Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Рәбиға Сыздық: Тарихи романдардың тіл кестесі...

17.08.2016 9461

Рәбиға Сыздық: Тарихи романдардың тіл кестесі

Рәбиға Сыздық: Тарихи романдардың тіл кестесі - adebiportal.kz


(Әбіш Кекілбаевтың «Үркер». «Елең-алаң» романдары туралы)



рабига сыздык.jpg

Қазақ көркем прозасының тілдік-стильдік сипатын тану мақсатымен біз бұл еңбекте үш жазушының «сөз құдіретіне» назар аудармақпыз: бірі – Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» және Елең-алаң» атты тарихи дилогиясы, екіншісі – Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран» атты тарихи романы, үшіншісі – Қабдеш Жұмаділовтің «Дарабоз» романы.

Тарихи көркем шығармалар қазіргі қазақ әдебиеті әлемінде едәуір бар екендігін білеміз. Мұхтар Әуезовтің 40-жылдардың басында оқырманға ұсынған «Абай жолы» романынан бастап Қабдеш Жұмаділовтің кейінгі жылдарда жарық көрген «Дарабозына» дейінгі екі ортада ондаған роман, драма, поэмалар қолымызға тиді. Әсіресе тарихи романдардың тақырыбы, композицялық құрылымы, баяндау-суреттеу стилі жағынан түрленіп келгені қазақ көркем сөзінің биікке көтерілгенін көрсетеді. Солардың ішінде жазушы мәнерін талдауға жоғарыда аталған үш романды алуымызға бірінде өткен тарихты суреттеу үшін тілдік құралдарды қолдану тәсілдерінің, екіншісінде шығарма тілінің тарихи стиль тезіне түсуі (историческая стилизация) құбылысының айқын көрінуі, үшіншісінде тарихи реалийлердің көрінісі себеп болды. Әрине, бұл амал-тәсілдер басқа туындыларда көрінбейді деген сөз емес, мұқият зер сала іздестірсек, тарихи көркем дүниелердің қай-қайсынан да автор қаламына тән шеберлік үлгілерін, ғылым тілімен айтқанда, авторлық ерекшеліктерін таба аламыз. Өйткені тарихи роман, эпопеяларға жазушы өзінің шығарма- шылық тәжірибесі әбден жетілген, «қаламы төселген» кезінде барады, сондықтан тарихты көркем түрде сөз етудің тілдік- стильдік амал-тәсілдерін де көп іздейді, табады...


Әбіш Кекілбаев аталған романдарына осылайша барған. Бұлардың тақырыбын (әңгіме еткен тарихи кезеңді, кейіпкерлерін т.б.), шығарманың фабуласын (сюжеттік негізін), идеясын (айтпақ ойын, көздеген мұратын), оның шешімін айтпаған күннің өзінде бұл дилогияның тілі суреткердің даралық мәнері жағынан өзіне назар аудартады.

Жазушы бұдан екі жарым ғасыр бұрын өткен тарихымыз- ды, «қазақ халқы тағдырының алды үмітсіздеу, белгісіз бір кезеңінде» Кіші жүз ханы – Әбілқайырдың Ресей патшалығына бодан болуға әрекет жасаған кезеңін суреттейді. Қазір бұл әрекеттің дұрыс-бұрыстығына қайыра көз жіберіп, «бекер болды, қателік болды» деп те жүрміз, тіпті «сатқындық болды» деген солақай пікірлер де шаң беріп қалды. Қазақстанның Ресей империясының қол астына өзі сұранып («еркімен») кіргені дұрыс болды ма, жоқ, халық тағдырына қатысты қателік болды ма, қайткен күнде де «болар іс болды», бірақ өз-өзінен тек бола салған жоқ, неге болды, қалайболды, кімдер болдырды деген тарихты білуіміз керек қой. Сол міндетті тек тарих ғылымы емес, көркем әдебиет те мойнына артыпты. Бұл жүкті оның аса ауырлығына, жауаптылығына қарамай «жүрек жұтқан» жазушы Ә.Кекілбаев арқалапты.

Тарихи шығарма болғандықтан, көркемдік үшін өзі «ойлап тапқан» оқиғалар, жеке кейіпкерлермен қатар, тарихта болып өткен іс-қарекеттер, адамдар сияқты шындықты көрсетер фактілерді іздеуге, қыруар әдебиетпен танысуға, олардың сырын түсінуге кеткен қиямет-қайым еңбекті былай қойғанда, сол тарихты көркем сөзде қалай баяндасам екен, жай баяндап қана қоймай, қалай әсерлі суреттесем екен деген ізденіс те аз болмағанын көреміз. Мұны біздің тіл маманы ретіндегі талдауларымыздан көруге болар дейміз.

Шығарманың фабуласы, яғни оқиғалар мен кейіпкерлерді «орналастыру» тәртібі, сюжеттік құрылымы ерекше: 583 беттік «Үркердің» сюжеті, бір қарағанда, тым қысқа оқиғаға құрылған сияқты. Мұнда Әбілқайырдың орыс патшасына бодан болуға елші жібергені, соның нәтижесіңде хан ордасына патша елшілігінің келіп, бір жылдан астам уақыт ішінде көрген-білгені, істеген әрекет-қарекеті, сол мерзім ішінде қазақ қауымының «ел ұстағандары» (ел билеген хан, би, батырлардың) мен қара халқының тіршілік-тынысы, ой-санасы, талап-мүддесі суреттеледі. Негізгі оқиға біреу, оқиға уақыты шағын... бірақ «Үркерде» жазушы қазақ халқының бұл оқиғадан бұрын өткен ұзақ тарихына, елдігін сақтау жолындағы жойқын ұрыс-шайқастар көрінісіне барады, баяндайды, суреттейді. Оларды хронологиялық тәртіппен бермейді. Әбілқайырдың немесе өзге кейіпкерлердің еске түсіруі сияқты ой елегінен өткізген стильде баяндайды. Тіл – автордікі, баяндау, суреттеудегі үн (тон) – кейіпкердікі. Тіпті автордың өзі айтып тұрған күнде де көзінің бір киығын кешегілердің таным-түйсігі мен бүгінгілердің талғам-талабына тастап отырған. Ол үшін тілдің көркемдік-стильдік амалдарына иек артқан. Бұл амал-тәсілдердің бірқатарын өзіндік қолтаңба мәнеріне айналдырған, бірсыпырасын активтендірген, бірсыпырасын шебер жұмсаудың үлгісі ретінде берген. Енді солардың әр- қайсысын фактілермен көрсетелік.

Ең алдымен, Ә.Кекілбаевтың бұл шығармасының тіліндегі поэтикалық үн (белгі, сипат) көзге түседі. «Поэтикалық» деген анықтауыш тек поэзияға (өлеңге) қатысты ғана емес, жалпы бейнелілікке (образдылыққа), көркемдікке қатысты деген де мағына береді. Сондықтан поэтикалық сипат тек өлең сөзде ғана емес, прозалық шығармаларда да көрінеді.

Ә.Кекілбаевтың аталған тарихи романдарының тілдік- стильдік мәнері поэтикалық сипатымен ерекшеленеді деп түйсек, оны дәлелдеу үшін төмендегідей фактілерді келтіруге болады.

Жазушы бір нәрсенің, кейде адамдардың сыны мен сырын, белгісі мен қасиетін, сапасы мен салмағын бейнелеп (образдап) сипаттайды. Мысалы, хан болу сияқты билік тізгіні қолдарына тимей жүрген Өсеке ұрпағын «шаршы төр бұйырмай, асық жіліктің табағында күндері өтіп жатқан Өсеке балалары» («Үркер», 46) деп атайды. Көрсетілген анықтауыш аса образды, ол образ халықтық, ұлттық таныммен берілген: әңгімеленіп отырған кезеңде, тіпті күні кешеге дейін қазақ қауымындағы әлеуметтік топтардың беделі, салмағы, яғни иерархиялық тәртібі отыратын орнына (төрде немесе одан төменірек, я болмаса босағада отыру деген сияқты), алдына тартылатын табақтың ішіндегі сыбағаға (бас ұстау, жамбас тиюден бастап қалған жіліктердің «дәрежесіне») қарай танылатынын білеміз, демек, «асық жіліктің табағында күні өту» лауазымдық орын (хандық, билік) тимей келген бұтақты (Шыңғыс-Жошыдан тартылған хан әулетінің бұтағы) сол кезеңнің көзімен әдемілеп дәл атаған, оның алдыңдағы шаршы төр бұйырмай деген тіркес те, қазірше айтсақ, «номенклатураға ілінбей» жүргендерді бейнелеп сипаттауды күшейте түскен.

Екінші бір мысал: орыс патшасына бағынып, сыртқы жау- ларынан енді соққы жемейтін, жағасы босап, жаны жайланған башқұрт жұрты сондай бодандықты өзі қалап жүрген Әбілқайыр мен оны қостаушылардың көзіне нулы жердің балдырғанын татып, сулы жердің тұнығын кешіп тұрған башқұрт болып көрінеді (15). Мұнда да аса бейнелі сипаттама сол кездегі қазақ қауымының бейбіт өмірді, малға жайлы балдырғанды, сулы мекенді аңсаған көзімен, ойымен берілген.

Қазақ еліне тыныштық бермей, соқтығып отырған көрші жұрт іргеңнің бел арқанын қиып отырған дұшпан (121) деп аталады. Әрине, іздесе, жауласып отырған көрші елдің бейнесін әр алуан түрде атап көрсетуге болады. Күні кешеге дейін «империалистік елдерді», оның ішінде Американы кеңестік саясат көзімен қарап, не деп сипаттамай келдік, бірақ оларды киіз үйдің бел арқанын қиып отыр деп айтқан емеспіз, өйткені қазіргі жұртшылықтың басым көпшілігіне бұл бейнелі сипаттама аса таныс та, әсерлі де емес, «бел арқан» дегеннің қай жерде екендігін, ол қиылғанда не болатындығын бүгінде екінің бірі біле бермейді, ал Ә.Кекілбаев суреттеп отырған кезең үшін, сол кездегі қазақ қауымының көзімен қарағанда, бұл – дәл табылған мінездеме.

Егер мұндай мысалдар бірді-екілі жерде, тіпті бес-он жерде кездескен болса, біз оны бөліп сөз етпеген болар едік (ондай бірен-саран фактілерді кез келген көркем шығармадан таба аламыз) (Әрі қарай мысалдардың дені «Үркер» (Алматы: Жазушы, 1981) кітабынан алынады да жақша ішіне тек беті көрсетіледі.). Бұл жерде әңгіме – осы тәсілдің жазушы Ә.Кекілбаев тілінде жүйелі түрде келіп, жиі қолданылғандығында және олардың көбінің авторлық дүниелер екендігінде.

Образды сипаттамалар халықтың ауызекі сөйлеу тілінде де, ақын-жыраулар поэзиясында да, фольклорлық, өлең- жырларда да аз емес, көбі – ұзақ уақыт, жиі-жиі айтыла келе, жалпыхалықтық лексика-фразеологиялық қазынаға еніп, нормаға айналған дүниелер («единицалар») болып келеді. Жа- зушылар оларды да еркін жұмсай алады. Олар да әсерлі, орынды болып шығады. Ал көркем сөз шеберлерінің бірқатары әсерлі, әдемі қолданыстарды өзі жасайды. Жасалу моделі (қалыбы) бұрынғы, бірақ іші – тілдік бұйымы өзге, жаңа болып шығады.

«Үркер» мен «Елең-алаң» авторы соңғы әрекетке барған: өзі ізденіп, бейнелі өрнектерді өзі түсірген және бұлардың барлығы дерлік бұдан екі-үш ғасыр бұрынғы қазақ жұртының тұрмыс-тіршілігінен, қазақтардың таным-түсінігінен алынған образдар болып келеді. Мысалы, нағыз бостандық басында ноқта, тірсегінде тұсау жоқ бостандық деп бейнеленсе, бұл

– мал баққан қазақтың көз алдында тұрған таныс образ.

Әбілқайыр хан тұсындағы және оған дейінгі қазақ қауымын автор бағы найзасының ұшында, ырысы құрығының ұшындағы саяқ халық деп бейнелесе, мұндағы әрбір сөз астарлы мәнде:

«бағы – «еркін, тәуелсіз жұрт болып өмір сүру» деген, ырысы

– «күн көрісі», «экономикасы» деген мағыналарда жұмсалған болса, саяқ – «өз алдына жеке, әлі ешкімге бодан болмаған не- месе одақтаспаған» деген семантиканы (ғылым тілімен айтсақ, семаны) білдіреді, ұшында сөзі де тура мағынасында емес, әңгіме нақ найзаның және құрықтың ұшы туралы емес, бірі

– «жауды жолатпау», екіншісі – «еңбек етіп өмір сүру» деген ұғымды білдіруге жұмсалып тұр.

Өзге де жазушылар сияқты, Ә.Кекілбаев әсерлі эпитеттерді табуға шебер. Ол әсерлілік мағыналары жағынан бір-біріне жуыспайтын сөздерді тіркестіру амалымен де жүзеге аса- ды. Мысалы, жазушының ұрғашы ниет (32), сумаңдап желе жортып келе жатқан көшелі ой (103), айғыр топ нөкер (112), майлақы түн (14) жер ойдық қол (231) дегендеріндегі ниет, ой деген абстракт есімдер мен алдындағы эпитет сөздер – мағына жағынан бір-біріне жуыспайтын дүниелер болса, соңғы қол, нөкер дегендердің анықтауыштары да – кәнігі емес. Әрине, мұндай мысалдарды көркем шығармада кез келген автордан табуға болады. Бұлар – жазушы Кекілбаевтың даралық мәнерін емес, шеберлік мөнерін танытатын фактілер.

Бейнелі сипаттамаларды (олар көбінесе анықтауыш, пысықтауыш болып келеді) жазушы көбінесе параллель түзілімдер етіп береді:

Орталарынан ойып қоныс беріп, қораларынан жырып сау- ын беріп... (117).

Мұнда орталарынан қораларынан, ойып жырып, қоныс

сауын, беріп – беріп деген қатарлар тұлғалық, синтаксистік, позициялық абсолют параллельдерді түзіп тұр.

Жалпы параллель түзілістер тілде, оның ішінде көркем сөзде – аса әсерлі, үнді құралдың бірі. Образ жағынан әсерлілігі олардың халықтың өзіне таныс айналасынан, тыным-тіршілігінен, іс-қарекетінен алынғандығына байланысты болса, үнділігі ауызға жеңіл, құлаққа жағымды әуезбен келетіндігінен пайда болады. Құлаққа жағымды үн дегеніміз – дыбыстар гармониясы. Қатар тұрған сөздердің көбінесе басы (кейде іші де), тізіліп келген өлең жолдарының басқы сөздері біркелкі дауысты, дауыссыз дыбыстардан басталуы – тіл-тілдің қай-қайсысында да, оның ішінде түркі-монғол тілдерінде, солардың бірі қазақ тілінде ежелден келе жатқан көркемдеуіш амалдардың бірі. Ғылымда бұл құбылыс аллитерация, ассо- нанс деп аталады.

Әдебиет теориясын, көркем сөз заңдарын жақсы білетін, дұрысын айтсақ, жазушылық таланты табиғатынан күшті қалам шебері – Ә.Кекілбаев бұл ұтымды тәсілді қалт жібер- меген. Мысалы, оның қияда тосып, қырындай жолыққан, қырғи қабақ жау (47), кеңірдегін күнге, кіндігін айға ілген (140), жарық өкше, жалаңаш балтыр егінші (28), қырық құйқылжыған қырқылжың дау (81), шонданайын шортандай шоршытқан-ды (81) деген бейнелі тіркестері аллитерацияға құрылған болса, алқымынан ала кетер, арқасына сала кетер (68), айтқаны болып, атқаны тиіп... тұрған абыройлы шағы (70)... ал өз қолыңнан өрге сүйреп, өркенін өсірген тұқымың өле-өлгеніңше... сияқты образдары ассонанс түзей жасалған.


Бұлардың барлығы да – жазушы қаламынан туған авторлық дүниелер.

Индивидуалдық образды параллельдердің енді бір тобы ұйқасқа құрылған болып келеді, әрине, ол – өлеңдегі сияқты аяққы ұйқас емес, параллель құрылымның компонентінің ішін- де өзара ұйқасқан сөздер болады. Іштеріндегі бір сөзі ұйқасып келген параллель құрылымдар Ә.Кекілбаевтың екі кітабында да едәуір мол кездеседі. Молдығы сондай, олар кейде тұтас аб- зацты алып жатады:

Қолына тізгін тимесе де, еліне елеулі, халқына қалаулы азаматтың басы алтын, құйрығы күміс ботаға буаз боз інгендей жапырып отап, сапырып суламай, тыраңдап аунап, бұртаңдап туламай, өз қадірін өзі біліп... анық баспағы шарт (169).

Әрі қарай да осылайша ұйқасты құрылымдар кетеді. Келесі мысалдар да ұйқасты сөздермен келген параллельдерді таны- тады:

Жау сұғына түсем де, қазақтың жүні жығыла түседі (122). Ай астының зоры болам деп жүргенде, өз ұяластарының қоры бола жаздапты ғой (275). Жайса – белге, жапса – көлге сыймай- тын мал (278).

Ал мына мысалдар ұйқастың басқа үлгісіне жатады. Бұл жердегі «ұйқас» дегеніміз – шартты, яғни ұйқасқан сөздер ды- быс үйлесіне қарай емес, сөз құрамына қарай, яғни морфемдік сөйкестіктерге қарай қатарласады: көзінің сұғы мен бетінің сұсы мол Абдолла (53). Қазақтың желкөз керегесінің аржағында желбуаз әңгіме жетпей қалушы ма еді? (141).

Бұндағы ұйқас – дыбыстық емес, морфемдік екі сөздің құрамында бір сөз келіп тұр (жел–жел). Бұл – өте сирек кездесетін тәсіл. Мұндайда морфемдес (сөз құрамына енген бөліктердің біркелкілігі) сөздер айтпақ ойға сай болуы керек: желбуаз әңгіменің қазақ ортасында тез жайылатынын бейне- леп айту үшін сол ортаның айналасын «желкөз қабырғаның аржағы» деп беру дәл түсіп тұр. Жазушы осындай сирек

«ұйқастарды» табуға келгенде ізденімпаздық танытқан. Мысалы, «Елең-алаңдағы» мына сөйлемде морфемдес қатар парал- лель құрылымдар емес, бір сөйлемнің ішінде келтірілген:

Бірақ қашан көрсең де асығыңды алдап ұтып алғысы келіп жүретін жылмың төс балалардай, сыр бермей жымпиып жүретін жылмақай неменің бүгін езуіне ие бола алмай, жымыңдай амандасып, жымыңдай қоштасуында бір гәп бар шығар («Елең-алаң», 1984,11).

Бұл – Абайда түбірлес сөздердің өлеңнің бір тармағында немесе қатар келген жолдарында, кейде бір шумағында келіп, үн гармониясын жасайтын тәсілдің16 көркем прозада да сирек болса да орын алатынын көрсетеді.

Тегі, шығарма тілін образдап (поэтикалап) жіберуге Ә.Кекілбаев өте шебер, оның аузынан бейнелі, әсерлі, әуезді сөздерді

«Құдай тағала», яғни қалам таланты лақ еткізіп төге салады.

Малы мен жаны өскен, бірақ әлеуметтік орны төмен ру- ластарды жай атай салмай, «тоқалдан туса да, топылдатып баланы көп өрбіткен, ұрыдан жиса да, шұбатып малды көп өрбіткен кіші аталар» (454), «қоқым төсеніп, қоға жастаған төменшік әулеттер» (97) деген сияқты етіп «түсін түстеп, атын атап» беру тек тілі поэтикаға толы, ой мен сөздің үйлесімін тапқан қас шебердің қолынан келмек. Қас шебер демекші, осы жерде бір кішкене «лирикалық шегініс» жасасақ дейміз.

Айтпақ ойды әсерлі, бейнелі етіп білдіру үшін шешендік керек, шешен болу керек, ал сөз шешен болып шығуы үшін әсерлілік, образдылық керек. Тегі, алдыңғысы – басты, біріншілік те соңғысы – сол тудыратын екіншілік сияқты. Және шешендік – өзіміз білетін ақындық, суретшілік, композиторлық сияқты туа бітетін табиғи талант болса керек.

Сірә, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов сынды ілгері буын алыптарын былай қойғанда, кейінгі буын өкілдері – Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Софы Сматаев, Оралхан Бөкеев сияқты жазушылар, Манаш Қозыбаев, Зейнолла Қабдолов сияқты ғалымдар – тумысынан шешен жандар-ау деймін.


Шешеңдік те, жазушылық та – Құдай берген, табиғи өнерлер болса, ол екеуі бір кісінің бойынан табылса, яғни көркем әдебиетке шешендік қосылса, екі шақпақтың соғылысынан пайда болатын ұшқындай, оқырманның жан дүниесін шарпып өтетін от жалынды, жарық шығармалар дүниеге келері хақ. Мен бұл ойымды айтқанда, ешкімге көпшік қойып отырмағанымды оқырман түсінер. Бұл – қазақ тілін қастерлей білген, оны табиғи таланты көтере түскен жандарға деген ризалық көңіліміз екенін білер, ана тіліміздің өткен замандар мен қазіргі кездегі күй-қалпын танысақ, танытсақ деп еңбектеніп жүрген тіл маманының қысқа қайырған бағасы деп білер деймін.

Енді «шегіністен» шығып, зерделеп отырған материалымызды әрі қарай талдасақ, тағы мына жайттарға назар аударар едік. Біреуді не бір нәрсені, я болмаса іс-қарекетті танытуда жа- зушы Ә.Кекілбаев халық қазынасына да иек артады. Олардың ішінде, сырт қарағанда, ауызекі сөйлеу тіліне не жергілікті сөзге жақын тұрғандарын таңдап алады. Мысалы, бұтқа толып жүру деген тіркесті жазушы бірнеше рет қолданған. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл – «өзін өзі зорға санау», «менменсу» деген мәнде жұмсалатын жергілікті ерекшелік тәрізді, бірақ осы шығармада оның мағынасы контекске қарай әбден түсінікті және әсерлі болып ұсынылған.

Мысалы: Жас сұлтан, неге екені белгісіз, осындай қараптан қарап бұтқа толып жүретін кердең мінезді жек көруші еді (48).

Мұндағы бәрімізге таныс кердең сөзі алдындағы бұтқа толып жүретін деген бейтаныстау тіркесті жетекке алып, мағынасын ашып тұр. Бұл сияқты жергілікгі, көне, сирек сөздердің алдын не артын таныс сөздермен «тіреп», біртұтас мағына шығару амалы ұлы Мұхтарлардан келе жатқанын осы кітаптың II тарауында айттық.

Жазушы тілінде жиірек көрінетін образды үстеулердің бірі – екі етек боп [елпек қағу, жүгіру, ұмтылу] тіркесі де сіре, халық тілінде бар сөз болар, ол да – өте образды, әсем сипаттама. Бұл ретте жазушы анау-мынау дөрекі сөздерден де қашпайды. Мысалы, көтен өкпе (74) айғыр топ (442) сияқты тіркестер – мағына жағынан бір-бірімен тіркеспейтін атаулар болғандықтан, өзінің күтпеген оқыс қолданысы мен көңіл ау- дарса, екінші жағынан, тұрпайы сөзбен келгендіктен, «үлкен өкпе, зор өкпе», «күш көрсете келген өкпе» және «үлкен топ» деген сияқты стиль жағынан бейтарап (қалыпты) тіркестермен салыстырғанда, әсері өзгеше болып шыққандығымен елеңдетеді. «Көтен зорлық» дегенді айтатын қазақ «көтен өкпе» деп те айтқан болар. Қайткен күнде де сөздің экспрес- сиясын пайдаланып, оның дөрекілігіне, қарапайымдығына, жергіліктілігіне қарамай кәдеге асырып жіберу – Ә.Кекілбаев қаламына жат емес. Бұл жерде шешуші факторы – бұларды экспрессоид (эмоциялық бояуы күшті, әсерлі сөз) ретінде тану болса керек.

Образды тіркестердің ішінде мұрты жылтырап қоя беру (разы болу, көңілденіп қалу) сияқты өзге авторлардан көп кездестірмеген күрделі етістіктер де бар. Сірә, ол да – халықтікі болар болмаса мұртынан күлу, мұрты жыбырлау, мұрты майлану деген сияқты таныс тіркестердің үлгісімен жасалған авторлық дүние болар. Қайткен күнде де бұндайлар да – өте образды қолданыстар.

Шығарма тілінің поэтикасын танытатын тұстардың бірі – теңеулердің көрінісі. Әрине, қалыпты жай теңеу емес, бейнелі теңеулерді жазушы қайдан алды, нені немен салғастырды дегендер көңіл аудартады.

«Үркерде» келетін эпитеттік теңеулердің дені суреттеліп отырған кезеңдегі қазақ болмысынан алынған. Жазушы: тозған кебістің жұлығындай жайын ауыз (9), өлген түйенің тулағындай дала (213), тозған киіздей қырқа қыраттар түлеген бөрінің жон арқасындай боп (471) деген теңеулерді келтірсе, бәрінің де астарында қазақ қауымына таныс, көбі тұрмыстық заттар жатыр: ауыз, дала, қыраттарды теңеген тозған кебістің жұлығы, өлген түйенің тулағы, тозған киіздерді неміс, ағылшын, голланд, тіпті орыс адамы мүлде түсінбес еді, оларға бұл салыстырулардың ешқандай әсері де болмас еді, ал қазақ үшін, әсіресе өткен ғасырларда өмір кешкен қауым үшін бұлар – жай теңей салу емес, бірінде ұнатпаушылық (ауыздың тозған кебістің жұлығындай болып көрінуі), екіншілерде нені үлкен, нені жұпыны санайтындары сияқты таным бар екені даусыз. Сірә, теңеу дегеніміз – адамның дүниетанымы, әр нәрсеге беретін бағасы, қысқасы, сыртқы дүниемен көру, есту, дәмін сезу, исін сезу арқылы пайда болатын қарым-қатынасы болса17, жазушы бұл орайда да шығарманың жалпы үнін суреттеліп отырған кезеңмен үйлестіруді берік сақтаған.

Теңеулерді бейнелі, әсерлі, бояулы ету үшін, суреткер көп сөзділіктен де қашпайды. Мысалы, түннің қараңғылығын ырысты үйдің ертелі-кеш оттан түспейтін күйелеш қазанның түбіндей қап-қара (13) деп суреттейді. Бұл жерде жазушы қазанның түбіндей қап-қара түн дей салса да болар еді, бірақ бұл тұрақты (кәнігі) көп теңеудің бірі болып шықпақ, ал бұл қаралықтың қаңдай қазанның (күні-түні оттан түспейтін, күйелеш, оттан түспейтін себебі – ол ырысты үйдің қазаны) түбіне теңелуі осы жерде көркемдік үдесінен шығып тұр. Бұл – дәстүрлі теңеудің кеңейтілген (күрделенген) түрі бол- са, Ә.Кекілбаевтың көптеген теңеулері – тосын, бұрын-соңды кездеспеген образдар болып келеді. Мысалы, Тевкелевтің ұзақ етіп, шиырып жазатын қолын (почеркісін) «аңшының тазысының құйрығындай шиыршық атып тұратын шимай жазу» деп суреттейді. Сірә, бұл – орыс кеңсесіне кызмет етуші Тевкелевтің орысша жазуы туралы болуы керек, өйткені шиыршықтап жазу сол кездегі сәндеп жазудың бір шарты болғаны мәлім, ал ондай шиыршық атқан нәрсе қазақтың көз алдында тазының құйрығы болып елестейді.

Абстракт ұғымдарды нақты затқа, оның ішінде де қарапайым тұрмыстық заттарға теңеу өте әсерлі шығады. Мысалы, Әбілқайырдың орыс елшілігін күтіп алаң болған көңілін «күні кеше қымыранның бетіндей, көпіршіп шыға келген желбірек көңіл» (23) деуі – қазақ құлағы үшін түсінікті об- раз. Бұл қатардан жазушының теңеуге алған: «ішіне құйрық- бауыр салып құдаларға ұсынған қара тегештей дөңгелек алқап... кемпірдің қолынан жел алып қашқан шүйкедей боп тұман кілкиді..., арлан бөрінің азу тістеріндей андыздаған ақ тұмсықтардың арасынан жалғыз сабақ ине жіптей ширатыла құлаған жіңішке жол... көк теңізге барып бір-ақ тіреледі» (446) деген тосын образдарын да көруге болады. Бұл мысалдар бір абзацта шоғырланып келген. Егер жай информативтік баян- дау болса, жазушы көрсетілген теңеулерсіз: «дөңгелек алқапта тұман кілкиді, ақ тұмсықтардың арасынан жіңішке жол теңізге барып бір-ақ тіреледі» деп жаза салар еді, мұндайда оқырман тек алқапта тұман болғаны, жолдың теңізге барып тірелгені жайында жай ғана хабар алған болар еді, бірақ алқапты да, жолды да, тіпті тұманды да дәл осы жерде баса суреттеу ке- рек болып отыр, олардың бұл жердегі сюжет үшін маңызы бар, сондықтан жазушы оларды бейнелеп көрсетеді, бейнелеу қызметін теңеулерге артады.

Әрине, «Үркердің» беттеріндегі теңеулердің барлығы – осы- лар емес, мұнда тұрақты теңеулер де, жоғарыдағыдай авторлық теңеулер де едәуір. Әңгіме – олардың бар екендігін көрсетуде, айтуда емес (бұлар қай шығармада жоқ?), теңеуге алынған об- раздардың сипатында (олардың «қазақтығында», ескі тұрмысқа қатысты негізінде) және бұл сипатты жазушы не себептен қалап алғандығында, яғни айтпағымыз – Ә.Кекілбаевтың тілі талданып отырған тарихи романында кездесетін теңеулерінің басымы әсерлі образдарға құрылатындығы, ол образдардың қазақ қауымының өткен кезеңдердегі өмірінен, танымынан алынатындығы, мұндай теңеулердің көбі – авторлық болып келетіндігі және тосындығымен, сонылығымен аса әсерлі, ұтымды шыққандығы. Бұл да – шығарма тілінің көркемдік си- патын көрсететін елеулі белгінің бірі демекпіз.

Көркем шығарма тілінің поэтикалық бояуы тек образды эпитеттері не теңеулерімен ғана танылмайтыны мәлім. Бұл сипатты шығарма тілінің әр тұсынан іздеуге болады. Шағын бір контексте жеке сөздерді қайталап отырып, «ойнату» бар ма, аллитерациялатып, ассонанстатып, үнін «тамылжыту» бар ма, қайталама тәсілін қолдану бар ма – осылардың барлығы белгілі бір стильдік мақсат көздей, шебер (орынды) қолданылса, шығарма тілін әсерлі, көркем етіп шығарады, демек, көркемдік пен әсерлілік поэтиканың желісін тартады. Бұл реттен келген- де, «Үркердің» беттерінен осындай үнді (сипатты) үркердей шоғырланған текст үзіктерінен көреміз. Және бірер жерінде емес, әлденеше жерінен қалай оқып, қалай тәнті болғанымызды сезбей де қалатын сияқтымыз. Бір-екі ғана мысал келтірелік. Тевкелевтің ойымен баяндалған бір тұста автор көк, көз, көлку, көлгір сөздерін «іске қосады»:

Бәрін қойып анау көлкіген көкжиекке қарашы! Көк найза- сын самсатып, жер қайысқан қалың қол жатқандай емес пе! Иә, иә... Бірақ ол қазір көзден бір-бір ұшып жоғалатын ал- дамшы сағым ғана. Алайда дәл осы көлгірдің көз алдындай көлкіп тұрған көкжиекті мәңгі-бақи бүйтіп сағым шалып қана жатпаған. Оны талай-талай көк найзалар да көлкештеген. Бірақ олар да артынан көзден көк сағымдай бір-бір ұшып ғайып болған! Иә, бұл көл-көсір көкжиектен кімдер келмеген, кімдер кетпеген? Анау көк мұнардың ортасынан күндей күркіреп һундер де өтіпті, сақтар да, түріктер де, маңғұлдар да өтіпті. 

Бәрі де осындай көз алдында көлкіп тұрған көркем көріністен көңіліндегі әншейін буалдыр елеске айналып... өткінші көк сағымның кебін киіпті (213-214).

Бұл – сәл қысқартылған бір абзац, бір микротекст. Мұнда неге бәрі «көгеріп, көлкіп» кеткен? Автор бұл жерде көз бен көк сөздеріне неге қызыққан? Көркем шығарманың сыры – сон- да, бұл жерде әрбір сөз жүк арқалап тұр, бұл сөздерді алғанда, жазушы өзі келе жатқан кең даланың тарихына үңілген дипло- мат Тевкелевтің ойы мен көзін есте ұстаған: оқыған-тоқығаны мол Тевкелевке өткен тарихтың өзі көк мұнар сияқты алыстан, көмескі көрінеді, келе жатқан жолы да әзірге немен бітері белгісіз мұнартып тұр – осыны баса білдіру үшін сол мұнарға тігілетін көз де, көлкіген көкжиек те көк найзаға сапқа тұрған, стильдік жүк арқалаған сөздер санын құраған. Бұл құбылыс текст түзімі (текстообразование) дегенді танытады. Бір ми- кротексте сөзге стильдік қызмет үстеп, бірнеше қайталап қолдану – текст түзімінің бір амалы. Жазушы бұл құбылысты едәуір жүйелі түрде көрсеткен. Көк, көз сөздерінің стильдік магнитінің күштілігі сондай, текст ішінде бұлардан басқа да көлкештеген, көл-көсір, күндей күркіреп, көркем көрініс, кебін киіпті сияқты сөздер дыбыстық жағынан олармен аллитерация қатарын түзіп, үн гармониясын жасаған. Бір қарағанда, мұндай микротекстер көп сөзділеу, қызыл сөзділеу болып көрінуі де мүмкін, бірақ олар баяндау желісіне зиян келтірмейді және шығармада көзделген негізгі идеяны аша түсуге көмектесетін қосымша жағдай туғызады.

Кейіпкер бейнесін жасау немесе белгілі бір оқиғаны, құбылысты, іс-әрекетті баса көрсету мақсатымен жеке сөздер мен тіркестерді стильдік объект ету де – жазушы шеберлігінің айнасы. Бұл тұрғыдан «Үркердің» бас кейіпкері – Әбілқайыр ханның ішкі-сыртқы портретін жасауда автор сұр, ақ сұр, сұп- сұр сөздерін іске қосады. Ә деп басталғанда, Әбілқайыр «сыз қабақ, ақ сұр кісі» деп суреттеледі, бара-бара бұл есімге жа- наса сұп-сұр жүз, сұп- сұр қалпы деген сияқты сөздер жүреді, бұл мінездеме әсіресе Әбілқайырдың ұрыс үстіндегі не Тевке- лев келгеннен кейінгі арпалыс үстіндегі күй-қалпын білдіруде жиі кездеседі. Бұл сөз тек Әбілқайырдың бет-жүзінің келбетін көрсетпейді (қазақ хандықтарының тізгінін ұстаған немесе қазақ ортасында өмір кешіп келген хан-төре әулетінің көбінесе беттері сопақ ашаң болып келгені белгілі), сұп-сұрлық – ханның ішкі портретінің көрсеткіші. Сұп-сұр болу, бір жағынан, үлкен тартыста, арпалыста, тебіренген ойда жүрген адамның сыртқа тепкен келбетін танытса, екінші жағынан, сұп-сұрлық – Әбілқайырдың үміті мен қаупін, қуанышы мен ренішін, қайраты мен осалдығын арпалысқан, аңдыған ұяластары мен би, батыр сияқты ел тізгінін ұстағандарға білдірмеудің, сыр бермеудің қалқаны. Оны жазушының өзі айтады. Тевкелев елшілігінің тізгіні өз қолына біржола өткеніне қуанған Әбілқайырды су- реттеген жерде автор:

Бірақ жылт-жылт сығалап отырған сыншы көздерге сыр алдырғысы келмей, үйреншікті сұп-сұр қалпына түсіп алды (386).

Елшінің көз алдына қашан көрсең де, бір қалпында тұратын сұп-сұр жүзі, тұнжыр жанары мен салыңқы қабағы келді. Бұның бәрі бұрын оған қайдағы жоқ сұмдықтарды ойлап отыратын ішмерездік қана сияқты көрінуші еді, енді байқаса, ішіндегі қара қазандай бұрқ-сарқ қайнап жатқан әлем- тапырық көңілін байқатқысы келмеген ерекше бір ұстам, сабыр екен ғой (416). Демек, сұп-сұр сөзінің қызметі тіпті де кейіпкердің келбетін білдіру емес, керісінше, Әбілқайыр ханның ішкі келбетін, саясатын, күрес амалын білдіруде бо- лып тұр. Жазушы бір сөзге бірнеше беттік суреттеменің жүгін арқалатқан.

Шығармада авторлық баяндау көп ретте кейіпкерлердің көзімен, ойымен беріледі. Сондықтан бұл баяндауда тосын си- паттамалар, астарлы атаулар аз кездеспейді. Мысалы, романның II тарауының басын автор баяндап отырғанмен, табиғатты суреттеуі бар ма, адамдар бар ма – барлығы да Уфадан шыққан Ресей елшілігіндегі адамдардың танымымен, көзімен берілген: Қашан қарасаң да, қанша қарасаң да, бетпақ әйелдің бетіндей бедірейеді де тұрады (бұл – елшілік адамдарының өздері келе жатқан қазақ даласын суреттеуі). [Бұл даланың аспанына] аспан деп дабырайтып ат қойып жүрген де бұлт көріп, аспан көріп жарымай, ала жаздай ақ шаңыттың ішінде далақтап шапқылайтын да жүретін күс табан, жарық ерін, жалба тымақ көшпенділер шығар (186). Суайттар күрек тістері көстеңдеп сөйлей жөнелгенде (187); қайдағы бір бар- жоғы белгісіз қаңғырма халықтың қайдағы бір бар-жоғы белгісіз қаймана ханына жер түбінен елші шаптырып... (188); ен далада өз көлеңкесімен өзі жарысып жүрген әуейі көшпенділерді (188).

Бұлардың бәрі – авторлық баяндау, бірақ сөз – онікі емес, автор өз халқын бұлайша қорлап атамас болар. Шығарманың біраз тұстарындағы авторлық баяндаулар Тевкелевтің ойы етіп берілген (226, 327, 377-беттерді оқыңыз).

Ал кейіпкер тіліне келсек, әрине, жазушы ханды ханша, биді бише, Итжемес қаңғыбасты Итжемесше дегендей, әрқайсысын өзінше сөйлетеді, бірақ қазіргі ешбір қаламгер бұдан екі- үш ғасыр бұрынғы қазақтардың күнделікті тұрмыстағы сөйлеу тілін бұлжытпай дәлме-дәл бере алмасы хақ (өйткені оның үлгісі сақталған емес), бірақ ауызша сақталып жеткен шешендік сөздер мен өлең-жырлардың тіліне қарап, би, хан сияқты адамдардың сөздерін шамалап беруге болады. Мұны Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Софы Сматаевтар өте жақсы игерген. Олардың әсіресе би кейіпкерлері, хан-ханымдары сөйлеп кеткенде, қазақтың шешен сөзіне тәнті боласың.

«Үркердегі» Мәті бидің сөздері, Төле бидің монологтері осыған куә. Мәті – Төле би, Әйтеке би, Қазыбек бидей ел тағдырын ұстаған атақты тұлға болмағанмен, ақыл-ой мен қызыл тілге келгенде, нағыз шешен, қарапайым халықтан шыққан жезтандай.

Жазушы билерді шешен тілде сөйлеткенде, шешендіктің тілдік-көркемдік белгілерін (механизмін) жақсы келтіреді: ең алдымен, олардың сөзінде үлкен логика, қисын, дәлел болуы керек, екіншіден, мұнда экспрессиялы сөздер, әсерлі эпитет- тер, қонымды теңеулер, ұйқасты-ырғақты құрылымдар орын алуы керек. Мәті қарт жас жігіт Әбілқайырға түсін жорып, кеңес бергенде:

– Шырағым, алыстан орағытып сөйлегеніңе қарағанда, ақылды жас боларсың. Ақыл сүйкімді көрінгенмен, оның дегенін істеп, мүйізі қарағайдай болып жатқан ешкімді әзір көре қоймадық. Өйткені ақылға айтқызсаң, қапысыз іс, қатесіз сөз болмайды дейді, ең дұрысы – ештеңе айтпаған, ештеңе істемеген дейді... Мен білсем, мына заманың тап ақыл сұрамайды, абырой сұрайды. Бұл заманда абыройдың да аты өзгеріп кетіпті. Оны бүгінде бедел дейтін болыпты. Бедел дегенің – есігіңнің алдында көлденең түсіп жатып алатын күдіре желке көк төбет сияқты.Ол да үйінің сорпа-суаны мол дәулетті кісіге бітетін көрінеді. Сонсоң да, балам, біз секілді сөз деп аталатын қотыр шыбыштың шандырын тартқылай- тартқылай, оны да әбден ақта қып суалтып жіберген, күні өткен күңіреншек кәріден гөрі тақымында шоқпары салақтап дәулет қуып, дәурен іздеген, жалыны қайтпаған жастарға үйір болғаны дұрыс. Тәйірі, жөн білетін текті жігітке ел ұстау де- ген сөз бе екен! Ол үшін үлкенге ізет, қатарға құрмет, ініге ілтипаттан басқа не қажет болушы еді! Бұл жұрттың соңына ереміз бе деп үміттенетін азаматынан бар дәм етері сол-ақ қой! (53-54).

Міне, осы бір кішігірім монологте шешен сөзге тән бел- гілердің көбі бар: текстің айырып көрсетілген тұстарына назар аударсақ, әсерлі теңеулер де, тұлғалас параллельдер де, астар- лы, метафоралы тіркестер де, ассонансты, аллитерациялы бо- лып келген сөз қатарлары да көзге түседі.

Үш беттік (89-91-беттерде) етіп келтірілген, үш арыстың төбе биінің бірі – Төле би кесігін (сөзін) бергенде, жазушы шешендіктің, яғни билер сөзінің нағыз үлгісін көрсеткен:

Бір кезде қазақ десе, арланатын жұрт едік, енді, міне, қазақ десе, мақтанатын күнге де жетіп отырмыз, – деп бастаған Төле бидің сөзінде көрсетілгендей ұйқасты сөздермен келген параллель құрылымдар да бар: қазақтың төбе шашы дудырап жерден шыққан, екі аяғы салбырап көктен түскен ештеңесі жоқ; Құдайдың аузынан, пайғамбардың белінен түспегеніміз белгілі, сөйлесек тіліміз бар, ұстансақ дәбіміз бір, шыққан тектерің мен кешкен кептерің...

Шешендік сөздерде, әсіресе айшықты эпитеттермен немесе бейнелі етістіктермен келген бірыңғай мүшелер жиі кездеседі: бармаған жері, баспаған тауы, кешпеген дәурені қалды ма... өкпе көтерісіп, төбе өлшесіп, білек салыстырмайық... айдағаны – жылқы, төсенгені – тоқым көшпенді жұрттың ордасы қай суға орнамай, қай сайда құламай жатыр... бүтін көйлек пен булы қазанның желіне мастанып... тағысын тағы осы сияқты әсерлі құрылымдар сөйлем сайын кездеседі. Төле бидің аузынан шыққан бұл кесікте жазушы халық тіліндегі дәстүр лі фразеологизмдер: жұлдызы жанып шыға келу; бөркіміз дағарадай бола бермесін; аттың малы, түйенің қомы; ордамыз он санға ыдырап, оң жағынан отау тігіп бер- ген; ортадан ойып орын алдық; ат құйрығын үзісу; ормандағы орыстың қанжығасында өңгеріліп кету; айдалада аңырап қалу; түтіні бірге шалқу сияқты бейнелі тіркестерді де келтіруі орынды: билер сөзінің көріктеуіш элементтерін шығарма авто- ры бастан-аяқ өзі жасап ұсына бермей, ара-арасында халықтың тіл тәжірибесіндегі дағдылы образдарды қосып отырғанда, ол сөздің нанымды шығары даусыз.

Ә.Кекілбаев барлық кейіпкерді бұлайша шешенсітіп қой- майды, тіпті шешендердің өзі топ алдында емес (шешендік сөздің бір шарты оның әлеуметтік үні болуы қажет, яғни ол шаршы топ алдында айтылатын сөз болуы керек), оңашада жеке сөйлескенде, бұлайша образдатып, мақалдатып- мәтелдетіп, ұйқастырып, үндестіріп отырмайды, жазушы бұны да жақсы берген. Мысалы, Әйтеке би Әбілқайырға оңашада ақыл айтқанда:

– Тегің – сұлтан. Басың – жас. Көрерің – алда. Жігіттің есі кіретін тұсқа енді жеттің. Алаштың алмағайып заманы таусыл- мас. Төренің бағы – қарашының қайраты. Қарымдыдан құрдас жиғаның жөн екен, – дейді.

Әрине, бұл қысқа сөздің өзі қарабайыр емес, бидің аузы- нан шыққаны келте-келте қайрылған алғашқы сөйлемдерде, одан кейінгі тұжырым іспеттес ақыл сөз де жай өзара ауызекі сөйлесу үрдісінен бөлекше. Сірә, жазушы шеберлігінің бір қыры әр нәрсенің (бұл жерде шығарма тілінің әр сәтінің) ша- масын, сәйкестігін жақсы сезіп отыруда болса керек.

Билерді сөйлетуде «Үркердің» авторы, сөз жоқ, кітапхана қорларындағы, жарияланған материалдардағы шешендік сөз үлгілерімен өте жақсы танысқан болуы керек. Мәртебедегі құрылтай жиын тарқарда жиналған халық үш бидің «ертең елге барғанда айта жүретін сөздерін» тыңдағысы келгенде, олардың заман құлқы жайында, жастық хақында, жомарттық пен сарандық, ұл мен қыз жөнінде кезектесіп айтқан сөздерін жазушы, сірә, сақталған мұралардан алған болар (сәл-сәл «редакциялап» болса да), ал өзі құрастырып ұсынып отырған болса, ол күнде Ә.Кекілбаевты қазақ билерінің нағыз ізбасары, ғажап жалғасы деуіміз керек, егер бүгінде билер комитеті (ко- миссиясы, министрлігі) деген сияқтылар дүниеге келер болса, оның басшысы да, биі де – Әбіштер болған болар еді дейміз ғой (жоғарыда айттық, шешендік – туа біткен өнер, мүмкін тұқым қуалай даритын, «шынжырқатар» түзетін қасиет болар). Енді жазушының өзі таңдап жиі қолданған, өзіндік мәнерін танытатын және жоғарыда көрсетілген құбылыстардан өзге ерекше тұстарына назар аударалық. Ол тұстар стильдік амалдарға қатысты болып келеді. Шығарма тілін көріктеуде қайталама құбылысы – өте ұтымды, әсерлі тәсіл қатарынан табылады. Ол – стильдік категорияға жатады. Атының өзі ай- тып тұрғандай, қайталама18 дегеніміз – бір сөздің (не тіркестің, сөйлемнің) бір сөйлемде, не абзац, шумақ сияқты микротексте қайталанып келтірілу тәсілі. Кайталаманы суреткер көркем тексте әр алуан стильдік мақсат көздеп жұмсайды.

Ә.Кекілбаевтың тарихи романы – «Үркердің» тіліне тән бірден-бір актив қолданған тәсілін атай қалсақ, осы кай- таламаны көрсетуге болады. Жазушы бір микротексте жеке сөздерді қайталап келтіреді. Мысалы: От төңірегі – найзалары шошаңдаған күйек сақал еркектер. Бастарында – жалтылдаған темір дулыға, үстерінде – жалтылдаған темір сауыт, белдерінде жалтылдаған кісе... (14).

Тағы құландармен бірге аранға түсіп кетіп, шала есті боп тұрған Итжемеске қою түн қараңғысындағы отты қоршаған қарулы нөкерлердің сырт нобайы осылай көрінеді, олардың жай адамдар емес, үрейлі жандар екендігін үстеріндегі отқа шағылысып жарқылдап көрінетін металл сауыт-сайманды суреттеу арқылы береді. Жалтылдаған сөзінің дулыға, сау- ыт, кісе деген сөздер сайын қайталануы «Итжеместей олпы- солпы» кішкентай адамның темір киімділерден сескенгенін, қаймыққанын ұзақ сөзбен баяндамай, бір сөздің қайталануымен танытып тұр.

Қайталама құбылысына ілінетін жалпы синтаксистік, морфологиялық бірліктер де әр алуан. Жоғарыда есімшеден жасалған анықтауыш қайталанып тұрса, мына жерде ешбір деген есімдік әрбір бірыңғай мүше сайын қайталанып, аталған әр ұлыстың «қателігі» бір-бірінен кем емес екенін автор түсіндірме көп сөзбен емес, қайталама бір сөзбен білдірген:

Алайда істің бүйтіп айрандай бұзылуына осы біздердің де қатысымыз жоқ па екен деген күмән ешбір торғауыт, ешбір күрлеуіт, ешбір дүрбіт, ешбір шорос, ешбір қошауыттың ойына кіріп шықса не дерсің! (69).

Бұл сөйлемде ешбір сөзін қайталап келтіру арқылы жазушы оқырманға жоңғар ұлыстарын түстеп-түгендеп беріп тұр.

Бір сөйлем ішінде ғана емес, қатар келген әр сөйлем сайын белгілі бір сөздерді (сөйлем мүшесін, оқшау сөздерді) не тіпті бір сөйлемді қайталап отыру арқылы да сол жерде айтылмақ ойдың мағыналық қазығын қағады. Мысалы, Әбілқайырға да керегі – осы еді.Әйтеуір, Жәнібек еліне айдарынан жел есіп, риза боп барса болды. Әйтеуір, қалың арғын мұны да тегін кісі емес деп таныса болды, әйтеуір, бұдан былай Жәнібек бұның аты аталғанда елеңдеп тұрса болды (117).

Үш сөйлемнің үшеуі де әйтеуір сөзінен басталып, Әбіл- қайырдың діттеген ойының өзге емес, осы айтылғандар екеніне оқырман назарын аудартады.

«Қазақтың қазақ екенін білгің келсе, халық екенін білгің келсе, мамыр өте Мәртөбеге кел дейтін сөз де содан қалған- ды» деп баяндаған автор әрі қарай бір бетке жуық 9 абзац- ты Мамыр өте Мәртөбеге келсең деп бастайды. Осының алдындағы Сайрамдағы жиын тұсында дегенді де әрқайсысы 2-3 сөйлемнен тұратын 3 абзацтың басына шығарып, осы қайталама арқылы Сайрамдағы жиынның қазақ қауымы үшін моральдық мәні қандай болғанын баса көрсетеді (57).

Парцелляцияланған (сөйлемнен бөліп шығарылған, «оңа- ша отау етіп қондырылған») сөздер де қайталама әдісінің объектісі болып кетеді. Мысалы, мына жерде сықыр-сықыр сөзі парцелляцияланып берілген:

Қимылдаса болды – аяғындағы құрым етігі [сықыр-сықыр] сарнап қоя береді. Сықыр-сықыр, сықыр-сықыр. Қойбағардың құлағына сол бір жексұрын үн майдай жаға ма... қойқаң-қойқаң етіп, байыз тауып отыра алмағаны. Сықыр-сықыр... Қойбағар ырғала басып сыртқа шықты. Сықыр- сықыр... Қойбағар хан ордадан ұзап барады. Сықыр-сықыр... (31).

Мұнда автор қайталама сөзге екі-үш жүкті бір-ақ артқан: ол сөйлем ішінен бөлініп жеке шығуымен (парцелляцияла- нуымен) ой қазығын терең қадай түседі, ал ой қазығы жалпы етіктің сықырын білдіру емес, Әбілқайырдың орыс патшасы- на жіберген өтінішін қабылдамай, саба қарын, сары ала иық шонжарлардың (орыс билеушілерінің) мұның есек дәмесін мазақ еткен сылқ-сылқ күлкісі болып естілген беймаза көңіл күйін көрсетеді.

Кайталама элементтер «Үркердің» тексінде «тұнып тұр» деуге болады, жеке сөздерді, жеке сөйлемдерді ғана емес, шы- лауларды да, жалғауларды да бірыңғай мүше сайын қайталап келтіру – жазушының жиі қолданған стильдік амалдарының бірі деуге болады. Әдетте бірыңғай мүшелерді санамалап келіп, тиісті септік жалғауын ең соңғысына жалғау – жалпы синтаксистік норма, ал әрқайсысы сайын жалғап айту (жазу) – қайталаманың бір түрі:

...Ұрыс даласында ұланына, тайшысына, зайсанына, нояны- на, сардарына қауіп төнген кезде қол ұшын бермеген адам ғана өлім жазасына кесіледі (75).

Мұндағы бірыңғай мүше болып тұрған топтардың атауының әрқайсысын қосымшамен беруі – автордың олардың бәріне де жеке-жеке ой екпінін түсіргісі келгені.

Көркем текстегі қайталаманың типтерін іздестірген зерттеуші болса, Ә.Кекілбаевтың «Үркерінен» оның не бір түрлерін таба алады: қайталама элементтердің орны, морфологиялық тұлғасы, синтаксистік қызметі жағынан топтап қарастырса, бұл құбылыстың стильдік статусы айқындала түсері сөзсіз.

Жазушы қаламына тән келесі даралық ерекшелік синтаксистік құрылым аясынан табылады. Авторлық, баяндауда аса күрделі, көп мүшелі ұзақ сөйлемдер едәуір жиі кездеседі және олар көбінесе кейіпкердің ойымен, таным-түсінігімен, көзқарасымен берілген текст құрайды. Мысалы, араннан аман шығып, тамағын тойғызатын топқа кездесіп, мәз болып отырған күйін автор өзі баяндағанмен, жарты беттік бір сөйлем Итжеместің ойымен беріледі. Ой тұтас болу үшін сөйлем шығыс септіктегі сөзбен аяқталатын бірыңғай синтаксистік оралымдармен (оборотпен) келген. Мұндай «сүйегі ауырлау» сөйлемдер романның өн бойынан кездеседі, өйткені бұл шығарма жеке оқиғаларды автор атынан баяндаудан гөрі, сол оқиғаларды кейіпкерлердің ойымен, еске алуымен, болжауымен беретіндіктен, романның синтаксистік бітімін осыған сәйкестендіру әрекеті көзге түседі.


Мысалы, Тевкелевтің «орыс қағаздарын» – архивті ақтарып отырып, Ноғай ордасының, Алтын Орданың тарихтарымен танысқан тұсын суреттегенде, сол тарихты лепті және сұраулы сөйлемдермен баяндайды, өйткені баяндаушы автор болған- мен, таным – Тевкелевтікі, сондықтан «Бір кезде күндей күр- кіреген, Алтын Орданың ақырғы билеушісі – Тоқтамыс бол- ғанда, Тоқтамыстың түбіне барлас Темір жетпеуші ме еді!.. Барлас Темірдің қанжығасына Тоқтамысты тоқтыша өңгеріп беретін маңғыт Едіге ғой! Сонда Темір күні кеше одақтасы Едігенің өзіне қарсы шықпай ма? (Әрі қарай бір бетке жуық осылайша кілең не сұраулы, не лепті сөйлемдер жалғасады – 221-222).

Бұл – диалог не монолог болып келген кейіпкер Тевкелевтің сөзі емес, ойы, тарихты тануы. Әдетте тарихты баяндау-да етістіктің -ды жалғаулы өткен шақ тұлғасы (барды, келді, атысты, шайқасты деген сияқты) жиірек қолданылуға тиіс. Ал біз тілін әңгіме етіп отырған шығармадағы етістік баяндауыштардың тұлғасы түрліше болып келіп отырады.

Сайрамдағы жиынға қонған ауылдардың қай-қайсысының да үстінен күні-түні топыр тарамас-ты. Төрткілдеп қазған жер ошақтарда жабағы мен бағылан бүлк-бүлк қайнар-ды (57) (әрі қарай бірнеше сөйлем баяндауышы -ады қосымшалы осы тұлғамен келеді де келесі сөйлемдер будақтап жатқан, маздап тұрғаны сияқты баяндауыштармен аяқталып отыра- ды. Бұлардың барлығы да – өткен оқиғаны суреттегенімен, автордың жай баяндауы емес, Әбілқайырдың еске түсіруі сияқты ракурстен (қырынан) баяндалған оқиғалар. Тевкелев- тің архив материалдарымен танысқаннан кейінгі ойымен көрсетілген тарихи оқиғаларды суреттеуде де етістік баянда- уыштар шығады, басқарады деген сияқты дағдылы тұлға- да емес, шықпай ма, басқармай ма деген болымсыз көсемше мен сұраулық шылаулы тіркеспен келген. Әрине, бұл айтыл- ғандардан барды, келді, барған, келген, барыпты, келіпті сияқты өткен шақ тұлғаларындағы баяндауыштар жоқ деген тұжырым шықпайды, олар да бар, тіпті өте көп, бірақ автор тұтас бір абзацты (кітаптың тұтас бетін не бірнеше бетін) жоғарыда көрсетілгендей өзгеше тұлғалармен келген етістік не есім баяңдауышты сөйлемдер етіп береді. Бұл – грамматикалық тұлға-тәсілдердің осы шығарманың баяндау стилінің жалпы тонына (үніне) сәйкес берілуі болып танылады.

Сөйтіп, роман тексінде аса күрделі, көп құрамды, ұзақ сөйлемдер жиірек кездесетіндігі көзге түседі.

Сонымен қатар, әрине, қысқа, тақ-тұқ сөйлемдер де баршылық. Оның қолданылу тұсы да шығарма сюжетімен үндесіп жатады. Мысалы, автор кейіпкердің жүріс-тұрысын, қимыл-қозғалысын өз атынан баяндағанда, сөйлемдері келте- келте болып құрылады:

Тайлан орнынан атып тұрды, бет-аузын көміп кеткен күл- тозаңды сүрткен жоқ. Тәлтіректеп басып, алақандай егіс- тікке беттеді. Егістіктің шетіндегі шаншулы күйінде қалып қойған күрекке барды (260).

Әңгіме бұл жерде жай не ұзақ күрделі, құрмалас сөйлем- дердің қайсысының көп, қайсысының аздығында емес, олар- ды санаудың да қажеті жоқ. Айтпағымыз – стильдік сұраныс пен тілдік көріністің сәйкес түсуі – жазушы шеберлігін та- нытатын белгілердің бірі екендігі. Мүмкін, сондықтан кейде ширек, тіпті жарты беттік болып келетін ұзақ сөйлемдердің оқырманды жалықтырмайтынына, ол тұстарды да бір демде оқып шығатындығына осындағы мазмұн мен түрдің үйлесімі, гармониясы себепкер болар.

Енді роман тіліндегі кейбір жеке сөздерге қатысты бірқатар талдау жасалық. Жазушы бір алуан сөздерді кейіпкерлердің кім екеніне қарай құбылтып келтіреді. Мысалы, Тевкелев сөйлегенде не ойлағанда қазақтарды әрдайым қырғыз-қайсақ жұрты деп атаса, Нұралы қазақ жұрты дейді (320), автор өзі башқұрт деп отырған халықтың атын қазақ кейіпкерге естек деп ататтырады (338). Бірақ сөздердің мұндай варианттарын даралап жұмсау аса көп емес.

Бұл шығармада жеке сөздердің қолданысында көзге түсетін нәрсе – әдеби тіліміздің бүгінгі лексикалық нормасында көп кездеспейтін кейбір сөздердің, тіркестердің қолданылғандығы. Бұлар – сан жағынан көп емес және барлығы бірдей нормадан тыс тұрған элементтер емес. Олардың бір тобы суреттеліп отырған заманда болған қару-жарақ, сауыт-сайман, киім-кешек атаулары болып келеді. Біздің байқауымызша, жазушы бұндай атауларды, Мұхтар Мағауин сияқты, «ат сабылтып» іздеп табу- ды өзіне міндет етпеген, бірақ, сөз жоқ, мүмкіндігінше, қолына (көзіне) түскендерін орынды келтірген. Мысалы, сол кезеңде қазақ әскері қолданған мылтық түрлерін күлдір мамай, жеке- ауыз, бірауыз, қандыауыз, жездіауыз, шиті, берен деп, сау- ыт-саймандарды жалаңқат, зере, кіреуке тон деп көрсетеді. Бұлардан басқа да көк найза, ақ алмас, садақ, шар болат сияқты көне қару-қалқан атаулары, дулыға, жағы сияқты сөздер, даңғырашы, сайыскер, қылышкер, садақшы, мерген деген әс- кери адам атаулары жиі қолданылады. Бұлардың ішінде осы шығармада қолданылған айдауыл, торуыл, тосқауыл, қарауыл деген әскери топ атаулары өте қызғылықты. Демек, бұл сөздер – түркі-монғол халықтарына ортақ ертеден келе жатқан көне әскери терминдер болса, олар XVIII ғасырда да қолданыстан шықпады дегенге меңзейді. Бұл күнде ұлттық гвардиямыз жасақталып жатқанда дозор, авангард, арьергард сияқты кірме сөздердің орнына бұрыннан бар шыңдауыл, ертеуіл, шығауыл, айдауыл, торуыл, тосқауыл деген сияқты түркі- монғолдық көне терминдерді кәдеге асыруға әбден болар еді, ал олардың қайсысы қай кездегі қазақ әскерінде қолданылып келгенін біліп отырғанымыз да жөн, өйткені әскеріміз бен қару- жарақтарымыздың тарихы – халқымыздың тарихы, арғы кезеңдерді былай қойғанның өзінде, XVIII ғасыр қазақ қоғамы үшін соғыстар мен жорықтардың, шұбыра көшу мен жөңкіле қоныс аударудың заманы болды, мұны XVIII ғасырдың өн бойында жасап өткен ақын-жыраулардың өлең-жырларынан жақсы білеміз. Бұларда, жоғарыда көрсетілгендей, қару-жарақ, сауыт-сайман, әскери топ атаулары орын алғанын біз де, өзге зерттеушілер де нақты фактілермен көрсетіп келдік. Демек, Ә.Кекілбаевтың «Үркер» мен «Елең-алаң» романдары осы саладағы білім-танымымызды күшейте түсетін көздерден саналады.

Қазақ қауымының соғысып, арпалысып өткен жауының немесе панасын іздеген патшалықтың әлеуметтік-әскери, әкім- шілік құрылымын білдіруге келгенде, ноян, зайсан, тайшы, қоңтайшы, заргар, сенат, патшайым сөздерін қолдануы сенімді, бірақ бұнда да автор әдейі ізденіп, олардың терминдік мәнін аша түсу, белгілі бір ұғымда тұрақтандыру әрекетін жасамаған тәрізді: осы шығармаларда жазушының айтпақ идея- сы мұндай ізденісті қажет етпеген деп ойлаймыз, өйткені мұнда ұрыс-соғыстарды, ел билеу мен қарым-қатыстардың нақты кар- тинасын беруден гөрі, соларды баяндай отырып (көбіне еске түсіре отырып) қазақ хандықтарының Россия патшалығына бағыну процесінің белгілі бір тұсын, дәлірек айтсақ, осындай қиын өткелден өтер кезеңдегі қазақ деген жұрттың хандарынан бастап қара халқына дейінгі адамдарының ақыл-парасаты мен рухани дүниесін, әрекет-қылығы мен әлеуметтік «тәртібін» суреттеу көзделген тәрізді, сол арқылы «бүгінгі біз – кімнің ұрпағымыз?» деген ойға шақыратын сияқты. Сондықтан, сірә, автор тарихтың фотосуретін түсірмейді, сондықтан, сірә, сол кезеңде қай нәрсе, қай ұғым, қай адам нақты қалай аталды дегенді жазушы негізгі нысана етіп қоймаған-ау деймін.

Әйтсе де Ә.Кекілбаев сияқты тілге, оның жалпы әдеби нормасына да, әсіресе көркем сөз заңдылықтарына әуелден ден қоя кіріскен қалам иесі ана тіліміздің сөздік қоймасын ба- рынша аралаған. Сондықтан аталған романдар тілінен көбіміз біле бермейтін бір алуан сөздер тобын кездестіреміз. Мыса- лы, киер киепесін кию (105), жанықас жігіт (93), жанықас мақұлық (116), нәжегей Болат (244), алпауыз қатын (271),

көзапара қуу (273, 312), алапат көлеңке (170), майлақы түн (14) дегендердегі көрсетілген тұлғалар бір емес, бірнеше рет- тен қолданылған, демек, олар – белгілі бір мағынаны беретін сөздер. Сірә, бұлардың бәрі – таза жергілікті сөздер болмас не- месе автордың өзі ұсынған жасанды тұлғалар да емес болар. Бұлардың қолданысы шығарманы түсініп оқуға қиындық та келтірмейді, контекске, айналасындағы сөздерге қарай беріп тұрған мағыналарын топшылауға болады.

Ал жазушы тіліндегі мошқау, жаңғыз, жандық, кермар, атанақтау, күнте, бөтеке, құдандал, ұрыншылау, лайыту, әрпіл-тәрпіл сияқты сөздерді диалектолог мамандар жергілікті қолданыстар деп санайды. Таңертеңгі амандық-саулық сұрас- қанда айтылатын «аман-есен өрдіңіз 6е?» дегенді жазушының бір қаламдасы сынап, «Ә.Кекілбаев тілді бұзып тұр, адамды малға теңеген» деп, қаһарын төккенін естігенбіз. Бұл жерде сыншы жаңылысып тұр: аман-есен өру тіркесі – Қазақстанның батыс өңірінде жиі айтылатын кәнігі амандық сөзі, бұл жерде айтушы адамды малға теңеп тұрмын деп еш ойламайды. Өру етістігі тек малға емес, адамға да қатысты айтылатындығын, оның «бір жерден шығуы, тарауы» деген екінші мағынасы барлығын білуге болады: осы үйден өріп шыққан бір топ жан, қонақтар осы үйден өріп, осы үйде демалады, өріп кетті («қаптап кетті»), өре түрегелді сияқты қолданыстарды, сірә, тек батыс өңір тұрғындары емес, барлық жерде де айтатыны даусыз. Демек, жазушы кейіпкерінің аузына жергілікті сөйлеу үрдісін салған, мүмкін тіпті әдейі салған болар. Ал қалған бес- он диалектизм, әрине, «жалпақ жұрттық» болып кеткен жа- зушы тілін әрлеп (әсемдеп) тұрмауы мүмкін, бірақ барлығы бірдей ұтымды қолданбаған деуге тағы болмайды.

Сірә, диалектизмдер мен сирек қолданылатын сөздердің стильдік статусы барын да көркем сөз шеберлері жақсы сезеді. Мысалы, «Үркерде» кездескен айлапат («үлкен, зор»), алпау- ыз («дүниеқор», «алымсақ»), әбеқоңыр («жұпыны»), майлақы («қараңғы»), сияпа («сый-құрмет», «тарту-таралғы») сияқты сөздер әсерлі, орынды қолданылған. Оларды экспрессоидтер деп тануға әбден болады. Ал жаңсыз (жалғыз), күнте (иінағаш), құдандал (құда-андалы), қаралай (қарадай, қараптан-қарап), мошқау («сұрастыру») сияқты қолданыстарды қоштау қиын. Бірақ бұндай уәжсіз қолданылған бес-он жергілікті сөздің жазушылардың қай-қайсысында бар екенін ескерсек (мыса- лы, бұл құбылысты ұлы Мұхтар Әуезовтің тілінен де таба- мыз), оның сырын (себебін) іздеу керек болар. Ол себеп қазақ әдеби тілінің лексикалық нормасы әлі үзілді-кесілді орнығып, толығып болмағандығында ма, әлде болашақ жазушының мектепте, тіпті университеттердің филология, әсіресе жур- налистика факультеттерінде әдеби тіл нормасын игеруінен гөрі, өскен ортаның ауызекі сөйлеу дағдысы басым болып келгендігінде ме, әлде қалам иесі сол сөздердің потенциалдық мүмкіндігін (әдеби тілге ену әлеуетін) көріп, әдейі қолдана ма

– әйтеуір негізінде осы тәрізді бірнеше фактор жатқан болуы керек. Жазғырудан гөрі, себебін тауып, оның дұрыс-бұрысын дәлелдеп барып, пікір айтып, бағасын бергеніміз абзал болар.

Сирек кездесетін немесе көнеріп, мағынасы күңгірт тартқан сөздердің, диалектизмдердің өзге функционалдық стильдер емес, көркем әдебиет стилінде қолданысына келгенде өзгеше шарт қою керек сияқты (әңгіме – кейіпкерлер тілінде емес, авторлық баяндау тексінде жұмсалуы жайында). Бұл пікірді біз әрдайым айтып келеміз және оны пікір жазушының тілін талдау арқылы емес, тұтастай алып, әр өлкеден шыққан кәрі- жас қаламгерлердің көркем дүниелерінен материал жинап, өз алдына ғылыми тақырып етіп, жеке зерттеу ұсынбақ ойымыз бар (әрине, Құдай қуат берсе делік, ал өзіміз жаза алмасақ, ондай ізденістің бағыт-бағдарламасын, зерттеу жолдарын, теориялық негіздерін айқындап, шәкірттеріміздің еншісіне қалдырмақпыз).

Жеке сөздерге келгенде, автордың өзі іздеп тапқан, не өзі жасаған (көбінесе тіркестер) тұлғалар да жоқ емес. Мыса- лы, жоңғардың (қалмақтың) сұлу қызын (әйелін) сұқсыр деп атауы, сойыл дос, қамшы дос (34), күп тұран (шамасы жаңбыр жауғанда су үстайтын күп не тұран болса керек – 25), сәлдекендей реніш (31), аспанның лайытқан қалпы (33), елбе-селбе киімдей жұтырайып тұр (42), ызғындай қала, ызғындай Сайрам (61, 62), әрқайын дүние, кемталай халық (69), шажырқай боп туған Шыңғыс әулеті (79), батымды болу (82), қойманшы («қамшысын ортаға тастамай қойшы сөйлер, қойманшы сөйлер» – 126), шөбі тұяқкешті бола қоймаған, мәмлехана (елші қабылдайтын жай, зал – 153), мәмлегер («ди- пломат» мағынасында – 203), жаубасарлар (205), жолығыс (жолығысқа шақыру – 219), тұқым-тебер (223, бұл тіркес әдеби тілде тұқым-тұқиян түрінде келеді), дегелшіктер (387), тұрымтай мәслихат (461), мөлт қара (5) және мөлттей қара (524), ыңғайтек (581); басына тауан іздеу (А61), бетжүздік (424), бөспебай, сөлімбай, сүмірейме (самалаға қарама-қарсы мағынада – 26), шұбар ту (55), лайыту (26), бәсік («батыл» дегеннің антонимі ретінде – 170) деген сөздердің ішінде бірен-сараны жергілікті сөз болар (оларды дәл атай алмай отырғанымызға бұлардың диалектологиялық сөздіктерде тіркелмегені себеп болды), бірқатарын біз көп кезіктірмеген тарихи сөз (мысалы, тұрымтай мәслихат деген құрылтай жиын дегеннің бір түрі болуы мүмкін, ал құрылтай – монғол сөзі, бұған тұлға жағынан тұрымтай жуық келеді), сойыл дос, қамшы дос, тұяқкешті, мәмлехана, жаубасар, жолығыс, бәскебай, сөлімбай сияқты сөздер – автордың өз «бұйымы», өзі жасаған дүниелер. Қалғандарын іздестіру қажет, егер бір ыңғайын тауып, оларды автордың өзі түсіндіріп, түп-төркінін, мағынасын көрсетіп берсе, «жүдә жақсы» болмақ. Олар әдеби тіл айналымына түсетін қауқары бар сөздер болса, сөздіқ қазынаны молайтатын, экспрессоидтер қатарын көбейтетін элементтер болып шығар еді.

Ең соңғы сөз – кітап беттерінде жіберілген корректорлық қателер жайында. Емлелік ағаттықтар бар. Олардың бірқатары сөйлем мағынасын бұзып тұр. Мысалы: мерекесі енді шалқып келе жатқан (106) деген сөйлемде мерейі болу керек, мағына жағынан мерей қайда, мереке қайда? Сол сияқты дәруші сөзінің дәуріш (167), бірақ шылауының біраз (282), шартараптан- ның орнына шартаптан (127), Саурық жалқы есімінің Саңрық (288), аш құлақтан дегеннің ал құлақтан (349) болып, Ис- кер деген қаланың аты Әскер болып жазылуы, Ырғыз жалқы есімі ырғыз түрінде жалпы есімге айналып кетуі – осылардың барлығы – әрине, жазушының кінәсі емес, керісінше, оның еңбегіне аз болса да ақау түсіріп тұрған жайсыздықтар. Бұларға қоса әріптердің орны алмасып түсуі, артық не кем жазылуы (ұрстаса (168)– ұстаса деудің орнына, ертекен (147) – ерт- кен дегеннің орнына, сітеп (133 – істегі), мыңындағы (332, маңындағы деп жазудың орнына) сияқты таза корректорлық салақтықтар қосылғанда, атлас көйлекке түскен тамшы дақтай, әттеген-ай дейсің. Және бұл көрініс тек осы кітапта емес, күні бүгінгі дейін шығып жатқан басылымдардың барлығында бар. Бұл ескертпемізді біздің осы жұмысымызды жазушылар да, олардың кітаптарын шығаратын баспагерлер де оқитын болар, сонда кітаптардың сауатты басылуына олардың авторлары да, шығарушылары да жауаптырақ қарайтын болар деген үмітпен айтып отырмыз, әйтпесе оның жазушы тілінің көркемдік құдіретін танытуға еш қатысы жоқ.

Сөйтіп, қорыта келгенде, дүниежүзілік («еуропалық») жоғары деңгейге көтерілген, әлемге біршама танымал болып қалған қазақ көркем әдебиетінің бір жанры – тарихи роман- дардың тілдік-стильдік сыр-сипатын тануда Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» романдарының орны айрықша деп табамыз. Бұл танымды осы шығармалардың өзгелерден артық не кемдігін көріп емес, тіліне келгендегі көркемдік-стильдік ерекшелігіне қарап береміз.

Тарихқа арналған шығармаларды жазудың тек композиц- иялық құрылысы, сюжеттік мазмұны, тарихи реалийлердің көрінісі жағынан ғана емес, тілдік-стильдік сипаты жағынан да әр алуан болып келетіндігін және бұндай жоғары сатыға қазақ көркем әдебиетінің де жеткендігін Ә.Кекілбаевтың шығармашылығы анық көрсетеді.

«Үркер» мен «Елең-алаң» – баяндалуы жағынан тарих- шежіре емес, тарих-толғаныс деп табамыз, яғни автор кеше- гілердің тарихына үңіле отырып, бүгінгілер ойлансын деген идеяны ұсынады. Бұл идеяны романның «Үркер» деген аты- нан бастап, тұтастай бітімі ұсынады. Тек Әбілқайырдың зама- ны – XVIII ғасыр емес, бүгінгі мынау ұйытқымасы көп біздің кезеңімізде де Үркердей топ жазбай тығыз тұрып («өзара келісім, татулық, бірлік» деп жатқан бүгінгі ұрандарымызға сәйкес), халықаралық, ұлтаралық, саяси, экономикалық да- уылдар мен борандарды Үркердей алдын ала біліп, алдын ала ыңғайға аунап отыра алсақ қана аман болатынымызды ойлаңдар деп толғайды бұл роман! Толғандыру үшін жазу- шы халқымыздың өткен кезеңдердегі тәуелсіздік, еркіндікке ұмтылған күрес шежіресін Әбілқайырдан бастап, көптеген кейіпкердің ой-санасы мен таным-білім көзінен өткізіп баянда- уды шығарманың стильдік арқауы еткен, романның көркемдік құрылымының бүкіл лексика-грамматикалық, стильдік механизмі осыған орай берілген. Шығарма тілінің поэтикалық үні, синтаксистік құрылымының күрделілігі, қайталама сияқты көріктеу тәсілі мен әр алуан синтаксистік параллельдердің жиі қолданылғандығы т.т. осы сияқты белгілер – Әбіш Кекіл- баевтың тарихи роман жазудағы өзіне тән шығармашылық мәнерін көрсетеді. Тарихи романдардың тілі мен өзге «Аңыз- дың ақыры» сияқты романы, «Күй», «Ханшадария хикаясы» т.б. сияқты повестерінің тілдік-стильдік бітімі бір қатарда біркелкі еместігі жазушының тілге деген талғамы мен көркем сөзге деген шеберлігінің күшін байқатады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар