Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды...

03.11.2022 1570

Республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды 14+

Республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды - adebiportal.kz

2-қараша күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Терминология басқармасының ұйымдастыруымен «Ұлттық сипаттағы бизнес терминдері» атты республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. 

Салтанатты шараға Тіл саясаты комитеті Әдістемелік қамтамасыз ету және лингвистика басқармасының басшысы Айнагүл Көкен, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры Ербол Тілешов, қазылар алқасының төрағасы, ф.ғ.д., академик Шерубай Құрманбайұлы, қазылар алқасының тұрақты мүшесі, педагогика ғылымдарының магистрі, Elsana Аmanat қоғамдық қорының президенті, мәдениеттанушы Серік Ерғали қатысып, байқау жөнінде құнды пікірлерімен бөлісті. 

Түркия елінде іс сапарда жүруіне байланысты шараға онлайн қатысқан Шерубай Құрманбайұлы өз сөзінде жеңімпаздарды құттықтады. Қатысушылардың әр саладан болғанына қарамастан, тілге деген құрметі мен  жанашырлығы, жауапкершілігі, ізденісін ерекше бағалап, бүгінгі қатысушылардың ұсынып отырған терминдерінің көбі қолданысқа енуі мүмкін екенін атап өтті.  

Байқау қатысушыларының еңбегін бағалауға атсалысқан мәдениеттанушы Серік Әбдірешұлы: «Бұл байқаудың басты мақсаттарының бірі терминшілер қатарын көбейту. Байқауға 26 өтінім келіп түсіп, олардың ішінен тек 21 адам қатысты. Бұндай маңызды байқауға қатысуға қызығушылық төмен болғаны қынжылтқанымен, қатысушылардың ұлттық терминология саласына жауапкершілігі мен ұсынған терминдерінің сапасы қуантады. Бұл іс шара бұдан кейінгі жылдары тек байқау ретінде қалмай, зиялы қауым мен халық болып ат салысатын құрылымдық деңгейге көтерілсе деген тілегіміз бар. Сол арқылы ұлттық термин жасаудың жауапкершілігі мен міндетін тіл жанашырларының ортақ ісіне айналдыру керек»,-деді. 

Байқау қорытындысы бойынша Бас жүлдені Елордамыздағы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жетекші ғылыми қызметкері Айгүл Махамбетова жеңіп алып, 250 000 теңгені қанжығасына байласа, 1-орын «KAZGOR» жобалау академиясы» жеке шағын серіктестігінің бас аудармашы-редакторы Гүлфаруз Исаға бұйырып, 150 мың теңгенің сыйлық сертификатын еншіледі. 100 000 теңге көлеміндегі жүлде тігілген 2-орынӘл-Фараби атындағы Қазақ  ұлттық университетінің 1 курс магистранты Назерке Масекке бұйырса, 3-орынды бөліскен Павлодар педагогикалық университетiнің мемлекеттiк тiл жөнiндегi маманы Ерболат Асылбеков пен Астана қаласындағы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының аға ғылыми қызметкері Нұрқыз Нұрбаеваға 70 000 теңгелік сыйлық сертификаттары табыс етілді. 

Төл тіліміздің ұлттық сипатта өркендеуіне ат салысуға дайын екендігін танытқан 5 үміткер алғыс хатпен және 25 000 теңгелік ынталандыру сертификатымен марапатталады. Олар: «Колесо» ЖШС-нің корректор-аудармашысы Толғанай Есқожаева, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры Айгүл Раманова, Алматы қаласындағы Халықаралық білім беру корпорациясының оқытушысы Жанар Жампейісова, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Айгерім Қожахмет және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1 курс магистранты Мадина Құдайбергенова. 

Шара соңында қатысушылар терминология саласы жөнінде өз ойларымен бөлісті, бұндай шараның ауқымын барынша кеңейту керек. Жұмыстың ауқымды болуы үшін бұрынғы жеңімпаздарды жұмыс тобына тарту маңызды рол ойнайды. Терминдердің қазақша баламасын тауып, ұсыну, бекіту маңызды жұмыс. Десе де оны қолданысқа енгізу механизмдерін жақсартуға баса назар аудару керек. Бекітілген жаңа терминдер тек арнайы платформаларда ғана емес, БАҚ беттерінде үнемі жариялап отыру осы саланың дамуына қозғаушы күштердің бірі деген пікірлерін айтты. 

Естеріңізге сала кетсек, «Ұлттық сипаттағы бизнес терминдері» атты республикалық байқауының өту барысы туралы ақпаратты бұған дейін хабарлаған болатынбыз. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар