Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Рақымжан Отарбайдың әңгімесіне талдау...

19.10.2016 4351

Рақымжан Отарбайдың әңгімесіне талдау

Рақымжан Отарбайдың әңгімесіне талдау - adebiportal.kz
Рахымжан Отарбаев1.jpg


немесе

«Алтын әңгімесінің алтын арқауы»



Қазіргі қазақ қара сөзіндегі қалам қарымымен қара үзерлік қалам иелерінің қатарына жататындардың бірі – Рақымжан Отарбаев. Жазушының талапшыл талғаммен термелей түсірген шағын-көлемді әрбір туындысы түсіне білген оқырманды тылсым тереңіне тарта түскендей болатыны бар.


Бір қарағанда қазақ даласының қайбір бұрышындағы қоңырқай тірліктің бейнесі мен құбылысын тура ойып алып қондыра салғандай көрінетін баяндаулар мен суреттеулер, мінездеулердің түпкі арқауы – кешегі мен бүгінгің ара салмағын өлшемі – «адамшылық» атты өлшемнің безбені екендігін аңғарасыз.


Жазушының «Алтын» атты әңгімесі бар. Әңгіме қазақ даласының батысын ала, Арал мен Жайықтың ортасындағы ұлан байтақ алапты алып жатқан көне жота Мұғалжардан сыр аулаумен басталады: «Алыстан мұнартып көрініп, арса-арса сілемдерінің өзі жеткізбей сілеңді қатыратын Мұғалжар тауы ғой бұл жарықтық. Жазда жаңбыр еркелеп төбесінен төгіп өтетін, қыс түсе ұлпа қарды жамылып бұйығы ұйқыға бататын момақан алыпты уақыттың өзі мүжи-мүжи қажытқандай. Көрместі көре-көре кеміріліп, шау тартып, шаршап жатты. Ара-тұра күрсініп ап «Баяғы батыр сұлу «Қызданайдың қырғынындай» қызық қайда? Намысқа пісіп арпалысқан ерлер ат тұяғына от өргізіп көз көрмеске өтіп кетті. Сол дәуренді көрген соң ендігі шөп пен шөлкемді қайтейін? Бәлду-бәлду, бәрі өтірік...» дейтіндей. Десін-ақ!»

Кәрі тарихтың байырғы куәсі Мұғалжар жарықтық нені көре-көре кемірілді? Неге шау тартып шалдықты? «Баяғы батыр сұлу Қызданайдың қырғыны – ол не қырғын? Ат тұяғынан от өріп, намысқа пісіп арпалысқан ерлер дәуірі шынымен көз көрмеске кеткені ме? Көнекөз Мұғалжардың баурында ендігі ыбырсыған шөп-шөлкем кім?»


Әңгіменің ары қарай суыртпақтап таратылар идеялық түпқазығы, оқиғалар желісі біздіңше осы бір сұрақтардың шешуінде жатыр.


Оқиға өтер орын мен заманды да жазушы елеусіз ғана екі сөйлеммен нышандай салған: «Мұғалжардың күнгей жақ беткейінде иықтасып бәкене үш үй отыр. Ауыз тобадан, қол жағадан кетпеген қазіргі пәруана кезеңде таудан өзге пана таппай қалған сынды».


«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей, идеялар мен мұраттар жолында алашақпын ығыры шыққан пәруана ауылдың үркердей азғана адамының бірін былай көз алдымызға әкеледі: «Шеткері үйден шағаладай жаулығын шарта байлап қара кемпір шықты. Сыры кетіп, сыны қалған жүзінде өшпей жеткен бір өрлік тұр». Бұл кісі – кешегі осы өңірді ен жайлаған, бұл күндері бастан дәурен өтіп, қарашаға айналған бай тұқымның «сыры кеткен» отанасы еді.


Бұл үш үйдің бір тұрғыны сыны кетпеген әже болса, бірі тырна мойын, тырли арық, қалжыңқойлау шалдау қайнысы. Енді бірі – отанасының Алматыда «оқитын» немересі.


– Оу, Көтібар көкемнің ұрпағы, қалаңда не жаңалық? – дейді әдетінше тық-тық жөтеліп. – Біз де аманбыз. Құдай қарасып тұр. Алжыған кемпір, қақбас шал, сосын әлгі іргедегі бүкір қатын, шүкір, шүкір, үш шаңырақты жықпай отырмыз». Бұл –кетеуі кеткен ауылдың жабырқау халінен хабар беріп тұрған шалдау қайнысы Тамшыбайдың сөзі.


Алматыда оқып жатқан немере бұл өлмелі ауылға не бітірмек болып келді екен?


«– Сенің әлгі оқудан қуылып, базарда тәшкі айдағаныңды әке-шешең біле ме өзі? Әжесі әдетінше қолына ұршығын қыстырып кеп мұның жанына жайғасты.

– Айтқан жоқпын.

– Қағынды келгір өңшең!

Сыры кетіп, сыны қалған қара кемпір аузын ашса ақша дәмететін институт оқытушыларын да, қалаға кетіп күнелтісін тауып жүрген келін-баласын да қозы көш жерге апарып тастады.

– Олар мына Ақтөбеде. Менің оқуым Алматыда. Тәшкіні «Көк базарда» айдадым. Қайдан білсін?


Әже мен немере арасындағы осы бір шағын жауаптасудың жүдеу ауанын сонау Мұғалжар түбіндегі үрпедей үш үйдің ғана емес, қазақ даласыының шартарабындағы жабылудың жарқабағында тұрған жүздеген ауылдың басындағы кеп емес деп айта алмайсыз.


Автор зілсіз юморды орынды қолдана отырып, әр кейіпкердің таным-түсінігін халықтық ұғыммен, аңыз-оқиғалармен астастырады: «Тық-тық жөтеліп әжесінің шалдау қайнысы да жетті.


– Таң алды түс көрдім. Алла-ау, құдды түс емес, өңім дерсің.

– Айт, жориық.

Тырна мойын, тырли арық қайнысы алакөзденіп әжесіне бір қарап алды.

– Түсті түнде жорытпа. Сосын әйелге, қайын жұртың мен жездеңе жорытпа деуші еді. – Әжесі мырс етіп астыңғы ернін біраз қайқайтып бақты. – Мына Көтекемнің ұрпағына айтқалы отырмын.

– Тыңдайын, аға...»

– Құдды түс емес, өңім дерсің. Баяғы «Қызданайдың қырғыны» өткен тұс екен дейм. Сенің бай атаң, и, жарықтық, тап-таза әулие еді ғой, астында күрең тұлпары, бес қаруы бойында, дүбірлетіп жетті дейсің. Келе «Әй, Тамшыбай! – деп айқайды салды. – Бұл не жатыс? Қызданайды тартып әкететін түрі бар. Кір соғысқа! Тар қолтығымнан оқ тиді. Жарақат алғанымды білсе, түрікпендер бел алып кетеді. Жан-жағымнан сүйеп шабыңдар!»

Қарасам, сол қолтықтан аққан қан бұрқырап, күреңнің жалын жуып тұр. Бала күнде көре қалдық, жарықтық өзі де қаумет сақал, қайратты, көзінен ұшқан отқа пілте тұтанғандай жанып тұратын. Өткірлігі сондай. Көтекемнен қалған десетін ел.

– Содан?

– Көйлек-дамбалшаң ойбайлап шауып әлгі жаман қойторымды іздейін. Иттің малы қапелімде таптыра ма?

– Сені қара көріп жүрген... Бай атам да... Ойбай, тоба, тоба, не деп кеттім?! Қағынды келгір, қарап отырмай аруаққа тіл тигізе жаздағанын қарашы.(Бұл кемпірдің сөзі)

Ұзын бойлы, тебін мұрт бозбаланың көзі маздап бара жатты.

– Сосын, аға?

– Қарасам, тау етегіндегі жазықтықта қанды қырғын жүріп жатыр. Көтерілген ұран, күннің көзін, жердің жүзін жапқан ала шаң... Азынаған ат, андағайлаған дауыс... Шошып ояндым».


Автор Қызданай аруды бекерден-бекер әңгіме желісінде жиі-жиі еске алдырып отырған жоқ. Әңгімеге, түске тұздық болған Қызданай туралы аңызбен таныс емес оқырман үшін өз тарапымыздан қысқаша баяндап өтелік: «Осынау атыраптың ақылды да көріктісі Данай қыз бесікте атастырылған адамына бармай, өз қатарының алды Төремұрат батырмен көңіл жарастырады. Екі рудың арасындағы дау мен шапқыннан қашқан екеуі Түркімен еліне барып паналағанымен, онда да Данайға көз алартушылар табылып, ақыры екі жас елге қарай кері қашады. Артынан қуып келген қолдың тоғыз ерін жекпе-жекте өлтірген Төремұратқа әлі жетпеген түркімендер жабыла соғысады. Қыз Данай мен сәбиін ілгері оздырып жіберіп, топты жаумен жағыз қарсыласқан Төремұрат ер ақыры қаза табады. Түркімендер Қыз Данайды қуып жетіп, баласын өлтіріп, өзін еліне алып кетеді. Қыз Данай өзін иеленген түркімен батырын айламен өлтіріп, сәйгүлігін міне қашып еліне жетеді». Демек, Мұғалжар көрген ол заман «намысқа пісіп арпалысқан ерлер ат тұяғына от өргізген» дәуір еді.


Төрт атадан бері жалғыздан жалғыз туған ұрпақтың қазіргі соңғы тұяғы Алматты меңдеген түпкі ойы енді ашылады:


«– Әже, – деді Алмат оңаша қалған сәтті бағып. – Бай атам Итжеккенге айдаларда ат басындай алтын жасырған деседі. Рас па?

Сыры кетіп, сыны қалған қара кемпір қапелімде абдырап, шуда жібін үзіп алды.

– Жәй аңыз да.. Тайлақтың жүні еді... Қағынды келгір...

– Әже, жасырып қайтесіз? Алматыдағы сыған қызға дейін атамның алтынын біліп тұр.

– Не дейд?!

– Иә, бал аштырғам...

– Бай атамды түстеп тани ма екен?

Алмат жарқ етіп күліп жіберді.

– Қайдан танысын?! Сыған қыз алақаныма ұзақ үңілді де, бүй деді: «Атаң асқан бай бопты. Алыс сапардың алдында алтынын көміп кетіпті. Іздесең – табасың...»

– Апырым-ай, ә?

– Соны естіген соң айдап жүрген тәшкімді лақтырып кеттім. Жасырған жерін айт! Іздеймін, әже.

– Әжең шамасын біледі деген ғой?

– Иә.

– Қағынды келгір өңшең!

Қызылды-жасылды көйлегі тобық қаққан сыған сұлуы белі майысып тұрып «Алмат, сенің әжең барлық құпияға қанық» деген жоқ, әрине. Бірақ алтынды таба қалса, төніп келер қауіп-қатердің аз емесін жасырмаған.

– Атамнан қалған алтын екені рас болса, ендігі иесі – мен. Мына мен!»


Осындай ойға бекінген немере ақыры қоярда қоймай, «алтын көмілген» деген ағаштың түбін қазуға бекінеді. Текті тұқымнан тараған ұрпақтың әгәрәки, алтынды тауып алған жағдайдағы арман-қиялы да жарқын еді:


«Ат басындай алтын, – деп күбірледі жүрегі атқақтап. – Қолыма түссе... Алматының шалқайма төрінен пәтер сатып алып... Әжемнің екі қолын бірдей жылы суға малып... Аузын ашса ақша дәмететін әлгі кісәпір оқытушыларын да... «Әкел, – дейді ғой дипломды қолын созып, – әкел!..» Әке-шешесіне де Ақтөбеден оңды үй еншілетіп... Сосын осы Мұғалжар тауының етегіне махаббаттың шоғына пісіп шейіт кеткен Төремұрат пен батыр сұлу Қызданайды құшақтастырып зәулім ескерткіш соқтырар. Аспанға шапшыған күрең тұлпарына бай атасын қолтықтап қайтадан мінгізер. Бес қаруын жарқыратып бойына ілер. Тәу ете келгендерге жалды Құрманғазының «Төремұрат» күйін тыңдатар. Тыңдағандардың өкініштен өзегі өртенер... Әне! Ат басындай алтынның қуаты!».


«Үйдегі бағаны базардың нарқы бұзады» демекші, алтыны құрғырды тапқан түгілі, іздей бастағанының өзі-ақ үш үйдегі ақсақ-тоқсақ, кәрі-құртаңның мазасын қашырғандай: «Түс ауа кәрі ағашты айнала қазып алқынып отырғанында тық-тық жөтеліп Тамшыбай да көрінді.


– Көтекемнің ұрпағы, күш көп болсын! – дейді сығырая қарап. Қудың бір көзі қысыңқы деуші еді. – Жалғыз қарағайдың не жазығы бар?


– Тамыры қажет. Емдік қасиеті бар.


– Жеңешем белінің құяңына жағайын деген ғой. Жөн, жөн, – дейді телпегі мыжырайып. Сенбей тұрғаны анық. – Әлгі жаман қойторымды іздеп шығып ем. Иттің малы қапелімде таптыра ма?..


Жүгенін сылдырлатып кетіп бара жатып қайта-қайта бас шайқайды.


Ертеңіне қазылған ор белуарға жеткенде қолтығында қабы бар бүкір қатын да ентелеп басып келді.


– И, зекетің кетейін-ай, қаладағы оқуың жер қазатындікі екен ғой. Шамасы, пірәктикаға жіберген-ау, – дейді екі бүктетіліп. Сұрғылт көзі шыныдай сұп-суық екен.


– Жо-жоқ, апа, дәрі жасаймын ба деп...


– Маған да тамызып берерсің. Тезек тере шығып ем. Шаяқ келгір, өңшең арты бітеу ме, бір оңды жапа жолықсайшы...».


Ақыры Алмат алтынды тапты. Әңгіменің шарықтау шегі де осы тұс: «Құрым киіздің орауын еппен жазған. Парағы сартап боп сарғайып кеткен Құран шықты. Сырты о баста терімен көмкеріліпті. Ыза теуіп, тозып, ойдым-ойдым боп тесілген. Жанына тастай беріп, орауға қайта жармасты. Құдай-ау, зілдей болған мынау сом алтын ғой. Қаздың жұмыртқасындай ғып дөңгелете құйған».


Әңгіменің реализмі осы жерден аяқталып, кейіпкермен бірге мифологиялық уақытқа, жазушының модернизм әлеміне еніп кететін сияқтымыз:


«Кенет аш өзектен шыққан құп-құрғақ ысқырық естілсін. Жалт қараған. Қорс етіп қазылған орда ала шұбар басын қайқаңдатып абжылан тұр. Мөлттей қара көзі тесірейіп өңменіңнен өткендей. Екі айыр тілі сумаң қағады.


– Әй, Алмат! – деді абжылан. – Таста алтынды! Жетпіс жыл бойы көз ілмей бақтым. Менікі!


Бойын тез жиып алды. Тізесі дірілдегенімен орнынан шалт көтерілді. Көзбен арбасты.


– Бай атамдікі! – деді сосын даусын ащытып. – Бақсаң қайтем?»


«Өзгенің еркіндігі басталған тұстан, өзің еркіндігің аяқталады», - демекші, ата-бабаңнан қалған, өзіңе мұрагерлік жолмен тиесілі дәулетіңді ен далаңда емін-еркін иемденіп, қызықтауға да мүмкіндік бермейтін, өзегнің ұзын арқан, кең тұсауындағы дәрменсіз тірліктің жазушы нышандауындағы қалпы осы. Дегенмен, мал көзі ыстық емес пе?


«Алтынды ала сала еңіске ұмтылған. Соңынан жанын жеген ысқырық қоса шықты».


«Алтын көріп періште жолдан тайыпты» деп мәтелдететін, бірақ алтынға бола жолда тайса оның несі періште екендігінің мәнісіне бойлауды құп көрмейтін халықтың пендауи саналы өкілін иектеушілер бірінен кейін бірі табыла кетеді:


«Төрт таңбасы тізілген қаздың жұмыртқасы күн сәулесіне тағы бір көз қарықтыра шағылысып еді, бес-алты үр қызы кернейлетіп-сырнайлатып кеп мұны қаумалай кетсін. Сықылық атып қолына жармасады:


– Құраннан қорқып жолай алмай қойғанбыз. Сенің жолыңды тосып сарғайдық қой әбден! Байлығыңды бер бізге, сұлу жігіт. Кетейік қол ұстасып. Салайық сайранды...


«Жын-шайтанның қыздары, – деп ойлады Алмат әлгілермен арпалысып жатып. – Көркін-ай, шіркін! Буынын алған күлкісі ше? Алматының апортпен ауызданған қыздары бұлардың жанында садаға кетсін!»


Мінеки, ниет-ынсабын қолыңдағы Құранмен тиянақтап, санасын иманмен бекітпеген байлық иесінің көрешігі осы болса керек. Қолындағы байлығын Төремұратпен де, абжылан мен сиқырлы сұлулармен де, көрші-көлеммен де бөлісу ойында жоқ Алмат ен жазықта ызғытып келеді: «Алдынан ғайыптың ақ нұры көтерілген. Жібек перде желпіп өткенде ішінен бай атасы көрінді. Қаумет сақал, қайратты қалпы. Тек әлденеге әбіржіген сыңайлы. Жүргені не ұшқаны білінбей, сырғып кеп мұның алдын кес-кестеді.


– Ботам, көзіңді аш! Бұл әдірем қалғыр жылтырақ темір маған да опа таптырмаған. Ақыры түбіме жеткен. Құтыл тез! Бер ана мүсәпірлерге!


Алмат бұл кезде ата түлі өзін танудан қалған есірікмас күйге түскенін, пәнидегі адами қасиеттерден ада болғанын жазушы төмендегі диалог арқылы көрсетеді:


« – Атаңмын ғой мен!

– Жоғал! Менде ата жоқ! Ешкім де жоқ!

– Жарық дүниеде алтыннан да қымбат нәрселер бар ғой...

– Ал айт!

– Ар, намыс, иман, қанағат... Соның қадіріне сендер жетіңдер-дағы...

– Оттапсың!»


Материалдық құндылықты рухани құндылықтардан жоғары қоятын, мынау кең дүниеге байлықтың көзімен қарауға бой алдырған тойымсыз, нәрсіз ұрпақтың кісәпір қылығын көреміз «Алтын» әңгімесінен. Өкініштісі, әңгімеде көтерілген бұл мәселе – жаһандану атты дауылдың өтіндегі біздің қоғамның жегі дерті екендігі.


«Қапелімде тұра ұмтылып, қаумет сақалына жармасты. Жұлқып тартып, жерге домалата жықты. Алқымын сығып, кеудесіне көсіліп мінді.


– Есің жи, ботам!

Алматтың уысынан босаған қаумет сақалы желмен баяу желбіреп, жанарына үрей шүпілдеп толып, үстінде әзірейілдей төніп отырған бұған жаутаңдап қарай берген. Тағы бірдеңе айтпақ еді, үлгермеді. Сол тапжылтпаған қалпы қақ маңдайдан қаздың жұмыртқасындай алтынмен құлаштап періп кеп жібергені.


– Мә, саған!

Жарық дүниенің құлағын тескен шырқыраған дауыс жазықтықты жайпап өтіп, тау асып жоғалды.

– Енді сен өлтірдің ғой, ботам!».


Кешегі заманда өзгенің өзекке тепкілеуімен, өксіп өткен өршіл рух енді – өз ұрпағының қолымен өкінішпен мәңгі өлмекке аттанбақ екен! Қандай қорқынышты қасірет десеңізші! Иә, мұндай қорқынышты финалды барша адамзат қоғамының басына бермесін!


«...Алыстан мұнартып көрініп, арса-арса сілемдерінің өзі жеткізбей сілеңді қатыратын Мұғалжар тауы ғой бұл жарықтық! Жазда жаңбыр еркелеп төбесінен төгіп өтетін, қыс түсе ұлпа қарды жамылып бұйығы ұйқыға бататын момақан алыпты уақыттың өзі мүжи-мүжи қажытқандай. Көрместі көре-көре кеміріліп, шау тартып, шаршап жатты».


Шау тартып, шаршап жатқан момақан алыптың бойына қуаты қан жүгіріп, бауырында еркелей өскен ерке Қыз Данайлар мен жалынды Төремұраттардың тамырын қуалай лыпылдатып, солардан тараған қалың ұрпақтың ар, намыс, иман, қанағатты ту етіп, елі мен жерін қорғарына сенім білдірейік. «Алтын» әңгімесінің алты арқауы, түпкі аңсары да осы болса керек.



Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар