп жүрсем, – деді жәутеңдеп.

– Ой, папа, уайымдамай-ақ қой! Ол сен көрген баяғы Қарағанды емес, әбден көркейген, гүлденген қала! Сонша жүдегенің не?! Және менің мамандығым мүлде басқа ғой! – деп күліп, құшақтай алған.

Негізі, Кеңестің Қарағандыға келуіне тікелей ықпал еткен өзіне қымбат екі адам еді. Оның бірі – ұстазы, әйгілі актер Нұрмұхан Жантөрин. ­

– Бала, көп басыңды қатырмай-ақ Қарағандыға айда! – деді ол. – Оралыңда қазақ театры жоқ. Оған сен кінәлі емессің ғой! Гурьев театрына бар дер едім, қала өте шағын. Және о жаққа барсаң қайта шыға алмай қаласың. Сондықтан Қарағандыға жөнел. Бүгінгі облыстық театрлардың ішіндегі қай жағынан болсын, ең өркениеттісі, ең мәдениеттісі сол Қарағанды театры. Одан соң о қаланың Қазақ еліндегі Алматыдан кейінгі үлкен орда саналатынын өзің де білесің. Аттың басын солай бұр. Ойланба. Өкінбейсің. Өсуіңе де, өркендеуіңе одан артық орын таппайсың...

Туған ағасындай болып, етене араласқан Әнуар Молдабековтің де айтқаны ­– осы ақыл.

– Кеңес, жақсы актер боламын десең Қарағандыға бар. Ондағы актерлер мектебі ересен, – деп, сөзінің аяғын әзілге бұрған. – Екі жылдың ішінде-ақ ысылып, генийлер қатарына қосылып кететініңе мен ­– кепіл...

Әнуардың өзі Қарағанды театрында төрт жыл жұмыс істепті. Сонда жүргенінде Шәкен Айманов пен Әзірбайжан Мәмбетовтің назарына ілігіп, олар мұны «Ән қанатында» фильміне түсуге шақырып алады. Сонда Иса Байзақовтың прототипі бойынша басты рольде ойнап, 1966 жылы осы еңбегі үшін мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған...

2.

Ұшақтан түскен бойда таксиге отырып, Қазақ драма театрына тартты.

Әйтеуір, көлік жүргізушісіне айтқаны – осы мекенжай. Обалы кәне, таксист құстай ұшырып, жедел-ақ жеткізген. Салып ұрып келсе ­– мұнысы мәдениет саласына қарайтын басқа бір ғимарат болып шыққаны.

– Жоқ, бұл драма театры емес, «Шахтер» кинотеатры! ­– дейді ондағылар. – Өзі, сіз қайдан келіп едіңіз? Іздеген мекемеңіз бұрын осы үйде орналасқаны рас. Бірақ жаңа қалаға ауысып кеткелі қаш-шан!

– Сонда қалай? Мынау ескі қала ма?!.

– Иә, әрине. Ескі қала.

– Онда, ренжімесеңіз, Қазақ драма театрының қазіргі адресін айтып жіберсеңіз...

Шатастырған жүргізуші екен. Онымен сөз таластырып жатуды артық санады. Тек оған қажетті мекен-жайды қайта айтқан. «Ескі қала, жаңа қала» дегенді онша біліңкіремеуші еді, жолда серігінен осының мәнісін ақырындап сұрады. Сөйтсе, Нәкең жиі айтатын «Копайгороды» – осы!

Ай, айналайын, Копайгород! Әкесі бұл жерді ғұмыр бойы ұмыта алмап еді. Кемінде, жылына бір еске алып отырмаса, көңілі көншімейтін. Бүгінде оны «ескі қала» дейтін көрінеді. «Е-е-е! – деді ішінен. – «Ат баспаймын деген жерін үш басады» деген осы ма сонда? Әкесінің бірталай сәттері өткен қонысқа дәмнің тартуын көрдіңіз бе...

Жаңа театрға жетіп келсе, мұнда есік аузындағы кезекші қызметкерден өзге жан баласы жоқ. Көзі адырайған төртпақ денелі қазақ амандасқан бетте:

– Кімді іздедің, бауырым? Театр қазір гастрольде, – деді.

– Апырай, ә... Ал директорларыңыз өзінде ме?

– О кісі үйінде шығар. Бұ күндері айтпайды бізге қайда жүргенін...

– Қалайша?

Сөйтсе, бұл Қарағандыға жексенбіде келіпті ғой. Жүрегі өрекпіп, діттеген жерге қалайда тезірек орналасып, ертерек іске кірісуге асығып жүріп күнге де қарамапты. Әйтеуір, түс кезі еді. Содан вахтерге жағдайын айтып, телефон арқылы директорды шақыртуына тура келген.

Бір жақсысы, бастық ренішін аса байқата қойған жоқ. Зейнолла Жақыпов деген кісі екен. Жас шамасы елу алты-елу жетілерде-ау. Аққұба келген, келбетті, сымбатты адам. Сонша жылы қабақ танытпағанмен, жас маманды есік аузынан қайтармады. Кабинетіне апарып, қағаздарын парақтап көріп, едәуір әңгімелесті. Қарағанды театрының өрісі әжептәуір кең екенін, жаз шыға төңіректегі «Севкрай» деп аталатын іргелес облыстарды – Целиноград, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар жерін аралап кететінін айтты. Үш ай жүретін көрінеді.

– Қысқасы, Жұмабеков жолдас, күзде бір-ақ келгеніңіз жөн. Оғанша жатақхана жайын да шешіп қоярмыз...

Жетекшімен қоштасып, сыртқа шыққан соң үрпиіңкіреп біраз ойланып тұрып, вокзалға тартты. Қайтадан Алматыға жөнеуі керек.

Билетті тез алған. Қалың нөпір кезектің жоқтығы қуантты.

Перронға шығып, жан-жағына барлай қараса, мұнда да жұрт қарасы сирек. Бір сәт серпіліп, өз-өзіне келіп, ес жинағандай, екі жұдырығын түйе, құшырлана керіліп, құрысқан арқасын жазды. Алматыдан шыққалы, жанығып жүргенде, жүйкені де бірталай ширықтырып жібергенін енді ғана аңдағандай еді.

Қарағанды кескінін бұрын мектеп оқулықтарындағы материалдардан, журналдардарға шыққан түрлі-түсті суреттерден, әртүрлі открыткалардан көретін. Зәулім ғимараттар, төбесі көк тіреген құрылыс крандары, заңғар шахта мұнаралары, іргедегі Қазақстан Магниткасының алып цехтары жарқырап, еңсесі биік қала көркін еселей түсетіндей-ді. Енді қараса, соның бәрі өзінің құстай ұшып жеткенде беті қайтып, көңілі ортайып қалған әсерінен бе, біртүрлі аласарып, сұрғылт тартты. Қаланың үздіксіз лекілдеген ескек желіне де қарамастан, ауа райы да сонша тымырсық секілденді.

Осылай тосырқап тұрған сәтте ойына Жұмекен Нәжімеденовтің:

­– Қарағанды бір қараған секілді,

Күйе басқан кірпіктерін сәл ашып.

Сонан кейін менің қоңыр бетімді,

Сүйді желі күн нұрымен таласып.

Әр тасынан бір-бір ұшқын жүр ыршып,

Қарашы анау породаға үйілген:

Қара таулар қайғыдан да тымырсық,

Әлсін-әлсін түтін құсап ыңырсып...

– деп келетін өлеңі оралды. Ақын қала көрінісін қалайша дәл кескіндеген деп таңданды.

Жағдайды білетін кейбір жерлестері арқылы ол шайырдың жастық шақта осы қалада бірталай жұмыс істеп кеткенін естіген-ді. Оның өзінде шахтада еңбек еткен... Жаңылмаса, Жұмекен де, сол кеншілік кезеңнен кейін өнер жолына ауысады. Консерваторияда оқыпты.

Одан соң өзінің ой безбендейтін әдетінше, Қарағандыны неге қоңылтақсыдым, бұл әсері шаһарды бір сәт әсем Алматымен салыстырудан соң туындап жатқан жоқ па деп күдіктенді; әлде мұны туып-өскен жасыл желекті Оралымен сәйкестіргісі келді ме екен...

Осыны ойлағанынша, айналасында жүргіншілер қаптап кеткенін байқайды. Лездің арасында кең перрон қайысқан халыққа лық толыпты. Иә, гудогін аңыратып, бағыттағы состав та тақалған сияқты...

Сөйткенінше, кезекші диспетчер де репредукторден саңқылдап: ­

– Сақ болыңыздар, нөмірі 107-ші «Петропавл – Алматы» жүрдек пойызы бірінші жолға келіп тоқтайды! – деп бұлар мінетін пойыздың жөнін хабарлап жатты.

Иыққа асатын қызыл кенеп сөмкесі мен білегіне ілген көк пиджагынан өзге жүгі де жоқ еді, вагонға ырғып мініп, билетте көрсетілген купесіне қарай аяңдаған.

Жатар орынды реттеген соң көп бөгелмей вагон-ресторанға барып кішкене жүрек жалғап алуға ниеттенеді. Сағатына қараса, түскі үштен асыпты. Таң атқалы ұшақта ауыз тиген жарты бәліш пен бір стакан лимонадтан өзге нәр татпағаны еске түсті. Келсе, өзі қатарлы екі жігіт жайғасқан үстелдің бір шеті ғана бос екен, солардан отыруға рұқсат сұрап, даяшыға тапсырыс беруге кіріскен.

– Тәте, қандай тамақтарыңыз бар?..

Кекселеу қызметші жас жігітке қарай иіле түсіп, қолындағы ас тізімін ұсына берді:

– Міне, мына мәзірде бәрі жазылған!

Вагон іші де толы көрінді. Абыр-сабыр, ығы-жығы жұрт. Тіпті, түпкі жақта қызыңқырап үлгерген бір топ жас гитара үнін дүрс-дүрс, дүрс-дүрс етіп, екпінді күшейткен дөңгелектер ырғағына қосып, әнге басып келеді.

Алматыдан шыққалы бері ойды серік етіп алған бұл сол оңаша күйден ажырамай, өз-өзімен болуды қалап еді. Дәм үстінде, рахметін айтып, көршілері ұсынған жеңіл шараптан да бас тартты. Бір жақсысы, олар бұдан кейін мазалай қойған жоқ.

Тек жолдастарының Жарық, Ағадыр деген стансалардың тұсынан өткенде терезеге мойын соза қарап: ­

– Білесің бе, бұл дауылпаз Сәкен Сейфуллиннің елі ғой! Ол осы аймақта туған. Жаңағы өткен Нілдіде бастауыш мектепте оқыған, ­– дегенін естіп, қатты елегізіді.

Өзі жолдамамен келген Қарағанды драма театрының да осы адамның есімімен аталатынын ойлайды. Елеңдейтін тағы бір себебі ­– бұл жетінші кластан кейін төрт жыл оқыған Орал қаласындағы мектеп-интернат та Сәкен Сейфуллин атында еді. Ал, негізінен, жетім балалар мен көп балалы отбасылардан шыққан жеткіншектерге арналған бұл пансионды 1924 жылы сол кісінің өзі ашыпты. Анығырағы, содан бір жыл бұрын Совнарком председателі ретінде Орынбордан қызмет бабымен келген Сәкен Оралдың білім саласы мекемелерін аралап көрсе, мұнда бір де бір қазақ мектебі жоқ көрінеді. Осыған қатты аңтарылып, жауапты қызметкерлерден:

– Оу, бұларыңыз қалай, қазақ мектебі қайда?! Қазақтың үлкен бір облысында ұлттық мектептің болмауы сұмдық емес пе?! – деп сұраса, олар:

– Ойбай, Сәке, оған оқитын адамды қайдан табамыз? Қалада қазақтар саны өте аз ғой. Әрі кетсе, бес-алты бала ғана табылады. Олар үшін қыруар қаражат шығындап, әуреге түсу қаншалықты қисынды? – деп жауап беріпті.

– Ендеше оқушыны бүкіл облыстан, қала берді, Ресейдегі іргелес мекендерден жинаңыздар. Мен бұл іске қалайда қаржы бөлдіремін, – деп, сол кездегі Қазақ АССР Оқу-ағарту комитетінің төрағасы Сейітқали Меңдешевке тікелей барып, мәселені төтесінен қояды. Қарап отырса, ұлт тағдыры жолында осындай батыл істерге жанын сала кірісетін Сәкен сол кезде жиырма тоғыз жастағы жігіт екен...

Қысқасы, келесі жылы-ақ Орал аймағынан бастап көршілес Астрахан, Саратов облыстарындағы қазақ балаларын жинап, жетіншіден оныншы класқа шейін оқытатын пансион ашуға қол жеткізеді. Оқушылардың тамағы мен киім-кешегі, жатын орны қаражаты түгелдей үкімет бюджетіне жүктеледі.

Міне, Кеңес те кезінде жеті жылдық мектепті бітірген соң сол интернатқа орналасқан болатын. Өзі­ – үйдегі он бір баланың екіншісі-тін.

Бір қызығы, өзінің қай істі бастаса да ә дегеннен жолы бола қоймайтыны бар. Әлгі мектеп-интернатқа келген сәтінде де сегізінші класс оқушыларының орны толып қалыпты. Кеңес артық болып шықты. Яғни, сыймайды. Не істерін білмей жаны қинала бастағанда оқу орны директорының өзі шақырып алып мән-жайды түсіндірген. ­Ол да мұны өз қатарластарының қасына қоса салайын десе, әрбір оқушыға бөлінетін жылдық қаржы жоғарыдан бекітіліп қойылған. Оны қайтадан қарастыру мүмкін емес. Мұндай мәселе көтерілсе, әңгіме көбейіп, қолма-қол сөгіс арқалап шығатының анық. Қиналған жетекші екі қолымен басын сүйеп, дағдарып отыр екен:

– Шырағым, жағдай осылай болып тұр. Қайтеміз? Сабақты жетінші кластан қайтадан бастауға қалай қарайсың? Жоқ әлде келесі жылды күтесің бе?

Екі оттың ортасында қалғандай, біраз қиналып, күмілжіп тұрды да, келісті.

– Жарайды, аға. Жетінші кластан оқи берейін де.

– О! Міне, жігіт! Сабақтан қалмағаның жақсы. Бір оқу жылы деген немене, жеті-сегіз айдай ғана уақыт. Зу етіп өте шығады.

Расында да, солай болды. Кейінірек пайымдаса, осы сәтсіздік мұның пайдасына шешілгендей екен. Бұл кезең өзін сонша шыңдап, пісіріп, үлкен өнерге тікелей баспалдақ салып, қалған өміріне қажетті қисапсыз азық жинап беріпті.

Оқу орнында түрлі үйірмелер көп еді. Ұлт-аспаптар оркестрі, көркемсөз оқу, би, хор, драма... Және бәрінің де жұмысы жоғары кәсіби білікпен, нәзік талғампаздықпен, өте биік деңгейде атқарылатын.

Бұл би үйірмесін таңдаған. Әмбе, бұлардың бағына қарай, Ленинградтан режиссерлік мамандықты игеріп қайтқан атақты суретші Сәкен Ғұмаров пансион шәкірттерін Орал телестудиясындағы жұмысына тартты. Апта сайын көрсетілетін жарты сағаттық бағдарлама жұмысына қатыстырды. Сонымен қатар қазақ халық ертегілері бойынша жетісіне бір рет өтетін хабар ісіне де осыларды шақырды.

Кеңесті сахна өнері сиқырына баурап, біртіндеп алаңсыз тартып әкеткен Ілияс Жансүгіровтің балалар өмірін қамтитын «Мектеп» пьесасы сияқты. Сәкен ағасы осы қойылымды дайындау үстінде талапты жеткіншекті үнемі қасында ұстады. Біртіндеп режиссура құпиялары, актерлік шеберлік сырына қанықтырды. Және мұны сол спектакльде басты рольдердің бірінде ойнатты. Ал жоғары кластарға өткенде:

– Сен өзіңді осы бастан театр саласына дайындағаның жөн. Бейімің жақсы. Құймақұлақтығың бар. Оқы, ізден, үйрен! – деп ақыл қосты.

Ал мектеп бітіретін жылы Бейімбет Майлинның екі адамның өзара тілдесуі түрінде өрбитін «Ыбыраймыз, Ыбыраймын» деген өлеңін, сонымен бірге Хамза Есенжановтың «Ақ Жайық» романынан Меңдігерейдің монологін жаттатып, таза актерлік бағыттағы сынақтарға даярлады.

Негізі, бұл сахнаға қаршадай кезден-ақ құштар еді. О тұста актерлік жайында ойлай қойған жоқ, тек ауылға келген концерт жүргізуші – конферансьелерге қатты қызығатын. Солардың: «Қайырлы кеш, құрметті көрермендер! Айқайламай, шуламай тыңдаңыздар. Айқайлап шуласаңыздар, артистер жиналып алып қалаға кетеді, ал сіздердің төлеген ақшаларыңыз далаға кетеді!» – дейтін сөздерін ертеңіне класта айна-қатесіз қайталап, құрбы-құрдастарын күлдіретін.

Со жылдары институт бітірген жас мұғалімдердің әрқайсысы жаңалық ала келетіндей көрінетін. Бірі гимнастика, екіншісі – көркемсурет, үшіншісі – шаңғы, төртіншісі – фото үйірмесін ашқаны өмірі ұмытылар ма! Міне, өлең жаттауға бейімділігін аңдаған жетекші мұны кішкентай кезінен-ақ драма үйірмесіне тартқан-ды...

Бәрі жап-жақсы жалғасты-ау. Енді көкейде мектеп бітірген соң қалайда Алматыға аттанып, Консерваторияның актерлік бөліміне түсу арманы бекіген. Бірақ, ең қиыны, әкесі Нарекең ұлының театр өнері жолын таңдаған талабына үзілді-кесілді қарсылық білдірді.

– Балам-ау, әртістік дегенді неғыласың?! Өнермен басқа салада жүріп те айналыса беруіңе болады ғой. Қойшы соныңды! – дейді.

Соғыста бір қолын беріп қайтқан қамкөңіл, жалғызіліктеу әкенің ұлдардың тұңғышы ретінде көп үмітті әуелден осы баласына артқаны түсінікті. (Нарымбайдың өзі әкеден – он екі, шешеден он үш жаста қалған екен).

Ақжайықтың жағасындағы «Майшұңқыр» қонысында ұзақ жыл тұрған Нарекең «Шалқар» балықшылар ауылына көшіп келгенде Кеңес бес жаста еді. Бұл жерде егін немесе мал шаруашылығы деген жоқ; жергілікті ел, негізінен, балық аулаумен айналысады. Міне, әкей үлкен ұлдың да жұрт қатарлы осы саланы таңдап, үйдегі азын-аулақ малға қарап, өзіне сенімді серік болуын қалаған сияқты.

– Өнерің қайда қашады, балам-оу! Атаң қазақ «асық ойнаған азар» деген сөзді бекер айта ма; егер оқимын десең, Оралдағы сельхозтехникумға түсші, ал Алматыға аңсарың ауса, сондағы мал дәрігерлік факультетті қузағаның жөн. Іні-қарындастарың өсіп келеді. Соларға сен екеуміз сүйеу болмасақ, кім қарайласады? Алысқа алып-ұша бермей, жанымда-ақ жүрші осы! – деп көкейдегі тілегін өзі де ашық айтты.

Тұрмыс тауқыметін бұл үй де тартыпты. Тіпті, алғашқыда мал атаулы жоқ-тын. Оншақты қаз-тауықтың өнімі мен көлдің балығын талғажау етіп, етті аса қажет деген жағдайда ғана елден сатып алатын кездер есінде. Кейінірек жалғыз сиыр пайда болған. Одан нағашылары берген ұсақ мал тұқымы көбейді. Сөйте-сөйте, ақырындап жетілді-ау...

Дегенмен, жұмыс істейтін Нәкең ғана еді. Алпыс сом айлығы бар... Алғашқыда бастауыш мектеп мұғалімі болған анасы Әсимаға сәбилерінің саны көбейген соң үй шаруасында отыруына тура келгендей. Әрине, үкіметтің балаларға беретін азын-аулақ тиын-тебені­ – ол да көмек. Одан бертінде жеті сом еңбекақыға почташы болып тіркелді. Жұртқа хат-хабар, газет-журналды ұл-қыздары таратып беретін.

«Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, су баласы жиекке қарап есейеді екен. Ені – он тоғыз, ұзындығы қырық бес шақырымға созылып, шеті көрінбей, ақ көбігі бұрқырап, бұлқына тербеліп жататын көл жағасында орналасқан ұзын лабаз төбесіне жайғасқан елудей қарасирақ жыпырлап, шақырайған күн сәулесінен алақанымен қорғанып, толқынмен алысқан әкелерін күтіп отырар-ды.

Отыз шақты қайыққа екі-екіден бөлінген балықшылар құланиекте шығып кетеді. Межелі тұсқа дейін моторлы, шағын кемеге тіркеліп барған соң тізбектен босап, бет-бетімен өз тірліктеріне кіріседі. Түс әлетінде жұмысты бітірген соң желкен көтеріп белгі береді де, сонадайда күтіп тұратын кеме бұларды біртіндеп қайта тізіп алып, кері қайтады.

Шаңқай түсте шаршап-шалдығып қайтқанда әлгі жеткіншектер жапа-тармағай зембілдерін көтеріп, қайықтарға қарай лап қояр еді. Суды жалдай-малдай ұмтылып, балық түсіруге жәрдемдеседі. Сол еңбектері үшін ауға түскен нәсіптен өз үлестерін алады. Және, әдетте, жомарт келетін балықшы ағайын көмекшілерді ренжітпеуге тырысар-ды.

Ауға түсетіні, көбінесе, бұлқынып, қолға ұстатпай, тайдай тулайтын білектей-білектей сазан, шортан, жайын, табан, көксерке...

Балалар жағаға күн сайын тек пайда табу үшін де емес, тәрізі, осы істің ерекше тартып тұратын өзіндік бір құмарлығына бола баратын сияқтанатын...

Шалқардың айнала төңірегін Ресей жері қоршап жатыр. Жоғары қарай жүз шақырымдай тіке тартсаң ­­– Самараға, оң жаққа бұрылсаң, Орынборға, сол жаққа жөнесең – Саратов пен Волгоградқа тірелер едің. Куйбышев, Астрахан облыстары да аса алыс емес. Оралдың өз ішінде де өзге ұлт өкілдері тығыз орналасқан. Жер-су аттары кілең орысша: Серебряково, Круглоозерное... деп жалғаса береді. Мұның еске түсетіні: Кеңес жастайынан түрлі халықтардың өзі қатарлы, өзінен біршама ересек балаларымен көп жағаласыпты. Әсіресе, қалада пансионда оқып жүргенінде жергілікті сотанақ балалардың бұлардың балмұздаққа, қызылсуға (газды сусынға) деген ақшаларын тартып алғысы келетін жағдайлар жиі кездесті. Ондай озбырлыққа қашанғы шыдарсың, есемді жібергенше қолыңда өлейін деп, тістеніп алып, тұра атылушы еді. Мұндай жағдайлар сергектікке, ширақтыққа ыңғайламай қоймайды. Оның үстіне интернат баласы, амалсыздан, төбелеске бейімдеу болғаны рас. Содан да ма, табиғатынан аңғалдау, аңғырттау болса да, жеме-жемге келгенде ширыға түсетін қайсарлығы жоқ емес-ті. Сол жолы да ойлана келіп, алған беттен қайтпауға бекінген. Алматыға қалайда кетуім керек деп шешкен...

Тек бұл ойын бір ғана адамға – өзі жақсы көретін тетелес әпкесі Сәулеге айтып кетуді жөн көрді.

Осының алдында ғана көрші Сатым-Шеген ауылының баласына тұрмысқа шыққан ол қыздың артынан үй ішінен ешкім әлі іздеп бара қойған жоқ-ты. Педучилищені сырттай оқып бітірген Сәуле сол шағын фермадағы төрт кластық мектептегі жалғыз мұғалім-тін. Оның директоры да ­– өзі.

Әпкесі бұл келгенде қатты қуанды. Жылы-жұмсақты інісінің аузына тосып, есі шықты. Арасында басынан сипап, бетінен сүйіп, мәз болып күледі.

Мемлекеттік емтихандардың бір сабақтан өзгесін жақсы тапсырғаннан кейін ең соңғы сынақ алдындағы үш күндік демалысты пайдаланып келген-тін. Апа-жездесімен нешеқилы оқиғаларды қузап, ауыл-аймақтың жаңалығын айтып, түннің бір уағына дейін отырды.

Жақсы ұйықтап, тұрса, апайы шәй қамдап жүр. Жездесі жұмысына кеткендей. Дәм үстінде ол апайына келуінің жайын айтқан. ­

– Әшейін, өзіңді көріп қайту үшін соғып ем. Қазір кетуім керек. Ертең таңертең Оралға шығамын. Қоғамтану сабағынан ғана соңғы емтихан қалды...

– Қап, сені тағы бір күн бола ма деп ойлап едім, – деді Сәуле. Сөйтті де, төргі бөлмеге барып қайта оралды: – Мынау саған кигізген костюміміз. Осыған риза бол.

Елу сом екен. Кеңес іштей қуанып қалды. Бұл ақшаны қайдан аламын, шешемнен сұраймын ба, оған жағдайды қайтіп түсіндіремін деп көп қиналған еді.

– Рахмет! – деді ол апайына шын пейілден. – Мұның жақсы болды. Мен Алматыға кетуді ұйғардым. Консерваторияға түсемін. Папамның жібергісі келмейтінін өзің де білетін шығарсың. Мамама айтсам, ол әкеме айтып, сөз созылып кете ме деп...

Сәуле інісін құшақтай алғанда көзінен жас ыршып кетті. Дәрменсіз әке-шешеге жаны ашыды ма, әлде үлкен арманына ұмтылып, сан тарау үлкен өмір сапарының торабында тұрған балаң інісін аяды ма екен, кім білсін.

– Жарайды, жолың болсын! Жеткенде хат жазарсың, ә?

Одан жүгіріп барып кішірек ақ шамаданын босатып әкелген. Кеңесті бұл да қуантты. ­

– О-о!..

– Саған керегірек болар! – деді Сәуле. – Мен анау-мынау заттарымды сандыққа да сала саламын ғой.

Одан соң әпкесі халатының қалтасынан әмиянын алып, інісіне және үш сом ұстатты:

– Мынау – жолыңа...

Кеңес Шалқарға келсе, шелектеп жауын құйып тұр. Көптен жаумап еді, бұ жолы армансыз бір төгейінші, селдетейінші деген секілді.

Тіпті, түнімен тоқтамай, таңға жақын ғана саябыр тапқан жаңбыр жеткіншектің қаупін шындыққа айналдырды. Мұндай күндері көршілес «Аңқаты» совхозына баратын автобус жүрмей қоятын еді. Жаяу кетуге тура келеді. ­­Ал Оралға апаратын көлікке тек сол жерден отырады.

– Мейлі, – деп ойлаған, – заулап отырып-ақ жетермін...

Таңертеңіне қырға дейін шығарып салған әкесі баласының қолындағы шамаданға күдіктене бір қарады.

Аңқатыға дейінгі жол – жиырма бес шақырымдай. Ал саймен төте тартса, бұл жерді бес-алты шақырымға дейін қысқартуға болады. Кеңес те осы бағытты қолай көріп еді. Әке мен бала жолайрықта селтиіп едәуір тұрды. Нәкең бір кезде ақыры:

– Шамаданды қайтпексің? – деп сұраған.

– Киімдерімді саламын ғой.

– Е-е...

– Жарайды, папа, бара беріңіз. Мен аяңдайын.

– Иә, жақсы. Абайларсың. Айтпақшы, мынау – жолпұлға...

Ышқыр қалтасынан шығарып бес сом берді.

Қайран әке ұлының бетті Алматыға түзеп, қашып бара жатқанын қайдан білсін. Балам Оралдан соңғы емтиханын тапсырып, мектеп бітіргені жөніндегі аттестатын алып қайтып келеді деп ойлап тұр.

Бұл шыққа малынған бұйырғынды жалдап, сай арасына жүгіріп түсті. Бөгде ешкімді күтпей, шөп арасын сағалап, бұйығып отырған топ бұлдырық шошынып, пыр-пыр етіп ұшады.

Екінші белеске шыққан сәтте ғана арттағы қырға бұрыла қараған. Әкесі кетіпті. Өзегі жаңбырсыз-ақ, шылқылдап, суға толып тұратын қып-қызыл сортаңға түскен өзінің аяғының ізі ғана сонадайдан бадырая көрінді.

3.

Вагон-ресторанда бірталай бөгелген. Күн еңкейе мұндағы тіршілік тіптен қыза түсетіндей екен. Кешқұрым кісі қарасы бұрынғыдан да көбейіп, айнала абыр-гүбір болып кетті. Думандатқан жастар жағы да ән ырғағын әуелете бастапты.

– Дөңгелектер әуені тынбайды таң атқанша,

Махаббат боп өтетін өмір қандай тамаша!..

Бұл бір сәт солардың арасына барып қосылғысы келгендей, біраз елігіп тұрды да: «Қой, енді кішкене дамылдайық!» деп, даяшымен есеп айырысып, купесіне қарай беттеді.

Әке-шешеге жөнін айта алмай, Шалқардан Аңқатыға жөнеген сәттегі сортаңда қалған ізінің суреті, неге екенін, Кеңестің көз алдында қалып қойыпты. Қайда жүрсе де сол көрініс арагідік елес беріп тұрады.

Әлгі сапар шамаданын көтеріп алып, екі жарым сағаттай дедектеген. Совхоз орталығына жетсе, жолаушыларын лық толтырып алған Орал бағытындағы сары автобус та сөредегі сәйгүліктей тыпыршып, ышқына дүрілеп, ытқи жөнелгелі тұр екен. Қарғып мініп, ентіге кіргенінде, осыны ғана күткендей, есігін дереу тарс жауып, заулай жөнелді.

Пансионаттағы шаруасы сол күні-ақ біткен. Сынақты да жақсы тапсырды, аттестат та қолына тиді.

Білуінше, консерваториядағы алғашқы емтихан шілденің бірінде басталуы керек. Түнге қарай кластас екі ұл, екі қыз пойызға отырып, Алматыны бетке алды. Бұл жолдастары да осы оқу орнына түсуге ниеттенген жастар еді.

Кеңес жолда бірталай мазасызданған. Әке-шешесіне ләм деп тіс жармай кеткеніне қиналды. Сәулеге де мен кеткен соң о кісілерге ретін тауып айтарсың деп ескертпегеніне өкінді. Содан ойлана келе, жөнін баяндап хат жазуды түйді. Онысын, әрине, Алматыға түскен бойда сала салар...

Бірақ төрт талапкер оқудан кешіккен екен. Отарбаның Оралдан Алматыға дейін үш тәулік жүретінін ескермепті. Консерваторияға барса ондағы әкімшілік қызметкері:

– Жоқ, болмайды, балалар. Актерлік бөлімнің бірінші сынағы кеше өтіп кетті. Енді амал жоқ, келесі жылы бір-ақ келерсіңдер, – дейді.

Үш серігі үрпиіп, олай болса ертеңдері-ақ кері қайтамыз деп шешті.

Алматыда ешкімді танымайды. Бір жақсысы, бұларды пойыздан эстрада студиядасында оқитын Мақсат Мұхитдинов деген жігіт қарсы алған-ды. Мына қыздардың бірінің ағасы осымен қатар оқыпты. Сол: «күтіп ал, менің қарындасым бара жатыр» деп хабарласқан секілді. Сөйтіп бұл күні төртеуі Мақсатқа ілесіп студия жатақханасына қонып шыққан соң, серіктері үйге билет алу үшін вокзалға кетті.

Кеңес алған беттен қайтпауды ұйғарған.

Би ансамблін іздеп тауып барса, «ойбай, бізде орын жоқ» деп жолатқылары келмейді. Одан ойлап-ойлап келіп, қой, қалайда бір оқуға ілігейін, кейін актерлік жағын ретіне қарай көре жатармын деп, Абай атындағы пединституттың география факультетіне құжат тапсыруға кезек алған. Әлдекімдерден сонда конкурс өте аз екен дегенді құлағы шалып қалып еді.

Бір кезде ол ұзын-сонар лек азайып, кезегі де жетті-ау, бірақ комиссия мүшелері соңғы екі талапкер қалғанда: «Түскі үзіліске шығамыз, қалғандарыңыз сағат екіде келіңіздер» деп орындарынан тұрып кетті де қалды...

Үлгермеген екеудің бірі ­– тағы да Кеңес еді. Ауыр күрсініп, бас шайқамасқа лажы жоқ. «Қап! Бұл сәтсіздік деген пәлеге не істесе болады?!» деп қайтерін білмей, сәл аңтарылып тұрды да, бір сағат уақытты өткізу үшін институт алдындағы киоскіден «Лениншіл жас» газетін алып оқығысы келді. Жол іргесіндегі сәкіге аяқтарын айқастырып отыра қалып қараса: «Мұхтар Әуезов атындағы театр студиясы актерлік факультетке адам қабылдайды» деген хабарландыру жазылыпты. Қарайтылып терілген әріптері бірден көзге іліккен. «Жолы болар жігіттің...» деген осы ма екен, жүрегі атқақтап, көктен іздегені жерден табылғандай, атып тұрды да, алды-артқа қарамай, әйда, театрға қарай жүгірсін!

Алқынып кіріп келіп, іздеген бөлімін тез-ақ тапты.

Төрде отырған қырықтар шамасындағы иман жүзді апаймен имене амандасып:

– Сіздерге документ тапсырсам бола ма? – деді.

– Жоқ, болмайды!

– Неге, апай?!

– Бойың қысқалау екен, інішегім. Босқа әурелемейік. Бізге көбінесе сүйекті, ірі, тұрықты жігіттер таңдалады...

Бұл алақтап, шарасыздықтан жылап жіберген.

– Неге, апай? Өсетін шығармын әлі... Алыңызшы...

Әйелдің жаны ашыды ма екен, мұның жүзіне ажырая қарап, екі алақанын жайды:

– Айналайын, түсінші! Менің қолымда тұрған дәнеңе жоқ. Мен мына жерде басшылардың тапсырмасын орындау үшін отырған адаммын. Істі дұрыс атқармасам, сөгіс естимін. Анау үшінші кабинетте Әзірбайжан Мәмбетов деген директорымыз бар. Со кісіге барып жолық. Ал десе алайын...

Жылаған күйі атаған кабинетке жетіп, есігін қақты да кіріп барды. Басшы біреумен сөйлесіп отыр екен, оған да қарамастан, әй-шәй жоқ, аптығып:

– Ағай! Мен анау Оралдан әке-шешеме де айтпай актерлікке түсемін деп қашып келіп едім. Консерваторияға үлгере алмай қалдым. Енді мұнда келсем, бойың аласа деп документімді қабылдамайды. Аға, әлі өсемін ғой. Алыңыздаршы! Менің артист болғым келеді! – деді.

Төрде отырған екеу ауыздарын ашып, көздері ежірейген күйі бұған состия қарап қалыпты. Әлден мезгілде көзілдірік таққан мұртты кісі:

– Ал, не білесің өзің? Қолыңнан не келеді? Тақпағың бар ма? – деп сұрады.­

– Бар, аға!

– Қарасөзің ше?

– Ол да бар.

– Басқа не істей аласың?

– Билеу білемін...

Осы кезде мырс етіп күлді:

– Қой, рас па? Қандай би білесің, мысалы?

– «Молдавский джок», «Украинская полька», «Гопак», орыстың «Яблочкасы», «Мазурка», Бразилия, Мексика билері... «Лезгинка», «Тарантелло»... түгел білем.

Онысы рас. Кезінде би үйірмесінің жетекшісі Зоя Куньякина апайлары бәрін де үйреткен. Бұл, тіпті, пансиондағы бірінші нөмірлі биші еді. Сонда жүріп Чайковскийдің «Лебединое озеро» балетіне дейін билеген.

– Жарайды онда. Жақсы. Бар, айта ғой, мен алсын деді де...

Есі шыға қуанып, көз жасын екі қолымен кезек сүртті:

– Аға, жазып беріңізші, әйтпесе маған сенбейді ғой...

Екі кісі бір-біріне қарап тағы күледі.

– Мә! – деді жаңағы көзәйнекті кісі бұған бір парақ қағазды ұсынып отырып. – Апарып бер.

Орысша жазыпты. Жүгіріп, әлгі апайға жетіп еді, ол да жымиды:

– Бәлі, ағаң тіпті қолын да шиырып тұрып қойып беріпті ғой! Кәне, әкел қағаздарыңды...

Кейін білсе, бұл әйел – атақты ақын Иса Байзақовтың қызы Мақпуза екен. Өзі керемет биші көрінеді. Әрі осында жұмыс істейтін актриса. Ал мұртты ағай – әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов, ал оның қасында отырған адам халық артисі Қадыр Жетпісбаев болып шықты. Студияда сабақ береді...

Құжаттарын қабылдап алған Мақпуза Исақызы бұл кетіп бара жатқанда:

– Ертең сағат он бірден бастап төрт-бес күндей консультация болады. Соған кел, қалып қойма! – деді дауыстап.

– Жарайды, апай, жарайды... Қалмаймын...

Қанат біткендей, есік алдындағы баққа қалқып шықты ма, әлде ұшып жетті ме, есінде жоқ; бір қараса, қуанғаннан жүрегі аузына тығылып, биік талдар арасымен зулап келеді екен...

Келесі күні консультация да басталды.

Жиналған жиырма бес қыз-жігіт бірінен-бірі өтеді. Кілең сұлу, кілең сымбатты жастар. Дегенмен, расында да, өзге қатарластарымен салыстырғанда бойының сәл шарғылау екені ап-анық байқалатын секілді. Бірақ аса қыңа қойған жоқ. Іштей «мәселе бойда емес, ойда емес пе» деп түйіп еді...

Бір кезде аудиторияға ырғала басып Нұрмұхан Жантөрин кіріп келді. Алдына бітік, қысыңқылау көзімен сүзіле қарап, мойнын бір жағына қарай сәл қисайта ұстай ма, қалай... Әйтеуір, түрі сұсты. Ол да сабақ береді екен. Кинодан көргені болмаса, тірідей бірінші рет жолықтыруы. Атақты актерге аузы ашыла қарап қалыпты. Оның да көзі алдымен орта тұста отырған Кеңеске түскен.

– Әй, сенің аттестатың бар ма? – деді даусы гүрілдеп, бұған сонадайдан шаншыла түсіп.

Шошып қалды:

– Бар, аға, бар! Бар ғой! Мен тапсырғанмын! – деді сасқалақтап.

Тағы қандай қырсық шалды деп зәресі ұшып кетті.

– Е, қайдан білейін, – деді Нұрекең аздап түсін­ жылытып. – Кіп-кішкентайсың! Сегізінші кластың баласы ма деп қалдым.

– Өй, аға, өсем ғой, өсем...

– Қай облыстан келдің?

– Оралданмын.

– Ы-ы-ы...

Болашақ шәкірттермен жеке-жеке танысқан соң, сынақта қандай талаптар қойылатынын түсіндірді. Бір кезде ортаға Кеңесті шақырған. ­

– Кәне, сен ортаға шығып, шағын бір этюд жасашы!

– Кімнің қимылын келтірейін, ағай?

– Ауылыңдағы жұрт қандай кәсіппен шұғылданады?

– Балық аулайды.

– А-а, онда ау тоқы!

Бір аяқты алға созып, екінші аяқты бөксеге басып отыра қалып, саусақтары жыпылдап,«ауды тоқуға» кірісті. Ернін жымырып, екі қолымен «жібек жіпті қатты тарта байлап», іске ынта-шынтасымен берілді. Арасында жан-жағына алақ-жұлақ қарап қояды. Кейде бір сәт ойға батқандай, құнжыңдап, қиналғандай түр танытады.

– О-о, міне, міне! Жарайсың. Молодец! Вниманиең жақсы екен!

«Внимание» дегенін түсінбесе де, «жақсы екенге» малданып, әрекетті одан сайын құлпыртып, әдемі, шынайы етіп көрсету үшін жанын салды.

– Жақсы, жақсы! Болады. Ал енді бір қара сөз оқы!

Сонау Сәкен Ғұмаров сабағының пайдасын осындайда көргені-ай! Тұра қалып, Меңдігерейдің монологін саңқылдатты.

– Жақсы, жақсы! Бірақ сен неге кеңірдегіңді сонша созасың?! Неге айқайлайсың?! Әп-әдемі балалық даусың бар ғой. Сонымен-ақ оқысайшы. Естіртіп, қатты айт, әрине... Бірақ айқайлама, ешкімге жекіме, ұрыспа,– деп ескерту жасады.

Бұдан соң өзге де жастардың өнерлері тамашаланды.

Үш-төрт күнге созылған дайындық сабақтарының соңында Нұрмұхан ағай бұған: «Әй, сен емтиханда өткендегідей балықшының этюдін жаса! Соның әдемі» деп кеңес берді.

Міне, сол арқылы оқуға қабылданған...

Соңырақ білсе, 1960 жылы түрлі себептермен жабылып бұл студияны арада алты жыл өткенде Әзірбайжан Мәмбетовтің қайта ашып жатқан беті екен. Ал анау жабылған курсты соңғы бітірген Әнуар Молдабековтер көрінеді.

Айтпақшы, алдында Мақпуза Байзақоваға құжатын тапсырған соң сквер ішінде бірталай жүгіріп барып тоқтап, ентігін басып отырып: «Шіркін, әке-шешем менің осынау қуанған сәтімді көрсе қоса шаттанар ма еді, жоқ, әлде елең қылмай ма?!» – деп ойлаған. Одан анасы Әсиманың осы қаладағы немере ағасы есіне түсті. Шешесі:

– Кейін есейгенде Алматыға жол тартса, Ғалымжан ағаңды іздеп барып сәлем беруің керек! Сенің сәби шағыңда бізге қатты ренжіп, көрместей болып кеткендей еді; шынында да, сонан кейін ауылға ат ізін салмады, – деп отыратын. Бұл да Кеңестің ылғи көңіл түкпірінде жататын бір түйткіл-ді.

Ол нағашылары – ағайынды Ерғали, Серғали, Шымғали дегендер. Анасы – осылардың ішіндегі Ерғалидың қызы. Ғалымжан – Шымғалидың баласы. ­Ал Шымғали хазірет кезінде елдегі Бозай даласында «Ақмешіт» деген мешітті ұстап тұрған. Бұл ағайынды үшеуді өкімет сонау отызыншы жылдары бай, кулак, молдаларды соттау туралы қаулы шыққанда Ресейге жер аударады. Ащысайдағы өзен бойында тұратын әлгі мешітті ел «Шот мешіті», «Шымғали мешіті» деп те атайды екен; міне, соны түк қалдырмай қиратқан.

Әкесі ұсталғанда Әсима бес жаста көрінеді. Ата-анадан қалған үлкен шарайна мен қоңыр кебеже әлі бар. Әсіресе, сандық ерекше ­– ашқанда дың-дың еткен дыбыс шығарады.

Шымғалидың жалғыз ұлы Ғалымжан осы Алматыда тұрады. Бірақ бұ кісіде бала жоқ екен. Сондықтан ертеректе сонау Ақжайықтың жағасындағы Теректі ауданына қарасты Майшұңқыр қонысында отыратын Нарымбайға жағдайын айтып арнайы келіп:

– Мына Кеңесті маған қи. Жақсы азамат қылып шығарамын, – деп қолқа салыпты.

Сонда үш жасар баласын алдына алып отырған Нәкең:

– Ғалеке, көңіліңді түсінемін ғой. Бірақ буынсыз жерден пышақ ұрғандай болма. Бұл өзі – ұлдың тұңғышы. Және жалғыз. Қинама. Бере алмаймын. Ал мына үш қыздың қайсын аламын десең де қолыңды қақпаймын. Сөйт, жарқыным! – деген екен.

Сол ағасы еді бұ кісі. Әлгі жолы қатты опынып, жылағандай болып кетті деп еститін. Кеңес о кісінің Министрлер Кеңесінде атеизм саласын басқаратынын білетін. Кезіндегі діндар, хазірет адамның ұрпағы атеизм саласын таңдағаны ойлантатын. Осы әрекетіне қарап, алды-артын аңдап басатын байызды, байырқалы, есті адам ба деп топшылаушы еді. Әйтпесе солақай саясат елдің санасын улаған молланың тұқымы деп бұған да күн көрсете ме...

Сәлден соң алдымен сол ағайды іздеп табайын деп шешкен.

Ақыры көшеде кездескен жергілікті тұрғындардан сұрастыра жүріп, Министрлер Кеңесі кеңсесін де тапты-ау. Ондағылардан сұрағанында:

– Ғалымжан Шымғалиұлы кезекті еңбек демалысында, бірақ үйінің мекен-жайын айтуға қақымыз жоқ, – деп шығарып салды.

Бұған да рахмет деді. Тіпті, жөндерін айтпақ түгілі, маңайлатпай қойса қайтер еді.

Өзі, расында қызық, адам шын ықыластанса, санасы да ашыла бастай ма, көзіне «5-ші линия, 82-ші үй» деген жазу елестеген. Баяғыда, сирек болса да, осынау ағайындарымен хат алысып тұрған сәттер бар. Қысылғанда, сол мекен-жай жадында қайта жаңғырықты. Қарсы жолыққан біреулерден осы үйдің мәнісін сұрап еді:

– Иә, ондай көше болған. Тек ол көптен бері «Мұхтар Әуезов көшесі» деп аталады, – деп жауап берді.

Тауып барса, бұл – бір барақ. Төрт отбасы орналасыпты. Нағашысының үйі шағын ғана үш бөлме көрінеді. Бергі жағына от жағады, ас үйі бар, арғысы – жатын орын сияқты. Есік алды – шолан, жаздық асхана...

Ғалекеңнің бәйбішесі үйде екен. Бірден:

– Иә, қай баласың, шырағым? Оралдан келдің бе? – деп сұрады.

– Иә.

– Кеңес емессің бе?

– Иә-иә...

– Ә-ә, біздің бала болмай қалған бала екенсің ғой...

Жадырап, күлді. Күлгенде мерейленіп, жүзі нұрлана түсетінін аңдады. Маңдайы жарқыраған, ақпейіл жан екен. Кеңес тәтейдің сұңғылалығына қайран қалған.

Апай содан: ­

– Нағашың Совминнің санаториясында дем алып жатыр, барып, амандасып қайт, – деп жөнін айтып, адресін нұсқады.

Ғалекең де келбетті адам көрінді. Ол да мұны бірден шырамытқан.

– Әй, пошымың біздікіне келеді екен, кімнің баласысың? – деді сәлемдескен бойда.

– Әсиманың баласымын.

– Ә, бәсе! Ой, айналайын-ай, өсіп қалыпсың ғой! Әке-шешеңнің дені-қарны сау ма? – деп қайтадан құшақтап, көңілі босап, маңдайынан иіскеп, кеудесіне қысып, ұзақ жібермей отырды. Одан мұның оқуға түскенін білгенде:

– Ой, жарадың, балам! Құтты болсын! Актерлік деген де ғажайып бір өнер ғой. Елдің мақтанышы бол! – деп керемет қуанды.

Сөйтіп ауылдағы ахуалды сұрап, мұның өзінің мән-жайымен танысып, бірталай сұхбаттасқан соң:

– Үйге бар. Кейінірек жатақхана алсаң көре жатарсың, ал әзірше ешбір қысылмай, үйде жүргенің дұрыс, – деді.

Сол күні осы кісілер тұратын жайдың алдындағы сәкіде отыр еді, әлдебір бойжеткен келген.

Шырамытты. Сырттай біледі. Осылардың ауылының қызы. Бірақ бұдан біраз ересек. Үйден жасырақ кезінде кеткендіктен шығар, көп кезіге қоймапты. Өзі керемет сұлу екен. Білектей бұрымы белден түскен орта бойлы қыз...

– Үйде кім бар? – деді бойжеткен мұнымен сәлемдескен соң.

– Шешей базарға кетіп еді. Ғалымжан ағай санаторийде демалып жатыр.

– Мен бүгін елге қайтпақшымын. Сәлден соң пойызға шығамын. Ағай мен тәтей екеуімен қоштасып кетпекші едім. Сен айта саларсың, ә. Міне, алғашқы кітабым шықты. Осыны берерсің...

«Кітап» дегенге таңырқап, аңтарылып қалыпты. Жап-жас адам кітапты қалай шығарады?! Мұның қайран қалып, түріне көзі ежірейе аңыра қарағанын қыз да аңдаса керек, әнтек жымиды.

Бұл шағын кітапты алып, сыртын оқыса – «Шілде» деген өлеңдер жинағы екен. Ішіне қолтаңба жазыпты. Авторы – Ақұштап Бақтыгереева...

– Ойбай, Ақұштап апа, мен сізді білем ғой! Біздің мектепте оқыдыңыз ғой сіз... Пансионда! – деп орнынан атып тұрды.

– Иә-иә, – деді қыз күліп. – Сені де сыртыңнан екі-үш рет көргенмін сәл кішірек кезіңде...

Жарты сағаттай шүйіркелесті. Бұл апайы да Кеңестің актерлік студияға қабылданғанын естіп қуанып, шын тілестестігін білдірген.

Өзі ЖенПИ-ді бітіріп жатыр екен. Осы үймен жақсы араласып тұратын көрінеді. Артық киім-кешек, шамадан, анау-мынауын сақтап қояды. Кейде сенбі-жексенбі күндері қонып та кетеді.

Соңырақ байқады, бұл үйдегі нағашылары оны ылғи керемет мақтап отырады:

– Ой, қыз деген сондай болсайшы! Қылтың-сылтыңы жоқ. Шіркін, адамгершілігі қандай! Іске де керемет икемді. Сабақты қандай оқиды!..

Кеңес бұл сөзді өзіне де арналғандай, ішінен: «Иә, мен де шама келсе үлкендердің сенімінен шығуым керек екен-ау!» ­– деп түйетін.

Қарап отырса, өзі Алматыға отыз сегіз сом ақшамен келіп түсіпті. Әпкесінен алған елу үш теңге мен әкесі ұстатқан бес сом... Оның жиырма сомын пойызға төлеген...

Өстіп ілігіп кетті.

Студия қыркүйекке дейін боссыңдар, жақсылап тынығып қайтыңдар деп үйге жібергенде де «әке-шешем қайтер екен» деп дегбірсізденген.

Бірақ әкесі ұрысқан жоқ. Қайта күлді:

– Иә, балам, ат-көлік аман ба? Оқуға қабылданғаныңды естіп мәре-сәре болып жатырмыз. Әйтеуір, түссең болды. Аман бол, құлыным! – деп маңдайынан иіскеді.

Оның бастапқыда қатты алаңдағаны түсінікті, әрине. Пансионда Шалқар ауылының бірталай баласы оқиды; кезекті оқу жылын аяқтап үйге қайтқан солардан:

– Біздің Кеңесті көрдіңдер ме?!­­– деп сұрамай ма.

– Ол Алматыға оқуға кетті ғой!

– Не дейді?! Қалай?!.

Қайтсін. Аңтарылады да қалады.

Құдай оңдағанда, пойыз үстінде отырып «папа, мама, ренжімеңдер. Мен осылай оқуға кетіп бара жатырмын» – деп жазған әлгі хаты да екі-үш күннен соң жеткен секілді.

Әсіресе, шешесі бейшараның уайымын айтсайшы. Баяғыда Қарағандыға кетіп, хабарсыз қалған Әлімгерейді бір жыл күткен ата-анасынан да бетер қиналған секілді. Әйтеуір, үндемегені болмаса бүкіл сыры ішінде. Бұл жолы да тұңғыш ұлын құшағына қапсыра қысып, аялап бетінен өбіп, үнсіз егілді.

Ауылда біраз аунап-қунап, ертең кетем деген күні Нарекең бәйбішесіне:

– Бір қоңдырақ қойды алып қал. Бала аттанбақшы ғой. Үлкендердің батасын алайық, – деді.

Одан соң көршінің ат-арбасын сұрап әкеліп, ұлын ауыл сыртына қыдырыстап қайтуға шақырды: ­­

– Кеңестай, жүр, кішкене қырға шығып, құрақ көріп қайтайық...

О заманда елдің көбі келдекпен құрақ орады.

Бірақ бүлкілдеген кертөбел ат ауыл сыртындағы сыбдыр қаққан балауса бал құраққа соққан жоқ, қамыс жағалап, үстірттегі Ақтауға қарай тартты. Едәуір алыс жер. Және өңірдегі ең биік жон. Жұрт сол таулардың етегінен үй майлайтын бор алады...

Атты төменге қаңтарып, ерінбей, ақырын ғана қиялай өрлеп, баласын төбеге алып шықты. Лекілдеп ескен ақ самал жейдесінің жағасын желпіп, желбіретіп, кекіл тарады. Шөкім-шөкім бірді-екілі ақша бұлт қалқыған мөлдір аспан көгінде қыран бүркіт самғап жүр. Көкжиекте буалдыр сағым ойнайды.

Айнала төңірек біршама анық көрінген. Жол бойы үнсіз келген әке бір кезде қолындағы қамшымен жиектегі ну тоғай тұсын нұсқап:

– Анау – менің туып-өскен жерім Бозай. Марқұм әке-шешем сонда жатыр. Ал сонау мұнартқан өңір сенің нағашы жұртың. Сенен кейінгі Сәбит деген ұл сол жерде шетінеп еді, – деп сөз бастап, ертеректегі бірталай жайтты қаузады. Одан әңгімені өнер, әдебиет жағына бұрып: – Бұл да аса оңай жол емес-ау. Білуімізше, біздің атақты ауылдасымыз, жазушы Хамза Есенжановтың көрмеген құқайы аз болмау керек. Сол секілді, газеттерден оқысам, осы жерден шыққан анау кейінгі жастар – Лұқпан Есенов пен Роза Есләмғалиевалардың да маңдайы шылқып жүрген жоқ. Солардың аты ел аузына ілігіп, еңбектері жанса, абырой-атаққа жанкешті еңбектің арқасында жеткен. Адам қай салада жүрсе де маңдай терін терін төгуі керек сияқты. Шама келсе, Алматыда солардан көп алыстамассың, жұғыса жүр, шапағаты тиер, ­– деп бір тоқтады.

Кеңес әкесінің бірталай шешілгенін осы жолы көріп таңырқап еді. Нарекең де ұлының есейгенін жаңа байқағандай, мұңды көзі боталап, біртүрлі аялап, мәпелей қарайды.

– Міне, енді жол жүргелі отырсың. Бұдан кейін сен менің тілімді аласың ба, алмайсың ба; ақыл айтатын уақытым бола ма, болмай ма... Өзің талпынып жүріп көңілің қалаған оқуға іліктің, бұл да бізге абырой. Азамат болды деген де осы шығар. Әйтеуір, жерге қаратқан жоқсың. Ризамын. Енді уысымнан кетіп бара жатырсың, барған жерің үлкен ел, зиялылар ортасы, олар қалайда жөніңді, шыққан еліңді сұрар. Сонда былай дерсің, ұғып ал, – деп өздері тарайтын ру мен жеті атасын жоғарыдан төмен қарай айтып, құлағына құйып, түсіндіруге тырысты. ­­– Одан соң есіңде болсын, қайда жүрсең де, сенің алтын діңгегің – мінеки мына жер, мына атамекен. Және мен де, анаң да осындамыз, іні-қарындастарың осында дүниеге келді... Жортқанда жолың болсын, балам! Бір Аллаға тапсырдым! – деді.

4.

Көп ұзамай-ақ алып құздары көк тіреген Алатау бөктеріндегі дулы, думанды кезеңдер басталды. Гүлзар баққа оранған мың бояулы Алматы жас жігіттің жанын тербеп, қиялын шартарапқа шырқатқан.

Едәуірге дейін ойда жоқта сиқырлы бір әлемге еніп кеткендей, ғажайып әсерлерден арыла алмай жүрді. Әсіресе, сонадайдан жүздерін бір көруді армандайтын атағы жер жарған артистермен араласу және күн сайын солардың ақыл-кеңесін естіп, өнерін үйрену бақыты бас айналдыратындай.

Сөйтіп, сәт сайын бір жаңалыққа кезігіп, есі шығып жүрген кез еді.

Бір күні, тіптен, ертегідегідей қызық оқиға болды.

Кештетіп, бұлардың баспанасына Нұрмұхан Жантөриннің өзі келіп тұр! ­

– Әй, қулар, мен біраз уақыт сендермен бірге тұратын болдым, қабылдайсыңдар ма? – дейді.

Студияның бес баласы «Орбита» ықшамауданында үш бөлмелі пәтерге орналасқан-тын. Оқу орны бөлген кәдімгі жатақхана. Пәтердің түп жағындағы бір бөлме – бос...

Нұрекеңе сенбейін десе, қасындағы қоңыр шамадан көтерген көмекші жігіт зыр жүгіріп бөлмеге кіріп, кереуеттегі төсек-жабдықты қаққылап көріп, терезенің пердесін ашып, шкафтың шаңын сүртіп, бәйек болып жүр.

Рас екен. (Кейінірек білсе, Нұрмұхан аға әйелімен ажырасыпты).

Ертеңіне әлгі жігіт шағын тоңазытқыш пен кішкене телевиор әкеліп тастады.

Актер жұмыстан басқа уақытта далаға көп шықпайды. Бөлмесінде өзімен-өзі, тып-тыныш қана, кітаптарын парақтап жатады. Ішкі арпалысын ешкімге байқатпауға тырысады.

Кейде Кеңесті магазинге жұмсар-ды. Ерекше елгезектігі, ақжүректігі үшін бе екен, шәкірттердің ішінен осыны іш тартып, жақсы көреді.

– Барып, нан алып келші, – дейді. ­

«Наны» ­– «Московская водка». Оның құны – екі сом сексен жеті тиын. Мұның қолына үш сом ұстатады. Бұл тығып әкеліп береді. Артылған он үш тиын осының қалтасында қалатын. Ол ақшаға асханадан екі гарнир келер еді. Тәбетіне қарай кейде макарон немесе вермишель, арагідік күріш ботқа таңдайды... Әрқайсы алты тиыннан. Бір тиынға ­– нан, екі тиынға шәй алады. Осылайша, айналасы жиырма тиынға тамақ ішер-ді... Студентке кәдімгіше ауқат...

Нұрмұхан ағасының ара-арасында ұзағырақ іссапарлап кетіп жүрген кездері де кездесті. Бірде Қырғыз еліне барып, киноға да түсіп келді. Ондай жолдан оралған бойда Кеңес інісін ертіп алып, қыдырыстауды қалайды. Медеу шатқалдарына, Көктөбе биігіне шыққысы келеді. Салқын тау арасында бой жазуды ұнатады. Жан әлемі бөлек, терең адам. Айрықша дарыны бір басқа, өнерге, әдебиетке деген көзқарасы, бұл бағыттағы білік-парасаты қайран қалдырады. Одақтас республикалар театрларында, олардың кинематография саласында не өзгеріс болып жатқанын бес саусақтай біліп, еркін талқылайды. Қоңыр даусы күмбірлеп жер жүзі классиктерінің шығармаларын қаузауға кіріссе, сен де сол сұлу әлемге сүңгуге құмартар ең...

Мұндай серуендер арасында екеуі кафе барларына соғады. Нұрекең өзіне тапсырыс бере отырып:

– Кел-ей, опасыз! «Сиыр су ішкенде, бұзау мұз жалайды», сен не ішесің? Бірдеңе жеп алшы, қарның ашқан шығар, – дейді.

Кейінірек аңдады, бұ кісі ерекше жақсы көретін адамдарын кей-кейде «опасыз» деп атайды екен...

Бір күні мұны Орталық универсамға алып барды.

– Әй, бала, бір костюм-шалбар қарайықшы,­– деді.­­

– Жарайды, аға.

Үш қабатты үлкен дүкен ішін біршама аралап, ақыры бір киімнің қасына тоқтады. Қоса ілесіп, ақыл-кеңес беріп жүрген залдағы қызметкер қыз да:

– Талғамыңыз керемет! Осыны алсаңыздар өкінбейсіздер, ­– деп қолпаштап қойды. Онысы рас та еді. Ашық көк түсті костюмнің жоғары сапасы сондадайдан-ақ көз тартты. Польша елінен шыққан бұйым.

– Кәне, киіп көрші. Размері келе ме?­­ – деді Нұрекең.

Бұл киіп, олай-бұлай бұрылып, айнаға қарайды. Шап-шақ.

– Қалай? Дәл секілді ме?

– Дәп-дәл, аға.

– Ә-ә, жақсы. Енді бір ақ көйлек таңдашы...

Кеңес «бұ кісі киімді өзіне өлшемегеніне қарағанда, елдегі мен құралпы інілерінің біріне іздеп жүр-ау» – деп ойлаған.

Сөйтсе, ағасы Кеңестің қамын жеп жүр екен. Соны білген сәтте бұл абдырап, затты не аларын, не бас тартарын білмей, дағдарды. Күтпеген сый бірталай қинады.

– Ой, аға-оу, мұныңыз не? Мен өзім де алар ем ғой...

– Сенің оқуға түскенің үшін кигізген байғазым болсын! Қысылма, жас адам жақсы киініп жүргені жөн. Оның үстіне актер! – деп күлді.

Бағасы әлде жиырма алты, әлде жиырма жеті сом... Жейденің құнын да ұмытыңқырап қалыпты.

Осы киіммен жүріп Алматының біраз би алаңдарын шаңдатты-ау.

Кеңестің жолдастары әдетте 28-панфиловшылар бағындағы алаңға баратын еді. Жолдастары, негізінен, эстрада студиясының жігіттері. Ал майдың 1-і, қарашаның 7-сі, Жаңа жыл мейрамдарында Балалар мен жасөспірімдер театрында бас қосады.

Алғаш жүрегін толқытып, албырт сезімін алаулатқан Фарида есімді сұлу бар. Өзімен Оралдағы пансионда қатар оқыған. Сол жанды қалтқысыз ұнатты. Ол да би үйірмесіне қатысып еді. Мектеп-интернатта екеуі балетті қатар билеген.

Фарида да Алматыдағы Шет тілдері институтына келіп түсті. Арасында ол да осылардың тобына қосылып, түрлі кештерге, биге, театрларға бірге барып жүреді. Сабаққа алғыр, өмірге деген көзқарасы қалыптасып қалған орнықты қыз. Кеңес не істесе де, әрдайым соның биік талғамынан шығуға тырысушы еді.

Әлгі кеште де саябаққа жаңа костюм-шалбарын киіп барды. Фарида бірден байқап:

– О-о! Керемет! Құйып қойғандай. Өте жарасып тұр! – деп сыбырлайды.­­

Бұл үндей алмай қалды.

Жаңа киім кигенде едәуірге дейін өзін біртүрлі ыңғайсыз сезінетін жалғыз осы ма, әйтеуір, бойы үйренгенше біраз қысылыңқыраған.

Сол күнгі думандары да түннің бір мезгіліне дейін жалғасты. Құрбыларын шығарып салғаннан кейін қайтып келе жатқанда Фариданың «компилименті» еске түседі. «Осы, кейде, жақсы ойлардың ылғи кешігіп келетіні қалай екен?!» ­­– деп, өзінің бағанағы үнсіз қалғанына өкінді. «Саған ұнаса болды да! Басқа арманым жоқ. Маған сенен өзге ешкімнің мақтау сөзі қажет емес. Ниетіңе рахмет!» – деуі керек екен ғой. Қап!..

Ең қиыны, сол Фариданы киноға да, театрға да жеке шақырды, топ ішінде қатар жүргенімен, жанына аса жақындата қойған жоқ. Ыңғай бермейді. Әрнені сылтауратып көп тайсақтайды. Қашқалақтайды. Мұның жүрегін аялап, жақсы көргенін қайтсін, әйтеуір, кіршіксіз көңілін бағалай алмапты. Кішіпейілдігін ынжықтыққа балады ма, әлде бойының аласалығын қорашсынды ма, менсінбей, жан ауыртты.

Иә, кейбіреумен салыстырғанда бойының бәкенелеу екенін өзі де мойындай бастаған. Бірақ соншама тапал да емес қой...

Содан қойшы, біртіндеп суыпты.

Енді бірде тағы қызық болды. Алагеуім уақыт еді. Кеңес сквердегі сәкіде жолдастарының бірін күтіп, өз-өзінен мұңайыңқырап отырды. Қызыл-жасыл оттары жарқылдаған би алаңы тұсынан саксофон, корнет, альт үні құйқылжып, дауылпаздар дүмпілдеп, алабұртқан көңілді елегзіте түседі.

Ойда жоқта Фарида пайда бола кетіп, қасына жайғасқан. Одан ананы-мынаны сұрап, төмен қарағыштап, күбірлеп отырды да, кенеттен мұның мойнына асылып... ернінен сүйіп алғаны!

Сөйтті де, орнынан ұшып тұрып, жалт етіп жоқ болды.

Бұл түс көргендей, абдырады да қалды. Қыздың сыры, расында, тереңде сияқты. Қалай ұғарсың? Жаңағысы не? Мені шексіз сүйгенің үшін рахмет дегені ме, әлде мәңгіге қоштасқаны ма...

Ақыры, көп толғанып, жауабын таба алмады.

Бүгіндері сол сәт есіне түссе, жан толқытар әсерге бөленбей, қайта, біреу аузына шоқ басып алғандай тіксінетін болыпты.

Біртіндеп алыстаған. Сонан кейін, тіпті, өзін мүлде көрмеген де...

Айтқандайын, Қарағандыға Нұрмұхан ағасы әперген сол костюммен келген екен ғой.

Нұрекеңнің өзі де үнемі талғаммен киінер еді. О кезде ол – отыз сегіз жаста.

5.

Петропавл пойызы «Алматы ­– 2» вокзалына кешігіңкіреп жетті. Алакөбең шақта перронға ығы-жығы болып, қаптап түскен қалың жұртшылықпен қатар Кеңес те жылтыр қара төплиі вокзал төбесінен жыпырлай төнген жарыққа шағылысып, вагоннан ырғып шықты. Жол бойы ұйықтап, жақсы тыныққандықтан да ма, ақсары жүзі албырап, екі көзі шырадай жанған ол қолындағы сағатына қараса, кешкі тоғызды көрсетіп тұр. Қызыл сөмкені ұзын бауынан ұстап арқаға тастай салды да, топырлап күтіп тұратын таксилер қатарына қарай аяңдады. Алматының майда желі келдің бе дегендей еркелей шалқып, ақырын ғана аялап, мұның да бетінен өбеді...

Таксиде алып қаланың кең даңғылында жарқыл қағып, көз арбайтын неше-алуан түсті шамдары арасымен зауылдап келе жатып, қой, ертең Әзірбайжан Мәмбетов ағама барып ақылдасайын деп ұйғарған. Қарағанды драма театрының директоры күзге дейін боссыз дегенімен, үш-төрт ай бойы қалай жұмыссыз жатады. Және үкімет те сонша уақыт сенделтіп жүргізе қоймас. Тіпті, «жатып ішер жалқау, арамтамақ» деген бап бойынша жауапқа тартуы ғажап емес...

Сәскеге қарай салып ұрып келсе, Әзекең әдеттегідей, бір-екі драматург-жазушымен сұхбат құрып отыр. Шығармашылықтың адамы ұдайы бас қатырып, қойылымдардағы тартыс түйіндердің ұтқыр шешімін іздер-ді.

Сезгір кісі жас актердің Арқаға қарай кеткенінен хабардар-тын. Енді оның мына келісінің мәнін де айқызбай-ақ ұққан.

­

– Уайымдама, ойластырамыз мәселені, ­– деді байламға тез келіп, жылдам сөйлейтін дағдысымен бұған көздерін ажырайта қарап.

Кеңес Әуезов атындағы академиялық театрында массовкаға студент кезінен-ақ көп шықты. ­­Бірнеше баланың образын жасаған. Тіпті, қырғыз драматургы Бексұлтан Жакиевтің «Әке тағдыры» деген пьесасындағы басты роль – Жеңісбек бейнесін жасады.

– Сен біздің труппамен бірге Павлодар облысына гастрольге барып қайт, ­– деді бір кезде Әзірбайжан аға бері қайырылып. Лездің арасында мұның да шаруасын шешіп үлгерген секілді. – Тура қазір менің атыма өтініш жаз. Сені уақытша жұмысқа аламыз. Жеңісбекті ойнайсың...

Елең ете қалды. Шыңғыс Айтматовтың «Ана ­­– Жер ана» спектаклі бойынша да жасөспірім бала ролінде талай ойнады емес пе. Шешім көкейге қона кетіп, қатты қуанды.

Мәселесі осылай оңтайланған.

Жолда келе жатып, таңырқайды ­­– Кереку жері өзінің кеше ғана барып қайтқан Қарағандысымен жапсарлас өңір екен ғой. Қарап отырса, көк желкеден айналып келіп, тура сол аймаққа қайта оралатын болып тұр.

Ойлағанындай-ақ болды, іркесе-тіркесе, мидай араласып жатқан аудандар екен. Баянауыл, тіпті, кезінде осы Қарағандыға қарапты. Екі өлкенің тұрғындарының өмір-салты, адамдарының тұрмыс-тіршілігі, қала берді, сөйлеу мәнеріне дейін бір-бірінен айырмашылығы жоқ па деп қалды.

Әлбетте, жағасына таң бозында бара қалсаң, сұп-суық, саф ауасы өкпе-қолқаңды қарып, дүр сілкіндіретін Ертіс аймағының жаратылыс бітімі ерек. Айнала-төңірек ұшы-қиырына көз жетпейтін шұбарала орманы мен өркеш-өркеш гранит шыңдары, аққу-қазы сұңқылдаған айдын көл­дері мол салқар атырап. Бір рет көрген адамды қайта-қай­та келуге ынтықтыра­тын қасиетті өлке. Көкпеңбек. Керілген сылаң дала, жалбыз бен жусан исі бұрқыраған көрікті мекен.

Ести берсеңіз, ел мен жер тарихының өзі жатқан бір телегей-теңіз секілденеді. Аймақ­тағы Шүршітқырған, Қал­мақ­қырған дегендей жер атауларының өзі-ақ талай сырды аңдатпай ма. Абылай сұлтанның қазақтың атақты сардарларын түгел жинап, жоңғарды күйрете соғатын атақты Са­бын­дыкөл жағасын да армансыз шарлады. Жарықтық жуас, бұй­ра толқындары көбіктеніп, сол тарихи сәттерден мүлде кәперсіздей күйде, ақырын ғана лықси тербеліп, өткерген күндерінің салмағын ауырсынғандай, буырқана тебіреніп жатады екен.

Жасыбайдай жайқын су ала­бы­ның бергі бетіндегі жасыл шатқал тіршілігі де таңырқатты. Баянауыладағы Ақбет, Атбасы, Найзатас, Серкетас сынды құздарды да көріп көңілі өсті.

Қысқасы, Май, Екібастұз, Ермак, Краснокут, Шарбақты... деп аталған басқа да бірнеше аудандағы сапары ерекше бір мектептей әсер еткен. Ел көріп, жер көріп, аға әріптестермен де етене араласып, көп дүниеге көзі ашылды. Толғандырған, жанын тербеген бірқатар сұрақтардың жауабын тапты. Болашақ образдарына қатысты қызықты бейнелерге кезікті. Абзал адамдармен жолықты. Сөйтіп, екі айға жуық уақыттың қалай өткенін аңдамай да қалған сияқты.

Гастроль жақсы аяқталып, туған ауылы – шалғайдағы Шалқарға демалысқа аттанып, әке-шеше, туған-туыс, дос-жаранның қасында тағы бір жарым айдай сайрандауы өз алдына бөлек әңгіме...

Ақыры Қарағандысына да біржола оралатын сәт туған.

Шырқау биік

1

Дүрсілдетіп, Украинаның «Днепропетровск – Барнаул» пойызымен Арқа даласының кіндік тұсын бетке алып келе жатқанында, сонау қырқыншы-елуінші жылдары нағашысы Әлімгерей мен әкесі Нарекеңнің теміржол бойында бастан кешкен машақаттары ойға оралады. Қазіргі ахуал мынандай, ертеректегі ауыр заманда ел тіптен қиналған шығар-ау деп толғанады.

Оралдан шыққан отарба Целиноградқа дейін үш тәулікке жуық жүреді екен. Иін тірескен жолаушының көптігінен бе, күздің қоңыр салқыны түскенімен, іштегі ауа біртүрлі бет шарпып, қапырықтанып, тыныс тарылтты. Әйтеуір, тықыршып, терлеп, тамбурға бір кіріп, бір шығып, мазадан айырылғандары естен кетпейді. Сөйтсе, Украинаның да көмірлі қаласынан шыққан пойыздағы жолсерік әйел түнде тоңды ма екен, «сақтықта қорлық жоқ» – деп өзімен ала шыққан бір қап отынының екі күрегін салып, пеш жаққан көрінеді...

Мұны білген жұрт ойбай-аттанға басып, жол бойғы «жыр» осы пеш әңгімесі болды. Әйтеуір, зорға деп аяқ іліктірген жолаушылардың жалпы вагонындағы ит-ырғылжыңмен Ақмолаға да жетті-ау. Пойыз осы жерден Павлодарға қарай бұрылып кететін еді. Сондықтан Қарағандыға автобуспен тартты.

Келе жатқанда іштей: «Адам баласының жаратылысы не деген қызық, суыққа да, ыстыққа да шыдамай, өмірі бабымыз табылмайтыны қалай екен?!» – деп күледі.

Бір жақсысы, әйгілі кеншілер қаласы алғашқы жолғыдай емес, кішкене, оң шыраймен қарсы алғандай-тын. Театр директоры Зейнолла ағай да

«Бізге Алматыдан осындай бір жігіт келеді» – деп күнібұрын жарнамасын жасап, елеңдеп күтіп отыр екен, жеткен бойда жұртты жинап, таныстырды. Ұжымның «қан тамырына» жаңа ағынның жалғасуы, әрине, әркімді де серпілтетін болуы керек; артистердің үлкені де, кішісі де дуылдап, қол соғып, қатарға су жаңа маманның қосылғанына шын ризалықтарын білдірген. Әсіресе, отыз-қырықтағы азаматтар «анда-мында жұмсап, илеуімізге жақсы» деп қуана ма екен, кейбіреуі жанына тартып, құшақтап:

– Әй, бала, нешедесің өзің? – деп сыбырлайды.

– Жиырмадамын...

– Е-е, бала екенсің ғой! Жақсы болды! Танысамыз әлі...

Әлбетте, мұнда да, әйелдер қауымы, оның ішінде көбінесе, әзірше тұрмыс құра қоймаған қыздар жағы қозғалақтасып, бір-біріне көз астынан қарап, жымыңдасып қалғаны түсінікті.

Негізі, мұны Қарағандыға алғаш шақырған осындағы режиссер Мұхтар Қамбаров еді. Бұлардың студиядағы дипломдық спектаклін бүкіл облыстық драма театрларының басшылары келіп көретін дәстүр бар. Міне, осыдан кейін олар өздеріне айрықша ұнаған бітірушілерге қолқа салып, жас мамандарды өз шаңырақтарына алып кетуді діттейді.

О жолы Венеция драматургі Карло Голдонидің әлемдік драматургияның бір шоқтығы саналатын «Екі мырзаның қызметшісі» комедиясы көрсетілген-ді. Кеңес білікті ұстаздары Александр Утяганов қойған бұл спектакльде Сильвио Ломбардидің ролін ойнады. Арнайы келіп қатысып отырған режиссер жата жабысқан-ды. Үзіліс кезінде-ақ тауып алып:

– Сен, бауырым, Қарағандыға жүрсейші! Біздің театр осы академиялық театрдан ешбір кем емес. Шын айтамын! Барған бетте-ақ көзің жетеді! Сөйтші. Ойланшы! – деді жалынғандай болып.

Бұл да елең еткен. «Іздегенге – сұраған» деген осы ма екен. Нұрмұхан, Әнуар ағалары да әуелден «Қарағандыға бар, Қарағандыға бар. Өкінбейсің!» деп «қақсап» жүргелі талай болды емес пе. Өзі де іштей: «Олардың жамандық тілемейтіні анық. Аттың басын түбінде сонда бұрармын-ау!» – деп елегзуші еді.

Ақыры, сол шешімге тоқтап, аталған ұжым ортасына келіп, толқып тұрған Кеңес жан-жаққа ақырын көз салып, шолғанымен, әлгі Мұхтар ағасын көпшілік арасынан көре алмады.

Бір кезде директор жас маманға қарап:

– Біздің қай жағынан да деңгейі биік, өзара тату шығармашылық ортамызға түскеніңіз үшін өзіңізді де құттықтап қойсақ та болар, – деп күлді. – Мысалы, театр шымылдығын алғаш ашқан – Қазақстанның Халық артисі Жәмила Шашкина (жазушы Зейін Шашкиннің зайыбы), Еңбек сіңірген артистер – Мұздыбек Әбдікәрімов, Әнуарбек Шаймерденов, Қалимаш Ахметова (атақты композитор Аққыздың сіңлісі), Күләш Ғабдуллина, Күлән Көлбаева, Ағдарбек Ыбыраев, биші Мәрия Мұқатаева... сынды әрқайсы бір-бір университет дейтіндей тарландар осында жұмыс істейді...

Сөйтсе, бұл, расында да, Сәкен театрының, содан біраз бұрын «Алматы көктемі» аталған республикалық байқауда лауреат атанып, одан бүкілодақтық фестивальде бірінші орын алып, айдарынан жел есіп тұрған кезі екен. Басшы:

– Бұл дәрежеге, адалын айтайық, өз ісінің хас шеберлері – Мұрат Қосыбаев пен Мұхтар Қамбаровтай кәсіпқой режиссерлеріміздің арқасында көтерілдік, – деді.

Кезінде Абай ролін сомдаған Халық артисі Мүлік Сүртібаев «Алғашқы шабандоз» фильмінде Аңғарбай бейнесін кескіндеген соң Алматыға ауысыпты. О кісінің әйелі – Қазақстанның Халық артисі Әйкен Мұсабекова да Алматы Академиялық театрында жұмыс істеген көрінеді.

Әсіресе, Мүкеңнің Абайына риза болған Ғабит Мүсірепов: «Бұл Абай – өте жақсы Абайлардың бірі. Мен көрген Абайлардың ішіндегі деңгейі аса жоғарысы» деп мақтапты.

Осыны айтқан директор:

– Ер Тарғын ролінде ойнап, бүкіл республикаға танылған батыр тұлғалы Зейнел Қойшыбаев та осы Қарағанды театры серкелерінің бірі, – деді.

Театр басшысы сөзін аяқтай берген кезде Мұхтар Қамбаров та алқына жетті.

– Бір кездесуге барып едім, шыққанымша осы болды, ғафу етіңіздер! – деді де, Кеңесті көргенде туған бауыры келгендей шаттанып, бас салып құшақтай алған:

– О-о, біздің бала да келіп қалыпты ғой! Жарайсың, алтыным! Сөзде тұратын жігіт екенсің! Енді бірігіп жұмыс істейміз!

«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендейін, Алматыда кездесіп, жұмысқа шақырған режиссерді таныған жас маманның да көзі жайнап, қуанып кеткен.

Соңыра кеңірек танысқанда білді, өзін бауырына тартқан ағаларының бірі Қарғаш Сатаев екен. Кеудесі талыстай жігіт көзі адырайып:

– Менің шын атым – Қарағандыбай, – деп күректей қолын ұсынғанда, Кеңес шын айтып тұр ма дегендей, аңтарыла қарап қалыпты.

– Рас, рас! Таңданбай-ақ қой, – деп күлді ол да.

Сөйтсе, Қарғаш әке-шешесі соғыс қарсаңындағы қиын-қыстау кезеңде көршілес Ерейментау жағынан көшіп келгеннен кейін осы Қарағандыда туыпты. Шахтер әкесі Рахымжан кенже ұлының есімін кеншілер қаласының атымен байланыстыруды ұйғарғандай...

Екі-үш күннен кейін-ақ аңдады, мұнда анау Нұрмұхан, Әнуар ағалары айтқандайын, творчестволық атмосфера, шынында, ересен көрінді. Режиссер Мұхтар Қамбаров Мәскеудің А.В.Луначарский атындағы мемлекеттік Театр өнері институты жанындағы студияны бітірген соң келіпті. Атақты актер Ыдырыс Ноғайбаевпен бірге оқыған көрінеді. Одан соң режиссерлік курсты түгескен екен. Өзі нағыз педагог та адам секілді, жаңа келген жігітті өзімен ертіп жүріп, театрдың мән-жайымен таныстырды, асықпай, ғимарат ішін аралатты. Мекеме «облыстық музыкалық қазақ драма театры» деп аталатындықтан, ұжымда жиырма бес адамнан құралған хор, сондай-ақ балет труппасы жұмыс істейтін көрінеді. Және «Қыз Жібек», «Ер Тарғын» сияқты қойылымдарда сахнаға атпен шығатындай жағдай бар...

Мұхтар Кеңеске сондай-ақ театр репертуарын, соның ішінде бүгіндері сахнада жүріп жатқан Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы мұғалім» және «Ана – Жер ана» спектакльдерін қадағалап көріп, көкейге түйіп, іштей саралап, кем-кетігін безбендеуді тапсырды. Мұнымен бірге Қалижан Бекхожинның Абылай хан туралы «Ұлан асу» пьесасымен мұқият танысуды сұрады.

– Бұл республика бойынша тұңғыш рет бізде қойылмақшы. Өзіңе тексті беремін. Жақсылап оқып шық. Міне, осыдан да, алдыңғы айтылған пьесалардан да өзіңе лайықты роль байқап, қойылымдардың кәсіби деңгейі туралы ой-пікіріңді бүкпесіз айтарсың, – деді.

Тағы бір ғажабы, театр жанында «Көрермендер конференциясы» деген клуб жұмыс істейтін болып шықты. Мұнда, негізінен, Қарағанды зиялыларының төбе биі, академик Ебіней Бөкетов, Қазақстан Жазушылар одағы филиалының директоры, көрнекті әдебиетші, зерттеуші Жайық Бектұров бастаған дегдар топ жиналады. Құрамда жергілікті қаламгерлер, суретшілер мен мүсіншілер қауымы, музыканттар, әнші, биші, күйшілер, бүкіл жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлар, көзіқарақты қариялар бар. Бұлар театрдың бір де бір премьерасын бос жібермей көріп, өзара талқылап, қойылымдардың олқылықтары мен жетістіктері туралы ұсыныс-тілектерін өнер ордасының шығармашылық жетекшілеріне жеткізіп, өзара пікір алмасып отырады.

Жайық Бектұров, бұған қоса, театр көркемдік кеңесінің мүшесі. Репертуар таңдау, өзекжарды тақырып, тың идея табу, тіпті, сахнаның декоративті және дыбыстық жағынан сәтті безендірілуіне дейінгі іске де белсенді араласып, ақыл-кеңес қосады...

Көп ұзамай облыстық телевизияда жұмыс істейтін Аманкелді Тәжібаев деген режиссермен және Ақселеу Сейдімбек есімді журналиспен танысты.

Әсіресе, Ақселеумен жолығуын үлкен бір олжаға, мол қазынаға кезіккендей қабылдағаны рас. Оның өнерге, жалпы өмірге деген тосын көзқарасы, білімділігі, тереңдігі, тапқырлығы тәнті етіп, бір-екі жүздескеннен-ақ өрісі кеңейе түскендей баурап еді. «Лениншіл жас» газетінің осы облыстағы Шерхан Мұртазадан кейінгі өз тілшісі. Жиырма бес жастарда. Өзі бас режиссер Жақып Омаровпен дос екен де, театрға жиі келетіндіктен, өзара аралас-құраласуы нығая берді...

Баспана «Майқұдық» аталатын ықшамауданнан бұйырған. Бұл да театрдың жас мамандар үшін бес қабатты үйден алып қойған үш бөлмелі пәтері. Орталықтан сәл шалғайырақ орналасқан демесең, тұрмысқа ыңғайлы жай; соның бір бөлмесін Кеңеске босатты.

Дегенмен, екі аралықтағы күнделікті жол қатынасы аздап қинағаны да жасырын емес. Кешкі жеті жарымда басталатын спектакль ерте бітті дегенде, он жарымда аяқталады. Өйткені, қойылым көбіне екі-үш актіден тұрады. Ту-у Майқұдыққа апаратын отызыншы нөмірлі жалғыз автобусқа театрдан шыққан көрермендермен таласа-тармаса ілігіп мініп, борандатып үйге жеткеніңше түнгі он екі болады екен.

Күндіз екіден алтыға дейін үзіліс бар. Кейде осыны пайдаланып, кішкене дамылдап қайтуға да үлгере алмай жатасың. Аялдамадан түскен соң да пәтерге дейінгі жол бірталай алыс...

Және Майқұдық аздап қиындау аудан көрінді. Ақ боз «30» жүргіншілерін аузы-мұрнын сықай толтыра салып алғаннан кейін айналдыра дедектетіп алып келіп, лапылдап тұрған оттың ортасына тастап жібергендей болады да тұрады. Өйткені аялдама түбінде «Ласточка» деген кафе мен жұмысшылар жатақханасы қатар орналасқан; түскен бойыңда масайған біреулердің өзара салғыласқан, жаға жыртысқан сәтіне килікпеске амалың жоқ. Күнде төбелес...

Ондайда сырғақтап, тұра безгеннен өзге лаж қалмайды. Жармаса кетіп, себепсізден-себепсіз соқтыққандарға анау, мынау деп басу айтып, қашқалақтайсың да жүресің. Ал тайсақтаған адамға бәрі – батыр. Кейде бостан-бос таяқ жеген кездер де болды.

Бірақ «Қорқақты қуа берсең батыр болады» – қашанғы қаша бергендейсің!

Сонау Оралдағы пансионда жүрген бозбала шақта ешкімнен тайсалмайтын күндері есіне түседі. Собор маңайындағы атақты Емельян Пугачев үйімен жапсарлас жалғыз қазақ мектебінің балаларына күн көрсетпейтіндер көп-ті. Кеңес интернаттағы кейбір ересек жолдастарындай бокс, күрес үйірмесіне қатыспаса да, ертелі-кеш би залынан шықпауының пайдасын осындайда көрді. Қимылы жылдам, аяқ-қолын қайшылап, құсша самғайтын әдістері бар. Қарсыластарын айнала секіріп келіп, бастан теуіп, талай мәрте мұрттай түсірген.

Сол машықтың септігі мұнда да тиді. Кішіпейілдігін түсінбей, қайта-қайта ұрынған бір-екі содырды жақсылап сабағаннан кейін көзі ашылғандай еді. Бұдан соң әлгіндейлер дереу «жынын» алдырып, жан-жақтан «достық» қолын созуға өздері ұмтылады екен...

Міне, осылайша жас маман да қатал Қарағанды тірлігіне біртіндеп кіріге беріпті.

2.

Мұндағы антрацит көмірдің даңқын сонау бала кезінен-ақ естіген. Әкесі жарықтық Қарағандының майы сыртына шыққан кесек-кесек тас көмірі қасиетін айтып, тамсанып отырушы еді. Ертеректе осы отынның бір қабы – бір ту бие болған күндер де өтіпті. Сол көмірді бүкіл СССР-дің түкпір-түкпіріне күні-түні, состав-составымен гүрсілдетіп, ерсілі-қарсылы әкетіп жатады. Оны қойып, антрацидті барлық социалистік лагерь елдері – ГДР, Польша, Чехословакия, Венгрия, Болгария, Румыния, Югославия, Вьетнам, Моңғол елі... түгел сұратады.

Расында, неткен байлық!

Сонау ашаршылық уақытында келген елдің аузына нанын тосып, қолма-қол баспанасын беріп, халықтың бір бөлігін аман алып қалған осы Қарағанды екен.

1937 жылы Алматыда Балалар үйінде жүргенінде Сәкен Сейфуллинге арнап ода жазамын деп басы бәлеге қала жаздаған Мұқатай Күлжанұлы айтқан бір әңгіме ылғи көз алдында тұрады.

– Он бір-он екі жас шамасындамын. Баянауылдан бері қарай бір үзім нан іздеп, он шақты отбасы Қара­ғандыға қарай шұбырдық, – дер еді о кісі. – Арасында әкем бар, өз туыстарымнан оннан аса адам жолда өлді. Жездем де сегіз баласымен бірге шейіт болып кетті. Одан, Қойтас деген жерде сегіз-тоғыз баланың сүйегі жатыр екен, оны апарып көмдік. Семізбұғы­дан да қырылған адам көп кездесті. Қара­ғандыға жеткенімізде жиырма шақты арба күн сайын үлкен алаңға жиналған елге үш мәрте тамақ әкеліп тұрды. Ел бәрібір қыры­лып жатты. Әлгі арбалар өлгендерді тәулігіне төрт реттен далаға апарып көмеді. Шешем 18-ші шахтаға жұмысқа орналасқан. Ол уа­қыт­та көмірді атпен айналдырып, шы­ғыр­шық арқылы шығарады. Көбіне шешем­нің орнына барып, көмір арасындағы тасты мен жинаймын. Одан шахта басшылары хат танитын адам жетіспегеннен кейін үш кластық білімі бар мені есепшілік іске қосты. Алматыға Балалар үйіне кеткенімше сонда жұмыс істедім. Шахтаның тағы бір жақсы жері – еңбегіңнің ақысын сол күні ауысым соңында қалтаңа салып береді...

Елдің маңдайына біткен Ахмет Байтұрсынұлы, Жамбыл Жабаев, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Ораз Исаев, Қажымұқан, әнші Май­ра сынды көптеген жақсы-жай­саң­ның бәрін дерлік көрген Мұқаң осылар туралы талай әңгімені бүгінге жеткізді.

Сәкен Сейфуллин бастаған топпен бірге 1936-шы жылы Москвадағы Қазақ әдебиеті мен өнерінің декадасына қатысушы Мұқатайдың немере ағасы, атақты әнші Жабай Тоғандықов та өнер жолына осындағы шахтерліктен барып түсіпті.

Міне, осылайша, облыстың түкпір-түкпірінен жан сауғалап орталыққа ағылған ағайынның ұрпақтары кейінірек осы аймақтың ғылымы мен білімін, өндірісі мен ауылшаруашылығын, өнері мен әдебиетін, журналистика саласын жоғары деңгейге көтерген білікті мамандарға айнала бастайды. Дегенмен, елдің басым көпшілігі шахталарға тартылатыны да түсінікті. Мысалы, анау Қарғаштың екі ағасы бірдей шахтер көрінеді...

Қарағандыда үлкенді-кішілі елудің үстінде шахта жұмыс істейді. Қаламен қанаттас Абай, Сораң, Шахтинск, Шахан... шаһарлары да кілең кеншілер мекені. Қарап отырса, бұл да, Қарағандыға келе сала, жұмыс бабымен осы шахталарға ақырындап барғыштай бастапты. Себебі одақтас республикалардың түкпір-түкпірінен немесе Алматыдан, Қазақ елінің басқа да облыстарынан түрлі мәдени шараларға делегациялар жиі ағылады; театр жетекшілігі соларды өндіріс орындарына бастап барып, саяхат жасататын адам ретінде көбінесе ұжымдағы ең жас, санасы сергек, аяқ-қолы жеңіл Кеңесті таңдайды.

Жер асты жұлдыздары жамыраған забойлар мен лаваларға бірнеше мәрте түсіп үлгеріпті. Әсіресе, шамы жарқыраған шахтер каскасын киіп, «Костенко» шахтасына ақын Ғафу Қайырбеков бастаған астаналық қаламгерлермен бірге барған сәті ұмытылмайды. Сол сапар арқалы шайыр штректе қолын алдыға созып, даусы саңқылдап, кеншілерге:

– Жалғадым мың отыңа бір отымды,

Өзіңмен бірге маздап тұрайын деп! –

деп, арнау өлең оқыды. Көп ұзамай осынау тақырыпта шахта жырлары циклін жазған...

Шахтерлермен араласа жүріп, байқағаны – жер бетінде көңілді, ашық-жарқын көрінетін кенші ағайындар жұмыс кезінде сонша сұстанып кететін сияқтанады. Көп сөз жоқ. Қимылдары нық. Артық әрекетке баспайды.

Олардың қырда жүргенде де, қаншалықты босаңсығанымен, қатаң тәртіпке, нақтылыққа, реттілікке бейімділігін байқар еді.

Аңғарғанындай, жалпы Қарағанды тұрғындарының болмысы бөлек. Көкейдегі ойды көбіне бүкпесіз, бетке айтады. Тік мінез. Сонымен бірге әділетті, еркөңіл, қайырымды келеді. Уәдеге берік.

Мүмкін мұндай дағдыға Арқа даласының ауа райы да әсер ете ме екен? Расында, қысы ұзақ өлкенің алапат аяздары не нәрсені де бипаздап, мәймөңкелеп жүруге мұрша бермес. Тірліктің қатал шындығымен жиі-жиі бетпе-бет келесің. Және осылайша ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүр оңайшылықпен өзгере де қоя ма...

Мінездің салқындығына, сақтыққа төңіректегі түрмелердің ықпал етуі де ғажап емес-ау. Бір Қарағандының өзінде тоғыз түрме бар... Тіпті, қасаң тәртіптегі әйелдер абақтысы да осында...

Кей-кейде әкесінің сонау ерте замандарда айтқан «Қарағандының өзі жаман болғанымен, адамдары жақсы!» деген сөзін ойлап қояды. – «Сонда өзі жаман дегенде, табиғатының жайсыздығын тұспалдай ма, әлде осы еңбекпен түзеу мекемелерін алға тарта ма екен? Мүмкін шахтадағы жұмыстың ауырлығын меңзейтін шығар» – деп іркіледі.

Қарағанды балалары да белгілі тәртіпке жастайынан-ақ түсе бастайтындай. Өйткені шешелерінен:

– Әй, тыныш! Шуламаңдар! Әкең түнгі сменаға барады! – деген сөзді күнара естиді.

Иә, Жұмекен ақынның:

– Мұның бәрі сөзбен айтсаң ­– тыныштық,

Көзбен көрсең?.. –

О, түсінем, түсінем:

Қарағанды қайнап жатыр бір ыстық,

Бір керемет жүректердің күшімен! –

дейтініндей, өзіндік өмір поэзиясы, өзіндік қатал өмір прозасы бар Қарағандының алау лебін мольбертін тігіп қойып, қала пейзаждарын салып тұратын Мыңғыш Әбілқасым сияқты реалист-суретші достарының жұмыстарынан да жіті сезінер еді. Мұнда да мың құбыла буырқанған бояулар арқылы қала тынысы ересен бұлқыныспен айшықталатындай.

Ал әңгімелесе қалсаң, кенші ағайындардың жан-жақты сауаттылығын аңдап, аңтарылар ең. Әдебиет, өнер... философия... саясат тақырыбын қаузаса, дәйектері үнемі мірдің оғындай. Ондайда, әрине, «жұмысшысы мұндай болғанда, ғалымы қандай екен» – деп таңырқауың да заңдылық.

Негізі, аймаққа түрлі кезеңдерде тап болған сонау сотталушы ағайынның бәрі бірдей қылмыскер емес, әрине. Көпшілігі 1930-1940 жылдары солақай саясат салдарынан жапа шегіп, Совет Одағының бас қалаларынан келген зиялылар. Олардың да аймақтың өркендеуіне лайықты үлес қосқаны анық. Мысалы, жергілікті жұрт осындағы медицина саласын таңқаларлық биікке көтеріп, даңқын айдай әлемге жайған сол білікті мамандар деп аңыз қылады...

Мұндайда тағы да Нұрмұхан Жантөрин ағасының «Караганда, все таки, город цивилизованный, интеллигентный...» – деген сөзін ойлар еді. Солай болатын жөні де бар секілді. Ежелден бүкіл ғұмырын ел тағдыры жолына арнаған Алаш арыстары Әлихан Бөкейханұлы, Жақып Ақбай, Абдолла Асылбек, Ілияс Ахмет сынды серкелер өсіп-өнген өлке ғой бұл...

Бір күні «Бейбітшілік» бульварында келе жатып, сәкіде екі-үш ақсақалмен сұхбаттасып отырған Әлімхан Ермековті көріп қалды.

Бұ кісіні осыдан екі-үш күн ғана бұрын сыртынан Ақселеу ағасы көрсеткен-ді. Қайран қалған. Атын естігені болмаса, әлгі озбыр отыз жетіде Әлихан сынды алыптармен бірге атылып, тарих тезінде, ғасыр қойнауында қалғандай көруші еді. Сасқанынан:

– Ойбай, о кісі тірі ме еді?! – депті ғой.

Ақаң күлді.

– Тірі болуы керек... Театр фойэсінде Жайық, Ебіней ағалармен қасқайып қатар тұрғанына қарағанда...

Сөйтсе, Әлекең халық жауы ретінде 1939 жылы қырық сегіз жасында сотталыпты. Сегіз жылдан кейін қысқа ғана уақытқа босайды. Бірақ әлдекімдердің жаласы арқылы тағы ұсталып, итжеккенге және айдалады. Қысқасы, түрмеде он алты жылдай отырған. 1958 жылы ақталған кезінде көрнекті мемлекет қайраткері, қазақтың арасынан шыққан тұңғыш математика ғылымының докторы алпыс жеті жаста екен...

Енді оны ешкім жұмысқа алмай, әбігерге салады. Пәлесі жұғады деп безе-қашатыны түсінікті. Сонда Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің жас ректоры, академик Әбілқас Сағынов Әлімхан Әбеуұлын өзі іздеп барып, қызметке шақырады. Мұны білген қызылкөздер дереу жетіп келіп, оқу орны жетекшісіне шүйлігіпті.

– Бәлен жыл сотталып келген халық жауын жұмысқа неге аласың?! – дейді ғой. Сонда ректор:

– Әлімхан Ермеков Ресей университетінің профессоры емес пе! Қалай алмаймын! – деп жауап қайтарады.

Әлгілер сөйтіп Россия атын естігенде барып жым болыпты...

Ал Кеңес қатарластарымен тал көлеңесінде отырғанын көрген сәтте осынау аңыз адам сексен жасқа таяған еді.

Жетіп барып қол берген:

– Ассалаумағалейкүм!

Ақсақал көз үстінен ақырын ғана қарап, сәлемін алды:

– Бұл қай бала?

– Театрданмын, аға.

– Ә-ә... Айналайын! Бәрі жақсы ма?!

– Жақсы-жақсы...

Әңгіме осымен бітті. Бұрылып бір қарағанында, Әлекең ұзап бара жатқан жігітті көз ұшымен ұзатып салып отыр екен.

Мұны таңырқатқан тағы бір жәйт – Әлекеңнің келбетіне қарап, оны ұзақ жылдар айдауда болған адам дегенге сене алмас едің. Тың. Сырт кескіні мұнтаздай...

Ақселеудің өзі Әлекеңді алғаш жақыннан былтыр ғана көрген секілді.

1964 жылы Сәкен Сейфуллиның туғанына жетпіс жыл толуына орай Сәбит Мұқанов «Сәкен Сейфуллин» атты пьеса жазады да, ол 1967 жылы тұңғыш рет Алматыда қойылады. Іле-шала Қарағандыда көрсетіледі. Бұл облыс көлемінде дүбірлі оқиға ретінде бағаланады. Шараға пьеса авторы екі-үш серігімен арнайы шақырылады.

Ойынды көруге Ебіней Бөкетов, Жайық Бектұровтарға ілесіп Әлімхан Ермеков те келіпті.

Пьесада Колчактан көмек сұрап баратын Әлихан Бөкейханов, әлбетте, өте жағымсыз бейнеде көрсетілген. Оның серіктерінің де аса сүйкімді кескінде суреттелмегені түсінікті.

Қойылым аяқталған кезде пьесаны артқы жақта оңаша отырып көрген Әлекең фойэде таяғына сүйеніп, бірге келген жолдастарын күтіп, тұнжыраңқырап тұр екен. Осыны байқап қалған Сәбит Мұқанов өзін қаумалаған өңір басшыларының арасынан бұрылып келіп амандасыпты:

– Әлеке, көңілсізсіз-ау! Аман-жақсысыз ба...

– Әй, Сәбит! Әлекеңді сонша сүмірейткенің қалай?!.

Алдында қасындағы нөкерлерінің: «Керемет! Ғажап! Теңдессіз дүние!» – деген мақтауына масаттанып шыққан жазушы қапелімде мұндай наланы күтпесе керек, абдырап:

– Заман ғой, Әлеке, заман ғой! – дейді.

– Заман қандай болса да, Әлихандар өз тұғырында қалуы керек емес пе еді! Жоқ, дәуір өзгерсе де, тарих ешқашан өзгермеуге тиісті!..

Осы көрініске тікелей куә болған жас Ақселеу мұны Кеңес інісіне күрсіне отырып әңгімелеп берген-ді:

– Әлекең жазушыға әлгі сөзді шегелегендей, саңқылдаған үнмен зілдене айтты да, театрдан шалқақ басып шығып кетті, – деді.

Сұлтанмахмұт Торайғыров:

– Әлімхан Ермекұлы жас жігіттен,

Келеді екінші болып бұл ретпенен.

Қазақта мұндай жігіт көрмедім, – деп,

Ардақты қарт Потанин лепес еткен...

Меніңше, Ермеков – деген бала,

Ұқсайды ұшқыр қыран қаршығаға.

Сөз, білімін сынайтын жері ілгері,

Әзір адал кісі ғой, жеке дара, –

деп жыр арнағанда Әлімхан жиырма бестерде екен.

Әлімханның ерлігі 1920 жылы тамыздың он жетісінде Мәскеуде өткен дүбірлі съезде жарқырай көрінеді. Онда Әлекең жиырма тоғызда...

Ал бұл жағдайды ақсақалмен жақын араласқан қарағандылық заңгер, ғалым Қабылсаят Әбішев ертеректе баяндап берген-ді.

Бірде сөзден-сөз шығып:

– Кеңес, сіз Қазақстан автономиясы шекарасын алғаш айқындап бергізген адамның екенін білесіз бе? – деді сыбырлап.

– Жо-о... Біле қоймайды екем.

– Бұл мәселе туралы РСДРП Х съезінде баяндама жасаған біздің Әлімхан Ермеков әкеміз еді...

Сөйтсе, одақтас республикалар территориясын бекіту жөніндегі іске келгенде қырғын тартыс басталады. Ленин, Сталин бастаған жиында, әсіресе, Саратов, Астрахан аймағының губернаторлары өре түрегеліп, Әлімханға:

– Сіз не айтып тұрсыз?! Қайдағы қазақтың жері?! Бұл – ежелден орыс территориясы! – деп, бірнеше ауданды алып қалуға күш салады.

Бірақ Әлекең де беріспей, қызу тартыстың аяғы, тіпті, өзара жаға жыртысуға ұласады. Сонда араға Ленин түсіпті:

– Жоқ, бұл болмайды, жолдастар! Дауды доғарыңыздар. Бұл мәселені бюрода қайта талқылауға тура келеді, – депті. Сол жерде оны:

– Дұрыс айтасыз. Әйтпесе ертеңгі күні көтеріліс басталып, ел іргесі қайта сөгіледі, – деп қолдаушылар да шыққан.

Ертеңіне Әлімхан Ермеков Ленинмен оңаша кездеседі. Әңгіме он бес минутке белгіленіпті. Бірақ сөз тез аяқтала қоймайды. Сонда сыртта Әлихан Бөкейханов бастаған «Алаш» серкелері екі сағатқа жуық тықыршып күтіп қалғанда, азаматтардың біреуі сағатына қарап:

– Апырай, біздің Әлекеңмен мұнша ұзақ сөйлесіп отырған мынау тазың да тегін адам емес-ау! – деп жұртты ду күлдіріпті.

Ақыры Әлихан Бөкейханов шыдамай телефон арқылы:

– Владимир Ильич, Қазақ шекарасы жайы қалай шешілетін болды? Мына жақта бір топ адам іс нәтижесін алаңдап күтіп тұр едік, – деп Ленинге хабарласып, шынын айтады. Сонда Ленин:

– Құттықтаймын! Мәселені жаға ғана шештік. Алаңдамаңыздар. Ермековтің талабын қолдадым. Тиісті құжатқа қол қойдым! – депті.

...Қарап отырса, Қарағанды көмірі жарты әлемді жылытса, Әлімхандай ұлдар ыстық от-жүрегі, жарқын идеясы, асқақ рухымен, асқан ақыл-парасатымен мұңы басым халқына пана болған екен.

3.

Қарағандының тіршілік-тынысы туралы алғаш қалам тартқандардың бірі – Мұхтар Әуезов. Заңғар суреткер өндіріс өмірін арнайы келіп көріп, цехтарды, шахталарды аралап, Қарағанды кеншілері жайында көркем очерктер жазады. Және оларды көпшілікке бояуды әлсіретпей, көтеріңкі романтикалық деммен, биік талғамға сай ұсынуға тырысқан.

Мысалы, «Механиканы аттай айдап, мерзімді мінгіш етіп алған 20-шы сияқты шахталарда буын-буын машина, түйін-түйін тетіктер көп» – деп басталатын жазбасына әуелі «Қарағанды сөйлейді» деп тақырып қойыпты да, артынша мұны қайта өшіреді. Одан оны «Қайсар қайрат – шахтада» – деп өзгертеді. Тәрізі, біраз уақыттан соң мұны да жарата қоймаған секілді, «Конвейерде күй басым» деп және бір байқапты. Ақырында «басым» деген сөзді сызып тастап, оның орнына «мығым» дегені анықтауышты таңдайды. Сөйтіп «Конвейерде күй мығымға» тоқтайды...

Бұдан жазушының не нәрсені қолға алса да терең толғанып, зор жауапкершілікпен атқаратыны, әрбір «нәзік» қалтарыстың өзіне хас шебердің әдетінше сонша жіті мән беретіні көрінеді. Сонымен қатар осыдан-ақ жазушының кеншілер қауымына деген зор құрметі де анық аңғарылатындай.

Ал Ғабит Мүсіреповтің атақты «Оянған өлке» романы күні бүгінге дейін мектеп оқулықтарынан түспей, оқырман конференцияларында қызу талқыланып келе жатқан шығарма екені мәлім. Мұның себебі, қазақ даласының бүкіл бір дәуірі, халықтың қайшылықты тәлейі баяндалатын кітаптың мән-мазмұнының тереңдігінде ғана емес, мәселе ең алдымен қаламгердің суреткерлік мәнерінде жататын сияқтанды. Оқушы, расында да, қилы тағдырларға қызығумен бірге осындағы портреттер галереясына, шығарма композициясына, оқиғалардың тартымды өрбуіне көбірек әуестенетін секілденеді.

Жазушы бұл дүниені ә дегенде эпопеялық трилогия ретінде жоспарлайды. Сөйтіп Қарағандыда айлап-жылдап жатып, материал жинауға кірісіпті...

Өлке туралы кесек туындының тағы бірі – әлбетте Ғабиден Мұстафинның «Қарағанды» романы. Осы жерде туып-өсіп, жастайынан жер қазып, токарь, машинист кәсіптерін игеріп, ағылшын инженерлерінен кейін азып-тозып, жабылған Қарағандының совет өкіметі тұсында қайта ашылуына тікелей куә болған қабырғалы қаламгерге мұндай ауқымды панорамалық шығарманы қолға алмасқа жол да қалмайтын сияқтанады. Бұл оның бітеқайнасқан өз ғұмырындай еді...

Бір қызығы, Ғабит Мүсірепов те өз еңбегін әуелде «Қарағанды» деп атаған көрінеді. Бірақ Ғабиден Мұстафин шығармасы «Қарағанды» атымен бірінші жарияланып кеткендіктен, кітап атауын амалсыз өзгертуге мәжбүр болады.

1934-1935 жылдары қалалық «Қарағанды пролетариаты» (қазіргі «Орталық Қазақстан») газетінде редактордың орынбасары қызметін атқарған жас Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романы да оқырман қауымның сүйікті шығармаларының бірі. Шахтерлер өмірінен жазылған туынды қалтқысыз шыншылдығымен, мөлдір тазалығымен баурайды. Қаламгердің өзі осы еңбегін жазу кезінде: «Мен Қарағандыға ризамын, ол мені жазушы етіп шығаратын болды!» – деп ағынан жарылыпты.

Жалпы, Қарағанды өмірі ақын-жазушылар мен өнер адамдарын ылғи қызықтырып отырғаны байқалады. Және олар осынау кенді аймақпен үнемі тығыз араласқан.

1961 жылы қыс айында өткен Қазақстан Жазушылар одағының Қарағандыдағы онкүндігіне Сәбит Мұқанов, Сәйділ Талжанов, Әлжаппар Әбішев, Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Хамза Есенжанов, Мұзафар Әлімбаев бастаған қырыққа жуық қаламгер келеді. Араларында Тұманбай Молдағалиев сияқты жастар да бар.

Осы сапарда атақты Бауыржан Момышұлы Қарағандыдағы Металлургтер сарайында шахтерлер «астанасы» мен жалпы Қазақ елінің рухани байланыстарына қатысты орыс тілінде баяндама жасайды. Мұны облыстық «Советтік Қарағанды» газетінің редакторы Бейсенғали Тайкіманов тілшілеріне үнтаспаға түсіртіп, оны қолма-қол аудартып, ертеңіне газетке жариялайды.

Кеңесті қызықтырған жағдайдың бірі – қарағандылықтардың батыр Бауыржанды өздерінің күйеубаласы санайтындығы еді. Әсіресе, жасырақ ақын-жазушылар бұ кісіні «жезде» деп жақын тартыпты. Мұндай қатынасты батырдың өзі де ризалықпен қабылдап, қимыл-әрекеті арқылы лайықты ықылас танытып отырған. Сөйтсе, Бауыржан ағаның зайыбы, батырдың жалғыз ұлы Бақытжанның анасы Бибіжамал апай Қарқаралының қызы болып шықты.

Баукеңнің осы іссапарда майдан даласында мерт болған әйгілі ұшқыш, Совет Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің анасы Бағжан апаймен кездесуі өз алдына бір хикаят...

Қарағанды жайындағы сонау шығармалар табиғатына тереңірек үңілсең, Мұхтар Әуезов те, қос Ғабең де... Саттар Ерубаев та өндіріс тақырыбына қалам тартып, жұмысшылар өмірінің қалтарыс қырларын ашуымен бірге, кейіпкерлерлерінің жан әлеміне дендей еніп, әрбір геройдың айшықты портреттерін жасайтынын көресің. Сөйтіп, қым-қуыт шиеленіскен тартыстар арқылы оқырманын еліктіріп, бір сәт солармен біте-қайнастырып жібергендей күйге түсіреді. Зерделі оқушы қаһарманның драмалық, психологиялық, лирикалық иірімдеріне бойлап, кейіпкерлер кейпінен маңайдағы қазіргі тіршілікті, тіпті өз-өзін көргендей әсерленеді.

Ал мұндай шеберлік сыры неде десең, автордың әрбір жағдай, әр ситуацияны жан-жүрегінен өткізіп, өз тағдырына ұштастыра бейнелейтінін сезінер едің. Сәттілік «рецептінің» бір құпиясы осы, сірә...

Мәселен, Саттар кітабындағы Рахмет пен Лизаның арасындағыдай шиеленіс жас жазушының өз басынан да өткені аңдалады.

Кеңес кейінірек Саттар сүйген сұлу Қарағандының қызы екенін, о кісінің қазір де осы қалада тұратынын кейбір жағдайларға тікелей куә болған әріптестерінің аузынан естіп, қайран қалды. Бұл әңгіменің айналасында да небір қызықты, өмірлік сабақ боларлықтай, ию-қию тартыстар өткенін білді. Мысалы, Саттар бастан кешірген оқиғалар ортасында кейінгі белгілі жазушы, осы өңірдің тумасы жас Жүсіп Алтайбаев сынды қыз-жігіттер де жүріпті. Ал бұлардың әрқайсының тағдырына шолу жасасаң, нешеалуан сырларға кезігерің анық...

Жас актер өзінің жерлес әкесі, атақты «Ақ жайық» трилогиясының авторы Хамза Есенжановтың өмірі туралы да талай толғанды. Хамзекең де сонау Әлімхан Ермековтер секілді халық жауы ретінде Колымаға айдалған... Ол да он жеті жыл отырған...

Сонда жазушының зайыбы София апай, арада біраз уақыт өткен соң, әбден төселген дәрігерлік жұмысын да, осы саладағы әжептәуір дәрежеге жетіп келе жатқан ғылымын да тастап, қосағының соңынан кетуге бел буады. Сөйтіп, жолдасымен бірге сотталғандай болып, ол да сонау жиырма жылға жуық уақытты мәңгілік тоң құрсанған Магадан жерінде Хамзекеңнің қасында өткізіп, оны елге аман-есен өзі алып келіпті...

Әлгі шақта арып-ашқаны сонша, қаттырақ жел соқса, қалбалақтап құлап қалатын күйеуін көтеріп, арқалап алатын көрінеді. 1938 жылы отыз жаста ұсталған адамның жер ортасына таяған шақта босағанын ойлаудың өзі жан сыздатпай ма...

Өзі әрең жүрген Хамза бір кішкене жастықты құшақтап қысып алып, тастамайды дейді. Сөйтсе, ол «Ақ жайық» кітабының бірінші томын жазып, сонда сақтапты...

Кеңестің ауылдастары, әсіресе, үлкендер жағы:

– Ай, Хамзадай асылдардың өмірін қор қылған бұл өкіметке не дауа!.. Бірақ оның бір бақыты – Софиядай жардың кездесуі болар. Жолдасы итжеккенге жер аударылғанда шығар жаны соның үстінде болды. Ойда жоқта қуғынға ұшырап, жапа шеккен қосағының жігерін жасытпады. Аялап күтіп, көңілін жүдетпеді. Күйеуі кеткеннен кейін көп ұзамай-ақ дереу соның қасына жетуге асықты. Ал Колыма дегенің күнара бара салатын мына тұрған Астрахан емес, жердің түбі! Басыңды қатерге тігіп, арып-ашып, айлап жүресің. Алапат аяз... Міне, сол азапқа бұл да төзді. Шіркін, әйел болсаң, ер-азаматын жанпида қылып аялаған Софиядай бол! Қазір бұлар күйеуі екеуі жер жүзіндегі ең бақытты адамдар! – деп айналадағы жұртқа, әсіресе, жаңа қосылған жастарға үлгі қылып отырар еді...

Кейінірек білсе, София апай – кәдімгі Мағжан Жұмабаевтың жиені екен. Анығырағы, ақынның әкесі Бекеннің туған қарындасы – Ғалияның қызы. Хамзаға жабылған жаланың бір ұшы осыған да тікелей қатысты: дұшпандары Мағжаннның күйеу баласы сол халық жауымен ауыз жаласты деп көрсетеді. Сотталуға екінші желеу – оның Алашорда өкілдері Халел мен Жаһанша Досмұхамедовтердің шәкірті болғандығы...

Сүйген жарға деген мұнша адалдық Кеңесті де көп толғантты. Кейде «басына іс түскен жолдасын сол апайдай қалтқысыз күтетін жастар осы күні табыла ма?!» – деп тебіренеді.

Сөйткен Кеңестің өзі де ұзамай осы бағыттағы күрделі ахуалға қалай тап болғанын аңдамай қалғандай. Тек, кішкене, басқашалау жалғасты мұның басындағы жағдай...

Алғаш жүрегін әлдилеп ұнатқан Фаридадан көңілі біртіндеп суығанымен, көп елегзіген-ді. Саябақ ішін жалғыз кезіп, бақыт құсын қалай үркітіп алдым деп қиялданып, ақша бұлттай көшіп бара жатқан арманына қарайлап, сенделіп ұза-ақ-қ жүретін. Тіпті, қатты қорланып, өз-өзін қоярға жеп таппай, дүниеден баз кешкен сәттері де бар.

Дегенмен, бір күндері қайтадан дүр сілкініп, қайтадан парлай самғап кетті. Қанаттандырған – Сәбира есімді бойжеткен еді.

Онымен де сол би алаңында кездейсоқ ұшырасқан. Ұзақ үзілістен соң достарына еріп барғаны сол-тын, ол да құрбыларына ілесіп келе қалыпты. Қаланың қызы. Оныншы класта оқитын көрінеді. Өте ұяң, биязы жан. Кеңесті көбінесе еліктірген де оның осы жұмсақ мінезі болуы ғажап емес. Фарида, керісінше, ылғи тепсініңкіреп, билеп-төстеңкіреуге бейім-ді. Қит етсе дауласып шыға келіп, ойыңды ойран қылатын. Бұ қыз сыбырлап қана сөйлеп, көңіл тербейді. Сөйтіп тұрып-ақ самалдай желпіп, жан-әлеміңе жаз орнатып, тыныштандыра қоятын сиқыры бар сияқтанады. Ал сұлулығы Фаридадан өткен. Аппақ. Иықтан түскен келтелеу қара шашын желкесіне түйген аласа бойлы, талдырмаш қана қыз. Жалт етіп, құралай көзі жәудіреп қарай қалған мезетте аунап түскен жүрегің аузыңа тығылғандай алабұртасың...

Бір ғажабы, екеуі тез табысыпты. Ұзамай-ақ үйленуге сөз байласқан...

Қысқасы, бұл студия оқуын түгесіп, Қарағандыға аттанар қарсаңда әйелі босанып та үлгерді. Ұл. Атын Қанат деп қойды.

Сәбира біреудің жалғыз қызы еді. Тетелес ағасының қайтыс болғанына екі жылдай өтіпті. Елулерден асқан әке-шешесі де біртоға, өте жуас адамдар болып шықты. Бұлардың бас қосу туралы шешіміне қарсылық білдірген жоқ.

Кеңестің Қарағандыға самолетпен ұшып, одан Алматыға бірінші кететін пойызға отыруының себебі де осы еді – әйелі мен кішкентай ұлына жетуге асыққан. Ал Павлодар гастролінен келген соң жас келіншегі мен сәбиін алып Оралға жөнелді. Онда мән-жайды жақсы біліп отырған ағайын-туыс астанаға біреу болып аттанып, үшеу болып оралған ұлдың құрметіне ұлан-асыр той жасады.

Сөйтіп, қазан айында балаларын көтеріп, қолұстаса Қарағандыға жеткен. Арман көп-тін...

Желтоқсанның басында Алматыдан қонақшылап Сәбираның анасы Гүлсім тәтей келді. Бір аптадай аялдаған. Бұлар театр берген үйдің әлгі бір бөлмесінде тұрып жатқан-ды.

Кеңес сол күндердің бірінде түнделетіп үйге келсе... бөлме қаңырап тұр. Ешкім жоқ. Жүрегі су ете түсті. Қараса, үстел үстінде бір парақ хат жатыр. Шешесі жазыпты. «Біз Алматыға қайтуды ұйғардық. Мынандай жерде қалай тұрасыңдар? Ең құрымаса қаланың орталығы да емес екен. Қақаған суықта бала ауру болмай ма. Араласатын да адамдарың жоқ. Сөздің тоқ етері – сен де көп бөгелмей кел. Қатын-бала керек болса өзің де ойланарсың» – депті.

Әйелінің жұмсақтығына алғаш рет қатты налыды. Ынжықтық деп есептеген. Шешесінің айтқанынан шыға алмапты. Бір ауыз: «Жоқ, біз ешқайда бармаймыз. Кеңестің жұмыстан келуін күтейік. Не дер екен» дей алмаған болып тұр.

Түсі бозарып, сылқ етіп отыра кеткен.

4.

Шешейдің ойы түсінікті. «Қайда барады. Мұнда қашанғы шыдар дейсің. Ертеңдері-ақ біраз қаңғырған соң Алматыға өзі-ақ ит болып қайтып келеді» дегені анық. Ал Сәбираның әрекетін сатқындық деп санады. Мұнша жәбірленбес. Дүниеде сүйген, сенген адамыңның опасыздығынан өткен қорлық бар ма.

Түн ортасында ішін тартып ысқырына ұлыған ақ түтек боранға терезеден қарап тұрып жылағаны сондықтан еді.

Әрине, өксіген жоқ, шарасыздықтан, дәрменсіздіктен тісі шықырлап, үнсіз егілген. Кірпігінен үзілген бармақтай жас бетін жуып, иегіне сорғалады.

Бірақ ә дегеннен-ақ «Жоқ, ешқайда бармаймын! Қозғалмаймын!» деп тастай түйілген еді. Айт-ұйт жоқ кетіп қалып, соңымыздан кел дегенге елпілдеп ере беретін байлаулы бұзау емес шығармын; және бір сатқындық жасаған адамға енді қалай сенемін деп шешкен.

Дегенмен, іші алай-дүлей болып, қатты қиналды. Расында, мұнда бекер келдім бе деп, саналуан қайшылықты ойлар сана сансыратып, түні бойы байыз таппай, бір отырып, бір тұрды. Сонда да, бәрібір, дүние күйсе де тырп етпеймін деп бекінген. Егер өз еркімнен тыс әрекетке барып, илегенге көнсем бүкіл қасиеттен айырыламын, одан кейін қалған тірлікте түк мән де қалмайды; ал өйтіп итшілегенше жер басып жүрмегеннің өзі дұрыс деп түйді. Енесін қатты сыйлайтын еді, о кісіден де мұншалықты қатыгездік күтпепті...

Таң алдында көзін бір сағаттай ілді ме, ілмеді ме, зорға тұрып, өңі құп-қу болған күйі театрға келді. Қарсы алдынан кездескен актриса Әсия Абылаева:

– Әй, сары томпақ, ұсқының не болып кеткен?! Мына түрің не! Аманшылық па?! – деді шошынып. (Бұ кісі – сонау Қарғаш Сатаевтың зайыбы. Мұны осылай атайтын).

Кеңес шындығын жасырған жоқ:

– Сәбира мен Қанатты шешесі алып кетті, – деді қабағы кіржиіп.

Көзі бақырайған Әсия жағдайды түсіне қалып, енді бұл да дереу солардың арттарынан аттанады деп ойласа керек, бірден:

– Қой, сен кетпе! Қайда барасың? Мұнда ренжітіп жатқан жоқпыз ғой! Кәне, бері жүрші, алдымен бір шынаяқ шәй ішіп алшы! – деп өзінің гримм бөлмесіне жетелей жөнелді.

Екінші қабатқа көтерілгенше көзі алақандай болып, аузын бұлтита, сыбыр-сыбыр етіп, жас баланы жұбатқандай, ақылын айтып келген:

– Аз ғана уақыт істесең де жап-жақсы болып қалдың. Мұнда өз орның бар. Әлі өсесің. Алматыда дайын тұрған жұмыс та жоқ қой. Басқа облыстардағы жағдайды да жақсы білесің. Жұмысқа алса да, жұрты қабылдамай, түртпектеп, көгертпейді. Міне, мен де консерватория бітіргеніммен ешқайда сыймай, осында келдім. Қарағанды ешкімді сыртқа теппейді. Еңбегіңді әділ бағалайды. Таланттан да кенде емессің. Басың да бар. Ештеңеге мойыма. Әлі-ақ барлық қиындықты жеңіп шығасың. Кетпе! Туған інімдейсің, жалғыз тастама мені...

Әсияның кетпе дегеніне таңырқады. Өзге біреу болса «жұмыс, қызмет қайда қашады, қалайда отбасын сақтауың керек» дер ме еді?

Бірақ Әсия мен Қарғаш екеуінің бұ жағынан небір от пен судан өткенінен хабардар болып үлгерген-ді. Сондықтан бірдеңені білетін шығар деп ойлады. Әсіресе, көкейдегі ойын бүкпегеніне, мәймөңкелемегеніне риза болды.

– Жоқ, кептеймін ешқайда! – деді ет-жүрегі қан-жоса болып тұрып...

Кейінірек аңдаса, жан күйзелтуі шығармашылығының өсуіне бірталай пайдасын да тигізген секілденді. Қалижан Бекхожинның «Ұлан асу» пьесасында ханмен бірге жоңғардың қолына түскен Абылайдың шабарманы Томашаның ролін ойнаған еді, соған Ебіней Бөкетов қатты риза болып, көпшіліктің алдында алғыс сезімін білдірді.

Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романы бойынша жасалған инсценировка бойынша бұл сомдаған Ықыластың ролі де республикалық деңгейде жоғары бағаланды. Белгілі театр сыншылары өз рецензияларында: «Жұмысшылар өмірінен жазылған алғашқы қойылымда биік деңгейден көрінгендердің бірі – жас артист Кеңес Жұмабеков» деп абыройын асырды.

Көңіл жүдетіп, қиналған, дағдарған шақтарда, бір жағынан, ширығып, батыл ойнауың өз алдына, белгілі кескінді бейнелеп, образды ашуда өз басыңнан өткерген жан тебіренісі көп жәрдемдесетін сияқтанды. Және мұндайда, маңдайыңа соққы тигендіктен бе, бұрын өзің білмей жүрген кейбір сұрақтардың мәніне көз жеткізіп, бірталай жәйтті терең түсіне бастайтындайсың. Ширап, пісе түсетіндейсің...

Қатты опық жеп, аласұрған шақтарында таңды таңға ұрып, кітап оқыды. Негізі, осы дағдыға баулыған Нұрмахан Жантөрин ағасы болар-ау. О кісі кейде Кеңесті әлдебір сирек кітаптарға жұмсайтын-ды. Соларды әкеле жатып «әй, бұлардың қатты қызықтыратындай не құдыреті бар екен?!» деп автобуста келе жатып парақтай отыра, біртіндеп кәнігі оқырманға айнала бастағанын аңдамапты. Ақселеу ағасы да ылғи небір қат кітаптарын ауысып тұрады. Міне, сахнада осы әдетінің де көп көмегі тиді.

Мәселен, Сәкен Жүнісовтің «Қос анар» спектаклінде Қарасайдың баласы Жәлелді ойнаған. Бұл да әкесінің ізін жалғастырушы, бұл да тың жерді игеру саясатына қарсы адам. Жас болғанмен колхоз, совхозға да кірмей, әкесімен бірге шеттегі жалғыз үйде қала береді. Ауылға аудандық партия комитетінің секретары келген кезде бұлардың әрекетіне наразылығын аңдату үшін шөп даярлап жатқан бұл бастықты аңғармаған болып, қолындағы айырын қатты серпіп, лақтырып жібереді. Сөйтеді де, әкіммен бетпе-бет келгенде селт етіп:

– А, сіз екенсіз ғой. Амансыз ба? Байқамай қалыппын. Кешіріңіз, – дейді. Бірақ айырды орнынан көтермейді.

Секретарь (рольде – Жәмила Шашкина) мән-жайды түсіне қалып, бұған шаншыла қарап, өңі бұзылып, кейіпкердің сонадайда тұрған әкесінің атын атап:

– Қарасай-и! – дейді...

Негізі, пьеса мәтінінде Жәлелдің айыр лақтыратын көрінісі жазылмаған. Артист ремаркасында жоқ. Қойылымдағы осындай тосын, ұтқыр көрініске куә болған автор:

– Билікке қарсылығыңызды өте әдемі, сәтті білдірдіңіз. Бірақ осы әрекет ойыңызға қалай келді?! – деп таң қалды.

Оның «құпиясы» – бұл рольге дайындаларда пьесаны ғана емес, оқиға жан-жақты баяндалатын «Жапандағы жалғыз үй» романын жастанып оқыған болатын...

Сәкен шығармаларындағы тұспалға, ой тосындығына таңырқаушы еді. Мысалы, кей ағайынның:

– Ойбай, бізге темір жол келе жатыр! Ғажап болды ғой! Енді төрткүл дүниемен қарым-қатынас орнап, өрісіміз кеңейіп, ен дәулетке кенелеміз, – деп масаттанады. Сонда екінші бір қазақ:

– Өй, есуас, несіне мәз боласың?! Ол келе жатқан жақсылық емес, аждаһа емес пе! Мұнда жеткен отарба қыруар байлығыңды тиеп, өз елдеріне тасиды! Оған несіне қуанасың?! – деп кейиді.

Расында да, арада біраз уақыт өткенде мал біткеннің бәрін сыпырып-сиырып әкетіп, аштық басталды. Автордың осындай қиғаштау жолдарын цензура қалай өткізіп жіберген деп қайран қалады...

Уақыт шіркін, расында, қандай жүйрік. Бұл аралықта Табиғат-ананың қысы мен көктемі, жазы мен күзі кезек алмасып, будақ бұлттары түйдек-түйдегімен үдере көшіп, өмір-өзен арнасынан асып төгіліп, буырқана тасып жатты. Басынан қары мен жаңбыры араласа жауып, дірдек қақтырған күндер де, мизамшуақта кемпірқосақ құлпырып, нұрға малшындырып, жан жадыратқан сәулелі сәттер де өтті.

Кеңес бұдан кейін де шақша басын тауға да, тасқа да соға жүріп, біртіндеп шыңдалып, есейе беріпті. Өмір ылғи той болмағанымен, күнде қараңғы қапас та емес, өнер айналасында небір қызықты кездесулер, жарқын жүздесулер, көңіл семіртетін сұхбаттар болатыны заңдылық. Соның бәрінен ізденімпаз жігіт бал жинаған арадай, керегін көңіліне тоқып, үйрену дағдысын дамыта түсіпті.

Кейде күлкісі келеді. Өзінің кейбір бұрынғы балалық, шалалық әрекеттеріне биіктен қарап, өз-өзін мазақтап күледі. Мысалы, кезінде сол Нұрмұхан ағасының отбасылық трагедиясын мүлде түсінбепті. Бұ кісілерге не жетпеді екен деп таңырқаушы еді. Күндердің күнінде сондай жағдай өз басыма түседі деп ойламапты да. Қазір қараса, мұның қайғысы о кісі бастан кешкен тартыстардың қасында ойыншықтай көрінеді екен. Ал Уильям Шекспирдің әйгілі «Макбет» пьесасындағы шым-шытырық шырғалаңды осындағы басты рольді сомдаған Нұрекеңнің өз өмірімен салыстырса ше... Онда ағасы өткерген арпалыстар да жай нәрсе сияқтануы мүмкін-ау...

Шынында, мұндай әлемдік деңгейдегі үздік қойылымдарда көрініс табатын достың, жардың сатқындығы сияқты жәйттер ылғи қым-қуыт ойларға жетелемей қоймайды. Демек, алуан-алуан драма сырларын игерген актер әр спектакль сайын үнемі өсіп отыратыны анық. Әрбір көрермен де белгілі ойындағы қайшылықтар мәнін таразыға салып, жеке өмірімен салғастыра алса, тірліктегі талай шиеленістің жауабын табар ма еді...

Осы «Макбет» қазақ тілінде алғаш Қарағанды театрында қойылған.

Кезекті бір спектакльден кейін бас режиссер Жақып Омаровтың кабинетіндегі әңгімеде Ебіней Бөкетов:

– Бұл өте сәтті қойылым болды. Сенің кейінгі ізденістеріңе өте ризамын, – деп қалды. Сонда парасатты ағаның ілтипатын зор ықыласпен қабылдаған режиссер біраз ойланып отырып:

– Ебеке, ниетіңізге рахмет. Дегенмен, шынымды айтсам, менің бұл деңгейге аса көңілім толмайды. Егер Шекспирдің тарихи негізде жазылған «Макбетін» қоя алсақ, мүмкін сол кезде татымды бірдеңе тындырдым деуге болар ма еді. Қазір өзім де пістім, ойым да жетілді, шіркін, сол пьесаны қазақшаға аударсақ... Көптен мазамды алған жәйттің бірі – осы. Тіпті, басты рольді ойнайтын актерді да сөйлесіп, дайындап қойып едім, – деді.

– Ол актер кім?

– Нұрмұхан Жантөрин! Өзі: «Егер сәтті аудармасы болып жатса, ойнауға дайынмын» деп алақанын ысып отыр.

– Ендеше соны қолға алайын да, Жақып. Сен Пастернактың аудармасын сұратшы...

«Макбет» трагедиясын ағылшын тілінен орысшаға бірнеше автор аударған көрінеді. Ебіней ағаға осылардың арасынан Пастернак аудармасы қатты ұнаған сияқты.

Арада біршама уақыт өткенде аударма да даяр болып, ол Нұрмұхан Жантөринге жіберілді. О кісі мұқият оқып, танысып шығып:

– Ғажап аударма екен! Тура төл туындымыз сияқты. Ойнаймын! – депті.

Көп ұзамай-ақ келді. Бір жарым айдай жатып, ойынға дайындалды. Режиссерден сұрап, қасына қаршадайынан ерген Кеңесті қосып алған.

Келген бойда орталық кітапханаға кіріп, Анатолий Эфростың «Репитиция – любовь моя» деген еңбегінен бастап, Шекспир туралы жазылған кітаптардың бәрін жинап алды. Жеті кітап... Бұған қоса осы спектакльге қатысты баспасөзде жарияланған түрлі рецензиялар бар...

Бір күні бұл өзінің жеңіл көлігімен ызғытып, мейманханаға келсе Нұрекең ерекше арқаланып, қуанып отыр екен:

– Кеңес, таптым! – деді шаттанып.

Сөйтсе, Ричард ІІІ пен Макбеттің шешесі екеуі бөле болып шықты. Соны біліпті.

– Тогард – қатыгез, залым адам. Мынау да – қанішер. Таққа таласып, қаншама елді қырды! Неге бұлай? Зұлымдықтың түпкі сыры неде деп талай бас қатырдым. Ал бұрын Банконы да, басқаны да леди Макбеттің азғыруы бойынша өлтірді деп жүруші еді ғой, бірақ мәселе екеуінің қан туыстығында екен! Мінеки, көрдің бе!.. Қазақ «тегі жаман» демей ме, жауыздық анасы жағынан келген болып тұр. Жұмбақ шешілді. Теперь буду действовать! – деді сөзін орысшалай аяқтап.

Кеңес те осы қойылымдағы өзіне бөлінген рольді биік деңгейде шығаруға жанын салған-ды. Пьесаны шұқшия оқып, әрбір кейіпкердің ойынындағы қалтарыстарға жіті қарап, түсініңкіремеген тұстарын Нұрмұхан ағасы мен бас режиссерден қысылмай сұрап, пысықтаумен жүрді.

Ертеңіне кейінгі әдетінше «Қарағанды» қонақ үйіне бас сұққан. Екінші қабатқа көтерілсе, Нұрекең мен Жақып ағайы алакөлеңкелеу бұрыштағы шағын үстел шетінде тұнжырап отыр. Түрлері әлем-тапырық. Үстелде әлдебір газет жаюлы жатыр.

Сөйтсе, республикалық «Ленинская смена» басылымына Ю.Рощин дегеннің Ебіней Бөкетов туралы «В соавторстве… с Хлестаковым» деп аталатын фелье­тоны жарияланыпты. Хлестаков – Гогольдің атақты «Ревизор» шығармасында сұмдық менмендігімен, кеудемсоқтығымен көрінетін кейіпкер екені мәлім. Сонау сатиралық материалдың авторы да көрнекті ғалымға пәле жауып, мазақ қылуға тырысып, оны да сондай асқан даңғой, мақтанқұмар жан ретінде көрсетуге тырысады.

Ә дегенде, әрине, Кеңес мәселе мәніне түсіне қойған жоқ. Тек санасында: «Апырмай, бұл қалай? Неге өйтті? Және Ебекеңді кім, не үшін қаралайды? Мұндай «сынды» Ебіней ағаның өзі қалай қабылдар екен?» деген сұрақ тұрды.

Бұл да ағаларына қосыла үрпиіп, әлден уақытта үшеуі үн-түнсіз, іргеде тұрған театр ғимаратына қарай аяңдаған.

Бір кезде Жақып:

– О-о, Нұреке, анда Ебекеңнің өзі жүр ғой! – деді таңырқап.

Селт етіп қараса, екі жүз қадамдай жердегі алаңда Ебіней аға шляпасын қолына ұстаған күйі ойға батып, ақырын ғана, олай-бұлай адымдап жүр.

Бір ғажабы, бұларды таныған о кісі үшеуімен күле амандасты:

– Иә, Нұреке, қалай тынықтыңыз? Көңіл-хошы жақсы ма? Жігіттер, қал қалай?..

Жапа-тармағай қол беріп есендескен соң Нұрмұхан аға:

– Газетті оқыдық, Ебеке. Бұл қалай болғаны? Тіпті, әлгі автордың жазғаны шіп-шикі өтірік қой! – деді бірден.

– Иә, мен де оқыдым. Жала, әрине... Содан сіздермен ақылдасу үшін машинаны босатып, өздеріңізді күтіп жүрген бетім еді.

– Қайдан шыққан әңгіме бұның өзі...

– Білдім хабарласып... Алматыдағы жолдастармен... Жазған адамның да кім екені белгілі болды. Және «желдің» қайдан есіп тұрғанын да түсіндім. Айтпақшы, Жақып, премьераға дейін бір жұмадай уақыт бар емес пе, қойылым уақытында бола ма? Егер шегерілсе, Алматыға барып қайтпақшы едім.

– Уақытында болады, Ебіней аға. Кешіктірмейміз.

– Ә, ендеше онда премьерадан кейін барармын... Көп еңселерің түспесін. Бәрі орнына келетін жағдайлар ғой.

– Иә, сөйтетін болар. Өзіңіз де мұқалмаңыз, Ебеке.

– Әрине. Оқасы жоқ. Тек маған бір батқаны – мақаланың жастар газетіне шыққаны. Мұны оқыған студенттерім не дейді?! «Е, біздің ректорымыз мынандай екен, басқаға не жорық!» демей ме. Сол ғана. Оң-солды білмейтін жастар шындықтан адасады ғой... Жарайды, енді амал жоқ...

Ақыры премьера күні де жетті.

Енді бір қиыны, аяқ астынан Нұрмұхан аға кенеттен жүрегі қысылып, қатты ауырып қалғаны... Тура гримм бөлмесінде...

Сахнаға шықпағанына он жылдан асыпты. 1967 жылы кетіп, кино саласына ауысқалы театрға қайта келіп тұрғаны беті осы көрінеді. Содан толқыды ма екен, кім білсін. Жан тебірентіп, ұзақ даярланған роль де өте жауапты. Және труппа – бөлек. Қарағандынікі...

Залда мыңға жуық көрермен күтіп отыр.

Қолма-қол жетіп келген екі дәрігер актердің «жүйке тыныштандыратын дәрі ексеңіздер жеткілікті. Қорықпай шыға беремін!» дегеніне қарамастан:

– Жоқ! Екпе жасалады, бірақ сахнаға шығуға мүлде болмайды! Құлаған жағдайда ештеңе істей алмай қаламыз! – деді үзілді-кесілді.

– Егуді жасаңыздар да қарап тұрыңыздар, қалайда ойнап шығамын!

– Жоқ! Жоқ! Айтылды ғой, бітті!

Жақып Омаров көпшілік ішінде отырған Ебіней ағаға барып, ақырын ғана құлағына сыбырлап, мән-жайды түсіндірді. Ебекең көзі бақырайып, режиссердің сөзін тыңдаған соң оған:

– Қой, кәне, о кісінің өзімен сөйлесейік! – деп, Жақыпқа еріп гримм бөлмесіне келді.

– Нұрмұхан, жүрекпен ойнауға болмайды. Ойыншық емес, – деді. – Сіз халқыңызға керек адамсыз. Қойылымның бір күн кейін шегерілгенінде тұрған дәнеңе жоқ. Бүгін болмаса ертең ойнайсыз. Мұндайда ешкім сөге-жамандамайды. Қазір жағдайды елдің алдына шығып, түсіндіреміз. Уайымдамаңыз. Дәрігерлер рұқсат бермесе, оларды қинауға бола ма...

Көрерменнің дені зиялы қауым еді. Университет пен Политехникалық және Денешынықтыру, Кооператив институттарының оқытушы-профессорлар құрамы, қаладағы саналуан өндірістік мекемелерде, халық шаруашылығының түрлі салаларда қызмет ететін мамандар, жергілікті қаламгерлер... Режиссер ортаға шығып, ахуалды айтып, кешірім сұраған соң жағдайды бірден түсінді.

Жақып:

– Ал, Кеңес, сен Нұрекеңнің қасында бол. Қажет жағдайда дереу маған хабарлас, – деп мұны ағасының жанына қалдырып, өздері үйлеріне қайтты.

Екеуі оңаша қалғанда Нұрекең сүзіліп, өзінің айнадағы бейнесіне ұзақ қараған. Одан шәкіртіне бұрылып:

– Сен кешір мені, – деді кібіртіктеп. – Қанша құлшынғанмен шыға алмадым. Амал жоқ... Қандай керемет гримм, ә?! Менің кесірімнен көрермендер мынандай әдемілікті көре алмай қалатын болды. Қап!...

Кеңес таң қалды. Не деген кішіпейілдік! Қалың халықтан ғафу өтінгендей, бұған иіліп, кешірім сұрап отыр.

Ғажап болғанда, ертеңіне халық кешегіден екі есе көп жиналды. Тіпті, ел кең залға сыймай кеткен. Бір деммен, жарқылдап, жоғары деңгейде өткен қойылым соңында көрермен қауым әйгілі Нұрмұхан Жантөриннің ғана ойынына емес, Леди Макбет ролін керемет сомдаған Әсия Абылаева бастаған өзге де өнер жұлдыздарына: Рамазан Баймағамбетовке, Сердеш Қажымұратовқа, Халила Жетімтаеваға... ұзақ қол соқты. Әсіресе, гу-гу етіп, Нұрмахан ағаны қайта-қайта ортаға шақырған.

Әлбетте, Кеңес те жақсы ойнады. Бұл онда король мұрагері Мальколмнің ролін орындаған-ды. Макбет өзімнің болашақтағы бақталасым деп сақтанатын кейіпкер бейнесін шығару оңайға түспеген. Көп ізденді. Нұрмұхан аға мұндағы даярлықта да жас шәкіртін кәсіпкерлік жағынан әбден шыңдап, үлкен мектептен қайта өткізгендей еді.

Ебіней Бөкетов те сахнаға қасына академик Әбілқас Сағыновты ертіп шығып, артистерге көптен-көп рахметтерін айтқан.

Ойын ертеңіне тағы қойылды.

5.

Ертеректе осы Ебіней, Жайық ағалары бар, Ақселеу Сейдімбек пен әнші, актер Рамазан Баймағамбетов бесеуі Жақып Омаровтың кабинетінде бас қосқандары есіне түседі. Рамазан Павлодар облысындағы гастроль кезінде ескікөз адамдардан Иманжүсіп Құтпанұлы мен Естай Беркімбайұлының көпшілікке белгісіз кейбір әндерін жазып алып қайтыпты. Бәрі соны тыңдауға жиналған.

Әуелде ол іске жөн сілтеген Ебекең екен. Баяғыдан бір-екі студенті арқылы мән-жайды бақылап, іштей зерттеп жүріп, нақты бір ақсақалдардың мекен-жайын біліп алған соң әнді жазып алуды Ақселеу, Рамазан бауырларына ықтияттап тапсырады.

Кеңесті Қарағандыға алғаш келген күндерден таңырқатқан бір жәйт осы-тын – Ебіней Арыстанұлы химия саласын бойынша атағы әлемге жайылған ғалымдығымен бірге СССР Жазушылар одағының мүшесі екен. Сөйтсе, бұ кісі үлкен аудармашы болуымен қатар ірі жазушы да көрінеді. Енді мынандай зерттеушілігін аңдағанда таңдай қақпағанда қайтесің...

Ақселеу де Кеңеске гастрольге барғанда ел ішінде шежіре қарттар бар ма, жақсы әншілер, жыршылар кездесе ме, соларды байқай жүр деп ылғи өтінетін.

Ақселеу мен Рамазан ән мәтінін қағазға ықтияттап, қайта түсіру ісіне Кеңесті де қосты. Өйткені қаламы жүйрік және сауатты жазады. Рамазан шағын қара домбырасын күмбірлетіп, әуезді қоңыр даусын әуелете, тербей толғағанда бұл қолы жыпылдап, жазуға кіріседі. Мұның шатысып қалмай тез үлгерейін дегендей, бір сәт алақтап, әншінің аузына емінген түрін қызық көрген Ақаң бір езуден жымиып қойып, ортадағы коньякты оймақтай рөмкелерге құя бастайды.

Пиджагын орындық арқалығына іліп, жейдешең қалған Ебекең галстугін босатып, екі қолын қусырынып, Рамазан інісіне аңтарыла қарап отыр. Қызылшырайлы жүзі тершіген Жайық аға да бірінен кейін бірі тамылжи шырқалған әнді сонша беріле, тебірене тыңдайды.

Әлден мезгілде әуенге үнсіз құлақ түрген ол:

– Кезінде естіген екенмін. Бірақ әбден жоғалды-ау, енді қалпына келуі екіталай деп іштей уайым жеуші едім. Мынау бір сәті түскен шаруа болыпты ғой! Жарадыңдар, жігіттер! Тек кейбір сөздерін реттеу керек сияқты. Жаңсақтау айтылған жерлері бар, – деді.

Естайдың «Қоштасу» әніндегі:

– Апырай, қартайдым ба өтіп дәуір,

Менде жоқ жан ашитын туыс, бауыр,

Жұрдай боп замандастан қалдым жалғыз,

Осыны ойлағанда болады ауыр, –

деген тұсына келгенде Ебіней ағаның кірпігін жас шылады.

Неге тебіренді екен?

Сол сәтте Кеңес өзі де, қалай екенін, көз алдына алыста жүрген кішкене Қанаттың кескіні елестеп, жүрегі шым ете түсіп еді.

– Ғажап! – деді Ебіней аға кенет серпіліп. – Рамазан, енді сен Ақселеу екеуің текст әбден реттелген соң көп бөгелмей Алматыға аттанып, осының бәрін Қазақ радиосына жаздырыңдар. Міне, сонда ғана бірталай іс тындырдық деуге болатын шығар...

Ебекеңнің бұл тапсырмасы көп ұзамай-ақ орындалды. Оқиға республикалық деңгейде үлкен серпіліс туғызған.

Сол 1975 жылы ма екен, осы әндер туралы хабарды жазушы Ахат Жақсыбаев та естіп, Рамазанға: «Орнындаған әндеріңіз кермет! Сондай інжу-маржан дүниені іздеп тауып, ел ризығына айналдырғаныңыз үшін көптен-көп рахмет айтқым келеді! Енді, мүмкіндік болса, Иманжүсіп әндерінің толық нұсқасын маған салып жіберуіңізді сұраймын» – деп хат жазыпты. Бірде досы қатты қуанып, осыны Кеңеске көрсетіп: «Байқайсың ба, біздің еңбегімізді жоғары бағалаған ағайынның саны көбейіп келеді. Бүгін-ертең мына жазбалардың бәрін жақсылап көшіртіп, жазушыға салып жібергелі отырмын» – деді.

Кеңес сонау фельетонды қайта-қайта оқыған. Сол жағдай өте бір қисынсыз көрініп, мазасын алған-ды. «Ебекеңе сонша неге шүйлікті? Көздегендері не?!. Мұхиттағы кеме секілді осындай алып тұлғалардың да жаулары бола ма?» деп таңырқады.

Жұртшылық бұ кісінің өңірде алғаш ірге көтерген Қарағанды университетінің алғашқы ректоры ретінде оқу орны ғимараттары мен студенттер жатақханасы, оқытушы-профессорлар құрамына арналған тұрғын үй салу кезінде таңертеңнен кешке дейін құрылыс басында жүргенін аңыз қылады. Қай істі қолға алса да шыңына жеткізе атқаруға күш салатын жетекші мәскеулік ықпалды достарының көмегі арқылы аудиториялар мен зерттеу орталықтарын дүниедегі ең озық құрал-жабдықтармен жасақтапты. Одан іле-шала Бүкілодақтық химияшылар кеңесін өткізеді. Сол дүбірлі жиында өзінің жасанды мұнай алу әдісі туралы жаңалығын жариялап, жан-жақтан келген әріптестерін таң қалдырған. Білім шаңырағындағы ғұмыры бітпейтін әкімшілік шаруа түйткілдері ол бар. Бұған қоса түн қатып, әлем классиктерінің шығармаларын қазақшалайды, өз дүниелерін жазады. Қалт еткенде университет пен облыстық театр арасын жол қылып, халық композиторларының ән-жырын түгендеп, елдің рухани мұрасын жинақтауға жан салып жүргені мынау. Ал осындай жанкешті адамының біреулердің алдында қоқиланып, күпиюге, кеуде қағуға қолы тие ме...

Жоқ, Ебекеңді мақтаншақ, мансапқұмар адам деу тіпті санаға сыймайды екен. Өзінің жаны қандай таза, жүрегі неткен нәзік еді! Және батыр тұлғалы болғанымен баладай аңғал, өте қорғансыз адам сияқты. Өткенде ән тыңдап отырып көңілі неден босады? Бұ кісіде ұл жоқ деп естуші еді. Соған қамыға ма... Әлде тірліктің өзге бір түйткілдері қинай ма...

Әсия жеңгесінің мұның да қатты құлазып, қамыққан сәттерінде ақыл айтатынын кезі еріксізден есіне түседі. Ештеңеге мойымаймын деп қаншалықты тырмысқанмен, бірталай күйзелгені рас. Отбасынан ажырау оңай ма. Тіпті, бұл да сонау «Ласточка» кафесіндегі «достарымен» түннің бір уағына дейін отырып, кеудедегі күйінішті шараппен басуға әркеттенген сәттері кездесті.

– Жүнжи бермесейші. Кішкене жігерлірек, еңселірек болмайсың ба! Өмір деген ойыншық емес, қазір кімге жеңіл дейсің?! Жетісіп жүрген адам жоқ. Кешелері осында концертпен келіп-кетіп жүрген анау Нұрғиса, Асанәлі, Ескендір ағаларыңа қарашы! Олардың аспаны бұлтсыз дейсің бе? Ал осылардың сыр беріп, әбіржіген кезін байқадың ба өзің, айтшы кәне?! Бұлар жүрегіндегі қайғы-мұңды еңбекпен жеңіп, сыздаған жанын өнерімен жұбатып жүр! Ал сен болсаң... Өй, бір! – деп қабақ шытады.

Кәдімгіше тосылып, ойланып қалған. Расында, Нұрағаңдардың «Алданба, жүрегім, енді қайтіп» деп тебіренуінде талай сыр жатыр-ау! – деп аңтарылды.

Кейде актерлер де қатардағы көрерменге айналады. Жан-жақтан келетін спектакльдерге, концерттерге барады, мәдени шараларға қатысады. Мысалы, композитор Нұрғиса Тілендиев ағасының Қарағандыға сапары асау бұлақтары бұлқынып, бұлбұлдары сайраған басы – бәтес, қойнауы ну бүкіл Алатау көшіп келгендей әсерлендірді. Күйбең тірлік жетегіндегі қазақтың құлағына дүбірлі күй жеткенде кенет қатты рухтанып, қаны қызатыны қандай, халық күн сайын екі реттен өткен үш күндегі алты концерттің біреуінде де залды ортайтпапты.

Кеңес үшін осы күндерде айрықша есте қалған көрініс – күйшінің сахна шетінен барып өзіне гүл ұсынған төрт-бес жасар ұлды лып еткізе көтеріп алған сәті еді. Нұрекең баланың шалбарын түсіріп жіберіп, оны қос қолдап жоғары ұстап тұрған күйі шүметейінен сүюі жұртты дүр сілкіндірген. Кейбіреу тосын қимылға ішек-сілесі қата күлді. Ризалықтан қатты ысқырып, жер тепкілеп тұрып алғандар да бар. Ал базбір өзге ұлттың өкілдері бұл әрекетті тағылық деп қабылдауы ғажап емес. Бірақ мұндай салт қазақ халқында ертеден бар нәрсе секілді, жиналған қауым дүрлігіп, ұзақ қол соқты.

Бір күндері атақты Асанәлі Әшімовпен сахналас болудың сәті түскен. Ол Қарағандыға келіп, ұзақ уақыт «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклінде Қодар ролін ойнады. Одан қойылым қанаттас қалалар мен аудандарда жалғасты.

Ақ-сұр «Волга» көлігімен жанына Жақып Омаров, Рамазан және Кеңесті қосып алып, Теміртауға жөнеп бара жатқанда Асекең:

– Жігіттер, бүгін кешке қонаққа барамыз. Сонда металлургия комбинаты партия ұйымының секретары Нұрсұлтан деген досым бар. Ертеректе Алматыда өткен Жастар форумында танысқанбыз. Кейін жақын араласып кеткен едік. Бағана театрға телефон соғып: «Съезге дайындалып жатыр едім, сондықтан спектакльге бара алмаймын. Қойылымнан кейін біздің үйге екі-үш жолдасыңмен келіп, дәм татып кет деп хабарласты. Осы естеріңде болсын, – деді.

Спектакльден кейін төртеуі түнделетіп барды. Төрт қабатты үйдің екінші қабатында тұрады екен. Есікті жас келіншек ашқан. Иығына қазақы жеңіл шапан ілген отыз бес-отыз алтылардағы үй иесі де меймандарды ықыластана қарсы алып, төрге оздырды. Пәтер үш-төрт бөлмелі секілді. Төбедегі люстраға қоса түпте жарқыраған торшер үй ішіне ерекше салтанат беріп, нұрландыра түсетіндей. Бұрыштағы шағын радиоладан ақырын ғана сазды әуен төгіліп тұр. Есігі ашық асхана жақтан былқып піскен еттің исі жетіп, тәбет шақырды. Балалар өз бөлмелерінде ұйықтап жатса керек. Отағасы есендіктен соң қонақтарды зайыбымен таныстырған. Есімі – Сара. Осы өлкенің қызы деді.

Дәм үстінде әңгіме қызды. Кеңесті үй иесінің жан-жақтылығы тамсантқан. Өндіріс тақырыбына қоса әдебиет, өнер саласына жетіктігі аңғарылды. Айрықша есінде қалған бір сұрағы:

– Осы уақытқа дейін біздің Қарағанды кәсіпорындары туралы пьеса жоқ. Неге?! – деді ол. – Қазақстан Магниткасының өмірі туралы неге жазбайсыздар? Жақып, сен жағдайды жақсы білесің ғой, неге қолға алмайсың?!

– Иә, ескеретін жәйт екен, Нұреке. Орындаймыз. Ақырындап кірісу керек.

– Сөйтіңіздер. Маған келсеңіздер, алып комбинатымызды асықпай аралатып, іс процесімен жақсылап таныстырамын. Біздің ұжымда аттары бүкіл Одаққа белгілі қызықты тағдыр иелері бар...

Одан өзінің Мәскеуде өтетін ХХІІІ съезге арнап баяндама даярлап жатқанын, мұнда да өлке өміріндегі ең көкейкесті жәйттерді қамтуға ұмтылатынын айтты.

Екі сағаттай отырған соң Асанәлі:

– Енді көп уақытыңызды алмайық, мезгіл де бірталайға барған секілді. Алда тұрған жауапты ісіңізге табыс тілейміз, – деп үй иелеріне жолдастарының атынан алғыс сезімін білдірді.

Қарағанды облыстық филармониясының жанынан «Гәкку» ән-би ансамблінің ашылуы да айшықты оқиғалардың бірі еді. Екі жылдай бұрын Алматыда құрылған «Гүлдер» ансамблінің даңқы аз ғана уақыт арасында әлемді шарлай бастады да, осы үлгісі өзге облыстарды да елегзіткен. Бірақ жақсыға еліктеп, талпыну бар да, өнердің кәсіби биігіне көтерілу өзге мәселе болса керек. Жаңа заманның өскелең талабынан шыға алмасаң, босқа тырбаңдап, күлкіге қалуың оп-оңай. Дегенмен, эстрада студиясын бітіріп келген Төлеухан Тұтанов, Мәкен Мұқышева, Айбану Салықова, Хамит Көрікбаев, Сарқыт Күзеуов, сондай-ақ Хамит Көрікбаев, Төлеухан Тұтанов, Мейірхан Адамбеков, Қажет Ғинаятова, Гүлсара Рашкалиева сынды дарынды өнерпаздар жарқырай көрініп, ұжым абыройын бірден аспандатып әкетті.

«Гәккудің» ашылуына астанадан атақты танымал Бәкір Тәжібаев пен белгілі композитор Ескендір Хасанғалиев арнайы келген. Кеңес Есақасын бұрыннан біліп, жерлес ретінде іштартатын-ды. Екеуі кеншілер орталығында шұрқырай табысты. Сөйтсе, Ескендір де қарағандылықтарға бөтен емес көрінеді. Жолдасы Дарико осындағы атақты боксшы, Европа чемпионы Қазыбек Әшляевтың туған әпкесі болып шықты. Ескеңнің басқа да қайын інілері кілең «сен тұр, мен атайын» дегендей сайыпқыран спортшылар екен. Осыны білген Бәкір ақын қалжыңға басып:

– Қой, ойбай, мына Ескендірмен байқап сөйлеспесек, боксшы балдыздарына сабатып жүрер! – деп маңайдағыларды күлкіге қарқ қылды.

Осындай дүбірлі оқиғалар мен әсерлі кездесулер көңіл кірбіңін біртіндеп жуып-шайып, күңгірт ойлардан ақырындап алыстата түскендей еді.

6.

Әйткенмен, тірліктегі тартыс деген дүние, расында, ғұмыры бітпейді екен ғой. Бұл алғырлығымен, тапқырлығымен, ересен білігімен көрерменнің алғысына бөленген театрдың бас режиссері, әрі көркемдік жетекшісі Жақып Омаровты да жоғарыдағылардың жоқ жерден «мүйіздеуге» көшкенін көріп, жаға ұстағандай болып еді. Кейбіреулерге істі керемет жоғары деңгейде атқарсаң да жақпайды екенсің...

Қай жағынан алсаңыз да сәні мен салтанаты, «көркі» мен «бөркі» жарасқан Жақып ағасының әрбір қимылына Кеңес ылғи іштей тәнті болатын.

Өзі, негізінде, «творчество» деген сөздің дәл мағынасы – жарату... жасампаздық болса керек еді. Яғни, өнер туғызу, әрбір қойылымда елдің ойына келе бермейтін ұтқыр шешімің арқылы таңдай қаққызу. Ондай шеберлік үшін, әлбетте, бір ғана режиссерлік талант жеткіліксіз – оған қоса парлап самғататын қанат, қиял ұшқырлығы, ұшан-теңіз білім қажет. Актерлер тобын ұтқыр ұйыстыра алатындай жоғары жетекшілік қабылет керек. Өнерді қоғам өмірінен бөліп алып қарай алмайсың, көпшілік белгілі туындыны көріп отырып, одан ләззат алумен бірге нәзік сезім қылын шертетін сол қойылымнан қинаған талай сауалдың жауабын табады, ақиқат пен жалғандықтың, зұлымдық пен ізгіліктің, сұлулық пен сұмпайылықтың сырына бойлайды. Сол арқылы кейіпкерлермен бірге қуанады, мұңаяды, қайғырады, тіпті, жылайды, сөйтіп, жүрегіне мейірім нұрын ұялатады. Көңіл мерейлендіреді, жан сусындатады. Ізгілікке ұмтылады. Жақсылыққа құлшынады.

Ал мұндай табысқа уақыт тынысын тамыршыдай дөп басып, көкейкесті тақырыпты дәл табатын аса сезімтал, өте еңбеққор режиссер ғана жететін шығар. Міне, Жақаң осындай адам еді. Ол актердің киіміне, сахнадағы мән берілмейтіндей әрбір ұсақ декорациялық бұйымға дейін жіті қадағалап, барын салатын талапшыл маман-ды.

Алайда осыны базбір тікбақай басшы жаратпады. Ол қойған спектакльдердің даңқы бүкіл республикаға жайылып, сыйлықтан-сыйлыққа жетіп жатқанына қарамастан, әр қадамынан мін іздеп, отырса – опақ, тұрса сопақ қылуға айналды. Сөйтіп, кесек дарын иесінің ешбір қалыпқа сыймайтын, қақпайға көнбейтін болмысына тікеден-тіке қарсы шықты. Ісіне қисынсыз араласып, қол байлап, аяқ тұсауға кірісті.

Бірде кезекті репетицияға қаладағы аудандық мәдениет бөлімі бастығының орынбасары келіп қатысқан. Орта жастағы әйел адам. Осы кісі әлден уақытта бас режиссерге қаратып:

– Сіз сахна төріне анау торғайдың күркесін не үшін орнатып қойғансыз?! – деп сұрақ қойды.

Аң-таң болған жетекші:

– Ол – қарлығаштың ұясы ғой! Қазір қойылып жатқан спектакль тақырыбына сай отбасылық өмірдің символы. Негізгі тетік. Әулеттегі татулықтың, бірліктің, сондай-ақ еңбекқорлықтың бейнесі. Бұлардың бәрі бір ұяның балапандары деген тұспал...

– Хм-м... – деді басқарма қызметкері қабақ шытып. – Түкке де керегі жоқ, артық нәрсе. Түсініксіз...

Сол кезде режиссер:

– Пьеса идеясынан хабарсыз болсаңыз бізге несіне ақыл айтасыз? Сондықтан жұмысқа бөгет жасамай шығып кеткеніңіз жөн шығар! – деді күйініп.

Түсі бұзылып, орнынан көгереңдеп, жұлқына көтерілген әйел қолындағы қағаз-қаламын төгіп-шашып, сүріне-қабына тайып тұрған.

Осыдан кейін түрлі тексерулер басталып, ауызша да, жазбаша да ескертулер тіпті көбейді.

Мұндай қысастық Жақыптың төзімін сарыққандай.

Әлдебір үлкен жиналыста залда тұрып сала басшыларына:

– Кейінгі кездері сіздердің тараптан қысым жиіледі. Бізге тақырып тықпалап келесіздер. Өз бетімізбен репертуар таңдай алмаймыз. Қойылатын бес спектакльдің төртеуін ылғи сіздер ұсынасыздар. Сонда классиктеріміздің шығармаларын қашан қоямыз? Ал бізге тапсыратын дүниелеріңіз кілең үгіт-насихат бағытындағы жалаң ұранға, асқақ пафосқа негізделген татымсыз нәрселер. Өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Аудандардағы озат жұмысшылардың өмірін бейнеле деп нұсқау бересіздер. Жергілікті журналистердің «драмасын» қоюға мәжбүрлейсіздер. Бұлардың бәрі құрғақ дидактика. Ешбір қимыл-әрекет, тартыс, конфликт жоқ. Кілең көпірген бос сөз. Мысалы, осындағы «драматург» Аман Азбаевтың пьесасында жарты акті атасының шахтер немересіне ат әбзелдерін қалай дайындауды, жүген жасауды үйретуімен өтеді. Оған: «Жұмысшы болсаң да, ертоқым шабуды, шылбыр есуді білуге міндеттісің. Өйткені ол – ата-баба дәстүрі» деп ғақлия айтады... Мұны қалай шығарамыз... Қысқасы, осындай түйткілдерді шешсеңіздер екен. Мүлде жұмыс істеуден қалдық, – деді.

Режиссердің ренішін үнсіз тыңдаған билік мәселені көп ұзамай-ақ «шешті». Арада бір апта өткенде «тентек» жетекшінің өзін бюроға салған.

Жиында алдымен анау мәдениет бөлімі бастығы орынбасарының шағымы тыңдалды:

– Бұ кісімен бірлесе қызмет атқару мүмкін емес. Білгенімізді айтайық, кем-кетікті түзетейік деп дайындыққа келсек, балағаттап, алды-артымызға қаратпай театрдан қуып шығады. Сұмдық дөрекі. Осындай қорлыққа шыдап жүрген артист ағайындарға обал, – деді.

Аяқ астынан бұдан бес-алты жылғы өкпе-ренішін жинақтап, жіпке тізіп жүрген біреулер де табыла кеткен. Ұжымда онға тарта коммунист бар екен: «Жақып Омаров жолдас өте төзімсіз, мінезі шалт, кәрінің де, жастың да ақыл-кеңесін құлаққа ілмей, кілең өз дегенімен ғана жүретін сыңарезу, солақай жетекші» – деп бәрі жабылды.

Кеңес партия қатарына енді ғана өткен жас коммунист еді. Сөз сұрап алып:

– Сіздердің мына шараларыңыз мүлде қисынсыз. Бас режиссерге нешеқилы пәленің бәрін жауып жатырсыздар. Бұдан бес жыл бұрынғы кемшілікті жиып-теріп кейінгі бір сәтке үйіп-төгуге бола ма? Неліктен соның бәрін кезінде ескертіп, сөгіс бермедіңіздер. Әрине, көркемдік жетекшіміздің қызбалығы жоқ емес шығар. Бірақ ол жұмысын жақсы білетін, өзіндік іс методы бар аса дарынды маман. Кәсіби шебер. Театр атын республикаға, қала берді алыс шет елдерге жайды. Оның бүкіл еңбегін жоққа шығарып, тырнақ астынан кір іздеулеріңіз қате. Мұндай адамдарды аяқтан шала бергенше қолдау көрсетуіміз керек! – деп шырылдады.

Әсия Абылаева коммунистік партия мүшелігіне кандидат-ты. Ол, тіпті, кесіп айтатын мінезіне салған:

– Мынау – масқара! Мұндай саясаттарыңызбен жүре берсек, облыстық айтулы театрымыз біртіндеп колхоздың көркемөнерпаздар үйірмесі деңгейіне жете алмай қалады. Арамыздағы ең білікті маманды қудалау деген не сұмдық! Елімізде Жақып Омаровтай жаңашыл, реформатор режиссерлер некен-саяқ. Кадрдің қадырын білейік. Қисынсыздықты доғарауды сұраймын!

Бірақ екеуінің жан дауысын ескерген ешкім болмады. Түнеріп, тастай түйіліп келген бюро мүшелері «мә, саған конфликт, керек қылсаң!» деген болуы керек, көпшілік дауыспен оны партия қатарынан да, жұмыстан да шығаруға қаулы қабылдады.

Бір ғажабы, Жақып қыңған жоқ-ты. Шешімді күле тыңдап, соңғы сөзінде:

– Ақыл-кеңестеріңіз үшін көптен-көп рахмет! «Ескертулеріңізден» келешекте қорытынды шығаруға тырысамын, – деген.

Кеңес Жақыптың ұстамдылығына қайран қалды. Осыған қарап, қай кезде де, қандай жағдайда да мінез керек екен-ау деп түйген.

Одан соң әрбір актерге де ең алдымен белгілі ұстаным қажеттігін пайымдайды. Қолға алған образды бейнелеуде тез арада өз кейіпкерінің болмысына дендеп, оның ішкі логикасын, қимыл-әрекетінің астарын, діттеген мақсатын терең түсініп үлгеруге тиіссің. Іс, салыстырмалы түрде, от ала қашқандай шұғыл болғанымен, құбылысты зерттеп, мән-мағынаға дендеу үшін сергек зерде қажет. Аздаған тәжірибеңе сеніп, «ә, қалпақпен ұрып аламыз» дейтіндей шала-пұла қатынас абырой әпермек емес. Күні-түні шарқ ұра іздену, түйін шешімін табу үдерісі кейде, тіпті, түсіңе кіреді. Оның арасында күрделі монологтерді игеру де оңайға соқпас. Және өмір бойы жасайтының бір ғана роль емес, кезек күттірген өзге де қаншама бейнелер бар. Өстіп дамыл таппай, үнемі тыпыршу ақыр соңында діңкелетіп, жүйке ширықтырмай ма. Мұндай қарқынға екінің бірі шыдас бермесі түсінікті. Темірдей төзім, мол сабыр керек. Осының бәрі, сайып келгенде, жалпы өмірлік қағидаларға ұштаспақшы...

«Иә, актердің сахнадағы әрекеті бір басқа-ау, қарап отырсаң, кез келген пенде баласының сертке беріктігі, мінезді болғанына не жетсін! – деп толғанады. – Күнделікті тірліктің өзінде кісілік қасиет сақталмаса, адамгершілігің қайсы!».

Одан санасында аласапыран өмір елестері жөңкіліп, «Е-е-е, дүние-ай!» деп іштей ыңылдап:

– Сері боп, сайран салып, дүние көрдік,

Сал Біржан, Ақан сері қасына ердік.

Тағдыр сол – өткен өмір қайта оралмас,

Шау тартып, тұралайтын халге келдік, –

дейтін сонау әйгілі Естай әншімен мұңдасқандай, көкейін ию-қию әуен тербеп, көзі мұнартты.

Осындайда тағы да амалсыздан Сәбираны ойлайды-ау. Жо-о... О байғұсты кінәлай да бергісі келмейді. Тек сол көрсеткен мінезсіздіктен барып қанша жанның жүдейтіні, торығатыны, қорынатыны еске түспей ме.

«Бұлаң да, бұлаң, бұлаң күн» демекші, өң мен түстей сол бір шақтарда жылтырағанға қызығып отқа түскен «жынды» көбелектей, расында, қалайша тез адастым деп сәл пұшаймандау күй кешеді. Елдің бәрін ә дегеннен өзіңдей көріп, ессіз сеніп, қолына жүрегіңді ұстата салатын әдет түбі таяқ жегізбей қоймайды екен...

Алайда, бұл да тағдырдың ісі шығар, қайран кәне деп өз-өзін жұбатпасқа да амалы қалмайды.

7.

Жаны сыздап, күйзеліп жүрген тұсында шешесінен хат келіпті. Қайткенмен, мұғалім адам ғой, маржандай жазуы көзіне оттай басылған.

Әйтсе де, қайран қалды. Әсілі, о кісінің хат жазатын әдеті жоқ еді. Оқуда жүрген кезінде де тырс етіп хабарласқан емес-ті. Тек амандықты үш-төрт ай аралатып, әкесі сұрасатын.

Конвертті апыл-ғұпыл ашып қараса: «Кеңестай құлыным, қалың қалай? Біз күйлі-қуаттымыз. Қарағандыда күн суық шығар? Жылырақ киініп, өзіңе жақсы қара. Түсімде Қанат екеуің құшақтасып жылап отыр екенсіңдер деймін. Соған алаңдап, жағдай білгім келді. Ал сау бол, балам. Хат жаз. Сәлеммен – мамаң Әсима» депті.

Сәбираны сұрамағаны да таңырқатты. Соған қарағанда, әлгі түс әсерінен шыға алмаған бойда асығыс жазған секілді. Соңынан: «Неге сұрамадым? Келін қатты ренжіп қалмады ма» деп өкінген де шығар. Оны біле алмады. «Ана жүрегі не деген сезімтал. Алпыс қырдың астында жүрген баласының іштей қиналған кезін қалай аңдайды. Әй, арада бір тылсым ғарыштық байланыстың болатыны рас-ау!» бас шайқайды.

Шешесі сәл кейінірек бұл Майра есімді қызбен табысқан кезде тағы бір хат жазған-ды. Қуанып отырғанын айтыпты. «Қанат пен сен, одан кішірек бүлдіршін бір қыз үшеуің күліп жүр екенсіңдер. Қуанып ояндым» дейді.

Онымен Сәбира кеткен соң арада төрт-бес ай өткенде орталық кітапханада ұшырасқан-ды. Кезекті спектакль қарсаңында әлдебір деректерді іздеп бара қалған. Кітапхана қызметкері аздап қиналғандай кейіппен:

– Сіз іздеген жалғыз еңбек оқырман қолында еді, кішкене күтуіңізге тура келер, – деп, мойнын созып, төр жақта шұқшиып қағаз қарап отырған жиырмалардағы қызды нұсқады.

Бұл асығыстау-тын, жай ғана тақалып барып:

– Қарындасым, кітабыңызды бес минутке бере тұрасыз ба? Жалғыз ғана ақпаратты анықтап алуым қажет болып тұр, – деді.

Алаңсыз оқуға берілген қыз бір мезет үріккен еліктей жанары жарқ етіп, төменнен сәл аңтарыла қарап қалды да, лезде серпіліп, сөзге келместен, оқып отырған кітабын ұсынды. Сүйріктей саусағының ұшы мұның саусағына тиген. Сол сәт арада ток жүгіріп өткендей, екеуі де қызарып кетті. Өз-өзінен ыңғайсызданған қыз әнтек жымиды. Нағыз сүмбіл шаш, пісте мұрын, лағыл иектің өзі екен.

Бұл да кенеттен жүрегі өрекпіп, қатты абдырап, қаны жүзіне тепкен күйі, кінәлі кісіше кібіртіктеп, күмілжи берді.

Кей адамдардың кездейсоқ ұшырасқанмен, біртіндеп, қимасқа айналатыны рас білем, ең ғажабы, екеуінің осынау кездейсоқ жүздесуі әлдебір тылсым тартылысқа, таныстыққа, білістікке жалғасыпты.

Қарағандының қызы. Анығырағы, Қарқаралының сұлуы. Биыл жоғары оқу орнын бітірген соң қалада қалған жас маман көрінеді. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Қарапайым жан сияқты. Мінезінің ашықтығы байқалды. Санасы сергек. Айтар ойын бүкпесіз білдіретін батылдығы да ұнады. Сонымен бірге әрбір қимылынан бекзаттығы аңғарылатындай. Кеңесті, әсіресе, Майраның әлем әдебиеті классиктерінің еңбегін жақсы білетіні, бірқатар пьесаларды да кәнігі мамандай терең талдайтыны тәнті еткен.

– Қызық болды ғой, – деді ол бірде екеуі кешкі бақта серуендеп келе жатқанда сыңғырлай күліп, – Қарағанды театры артистерінің көпшілігін сырттай танимын. Бірақ, неге екенін, сен көзіме түспепсің. Міне, енді маған өзің келдің...

Қалжыңға басып, бұл да ыржияды:

– Ой, мұнда келгенім кешелері ғана ғой. Қайдан көресің?! Менің бір ойынымды тамашаласаң, сен де театрға келгіштеп, шықпай қояр едің!

Белгілі шығарма туралы әрдайым тосын да қызықты байлам жасап, ойыңа ой қосатын Майрамен тілдескен сайын жаны байығандай, тоғайып, рахат күйге кенеледі.

Сөйтіп, «Майра» деген есім ақырындап көңіліне мықтап орнықты. Осы қызға үйірілгені сонша, тіпті, өзін онсыз елестете алмауға айналған. Жаны кіршіксіз, қағылез актер жігіт те қызға сонша ұнаған секілді. Екеуі аз уақыт кездеспей қалса, бір-біріне асығатын әдет тапқан...

Ақыры қосылмай тынбайтындары мәлім болды. Театр басшылығы да екеуінің үйленуін күткендей екен, көп ұзамай-ақ орталықтан екі бөлмелі үй берді.

Шешесі түсінде көретін белгісіз «бүлдіршін қыздың» жұмбағы да шешілгендей еді. Кеңес тұңғыштары Бибігүл туғанда анасының сонау хатын есіне түсіріп: «Ой, Алла-ай! Мұндай да ғажайыптар кездеседі екен-ау!» деп таң қалды.

Кейбір демалыс күндері Майра екеуі базарға шығады. Бұл тақала бере саудагер әйелдер:

– Кел, жігітім! Кел. Іздегенің мұнда, – деп сонадайдан қол бұлғап тұрар еді.

Кеңес мұндайда іштей: «Осылар мені танып шақыра ма, әлде елдің бәріне өсти ме?» деп жымияды. Тақалып келгенде самбырлаған сатушы алдындағы жіліктерді көрсете бастайды:

– Міне, мынау дөнен қойдың белдемесі. Еттің ең дәмді жері ғой. Рас, аздаған шандыр-пандыры бар. Арзанырақ алыңдар!

Бұл қуланып, шекесінен «одырайып», келіншегіне – бір, етке екі қарайды. Жолдасының кейдегі осындай сырын білетін Майра үнсіз ғана күлімдейді. Кеңес қайтадан сатушыға бұрылады:

– Килосы қаншадан сонда?

– Екі сом елу тиыннан.

– Ендеше шандыры қажет емес бізге. Пандыр да керексіз. Кәне, таза кесек етінен ғана есептеп бір сом елу тиыннан беріңіз...

Көзі ежірейген сатушы көгереңдеп, товарын өзіне қарай дереу тарта қояды. Аузы шүртиіп, лезде түтіге қалыпты:

– Ойбай, қой, айналайын! Одан да үйге апарып, бала-шағама сорпа қайнатып бергенім жақсы!

– Мейлі, онда екі сомға келісейік.

– Жарайды, алшы. Кешкі базар ғой...

Кеңесті, негізі, еттің бағасы емес, саудаласу процесі қызықтырар еді. Осылайша ол базарда ғана емес, қай жерде болсын, кейде айналасындағы адамдардың сезіміне әсер ету арқылы «эксперимент» жасап, бал жинаған арадай, алдағы образына қажетті материал іздейді. Белгілі қойылымға қатысты әдебиеттен бөлек психологиялық оқулықтарға дейін ақтарып, ұзақ еңбектенеді. Әрбір пьеса алдында қанашама тер төгеді.

Сондай тынымсыз ізденуінің бірі Ленин бейнесін жасауда жүрген-ді.

Ең алғашқы «Қызым саған айтам» деген дүниелерінен бастап «Қысылғаннан қыз болдым», «Кроссворд», «Қос анар» шығармалары бірінен кейін бірін Қарағандыда қойылған Сәкен Жүнісов енді бұларға «Өліара» пьесасын әкеліпті. Осындағы Ленин ролі Кеңеске тиген. Қазақ жерінің территориясын бөлудегі ықпалын білгендіктен бе, осы тұлғаға деген ерекше құрметі пайда болған еді. Рольдің өзіне бұйырғанына қатты қуанды.

Іштей ұзақ толғанып, образға кіріп, жағдай ауанын жіті сезінудің алғашқы даярлығын түкпірде орналасқан қала мекемелерінің біріндегі кең залға әлденеше күн түнеуден бастаған. Төртінші қабатта орналасқан аумағы атшаптырым бөлмені іштен іліп алады да, жылтыраған шырағданның жарығымен пьеса мәтінін ежіктеп, жападан-жалғыз, дөңбекшіп жатады. Үңірейген залдың кеңдігі сонша, тырс еткен дыбыстың аяғы күңгірлей естіліп, бойға сұмдық үрей ұялатады екен.

Күз мезгілі-тін. Бірде түнде аяқ астынан күн күркіреп, найзағай жарқылдап, нөсерлетіп жаңбыр жауды. Сонда атып тұрып, терезеден сыртқа қарап:

– Апырай, бейбіт күндегі азғантай қиындықтың әсері мұншалықты, о дәуірдегі ауыртпалық қандай болды екен! – деп таңданды.

Одан Мәскеудегі Бүкілодақтық театр ұйымы деген кеңсеге хат жазып, баяғы Петербургтегі Ленин жатқан түрмелерді аралауға, Москвадағы музейлермен танысуға рұқсат сұрады. Төрағасы Василий Лавров деген кісі екен, ол алдымен жеке кездесуге шақыртып, азырақ тілдескен соң қажетті орындарды зерттеу үшін арнайы жолдама жазып берді.

Абақтылардың іші жағалай көкпеңбек тас. Табаны да цемент. Іші алакөлеңке. Айнала төңірек ызғар шашады. Ондағы тәртіп бұзғандарды бұғаулап қоятын зілдей шынжырлар мен темір кісендерді, мойынға тағатын ағаш қамыттарды көріп, жаны түршіккен. Москвадағы Ленин жұмыс істеген кабинетке кіріп, креслосына отырып, телефон тұтқаларына дейін ұстады, кейбір оқыған кітаптарын парақтады. Мұны жолбасшы ретінде ертіп жүрген милиция майоры:

– Асықпай танысыңыз. Қажетіңізге жарайтын құжаттарды көшіріп алуыңызға да болады. Бәрі өз құзырыңызда, – деп кеңшілік танытқан.

Бұдан соң Москвада Ленин ролін сомдау арқылы ғана төрткүл дүниеге танылған Юрий Каюровпен тәжірибе алмасудың сәті түскен.

Екеуі біраз жұмыс істеген соң атақты артист аңтарылып:

– Сіздің тұлғаңыз, жүріс-тұрысыңыз Лениннің болмыс-бітіміне керемет ұқсайды! Мұндай сәйкестікті өмірімде бірінші рет көріп тұрмын. Гримм жасағанда кескініңіз көсемнен тіптен айнымай қалады. Сыртқы кескін-келбет туралы ешбір алаңдамасаңыз да болады екен. Сондықтан сіз кейіпкердің сыртқы кескінінен бұрын оның ішкі иірімдеріне, табиғи мінезін ашуға көбірек күш салғаныңыз дұрыс, – деп ақыл қосты.

Қарағандыға оралған соң театрдың көркемдік кеңесінің мүшесі, жазушы ағасы Жайық Бектұровтан ақыл-кеңес алуды түйген-ді. Талай жыл айдауда жүріп, көп жәйттен үркесоқтап қалған о кісі аса ашыла қоймағанымен, зейінді жігіттер түсінеді-ау деп ойлайтын сияқты, ара-арасында сыр шертіп, Жақып Омаров екеуіне бастан кешірген күндердің кейбір қасыретті беттерін ашар еді. Негізінен, кейбір «жанашыр достарының» ықпалымен итжеккеннен бір-ақ шыққан Мағжан Жұмабаев, Бүркіт Ысқақ, Зейін Шашкин туралы әңгімелерді де алғаш осы кісіден естіпті. Жәкең бұларды көрсетіп, үстілерінен арыз жазған елге танымал үш-төрт фамилияны да сыбырлай жеткізгенінде, сенер-сенбесін білмегендей, таңдай қаққаны бар...

Кеңестің «Өліара» пьесасына қатысты сауалының мәнін түсінген соң:

– Олай болса, балам, ертең түске қарай біздің үйге кел. Кеңірек отырып сөйлесейік, – деді.

Келгенінде, Жайық аға түкпірдегі кабинетіне бастап барып, актердің қолына сарғайған, ескі журналды ұстатты. Әжептәуір қалың. Журналдың аты, жаңылмаса, «Русская печать». Парижде шыққан...

Жәкең осыдан кейін мейманының жүзіне сонадайдан бірталай уақыт барлай қарап отырды да, талабын айтты:

– Кеңесжан, саған қоятын бір ғана шартым бар. Бұл құпия екеуміздің арамызда қалады. Ешкімге тіс жарма. Журналды осы жерде отырып оқисың. Көшіруге де болмайды...

Бірталайдан кейін ғана барып, мәселе мәнісіне дендесе, бұл – эмигрант орыс жазушысының сонау 1920 жылдары Ленин туралы жазған мақаласы екен. Негізінен, революция көсемінің жағымсыз қырларын ашады. Жазбада, әсіресе, оның шектен тыс қатыгездігі сөз болады. Қаламгер пролетариат серкесінің «Егер тісіңіз ауырса, зардабы өзгелеріне тимеу үшін сырқат тісті дереу жұлып тастаңыз!» деген қағиданы жиі қайталап, осыны әрдайым өз тәжірибесінде қолданғанына тоқталыпты. «Ол жауларын үнемі жойып отырды. Сол секілді Свердловтың қолымен патша Николай ІІ әулетін жас балаларына дейін атқызып, сүйектерін өртеткен, әне, сол!» – деп жазыпты.

Бұл едәуір ұзақ материалды оқып біткенінше өзінің қара терге түскенін аңдайды.

– Міне, Кеңес! Жағдайға ептеп болсын түсінген шығарсың? – деді мұның еңбекпен мұқият танысуына мүмкіндік жасап, көрші бөлмеге шығып кеткен Жәкең оралып келіп. – Саған қосатын ақылым – роліңде бәрінен бұрын Лениннің осы жағын қаперге ал! Әйтпесе, іс-әрекетіңнің бәрі жаттанды болып, жасандылыққа ұрынасың. Әрине, Ленин жолдас кемеңгер адам. Сондықтан оны біржақты тым сұмырай етіп те көрсете бермессің. О кісіде мейірім де жоқ емес қой. Екі ортаны тап! Дәлдік қажет. Сонда ғана көсемнің шынайы бейнесі шығады. Егер ол қаттылыққа бармаса, діттеген мақсатына ешқашан жете алмас еді...

Наркомпрод қызметкері Блюханов деген жұрт аштан қырылып жатқан тұста вагон-вагон астықты алдымен Волга бойына аттандырудың орнына жағдайы тәуірлеу Сібір аймағына жөнелтіп жіберіпті. Ал халі мүшкіл өңір осыдан тіптен тұралап қалған. Мұны білген Ленин оған:

– Повольжедегі елді аштан қырған тікелей сенсің! – дүрсе қоя береді. – Сен халықты қолдан өлтірдің, бәрін әдейі жасадың!

Анау:

– Мен астықты бәрібір басқа елге емес, өз халқымызға жөнелттім ғой, Владимир Ильич! Олар да жетісіп жатқан жоқ. Азық-түлікті Волга жағасына енді жібереміз, әлі де кештік етпейді, – деп кешірім сұрайды.

– Жоқ! Іс бітті. Трибунал арқылы кетесіз!

Блюханов жалынып, жылап жіберіпті.

– Бір жолға кешіріңіз. Қателікті түзейміз.

– Жоқ, болмайды. Сен қасақана істедің!

Сөйтіп қызметкер байғұс атылып кетеді...

«Өліара» қойылымы сәтті өтті. Ойынды нөкерлерімен қоса зайыбын да ертіп келіп көрген облыстық партия ұйымының бірінші секретары Александр Коркин спектакльден кейін қатты риза болып Кеңесті шақыртқан:

– Қойылым керемет биік деңгейде көрсетілді. Әсіресе, Владимир Ильич бейнесіне өте ризамын. Енді со кісінің бейнесін жасаған актермен амандасып, қолын қыса кетейік, – депті.

Бұл сахнадан түскен бойда аймақ жетекшілері отырған бөлмеге:

– Сәлеметсіз бе, Александр Гаврилович жолдас, – деп кіріп келгенде жиналған қауымның есі шығып, дүр ете түсті. Орнынан атып тұрып, екі қолын бірдей көтерген обком басшысы мәз болып:

– Айнымайды! Ғажап, ғажап! – дей берген. – Сіз маған өте ұнадыңыз! Өте, өте!

Серіктері де шуылдай жөнелген:

– Ғажап! Тамаша! Құдды тірідей Лениннің өзі!..

Сонадайда тұрған пьеса авторы Сәкен Жүнісов:

– Мұндай спектакльді мемлекеттік сыйлыққа ұсыну керек қой! – деп қалды.

– Әрине, әрине! Ұсынамыз! Ұсынылады!..

Идеология жөніндегі хатшы да:

– Оған сөз жоқ, Александр Гаврилович. Мен қолдаймын! – деді бас шұлғып.

8.

Коркиндей жетекшілердің анда-санда болсын, жергілікті өңірдің өнері мен әдебиетіне көз қырын салып тұратыны қуантпай қоймайтын. Әлбетте, мұндай көзқарасты оның қызметі де талап етпей ме. Өндірісті аймақтың басшысы экономикаға ғана көңіл бөліп, «жоспар, жоспар» деп тықақтай берсе, солақайлыққа ұрынып, халық ықыласынан шыға алмайтынын білсе керек, арагідік елдің рухани өміріне қарайласып қоюды ұмытпайтын.

Бірақ, қарап отырсаң, басшының бәрі мұндай емес, Қазақ қоғамының әр кезеңіндегі кейбір жетекшілер жергілікті халықтың мәдениет саласын місе тұтпай, кілең кері тартқанын аңғарар едіңіз. Осындайда Кеңестің есіне сонау жас шақта өзіне Нұрмұхан Жантөриннің: «Бала, Қарағандыға бар! Оралыңда театр жоқ. Ол үшін сен кінәлі емессің ғой!» дегені еске түседі.

Негізі, Оралда да театр болған. Түсініксіз жағдайда өртеніп кеткен ол өнер ордасын Жұмат Шанин басқарыпты. Ең алғаш Қазақ Ұлттық театрын ашқан кісі. Тұңғыш режиссер. Кейін орнынан алынып, Орал театрына жіберіледі. Көп ұзамай отқа оранған театрдың жетекшісін осындай «келеңсіздіктерді» алға тартқан өкімет «халық жауы» ретінде атып тастайды.

Әлгі ашаршылық жылдарында әке-шешесіне ілесіп, бір үзім нан іздеп Баянауылдан Қарағандыға келетін бала Мұқатай күрсіне отырып, Жұматтың өзіне туған нағашы екенін айтар еді. Жұмекең атылған сәтте оның жалғыз ұлы Мәулен Мәскеуде Чайковский атындағы Музыка институтында оқып жүрген көрінеді. Сол жігіт жүрегі бір сұмдықты сезгендей, сабақтан сұранып, Алматыға қарай құстай ұшыпты. Алайда әкесін көре алмай қалады. Баласы жеткенше ажал құшады...

Сыңарезу саясаттың қаскөй жендеттері сол тұстарда Көкшетау театрының да күлін қалдырады. Аңдап көрсеңіз, осы жалаңдаған «өрт» өкіметке: «Ойбай, мына қазақ деген халық техника тілін мүлде түсінбейді екен! Мына театрды да жағып жіберді!» деп бүкіл Одақ тұрғындарына жар салу үшін қажет болғандай.

Одан түрлі желеумен Петропавл театры жабылады. Ақмола театры Атбасарға көшіріледі. Павлодар театрын да алуан сылтауды алға тартып, таратып жібереді. Ақтөбе театры «нағыз қазақтың ортасы» деп Ойылға ауыстырылады. Мұның бәрі 1938-1939 жылдардан бастап Тың игеру науқаны тұстарына дейін «атқарылған істер». Сөйтіп бұлардың көбі облыстық емес, колхоз-совхоздың «театрына» айналдырылған...

Сондай дүрбелеңнің бір шеті 1953 жылы Қарағанды театрына да жетіпті. «Ғимарат астынан көмір алынады» деген желеумен өнер ұжымын Мәдениет сарайына қоныс ауыстырады. Ал 1961 жылы Қарағанды облыстық Қазақ драма театры деп салынған үйді құрылысы біткен бойда облыстың сол кездегі бірінші хатшысы Соломенцев оған «Станиславский атындағы» деп ат қойып, дереу орыс театрына бергізеді...

Қиянатта шек жоқ екен. Пиғыл, әлбетте, түсінікті. Мұның бәрі, біріншіден, елді тұқырта түсу мақсатымен жүргізілсе, екіншіден, Қазақ жерінің Ресеймен іргелес өңірлерін біртіндеп соларға сіңіру саясатына қатысты жасалған әрекеттер-тін.

Ойлай берсең, расында, бас ауырады. Бір жақсысы, әйтеуір, небір азапты кезеңдер артта қалғандай.

Күндердің күнінде небір құқайды көрген театрдың директоры болып Кеңес тағайындалған. Бұл – 1983 жылдың жаз айы еді.

Бір күні облыстық партия комитетінен қоңырау шалынды. Қызметкерлердің бірі:

– Спектакльге обкомның екінші секретары Жәлел Қалмағамбетов барады. Қасында Ебіней Бөкетов бар. Мүмкіндік болса, күтіп аларсыздар, – дейді.

Меймандар қойылым басталатын уақыттан жарты сағаттай бұрын келді. Есік алдына шығып қарсы алған. Театрды өз үйіндей сезінетін Ебекең Кеңеспен:

– О-о, Томаша бала, қал жақсы ма? – деп күректей алақанын ұсынып, емен-жарқын амандасты. Хатшы да елпілдеп, құшақтаса есендесіп жатыр.

Ебіней ағаның Кеңесті кейде әзілдеп «Томаша бала» деп атайтын себебі мұның сонау Қалижан Бекхожин пьесасындағы Абылайхан шабарманы Томашаның ролін бейнелегеніне байланысты-тын. Актердің осы кескінді керемет шығарғанына риза болып:

– «Томаша» дегеннің не екенін білесің бе, Кеңес? – деп сұрап қалғаны бар.

– Жоқ, Ебіней аға. Әйтеуір, «кішкентай, шағын» деген мағына бере ме деп жобалаймын...

– Жобаң дұрыс. Ертеректе біздің елде Тоқсан деген би өткен екен. Өзі шәпеті ғана келген, кішірек денелі адам көрінеді. Кезекті даудың алдында сонысын байқап, мұқатпақ болған Ізбасты есімді би: «Апырай, Тоқсан, Тоқсан дегенге таудай біреу ме десем, бір жапырақ қана, томашадай жан екенсің-ау!» – деп сөз бастайды. Сонда Тоқсан табан астында: «Кеспіріме несіне таңырқадың, Ізбасты би?! Томаша тоғыз жұмыртқалайды, біреуі ғана бұлбұл болады. Томаша болсам – бұлбұлы шығармын. Өрмекші он жұмыртқалайды, біреуі ғана бүйі болады, мүмкін, мен бүйісі шығармын. Тұлғаңның томардай кепсектігіне мақтанып неғыласың?!» – дейді. Осыны естіп отырған Наурызбай Қазыбайұлы сонда: «Сөйлеме енді, Ізбасты, сені басты албасты!» – деп екеуара тартысқа тоқтау салыпты. Сол айтқандай, сен де томаша құстай шағын денелі болғаныңмен, Толағайдай ауыр міндеттер атқарып жүрген кесек жігітсің. Соныңа тәнтімін...

Одан соң хатшыға бұрылып:

– Жүріңіз, Жәке, Кеңестің кабинетіне барайық, су жаңа директорды орнында құттықтайық, – деген.

Кабинет – үшінші қабатта.

– Кәне, креслоңа отыршы, – деді Ебіней аға бөлмеге келген соң. – Қарашы, қандай жарасымды! Жас адамның өзі жетік салаға басшы болып келуі, бір жағынан, өте сүйінішті. Бірақ осы орынға сәл ертеректеу жайғасып қалған жоқсың ба? Мен, әрине, қызметіңді қызғанбаймын. Бірақ сені қара жұмысқа ертерек жегіп қойғандай. Кеңес – нағыз творчествоның адамы емес пе! Енді бір бес-он жылдан кейін қойсаңдар үндемес едім... Қуанар едім. Қазір Кеңестің шығармашылығын қызғанып тұрмын. Біздің елде: «Бәйгенің атын арбаға жекпес болар» деген мақал бар еді. Сіздер Кеңесті шаруашылық жұмысқа ертерек жегіп қойдыңыздар-ау...

Өзіне бұрыла қараған Ебекеңе Жәлел де жедел жауап қатты:

– Енді, оқасы жоқ, Ебіней Арыстанұлы! Кеңес дарынды, алғыр азамат қой. «Балуанға оң-солы бірдей» демекші, Кеңес Нарымбайұлының екі шаруаны да шыр көбелек айналдыратыны сөзсіз. Қызмет құтты болсын, Кеңке! Биіктей беріңіз!

– Әрине, әрине, – деді Ебіней аға. – Тілектеспін. Тек әкімшілік жұмыс шығармашылыққа сәл кедергі келтірмес пе екен деген әшейін күдік қой менікі. Кеңестің өнерді де ақсатпайтынына сенемін. Бұл өткенде Ленин ролін қандай шығарды, шіркін! Керемет масаттандым. Осы өмірімде талай Ленинді көріппін. Москвадан да, Свердловскіден де... Украинаға барғанда да тамашалағанмын. Бірақ Кеңестің Ленині маған ерекше ұнады! Құдай-ау, тіпті, Ленинді қазақ па деп қалдым. Тамаша! Кеңеске табыс тілеймін, әлбетте...

Спектакль аяқталған соң обком секретары бөлек кетті де, Ебіней аға:

– Мен Кеңеспен азырақ тілдесіп қалайын, – деп он минуттей бөгелді.

– Қал қалай болып жатыр, аға? – деді академиктің кейінгі тағдырына қатты алаңдап жүрген бұл сыр тартып.

Ебекең аударған «Макбет» пьесасындағыдай тақ таласы, бақ таласы осы кісінің өз басына да түскендей күрделі кезең еді. Сонау фельетон алғашқы соққының басы ғана екен, осыдан соң-ақ астанадан университетке комиссиядан-комиссия келіп, неше қилы пәленің бәрін жауып, оқу орны басшысының басына қара бұлт үйірген. Қыр соңынан қалмай, жалалы жазбаларды Одақ деңгейіндегі басқа да басылдымдарға жариялаған. Тіпті, оны диссидент деп мәлімдеген.

Ебіней Бөкетов ақыры солайша ректорлық қызметтен босатылды.

Әйтеуір, қаладағы көмір химиясы лабораториясының меңгерушілігі жұмысын беріпті.

– Қалым жаман емес, Кеңес, – деді таудай аға актер інісіне күле қарап. – «Алланың әрбір ісі берекетті» дегенді білесің ғой. Сол рас екен. Бос жатпай, көппен бері мазаны алған «Досыма алты хат» деген кітап бар еді, соны тиянақтап тастадым. Ғылымда да талайдан аяқсыз қалып жатқан тәжірибелерден нәтиже шығып, қуанып жүрген жайым бар...

Сөйтсе, Ебіней аға ертеден-ақ Сарыарқа даласындағы Майкөбен, Шұбаркөл көмір разрездеріндегі қуаты төмен көмірден жанармай мен дизель қоспасын алуды, кейін осыны біртіндеп авиациялық моторларға қолдануды армандаған көрінеді. Өзі: «Бұған көп нәрсенің қажеті жоқ. Жоғары қысымды бір насос болса жеткілікті» депті.

Бірақ амал не, дәрежесі төмендетіліп, биліктің қаһарына ұшыраған адамға қатардағы қойма бастығының өзі іске қажетті аспапты босатпапты. Кейін белгілі болғанындай, жоғарыдан «Бөкетовке бізсіз ештеңе бермеңдер» деген нұсқау түскен екен. Академик:

– Осындай ғана кейбір кедергілер болып тұр. Дегенмен, оқасы жоқ. Бір лажы табылар, – деп сөзін жалғап, ауыр күрсініп қойды.

Кеңестің қолынан не келсін, абзал жанға жәрдем жасай қоятындай дәрмені болмай, іштей налып, ағасымен қоса мұңайғандай күйге түсіп еді.

Кейінірек бір естігенінде, Ебекеңнің әлгіндей қысастыққа да қарамастан, жасанды мұнайды ақыры ойлап тапқанын білді. Содан обком ғимаратына алып-ұшып жетіп, әлгі өнімі құйылған титтей құтысын көрсетіп, сүйінші сұрапты. Ең өкініштісі, ондағы шенділер ғажайып жаңалыққа қызығуы былай тұрсын, «мына кісі жын қаққан ба?!» дегендей, тіксіне қарап, бастарын шайқапты...

Аты төрткүл дүниеге таныс ғалымның көңілі су сепкендей басылғаны түсінікті, әрине. Қайдағы бір кеңкелестердің алдында алтын басын қор қылған қайран ағатай-ай!..

– Негізі, лаборатория меңгерушілігі студент аудиторияларынан кешелері ғана келген жас маманға берілетін қызмет дәрежесі еді, – деді Ебекеңмен жақын араласқан ағайындарының бірі Кеңеспен тілдесіп қалған сәтте. – Бірақ, құданың құдіреті, ғылымға шексіз берілген ағай осыған керемет қуанды ғой! 1983 жылдың қараша айының соңы ма екен, Ебекеңе бара қалдым. Жер үйде тұрады. Ағамыз сыртқа сыр білдірмегенімен, әбден титықтап, жүдеңкіреп жүрген кезі-тін. Алдында, тіпті, екі рет инфаркке түскен. Өте денелі адам, үстіне қара күпәйке, баста ескілеу малақай, аулада қорбаңдап, бірдеңе істеуге әрекеттеніп жүрді. «Не істегелі жүрсіз, Ебеке?» – деп сұрамаймын ба. – «Бүгін үйге алыстан бір меймандар келмекші еді. Сол үшін от жағып, қойдың басын үйтпекшімін...». – «Кәне, маған беріңіз бәрін. Мен-ақ үйтіп тастайын ол басты!..».

Сол жолы Ебекең жанған отқа тесіле қарап отырып, бұл інісіне осы күнге дейін өзінің оннан астам ғылым докторын, жиырма-отыз кандидат даярлағанын; оларды өзі тәрбиелеп-өсіріп, кафедра меңгерушісі, декан дәрежесіне көтергенін, бірақ солардың бәрі кейін алапес көргендей бұдан безе қашып, мүлде жоламай кеткенін айтып налыған екен.

Алматыдағы достары да кілт тыйылыпты. Жақын араласқан белгілі қаламгер ағайындар да тырс етіп хабарласпай қалыпты. Олжас Сүлейменов қана ешкімнен тайсалмай келіп, қал-жағдайын біліп, амандасып қайтыпты.

Мәселе мәнісіне бойлай келсе, әлгі сұрқай фельетон Ебіней Арыстанұлының Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының президенттігіне өз кандидатурасын дер кезінде алып, оны биіктегі тиісті орындарға тезірек мәлімдей қоймағанына «жауап» ретінде жазылған дүние көрінеді. Ал президенттік лауазымды өзге бір «дөкей» ертеден-ақ көздеп, іштей «иеленіп» қойыпты ғой. Міне, осыдан кейін-ақ ең басты қарсыласты «тепкілеу» басталады...

Ебекеңнің күн сайын таңертең үйінің жанындағы бақта Дос деген сырттан итін ертіп алып, бір сағаттай серуендейтін әдеті бар-ды.

Бір күні қыдырып жүрген академиктің жүрек талмасы ұстаған секілді, кенеттен екпеттеп құлағанын сонадайдан кездейсоқ көріп қалған көршілері жедел жәрдем дәрігерлерін шақыртады. Олар лезде-ақ жетіпті. Бірақ, сұмдық болғанда, әлгі ит абалап, алдыларынан қарсы жүгіріп, жолатпай қояды. Иесіне адал мақұлықтың: «Тірісінде жұлмалап маза көрсетпеп едіңдер. Енді, тым құрыса, тыныш өлуге мұрсат беріңдер!» дегені ме, кім білсін...

Сөйтіп Ебіней аға да кетті... Елу жеті жасында...

Алматыдан Ақселеу Сейдімбек ұшып жеткен.

– Құрттық қой! Асыл ағамызды құрттық қой! – деді ол еңкілдеп жылап тұрып.

Кеңестің де кірпігінен екі тарам жас сорғалады.

9.

Кеңесті қайсыбір қатарластары: «Тым көңілшексің. Шектен тыс жұмсақсың. Баланың да, шағаның да көңіліне қарайсың. Әлде қарауыңдағы жас актерлерге жарақшешейлігіңмен ұнағың келе ме?! Үлкен-кішіге үнемі жақсыатты болып көрінудің не қажеті бар? – деп сөгер еді.

Бұл күледі де қояды.

Әйткенмен, іштей: «Аздаған бостығым жоқ та емес шығар... Бірақ қатты болғанда не ұтам» деп ернін жымырып, ойланып қалады.

Тағы да Алматыда қатал өгей әке қолында сәл-пәл жүдеулеу күй кешкен ұлы Қанат еске түсер еді. Ондайда ет-жүрегі елжіреп, көмейіне жас кептеледі. Кемсеңдеп барып, өз-өзін зорға тежейді. Байғұс баласына тірідей жетімнің кебін кигізгені үшін көбінесе өзін кінәлі сезінетін.

Ол он жасқа келгенше барып тұрды. Қалт еткенде оны-мұны киім-кешек, түрлі ойыншығын алып жеткенше асығады. Бір күні ұлды кездесуге алып шыққан шешесі:

– Сенен бір өтінетінім, бұдан былай келмеші бізге! – деп жылады.

Сөйтсе, бұл баласына барған сайын екінші шыққан күйеуі қызғанып, әйелді көкала қойдай қылып сабайтын көрінеді. Таяқтың бір ұшы жазықсыз Қанатқа да тиетін секілді.

Ауылдағы іні-қарындастарын ойлайды. Олар да жас. Қал-ахуал біліп, хат жазуға оқталады. Бірақ жалқаулығы ұстап, хатты әне жазамын, міне жазамын дегенше, арада талай уақыт өтіпті. Бір жақсысы, олармен Майра жиі хабарласады. Жеке-жеке сөйлесіп, әрқайсының керек-жарағын өздерінен біліп, анда-санда посылка салып жатады...

Өзінің ауылдан ұзай бергенде сортаңда қалған ізі көз алдына тағы келді. Әпкесі мен әкесінен алған азғантай ақшасын құрастырып, артына жалтақ-жалтақ қарап, арманына аттанған екен. Сонда үрпиіп жеткенінде алдынан кездескен Әзірбайжан, Нұрмұхан сынды ағалары мен нағашы көкесі Ғалымжандай адамдар жасаған қамқорлықты қалай ұмытсын. Қазір театрда жүрген қыз-жігіттермен кездескен сайын сол кезеңдегі өзін көргендей мерейленетіні рас. Бұлардың да әрқайсы біреудің мәпелеп өсірген асылы. Осыларды қаталырақ ұстамайсың деп жазғыратын құрдастары да қызық. Үлкен екенмін, директор екенмін деп жөн-жосықсыз жекіре беруі керек пе...

Албырт шақта кім қателеспесін. Сонда ағаларың, ұстаздарың әр сүрінген сәтіңде бас салып зекіп, дүйім көпшіліктің алдында ұрсып, арпылдап беттен ала жөнелсе қандай күйге түсер ең?!.

Мәселен, жас кездегі күйінген, күйзелген шақтарында мұның да шарапқа үйірленген кездері өзіне мәлім. Оны көтере алмай, көзге түскен кездері де өтті. Сондайда өмірге де, өнерге баулыған режиссер Жақып Омаров ағасы оңаша шақырып алып:

– Әй, Кеңкебай, мынауың не?! Іше алмайсың ғой, несіне ішесің? К...ңе қарамайсың ба! ­Өй, кетші! – дер еді.

Айтатыны осы ғана. Содан кейін-ақ мұның ағаттықты екінші гәрі қайталамайтынын жақсы біледі.

Жоқ, кей-кейде ескертуді бұл да жасайды ғой. Бірақ ешкімді жәбірлеуге жол бермепті. Жас адам жаңылысса, дереу табалауға асығатын ағайын көп. Соларға сен қосылып, жанын жаралауға кіріссең не болады? Әрине, әлгі жігіт пен қыз мүлде дарынсыз, түйсіксіз, көргенсіз болса әңгіме басқа...

Антон Чехов: «Егер кісіні адамгершілігімен тәрбиелей алмасаң, айғаймен, жұдырықпен еш уақытта жөнге сала алмайсың» деген екен. Батыр Бауыржан да: «Айқаймен ала алмайсың. Ақылмен, айламен алғын» дейді.

Өнерге жаңа келген қыз-жігіттердің монолог оқуда, сөз саптауда да жаңылып жататын сәттері жиі. Сондайда «білгіштігіңді» көрсетіп, кеңірдек жыртып, ойбай-аттанға бассаң жараса ма!

Үлкен сахнаға алғаш шығып жүрген кезінде өзінің де шатасқан шақтары бар. Қарағандыға келгенінде әкімшілік бірқатар мерекелік іс-шараны театр мойнына артып қойғанын білді. Ал ұжым басшылығы көпшілік шаруаны Кеңеске тапсыратын. Ұзақ уақыт конферансье міндетін қоса атқарған күндерді ұмытпайды. Осындай концерттердің бірінде белгілі тақырыпқа қатысты жәйтті: «Қарағанды іргесіндегі Куу-чек кенішінде де тас көмір қоры орасан мол» деп жеткізгені есінде.

Сонда жергілікті ғалым, білікті дәрігер Ғабдолла Құлқыбаев ағасы соңыра гримм бөлмесіне арнайы бұрылып келіп соғып:

– Айналайын, Кеңесжан-ау, бағанағың не?! «Куу-чек» деп... «Куу-чек» емес, «Қушоқы!» – деп түзетті.

ХІХ ғасырда кен қазуға келген ағылшындардың ықпалымен қаншама уақыттан бері жергілікті жұрттың өзі біртіндеп осы елдімекенді «Куу-чек» деп кеткенін бұл қайдан білсін! Қысылғаннан:

– Ой-бой! Солай ма еді?! Қап! Енді ескеретін болдық, – деді қызарып...

Кейде аңғырттықпен жаңылысатын кездер болады. Тағы бірде сахнадан кезекті концерт нөмірін:

– Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қайнекен Әлімбаеваның орындауында – қазақтың халық әні «Шилі өзеннің қамысы-ай!» деп хабарлағанында жұрт ду күліп, дуылдап қол шапалақтады. Бұл кетіп бара жатып іштей: «Е, жақсы айтқан екем ғой!» деген. Сөйтсе, әннің аты жай ғана «Шилі өзен» көрінеді...

Шешесі жарықтық тұңғыш ұлына кішкентайынан-ақ: «Балам, әрдайым қайырымды бол. Қолдан келгенше үлкен-кішінің бәріне жақсылық жаса. Адалдықты ұмытпа. Ешкімнің ала жібін аттама» деп құлағына құйыпты.

Өзі көп балалы отбасынан шыққандығынан ба, жастайынан қанағатшылдыққа дағдыланған секілді. Әкесі де, қай жағынан болсын, тазалыққа, ұсынықтылыққа бейім еді. Сол кісілерден дарыған қасиет шығар, бұл да алдымен жан әлемінің қылаусыздығына, нысаптылыққа ден қойыпты.

Дүние-мүлікке де аса қызыққан емес.

Мұның ылғи ортақол ғана, аласалау, шағындау көлік таңдайтынын да жаратпайтын кей жолдастары:

– Әй, Кеңке, мынауың не?! Ұят емес пе?! Облыстағы ең атақты артиссің. Республикаға танымал үлкен ұжымның білдей директорысың... Кішкене жөні түзу машина мінбейсің бе?! – деп жазғырады.

Бұл да ондайда өз қисынын алға тартпай ма:

– Өй, сенің анау үлкендігі үйдей машинаңмен баратын жерге аяңдап мен де жетемін ғой! Оған бола несіне қиналасың...

Расында да, бір күні қараса, әлгі «кінәмшіл» жолдастардың ішіндегі бойы Кеңестен де аласа біреуі көзі бағжаңдап, дәу «джип» көлігінің педаліне аяғын жеткізе алмай ышқынып отыр. Соны байқап, еріксізден:

– Әй, аяғыңды тырбаңдап, газға созып, мойның терезеге жетпей, әбден діңкелеп бітеді екенсің ғой! Көрпеңе қарай көсілмейсің бе?! – деп күлді.

Анау ыржиып, қолын бір сілтеген. «Бар, оттамай жайыңа кет!» дегені секілді.

Қарапайымдылықтан жапа шеккен кезі жоқ. Айналадағы ағайынның шапағатына көп бөленіпті. Бірде газет тілшісі: «Сіз көбінесе құбатөбел ғана өмір салтын ұстанатын секілдісіз. Өте кішіпейіл, қайырымды көрінесіз. Осының сыры неде?» деп сұрақ қойды.

Ойланып қалған. Одан: «Қарап отырсам, мен адамдардан жақсылықты өте көп көрген адам екенмін. Сондықтан қарапайым көрінбеске, қайырымсыз болуға ешбір қақым жоқ-ау» –деп түйінді сөзін айтты.

Расында да солай еді. Қолдан келгенше әркімге жәрдем беру бойына жастайынан сіңген дағды секілді. Ең ғажабы, сол жақсылықтың бәрі ылғи алдынан шығып отыратынын да аңдайды.

Бір күні әкесінің дүниеден өткендігі туралы хабар жеткен. Телефон арқылы қазаны естірткен адам жамағайын туыстардың бірі еді, көңіл айтқан соң, Нарекеңнің екі күннен кейін жерленетінін мәлімдеді.

Пойызбен үлгеріп бара алмайтыны белгілі. Екі жүз шақырымадағы Ақмоладан барып отырған соң екі жарым тәуліктен аса жүреді. Түскеннен кейін де әрі қарай тағы қаншама жер бар.

Қасына Қарағандыда оқитын кенже інісі Алтайды қосып алып әуежайға тартқан. Барса, ұшаққа да билет жоқ. Содан Қарағанды – Көкшетау – Қостанай арқылы Ақтөбеге ұшатын бағытқа екі билетті зорға тауып, шықты-ау, әйтеуір. Бірақ самолеттері Қостанайға жеткен соң бөгеліп қалды. Сәуір айы еді, елдің солтүстік аймағында қар кетіп үлгермеген шақ; ауа райы бұлыңғыр, дичпетчер ұшуға болмайды, қауіпті деген шешім қабылдапты. Бұл екі аралықта Өскемен – Павлодар – Қостанай – Орал бағытына бара жатқан ұшақтың да өздерінің кебін киіп тұрғанын білді. Екі әуе көлігі де тура бір тәулікке таяу бөгелген. Сенделген жолаушылар әуежай ішіне сыймай жүр. Кеңес буфеттегі шәй үстінде әлдебір ақсақалмен танысып қалды. Гуревьте тұратын баласының тойына бара жатқан көрінеді. Өскеменнен шыққан жолаушы екен:

– Тұңғыш ұл Гуревьте тұрады. Жоғары оқу орнын бітірген соң сонда орналасқан. Енді үйленіп, тойды сол қалада жасауды ұйғарыпты. Артынып-тартынып, жеткенше асығып бара жатқан бетім еді, көрмейсің бе енді, жіпсіз байландық та қалдық, – деп опынды.

Бұл да жөнін айтқан. Мән-жайға қаныққан үлкен кісі:

– Е-е, айналайын, қиындау болған екен. Әкеңнің алдынан жарылқасын, көрмеген қызығын артында қалған бала-шағасына көрсетсін, – деп жұбатты.

Кеңес, шынында, уақыт жылжыған сайын жаны қысылып, не істерін білмей, қол сағатына қарағыштап, тықырши берген.

Әлден мезгілде іштегі радио торабынан Өскемен ұшағына жолдың ашылғаны хабарланып, жүргіншілердің өз көліктеріне жайғасуы сұралды. Ал бұлардың самолетінің жайы әлі белгісіз сияқтанады.

Сол кезде әлгі ақсақал:

– Балам, сен менің билетімді алшы, – деді. – Және біздің самолет Оралға қонады ғой. Үйіңе кешікпей жетуіңе ыңғайлырақ болар. Ал өз билетіңді маған бер. Мен тойға бара жатқан адаммын, бүгін үлгермесем, ертең жетермін. Күйіп бара жатқан дәнеңе жоқ. Ал сен әкеңе топырақ сала алмасаң өмір бойы өкінесің. Сөйт, айналайын...

О заманда билеттегі атыңды қаламмен сыза салып, қалауыңша, орныңды қолма-қол ауыстырып беретін еді. Аяқ астынан жасаған жақсылығы үшін ақсақалға зор ризалығын білдірген бұл әлден мезгілде жүрегі дүрсілдеп, Орал бағытына көтерілгелі тұрған Өскемен ұшағының әйнегінен сыртқа көз тігіп отырды.

Бір қараса, ентігіп Алтай да жетіпті. Құдай оңдағанда, тағы біреу келмей қалған секілді. Інісі осы бос орынға ілігіпті.

Екеуі де үлгеріп барған...

Қатты қысылған кезде қазақтың бейтаныс шалы көрсеткен әлгіндей адамгершілікті ойласа, әлі күнге дейін кеудесін шуақ кернеп, толқи бастайды. Сұрақ қойған журналистке осы оқиғаны баяндай келіп:

– Көрдіңіз бе, осындай жағдайлардан кейін мен қалайша рақымсыз болайын! –деді.

Әріптес досы, танымал театр сыншысы Әшірбек Сығай Кеңеске:

– Сенің қарапайымдығыңды ұнатамын. Жан-жүрегіңде титтей кірбің жоқ. Иба-ізетті де ұмытпайсың. Абай атамыз айтпақшы, бауырым деп адамзаттың бәрін сүйетін мейіріміңді жақсы көремін, – деуші еді.

Бірақ, неліктен екенін, жаратпайтындар да көп болып шықты. Күнде кездесіп, көзіңе күле қарап, жылмия амандасып жүргенімен, шынтуайтқа келгенде, тіпті, атарға оғы болмай, сонша жек көреді екен...

Алматыдан Әшірбек қоңырау шалған. Бұ кезде ол Мәдениет министрінің бірінші орынбасары.

– Кеңес, қал жақсы ма? Мәселені бірден айтайын: сен қызметті дереу таста. Өз еркіңмен директорлықтан босау туралы өтініш жаз. Саған айтатын ақылым сол, – деді.

Сөйтсе, театр ұжымындағы кейбір «жанашырлары»: «Директор қызмет бабын пайдаланып, өз-өзін мемлекеттік сыйлыққа ұсынып отыр. Мұндай жөнсіздікке жол бермеуді сұраймыз» деп Орталық партия Комитетіне арыз жазыпты.

Сәкен Жүнісовтің сонау «Өліара» спектаклін обком мен министрліктің шешімі арқылы жергілікті шахтерлер қауымының жоғары сыйлыққа ұсынғаны рас еді. Бұдан кейін қойылымды астанадан арнайы комиссия келіп көрді. Жоғарғы Кеңестің депутаттары келіп тамашалады. Труппа спектакльді Алматыға барып, зиялы қауым алдында, профессор-оқытушылар, академиктер алдында көрсетті. Бәрі де жоғары бағалаған...

Әңгіме аяғы осылайша ыңғайлана бастаған күндердің бірінде Әшірбек Төребайұлы хабарласып:

– Кеңес, қойылымға қатысты документтерді алып тезірек Алматыға жет. Одан соң Сәкен ағаң екеуің маған кіріңдер. Іс оңтайлана бастағандай. Тек кейбір ұсақ-түйек жәйттерді реттеуіміз қажет, – деп еді.

Ертеңіне-ақ барды.

Сол екі ортада Ғабит Мүсіреповтің інілерінің бірі Сәкен Жүнісовке қоңырау шалып:

– Сізге Ғабең үйіне тезірек соғып кетуді сұрап отыр. Айтатын маңызды шаруасы бар екен, – депті.

Ғабит ағамен ертеден араласатын Сәкең заңғар жазушыға жалғыз өзі кіріп шығуды ұйғарған:

– Кейінде Ғабеңнің мазасы болыңқырамай жүр еді. Қалай қабылдайтынын кім білсін, мен өзім кіріп-шығайын. Кеңес, сен он-он бес минуттей мына саябақта күте тұр, – деп жөнеле берді.

Бұл бақта отырғанында Қарағанды аймағы туралы «Оянған өлке» романын жазған Ғабит Мүсірепов туралы, жазушының араға отыз жыл салып, кешелері ғана сол шығарманың жалғасы «Жат қолындағыны» бітіргенін ойлаған. – «Айтпақшы, о кісі сыйлық сайысына түсіп жатқандардың бірі Қарағанды театры екенін біле ме екен?!»...

Жарты сағат шамасында Сәкең де келіп тұр. Ұнжырғасы түсіңкілеу.

Сөйтсе, Ғабит аға да шаруаны бірден айтыпты:

– Сендердің «Өліара» пьесасын сыйлыққа ұсынып жатқандарыңды естідім. Дұрыс-ақ. Жолы болсын! Бірақ саған айтатын бір жағдай – Қазақстан Жазушылар одағы Мұхтар Әуезовтің «Алуа» спектаклін де дәл сол бәйгеге қосты. Оны жастар театрында Райымбек Сейітметовтің қойып жатқанынан хабардар шығарсың... Өзіңе мәлім, мен сол мемлекеттік сыйлық комиссиясының мүшесімін. Сені жек көрмеймін. Бірақ дауысымды Мұхтарға беремін. Оның алдында күнәһар бола алмаймын. Қысқасы, шақыртқан жұмысымның жайы осы еді. Маған ренжімеңдер, – депті.

– Ғабеңнің әңгіменің ашығын айтқанына рахмет. Дегенмен, бұл жолы бізге бәйге жоқ, Кеңесжан! – деді Сәкен ағасы да мұның бетіне ажырая қарап.

Әшірбек те осыны айтқан:

– Ғабең айтса, жағдай түсінікті. Биыл үміт жоқ. Спектакльді қайтарып алыңыздар. Бақты келесі жолы сынайсыздар...

О жолы сыйлық, айтқандай-ақ, «Алуаға» бұйырды.

«Өліара» екі жылдан кейін қайта ұсынылған. Орталық Комитетке жөнелтілген әлгі арыз, міне, дәл осы кезде жазылған еді. Кеңес Әшірбек Төребайұлынан:

– Әшеке, құпия болмаса, арыз иелері кімдер екен? Аты-жөні бар ма? – деді қабаржыңқырап.

– Аттарын айтпай-ақ қояйын. Әрине, өзіңнің де ішің сезер. Төрт-бес кісі... Ұяттары білсін...

Ешбір қиналмастан өтінішін беріп, актерлікке ауысты.

Көп ұзамай дүбірлі бәйге хабары да жеткен. Комиссия сыйлықты бірауыздан Сәкен Жүнісовтің «Өліара» спектакліне беріпті. Пьеса авторы, басты рольді сомдаған Кеңес Жұмабеков, қоюшы-режиссер Ерсайын Тәпенов, суретші Мұрат Мақсұтов, актер Сердеш Қажымұратов бесеуі мемлекеттік сыйлық лауреаттары атанды. Бұл 1986 жыл еді.

Сыйлықты өз қолымен тапсырған Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Кеңесті бірден шырамытып:

– О-о, бұл өзің бе?! – деді жарқылдап, шаттана қарап. – Жарайсың! Ризамын. Жап-жас екенсің ғой әлі. Алда да талай аласың марапатты! Құттықтаймын!..

Кеңес те қуанды, әлбетте. Тек тағы да сол сәтте: «Әттең, өмірімдегі осынау айшықты мезетті не әкем, не шешем көре алмады-ау!» – деп іштей алабұртып тұрды. Бұған дейін анасы Әсима тәтей де дүниеден озған-ды.

Әкесінің: «Балам, қашанда жақсыларға жақын жүр!» деген өсиеті есіне түсті. Жайық, Ебіней, Ақселеу, Жақып... ағаларының кескіні көз алдынан өткен. Мына белеске шығуыма жәрдемдескен, негізінен, сол кісілер ғой деп ойлады. Алғаш театрға келгенінінде абдыраған бұған: «Аса абыржыма, бәрі реттеледі. Істің басы қатты болса аяғы тәтті болады» деген ұжым директоры Зейнолла Жақыповты елестетті...

Қарағандыға оралғандарында режиссер Мұхтар Қамбаров, әсіресе, Кеңес інісінің табысына есі шығып:

– Жиырма жасыңда театр табалдырығын қобалжыңқырап, жасқана аттап, бір үміт, бір күдікпен келіп едің. Енді міне, адал еңбек, маңдай тердің арқасында заңғар шыңға көтерілдің. Жанған еңбегіңнің зеңгір көгі бұл... Шырқау биігің! Қарағанды сен үшін ғарыш айлағына айналды, – деп насаттанды.

Таң шапағы

1.

Әрине, талай адамды өнер мен әдебиет, білім мен ғылым биігіне самғатқан Қарағандыны тура мағынасында космодром деуге келе қоймас. Дегенмен, қарап отырсаң, Сарыарқа даласының әлемге әйгілі қаншама ғарышкердің қону алаңы болғаны рас қой. Мысалы, Андриан Николаев, Павел Попович, Валентина Терешкова, Валерий Быковский, Владимир Комаров, Константин Феоктистов... Борис Егоров, Алексей Елисеев, Владимир Шаталов, Евгений Хрунов, Борис Волынов... Георгий Щонин, Валерий Кубасов, Анатолий Филипченко, Владислав Волков... Виктор Горбатко сынды ғарышкерлер әр жылдарда бірінен кейін бірі осы қала төңірегіне қонып жатыпты. Түсінде күндей күркіреген айлақ дүбірін де, мұздай құрсанған тұңғиық алқаракөк аспан кеңістігін де емес, төрт-бес бұзау жайылған алақандай ғана көкорай шалғынды көріп, Жер-Анаға жеткенше дегбірі қалмайтын ұшқыштарды құшақ жая қарсы алған Қарағанды бұлардың әрқайсының жүрек түкпірінде мәңгі сақталғаны анық. Осыларды түпсіз аспан әлеміне шырқатып, одан алақан тосып қайта күтіп алып жататын Қазақ елі, шынында, неткен қастерлі еді!..

Осындай жағдайға сай қала мейманханаларының бірі ғарышкерлерге арналған Бүкілодақтық Денсаулық сақтау бөліміне айналдырылыпты. Серейген көк терегі мен жайқалған ақ қайыңы аралас ну тоғай арасына орналасқан кешен құрамында кішірек емхана мен шағын спортзал бар. О заманда үйлердің бәрі екі қабатты ғана. Қонған ғарышкерлерді тікұшақпен алып келіп, ес жиғызып, күнделікті тірлікке қайта бейімдетін орталық мамандарының бәрі дерлік мәскеуліктер. Ұшқыштар мұнда бірер тәулік тексеруден өтіп, өз-өздеріне келген соң үйлеріне, бала-шағасының ортасына аттандырылады.

Кеңес осы ғарышкерлердің бірталайын жақыннан көрген. Ал қол беріп амандасып, бір ауыз лебіз алмасқан адамы – әйгілі Валентина Терешкова екен. (Айтпақшы, аталған орталыққа осы кісінің ғарыштық шартты атына сәйкес кейін «Чайка» деген ат берілген)...

Валентина Николаевна 2007 жылы «Қарағанды – аңсарым» ән фестиваліне арнайы келді. Қасында атақты композитор Александра Пахмутова бастаған үш-төрт «нөкері» бар. «Чайка» кешені бұ кезде адам танымастай өзгерген; ғимараттар саны да өсіп, еңсесі биіктеп кеткен кез еді. Сонда дүниежүзіндегі тұңғыш ғарышкер әйелдің қазақ жерінен көтеріліп, осында қайта оралғаны туралы естелігін айта келіп:

– Мен сендерді керемет жақсы көремін, қарағандылық туғандарым! – деп шаттанған бейнесі ұмытылар ма...

Ал Қарағанды Тоқтар Әубәкіров үшін нағыз самғау айлағы болғаны рас...

Сынақшы-ұшқыш ре­тінде Совет Одағының ең жоғары атағын иеленген алғашқы қазақ ғарышкері он бес жасында Темір­таудағы ДОСААФ-тың парашют­шілер үйірмесіне жа­зы­лып, осы қаладағы құю-ме­ханикалық зауытына токарь­лық жұмысқа кіріпті. Одан темір жонушылық кә­сіпті жалғастыра жүре, іргедегі Қара­ғандыдағы ұшқыш­тар секциясына ауысады.

Өзі: «Менің идеалым – даңқты ұшқыш, жерлес ағам Нұркен Әбдіров» дер еді. Сайыпқыран Нұркеннің де ұшқыштық ғұмырбаяны Қарағанды аэроклубы курсанттығынан басталғаны белгілі.

Бірде Тоқтар он жасында Нұркен ескерткішін көру үшін өздерінің «Восток» совхозынан жетпіс шақырым жердегі ұшқыш туып-өскен Бесінші ауылға жаяу келіпті. Жаз айы көрінеді, ұзақ жолдан қатты шаршаған бала сол күні түнделетіп қайта қайтудан жүрексінген де шығар, әлгі ауылда әлдебір ақсақалдың үйінде қонады.

– Ата, мен далаға жата салайын, күн жылы ғой, тоңа қоймаспын, – деген сияқты.

Содан қария:

– Өзің біл, балам. Әйтеуір, мұнда шағатын шыбын-шіркей жоқ, – деп үй іргесінде тұрған арба шанағының табанына қалың шөп төсеп, көрпе-жастық шығарып береді.

Бала түнде түс көреді. Түсіне Нұркен кіреді. Ұшқыш жарқыраған әлденені бұған:

– Мына жұлдыз саған аманат!– деп ұсынады. Бұл қос қолын бірдей созып, лапылдаған әлгі шоқты ұстаған сәтте Нұркен бейнесі де ғайып болған екен...

Драматург, режиссер ретінде де бірнеше пьеса даярлаған Кеңес кейін Нұркен жөнінде де, Тоқтар туралы да бірқатар қойылым жасап ұсынды. Бұларда да, көрерменге ой салатындай, өмірдің өзінен алынған шытырман тартысты тұстар жетерлік.

Мысалы, Нұркен Әбдіров немістер «қара тажал» деп атаған «Ил-2» ұшағын 1941 жылы сынақтан өткізіп, Сталинградтан Куйбышевқа алып келген жеті нұсқаушы-ұшқыштың бірі-тін. Бұлардың қасында қарағандылық жас ұшқыш Алексей Осипенко да бар. Нұркен тәжірибесі аздау осы жерлесін үнемі назарда ұстап, білгенін үйретуден жалықпаған. Әлгі сапарда Осипенконың ұшағы жолда сәл ғана қателікке байланысты апатқа ұшырай жаздайды.

Кінәлі қарағандылық ұшқыш дегенді естіп қалған әлдебір шенді оны бірден қазақ есебіне жатқызса керек, оқиға орнына дереу жетіп келіп, іс мәнісіне дендеп жатпай-ақ:

– Мен баяғыда-ақ айтып едім ғой, мұндай адамдарға қымбат техниканы сеніп тапсыруға бола ма?! Бұлар атқа мініп шапқаннан өзге дым білмейтін жабайы халық емес пе! – деп кіжінеді. Сонда Нұркен:

– Жолдас полковник, ұлттың жаманы болмайды ғой. Тек арасында сіз секілді кеудесіне нан піскен сыңарезу өкілдері кездесіп қалатын шығар! – деп тосылтқан екен.

Мұндай қорлауды маңайындағылардан Тоқтар да көріп баққан секілді. «Сондықтан ылғи намысқа тырысып, оқу-жаттығу сабақтарында үнемі алда болуға ұмтылыппын» – дейді өзі.

Тоқтар туралы бертініректе әріптесі, сынақшы-ұшқыш, Совет Одағының Батыры Валерий Меницкий «Менің аспандағы өмірім» деген кітабында: «Корабльге қонатын кез жеткен кезде оған бірінші болып Су-27К ұшағымен Виктор Пугачев, ал арада қырық минут өткенде МиГ-29К машинасымен Тоқтар Әубәкіров қонды. Біз бұл ерлік үшін бөркімізді аспанға аттық. Тек ешкім өзге бір фактіні ескермейді – арада тура бір сағат өткенде Тоқтар авиатасығыш алаңнан қайта көтеріліп ұшып кетті. Ол – мұндай батыл әрекетті іске асырған алғашқы адам. Ал Су-27 қайта ұшу үшін корабльде үш тәулік бөгелді... Кейінірек Тоқтар Совет Одағының Батыры, еңбегі сіңген сынақшы-ұшқыш, ұшқыш-ғарышкер болды, авиация генерал-майоры шенін алды. Демек, атақ-даңқы жеткілікті және ол мұның бәріне лайықты, бәріне де өз еңбегі арқылы жетті» – деп жазыпты.

Әйткенмен, сондай деңгейге өздері шыға алмаса да, етектен тартып, үнемі мұрын шүйіретіндер қатары азаймаған екен. Тоқтар ғарышкерлер отряды құрамына кірген кезінде кей қызметтесі:

– Әй, космос сенің не теңің?! Бәрібір ұшырмайды ғой. Бекер далбасалап несіне әуре боласың? – деп күлген көрінеді.

Қызғаныштан шығар. Не дерсің...

Кеңестің Тоқтар өміріне қатысты даярлаған сценаларының бірінде болашақ ғарышкердің бүлдіршін шағында ауылдан ұзақ кетіп, анасы Кәмилаға еріп, тау арасына шыбық отауға баратын көрінісі бар. Сонда бала мен шеше арасында тартымды қимыл, қызықты диалог көрсетіледі. Міне, сол қойылым шығарылған мерекелік іс-шараға кейіпкердің өзі шақырылған-ды. Бірақ кеш үстінде Кеңес тұңғыш немересінің туғаны туралы хабарды естіген соң үйге қайтып кетуіне тура келген-ді.

Концерт аяқталған бетте Тоқтар Оңғарбайұлы қатты риза болып, ұйымдастырушылардан:

– Қойылымның авторы кім? – деп сұрапты.

– Бұл – белгілі актер, сценарист, режиссер Кеңес Жұмабековтің туындысы еді.

– О-о! Кеңесті жақсы білемін ғой. О кісі қайда?

– Кеңекең жаңа ғана ұлы Мейрамның келіншегі босанғанын естіп, қатты қуанып, үйіне қайтып кетіп еді. Алғашқы немересі екен...

Бұл қуаныш бөлісуге келген бір-екі жолдасымен түнгі он екіге қарай үйде дуылдап отырса, қалта телефоны шырылдайды. Қараса, қоңыраулатып тұрған – Рымбала Омарбекова. Облыстық Мәдениет басқармасының бастығы:

– Кеңесжан, мас емессің бе? – дейді.

– Жоқ-қ, ойбай! Әзірше сап-саумын, – деп күлді.

– Онда қазір сенімен Тоқтар Оңғарбайұлы сөйлеседі.

Кеңес абдыраңқырап қалды. Қасындағылар да түн ішінде мазалап тұрған кім болды екен дегендей, мұның аузына аңтарыла қарап отыр. Әсіресе, Майра көзі бақырайып, сұраулы жүзбен төніп алған. Бұл телефон тұтқасын алақанымен көлегейлей беріп, оған сыбыр ете қалды:

– Тоқтар Әубәкіров...

Сол кезде зайыбы да күліп, қол сілтеген:

– Қойшы! Еріккен артистердің бірі ғой. Банкеттен кейін қызып алып, пародия жасағысы келіп тұрған шығар. Ішкілері келсе шақырсайшы.

Сөйткенше ғарышкер де даусы саңқылдап сөйлей жөнелді:

– Алло, Кеңес, қал жақсы ма? Сценарийді керемет жазыпсың, қатты толқыдым. Тіпті, шешемді тірідей көргендей, көзіме жас келді. Балалық шағымды көз алдыма елестеттің, өте ризамын!..

Қасындағылар әңгімеге енді ғана сенгендей Кеңес сөйлесіп тұрған телефонға құлақ тіге қалыпты. Батыр сөзін жалғайды:

– Жаңа естідім, немерелі болып жатыр екенсің. Құттықтаймын. Егер қарсы болмасаң, немереңнің атын мен қояйын...

Кеңестің есі шығып кетті. Қолқалап шақыртып қолға түсіре алмайтын адамы өз ықыласымен перзентіне ат қойып бермекші.

– Ойбай-ау, әрине, әрине, Тоқа! Ешбір қарсылық жоқ... Қайта, өте қуаныштымыз... Тек, мына жолдасыма айтыңызшы, сіз екеніңізді білсін...

Тұтқаны Майраға ұстата қойды. Тоқтардың даусы естіліп тұр:

– Ә, иә, келін, немеренің бауы берік болсын!..

– Ой, аға, рахмет, рахмет!.. Сіз айтсаңыз болды ғой. Отағасына айтыңыз. Болады, болады, – деп енді әйелі апалақтады.

Телефонды асығыс қайта алғанында ғарышкердің:

– «Нұркен! Нұркен!» деген даусын естіген.

– Болды, Тоқа! Айтқаныңыз орындалады! Нұркен – ғажайып есім... Қуаныштымыз...

Кеңес артынан аздап ыңғайсызданды. Іштей: «Қап! Батыр мені жаңа дұрыс түсініңкірей алмай қалды-ау! Мен ұсынған есімді қойғысы келмей ме немене, күйеуі біресе телефонды әйеліне береді, одан әйелі қайтадан күйеуіне сілтейді деп»...

Ұялы телефонның енді-енді ғана шығып жатқан кезі еді. Кішкене ғана «шайтанқұлақ» аппаратқа күдіктене қарап, жеңіл күрсінді.

Сөйтіп, немересінің аты Нұркен деп қойылған.

Жағдайды ұққан жолдастары да шулай жөнелісті:

– О-о! Ғажап болды ғой. Нұркеннің бауы берік болсын! Нұркен атасындай елдің сүйікті ұлы, даңқты батыр болсын! Тоқтар атасының беделін берсін!

2.

«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» дегендей, халықтың әр кезеңдерде өз серкелерін лықсытып алға шығарып отыратынын байқайсың. Сол секілді, айтулы ұл-қыздар да туған жер абыройын ұдайы асқақтата беретін көрінеді.

Кей-кейде сонау қос Ғабеңнің «Оянған өлке», «Қарағанды» шығармаларындағы Игілік, Сандыбай, Жұман, Ермек, Жанәбіл, Жұманияз, Ардақ, оның әкесі Әлібек сынды кейіпкерлер туралы ойлайтыны бар. Осылардың арасында өрбитін шым-шытырық тіршілік ылғи түрлі толғаныстарға бастайды.

Қарағандыға қылшылдаған жас кезінен келген Кеңес аймақ шежіресіне дендеп еніп, облыс тынысымен біртіндеп біте қайнаса түскенін өзі де аңдамай да қалыпты. Өлкенің қастерлі елдік мұраттар жолында бүкіл ғұмырларын сарп еткен қасиетті ұл-қыздары жеткілікті екен. Ең ғажабы, солардың игі дәстүрі ұрпақ сабақтастығы арқылы күні бүгінге дейін лайықты жалғасып келе жатқаны аңдалады. Уақыт заңдылығына сәйкес күндер ғана емес, жылдар зулаған аласапыран дәуірлердегі сонау бейнелер кескіні бір сәт көз алдынан жөңкіліп өтті:

...Нұрбай Алтайұлы, Қазыбек би Келдібекұлы, Бұқар жырау Қалқаманұлы, Нияз батыр, Шерубай Биболдыұлы, Жалаңтөс Жансарыұлы, Байғозы батыр, Сеңкібай Оразғұлұлы, Жидебай батыр Қожаназарұлы, Көкбөрі Керней Жарылғап батыр, Байдалы би Бекшеұлы, Шабанбай би Қалқаманұлы, Таймас Бектасұлы, Шөже Қаржаубайұлы, Жанқұтты би, Мәнжі Күржікейұлы, Ағыбай батыр Қоңырбайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Шортанбай Қанайұлы, Ғаббас Айтбаев, Доскей Әлімбайұлы, Қыздарбек Төребайұлы, Ахметбек Байсалбайұлы, Мәди Бәпиұлы, Иманжан Жылқайдаров, Жақыпбек Балғабайұлы, Кемпірбай Бөгенбайұлы, Көшен Елеуұлы, Маясар Жапақ, Ғабдиман Игенсартов, Тайжан Қалмағанбетұлы, Шашубай Қошқарбайұлы, Иманжүсіп Құтпанұлы, Әлихан Бөкейхан, Қали Байжанов, Ілияс Мәңкіұлы, Әсет Найманбайұлы, Нарманбет Орманбетұлы, Ахметжан Сармантайұлы, Омар Шипин, Жақып Ақбай, Ғаббас Айтбаев, Имам Әлімбек, Әміре Қашаубаев, Қалибек Қуанышбаев, Әлімхан Ермеков, Нығмет Нұрмақов, Сәкен Сейфуллин, Қайып Айнабеков, Мұхаметқали Тәтімов, Мұхамеджан Әбдіхалықов, Абдолла Асылбеков, Ілияс Ахметов, Мұхамедия Ахметұлы, Жанайдар Сәдуақасов, Орынбек Беков, Қапия Түлкібаев, Әбду Жүнісұлы, Кәрім Мыңбаев, Аққыз Ахметқызы, Жүсіпбек Елебеков, Хабиба Елебекова, Манарбек Ержанов, Әбікен Хасенов, Жабай Тоғандықов, Нұғыман Әбішев, Мартбек Мамыраев, Сейітқали Баймұрзин, Мағрипа Қазыбекова, Сейділ Талжанов, Ақжан Машани, Ғабиден Мұстафин, Әлжаппар Әбішев, Мағауия Көшкімбаев, Қасым Аманжолов, Жүсіп Алтайбаев, Әуезхан Көшімов, Күләш Бәйсейітова, Жайық Бектұров, Әбілқас Сағынов, Сұлтан Қапарұлы, Зейнел Көшкімбаев, Сырлыбай Жүнісов, Төлеубай Ілиясов, Өркеш (Нұрмағанбет) Жабаев, Мұқан Бектенов, Сырлыбай Жүнісов, Зәбира Жұбатова, Құсайын Нағыманов, Күләш Ғабдуллина, Батима Құскейқызы, Андрей Дударенко, Жәмила Шашкина, Мұздыбек Әбдікәрімов, Мұрат Қосыбаев, Тамара Қосыбаева, Зейнел Қойшыбаев, Ағдарбек Ыбыраев, Гүлсім Әбдірахманова, Әңгелбай Әлиханов, Рахия Қойшыбаева, Зейнолла Жақыпов, Амантай Дәулетбеков, Әйкен Мұсабекова, Мәлік Имашев, Ботай Байзақов, Гүлімжан Қарсыбекова, Иван Колодий, Иван Корнеев, Қазыбек Нұржанов, Мүтәш Сүлейменов, Петр Теряев, Жақсыбек Үншібаев, Өмірхан Байқоңыров, Қылыш Бабаев, Саттар Ерубаев, Баубек Бұлқышев, Мұқан Иманжанов, Қапан Сатыбалдин, Мүлік Сүртібаев, Ісләм Жарылғапов, Нұркен Әбдіров, Жаппар Өмірбек, Талғатбек Әбдіразақов, Райымқұл Есіркеев, Шолпан Жандарбекова, Аппаз Қаражігітов, Сыдық Мұхамеджанов, Қали Аманбаев, Кәмали Дүйсембеков, Тиышбек Аханов, Мағаз Мұқаш, Бүркіт Ысқақов, Ебіней Бөкетов, Мағауия Хамзин, Сұлтан Досмағамбетов, Виктор Крылов, Дүйсетай Шаймұханов, Анатолий Билык, Төрегелді Шарманов, Задан Жұмағалиев, Арыстан Ғазалиев, Мұрат Смағұлов, Рамазан Сағымбеков, Әмен Әзиев, Мыңжасар Әдекенов, Сапарғали Ләмбеков, Мақсым Омарбекұлы, Амантай Сатаев, Амантай Сағындықов, Қайырғали Сұлтанов, Қасым Орынбетов, Нұрмахан Оразбек, Өтен Ахмет, Қалиасқар Әбілдин, Зарқын Тайшыбай, Тілеуқабыл Байтұрсынов, Матай Айнабеков, Сайлаухан Нәкенов, Жақсыгелді Сейілов, Марал Хасен, Амандық Рахов, Қайрат Байбосынов, Әбділда Әлімбаев, Мұрат Мұсабаев, Шынболат Ділдебаев, Жамбыл Сәулебекұлы, Қасымбек Медиев, Кәмел Жүністегі, Темірғаали Көкетаев, Кәрім Сауғабай, Софы Сматай, Тілеуғабыл Есенбекұлы, Гүлбаршын Ақпанова, Хорлан Қалиләмбекова, Ғабдолла Құлқыбаев, Шаймерден Оразалинов, Ақселеу Сейдімбек, Жақып Омаров, Мұхтар Қамбаров, Рамазан Баймағанбетов, Қарғаш Сатаев, Әсия Абылаева, Қайныкен Әлімбаева, Рымкеш Омарханова, Нұржібек Жансүгірова, Гүлсара Рашқалиева, Мыңғыш Әбілқасов, Жеңіс Молдабеков, Оралбай Әбдікәрімов, Қозы Уәдиев, Көбейсін Еңсебаев, Торғай Әлімбаев, Рашит Каренов, Тоқтар Әубәкіров, Алдан Смайылов, Рымбала Омарбекова, Қанат Мұсаев, Төлеухан Тұтанов, Мәкен Мұқышева, Айбану Салықова, Хамит Көрікбаев, Сарқыт Күзеуов, Хамит Көрікбаев, Мейірхан Адамбеков, Қажет Ғинаятова, Гүлсара Рашкалиева, Тілектес Мейрамов, Айдос Бектеміров, Қайрат Кемалов, Жақсыкелді Кемалов, Кәріғұл Тұрсынов, Қуаныш Есіркеев, Мәуен Хамзин, Дүйсен Қасейінов, Дәуітәлі Стамбекұлы, Жәкен Қуанышбаев, Ләйла Құсайынова, Жүрсін Ерман, Сәулебек Жәмкенов, Серік Ақсұңқарұлы, Тілеген Садық, Кенжеғали Мыржықбаев, Сара Алпысбаева, Серік Сексенұлы, Аман Жанғожин, Серік Алпысов, Сүйіндік Жанысбай, Серғазы Әдекенов, Мақаш Әлиакпаров, Серғали Қарғин, Айман Қоңқабаева, Серік Тахан, Абзал Бөкен, Сәбит Бексейіт, Гүлсім Оразалиева, Оңайгүл Тұржанова, Еркін Лұқпан, Мағауия Сембай, Айқын Несіпбай, Сағат Батырхан, Қайнар Олжай, Базар Мамыр, Төрехан Майбас, Дәулетбек Мақаш, Ерсін Мұсабек, Атымтай Оспан, Базарбай Әлеуханов, Ғалым Жайлыбай, Жантас Жақыпов, Берік Рахымов, Әлихан Бәйменов, Шапағат Жалмаханов, Ғалым Ақылбаев, Жамбыл Артықбаев, Бекболат Тілеухан, Мұхтар Тінікеев, Мақпал Жүнісова, Ықылас Адамбеков, Әбітай Атығаев, Мұхамедқали Баймұқанов, Ермек Балташұлы, Айтбай Сәулебек, Айгүл Түсіпбекова, Кеңес Нұрлан, Боташ Ноғаева, Қуаныш Мақсұт, Орынбай Аймағамбетов, Төлеш Асантегі, Әнуар Омар, Берік Әбдіғалиұлы, Рысқұл Жақанұлы, Махмет Темірұлы, Қуаныш Ахметов, Хамит Жаманов, Тұрсын Жұмаш, Серғазы Зекенов, Зейнолла Көшкенов, Алмагүл Үмбетова, Жәлел Шалқар, Николай Заболоцкий, Анна Баркова, Александр Галич, Юрий Грунин, Тамарина Руфь, Михаил Бродский, Дмитрий Оськин, Марат Искаков, Иосиф Брейдо, Ренгина Дериева, Любовь Шашкова, Татьяна Еремина, Ғалым Мұқашев, Владимир Вишняков, Айбек Бегалин, Ақниет Бексейітов, Ольга Воротынская, Наталья Абель, Балтабай Батталғазин, Әбіл Кәріпбайтегі, Айтбай Кәріпбеков, Мүсіркеп Сейдахмет, Жолкен Тайтөлеу, Мұса Тілеуов, Марат Шәйке, Қымбат Әбілдақызы, Төлеубай Ермекбаев, Әшімхан Жәмпейісов, Қойлыбай Асан, Жомарт Оспан, Аманжол Әлтай, Мартбек Тоқмырза, Жұлдыз Тойбек, Мақпал Орынбетова, Қайрат Әбілда, Аманғали Қалжан, Серік Сәпиев, Геннадий Головкин, Ақан Сатаев, Нұрсила Бәрменбаева, Света Жұмкина, Сара Смағұл, Дидар Амантай, Ерлан Төлеутай, Қамбар Ахмет, Ерлан Мұстафин, Тарас Викторяк, Елена Зейферт, Руслан Нұрбай, Серік Сағынтай, Қайрат Асқаров, Рахат Әбдірахманов, Дмитрий Пахомов, Бағдат Мүбәрак, Ілияс Мұқаев, Ерқанат Кеңесбеков, Қуаныш Медеубаев, Жәлел Шалқаров, Мирас Мұқаш, Жанат Жаңқашұлы, Алмаз Мырзахмет, Мирас Асан, Жадыра Байбұланова, Арман Әлменбет, Рауан Қабидолдин, Жәнібек Әлиманов, Ақерке Асан, Аян Мейраш...

3.

Бұлардың әрқайсысы бір-бір тағдыр иесі, бір-бір әлем, оқылмаған бір-бір кітап...

Әсіресе, ел басына күн туған замандарда қар төсеніп, мұз жастанып, басын бәйгеге тіккен сонау алдыңғы лек асыл қасиеттерін жеке үлгі-өнегесі арқылы ұл-қызының бойына сіңіріп бағыпты.

Жарық дүние есігін жаңа замандарда ашқан ұландар да жанын жалау етіп, сол бабалар жолын жалғастырады. Мысалы, Қасым Аманжоловтың қым-қуыт шиеленіскен қысқа ғана ғұмыры...

Қарқаралының алақандай қыстағында туып, жастайынан дауылдар мен жауындарға қарсы жүріп, асқақ арманына асығып шарқ ұрған оның айқыш-ұйқыш іздері Қарағандыда, Семейде, Алматыда, тіпті, Ленинград жоғары оқу орындарының бірінде, одан Оралда қалғанын көресің. Сөйтіп қайтадан Ресей жеріне әскер қатарына аттаныпты...

«Адамның басы – Алланың добы» демекші, тағдырдың сұрапыл толқындары кісіні кейде қақпақыл ойнатып, ойламаған шығандардан бір-ақ шығаратындай.

Батыс Қазақстанның тумасы, атақты ғалым Қажым Жұмалиевтың да елуінші жылдары Қарағандыға жер аударылып, бірталай уақыт осындағы педагогикалық институтта сабақ бергенін естіп таңырқағаны есінде.

Иә, расында, түрлі жағдайлармен ат басын осында бұрып, кейін мұндағы жұртпен бірге туысқандай мидай араласқан небір тұлғалар бар екен. Бертініректе қызмет бабымен келіп тер төккен академик Мұрат Жұрынов сынды ғалымдар қаншама...

Сонау сана тезінен өткізген адамдар да есіне түскендері ғана. Мұнда ісспапармен жолаушылап келіп-кетіп жататын ағайынның қисабы жоқ-ау. Мысалы, атақты режиссер Шәкен Аймановтың Қарағандыда тұратын жездесі әнші Қалидың үйінде талай жата-жастанып жүретінін білуші еді. Өмірінің соңында Мәскеуге барып тұрақтаған көрнекті мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновтың да жолы түскені есінде. О кісі Ебіней Бөкетовтің туған қайынағасы екен. 1976 жылы Қарағандыға келгенінде ҚарМУ студенттерімен кездесті. Осы іс-шараға Кеңес те әдейілеп барып қатысыпты. Сонда шәкірттер алдында шешіле, ақтарыла сөйлеген ақсақалдың екі жәйтті қадап айтқаны есінде қалған.

– Жаңа дәуірде қазақ балалары өте білімді болуы шарт! Өйтпесек, талабы қатал заман қыспағына қарсы тұра алмаймыз. Кез келген қиындықты ақылмен, біліммен ғана жеңуге болар. Әйтпесе жан-жағымыздан анталаған көршілер талап жеп қояды; одан соң қазақтың әрбір ұл-қызы өмірлік серіктерін тек өз ұлтымыздың арасынан таңдағаны абзал. Онсыз ғасырлар бойы қалыптасқан салт-санадан біртіндеп ажырап, тұздай тозып кетуіміз оп-оңай. Мұны ата-бабаның аманаты деп қабылдаңдар! – деді ғалым.

Әлбетте, бұдан өзге ұлтпен мүлде араласпа, бөгде жұртпен санаспа деген ұғым тумас; өте шектеле беру де қисынсыз. Көршіңмен тату отырғаның жөн. Бұрынғы Одақтың түкпір-түкпір аймақтарынан Қарағанды жеріне тағдыр теперішімен келіп, осында қалып қойған адамдардың балалары күні бүгінге дейін аймақ игілігі жолында аянбай еңбектеніп келеді. Қазір Европаны былай қойып, АҚШ, Канада, Израиль елдерінде, тіпті, Оңтүстік Америка, Австралия құрылықтарына көшіп кеткен кейбір жерлестердің ішінде Қарағандыны шағын планетадай көріп, кіші Отаным деп санайтындар көп.

Жыл сайын Қарағанды аймағына келіп-кетіп жататын жапондардың да аяғы бір басылған емес. Олар, негізінен, сонау Екінші дүниежүзілік соғыста қолға түсіп, осында қайтыс болған ағайындарының зираттарын іздеушілер.

СССР Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің 1945 жылғы 23-тамыздағы «Жапон армиясы тұтқындарын қабылдап, орналастырып, еңбекке пайдалану туралы» қаулысына сәйкес жапонның еркінен айырылған елу мың солдаты Қазақ жерінде қалдырылыпты. Олар денсаулық деңгейлеріне байланысты төрт топқа бөлініп, рет-ретімен шахта жұмыстарына, өнеркәсіп ғимараттары мен тұрғын үй құрылысына, түрлі жекелей істерге, сондай-ақ жем-шөп дайындау, балық аулау сияқты шаруашылықпен айналысуға жіберілген.

«№ 37», «№ 39», «№ 99» деп үш лагерьге жіктелген тұтқындардың алғашқысы Ақшатау молибден-воьфрам комбинаты мен Балқаш мыс қорыту зауытына, екіншісі Жезқазған кеніштеріне, үшіншісі Қарағанды, Шахтинск, Жаңа Майқұдық шахталарына және Теміртау металлургия комбинаты құрылысы мен Спасск зауытына, Сораң кірпіш зауытына жөнелтіліпті.

Кейін жапондықтардың өздері анықтағанындай, № 99 лагерь құрамында 16100 адам тіркелген екен. Оның 485-і түрлі ауру-сырқаттан көз жұмып, сол орналасқан елдімекендерде жерленген.

Міне, біреуінің атасы, екіншісінің жамағайын туысы дегендей, Күншығыс елінің тұрғындары солардың бастарына келіп тәу етуді салт қылады...

Осыларға қарасаң, Қасымның Батыс Қазақстанға аттануы, өзінің мұнда келуі әшейін ауыл-аймақ арасындағы әңгіме секілденбей ме. Әйткенмен:

– Оралым, сенің қойныңда,

Ойнақтап өткен жылдарым.

Жарқылдап Жайық бойында,

Достармен сайран құрғамын, –

деп жырлайтын Қасым ғұмырбаянының арасынан ылғи өз өміріне ұқсастық іздегендей болушы еді...

Қасым алғаш жиырма жасында Оралға аттанса, бұл сол өлкеден осында келіпті.

Ал ақын ол жақтан неге кеткен?

Бірде осы сауалдың жауабы өз-өзінен алдынан шыға қалды.

1982 жылы Ленин ролін сәтті ойнағаннан кейін, телевизия, газет-журналдар арқылы тілшілерге алма-кезек сұхбат беріп, көңілі марқайып елге барған кезінде көрші ауылда тұратын нағашы шешелерінің қайтыс болғанын естіген. Жарықтық, негізі, әкесі Нарымбайға нағашы болып келетін дүйім елге сыйлы бәйбіше еді. Сонда шешесі Әсима:

– Балам, марқұм әкеңнің орны ойсырап тұр. Ол соғыстан оралған қиын кезеңде жыртығымызды бүтіндеп, көп қарайласқан осы анамыз-тын. Енді үйдің үлкені – сенсің. Барып, бала-шағасына көңіл айтпасаң ұят болады, – деп, әлгі ауылға өзі ертіп барды.

Осы сапарда ұлы нағашыларының жұртымен танысып, іргелес қоныстарға соғып, төрт-бес күндей айналуға тура келген.

Ақжайық ауданына қарасты «Еңбек» ауылындағы Қуанышкерей есімді ақсақалдың шаңырағына барғандарында анасы өз туыстарымен арқа-жарқа амандасып болған соң:

– Міне, үлкен ұлымды да алып келдім. Аты – Кеңес. Мамандығы – актер, – деп таныстырды.

Төрде отырған отағасы селт етіп:

– Ой, айналайын, хош келдің, жоғары шық! – деп, елпілдей амандасқан.

Көкірегі ояу, сергек көңілді жан екені бірден аңғарылды. Тек екі көзі көрмей қалыпты. Кезінде А.Пушкин атындағы Орал пединститутында көп жыл сабақ берген ғалым адам екен. Әдебиетші көрінеді.

Шай үстінде жөн сұрасқан:

– Қызметің қай жақта?

– Қарағандыда тұрамын.

– О-о! Қасымның ауылынан екенсің ғой! Жақсы, жақсы. Өте жақсы...

Одан өңі күреңітіп, үнсіз тебіреніп, ұзақ отырған. Әлден мезгілде:

– Ой, қайран, Қасым-ай! Талай көріп, тәп-тәуір араласқан адамдар едік. Е, айтқандайын, Қасымның өлеңдерін білесің бе? – деді.

– Білемін...

– Ә, тамаша! Кәне, бір-екі шумағын оқып жіберші.

Қанша дегенмен, талай өлеңді жатқа соғып дағдыланған актер емес пе, ешбір тосылмай:

– Шықшы тауға, қарашы кең далаға,
Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға.
Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең
Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма? –

деп саңқылдай жөнелген.

– Әй, жарайсың, жарығым! Қасым – қазақ жырының хас тұлпары ғой, шіркін! – деді ақсақал арқаланып. – Оның бір керемет өлеңі болушы еді. Сонысын сахнадан айтқаннан кейін өзі бұ жақтан кетіп қалды ғой!

Қуанышкерей аға тағы да біраз үнсіз қалып, жалпақ алақанын Кеңестің тізесіне сала отырып әңгімесін жалғады:

– Мен оқуға түскен кезде біздің алдымыздағы жігіттер тек сол Қасым жырларын жатқа оқып жүр екен. Ол өзі керемет өнерлі адам. Домбыра, балалайка, скрипка, баян, гармонь... бәрін кезек-кезегімен құйқылжыта тартады. О кезде институтқа жақын жерде «Татарская слободка» деген бар. Сонда тұратын татардың бірінен-бірі өткен матур қыздары Қасымға шетінен ғашық... Қалт етсе, оны кештеріне шақырады... Қасым өзі керемет әнші де еді. Әзілі қандай ұтқыр шіркіннің... Әне, ондай жалынды жігіт жан қойсын ба!..

Қуанышекең кеңкілдей күлді. Ойда жоқта жастық шақ елестеріне сүңгіп, жүзі балбырап, мейірленіп шыға келген.

– О заманда Абайды жамандайтындар бар. «Оны көп айтпаңдар, бай-шонжар тұқымы. Өлеңі біздің саясатымызға да қайшы. Ескі заманның сарқыншағы» – деп арасында кейбір оқытушылардың өзі бас болып кілең теріс насихат жүргізер еді. Е-е-е, несін айта берейік оның. Абайды ұқпайтындар қазір де бар-ау... Әй, сонда қызуқанды Қасым ондайларға: «Өй, не оттап отырсың өзің? Дүниеде Абайға тең келетін ақын бар ма?!» – деп шарт ете түседі. Мінезі шалт... Е-е, сонан не керек... Қасымның кету себебін айтайын да... Ол Орал театрының режиссері Жұмат Шанинге жуық жүрген жігіт еді. Музыкант ретінде сондағы оркестрді басқарады. Оған қоса біздегі ұжымға жетекшілік жасайды. Содан бірде оқу орнында үлкен мереке болмай ма. Қасым даярлаған концерт программасында бес күй, үш ән бар екен. Соны партком секретары мен декан үстінен сызып, екі күй мен бір ән ғана қалдырады. Олардың орнына орысша нөмірлерді қосыпты. Қасымның: «Бұларыңыз қалай?» деген ренішіне де қарамапты. Деканның өзі: «Жоқ, болмайды! Уақыт тығыз. Оның үстіне күйді көп ешкім түсінбейді. Сырттан келетін сыйлы меймандардың мазасы кетеді» – деп көнбепті. Ал бұл солақайлыққа келісе қоятын Қасым бар ма! Әнші, күйшілеріне барып: «Жігіттер, жағдай осылай болып жатыр. Бірақ біз сценарийімізді бұзбайық. Мен өлеңмен бастаймын, одан күй мен ән кетеді. Одан күй тартылады. Екі күйдің арасын үзбей қатар орындаймыз, тек арасындағы бір әнді ғана алып тастайық. Әйтпесе үзіліс болып қалады. Сонда төрт күй, екі ән орындалады. Саспаңдар» – дейді ғой. Сөйтіп, сахна пердесі ашылған кезде Қасым ортаға шығып:

– Ән бар ма, біздің әндей жатқан бұрқап,

Аламыз дауылдатып шырқап-шырқап.

Күй бар ма, біздің күйдей жатқан жосып,

Тас балқып, тыңдағандай тал таңырқап.

Өлеңнің өлкесіміз өткел бермес,

«Сөзді қой, өлеңге бас, жырмен сөйлес»

Деп өскен қазекеңнің ұрпағымыз,

Өлеңсіз өмір бізге өмір емес, –

деп саңқ еткенде, оркестр Құрманғазының «Адай» күйін бастап келіп жібереді. Одан әнші қыз келеді. Одан соң Дәулеткерейдің «Көңілашары» тартылып, іле-шала тағы бір күй кетеді... Және бір ән шырқалады... Сол аралықта Қасым ытқып шығып, бөгелместен бастырмалата:

– Бұл – менің шарықтаған жастық шағым,

Жаныма дарытпаймын дүние шаңын.

Әніммен қарсы аламын әрбір күнді,

Жайғандай еркеназым жар құшағын.

Бұл – біздің қасиетті дастанымыз,

Шалқыған айдын көлдей жас шағымыз.

Алға ұстап адал жүрек махаббатты,

Ән салған біз қазақтың жастарымыз! –

деп жасындай жарқылдайды.

Ә дегенде ештеңе түсінбей қалған парторг бір кезде мына тұстан, декан ана бүйірден қолдарын сермеп: «Дереу тоқтат!» деп, ойбай-аттандарын салып, безектеген де қалған.

– Ах-х, ох...

Бірақ бәрі де кеш еді. Ертеңіне айқай-шу болғаны түсінікті. Осылайша, бұдан кейін мұнда өзіне күн жоқ екенін жақсы білген Қасым жиналып алып, Алматы қайдасың деп тартады да отырады. Бұл, жаңылмасам, 1936 жыл... Қасекең сонда жиырма бестер шамасындағы жігіт қой. Және өзі аттанарында жай кетпей, ызасы өткен біреулерді: «Түрлеріңе қарамай Абайды жазғырасыңдар тағы» – деп боқтап та кеткен секілді...

Кеңес ақсақалдың әңгімесін қыбы қанып, екі көзі жайнап, рахаттана тыңдады. Қария соны сезгендей өзі де жадырап:

– Әне, көрдің бе. Қасым ағаң сондай сайыпқыран адам еді! – деді шырайланып.

4.

Өстіген Қасымды бертініректе әлденендей кездесуден кештетіп, қызыңқырап келсе, сол үйдегі шешеміз кіргізбей қойыпты. Есікті ашпаған...

Ақын замандастарының естелігінен осыны оқып, ойран-асыр болғаны бар. Соған қарағанда, «Біреуге жұртта қалған жасығымын, біреуге аспандағы асылымын» – деп мұңданатын ақынның жүрегі жұлма-жұлма болып, жаны жараланған сәттері аз емес секілденеді.

Мұндайда қоңырайып, еріксізден қай-жайдағы еске түсіп, меселің қайтып, жүдеп, тағы да ой тұңғиығына батпасқа амал қала ма... Маңайдағылардың түсінбестігі, тұрмыс түйткілі, кейбір пендешілік әрекеттер шалқыған көңілді табанда аласартып, жігеріңді жасытып жіберетін көрінеді...

1988 жылы ма екен, жұмыста отырса, телефоны шыр ете қалған. Баяғы Гүлсім тәтесі екен. Сәбираның шешесі. Алматыдан хабарласып отыр. Бейсауат қоңырау біртүрлі жайсыз тиіп, мазасын қашырды. Дегенмен, сабырмен есендеседі. Бұ кісінің даусын естімегелі де жиырма жылға тақаған шығар. Ал ұлы он сегіз жасқа келгенше тиісті көмегін сырттай көрсетіп тұрды, әрине...

Шешейдің бұрынғыға қарағанда шаршаңқы екені аңғарылады. Жасы да келіп қалған кез. Әйтсе де, санасы сергек сияқтанды.

– Кеңес, аман ба, балам? Хабарымды күтпегеніңді білемін ғой. Телефоныңды Алматы театрында істейтін бір жолдастарыңнан қолқалап сұрап алдым. Ренжімессің... Айтатын шаруа – Қанат үйленбекші. Өзімен қатар оқыған Атыраудың қызы екен. Оның құдалығына мен бара алмаймын. Алыс жолға денсаулығым жарамайды. Өгей әкесінің мұндай іске мойын бұрмайтынын өзің де білерсің. Әйелін жібермейтіні онсыз да түсінікті. Бауырың етің ғой. Өзің барып қайт... Саған айтпағанда, кімге айтайын, шырағым. Байғұс бала жапан далада жалғыз қалғандай болмасын...

Сөйтті де құдалардың мекен-жай, телефонына дейін ықтияттап баяндап берді.

Тосын хабардан жүрегі өрекпіп кеткенін соңырақ аңдаған. Маңдайы шып-шып терлепті.

– Әрине, әрине, – деді жалғыз-ақ. – Әрине. Расында, Қанаттың жазығы не...

Көкірегі қарс айырыла күрсінді.

Барарда Ақтөбе арқылы пойызбен жетіп, іздеген үйін айтқан адресі бойынша тез тапқан. Он жасынан кейін кездеспеген Қанатты сонадайдан-ақ таныды. Серейіп өсіп кетіпті. Өңінің ақ-сарылығы, түр-сипаты түгелдей өзінің Алмас деген інісіне қатты ұқсапты.

Құдалары емен-жарқын қарсы алды. Бір күн қонып, мән-жайды өзара түсінісіп, мәмілеге келіп, ертеңіне түсте келіні мен баласының маңдайынан сүйді де, қайтадан Қарағандыға ұшты. Құдалар тойды өзіміз атқарысамыз деп, сол күні Алматыға аттанған.

Түні бойы ағынан ақтарылып, көзі жасаурай отырып, барлық шындығын айтқан-тын. Жаңа жекжаттары мұның келгеніне риза болып, сізді ешбір сөкпейміз, түсінеміз деді.

Осыдан кейін де қаншама жылдар өтті, Қанатты көрген емес. Ол да хабарласпайды.

Гүлсім шешей өмірден өтерінде:

– Кеңестен кешірім сұраңдаршы. Бәріне кінәлі – менмін. Соңынан жетіп келе ме деп үміттеніп, әйелі мен баласын алып кетіп, үлкен қателік жасадым, – депті.

Кешіреді ғой. Кешірмегенде қайтеді. Тек абайсызда жасалған титтей ғана жаңсақ қимылдан қаншама адамның тағдыры оп-оңай-ақ тәлкекке түсіп кетеді екен. Арадағы зәредей ғана жаңылысудан туған өкпе-реніш, тіпті, бірнеше буын ұрпаққа жалғасып, тым ұзаққа созылатын сияқтанады. Ал әулет ғұмыры, адамзат арасындағы қарым-қатынас салдары жүз жыл-екі жүз жылмен ғана шектеліп қалмақ емес, Алла-тағала кейін он сегіз мың ғаламдағы тылсым дүниеде сол олқылықтардың орнын толтыра ма, жоқ па, белгісіз нәрсе...

Расында, кейде, қарап отырсаң, пенде баласы бір-бірін түртпектемей отыра алмайтын тәрізді. Күндердің бір күнінде Қарағанды театрында тек ізгілігімен, адамгершілік қасиетімен құрметке бөленген ерлі-зайыпты Қарғаш Сатаев пен Әсия Абылаеваның үстінен арыз жазушылар да табылды. Ең өкініштісі, осыны бастап беріп жүрген екеуінің өкіл қыздарындай болған Шәрбан мен Зәуре деген екі актриса еді. Бұларды қиналған кездерінде паналатып өз үйлеріне жатқызып, ылғи қанаттарының астына алып, талабы қатал аттестациялардан өтуге жәрдемдесіп, қамқорлық жасаған жандар-тын.

Аяқ астынан әлденеге бола Әсия мен Қарғашпен ренжіскен бұлар, бұрынғы жақсылықтың бәрін қолма-қол ұмытып, ұжымға екеуін даттап келіпті. Әлбетте, от басы-ошақ қасында «бәленшенің таланты кемшін» немесе «түгеншенің ол бейнені ашуға өресі жетіңкіремейді», «анау нашар кісі екен» дегендей сөздердің айтылып қалуы қисынды; міне, осыны бұлар мұндағы біреулерге: «Аналар сіздерді ылғи жамандайды, іске алғысыз етеді» деп «өртті» қойған да жіберген.

Және бұл – артистер қауымы тұс-тұсқа тарап, біреуі астанаға, екіншісі Көкшетауға, Павлодарға, Қостанайға кетіп, онсыз да береке қашқан аласапыран кезең еді. 2000 жылдардың басы.

Осылайша іс ушығып, Мәдениет министрлігіне, тіпті, Президент аппаратына ұжымдық арыз жазылады. Мазмұны: екеуі өсек айтып, театр ынтымағын бұзды, жұртты жан-жаққа безуге мәжбүр етті, сөйтіп, қалайда басшылық тізгінін өз қолдарына алуға ұмтылды дегенге саяды.

Бәрі жала. Елдің өзге өнер ұжымдарына ауысуы бұларға ешбір қатысты емес, тек көршілес облыстардағы театрларда тиімді мүмкіндіктердің ашылуына, ондағы материалдық-әлеуметтік, рухани жағдайдың жақсаруына байланысты болатын. Екеуі де жетекшілік қызметке ұмтылу былай тұрсын, жеке шығармашылықтан өзге дүниені ойлай бермейтін адамдар...

Әлгі екі қыз бастаған біреулер арыз-шағымдарын ұстап Кеңеске де келген. Хатқа елмен қатар қол қоюды сұрайды.

– Жоқ, айналайындар! – деді бұл. – Ондай іске араласпаймын. Қажет болса, өз пікірімді елдің алдында айтамын. Ренжімеңдер.

– Сіз өте қорқақ адам екенсіз. Әлгі оңбағандардың сөзін сөйлейсіз. Мұныңыз – сатқындық. Театр өмірінің жақсаруын қаламайсыз...

– Не десеңдер, о деңдер! Ешкімнің сыртынан хат жазбаймын. Ондайға әуестігім жоқ...

Ұзамай-ақ министрліктен жазушы Баққожа Мұқай бастаған арнайы комиссия келіп, тексеру жүргізді. Кейбіреулермен, тіпті, жеке-жеке сөйлесіп, соңынан үлкен жиналыс жасады.

Кеңеске сөз кезегі тигенде:

– Шынымды айтсам, өздерін үнемі көтерген, талай қиындықтан алып қалған адамдардың Қарғаш пен Әсияға жасаған опасыздығынан есеңгіреп қалдым. Өздері айдалада жүрген менің де жаныма тиетін қисынсыз, ауыр сөздер айтты. Әрине, ондай жәйттер кездеседі, бәріне кешіріммен қарауға тырысамыз. Айналайындар, өмір болған соң кемшілік кездеспей тұрмайды ғой. Бірақ бұ кісілер Қарағанды театры сахнасына өте керек мамандар емес пе! Басқа жетістігін айтпай-ақ, отыз жасында «Ақан сері» кинофильмінде басты рольде ойнап, театрды бүкіл елге танытып, абыройымызды көтерген Қарғаш Сатаевтың еңбегін қалайша жоққа шығара саласыздар? Асқар Тоқпанов: «Әсия Абылаеваның Медеясы әлемдік дәрежеге шыққан, Анжафричи ойнаған биіктікке қатар қоюға болады. Әттең, сондай әлемдік фестивальдер жоқ», – дегені қайда?! Екеуі де халық артисі. Ондай атаққа театрда екеуі ғана ие. Олар кетсе мұнда кім қалады? Адам тағдыры баланың ойыншығы емес және бас жарылып, көз шығатындай ештеңе бүлінген жоқ. Бұ кісілерді бекер күйдірмейік. Тыныштық берейік. Жөнсіздікті доғарайық, – деді.

О кезде театр директоры – Мақат Рымжанов. Комиссия өкілдері ұжымдағы тәртіпті босаңсыттыңыз деп оған да ренжіді. Ақыры:

– Қолайсыз жағдай орталарыңыздағы жай ғана түсінбестіктен туындаған. Одан театрға келіп жатқан бәлендей зиян жоқ. Сондықтан бір-біріңізді кешіріңіздер. Өзара тату тұрып, істеріңізді жалғастырыңыздар, – деп дауға нүкте қойды.

Бұдан кейін бәрі каникулға шыққан.

Араға біраз уақыт салып қайтып келсе, Қарғаш пен Әсия өтініштерін беріп, жұмыстан кеткені мәлім болды. Екеуі университетте де Мәдениеттану пәнінен сабақ беретін еді, сондай шаруаларын да тастаған секілді. «Мынандай абыройсыздықтан кейін жөнімізді табайық» деп ұйғарғандай.

Кеңес қатты опынды. Көркемдік кеңестің демалыстан кейінгі алғашқы жиналысында директорға тік келіп қалған:

– Қарғаш Сатаев пен Әсия Абылаеваны ұжымның келісімінсіз жұмыстан босатып жібергеніңіз қалай? Мұныңыз не? – деді түтігіңкіреп.

– О кісілер өтініш беріп, өз еріктерімен босады ғой...

– Театрдағы жұртпен неге келіспейсіз? Олар екеуі де халық артистері, өздері өтініш бергенімен: «Жоқ, босата алмаймын, труппа келсін, елмен ақылдасайық» демейсіз бе?!..

Сөйтті де, есікті тарс жауып шығып кетті.

Әсия мен Қарғаш ұлдары Ақанды кішкентайынан сахнаға баулып, «бұл бала кейін режиссер болады» деп тәрбиелеген еді. Қаршадайынан-ақ өнерге қатысты түрлі әдебиетпен танысып, үшінші класқа келгенінде әр алуан спектакльдерге қатыса бастаған. Әке-шешесі енді есейіп, кино саласында біршама табысқа жетіп үлгерген Алматыдағы сол ұлдарының қасына кетуді шешкендей...

Осы жағдайдан соң-ақ Кеңесті де ақырындап шеттету басталған. Кейінірек аңдағанындай, әлгі екі қызды өз ыңғайларына пайдалана қойған өзге біреулер екен. Қулығына құрық бойламайтын олар өздеріндей арамзалармен сыбайласып, қашанда «қолайсыз» адамдардан құтылуды діттейтін көрінеді. Ыңғайы келсе, тізім атаулының бәрінен сызып, кісі қатарына қоспай, атыңды өшіруге тырысады. Немесе үстіңнен жабылып арыз жазып, иттей талайды. Ал былайғы уақытта ел алдында әулиемсіп, ұлтқа, өнерге жаны ашығансып, қу құлқынын ғана ойлаған мұндайлардың шын пиғылын аңғал жұрт қайдан бағамдай берсін...

Баяғыда Жақып Омаровты да осылай сыйғызбап еді. Дарыны мен арынын көре алмады ма, кім білсін...

Бірақ сол қуғындаудан Жақып қор бола қойған жоқ. Әзірбайжан Мәмбетов өз шәкіртін далаға тастамай, оның бірқатар спектаклін Алматыда қойғызды. Бұдан соң ол Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Академиялық музыкалық қазақ драма театрының іргетасын қалап, тарихта қалды...

Жақып адалдықты ту еткен, айнымас серттің де адамы еді. Оны сонау жетпісінші жылдары Асанәлі, Рамазан, Кеңес төртеуі бірге барған сапарда Теміртау металлургия комбинаты партия ұйымының секретары Нұрсұлтан Назарбаевқа өндіріс орны туралы спектакль қоюға берген уәдесін орындауынан-ақ көруге болар. Әлгі кездесуден кейін арада біраз өткенде тікелей Жақыптың ықпалы арқылы Роллан Сейсенбаев пен Әзірбайжан Мәмбетов екеуі арнайы келіп, комбинатты аралап көріп, пьеса жазылды. Спектакль алдымен Қарағандыда, одан Алматыда қойылған...

Кейде Кеңес: «Басқа ел көбіне неге ұмытшақ? Жалпы қоғам неліктен әділетсіз?» деп тосылады.

Мысалы, кезінде облыс аймағын былай қойып, республиканың түкпір-түкпірін аралап, ең шалғай деген Өскеменнен Маңғыстау өлкелеріне дейін... Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түркіменстанға дейін шығандап барып, аты дүркіреген «Гәкку» ән-би ансамблін жер-көкке сыйғызбай мақтап, тамсанып отыратын жұрт ұжым көзден тайып еді, бірден ұмытты. Қазір ол өнерпаздардың көбі зейнеттік демалыста. Бірқатары өмірден өтті. Соларды еске алған, іздеген ешкімді көрмепті...

Әй, бірақ, өз әріптестерің тірідей талап, жеп жатқанда, қатардағы жұртқа не жорық, осы, несіне жанталасып, жаныға береміз, өнер ұшпаққа бізсіз де бір шығар, бәрін доғару керек-ау деп, қатты түңілген кездері де бар.

Астана академиялық театрының тізгінін ұстаған Жақып Омаров жағдайды сырттай байқастап қалған екен, бір күні өзі:

– Кеңес, бәрін қойып, бізге келсейші, бірге жұмыс істейік, – деп хабарласты.

Бірталай аңтарылған. Кетсем кетейін деген де ой қылаңдайды. Алайда асықпады:

– Жақа, ойланайын...

Кей адамдардың сезімталдығы таңырқатады. Ертеңіне Рымбала Кенжебалақызы жетіп келіпті:

– Кеңес-ау, бұл неткенің?! Енді бәріне өкпелеп сен кетсең, театрға кім қарайды... Бүкіл ел-жұрттың, қазақтың... қазақтың ғана емес-ау, жан-жақтан анталай қарап, бақылап отырған басқа көрші ағайындардың алдында ұятқа қалмаймыз ба?! Кезінде өзің басшы болып тағайындалғанда ақсақалдар қандай риза болып еді. «Өз ішімізден шыққан бала директор болды. Осы қара шаңырақ енді өзіңе аманат!» – деп батасын бермеп пе еді?..

Онысы рас-ты. Өткенде ғана атақты артист Ағдарбек Ыбыраев ағасы:

– Айналайын, бізді ертең ақтық сапарға да шығарып салатын – сенсің. Мұздыбек қайтыс болған кезде Рамазан екеуің қалай жүгірдіңдер! Сонда мен: «Апырмай, артымызда жерге қаратпай, лайықты жөнелтетін балаларымыз бар екен. Енді өмірден өтсек те қиналмаймыз деп қатты қуандым» – деп еді.

Расында, соларды қайтіп тастап кетеді...

5.

Бір күні қайтадан директор болып тағайындалған.

Бұл «балапан – басына, тұрымтай тұсына» демекші, ұжым құрамының жан-жақққа тарап, үштен бір бөлігі ғана қалған 2000 жылдардың басы еді. Бүкіл реквизит, өзге де техникалық топты қосқанда отыз-қырық адамнан аспайтын қиын кезең-тін. Шығармашылық труппа он кісінің о жақ, бұ жағында...

Бәрін қайта жасақтауына тура келеді.

Ғажап болғанда, тағдыр Кеңестің де маңдайына тарихи бір сәтті жазыпты. Театрдың жаңа ғимаратын салу осының тұсына тап келді. Сонау 1932 жылдан бері жөні түзу үйге жарымай келген өнер ордасының сәулетті жайын бастан-аяқ жаңадан тұрғызу абыройын Кеңес Жұмабековке бұйыртыпты.

Әлбетте, адалын айту керек, қазақ драма театрына өскелең заман талабына сай оңаша отау қажет деп алғаш мәселе көтерген облыстық Мәдениет басқармасының бастығы Рымбала Омарбекова еді. Ал ғимаратты салуға үкіметтен орасан қаржы бөлгізген – Парламент мәжілісінің депутаты Шәймерден Оразалинов. Кезінде Қарағанды қаласының әкімі болған адам.

Ал ұжым жетекшісі ретінде шаруашылықты жүргізу ісінде Астана мен Қарағанды арасын жол қылып, әрі-бері шапқылаған – өзі, әрине...

Дегенмен, мұндағы тартыс та оңайға түспеді. Қаладағы әлдебір грузин алпауыты орталықтағы ыңғайлы жерді ресторан тұрғызамын деп ертеден алып қойыпты. Ол саған олай-бұлай қозғалысқа қолайлы, көрнекті орынды «ойбай, мә, ала ғой!» деп елп етіп бере қойсын ба! Оразалинов, тіпті, сотқа жүгініп, одан: «Қалада ойын-сауық орталықтары, мейрамханалар жеткілікті ғой. Жетпіс жылдан бері Қазақ театрына азғантай жер бұйырмай келеді. Халық өтініп сұрап отыр» деп президент Назарбаевқа дейін барды. Ақыры Елбасы: «Халық сұраса тілекті орындаңдар» деп нұсқау беріпті.

Күндердің күнінде үйдің алғашқы кірпішін қалайтын уақыт та жетті. Салтанатты іс-шараға мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келді.

Президенттің алдынан жүгіре шыққан:

– Ассалаумағалейкум!

– Уалейкумассалам!..

Екеуі де жарқылдай амандасты.

Бұл – Кеңестің Нұрекеңмен өміріндегі үшінші кездесуі еді. Өзіне жиырма жылдай бұрын мемлекеттік сыйлықты тапсырып тұрып: «Жарайсың! Ризамын. Жап-жас екенсің ғой әлі. Алда да талай аласың марапатты!» деген сөзі есіне түсті. «Шынында да, тағдырдың үлкен бір сыйы осы шығар» – деп ойлаған.

Енді бір сәтте Елбасы облыс әкімі Нұрлан Нығматуллин бастаған серіктерімен бірге жаңа театрдың сәулеттік жобасын тамашалап тұрды.

– Құрылыс макетімен таныс шығарсың? – деді президент директорға сұраулы жүзбен қарап.

– Әрине, әрине, Нұраға! Жақсы таныспын.

– Ұнады ма?

– Ұнады, өте ұнады, Нұраға. Керемет жасалған. Бәрі жан-жақты ойластырылған.

– Менің бір ғана ұсынысым бар, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы бас сәулетші Қанат Мұсаевқа, – күмбез төбесіндегі террикониктің орнына пирамида салынса. Қалғаны дұрыс сияқты. Егер макет директорға ұнаса маған да ұнайды дей беріңдер! Өйткені ұжыммен жұмыс істейтін осы кісі. Іске жауап беретін де – осы. Құрылыс жұмыстары қатаң түрде жобаға сәйкес жүргізілетін болсын.

Одан соң қайтадан Кеңеске қарай бұрылды:

– Тағы бір ескеретін жәйт – театр сахнасында болашақ ұрпаққа патриоттық тақырыпта қазақ тарихын кеңінен насихаттайтын спектакльдер көбірек қойылсын. Кейін осының бәрін өзіңнен сұрайтын боламын.

– Жақсы, жақсы, Нұреке! Орындаймыз тапсырманы.

Елбасының алдынан шығар шақта қатты толқыған еді, енді қалай батылданып алғанын өзі де аңдамай қалыпты.

– Құрылыс біткен кезде келесіз бе, Нұраға?

Президент күлді:

– Шақырсаң , келемін, әрине!

– Міндетті түрде шақырамын! Келіңіз!..

Әне-міне дегенше құрылыс та сәтімен аяқталған. Алты қабаттан тұратын аумағы ат шаптырым зәулім үй құрылысы екі жылға таяу уақытта сақадай сай болды. Жеті жүз адамдық үлкен зал мен екі жүз көрерменге арналаған кіші зал сәулеті де көңілден шықты. Басты сахнаны құрал-жабдықтарын Санкт-Петербургтен арнайы жеткізіп, Ресей мамандары салып шыққан. Артистердің гримм бөлмелерінің қолайлылығына дейін жіті көңіл бөлінген еді.

Театрға іссапармен келіп-кетіп жататын меймандарға арналған қонақ үйі мен жас актерлер үшін жиырма сегіз адам тұратын жатақхана қоса салынды.

Жаңа театр сахнасы Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпан» спектаклімен ашылған. Оны Алматыдан белгілі режиссер, танымал өнер қайраткері Есмұқан Обаев келіп қойды.

Қойылым біткенде Елбасы аяңдап сахнаға беттеп, трап арқылы көтеріліп, артистердің қасынан бір-ақ шыққаны...

Мұндай қимылды күтпеген жұрт алғашқыда бір мезет кейін серпіліңкіреп қалды да, дереу ес жиып, президентті қайтадан қаумаласа кеткен.

– Ойындарыңыз ұнады. Өте сәтті шығардыңыздар. Енді сіздермен фотоға түсуге бола ма? – деді күлім қағып, жүзінде нұр ойнаған мемлекет басшысы.

– Әрине, әрине, Нұраға!..

Әрбір тартымды көріністі аңдып, жалақтап тұрған фототілшілер де жан-жақтан шамдарын жарқылдатып, Елбасы мен оны жағалай қоршаған қауымды суретке түсіре бастады.

Одан соң Нұрекең Кеңестің қолын алып:

– Жарайсың! Жұмысыңа сәттілік тілеймін! – деді.

Жауапты істі біршама тиянақтаған соң «ух-х!» деп көңіл жайланғандай болып еді. Енді Мысыр астанасында өтетін халықаралық өнер фестиваліне даярлануы керек. Оған сегіз адамнан тұратын делегацияны өзі бастап барады...

Әйткенмен, қуанышы ұзаққа созылмаған. Алдынан тағы бір кезекті арыз шықты... Шағым енді өз үстінен жазылыпты...

Біреулер Елбасымен тым жақындасып алды деп іштарлық танытқан ба, әлде Каирге баратын топтың құрамына кіре алмадық деп ренжіді ме екен, әйтеуір, директор атына нешеқилы пәлені жауып, байбалам салған. Соның ішінде тағатын басты кінә – жетекші театрдың құрылыс материалдарын жеке пайдасына жұмсады дейді.

Мұны білгенде, тіпті, амалсыздан «ой, Алла-ай!» деп күліп жіберген.

Суретшілер театрдың мейманханаға кіре берісіндегі сатылардың іргесін безендіру үшін түрлі-түсті төрт қалбыр бояу алдырған екен; ал шаруашылық бөлімінің еңбеккерлері ғимарат сыртының әлдеқалай соққы тиіп, опырылған жерлері мен іштегі еден, қабырғаның кетілген тұстарын бүтіндеуге қажет деп шағын-шағын он қап цемент әкелтеді. Міне, осыны біреулер қалалық әкімшілікке: «К.Жұмабеков өз үйінің құрылысы үшін театр қаражатына қыруар дүние шығындады» деп көрсетіпті. Онымен қоймай, жергілікті басылым қызметкерлері арқылы осы «деректі» басшының жебірлігі деген мағынада облыстық газетке жариялайды.

Жолдастарымен бірге әуежайда Египетке ұшқалы отырғанында университетте оқытушы болып қызмет ететін ұлы Мейрам шығарып салуға келді. Қолына ұстаған газеті бар.

Ойда ешбір алаң жоқ, алып-ұшқан көңіл көбінесе алдағы сапарға қарай тартады. Баласы екеуі едәуір уақыт оңашалау жерге жайғасып оны-мұны жәйттерді сөз қылып отырды. Әлден мезгілде Мейрам газеттің бетін ашып:

– Айтпақшы, папа, мынауың рас па? Масқара нәрсе ғой. Құрылыс материалын не үшін алдырып жүрсің?! Енді елдің бетіне қалай қараймыз?! – деді түрі әлем-тапырық болып. Жалма-жан:

– Бұл не нәрсе?! – деп жұлып алып қарады да, өңі бұзылып кетті.

Жаны қысылып, қолма-қол қара терге түскен. Тек: – Жо-о-оқ, балам, мұны кім шығарып жүр! Сенбе мұндай қауесетке! Театрдың жұмысшылары алдырған шығар... Өтірік мұның бәрі! – деді қалай ақталарын білмей.

Ұшақта да ұзақ жол бойы ұлынан алған газетті умаждап, санасы сансырайды. Бәрінен бұрын балаларының абыройына бола күйінген еді. Шынында, филолог қыздары Бибігүл мен Нұриланың да ортасы бар, олар не дейді?! Мәселе мәнісінен мүлде хабарсыз Майраның да жер болары анық. Тіпті, есейіп қалған немересі Нұркеннің өзін табалайтындар шығатыны хақ.

Каир аэропортына жеткенде серіктері дәрігер шақыртуға мәжбүр болған. Жүрегі қысылғаннан көзі алайып, орнынан тұра алмады. Демігіп, тыныс ала алмай, естен танды.

Лезде жеткен араб шипагерлері екпесін салып тұрып:

– Қатты уайымдамаңыз. Сахна ешқайда қашпайды! – деп жұбатады.

Қазақ елінен жеткен меймандардың жайын сұрастырып білген олар мұны алдағы фестиваль жайына бола толқыды деп ұйғарса керек. Кеңестің кейбір жерлестері салған лаңнан қиналып жатқанын қайдан білсін.

Күлетін нәрсе емес екен...

Бір жақсысы, қайтып келгенінше, газет асығыс айтқан сөздерін қайтып алып, түзету беріпті. Редакция өз қателігі үшін қатты өтініп, кешірім сұрапты. Бұл, әлбетте, арнайы тексеру арыздың негізсіздігін дәлелдегеннен кейін жасалған қадам...

Тегінде, дүниеде әділет бар-ау, жағдайды білетін бірқатар әріптесі әлгі жаланы ұйымдастырған адамның кабинетіне ентелеп кіріп барып:

– Неге өтірік жазасыздар? Бұл не сұмдық?! Адамның тағдыры сіздерге ойыншық па? Біз сіздің өзіңізді сотқа береміз! – деп жеп қоя жаздаған көрінеді.

Сөйтсе, пәленің бәріне бас болып жүрген... өзінің орынбасары! Ерекше дарыны болмағанымен, жылпостығының арқасында, тиіп-қашып жүріп, он бес жылдай актерлік еңбек өтілін жинаған екен. Бір қызығы, өзін үнемі Ресей артистерімен, тіпті, Голливуд жұлдыздарымен тең қоятын кеудесі аяққаптай, өлермендеу жігіт. Қазақ жерінде істемеген театры аз, бірақ ылғи мансапқорлық пиғылы әшкереленіп, еш жерден опа таппай, ақыры Қарағанды өнер шаңырағына «аялдағанына» үш жылдай өтіпті...

Кеңес «Астапыралла!» деп қайран қалды. Алға ұмтылғаны дұрыс-ақ қой, бірақ сонша пәлеқор болып не көрінді, сұраса, сол орынды босатып берер едім деп те ойлап қояды...

Әйтеуір, шындыққа баласының да, бәрінің көзі жеткендей. Ұлы:

– Тасташы, осы қызметті, папа! Денсаулыққа да қарасайшы. Жаныңа жақын шығармашылық жұмыспен алаңсыз айналысқаның жөн емес пе, – дейді.

– Балам-ау, зейнеттік демалысқа да онша көп уақыт қалған жоқ. Сол кезде өзім де босамаймын ба...

Осы күндердің бірінде Ақселеу Сейдімбек те кетіпті.

Жаманат хабарды естігенде төбесінен жай түскендей мәңгірді. Екі айдай бұрын ғана кездескен-ді.

Актер інісі Қайрат Кемалов арқылы: «Кеңес маған хабарлассыншы. Ақылдасатын жұмыс бар еді» деп сәлем айтыпты.

Бұл қоңырау шалғанында:

– Кеңесжан, көзбе-көз отырып сөйлесетін шаруа болып тұр. Қолың тигенде Астанаға келші, – деді.

Ертеңіне-ақ автобусқа отырып жеткен. Шілде айы-тын. Ақаңның кел деген жеріне барса, еңселі ғимарат алдындағы көлеңкеде Әбіш Кекілбаев екеуі сөйлесіп тұр. Барып, қол беріп амандасты.

– Кеңес, келгенің жақсы болды. Қазір үйге барып әңгімелесейік. Сен машинаға отыра бер, – деді сонадайдағы автокөлік тұрағы жиегінде күтіп тұрған шопырын нұсқап. Мен қазір...

Көңіл күйі жоқ секілді. Қабаржыған бойы Әбекеңе айтқан сөзін жалғастыра берді.

Кеңес ұзап бара жатыр Ақселеу ағасының:

– Жел қай жақтан соқса да, тарих тарих болып қалуы керек қой! – деген сөзін анық естіді.

– Әрине! Тарихты бұрмалауға қақымыз жоқ, – деді Әбіш аға да.

Мұның: «Қайда жүрсе де, қашанда елдіктің жайын қузаған қайран ағаларым-ай!» деп сүйсінбесіне лажы қалмайды. Екеуінің әңгімесін толықтай тыңдамағанымен, халық тағдыры төңірегінде жан күйзелтіп тұрғанын аңғарған еді. Олар осынау қысқа ғана лебіздері арқылы да талай салмақты ой, керемет асқақ рух сыйлап үлгергендей-тін.

«Жел қай жақтан соқса да, тарих тарих болып қалуы керек қой!». – Бұл сөзді қайдан естіп еді? Е-е, мұны Әлімхан Ермеков Сәбит Мұқановқа айтқан: «Жоқ, дәуір өзгерсе де, тарих ешқашан өзгермеуге тиісті!»... Осыны баяғыда Ақселеудің өзі әңгімелеп берген еді-ау!..

Бір кезде көліктің есігін ашып, Кеңестің қасына келіп отырды.

– Қалай жеттің?

– Жақсы. Екі аралықтағы жол тақтайдай сайрап жатыр.

– Біраз күттіргеніме ренжіме...

– Е, оқасы жоқ.

Лыпылдаған көлік жүйткітіп, үйге те жеткізді. Жеңгей мұның келетінін біліп, қазан көтеріп қойыпты.

Ақаң дәм үстінде шақыртуының мәнісін айтқан. Бір сыйлы досы бабаларының тойын өткізбекші көрінеді.

– Соған сценарий жазып берші. Сен дала сахнасын жасауға да шебер емес пе едің. Телефонмен ежіктеп түсіндіріп тұратын емес, өзіңе кел деуімнің себебі сол. Іс мейлінше ұғынықты болу үшін той алаңының да кейбір өлшемін сызып көрсетпесем болмас. Әнші, күйшілерді өзім алып барамын. Сен Қайрат бастаған екі-үш артисіңді қосарсың. Еңбегіңді жемейді. Бәрі келісілген...

Іле-шала той да өтті. Сонан көп ұзамай-ақ әлгі хабарды естіді.

Елдің бағына туып, Қазақ руханиятына қисапсыз олжа салған атпал арыс еді. Оның да сонау сәтте әлденге жүрегі ауырғанын пайымдайды...

Үш жылдан кейін зейнеттік жас та жеткен. Директорлық орынды қуана-қуана босатты. Жазатын нәрселері де қордаланып қалғандай. Өзі, адам егде тартқан сайын уақыт та бұрынғыдан екі есе, үш есе жылдамдата зырлай беретін сияқтанады. Таң атса кеш батады.

Одан беріде «Қаз дауысты Қазыбек», «Көмекей әулие», «Қыран қазақ» сияқты жеті пьеса жазып, сахналап та үлгеріпті.

Өзінің, расында, қызметке жабысып қалған дәнеңесі жоқ, сондағы мүмкіндікті титтей болсын көмегім тисе деп, ел мүддесіне пайдаланғысы келгенін ойлайды...

Лауазымын халық ахуалына арнаған ердің бірі Шәймерден Оразалинов еді. Парламент мәжілісінде: «Шахтерлерді зейнетке алпыс үш жастан шығару деген тіптен қисынға келмейді!» деп кеншілер мүддесін шырылдап қорғаған осы Шәкең. Сондай «қыңырлығына» бола депутаттықтан да кетті.

Қала басшысы қызметіне біртіндеп қара жұмысшылықтан көтерілгендіктен бе, қарапайым халықтың мұң-мұқтажына ертеден қарайласып дағдыланған Шәймерден кез келген мүмкіндікті қатардағы тұрғындардың жағдайын жақсартуға арнағысы келіп тұрар еді. Оның шаһардағы ықшам аудандар қатарын көбейтіп, бірқатар өндіріс кәсіпорындары мен диагностикалық орталықты іске қосқан еңбегін қалай ұмытарсың. Беріде тоқсаннан аса энергетикалық компанияны біріктіретін Қазақстан электр энергетикалық ассоциясын басқарғанда да, ылғи ел өміріне қарасты...

Енді, міне... Келместің кемесіне мініп ол да аттаныпты.

Аяулы адаммен қоштасуға ертелетіп барса, Шәкеңнің туыстары арасында Қуаныш Сұлтанов жүр. Жақсы жолдастар-тын. Досын ақтық сапарға аттандырып салуға жетіп келгені іш жылытты. Шағында екеуі бірігіп талай жақсылыққа мұрындық болған-ды. Әсіресе, сексенінші жылдардың соңы мен тоқсаныншы жылдардың басында қанаттаса жүріп талай іс тындырған.

Қуаныш Сұлтанов Қарағанды облыстық партия ұйымының идеология жөніндегі секретарлығына тағайындалған тұста кеншілер қаласы бұрынғыдай емес, Ебіней Бөкетов, Жайық Бектұров, Ғабдолла Құлқыбаевтардың ықпалымен біршама қазақыланып, ұлттық рухы ояна түскен. Жаңа хатшы келе сала осы үрдісті жандандыруға кірісті. Мәдениет саласының жетекшісі Рымбала Омарбековамен келісе отырып, Тәттімбет атындағы ұлт-аспаптар оркестрін құрды. «Октябрь» деп аталатын үлкен кинотеатрды күрделі жөндеуден өткізіп, оған қатадан «Шалқыма» деп ат қойып, концерттік зал жасады. Мұндай қимыл, әрине, кейбір жергілікті адамдарға аса ұнамай, қатты шулатқаны түсінікті. Дегенмен, Қуаныш Сұлтанұлы ешбір кедергіге қарамай, ел өміріне ежелгі салт-дәстүрді енгізу бағытындағы істерін батыл жалғастыра берді. Оған қала басшысы ретінде Шәймерден Оразалинов көп жәрдемдесті. Бұлар осындағы жоғары оқу орындардағы қазақ факультеттерінің көптеп ашылуына да көп ықпал етті.

Қуекең кеншілер қауымымен қоян-қолтық араласқан жан еді. Кейбір концерттерді шахтаға алып барып көрсететін дәстүрді алғаш енгізген осы кісі. Өнер ұжымдары мерекелі күндерде шахтерлер забойдан шыққан бетте алдыдан концертпен күтіп алуды салтқа айналдырды.

Иә, ел мұраты жолында бұлар атқарған шаруаны біреу білер, біреу білмес, екеуі де өз ісіне шын берілген адал сарбаздар еді.

6.

Кей кештерде оңаша қалып, жұмыс бөлмесіндегі шырағданды жағып қойып, өткен-кеткенді ойлап, мұң кешіп отырады.

СССР Халық артисі Шолпан Жандарбекованың туған жері – Қарқаралы түбіндегі Милыбұлаққа келіп, табиғат аясын бірталай аралап қайтқанын білетін-ді.

Қайтарында: «Қайта айналып келгенше қош-сау бол, Қарқаралы!» – деп аттаныпты. Бірақ келуге жазбаған екен.

Неліктен екенін, Қарғаш пен Әсияға қиянат жасаған сонау екі қыздың кейінгі тағдыры туралы ойлады. Солар ақыры оңбады-ау. Театрдан береке таппай, кетіп тынған. Өнер жолында өте кездейсоқ жүрген, дайындықтары нашар адамдар екені аян болып қалды... Соңында екеуінің бірі кенеттен ауруға шалдықты ма, әйтеуір, аяғы жақсы болған жоқ. Жазықсыз кісіге жасаған жамандығың бәрібір өзіңе қайта айналып соқпай қоймайтын көрінеді. Бәлесінен аулақ! Адамгершілікке не жетсін...

Қарғаш Сатаевтың да Қарағандыда екі-үш күн жатып кеткені есінде. Оның да соңғы келуі екен.

Өмірдің алды – мейрам, арты өкініш...

Бірақ күн батқанмен таң атады ғой.

– Кешкі қайғы жалғасар,

Қуанышты ақ таңға.

Таң атпаса, бауырым,

Күн еңкейіп батқан ба?! –

деген өлең жолдары тіліне оралады.

Тіршіліктің заңдылығы солай. Болашақ – Нұркендердікі! Ендігі барлық үміт соларда.

Ол да он алты жасқа келді. Ең ғажабы, осы баласы техникалық ілімге бейім! Атасы – актер, драматург, сценарист, режиссер, әкесі Мейрам болса филология ғылымының кандидаты. Қарағанды университетінің журналистика факультетінде кафедра меңгерушісі. Тәржімашы. Абай өлеңдерін, Шәкәрім, Қасым Аманжолов, Серік Ақсұңқарұлы шығармаларын орыс тіліне аударған. Жақын шет елдерде өтетін конкурстарға жиі қатысады. Москва, Калининград, Ереван байқауларының лауреаты. Пьеса, әңгіме жазады. Екі кітабы шығыпты. Оның «Алдаркөсе» туындысын қуыршақ театры қойды...

Ал Нұркен өкіл атасы, әйгілі сынақшы-ұшқыш, ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке тартқан ба деп ойлап қояды. Қарап отырсаң, өмірде ондай да болатын сияқты.

Мұғалімдері өзін химия пәнінен Алматыда өтетін кезекті оқушылар сайысына жібермекші. Пойызға билетін алып қойған. Бүрсігүні екі құрдасымен бірге сол сапарға шығарып салғалы отыр...

Сөйткенінше, телефоны шырылдады. Тұтқаны көтерсе – бейтаныс бір азамат. Таңырқап қалды. Журналистпін, 1989 жылы облыстық «Қарағанды жастары» газетінің тілшісі ретінде өзіңізбен сұхбаттасқан едім дейді. Қазір Алматыда тұратын көрінеді. Енді сонау әңгімені жалғастырмақшы ойы бар екен.

Ә дегенде: «Құдай-ау, бұл қай жігіт еді?!» деп есіне түсіре алмай, көз алдынан бір қатар бейненің елесі жүгіріп өтті.

Байланыстың екінші ұшындағы адам мұның қиналғанын аңдаған секілді, «көмекті» өзі берген:

– Кеңеке, сізбен алғаш Есіркеп ағамен бірге «Лабиринт» сыраханасында кездескеніміз бар еді ғой.

– Е-е-е, дұрыс, дұрыс, бауырым! Есімде, есімде... Енді ғана аңдадым...

Отыз жыл бұрынғы көрініс жарқ етіп көз алдына келе қалды. «Ай, шіркін, уақыт-ай! Мына жігіт сонда, өзі, қазір неше жасқа келгені?!».

Қарағанды, негізі, шахтерлер шаһары ғана емес, боксшылардың да қаласы. Бұл жақтан да кезінде небір сайыпқырандар шыққан. Есіркеп Жақсыбаев – СССР спорт шебері. Одақтың, қала берді, социалистік лагерь құрамына кірген бірқатар Европа елдерінің рингтерінде жарқылдаған белгілі спортшы. Мына тілшімен бірге кездескен кезде ол өзі қатарлы қырықтан жастан енді асқан...

Бір есептен, о замандағы Қарағандыны «жолы болмаған боксшылар қаласы» десе де қисынсыз емес-ау. Себебі, спорттың бұл түрімен жастайынан айналысқан қазақ балаларының көбі СССР спорт шеберлігіне кандидат, тіпті, спорт шебері деңгейіне ерте көтерілгенімен, жергілікті халықты жақтыра қоймайтын кейбір қыңырлау жаттықтырушылардың қақпайымен дүбірлі додалардан шеттетіле беретін. Олар биік дәрежедегі жарыстарға әзірлігі әлсіз болса да, өздері бүйрек бұратын «таңдаулыларын» ғана апарар еді. Алайда «Сүйреп қосқан тазы түлкі алмас» дегендей, ондай «сүйіктілер» үмітті ақтай қоймасы белгілі. Сол себептен Қазыбек Әшляев сынды жарқылдап, қалың нөпірді қақ жарып шыққан ілуде біреуі болмаса, көпшілік қаракөз елеусіз кететін...

Сөйтіп, жұдырықтасудан өзге өнер қолдан келмейтін жасөспірімдер уақыт өте біртіндеп, далада қалғандай күй кешеді. Әділетсіздікке күйінеді. Күйзеледі. Торығады. Өз-өзін қоярға жер таппай, ішкілікке үйірлене бастайды.

Кеңес ондай жігіттерді Майқұдықтағы «Ласточка» кафесінен, қала орталығындағы 26-шы кварталда орналасқан «Дом 500 веселых» үйі ауласындағы шағын сыраханалардан немесе вокзал маңайында, жер астынан салынған «Лабиринт» сыра-ресторанынан талай көрді.

Халық неткен тапқыр. Атын елдің өзі қойып алған анау «Дом 500 веселых» ұғымында қаншама астарлы әжуа жатыр. Бұл, аңдасаңыз, «Сырдың суы сирақтан келмейтін сабаздардың үйі» деген сөз ғой. Коммуналдық пәтерлер орналасқан осы төрт қабатты үлкен үйде, негізінен, сондай «серілердің» тұратыны өтірік емес-ті. Ерлерінің көбінің тұрақты жұмысы жоқ, ал әйелдері күні-түні үстеме бағамен арақ-шарап сатумен айналысады. Сондықтан басы ауырып, «балтыры сыздағанның» көбін саудасы ертелі-кеш қызып жататын осынау орыннан табасыз.

Бұлардың тірлігіне құқық қорғау органдарының көз жұма қарайтыны да таңырқатушы еді.

Кеңестің де жылына бір-екі мәрте «желдеп» қайтуға көңілі құлайтын кездері болады. Кейде баяғы актердің «зерттеушілік» әуестігі де тартпай қоймайды. Мұндағы сыраға сусап жететін елдің ыпыр-жыпыр қозғалысына үңілу рахатсыз іс емес. Көз алдыңда сапырылысып, қым-қуыт өмір қайнап жатады. Бір-біріне ұқсамайтын сан қилы бейнелерге, түрлі тағдыр иелеріне қарап тұрып, терең ойға батасың. Адам ғұмыры жайлы толғанасың.

Араларында шахтер ағайындар да жүреді. Олардың да ауыр жұмыстан соң бір мезгіл бой жазуға қақы бар...

Қалталары тесік болса да, сұрамшақтық әдеті жоқ әлгіндей боксшы жігіттер теңіздегі кемені күткен жолаушыдай көздері мұнартып алысқа көз тігіп, серіктерін тосып тұрады.

Ал қызған кездерінде бұлардың екі қолдарын қайда сыйғызарын білмей, қалжыңдасып жай тұрғанның өзінде бір-бірін қос қолмен ақырын жұдырықтай бастайтынын байқайсың. Тұла бойда қайнаған қуатты шығаратын жер таппағандықтың белгісі ме екен...

Бір жақсысы, ешкімге соқтыға қоймайды. Өздері қатты масаймайды да... Біртүрлі «қызық» халық...

Есіркепті қаланың жас-кәрісі түгел танып, қатты сыйлайды. Әйтеуір, көшеде келе жатса, қазағы, орысы аралас әйелдер қауымының мойнына асылып, бетінен сүйіп жататынын көресің. Азаматтығы күшті, қайырымы мол адам. Мінезінің қаталдығы да жоқ емес. Адал, жаны таза адамдарды ұнатады. Өтірікті, жарамсақтықты жек көреді. Орысша өлең жазады. Абай, Лермонтов, Пушкин, Есенин өлеңдерін жатқа оқиды.

О тұста рингтен кеткен. Бірталай жыл жаттықтырушылықпен шұғылданған-ды, кейін оны да доғара бастаған кезі-тін.

Кеңес бұ кезде театрға таяу маңнан үш бөлмелі пәтер алған-ды. Үйден шығып келе жатып Есіркеппен кездейсоқ жолығып қалды. Емен-жарқын есендескен соң ол бұған ұсыныс айтқан:

– Азырақ уақыт бар ма, «Лабиринтке» кіріп шықсақ, кішкене әңгімелессек...

Күн сенбі еді, асығыс емес-тін:

– Жарайды, уақыт табылады, – деп келісе кетті.

Есіркеп қасына ерген алты-жеті жас нөкерімен таныстырды. Аппақ болып киініп, қара көзілдірік таққан отыздар шамасындағы орта бойлы қараторы жігітті «журналист інім» деді.

Есінде қалған себебі, осы балаға деген ерекше құрметі байқалған-тын.

Аумағы ат шаптырым сыраханада екі жүз қаралы адам «жусап» отырады. Зал іші қаракөлеңке. Тұс-тұстан жанған әлсіз шырағдан жарығы саксофон үнімен астасып, әлдебір тылсым, мұңды күйге бөлейді. Азырақ уақыттан соң даяшылар алдыңа әдемілеп пісірген шұжықпен бірге кезінде атақты ақын Евгений Евтушенконың өзі «ода» арнаған Қарағандының қою күрең сырасын әкеледі.

Жағалай төңірегің үлкен айна... Кейбіреуі қисық. Тұсынан өтіп бара жатып, жарқ еткенінде, арасында албастыға ұқсап қалатын өз түріңді көріп, ішегің қатады...

Араның ұясындай гуілдеген ортадан ара-арасында құлаққа үзіп-талған түрлі «реплика» жетеді:

– Ну что ты уставился: «Где, где?» В Караганде!.. Где...

– Өй, қойшы, айналайын! Білем ғой оны...

– Да пошел он! Мне вообще все равно...

Сыраға бөгіп, қызғандар гу-гу етіп, шақпақ тұтатып жіберсе лап ете түсердей, қалқып отыратынын сезінесің.

Сол жолы «Лабиринтте» сонша жуас, кішіпейіл көрінген әлгі журналистің оқыс қимылын байқап, қайран қалғаны есіне түсті...

Бір кезде бәрі кең үстелге жағалай жайғасып, сыраға тапсырыс берген соң көйлек-шалбары, туфлиіне дейін аппақ, қара шашы тікірейген, денесі тығыншықтай тілші бауыры орнынан тұрып, түкпірдегі әжетханаға қарай беттеген.

Ағылшын жазушысы Редьярд Киплингтің «Джунгли кітабындағы» Табаки секілді жолбике шиебөрілер Есіркептің төңірегінде де кездесіп қалады. Серкелерінің анау жігітке деген ыңғайын жақтырмаған сондайлардың бірі оған даусы шәңкілдеп:

– Есаға, әне бір «журналюганы» несіне әспеттей бересіз? Өзінің саусақтары да қисық-қисық екен, – деп қалды. (Өзі ұнатпайтын жанның бойынан іздеп тапқан ілігі сол секілді).

– Оның қисық саусағы сенің «түзу» қолыңа қарағанда әлдеқайда өнерлірек қой, – деді Есіркеп ызбарланып. – Нең бар онда? Кстати, он тоже из драчунов. Абайлап сөйле, аузыңды бұзып жүрмесін...

Айтқанша болған жоқ, бұлардан ұзай берген журналистің қарсы алдынан қызара-бөртіп отырған топтың ішінен біреуі ербең етіп шыға келген. Бостан-бос ұрынып, соқтыққысы келгені анық. Тоқтай қалып, төрт-бес секундтей сөйлесті. Намысқа тиетін әлдене айтты ма екен, сол қолын шалбарының қалтасына салған тілшінің оң қолы шынтағынан сәл бүгілгендей болды да, сатыр еткен дыбыс шыққан. Алдындағы адам кирелең ете қалып, кескен томардай жалп етіп құлады.

Бергісі құлаштаған жоқ, соққыға әбден жаттыққан қолы тік тұрған бойда алапат күшпен иектен төмен кесіп, тартып жіберген сияқты.

Жығылған жігіттің құрбыларының бірі шыңғырып қалды. Серіктері лап қойып, жабыла кетпекші еді, ұрған адамның Есіркептің «бөрілері» тобынан екенін байқап, тез тартынды.

«Лабиринттің» тең жартысы бір мезет бері қайырылып, жалт қарады да, қайтадан дереу өз-өздерімен болып кетті. Демек, мұндай көрініс осында жиі қайталанып тұратындай.

Әлден мезгілде тілші жігіт түк болмағандай қайтып келіп, орнына отырып, сырасын ішуге кіріскен.

Кеңесті оның әлгі әрекеті бірталай тіксінтті. «Журналистен де осындай мінез шыға ма?» деп таңданған.

«Табаки» жым болыпты. Есіркептің жүзінен масаттану белгісі аңғарылды...

Қызық болғанда, үш-төрт күннен кейін әлгі жігіт мұның гримм бөлмесіне бас сұқты.

– Редакция тапсырмасымен келіп едім, өзіңізге қоятын төрт-бес сұрағым бар, – дейді.

Қара көзілдірігін шешіпті. Мейір тұнған көзін көріп: «Бәсе, мұныкі бұзақылық емес, намысшылдығы болар» – деп түйген.

Қасым ақынның да қолының шапшаң екенін еститін еді...

Кейін пайымдап көрсе, қарағандылық балалар бокске еріккеннен қатыспайды. Айнала төңіректің бәрі түрме... Нешеқилы ұлттар... Арада шиеленісетін кез көп. Қаланың қатал өмір салты өз-өзіңді қорғауға мәжбүр етеді. Әйтпесе ешқайсы біреуді ұруды үйренейін, чемпион бола қалайын демейді. Ал әлгіндей қайшылықты сәттерде шектен тыс сыпайгершілік те қабылдана қоймайды. Онда сені кейбір ел ынжық, ездің қатарына қоса салуы оп-оңай. Міне, аздаған осындай «заңдықтықтар» бар...

Енді сол жігіт араға отыз жыл салып қайта хабарласып тұр...

– Кел, кел, бауырым, – деді ықыластанып. – Жүздесейік...

Нұркенді шығарып салу мен тілшіні күтіп алу уақыты сәйкесе қалғанын аңдайды. Аралығы жарты-ақ сағат екен. Вокзалға таң алагеуімде баруы керек.

Көлігіне немересін отырғызып алып, зырлатып жетсе, перрон әжептәуір толып қалыпты. У-гу. Топырлаған студент жастардың сақ-сақ күлкісі ауаны жаңғырықтырады. Олардың бір тобы әдеттегіше гитараларын даңғырлатып әнге басып тұр:

– Алдымызда үлкен қала Қарағанды,

студенттер қаласы ғой Қарағанды.

Онда жаңа күй, қызды таңдап сүй, –

ешкім сенен ақы алмайды!..

Вокзал алаңында кескін-кейпі бір уыс, төрт көз, қоңыр-бурыл ит құшақтаған қырықтар шамасындағы қазақ әйелін көрді. Иті байғұс көзі жылтылдап, жәутең-жәутең етеді. Өзі нәп-нәзік. Еріксізден «Дама с собачкой» әңгімесі есіне түсті. Бұған қандай ат қоюға болар еді? «Күшігі бар келіншек» дей ме?

Күлкісі келді. Ертеде қазақ тазы, төбет немесе дүрегей ұстаушы еді. Әрине, мына кісіні сөгуге келмес. Мәдениеттер ағынының жаһандануы өмір-салтын түгелдей жаңартқан заман... Киім үлгісі де, бәрі де түбірімен өзгерді. Бұл сонау Ғабиден Мұстафин дәуіріндегі Қарағанды емес, тіпті, кешегі он бес-жиырма жылғы қаланы да бүгінгімен салыстыруға келмейді. Қазір қала түгіл, ауылдың өзінде баяғыдағыдай түлкі бөріктің милыққа түскен шетін саптама етік қонышындағы қамшы сабымен көтеріп жүре алмайсың. Дегенмен, түбінде жаңарудың да бір шегі болуы керек-ау, ұлттық дәстүрлерге қалайда оралу қажет-ау деп толғанады...

Келіншек те мұның ойын оқығандай, жүзіне сонша сұстана қарап өтті...

Нұркеннің серіктерінің де шығарып салушылары бар екен. Солармен амандасып, балаларды тоқтаған вагондарына жайғастыруға кірді.

– Ал, құлыным, жол болсын! Олжалы оралыңдар! – деді Нұркеннің шашынан иіскеп.

Бір кезде дөңгелектері тарсылдаған состав та ұзап бара жатты.

Нұркен кеткен пойыздың соңынан үздіге қарап, өз-өзінен көңілі толқыды.

Талай қоштасу мен қауышуға куә болған Қарағандының қарт вокзалы да қолма-қол құлазып қалғандай.

Енді бір жиырма бес-отыз минуттен кейін мейманы да келмекші.

Себездеп таң ата бастағанын аңдайды. Көк жүзі манаурап тұр. Желпіп самал есті. Қарағанды жүзі албырап, күліп оянған арудай елегзітеді.

Әлден мезгілде аңыраған гудок үні естілген.

Күткен пойызы да келіп қалған секілді.

АВТОР ТУРАЛЫ:

Құлтөлеу Мұқаш - 1959 жылы 25-қарашада Қарағанды облысына қарасты Ақшатау кенішінде туған. Еңбек жолын туған жеріндегі шахталардан бастады. Совет Армиясы қатарында қызмет еткен. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің түлегі. Әр жылдары Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде тілші, «Қарағанды жастары» газетінде бас редактордың орынбасары, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Қазақ Әдебиеті» газеттерінде бөлім меңгерушісі, «Қазақстан мектебі» журналы бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақстан» Ұлттық арнасында бас редактор қызметтерін атқарған. Қазір республикалық «Қазақ үні» газетінде бас редактор.

«Біз білмейтін Құдайберген» («Тамаша» тарланы Құдайберген Сұлтанбаев жөнінде), «Хан Кене рухы», «Ақ алмас», «Мәнер», «Әуестік әлемі» сияқты танымдық-публицистикалық кітаптардың, сондай-ақ «Сенің терезең», «Боз жауын», «Ақдариға» әңгіме-хикаят жинақтарының, «Ұзақ бұралаң жол» (Бұл кітап «Долгая дорога домой» деген атпен орыс тілінде де шықты), «Салбыруын» роман-эсселерінің авторы. Француз жазушысы Луи Жаколионың және Джек Лондонның бірқатар дүниелерін тәржімалаған. Сол секілді Олжас Сүлейменовтің «Таңбалар тілі» еңбегін ана тілінде сөйлетті.

ҚР Мәдениет қайраткері. Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар