Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Роллан Сейсенбаев. Сия, жүрек және қан...

05.11.2022 5314

Роллан Сейсенбаев. Сия, жүрек және қан 16+

Роллан Сейсенбаев. Сия, жүрек және қан - adebiportal.kz

(екі  бөлімді сахналық  сыр)

Қатысушылар:

Театр режиссері 

Атанай – халық артисі. 

Сәлмен – еңбек сіңірген артист. 

Тарпаң – еңбек сіңірген артист. 

Мәлике – еңбек сіңірген артист. 

Қуат – еңбек сіңірген артист. 

Қайдар – сахна жұмысшысы. 

Пенсионер. 

Арыстан –  театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі.

Оңтай, Әсия, Күләш, Ұлтуған – артистер.

Драматург 

Кинорежиссер 

Тамара 

Әбіл 

Гауһар – жесір кемпір. 

Кемпір

 

Мезгілі: өзіміз ғұмыр кешіп жатқан кез. 

Тұрағы: кез келген театр.

 

Пьесада Шекспирдің «Отелло», Дюрренматтың «Ұлы Ромул», Әуезовтің «Абай», «Қара Қыпшақ Қобыланды», «Еңлік–Кебек» туындыларынан үзінділер келтірілген.

БІРІНШІ БӨЛІМ

Репетиция

Сахна ашық. Көрермендер орындарына жайғаса бере, жұмысшы шал сахнаға бірнеше столдар мен орындықтарды алып келіп қойып жатады. Оның өз ісіне өте ұқыпты, ерекше ықыласты екені айдан анық аңғарылады. Сахнаға артистер шыға бастағанда, ол қолында қалған орындығын көтеріп сахнаның қалтарыс бұрышына барып отырады. Қалтасынан сигаретін алып тұтатпақ болады да, есіне әлдене түскендей лезде темекісін қайтадан қалтасына жасырады. Елдің соңынан сахнаға шыққан Арыстан артистерді де, шетке жайғасқан шалды да оқты көзімен атып алып, залға түсіп кетеді. Бірінші қатарда режиссер де отыр, бірақ оның отырғанын көрермен байқамауы керек.

Режиссердің алдында шағын стол. Стол үстінде жасыл шам. Шам артистер сахнаға шыққанда ғана жанады. 

Дюрренматтың «Ұлы Ромул» пьесасының репетициясы өтіп жатыр. Төрт жүз жетпіс алтыншы жылдың наурыз айының қан қақсатқан күнінің екінші жартысы. Императордың қала сыртындағы вилласының бағы. Қабырғаларда бормен жазылған мынадай сөздер бар: «Крепостной право жасасын! Жасасын бостандық» 

Сахнада Тулий Ротунд (Италияның Ішкі істер министрі). 

Эмилиан және Цезарь Рупф.

 

Тулий Ротунд (Тарпаң). Он миллион сом болса Одоакр Италияны жаулап алудан бас тартуға келісіп тұр. Мына фабрикант (Цезарь Рупфті көрсетеді.) он миллион сомды дәл қазір ұстатуға әзір. 

Эмилиан (Қуат). Ақысына не тілейді, сонда? 

Тулий Ротунд. Принцесса Реяға үйленбекші. 

Э м и л и а н. Принцессаны шақырыңдар. 

Тулий Ротунд. Сізше... 

Э м и л и а н. Сарай адамдары қоса келсін.

 

Рея, Зенон, Марес және күзетшілер келеді.

 

Р е я (Әсия). Сен мені шақырдың ба, Эмилиан! 

Э м и л и а н. Иә, шақырдым. Бері кел. (Рея Эмилианға баяу тақай түседі.) Сен мені үш жыл тостың ба, императордың қызы.

Р е я. Үш жыл... Күн санап, сағат санап тостым. 

Э м и л и а н. Сен мені сүйемісің? 

Р е я. Мен сені сүйемін. 

Э м и л и а н. Бар жаныңмен бе? 

Р е я. Бар жаныммен. 

Э м и л и а н. Менің тілегімнің бәрін де орындаймысың? 

Р е я. Бәрін де! 

Э м и л и а н. Қолыңа қабан қанжар да алар ма едің? 

Р е я. Қалауың сол болса оны да құп алдым. 

Э м и л и а н. Сонша шексіз бе, сенің махаббатың, императордың қызы? 

Р е я. Саған деген махаббатым шексіз. (Пауза.) Бұл күндері сені тани алмай барамын, бірақ мен сені сүйемін. Эмилиан, мен сенен қорғанамын, қорқамын, бірақ бәрібір сүйемін. 

Э м и л и а н. Олай болса, мына сәнденіп тұрған үрген қарынға күйеуге шық та, бір қора бала тауып бер. (Цезарь Рупфті көрсетеді.) 

Зенон (Оңтай). Жалқы болса да, Батыстан да есі бар біреу шыққанына тәубе! 

Сарай адамдары. Күйеуге шық, принцесса, күйеуге шық! 

Тулий Ротунд. Сүйікті Отанымыз үшін өзіңді құрбан ет, қызым.

 

Барлығы үмітпен Реяға қарайды.

 

Р е я. Мен сонда сендік болмаймын ба? 

Э м и л и а н. Мендік болмайсың.

Р е я. Мен басқаны сүюім керек пе? 

Э м и л и а н. Отаныңды кім сақтап қала алса, соны сүюің керек. 

Р е я. Мен сені сүйемін ғой. 

Э м и л и а н. Рим өлмес үшін, мен сені құрбандыққа шалдым. 

Р е я. Өзің түскен қорлыққа мені де қорлансын деп қиғаның ба? 

Эмилиан. Мәжбүр етті қу тірлік! Біздің құрбан болған бақытымыз Италияның күшін нығайтады. Біз қорландық, бірақ Италия аман болсын! 

Р е я. Егер мені сүйетінің рас болса, тілеме бұл тілекті. 

Э м и л и а н. Мен сенен ғана тілей алам, сенен ғана, өйткені сен мені сүйесің. (Пауза.) Менің айтқанымды қабыл аласың, императордың қызы. Сенің махаббатың шексіз. 

Р е я. Сен не айтсаң, соны қабыл алдым. 

Э м и л и а н. Сен ананың әйелі боласың. 

Р е я. Мен оның әйелі боламын. 

Э м и л и а н. Шалбар шығаратын шар қарын фабрикантқа қолыңды бер. (Рея қолын созады.) Ал, Цезарь Рупф, сен енді императордың жалғыз қызының қолын алдың.

 

Цезарь Рупф аса қобалжулы.

 

Цезарь Рупф (Сәлмен). Маған сенім көрсетіңіз, принцесса, менің көз жасым алтындай саф таза. Сіз бен біздің қосылуымыздың арқасында шалбар шығаратын халықаралық фирманың өндірісі бұрын-соңды көтерілмеген биікке шырқап шығатыны даусыз. 

Мэрес (Ұлтуған). Империяны сақтадық! 

Тулий Ротунд (Тарпаң.) Архивті өртеуді тоқтатыңдар! 

А х и л л д ы ң   д а у с ы. Император!

 

Есіктен Ромул мен нөкерлері көрінеді. 

 

Рея. Әке!..

 

Ромул есік көзіндегі креслоға жайғасады.

 

Э м и л и а н. Мен Герман тұтқындығынан қашып шықтым, император Ромул. Соңыма салып қойған қызметшілерді өлтірдім, қуғындаған иттерді тұншықтырдым. Мен саған жаяу жеттім, император. (Пауза.) Күл-талқан болған қалаларды, от құшқан деревняларды, таптауырын болған егістіктер мен рәсуа болған қалың ормандарды басып өттім. Мен сенің халқыңды көрдім, император Ромул; аш-жалаңаш босыған нәрестелерді, қорланған әйелдерді, мүгедек болған еркектерді көріп жаным түршікті. Сансыз дар ағаштарды, қара бұлттай қаптаған қара құстарды көрдім, жаралы жауынгерлердің жалынған үндері мен айғайын естідім. 

Ромул (Атанай басын көтеріп алып). Мен үшін бұл айтқаныңның бірі де құпия емес. Дегенмен әңгімеңді тоқтатпа, Эмилиан. 

Э м и л и а н. Барлық құпияны біліп тұрып, неге тауықтарыңа жем шашып тек отырсың?

Р о м у л. Император мемлекет жұмысынан аластады. 

Э м и л и а н. Халқыңның қара жамылған сәтін көріп тұрып, қалайша тамағыңнан ас өтеді. Салтанатты әсем астанаң, Римің құлады, жау империяңды жаулап алды, ал сен әлі ұйықтап отырсың. 

Р о м у л. Император мемлекетін жауға берген. 

Э м и л и а н. Сен өз жауларыңды білемісің, император? 

Р о м у л. Император өз халқын біледі. 

Э м и л и а н. Адамның сана-сезімі мен арына сенетін Рим офицерімін, сондықтан да жауларыма жасырын бардым. Ондағы ойым Рим мен Германияны татуластыру, табыстыру еді. Ал олар менің бас терімді сылып алды, император. (Эмилиан бас киімін шешіп тастайды.) 

Рея (шошынып). Эмилиан! (Рея жігітті құшақтап алады.) 

Р о м у л. Император бәрін көріп отырса да, сыр бермейді, селт етпейді. 

Эмилиан. Болашақ жарыңа бар, императордың қызы. Менің ендігі жерде сенімен ісім жоқ. (Рея жайлап басып, Цезарь Рупфқа тақайды.) Сенің жалғыз қызың, Рим императоры, шалбар шығаратын фабрикантқа тұрмысқа шығады. Менің ұятымның төлеуі арқылы сенің империяң тірі қалады.

 

Император орнынан тұрады.

 

Р о м у л. Император бұл келісімге қарсы.

Цезарь Рупф. Папа! 

Р е я. Мен осыған күйеуге шығам, әке. Отанымды қорғауға қарсы тұра алмайсың. 

Р о м у л. Менің қызым императордың еркіне бағынады. Империясын отқа қиған император не істеп тұрғанын біледі, шіріген ағаштың құлауы керек, сағаты соққан әзірде өлімнен араша күту де күнә. (Рея басын төмен салып кетіп қалады.) Пирам, міндетіңді орында, тауықтарға жем шаш. Август! Гиберий! Траян! Андриан! Марк Авралий! Одоакр!

 

Жемге жүгірген тауықтардың дыбысы естіледі. Ромул тауықтарға жем шашып, нөкерлерімен бірге кетеді. Қалғандары үнсіз тұрып қалады.

 

Тулий Ротунд. Архивті жағуды тоқтатпаңдар! 

Э м и л и а н. Құрысын император! Жоғалсын император!

 

Режиссер орнынан тұрады. 

 

Р е ж и с с е р. Рақмет. Үзіліс.

 

Режиссер мен Арыстан кетеді.

 

Т а р п а ң. Бүгін қатырдық, білем. Режиссер бір ескерту жасай алмай қор болып кетті. Ұлтуған. Неңді қатырасың, сахнаға шыққаның жаңа ғана.

 

Ол бұрылып бара жатып, қарсы шыққан Қуатқа соғылып қалады.

 

Қ у а т. Әй, бала, неге көзіңе қарап жүрмейсің? 

Ұ л т у ғ а н. Кешіріңіз, Қу-аға, абайсызда... 

Қ у а т. Е, жарайды, осы сен түс көремісің? 

Ұ л т у ғ а н (таңданып). Сіз түс көруден де қалғансыз ба? 

Қ у а т. Бірінші сұраған мен емес пе едім, кәне, сөйле! Мен болмасам жаңа басыңды жарып алушы едің. 

Ұ л т у ғ а н (мырс етіп). Ақысын сұрап тұрмысыз?

 

Таяғына сүйенген Атанай көрінеді.

 

Қ у а т (қулана күлімсіреп). Бол, бала, сөйле жаныңның барында. Ұлтуған. Талантыңызды танысам да, азаматтығыңызды тани алмай жүрмін-ау осы.

 

Темекісін тұтата алмай жатқан Атанайға Тарпаң лезде шырпы жағып ұсынады. Бірақ Атанай ол ұсынған отты өшіріп тастайды.

 

Т а р п а ң (ашулы). Қайсысының бабын табамыз? (Ұлтуғанға.) Бесіктен белі шықпай жатқан мынау да жағаға жармасуға жарадым деп кіжіңдеп тұр.

А т а н а й (ашулы). Тоқтат, шашпа зәріңді. Жағадан алудан ұяттым сен бе едің? Болмасқа өзек талдырғанша өнер жасамас па? (Ұзақ жөтеліп алып.) Ірі азаматтық болмаған жерде  талант та шабан тартады.

 

Тарпаң да, Қуат та лезде кетеді. Олардың соңын алып Ұлтуған шығады.

 

Қ а й д а р. Көкелерін көзіне көрсетті-ау мына шал. 

 

Қайдар шалға тақап барғысы келгенде режиссер келеді.

 

А т а н а й. Үстірт қалып жатқан жоқпын ба? 

Режиссер. Әзірше бәрі оңды, Атан аға. 

Қ а й д а р. Тіптен өте оңды. Оңды ойнадыңыз. 

Атанай (таңырқай қарап). Солай ма? (режиссерге.) Үйге қайтып барамысың? 

Режиссер. Үйге. 

А т а н а й. Онда бірге қозғалайық. Сенің бұл пьесаң да, «Шал мен балаң» да оңды. Өсетін театр, өскелең тақырыпқа баруы керек.

 

Олар авансценаға шығады.

 

Режиссер. Көш қайда бет алса да, көш емес пе, сол көштің адаспағанын тілейік. 

Атанай. Енді адасу жоқ. Көш алған бағы- тынан айырылмасын деп тіле. Сен осы Михаил Чехов туралы кітапты оқыдың ба? 

Режиссер. Оқыдым. 

А т а н а й. Ұнады ма?

 

Режиссер ойланып қалады.

 

Сен ақылды жауапқа қанат қақтырғың келіп тұр, мен білсем. Осы қарагер қарапайымдылықта да ақыл мол болады. Өйткені оның түп тамыры шындық, қарағым. Отызыншы жылдары Михаил Чеховтың «Гамлетін» таптаурын қылмаған сыншы кемде-кем. Ал керісінше басқаларды мақтады. Олардың қасында Чехов пайғамбар еді ғой. Уақыт деген әміршіден құдіретті не болсын, бәрін де өз ретімен жайғастырып жатыр. (Жөткірініп.) Театрда суреткер ерте жоғалады. Театрдан біз кеткен соң, рольдеріміз де бірге кетеді. Кино да солай, пленкаң қойдың қарнынан мықты емес. Мәңгілік қалатын, музыка мен әдебиет, мен білсем. Сен қалай қарайсың? 

Режиссер. Сізге қосылам. 

Атанай. Әрине. Солай болса керек-ті. Мұқаң... Әуезов ұлы тұлға еді ғой, ондай болу екінің бірінің қолынан келер деймісің? Ел көрмегенді көру, ел білмегенді білу, ұлы адамдардың пешенесіне ғана жазылған...

 

Атанай ұзақ жөтеліп бөгеліп қалады.

 

Режиссер. Сіз осы ауырып жүрсіз-ау. 

А т а н а й. Тәйт, қайдағы ауру. Салқын да. O несі? Дұрыс келеміз бе?

 

Олар көрінбей кетеді. 

Қайдар сахнадағы орындықтарды тасып жүр. Ыңылдап ән айтып қояды. Сәлмен көрінеді. Қайдар орындықты қоя салып, басын изеп амандасады.

 

Қайдар. Саумысыз!

 

Сәлмен басын ғана изеп кетіп бара жатып таңдана артына бұрылады. 

 

С ә л м е н. Сен осы?.. 

Қ а й д а р (қуанып). Қайдармын... 

С ә л м е н. Таныдым, енді таныдым. Бұл қайдан келген жұмысшы деп ойлағаным бар еді. Ғазиза қайтыс болған, иманды болғыр. 

Қ а й д а р (күрсініп). Иманды болсын. Кеше осы жұмысқа тұрарда ғана естідім. Айып етпеңіз.

 

Сасқалақтап қалтасынан темекі іздейді. Қолдары болымсыз дірілдеп темекі тұтатады.

 

С ә л м е н. Маған да біреуін берші.

 

Олар Қайдар тасып жүрген орындықтарға отыра кетеді. 

 

Ғазиза кеткелі күйіс те болмай жүр... (Лезде.) Оңалар, бәрі де оңалар.

 

Қ а й д а р. Елге барып тұратын шығарсыз? 

Сәлмен. Көп болды... талай жылдар өтті ғой. 

Қ а й д а р. Туған топыраққа бір аунап тұрсаңыз, түлеп шыға келесіз. Сіздей адамдарға туған жердің топырағы шипа ғой. 

С ә л м е н. Оны ойлайтын, ол жерде адам қалды ма түге?!.

Қ а й д а р. Туған елге өкпелеу көргенсіздік болады. 

С ә л м е н (оған жақтырмай қарап алып). Сен мұнда несіне келдің? 

Қайдар. Пенсияға шыққам... Ертеде, ауылдағы бірінші әнші болғаным есіңізде болар. (Сәлмен жауап қатпайды.) Өнерге деген сол құлшыныс, қартайғанда да, құрсауынан босатпаған соң, лаж қайсы?.. 

С ә л м е н. Дұрыс болған екен. (Орнынан тұрып кетеді.) Адамның бірінші жауы көңілі-ау. Қайдар. Театр ұнады! Тамаша! Көңіл шалқыды, рақат!

 

Тарпаң көрінеді. 

 

Т а р п а ң. Әй, Сәке, бері кел. Сөз бар.

 

Сәлмен жүріп кетеді. Қайдар олардың соңынан қызыға қарап тұрып қалады.

 

Қ а й д а р. Елдің қадірменді, сыйлы адамдары осылар ғой!

 

Авансценаға Атанай мен режиссер шығады.

 

Атанай. Мұқаңның не бір асыл сөздерін жүрдім-бардым тыңдаппыз. Ол кісі бізді кере- мет еркелетуші еді ғой. (Пауза.) Мықтылық де- ген, құдірет деген сол болар. Мен кеше түнде ұйықтай алмай жатып, сенің «Шал мен балаңдағы» ролім туралы ойладым. Сондағы менің ойым не де? Тым жеңіл ойнаған жерлерім баршылық екен. (Режиссердің сөзін бөлгісі келгенін сезіп өрнекті таяғын көтеріп бөгеп қалады.) Сөзді бөлме, шырағым. Әліптің артын бақ. Мен соңғы мизансценада, баланың өлген тұсында, тым ұшқалақтанып, есім кетіп жүгіріп, құр айғаймен ауаны тілгілей беріппін. Қазақта бір жақсы сөз бар: «Айғайлы жерде ақыл аз» дейді. Финалды салмақты, тіптен үнсіз ойнау керек еді. 

Режиссер. Мен бұған келісе алмаймын. Қажып-талса да тағдырға мойынсұнбаған адамның бейнесін мықтап шығардыңыз. 

Атанай (салқын). Ол сиырдың желін қабы секілді болды, мен білсем. Ол сенің жетегің, менің жан-күйімнің шарықтау шегі емес. Кінә сенен емес, менен. Кінә менікі. 

Р е ж и с с е р. Финалдағы бет-бейнеңіз қандай! Бекер қиналмаңыз. 

А т а н а й. Бет ойнату мен үшін қиын деп пе едің? Дүлдүл актер қыр арқасымен де ойнай береді. Сау тұр. (Ұзап барып артына бұрылады.) Тұра тұршы. Мен ертеде осы актерлікті қумағанда музыкант болар едім. Есіңде жүрсін, қазақтар Рахманиновтың әуендерін бесенеден танып жақсы көреді. Ал менің пірім — Скрябин. Мұның сыры неде? Біреуі ұғуға жеңіл, екіншісі ауыр. Сондықтан да көп ұлы шығармалар бізге жетпей жатыр. Өнердің ендігі билігі, ендігі болашағы сендердің, жастардың қолында, сондықтан ауыр, ауыр болса да пайдалы асылдар бар. Соған дайын болыңдар. Күнде жаңарып отырмаған жерде өнер болмайды... Мүмкін финалды қайтадан жасармыз? Бірақ, ойлан, өзің де ойлан, мықтап ойлан.

 

Атанай асықпай бұрылып жүріп кетеді. Режиссер орнында тұрып қалады.

 

Р е ж и с с е р. Бар сырын, бар шындығын айтты-ау. Неге... Не көрінді?.. Неге айтты маған?..

 

Режиссер залға ұзақ қарап тұрып қалады. Сыбырласа сөйлесіп тұрған Тарпаң мен Сәлменге Мәлике мен Қуат келеді.

 

М ә л и к е. Бірдемемді бітіретіндей осы екеуің немене сыбырласа бересіңдер. 

Қ у а т (іліп алғандай). Ұлы өнердің болашағының қамы болар. 

М ә л и к е. Ол болса жөн-ақ қой, Қуатжан. Бірақ бұлардың көкейін тесіп әкетіп бара жатқан басқа... 

Т а р п а ң (Қуатқа). Құйысқанға қыстырылмай тегіңе неге жүрмейсің? 

М ә л и к е. Қуатжанға тиме сен. Тиме. Біздің өкшемізді нық басып келе жатқан осы. 

С ә л м е н. Өзіңді таптап кетпесе болды. 

Қ у а т (күліп). Мысық та арыстан тобына жатады деген рас екен-ау өзі. Кезінде Сәкеңдер мияулап тұрушы еді, енді ақыруға жетіпті. 

Қайдар (шошынып). Мыналардың сөз саптасы қалай еді?.. Дөрекі ғой, мүлдем. 

Т а р п а ң (сөз соңын жуып-шаяды). Бөтен біреу естісе мыналар ата жауын көргендей керілдесті дер. (Күледі.)

Қуат (кетіп бара жатқан жұрттың артынан). Жуып-шайғанға келгенде алдына жан салмай кеткір, Тар-ағам-ай! 

Д а у ы с. Мәлике бар ма осында?

 

Аптығып Гауһар мен Күләш келеді. Мәлике тоқтап қалады да, еркектер кетеді.

 

М ә л и к е. Шыжбалақтаған кім десем, өзімнің ақ жеңешем екен ғой. 

Гауһар (көзін сығырайтып). Мәликемісің? Аманбысың! (Құшақтасады.) 

М ә л и к е. Қайдан жүрсің, ақ жеңешем? 

Гауһар. Деректірің бе, режиссерің бе, солардың бірі керек еді. 

М ә л и к е. Олар қазір орнында жоқ. Қалың қалай боп жатыр, ақ жеңешем. 

Гауһар (кейіп). Халімді үйге келіп неге сұрамайсың, жаман қар?

М ә л и к е. Оған уақыт қайда? 

Г а у һ а р (кемсеңдеп). Ерекеңнің көзі тірісінде үйден шықпай жалмаңдаушы едіңдер. Енді осы ұмытқандарың ұмытқан ғой. Жаман кемпірді не қыласыңдар? И, опасыз жалған! Тұрлаусыз тірлік! 

М ә л и к е. Ағамды ерте жұт деген мен бе екем? 

Г а у һ а р. Мен шығармын, өздерің емес пе жанын алып, тәнін қара жерге тапсырған. (Жылайды.) Мені неңе кінәлайсың? Не деп, а?.. 

М ә л и к е. Қоя ғой, ақ жеңешем! Менің де сенен асқаным шамалы емес пе?..

Г а у һ а р. Сен мені өзіңмен салыстырма. Сенде білім бар, сен ел ардақтаған актрисасың. Ал менде Ерекеңнен басқа не бопты? Ол қасиетім де кетті, мені бір құдайға тапсырып. Ат шаптырым үйін күзетіп қалдым мен бейбақ. Қара түн мен қара қабырға кәрі көзді талдырып дөңбекшіп жатам да қоям. Ерекеңде театрдан басқа не бар еді? Құдайы да осы театр, пайғамбары да осы театр емес пе еді?! 

К ү л ә ш. Ерекең ағамыз ұлы актер еді ғой. Ерекең мен Атанай аға ойнаған күні консерватория түгел көтеріліп ойындарын көруге келуші едік.

 

Гауһар көзіне тағы да жас алады. 

 

Мәлике (сәл алға жылжып). Ерекеңнің соңында сендей жоқтаушы бар. Менде не бар? Менде осы театрдан басқа дәнеңе жоқ. Кәрі қыз қалпы өлу ғана қалған болар. (Пауза. Гауһарға.) Туысы бөлек жан еді ғой Ерекең! 

Гауһар. Сені қой, Мәлике. Көзімше сарнап бересің де кейін ұмытып кетесің. Ағаңа мәрмәрдан ескерткіш орнаттым, көрдің бе? 

Мәлике. Бара алмай жатырмын. Барамын. 

К ү л ә ш. Жігіттер барып келіпті. 

М ә л и к е. Моланың басына барып «Портвейн» ішкен сұмдарды атама. (Күләшқа.) Соларды бастап жүрген сенің дударбасың – Ұлтуған. 

К ү л ә ш. Ұйғарым сол болса... 

М ә л и к е. Атама дедім... 

Г а у һ а р. Е, несі бар екен, Ерекеңнің өмір бойы ішкені сол портвейн. Коньягыңды аузына алмайтын.

 

Күләш те, Мәлике де күледі.

 

Бүгін Атанай да жоқ екен... 

К ү л ә ш. Таңертең болған, кешке репетицияға келіп қалар. 

М ә л и к е. Елдің бәрін түгендеп қайтпексің? 

Гауһар. Жақында Ерекеңнің жылы. Соны оңдап өткізуді ақылдасу керек. Сен кешке үйге соқ. Дастарқанның жабдығы жөнінде сөйлесетінім бар. 

М ә л и к е. Мені қайтесің, ана жастау Әсияны қосып ал. Жөнді қазір солар біледі. 

Гауһар (ашуланып). Ерекең кетті, жаман кемпір сен енді театрға жолама десеңдер, жоламайын. 

М ә л и к е. Келем, барам, таусылмашы өзің. Сіркең су көтермейтін болыпты ғой. 

Г а у һ а р (Күләшқа). Біздің үйге келгіш бала бар еді, соны да ала кел. 

К ү л ә ш. Ұлтуғанды ма?.. 

М ә л и к е. Ол да барады. 

Г а у һ а р. Бастықтарыңа, Мәлике, өзің айтасың. Көп жүруге аяғым шыдамай барады. Атанайға өзім телефон соғармын. Ауру-сырқаудан аман ба еді? 

М ә л и к е. Жүрегім шағады деп мазасызданып жүр. 

Г а у һ а р. Ал мен кеттім. (Артынан жүрген Күләшқа.) Жүрме, соқыр емеспін, есікті таба алмас деп пе едің?...

 

Гауһар кетеді.

 

М ә л и к е. Қасиетті ақ жеңешем-ай, дайын тұрған образсың-ау!

 

Екеуі де күледі.

 

К ү л ә ш. Сондай аяулы адам екен! 

М ә л и к е (сынай қарап). Сен қыз осы, ана дударбас Ұлтуғаннан алыс жүрші. Тіпті күйеуге тигің кеп бара жатса режиссерге ти. 

Күләш. Әй, Мәлике апай-ай? Сондай қызықсыз. 

М ә л и ке. Киносына түсірген кинорежиссерге назар сал. Соның саған деген көңілі түзу мен білсем. Әп-әдемі бала. 

К ү л ә ш. Әдемі ғана емес, талантты жігіт. 

М ә л и к е. Әне! Айтпадым ба? Көңілің қаласа киноға түсесің де отырасың. Өмірде актерден тәуелді, актерден бейшара адам жоқ. Өмір жалғанды көрдік қой. 

К ү л ә ш. Актерден бақытты да адам жоқ. 

М ә л и к е. Жастығың айтқызып тұр-ау! Албырт көңіл суынбай басылған ба? Менің айтқаным есіңде жүрсін түбі. 

К ү л ә ш. Мен дударбасты ұнатамын, Мәлике апай. 

М ә л и к е. Оныңда көкірек көп те, ақыл аз. Сен сол үшін сахнаны тастай алар ма едің?

 

Күләш ойланып тұрып қалады. Олардың қастарынан Арыстан, артынша драматург өтеді. Мәлике мен Күләш кетеді. Арыстан авансценадағы орнына отырады. Ұзын шарфын қасына тастайды да, радиоланы қосады. Скрябиннің «Экстаз поэмасы».

 

Драматург. Енді бір сөзіне де тиіспеймін. (Папкіні Арыстанның алдына тастайды.) 

А р ы с т а н. Сөзді мылжың ғана қориды. Ойы бар ма еді ішінде? 

Драматург. Сен де енді маған қарсы шықтың ба? Бес пьесамның алды Одақта жүріп жатыр... 

А р ы с т а н. Соның бірі де есімде жоқ. (Драматург жалт бұрылып жүріп кетеді.) Нет ничего страшнее ущемленной посредственности. (Драматург қайтып келіп Арыстанға тақайды). Сен Ван-Гогтың «Түнгі кафесін» көргенің бар ма? (Драматург үндемейді.) Сол суретті көрген сайын, маған сол араға келіп біреу атылып өлетін сияқты болып елестейді. (Драматург шошынып кейін шегініп кетеді.) 

Драматург. Сен мені сыйламайсың. 

А р ы с т а н. Мен әуелі актерді сыйлаймын. 

Драматург. Ылғи терісі қалың актеріңді ме?

 

Арыстан алдындағы папкіні жерге лақтырып тастайды. 

 

А р ы с т а н. Әкет.

 

Режиссер ойға батып келе жатыр. Драматург папкіні жерден көтеріп алып режиссерге ұмтылады.

 

Драматург. Тый, ана кәпіріңді. 

Режиссер (өзіне). Қаттырақ, қаттырақ айғайла, ашынған, қапаланған жанның бар мұңлы шері ағытылсын. Қаттырақ! 

Драматург (состиып тұрып қалады). Мынасында да ес жоқ. Сандырақтап келеді. Бұларға шеттің драматургі ғана драматург. Шеттің есегі де біздің адамдардан ақылды көрінеді. 

 

Оған Қуат жолығады. Ашуға булыққан драматург маңғаз бола қалады.

 

Қ у а т. Қал қалай, бауырым? Пьесаңды түзетіп әкелдің бе? 

Д р а м а т у р г. Түзетпеймін. 

Қ у а т. Менің ақылыма көңіл қойсаң түземе. Қапысыз пьеса. Шын өнерге мінез керек. 

Драматург. Оң сөз. Түртіп қоюға болады. 

Қ у а т (оны тоқтатып). Мінез өнерліге ғана сияды. Бұны да түртіп ал. 

Драматург. Бұны ойлануға тура келеді.

 

Драматург кетеді. Қуат режиссерге келеді.

 

Режиссер (өзіне). Әр нәрседен хабардар актерден, бір нәрсені болса да терең білген актер қымбаттырақ. Менің актерлерім сезімге, ақылеске бағынып кетеді. Санадан басқа, жүрек барын ұмытқызбау керек. Бұны өзің де ұмытпа. Актер өмірді аз біледі. Сонан да үлкен тебіреніс толқынды, жан азабын жеткізе алмай орта жолда құлап жатады. «Отеллоны» дайындау қиын емес, ойнау қиын. 

Қ у а т. «Отеллоға» қашан кірісеміз? 

Режиссер (естімейді. Өзіне). Отелло боп кім ойнайды? 

Қ у а т. Мен ойнаймын. 

Режиссер. Кім? Кім? Кім?.. (Қуат кетеді.) Қуат па? Қуат?.. Жоқ. Неге? Актерге ішкі мүмкіншілігін ашу қашанда қиын. Қиын... Сондықтан көмектесу керек. Актерге сенім керек... Сену керек. Отелло? Кім? Кім? (Режиссер бірте-бірте Арыстанға жақындай түседі.) Атанай шал дұрыс айтады. Ойлану керек. Мықтап ойлану қажет. Мықтап... 

А р ы с т а н. Драматургті көрдің бе? 

Режиссер. Жоқ. 

Арыстан. Қуатты ше? Олар сені іздеп жүрген. 

Режиссер. Атекеңді ғана көрдім. Атекеңмен ғана сөйлестім. 

А р ы с т а н. Сен сандырақтап тұрмысың? 

Режиссер. А, жоқ. Ойлап тұрмын. Білгенімді, білетінімді. Көргенімді, көретінімді. Өткенімді. Болашақты. (Орындыққа отырады.) Ал сен, Арыстан, жаз. Сенен ірі драмашы шығады. Сен жаз. 

А р ы с т а н. Мен проза ғана жазамын. 

Режиссер. Бекер. (Пауза.) Бекер... Жас өнер елінің ұландарына бәрін де жасау керек. Жасай алу керек... Сен жазбасаң өзім драма жазамын. Керек болса музыкасын да жазамын. (Арыстанға.) Сенбеймісің? 

А р ы с т а н. Оны кезінде көреміз. 

Р е ж и с с е р. Көреміз. Сен жұмысқа кешіккенді қой. 

А р ы с т а н. Кафеге жүр. Тамақ әпересің. 

Режиссер. Уақыт жоқ. 

Арыстан (орнынан тұрып). Онда сау тұр. (Кетеді.

Режиссер (креслоға отырып). Сенбейді...

 

Қайдар сахнаға стол мен орындықтарды тасып жүр. Бұл ара қазір кафеге айналады. Әсия көрінеді.

 

Ә с и я. Сахнада темекі тартуға болмайды деп келіскеніміз қайда. 

Қайдар (сасып). Ойбу әкебас, қойдық, қойдық. (Сахнаның сыртына жүгіріп кетеді.) 

Ә с и я. Сондай қызық кісі. (Күледі.)

Қ а й д а р. Кешірім, әкебас, кешірім, ұмытып кеткенімді қарай гөр. 

Ә с и я. Енді ұмытпаңыз. 

Қ а й д а р (өзіне). Қалай ғана ұмытпассың? Ғажап дүние ғой мынау, сән-салтанатты топ, елдің сыйлы адамдары. Театрға орналасайын дегенде кемпір қиғылықты салып еді, көнбедім. Қартайғанда да қызғанады қу қақпас. Туа біткен мінез түзелмей көрге бірге енетін болғаны ғой. Менің енді немді қызғанады?

Режиссер. Әсия.. (Ол режиссердің даусын естімейді. Әсия да. Қайдар да кетеді.) Әсияға да, Қуатқа да, Ұлтуған мен Күләшқа да, Атанай ақсақалға да жаңа рольдер дайындау керек.

 

КАФЕ

 

Бір столда Қуат пен Оңтай отыр. Шеткі столда Арыстан жалғыз. Әсия келеді.

 

O ң т а й. Сен осы гарнитур керек болғанда сыбырлай сал деп едің? 

Қ у а т. Балаларыңның аузынан үзіп-жұлып жинап үлгердің бе? 

O ң т а й. Киноға түстім емес пе? 

Қ у а т. Солай ма еді? 

O ң т а й. Сен мені кім деп жүрсің, ей? 

Қ у а т. Сол баяғы далақбай екен десем? Киноға түсіп алдым де. Кешірім өтінем. 

O ң т а й (батылданып). Сен түскен киноға біз де түстік. 

Қ у а т. Түскен соң сыйлық алатын болып бірақ түсу керек. 

O ң т а й. Ол маған байланысты емес, кім жазғанға байланысты. 

Арыстан (сөзге араласады). Кім қойғанға байланысты.

Қуат. Мына білгіш қайдан келген? (Орындығымен қоса бұрылып теріс қарап отырады.) 

Oңтай. Бұл қыршаңқыға тиме. Пәлеге қаламыз. Әне, тағы бір ақылдысы келді. (Кинорежиссер келеді.) Бірінің қотырын бірі қасысын.

Кинорежиссер (Арыстанға). Бос па? (Арыстан жауап қатпайды. Қолымен орындықты нұсқайды.) Сен осы сөйлеуге де ерінемісің? (Арыстан басын изейді.) Мен білсем, осы заманғы Обломовщинаны сен ғана жаза аласың. 

А р ы с т а н. Рақмет. Ол туралы жазғым-ақ келеді, бірақ құдайы құрғыры, ерінем.

O ң т а й. Қалай, әпере аламысың, әлде басқа қозғаушы күш іздейін бе? 

Қ у а т. Қосымша ақысы бола ма? 

O ң т а й. Қосымша ақымен өзім де ала алам.

 

Әсия келеді.

 

Ә с и я. Орта толсын, үйден безгендер! (Отырады.) Сылқылдатып шампан ішіп отыр екен десем, су ғой мыналарың. 

O ң т а й. Әміріңе құлдық, шампан қаласаң шампан аламын. 

Ә с и я. Нағыз жігіт осы біздің Оңтай-ақ боларау. 

Оңтай (шампан алып келіп столға қояды). Қосымша ақының басы осы болсын. 

Қ у а т. Бұнымен құтыла алмайсың. Әсия екеумізді «Көктөбеге» шақыр. 

O ң т а й. Сенімен баруға Әсия келісе қоймас. 

Ә с и я. Неге? Қуат Тескентау шақырса да барамын. 

Қуат (таңырқай қарайды). Сенен де небір мінез шығады-ау. 

Ә с и я. Мінез деймісің? (Оңтай стақан алуға кетеді.) Саған солай көрінеді ғой... Ал мен әлі ұмытқам жоқ... 

Қ у а т. Сен... солай ма?.. Мүмкін сенікі дұрыс та ма еді?.. 

Ә с и я. Студент кезде айтқаныма көндің бе? Менің әйелім актриса емес, кандидат наук болуы керек деп болмадың. 

Қуат (қысылып). Дәл осылай дегем жоқ... болар... 

Әсия. Осылай демесең де, соған жақын қалған... Қуат, Қуат... мен шаршадым білем. Бір кезде  атақ та, даңқ та қол созсам болды алақаныма қона кететіндей еді. Енді... бірақ, маған өнердің осы шексіз құдіретті қасіреті қызық. Бар жаныммен сол қасіретке ұмтыламын. Мен өз ролімді әлі ойнап көргем жоқ. Бірақ ерте ме, кеш пе ойнаймын. Менің айшықты мезетім алдымда, сол күнді тосамын. Сол күнге сенемін. Атақ та, даңқ та... бәрі бос, алдамшы дүние... Ең басты шарт – еңбек. Мен өмірде бақытсызбын, ал бірақ, сахнада менен бақытты адам жоқ. Осылай бола ма, Қуат?.. 

Қ у а т. Білмеймін. 

Әсия. Әрине... Сенде атақ та, даңқ та бар. Өмірде де бақыттысың. 

Қуат. Қайдам?.. Бақытты болу мүмкін бе екен?.. 

Ә с и я. Есіңде ме, бірінші курста... 

Қуат. Есіңде ме, бірінші курста... (Бір мезгілде айтылады).

 

Оңтай келгенде екеуі де үнсіз бір-біріне қарап қалады.

 

O ң т а й. Бір-біріңді жаңа ғана көргендей болып отырсыңдар ғой. 

Қ у а т. Әсия, сен түс көремісің? 

O ң т а й. Көргенде қандай! Сені ғана көреді. (Күледі).

Кинорежиссер. Арыстан, сценарий жазып берші. Сенің жазғаныңды ғана қоямын.

 

Арыстан трубкасын сорғылап үндемейді. Жалпы көптеген тұста, оның үндемей қалғаны дұрыс. Адамға тура қарайтын шегір көздері ғана ойнауы керек. Драматург келіп отырады.

 

Драматург. Қойғыш болсаң, менің сценарийімді қой. Киностудияңда жатқанына екі жыл болды. 

К и н о р е ж ис с е р. Сіз қолжазбаңызды түзеткенді жек көресіз. 

Драматург. Соны басымен саған бердім. Жартысын қайта жазам десең де өзің біл. 

Кинорежиссер. Маған дайын сценарий керек. 

Драматург (ренжіп). Мынау саған түсіне кіргенін де айтпайды. (Арыстанды нұсқап.) Бұны елдің жазғанына сын айтқанға қоя бер.

 

Драматург бос столға жеке барып отырады.

 

А р ы с т а н. Менің жазғанымды сенің жағың алмайды. 

Кинорежиссер. Жазуын жазып берсең, алдыртуы менің мойнымда болсын.

А р ы с т а н. Фильм бермей жатыр ма? Сен шет елдің үлкен сыйлығын алдың емес пе? 

Кинорежиссер. Алдым. Бірақ нашар сценарий ұсынып отыр. 

А р ы с т а н. Нашар болса қойма. 

Кинорежиссер. Саған бәрі оңай. Ал маған фильм түсіру керек. 

А р ы с т а н. Түсір.

 

Драматург қайта келеді.

 

Драматург. Бас режиссердің «Отеллоны» қоям деп жанталасып жатқаны рас па? (Арыстан жауап қатпайды.) «Отеллоны» жаңғыртып қою үшін Әуезовтің аудармасын қайта қарау керек. 

Кинорежиссер. Қайта қарайтын сен бе? Тиме, тиме Әуезовке. 

Драматург. Өнер бәрінен де биік. 

Кинорежиссер. Сенен ғана аласа.

O ң т а й. Аналарды қара, қазір төбелеседі. 

Қуат. Ұят болып жүрмесін. (Орнынан тұрады.) Бұлардан бәрі шығады.

Драматург. Шық. Шық жекпе-жекке. 

Кинорежиссер. Көзәйнек киген еркекпен төбелеспеймін. 

Қуат (араға түседі). Бұларың не, қойыңдар. (Драматургті ұстап қалады.)

 

Арыстан міз бақпай отыр.

 

Драматург (Қуатқа). Сіз болмасаңыз...

Ә с и я. Көрген елден ұят болар. (Драматургті қолтықтап алып кетеді.) 

Драматург (артына бұрылып). Сен мені жеңген жоқсың.

Кинорежиссер (ызалы). Сендерді ешкім де жеңе алмайды... Бұған, көрдіңіз бе, ендігі жерде Әуезов те ұнамайды.

 

Пауза.

 

Арыстан (созып). Бо-ла-ды-ы-ы!.. Бағы қашса асылдың күйік шығар, бағы тасса масылдың биік шығар тұстары болған. Болады да... (Ойланып.) 

Oңтай. Маған звандау керек. (Қуатқа.) Келістік қой? 

Қ у а т. Оған қам жемеңіз. (Басын иеді.) 

Оңтай. Кеттім, чао! 

Ә с и я. Спектакльден қалып қойып жүрме. 

O ң т а й. Бүгін екінші актіде шығамын. 

Қ у а т. Есіңде ме, бірінші курста... 

Әсия. Есімде... (Ойланып.) Соны қозғап қайтеміз?..

 

Ұлтуған мен Күләш келеді. Олар бос столға отырады. Ұлтуған Күләштің стаканына су құяды.

 

Ұлтуған. Мен кеше сахнаға қонып шықтым. 

 

Әсия елең ете түседі. Сөздеріне құлақ түреді.

 

К ү л ә ш (таңырқап). Неге?

Ұлтуған. Сахнада қонуды мен ертеден армандаған едім. Бірақ қорғана бергем... 

Күләш (өкініп). Маған айтқаныңда бірге қонушы едік.

Ә с и я. Институтта оқып жүргенде драмтеатрдың массовкасына қатысқан соң, сахнада қонып қалдым деп едің?.. 

Қ у а т. Мен бе? Қонған емеспін. 

Ә с и я. Өтірік айтып па едің?.. 

Қ у а т. Сен бүгін қайдағыны қайдан ғана қазбалап отырсың? Сахнаға қонып не көрініпті? 

Ә с и я. Ал мен саған сенгем... 

Қ у а т. Әсия қонсам қонған шығармын, қазір есімде жоқ.

 

Қуат су алуға кетеді.

 

Ә с и я. Сен қонған жоқсың. Сен мені алдадың... Иә, алдадың. (Қуат су алып келеді.) Сен бәрібір қона алмас ең. Ол үшін театрды сүю керек. Шексіз сүю керек.

Ұ л т у ғ а н. Сахнаға бір рет қонып шықпасам, актер бола алмайтындай сезіндім. Түні бойы өзім ойнаған немесе жаттаған рольдерімді ойнап шықтым. 

К ү л ә ш. Ұзақ ойнадың ба? 

Ұ л т у ғ а н. Қырық-ақ минутқа жетті-ау деймін. 

К ү л ә ш. Сен өнерден өз жолыңды таптың. Ал мен сандырақтап әлі бос жүрген секілдімін. Мүмкін, мен тіпті де актриса емес шығармын, а, Ұлтуған? Тек шыныңды айтшы? 

Ұ л т у ғ а н. Өз ісіне сын көзбен қарау әркімнің қолынан келе бермейді. Күләш, (құшақтап) мен сені жақсы көремін. 

К ү л ә ш. Мен де. (Ол орнынан тұрып Ұлтуғанға қарап қалады.)

Әсия (Ұлтуған мен Күләшті меңзеп). Осылар бақытты болса екен. 

Қуат. «Отеллоны» кімге береді? 

Ә с и я (орнынан тұрып). Сен өзгеріп барасың, Қуат...

 

Қуат оған таңдана қарайды. 

 

К ү л ә ш. Әсия, бірге кетейік.

 

Олар кетеді. Қайдар келеді. 

 

Ұ л т у ғ а н. Қайдар аға, мында келіңіз. 

Қ а й д а р. Бір тостаған су ішуге ғана кірдім. 

А р ы с т а н. Су мұнда бар. (Ол қасындағы бос орындықтарды нұсқайды. Қайдар мен Ұлтуған да келіп отырады. Арыстан шалға тесіле қарап алып, стақанға су құяды.) Иә, шал, қай ауылдың қойшысы болып едің? 

Қайдар (сасқалақтап қалып, лезде оңалады). Әкебас, шал деп сақалымнан алма. Ешкімнің қойын баққам жоқ. Немене қойшы іздеп жүрмісің? 

Арыстан (қату). Мүмкін іздеп жүрген шығармын.

Қ а й д а р. Іздесең ізіне түс те жөнел. Ал бұдан былай мені, аға дейтін бол. 

А р ы с т а н. Ненің ақысына? 

Ұ л т у ғ а н. Арыстан аға, қойсаңызшы. 

А р ы с т а н. Сен оны ана досыңа айт. 

Ұ л т у ғ а н (Қайдарға). Бұл ағамыз наждачный қалжыңды ұнатады. 

Қ а й д а р (сасып). Мен театрды ұнатамын. 

А р ы с т а н (жылыұшырап, бірақ әлі де қату). Онда маған өкпелеме. Мен сені жан бағып жүрген көп шалдың бірі екен десем. 

Қ а й д а р. Есті адам жан бағып күн кешкен бе? 

А р ы с т а н. Тарихта қалатын танысу. Арыстан. (Орнынан тұрып қолын ұсынады.) 

Қ а й д а р (орнынан тұрмайды). Ал мен Қайдар боламын. 

Арыстан. Онда құрдас болдық. Ағаны қоспаған өзіңсің.

 

Бәрі күледі.

 

Кинорежиссер. Сен маған Мұхаңның «Дос-Бедел-Досын» сценарийлап бер. 

А р ы с т а н. Сен оны әзір қоя алмайсың. Ол үшін әлі де біраз өмір сүр. Өнердің де жасқа қарайтын мезгіл-мерзімі болады. «Дос-Бедел-Дос» өнердің көкесі саналар драмалық шығармалардың кез келгенімен қатар тұрып тегін таныта алар туынды. Мұхаңды ұлы талант дейді, бекер. 

Қайдар (сескеніп). Сен бұл ойынды қой, шырақ...

Арыстан (Қайдарға). Шырақ емес, құрдас. (Кинорежиссерге.) Табиғат болмысты талант деу мүмкін емес. Ал талант табиғаттың деңгейінде болса бір сәрі. 

Ұ л т у ғ а н. Сіз де қай-қайдағы сөзді үйіріп бастап билетіп соғатыныңыз-ай. 

Кинорежиссер. Фолкнер... Адамды... (Ойланып қалады.)

Қ у а т. Кітап жастанатындар кетті енді. Дәл бүгін тоқтамайды.

 

Қуат орнынан тұрып кетеді.

 

Кинорежиссер (есіне түсіре алмай). Адамды... 

А р ы с т а н. «Адамды құрту бек мүмкін, жеңу оны неғайбыл». 

Кинорежиссер. Естен шығып қалғанын қарашы. 

Ұ л т у ғ а н (күліп). Ақылды болғандарыңыз пәле болды. Ешкіммен айызың қанып сөйлесе алмайсың. 

К ү л ә ш. Ұлтуған.

 

Ұлтуған орнынан тұрады. Қайдар қоса түрегеледі.

 

Қ а й д а р (Ұлтуғанға). Мына жаңа құрдас қалай-қалай сөйлейді. Сөз десе табаны топырақ жаламайтын майталман жорғаның өзі екен. 

Ұ л т у ғ а н. Бұл берісі ғана... 

Қ а й д а р. Жағына бір емес бірнеше кітап тыққан мықтының өзі болды.

Кинорежиссер. Кино үйінде просмотр бар, келемісің? 

А р ы с т а н. Көреміз. Кинорежиссер. «Дос-Бедел-Досты» ойлан. Ал мен кеттім.

 

Ол кетеді. Кафеге Сәлмен келеді. Бір бөтелке су алып келіп Арыстанның қасына отырады.

 

С ә л м е н. Осы кафе болмаса қайда сусындар ек. Сәлем, Арыстан жарығым. 

А р ы с т а н. Өсекті қайда айтар ек? дейді. 

С ә л м е н (күліп). Өсек кулуар интригасы деме... Осы кафені жабады деген сөз естідім. Рас па екен? 

А р ы с т а н. Театрды жаппай ма екен? 

С ә л м е н. Мінезді-ақ жігітсің-ау, жарығым. Аздап көңіл шулатарға қалайсың? Қарсылық жоқ па?.. 

Арыстан. Менің қарсылық көрсете алмай жүргеніме бүгін жиырма бір жыл, бес ай. (Сағатына қарап.) Он екі сағат өтті. 

 

Сәлмен күлімсірей басын шайқап буфетке кетеді. Лезде қайтып келеді. Бұл кезде сахнада Атанай – Ұлы Ромул роліне жаттығып жатыр.

 

Ұлы Ромул (Атанай). Мен бүкіл өмірімді Рим империясының құлауына бағыштадым. Өлімге өзім дайындалғанда, Римді неге жаз ғырмасқа, неге ауыр жазаға қимасқа. Мен өз елімнен жан баласы түршігетін құрбандықты талап еттім, өйткені мен өзімді де құрбандыққа шалғам. Қолынан қаруын алған халқымның, қанға бөккеніне немкеттілікпен қарап отырдым өйткені мен өзім де өз қанымды бұлақтай ағызуға дайын ем. Енді міне, мен өмір сүруім керек. Менің құрбандығымды ешкім қабыл алмады. Рим империясында жалғыз адам тірі қалатын болса, ол мен екенмін. Оны айтасың, сенің алдыңда ғана келген адам, жалғыз қызым мен күйеу баламның өлгенін хабарлады. Әйелім де, барлық сарай адамдары да шейіт болды. Мен мұның бәрін садақадай жеңіл қабылдағам, өйткені өзім де өлем деп ойла- дым. Ал ол болмады... Өлімге ұмтылған барлық әрекетім суға сигендей мәнсіз, ақылсыз құрбандық болды... Өлтір, мені Одоакр, өлтір!.. 

Одоакр (Ұлтуған). Жанын қайғыға жеңдірген адамның сөзі бұл. Бағыңды басқа теппей, жинал да, мені Империяңа қабыл ал. 

Ромул. Сен қорықтың. Қорқынышыңды талақ таста да, өлтір мені. Өлтір кәне!.. 

O д о а к р. Өз халқыңның тағдырын ойлаған едің, Ромул, енді, жауыңды ойла. Сен мені Империяңа қабыл алмасаң, екеуміз тізе қосып қимылдамасақ, бар дүние жиеніңнің қолында қалады. Онда қаруынан қан тамған жаңа Рим – Герман империясы пайда болады. Олай болса, сенің өміріңнің шынында да мәнсіз, ақылсыз өткені. Сен өз ұлылығыңды аяқ асты қылма, Ромул, мынау дүниені бір-ақ адам басқара алады, ол сенсің Ұлы Ромул.

Р о м у л. Жоқ... Басқаға шама жоқ, шама жоқ... Сен менің қолымнан ақталар шындығымды қағып түсіргенсің. 

O д о а к р. Бұл сенің соңғы сөзің бе? 

Р о м у л (тізесін бүгеді). Өлтір мені. Тізерлеп тұрып сұрағаным осы болсын, өлтірші, құдай үшін!.. Өлтір!.. 

O д о а к р. Мен сені көмектес деп зорлай алмаймын. Жағдай қиын екені рас. Шынын айтсам сені өлтіре де алмаймын. Мен сені сүйемін.

 

Ромул мен Одоакр киімдерiн шешіп сахна сыртына кетеді. 

 

Кафедегі әңгіме қайта жаңғырады.

 

С ә л м е н. Кәне, кел, Арыстан жарығым. Сенің ана жолы оқыған гениальный пьесаң үшін. 

А р ы с т а н. Гениальный тыңдаушы үшін. 

С ә л м е н. Шынымды айтсам, соны бір актер түсінген жоқ. 

Арыстан. Режиссерің де түсініп қарық болмады білем. 

Сәлмен (сасып). Қой, олай айтпа. Оны білмедім. Ал пьесаңда қапы жоқ. 

А р ы с т а н. Бұны худсоветте неге айтпадың? 

С ә л м е н. Е, онда маған сөз тиді ме? (Арыстан оған сұқтана қарайды.) Айтпақшы, Арыстан жарығым, пьесаңның түп тамырын сол күні түнде ғана түсіндім. Қашанда ақиқатын айтқан дұрыс. 

Арыстан. Ғазекемнің басына барып жүрмісің?

С ә л м е н. Бармағанда... Сол марқұм кеткелі менен күй де кетті... 

А р ы с т а н. Жетпіс сегіз жасында түсіне жетпіс жыл бұрын баз кешкен шешесі кіргенде, кіндікке түскен сақалын жасқа бұлаған Толстой: «Бұл ғаламда сенен басқа мен бейбақта қорған да, қалқан да жоқ екен-ау», - деп зар илеген екен жарықтық.

 

Оңтай көрiнеді.

 

С ә л м е н. Сумаңдаған осыларды жек көремін. Ендігі күніміздің осыларға қарайтынын ойласам асылып өле салғым келеді. 

А р ы с т а н. Отыр. 

O ң т а й. Сәкеңнің жақсы көретін кулуарный ғажаптарына бөгет жасаған жоқпын ба? 

С ә л м е н. Бұларды сайқымазаққа қоя бер. Сен онан да мына сахнада сомдап жақсы бір образ шығар. 

O ң т а й. Әзір сіздер жасай тұрыңыздар, кезек тигенде біз көреміз. 

С ә л м е н. Тіл мен жаққа сүйенген қулар...

 

Арыстан орнынан тұрады. Оған қалғандары да қосылады. Қайдар столдарды таси бастайды. Сахна ортасы бос. Авансценада Қайдар мен кемпірі.

 

К е м п і р. Тамағыңды ішіп кетсеңші. 

Қ а й д а р. Режиссер ерте кел деген. 

К е м п і р. Қиатр, қиатр, деп өлемісің? Отыр. Менімен бірге бір шыны шай іш. Жападан-жалғыз қалғанда қара су да өңештен өтпейді екен.

Қ а й д а р. Қиатр емес, театр. Кафеден іше салам. 

К е м п і р. Кәпісі несі тағы? 

Қ а й д а р. Тамақ ішетін жер. 

К е м п і р. Енді қартайғанда, әйтеуір алжып кетіп жүрме. 

Қ а й д а р. Бәйбіше алжымаған қарттықта не сән бар? 

К е м п і р. Сені сол кастрөлің құртты. Сонан бұзылып келдің. 

Қайдар. Сөйлейді екенсің. Гастроль құртпайды, құтайтады. Әжептәуір ақша тауып келдім емес пе?.. 

К е м п і р. Ақшаң бар болсын. 

Қ а й д а р. Бәрібір, сенің подтекстің – жалғыз ұл, сверхзадачаң – ақша. 

К е м п і р. Не дейді, не дейді мынау? Не былдырлап тұрсың алжыған қариям?..

 

Қайдар жауап қатпай ойланып қалады. 

 

Қайдар. Нұрланды о баста осы театрдың оқуына бергеніміз дұрыс болар еді. Шіркін, Нұрланжан режиссер болып отырса.

 

Сахнаға артистер жинала бастайды.

 

К е м п і р. Қалың жынның ортасында жын- дандырайын дейсің ғой. Сол құрылысы дұрыс. Бір үйге бір жын керек болса сен барсың. Қартайғанда жеттің ғой арманыңа.

Қ а й д а р. Болды енді, о несі? Доғар... 

К е м п і р. Сенімен дауласқан кім бар? (Қайдар жүріп кетеді.) Шайыңды ішпеуші ме едің?..

 

Батырлардың қару-жарағын асынған Сәлмен меп Тарпаң көрінеді. Сәлмен ұзын бойлы, иықты. Тарпаң аласа, бірақ қимылы ширақ, жылдам.

 

Т а р п а ң. Сен тым ерте қартайып кеттің-ау осы. 

С ә л м е н (иығын қозғалақтатып). Оны саған кім айтты? 

Т а р п а ң. Көргенімізді айтпаймыз ба? 

Сәлмен. Өзгеден болмаса да дәл сенен тыңмын. 

Т а р п а ң. Әй, қайдам? Сорайған бойың ғана қалыпты. 

С ә л м е н. Бүріп тастаймын...

 

Сарт-сұрт найза соғыстырады. Қуат оларға ара түседі.

 

Қ у а т. Екі шалға жетпегені не? 

Т а р п а ң. Қалжың да... 

Қ у а т. Мықты артистер жазым болып қала ма деген ғой менікі. Қалжыңдай беріңдер. (Кетеді.

Т а р п а ң. Өзі біздің мерт болғанымызды күтіп тұр. 

С ә л м е н. Енді бір әуп десе бұл да халық артисі болып шыға келеді.

Т а р п а ң. Бұларға қайдағы халық артисі?

С ә л м е н. Баяғыда ортамызда ұлы шалдар барда жанымыз қалмай сыйлап тұрушы едік, ал мына ақымақтарда ол жоқ. Бірдеме десең болды, көздері қанталап шыға келеді, қасиетсіздердің. 

Т а р п а ң. Ойбай қой, ұсақтамайық. (Пауза.) Сен бәрін қой да Мәликеге үйленіп ал. 

С ә л м е н (шошынып). Сен кісі өлтірерсің. 

Т а р п а ң. Өмірі күйеуге шықпай өткен әйелдің қандай болатынын сен ғана біліп қалмайсың ба, ақымақ! 

С ә л м е н. Мәлике Ғазизаның жақын құрбысы емес пе? 

Т а р п а ң. Болған, кезінде болған... Ал енді Ғазизаның жалғыз қалған шалына күйеуге шықсын.

 

Сәлмен ойланып қалады. Режиссер залдан дауыстайды.

 

Р е ж и с с е р. Кәне, бастаймыз. Қобыланды мен Қараман. 

Қобыланды (Сәлмен). Бармысың?.. 

Қараман (Тарпаң). Құрысам етті бар болғанша бұлайша. Көп азабы көп иттей талап, түтіп барады. Қажытты ғой көкжал-ай!.. 

Қобыланды. Зарлама енді, заржақ болған жетім қозыдай. Бұндай күйде көргенше сөнсе нетті жанарым. Оралып шабар дос десем неғып жүрсің тіленшідей тентіреп? 

Қ а р л ы ғ а (М ә л и к е). Тіленшідей?.. 

Режиссер. Мәке, бұл сізге жүйкесі жұқа, белі бос сұрақ емес. Бір ауыз сөзде Қарлығадай батыр қыздың өркеуде, сенімді зіл күдігі жатыр. Ашынған жанның, ашынған ғана емес, намысына сөз тиген сұлу қыздың дүр сілкініп оянған ызасы жатыр. 

М ә л и к е. Қазір... қайтадан бастайын... 

Режиссер (Сәлменге). Сөздің нәрін, бояуын, бүкіл екпін-ырғағын дәл жеткізіңіз. Қобыландының даусынан тау басындағы тас домалайтын болған. 

Қ а й д а р. O, ғажап. Дәл бір Қобыландының сарбазы болғандай сөйлейді. (Таңданып.) Оқығанға дауа жоқ-ау! 

С ә л м е н. Басынан бастайық па? 

Режиссер. Жоқ. Ары кетеміз. 

Қа й д а р (қызығып). Басынан бастасын. 

Режиссер (Тарпаңға). Тареке, кезек сіздікі. Қайдар аға, бөгет жасамаңыз, қалмаңыз жұмысыңыздан. (Микрофонды шертіп.) Микрофон неге жұмыс істемейді? 

Д а у ы с (аптығып). Қазір... қазір... 

Қ а й д а р. Кешір, әкебас, жұмыс қайда қашар дейсің? Ет комбинатындағы сиырдың мұздаған саны емес, ағаш түйнектерің не тәйірі?! Неге екенін қайдам, сенің сөзіңді тыңдағым келеді де тұрады. Ғажап сөйлейсің-ау, әкебас!

 

Шалдың сөзін қызық көріп бәрі күледі.

 

Қ а р а м а н. Сенің басыңның билігі мен осы зындан кілті де, қамау, қоршау көші де балуан қыз Қарлығаның қолында. Сол Қарлыға қыз бұйырған аманатпен келіп тұрмын.

Қобыланды. Не қыл дейді? 

Қ а р а м а н. Қияс қастан көңілден Қобыланды қайтсын дейді. 

Қ о б ы л а н д ы. Орайына не дейді? 

Қ а р а м а н. Оң шырайым болар дейді. Зынданнан шығарам, бірақ, шырғамда қалат дейді? 

Қобыланды. Қорлыққа сатпақ па екем мен халқым мен Құртқамды. 

Қ а р а м а н. Солар үшін шықсақ етті әуелі. 

Қ о б ы л а н д ы. Құлдыққа сатып басымды 

                                Алмаймын мен азаттық. 

Режиссер. Мен актердің дауысын емес, азаматтың дауысын естуім керек. 

С ә л м е н. Қазір ... Құлдыққа сатып басымды Алмаймын мен азаттық. 

Р е ж и с с е р. Рақмет. Үзіліс.

 

Сахна түкпірінен Атанай шығады. Үстінде Абайдың шапаны, басында Абайдың тақиясы. Ойлы.

 

Г а у һ а р. Атанай, әй, Атанай! 

А т а н а й (мойнын бұрып, лезде). Сен бе едің, Гауһар? Қайдан жүрсің?.. 

Г а у һ а р. Үйіңе телефон соқсам ауырып жатыр дейді. Бүгін тағы хабарлассам театрға кеткен дейді. Сені іздеп әуре сарсаңға түстім. 

А т а н а й. Отыр онда, отыр мына араға. Аяғың талған шығар. Менікі сол жүрек... Анда-санда қысып жанды шығара жаздайды. Қалің қалай, Гауһар? 

Гауһар. Ерекеңнің жылы тақады. Соны өзіңе тапсыруға келдім. Көзбе-көз естіртпесем кейін дауларың көбейіп кетер дедім. 

Атанай. Сені қорғамасақ, кінәламаспыз. Оны айтпа. Қай күнді белгілемексің? 

Г а у һ а р. Сенің айтқаның болады. 

Атанай. Осындағы ел-жұртпен ақылда- сайық. Елден адамдар келе ме? 

Г а у һ а р. Күнін белгілесеңдер, елге хабар айттырамын. Үлкен бастық болған жоқ, жағдайлары болса туған-туыс қара көрсетіп кетер. 

Атанай (состиып). Айтпа мұныңды. Естіртпе. Бастық халық артисі бола алмайды. Артиске бастық болып не көрініпті?.. O несі?.. Біз осында толып жүрген басы жоқ бастық түгілі, корольдерді ойнағанбыз. Айтпа, естіртпе мұныңды. Артист халқы үшін туады. Халқы үшін өледі. Осыны ұқ. 

Гауһар (сасып). Қойдым. Қойдым. Хабарды өзіңнен тосамын.

 

Ол жинала бастайды.

 

А т а н а й. Кел, отыр. Елге бардың ба? 

Г а у һ а р. Ерекеңнің көзі тірісінде барған ем, енді ыңғайы келер деймісің?.. Жалғыз кемпір кімге керек? 

Атанай. Мен елді сағындым, Гауһар. (Құштарлықпен.) Шіркін, туған елге барып жатар ма еді-ау, а?.. Туған жер!.. Сенің қоңыр салқын желіңе кеуде тосып тұруға жазса?.. Сондай бір киелі күндер мен түндер туар ма екен?..

 

Кемпір орнынан тұрады. 

 

Г а у һ а р. Сен де қалжыраған екенсің, Атекем! Қой, қызметіңе бөгет болмайын. (Гауһар кетеді.)

 

Арыстан келеді. Өтіп бара жатқан Арыстанды Атанай тоқтатып алады.

 

А т а н а й. Арыстанжан, осы арадан кемпір көрмедің бе? 

А р ы с т а н. Ерекеңнің бәйбішесі кетті. 

Атанай. Ә?!. (Ойланып.) Отыр. Бір түнгі ұйқымның құны мойныңда. Кітабыңды оқып шықтым. (Ойлы.) Өнер деген бәсеке, бәйге. Сол жарыста әділ бол. Қалғаны бойыңда екен. Сұңқарлығыңа сүйсіндім, қарақұсқа айналып кетпе, жақсы інім. Бар.

 

Арыстан орнына барып отырады. Ол Атанайға жауап айтпайды. Тек мол ырзалықпен басын ғана изеді. 

 

Керім мен Мағауия.

 

Керім (Қуат). Аллай, жазықсыз едім ғой! 

Мағауия (Oңтай). Аузыңда Алла, қолыңда қан, сен итке сенген досыңның қаны. Сен тас жүрек, қара жан кімді аяйсың? Кімді зарлатпайсың? Сатарсың, бүгін бе, ертең бе – сатарсың әлі талайды. Байла! Ұста! Тақ мойнына арқанды. (Ұмтылып.) Өлтір жауызды! (Әйгерім Керімді сүйреп әкетеді. Сол кезде ұмтылып келе жатқан Мағауияның тамағынан қан саулап кетеді.) Лағнат! 

Абай (Атанай). Қан, қан кетті ғой. Мағашым не болды? (Құшақтап отырып қалады. Мағаштың аузынан қан ақтарылып жатыр.

Әйгерім (Әсия) (Керімге есікті нұсқап). Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты деп еді Абай, сол жауыз сен бе едің? Жүзің күйгір! Шық, жүзің күйгір. Лағнет қамытын киіп шық, кет маңымнан. Ер болсаң өл барып, жөнел!

 

Керімді үйден қуып шығады. Мағашқа барлық жұрт төнеді.

 

А б а й (қинала отырып). Ей, сорлы заман, менен аяған қай қастығың қалды? Мен ішпеген у бар ма? Жүрегімді көрші міне? Жарадан сау жер қалды ма? Мұнша ғазап шеккендей не жаздық, не ғайыбым бар? Көп көргенің шер кеуденің әлсіреген тынысы ма? Қасіретті түндер ме? Түннен бетер жұтатқан бейуағы ма өмірімнің? (Мағашты құшақтап күрсініп) Қалай? Қалай? Айтсаңдаршы не боп кетті? Мағашым? (Қанды көріп.) Қан, қан ба? Әлі де тоқтап болмаған жүрегінің қаны ма?

 

Мағашты алып кетеді. Абай жалғыз. Күңіренген жалғыздық. Атанай маңдайының терін сүртіп жоғары отырады.

 

А б а й. Ел кім? Ел сендер ме едіңдер? Ел осылар ма еді? Өткен үшін ұялар, болашақ үшін қорқар шағың болмап па еді? Кешегі Айдар... Бүгін мен... Бет топырағым ішіне тікен тастайын деп келдің ғой, бірақ уытын қайтарар басыртқысы болма са, у қауіпті. Туар ертең жаңа жыл... Келер ертең жаңа төл... Ол сенің жасағыңа шықпас... Лағнет оқыр сендерге... 

O ң т а й. Атекең ғажап ойнады-ау... 

Ұ л т уғ а н. Даусы қандай!.. 

А б а й. Лағнет оқыр сендерге... (Атанай жүрек тұсын ұстап бөгеліп қалады.) 

Режиссер (рампаға атып шығады). Ұстаңдар!.. 

А т а н а й. Сол лағнет алд-ды... Режиссер. Жедел жәрдем шақырыңдар. (Атанайды қолтықтап ұстай береді.) Су әкел...

 

Ел қарбалас жүгіріс үстінде. Дауыстар: «Жүрегі қысып кетті ғой», «Бол! Тездет!» Жедел жәрдем машинасының сирена даусы. Сахна қараңғы тартады. Қайта шам жанғанда, сахнаны жинап жүрген Қайдарды көреміз. Артистер тым-тырыс тарай бастайды. Қайдар сахнаға екінші бөлімге керекті төсекті алып келеді. Қуат қайтып келеді де төсек үстіне отырады.

 

Қ у а т. Қайдеке... 

Қ а й д а р (селк етіп). O не? 

Қ у а т. Сіз осы түс көремісіз? 

Қ а й д а р. А... а, шал не түс көріп қарық болады дейсің. Көретініміз өлім-жітім де. 

Қ у а т. Соңғы кезде түсімде мен ылғи өліп жатамын.

 

Режиссер авансценаға шығады.

 

Режиссер (мұңлы). Отеллоны кім ойнайды? Кім? 

Қ у а т (ұмтылып). Мен! Мен ойнаймын!

 

Режиссер өтіп кетеді. Қуат оның артынан қарап тұрып қалады.

 

Қ а й д а р. Ол шаршағандікі болар.

Қ у а т. Не? А... Түс көрген күні маған айтарсыз...

 

Қуат төсекке келіп шешінбестен құлап түседі. Сахнада шам жанғанда Қайдар жүк тасып жүреді. Қуат ұйқы құшағында. Жедел жәрдем машинасының сиренасы әуелі қатты, артынан баяу, біраз уақыт естіліп тұрады.

 

ЕКIНШІ БӨЛІМ

 

интермедия

Сахнада ағаш төсек, табыт, сары, көк автобус, жеңіл машина, үсті ашық машина, авансценаның екінші шетінде стол мен орындық бар. Төсек үстінде облыстық театрдың майталман артисі Қуат Қылышбаев жатыр. Әрине, ұйықтап жатыр. Әрине, түс көріп жатыр. Қуат Қылышбаев орнынан шошып атып тұрады да қайтадан төсекке отырады. Басын қос қолдап ұстап алып, ары-бері шайқалақтайды. Сонан кейін орнынан жайлап тұрып жан-жағына қаранып сөйлеп кетеді.

 

Қ у а т. Жаңа ғана қылғынып бара жатыр екем. Аяқ-қолымды тырбаңдатпақ болып ем, әлі кеткен денем көнбеді. Қарманып ауа жұтқым келіп аузымды ашпақ едім, жағым сіресіп қалғандай илігер емес, өмір бойы соншама күтіп, баптаған тістерім айқасып қалыпты. Ең соңғы сезгенім бақайымның арасынан боран ұйтқығандай суынғаны, сонан соң аяқ, бел, кеуде, бүкіл денемді суық қари сорып қалшылдатып дірілдетті-ай келіп. Сонан соң, жан тәсілім айғайлағым келді, бірақ гүжілдеген даусым мысық мияулағандай болып әлсіз, қорғаншақ болып шыққаны, мүмкін көмекейде бұлқынған айғай көмекейде қылғынып қалды ма, білмедім? Сонан соң құрысқан денем мұз боп қата бастады. Адам өзінің өлімін өзі сезіп, біліп жатуы неткен сұмдық. Павлов өлер алдында студенттерін жинап, қай мүшесі қай кезде жансыздана бастағанын жаздырып отырған дейді ғой. О, сұмдық-ай! Сонан соң... А, міне газет те келіп қалыпты. (Қуат стол үстіндегі газетті алып оқиды.) Облыстық газеттің соңғы беті. Біреу, екеу... төменнен он үшінші жол. Некролог... «облыстық драма театрының актері Қуат Қылышбаевтың кенеттен қайтыс болғанын хабарлап семьясына қайғырып көңіл айтады».

 

Пауза.

 

Газет бетінде, суретіммен, бір топ жолдастары деп берілетін сый-құрметті басып шығарса іштері кебетін бе еді? Алты жол қайғылы хабар. Басқа ешнәрсе жоқ. Жалпы шындығын айту керек, төртінші бет жақсы шыққан көрінеді. «Жер-жерден хабар», «Алты құрылықта», «Бүгін теледидарда», «Кино», «Театр» – деген қаптаған рубрикалар көз тартады. «Әдебиет бұрышында» жас актер Ұлтуғанның суреті мен бір топ өлеңдері басылыпты. Бір бетте, Қуатқа некролог, Ұлтуғанның өлеңдері... Тек Ұлтуғанның өлеңдері жоғарыда. Қуат Қылышбаевтың некрологы төменде. Өлген адамға рақым ету керек қой. Ал бұлар қатыгездігі мен аяусыздығын өлгенде де аяр емес. Өлдің – қалдың. Сұлу кескін-келбетін өлгенде бір көрсетуге болар еді ғой, жоқ, едірейген мұрты ұртын жапқан Ұлтуған тұр ыржиып. Осылар қалай актер болады, дұрыстап суретке де түсе алмайды, осылар қалай азамат болады, жып-жылтыр беттерінде жағымпаздық пен сатқындық атойлап тұр. Түкке түсінбеймін... Тірілтіп алып қайтадан өлтірсең де түкке түсіне алмай өлетін шығармын.

 

Пауза.

 

Орда бұзбасам да орта бұзудан әжептәуір үмітім бар еді. Бойымдағы бар мінім, ешкімге сенбеймін. Ешкімге. Ұлы актер болмасам да, талантты екенімде дау жоқ.

 

Табытты төрт жігіт үйден алып шығып барады.

 

Табытымды театрға апаратын түрі көрінбейді мыналардың. Салтанатты қарауылды да менен көп көрді білем. Қара жердің қойнына бірақ тықпақ қой. Қайтейін, енді қайтейін?!.

 

Табытты қабырғаға соғып алған жігіттер өзара кикілжіңге кірісті.

 

O ң т а й. Әй, оңдап көтерсеңші... 

Ұ л т у ғ а н. Әкіреңдеме... 

O ң т а й. Ой, ішіңді...

 

Табыт қозғалақтап кетеді. Төрт жігіт арпалысып табытты әзер оңдап алысты. Ашық машина үстінде табыт жайғасты. Сол машинаның үстіне туған-туыстары отырысты. Екі автобусқа артистер мен көршіқолаң бөлініп отырды.

 

Қ у а т. Мына қызықты қараңыз... Көк автобуста театр директоры, бас режиссер, екінші режиссер, халық артистері мен еңбек сіңірген артистер. Сары автобус ішінде атақ алудан дәмелі үйрек қарындар мен қызыл көз дәукес жастар, ескіше айтсақ, анда шап, мұнда шаптар. Жаңаша айтсақ, үміт артып отырған бір топ талапты буын. Шалдарша айтсақ, ізбасарлар. Бұл сөз тегінде дау туғызатын сөз. Анада...

 

Ұлтуған орнынан тұрады.

 

Ұ л т у ғ а н. Біз сонда кімнің ізін басамыз? 

Қуат. Біздің. 

Ұ л т у ғ а н. Ал мен ешкімнің ізін басқым келмейді. Қайт дейсіңдер?

Қ у а т. Сен соқыр болды екен деп қалған ел көзін жұма алмайды ғой, балақай. 

Ұлтуған (олай бір, бұлай бір басып, тіпті еденді тепкілеп көреді). Із қайда? Із жоқ. Ендеше біз сіздердің ізбасарларыңыз бола алмаймыз. Ізбасар көптің көпке айтатын сөзі емес, бірегейдің бірегейге ерекше құрметпен, қысыла айтар адал құптауы, бас июі.

 

Ұлтуған орнына барып отырады.

 

КӨК АВТОБУС ІШІНДЕ

 

Режиссер. Әй, Тарпаң, темекі бар ма? 

Т а р п а ң. Болмағанда ше? Болады.

 

Тарпаң қалтасынан папирос алып шығады. 

 

Режиссер (ашуланып). Ішкі қалтаңа сал қолыңды. 

Тарпаң (сасқалақтап). И-иә, қуым-ай! Тиын санаған жүгірмек, ал, мә!

 

Ішкі қалтасынан «Қазақстан» сигаретасын алып береді.

 

Режиссер. Юбилейің тақады, шал, байқа. 

Т а р п а ң. Бердім ғой, әне, тәуірін. 

Режиссер. Ізет керек, шал. Ізет! (Тарпаң өтірік күледі.) Өтірік күлгенді қой. Алатынымды сұратпай бер. Артистер жаппай темекі бұрқыратады.

Мәлике (күрсініп алып). Айналайын, Қуатжан кеше ғана ортамызда күліп-ойнап жүр еді... Бүгін енді ол да жоқ. Бойындағы дарынын толық аша алмай кетті. Атақ-дәрежеге де қолы жетпей аттанды, иманды болғыр... 

Қ у а т. Соқ, соқ өтірікті. Қазір көзінен жас шығады.

 

Мәлике шынында да кемсеңдейді. Бірақ оған ешкім басу айтқан жоқ.

 

М ә л и к е. Қуатжанға жағдай жасалмай кетті ғой, шіркін. Айналайын, пысық еді! 

Oңтай. Ел желкесін қасыса, ол табанын қаситын. 

Қ у а т. Кузьма Прутковтан ой ұрлап соғып жіберді, қасқаң. Анада гарнитур әперіп едім, бұл есе қайырғаны болды.

 

САРЫ АВТОБУС ІШІНДЕ

 

Ә с и я. Отеллоны Қуатқа бергенде, тірі қалар еді. Жүйкесі тозған азамат қатыгездікке шыдай алмай тілсіз кетті. 

Қ у а т. Консерваторияда оқығанда махабба- тымыз жарасып еді, кейін айнып кеттім ғой. Жалпы, Әсия жақсы адам. 

Ұлтуған (кекетіп). Отеллоны ойнайтын Қуат па? Қуат па? Ха-ха дейін. Ол образ!.. 

Ә с и я (сөзін бөліп кетеді). Отеллоны ойнайтын сен болдың, бірақ бәлсінбе?!

Қ у а т. Молодец, Әсия. Жарадың бүгін. 

Қайдар. Әй, балалар, өлген адамды қорламаңдар, ол күнә болады. Күнәкәр болып кетесіңдер. 

Ұ л т у ғ а н. Күнәға белшесінен батып жүріп күнә, күнә деп тақылдауын қарашы мынаның. 

Қ а й д а р. Жаманшылықты айтпа, балам. 

Ұ л т у ғ а н. Арақ ішпедің бе? (Қайдар бөгеліп қалады.) Карта ойнамадың ба? (Шал жөткірінеді.) Көрші ауылдың қыздарына көз салмадың ба? 

Қайдар (жымиып). Болды ғой ондай, уағында болды ғой. 

Ұ л т у ғ а н. Колхоздың қойын ұрламадың ба? 

К е м п і р. Не деген бас бұзар мынасы? Бұл кісінің жүрегі ауырады... 

Ұ л т у ғ а н. Ашаршылық жылы бұл қалай тірі қалған? 

К е м п і р. Бар қазақ қырылса, сен өстіп өзеуреп отырар ма едің? 

Ұ л т у ғ а н. Қалай тірі қалғанын айтсын. Айт кәне?

 

ТАБЫТ САЛЫНҒАН МАШИНА ҮСТІНДЕ

 

Бұл машина үстінде сөз де, дау да, күлкі де жоқ. Іштен тынған үнсіздік бар. Ағайын-туғанның қабақтары түнеріңкі, көңілсіз. Табыттың басында қара шәлі жамылып отырған Қуаттың әйелі орнынан тұрады да, күйеуі жатқан төсекке келіп иығынан түртіп оятады.

 

Тамара. Бүгін консультациям бар. Кештеу ораламын. Тамағыңды өзің ысытып іше аламысың? 

Қ у а т (басын көтеріп). Ішпегенде. Бара бер. 

Т а м а р а. Осы кездің студенттерінің бәрі милау. Сабақ оқымайды. 

Қуат. Кезінде біздің де оқып қарық қылғанымыз шамалы болатын. 

Т а м а р а (тыңдамайды). Еріксіз кештетіп консультация өткізу керек. 

Қуат (ол да тыңдамайды). Бүгін рольдерді бөледі. 

Т а м а р а. «Отеллоны» сен ойнайтын болдың ба?.. 

Қ у а т. Құдай бұйыртса... 

Т а м а р а. Тілектеспін. Ал мен кеттім.

Қ у а т. Жол болсын.

 

Тамара Әбілдің жеңіл машинасына барып отырады. Әбіл оны иығынан құшақтап, бетінен сүйгісі келеді. Бірақ Тамара сүйгізбейді.

 

Ә б і л. Дачаға кеттік. 

Т а м а р а. Көп кешікпейміз. 

Ә б і л. Көреміз. Байқастаймыз, Тамара ханум!

 

Әбіл әйелдің иығынан құшақтайды, Тамара оның қолын иығынан сырғытып тастайды.

 

КӨК АВТОБУС ІШІНДЕ

 

Ойланып отырған режиссер орнынан тұрып авансценадағы столға тақайды. Оның артынан Қуат қозғалады.

 

Қ у а т. Менен артық актер таппайсың дегенім шын болды емес пе? 

Режиссер. Бұл театрда сенен талантты актер жоқ екені рас, Қуат аға. 

Қ у а т. Айттым, шындығын айттым. Соны түсінгеніңе рақмет. 

Р е ж и с с е р. Сіз болмасаңыз, менің өзім түкке тұрмаймын, Қуат аға. Жақсы солдатсыз, генерал тұл. 

Қуат. Бұған қосылуға болады. Театрда кішкене роль жоқ, кішкене актер бар. Солай. (Қуат маңғаз басып орнына кетеді. Бас режиссер тұрып қалады.) Мойындады. Мойындаттым ақыры. (Пауза.) Бірақ... Ішін бермей кетті-ау осы қу... Көр де тұр, қазір жамандайды. 

Режиссер. Құдай оңдап, бір есектен құтылдық білем. Осыны актер етем деп-ақ шашым ағаратын болып еді. Бұл топас оны ұқса жақсы ғой. Бір мизансценаны он көрсеткенде әупірімге әзер іліктіреді. Ал бұл шіркіннің беті бүлк етпестен Отеллоны ойнағысы келеді. Сәлмен де Отеллоның көлеңкесін жасай алмайды, бірақ иттің соғымы жақсы болды. Сәлмен ойнасын. Ойнай берсін...

 

Режиссер автобусқа отырады.

 

Қ у а т. Жаңа ғана айттым емес пе?.. Бұлар сөйтеді...

O ң т а й. Семьясына қолғабыс тигізу керек. Қаншадан жинаймыз? 

Т а р п а ң. Бес сомнан. 

O ң т а й. Гастрольден оралғанымыз жаңа, он сомнан болсын. 

Қ у а т. Ауыздарына құм құйдың, Оңтай. Б-и-с! 

С ә л м е н. Бесеу жетеді. 

М ә л и к е. Не жеті, не сегізге жеткізіңдер. 

Қ у а т. Полубис, Мәлике, полубис. 

С ә л м е н. Он сом еңбек сіңірген артиске, он бес сом халық артисіне, осыдан он екі жыл бұрынғы келісім. 

Тарпаң. Дұрыс. Өткенге тас лақтырсаң, қайтып айналып келіп маңдайыңды бомба боп шағады. Өткенді ұмытуға болмайды. (Пауза.) Жалпы, мен сендерге айтайын, өнер адамы ұзақ ғұмыр кешуге дайындалуы қажет. Фома Карри деген ағылшын 207 жыл өмір сүрген. Он екі корольді о дүниеге аттандырып барып жаны жай тауыпты жарықтықтың. Порр деген ағылшын 120 жасында жас қызға үйленіп, екі бала сүйіпті.

 

Артистер даурығып күле жөнеледі.

 

O ң т а й. Тарпаңды дәл қазір үйлендірсең де түк шықпайды. 

С ә л м е н. Оны дәлелдеу керек. 

O ң т а й. Мәлике, тақашы, жақындап көрші, кәне... 

С ә л м е н. Шешесіндей кісімен ойнағаны несі?

М ә л и к е. Ей, тәйірі-ай, осында қанша қуат бар дейсің? 

O ң т а й. Тақап байқа, кәне.

 

Пауза.

 

Сәлмен (Мәликеге). Осыларды да адам дейміз-ау.

Қ у а т. Құртақандай маса шаққан жерінде шоқпардай ісік қалдырады. (Машинадағылардың бәрі орындарынан тұрады.) Табытты табанда көміп тастады. Бірер ауыз қоштасу сөз сөйлесе нелері кететін еді? 

Режиссер. Болыңдар. Қуат қайтып тірілмейді. 

Қ у а т. Өліктің соңынан да қарғыс айырмаған қазағым-ай... Сен неден?.. неге бүліндің екен? Бәрін ұқсам да дәл осыңды, осы зиянкес қызғаншаққырсықтығыңды ұға алмай кетіп барам-ау...

 

Жұрт машиналарға қайта жайғасады, өксігін баса алмай отырған жалғыз Әсия. Шын қиналғаны, қатты қамыққаны аңғарылады.

 

Соқыр боп өткен қор тірлік, үйленетін әйел Әсия екен ғой, білсемші соны, сезсемші соны.

 

Ел лезде тарап кетеді. Қайдар машиналарды жинап жатыр. Таяғына сүйенген Атанай көрінеді.

 

А т а н а й. Қорықтым ғой мен сенен... Сені еңсесі биік толқын ба десем, толқынның алдын алар шуылдық көбік пе едің? Өспей жатып шіріген шыбық, толмай жатып тартылған көз, жанбай жатып сөнген шырағдан болғаның ба?.. 

Қ у а т. Мынасы қайдан келіп еді. (Қорғанып.) Неге түңіліп тұрсың? 

А т а н а й. Қараңғылығыңа, надандығыңа түңілдім. Жүрегіңде жылу жоқ, бойыңды сызды күдік пен жәдігей қанышерлік жайлап болған екен. Қанды ауыз қасқыр тобырымен келіп талар, жер, бір күнгі тойынғанына мәз болар, талағаны да, жегені де үйірлесі екенін кейін Арыстанға жем болғанда бір-ақ сезер. Тілегенің сол болса бар, тала, же, жұт, өлтір... 

Қ у а т (екі қолын қалқалап). Жоғал... Құры...

 

Атанай кетеді. Қуат төсекке құлайды. Будильник шарылдап қоя береді. Қуат шошып орнынан атып тұрады.

 

Қ у а т (шошынып). Не, не болды?.. (Будильникті өшіреді.)

 

Пауза.

 

Құны арзанның даусы ащы. Күйеуінің көзіне шөп салатын әйелдің даусы жұмсақ, ойыны қатты. Бір таңда екі келісті афоризм, кез келген драматургке сатуға болады. (Пауза.) Түске қай-қайдағы кіретін болды. «Отеллоны» бөліп болғанша жан тапсырып кетіп жүрмейік. (Пауза.) Тұр, Қуат ағасы, сені алдыңда ұлы істер тосып тұр! (Қуат жылдам киініп, кефир мен нанын жеп шығуға айналады.) Тамара, мен кеттім. Бүгін «Отеллоны» бөледі. 

Тамараның  даусы. Консультациям бар, бүгін кеш келем. Тамағыңды өзің қыздырып іш.

 

Есіктен шығып бара жатқан Қуат көрермен отырған залға шошына қарап тұрып қалады. Қайдар төсекті алып кетеді. Қуат авансценада Ұлтуған мен Күләшқа жолығады.

 

Қ у а т. Хал қалай, селтеңбайлар? 

Ұ л т уғ а н. Сізше айтсақ, өкіріп тұр десе де болады. 

Қ у а т. Осы сенің өлеңің газетке шықты ма? 

Ұ л т у ғ а н. Есіңіз дұрыс па? Өлең менің не теңім? 

К ү л ә ш. Ағамыз тағы жайсыз түс көрген болды ғой. 

Қуат. Ой, қулар-ай! (Ұлтуғанның танауынан қысып алады.) Чужой нос другим соблазн. Кім айтқан? 

Ұ л т у ғ а н (қолын қағып). Сіз боларсыз... 

К ү л ә ш. Кузьма Прутков. 

Қ у а т. Дұрыс актер болу үшін, ұлыларды жаттау керек.

 

Олар сахнадағы актерлерге қосылады.

 

ТЕАТРДА

 

Репетиция алдындағы қарбалас. Декорацияларды тасып жүрген Қайдар өтіп бара жатқан  Арыстанмен амандасады.

 

А р ы с т а н. Жүр, чехтың сырасынан ішкізейін. 

Қайдар. Жо-жоқ. Рақмет. Жұмыс. Ренжіме жарай ма? 

А р ы с т а н. Қашанғы ренжиміз? Азғырғанға көнбейтініңді көрдім. 

Қ а й д а р. Көреміз...

 

Ол кетеді. Сәлмен келеді. Қайдар оның алдында бұрынғыдай елпеңдемейді.

 

Сәлмен. Театрдың ағашын тасығанға үйреніп қалдың, білем. Театр киім ілгіштен басталады деген ұлы Станиславский. Бізше айтсақ, жұмысшысыз театр тұл. 

Қ а й д а р. Режиссер болғанға не жетсін, шіркін?! 

Сәлмен. Театрда басты тұлға – актер. Майдан даласының тағдырын генерал емес ең әуелі солдат шешеді. Білдің бе? Театрдың тағдыры актердің қолында. Білдің бе? 

Қ а й д а р (сабырлы). Маған почерк керек. 

С ә л м е н. Не? 

Қ а й д а р. Почерк. 

С ә л м е н. Сен оның не екенін білемісің? Ана Арыстан қыңырға еріп тапқан сөзін қарашы. Ата сақалың аузыңа түсті, бос сөзге ерме. Әуелі айтар сөздің төркінін түсініп алу керек. Білдің бе?

 

Сәлмен кетіп қалады. Қайдар жұмыс қамында. Артистер өтіп жатыр.

 

Ұлтуған. Сәлем, Қайдар аға. 

К ү л ә ш. Сәлеметсіз бе, Қайдар аға. 

Қ а й д а р (күлімсіреп басын изейді. Ымдап Ұлтуғанды шақырады). Бері кел. 

Күләш. Ұлтуған, репетициядан қалып қоямыз. 

Ұ л т у ғ а н. Қазір.

 

Күләш кетеді.

 

Қайдар. Екеуіңнің осылай тату жүргендеріңді ұнатамын. Әдемі. Мен білсем, Күләш жақсы қыз. Солай ғой. Солай. 

Ұлтуған (күліп). Есте болсын... рақмет, Қайдар аға.

 

Ол кетеді. Оңтай көрінеді.

 

O ң т а й. Мал-жан аман ба, Қайдар аға? 

Қ а й д а р. Е, аманшылық. Атанайдың жайы қалай екен? 

O ң т а й. Ауруханаға жете алмай жүрмін. Ұяттау болды. (Пауза.) Бүгін бәсеңсіп тұрсыз ғой, Қайдар аға. Қашанда кеудені керіп, сыр бермей жүру керек. 

Қ а й д а р. Ар жағы бос болған соң, ол кеудені кергеннен не пайда?

O ң т а й. Бер жағын мықтасаңыз болды да? 

Қ а й д а р. Ол құрғырдың ар жағы болмаған соң, бос шелектей даңғырлаған бер жағынан не шығар дейсің? 

Оңтай (алақанын шапалақтап). Қайран Қайдар ағам-ай, бойыңызда небір асыл қасиеттер баршылық-ау. Кезінде оқу оқығанда қазір дөкей бір бастық болып отырар едіңіз. 

Қайдар (өкініп). Бастықтықты қайтем, арман артист болу еді ғой. 

O ң т а й (таңданып). Солай ма? (Қуат көрінеді. Екеуіне де қол беріп амандасады. Оңтай Қуатты иығынан құшақтайды.) Нешауа дейді біздің ауылдағы апаларымыз. Мына жаман інілеріңіз атақтан атақ қоймай ала берсін деп тілеңіз. 

Қ у а т. Атақ алдамшы азық. 

O ң т а й. Сенің де суырып салатының бар-ау осы. (Қайдарға.) Уәдеде тұратын азаматыңыз осы жігіт. Айтпайды, айтса орындап шығады. 

Қ у а т. Жаман әйеліңе ұнады ма? 

O ң т а й (Қайдарға). Қатқан гарнитур алып берді. (Қуатқа.) Біздің үйдегі ақ патша Тамара екеуіңді қонаққа шақырам деп сыбанып жүр. 

Қуат (жымиып). Онда жылдамдат, Оңеке! «Отеллоға» кіріспей түрғанда сіздің үйде сілтеп қалайық. 

O ң т а й. Саспа, оны қатырамыз. (Декорацияларды тасып жүрген Қайдарға.) Қайдар аға, апам сізді театрдан қызғанып жатқан жоқ па? 

Қ у а т. Көкала мылжыңның дәл өзісің ғой. 

O ң т а й. Актер бәрінен хабардар болуы керек. Немирович-Данченконың айтқаны.

Қ а й д а р (мырс-мырс күліп). Басына орамал байлағандар қартайса да тергеп, тексеріп отырады. Oңтай. Онда апамыздың мықты болғаны ғой.

 

Оңтай мен Қуат күледі. Жүгіріп кинорежиссер келеді.

 

Кинорежиссер. Салют! Режиссерлерің қайда? 

O ң т а й. Әлі келген жоқ. 

Кинорежиссер. Қап!.. Енді не істедік? 

О ң т а й. «Қазақфильмнің» қырғаны шамалы. Секеңдемей жөн тұр. Кинопробаға шақыр десем бәлсінеді анада. 

Кинорежиссер. Кино саған шаң басқан сахна емес. Кино – үлкен шаруашылық. Кино –  ұлттық өнердің ең биік межесі, болашағы. 

Қ у а т. Театр өткен шақ. Солай ғой? Ол ертекті естігенбіз. Құдайға шүкір, театр әлі тұр. Театр өлмейді. 

Кинорежиссер (Қуатқа бағдарлай қарап алып). Бір дубль жасап жіберейікші. 

Қ у а т. Ол не? 

К и н о р е ж и с с е р. Саған түк те емес. Алты-ақ сөз айтасың. Бір минут тұлып киіп тұрсаң болды. Бәрін түсіріп күзетшіні ұмытып кетіппіз. 

Қ у а т (ашулы). Жоғал найсап! 

Кинорежиссер (сасып). Не? Не?.. 

Қ у а т. Сен кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білемісің? Құры көзімнен.

 

Қуат сасқалақтаған кинорежиссерге алая қарап кетіп қалады.

 

Кинорежиссер. Ауру. Күзетші болып Олег Ефремов те ойнаған. Ал мыналар түрлеріне қарамай арлануын қарашы. 

Оңтай (жұлып алғандай). Әй, жаман бала, мен барып түсейін. 

Кинорежиссер (Оңтайға қарап). Сен күзетшіге тым ақылдысың! (Шетте темекі тартып отырған Қайдарды көріп қалды.) Ақсақал... ақсақал. 

Қ а й д а р (кейіп). Ақсақал емес, аға де... 

Кинорежиссер. Өзім ауырып қалғаннан сау ма екенмін? (Пауза.) Ертеде осы театрдың адамдары адам сияқты еді. Қазір жұмысшысына дейін қожаң-қожаң етеді. (Қайдарға бұрылып.) Қолыңызға мылтық ұстап, тон киіп бір минут тұра аласыз ба? 

Қ а й д а р. Е, неге тұра алмаймын? Тұра алам. 

Кинорежиссер (қолынан тартып). Онда кеттік. Сіз дәл келесіз. Дикцияңыз да жарап тұр. Бір дубль жасап жіберейік. Түкте қорықпаңыз. 

Қ а й д а р. Жұмыс бар ғой. 

Кинорежиссер (сасқалақтап). Бір-ақ минут. Қазір-ақ келесіз. Машинамен әкеп тастаймыз.

 

Қайдарды жетектеп алып кетеді.

 

O ң т а й. Ақылдысың?.. Ендеше ақылды фильм жасаңдар. Ақылды актер бар.

 

Сахнаға режиссер шығады. Оның соңында актерлер. Режиссер залға түсіп кетеді.

 

Р е ж и с с е р. Дайынсыңдар ма? Бастаймыз! 

Дауыстар: 

– Өлтіремін! 

– Өлтір. 

– Өлтіртпеймін. 

– Сал сапыны. 

Ә й г е р і м (Мәлике). (Ажарды қорғап). Тарт қолдарыңды, өлтіріп көр, кәнекей!.. (Жұрт іркіліп қалады.

Ж и р е н ш е (Қуат). Немене, екі туып бір қалғаның ба еді? 

Мағауия (Оңтай). Туғанына қасқыр да қайырылады. 

А й д а р (Ұлтуған). Айналайын Мағаш-ай, есімнен кетпес сөз айттың-ау! 

Ж и р е н ш е. Айтарсыңдар әлі, осы елдің игі жақсысын қиянаттап «Қайран сөзім қор болды, тобықтының езіне» деп, жас-кәріге жар шашып жүрген сен сұм емеспісің? 

Мағауия. Оны айтқан бұл емес. 

O р а з б а й (Тарпаң). Енді кім? 

Режиссер. Зілдірек сөйле. Бұл сұрақ қана емес, қанды балақ дойырдың бұйрық-үкімі де. 

O р а з б а й (зілді). Енді кім? 

Мағауия. Айтқанның басын алсаң табылады. Айтқан – Абай, менің әкем. 

А й д а р. Жазған Абай, айтқан мен, айтқызған сендерсің. 

Ж и р е н ш е. Кім дейсің? Өзің кім? Халық ортасында кімнің абыройын төгесің, сен сұм? Қанқұйлы топта неге сарнайсың? 

А ж а р (Күләш). Қанқұйлы өзің, садаға кеткір! 

А й д а р. Ажар, жаным!.. 

А ж а р. Неге бермейсің, сыбағалы жауабын? 

Ж и р е н ш е. Айтып көрсін, тексіз құл! 

А й д а р (Ажарға). Қиналма! Қапқан иттен өш алам деп мен де қапсам, аузымда не қасиет қалар еді? 

Жиренше. Естимісің түге, көрдің бе? Бұл сұм мынау ісімен бір өртесе, тіл-жағымен тағы өртеп жүр.  Жер өртеп жүр. Ит дегені кім? Көздерің бар ма, көремісің, жоқ па? 

М а ғ а у и я. Жөніңмен алмай, тобыңмен алмақ па едің? Бермеймін. 

Жиренше. Не деп тұрсың? Ей, балам, телі мен тентек сені тапса, сені де құдай табар, ұлықтан кәр кетсе, халықтан ар кетеді. Қорлық пен сұмдық ат мініп, түйе жетелеп келмес, келгені мынау ғой... O р а з б а й. Жой, жоғалт көздерін.

 

Оразбайдың жігіттері Әйгерімді, Мағауияны ығыстырып шетке қағып кетеді. Айдар мен Ажардың мойнына арқан салынады.

 

Р е ж и с с е р. Абайдың келуінен бастаймыз. Оразбай жинақы ойна. Ендігі жерде сен, бітіспес жаулықтың бар нышанын айқында. 

O р а з б а й. Жақсы. (Пауза. Абай келеді.). Ей, Абай, ақ-қараны судай сапырасың. Бірақ кірісер жеріңе кіріспейсің, бұл араға килікпе!

А б а й (Сәлмен). Килігемін. Ара түсем. 

Режиссер. Айғайдың керегі жоқ. Сабырлы, салқын ғана жауап болсын. 

O р а з б а й. Кімің еді бұл сенің? 

А б а й. Айдар балам мен бауырымнан артық асылым менің. 

Ж и р е н ш е. Елді бұзған бұзақы ма еді, ендігі барып тапқаның? 

А б а й. Ел кім, ел сен бе едің? 

Ж и р е н ш е. Ел біз емес, құл-құтан ба еді? 

А б а й. Ел сен болсаң, ел ұлына жаның ашыр еді ғой. 

Ж и р е н ш е. Сөйтіп біз бір төбе, мынадай жалғыз-жәутік бір төбе десеңші. 

Р е ж и с с е р. Жарық қайда кетті. Бірінші прожекторды авансценадан әкетпеңдер дедім ғой.

 

Жарық авансценаға, Абайдың бетіне түседі.

 

А б а й (шұғыл бұрылып). Алмастың түймедейі түйедей тастан абзал. Ездің мыңын қайтемін? Өзімнен тумай, елден тусын, бірақ өнері бар ер тусын. Естерің болса, Айдардың сол екенін ұғар едің-ау! 

Режиссер. Несіне айғайлайсың, Сәлмен! Айғайлайтын жерді ат ерттеп күтіп тұрамысыңдар. 

С ә л м е н. Күйінген шақта айғайламайтын жан бола ма? 

Режиссер. Ақыл қашанда сабырлы. 

Қ а й д а р. Дәл айтасың, қарағым, Абай атам бай-шонжардың мысын әжуа-қалжыңмен-ақ қайырып отырған ғой.

 

Артистер де, режиссер де Қайдарға таңдана қарап алады.

 

Режиссер (орнына отырып). Ары жалғаңдар... Мағауия... 

М а ғ а у и я. Өкінбе де қамықпа, Айдар. 

А й д а р. Мені қойшы. Қолмен істегенді мойынмен көтерет те. Қанталаған көздерін қайтейін. Тақымына толатын қасын тапты да зорға тыныштық тапты ғой. Абай ағамды аяймын. Мені айырам деп, кескілескен жау тапты ғой... 

Қайдар (Арыстанға). Біздің Ұлтуған әдеміақ ойнайды-ау, шіркін! Айдар ақын екеніне сенесің де отырасың. 

Р е ж и с с е р. Кім анда күбірлеп бөгет жасап отырған. 

А й д а р. Қайран ел, талай жақсыңды талап өлтірген азу тісі балғадай осы жыртқыштар ғой. 

Оразбай (өз тобынан оқшау шығып, Абайға қарсы кеп). Босаттым деп жауланып тұрсың ғой... 

Режиссер. Жарық! 

Oразбай. Жоқ, әлі босатқан жоқсың, көрермін! 

А б а й. Ағаш оғыңның бірін емес, мыңын ат, тәуекелмен шыдармын. 

O р а з б а й. Атадан бір бездің, ағайыннан екі бездің, қасым сенсің. 

Ж и р е н ш е. Тіленіп келген өзіңсің. Тілеген қастық басы осы деп біл. 

Режиссер. Музыка.

 

Ақырын музыка ойнайды.

 

O р а з б а й. Аруақ бары шын болса, қанатқұйрығыңды отармын. 

А б а й. Сен не дейсің? Сақал-шашың ағарғанша, жақсылыққа шақырған бір лебізіңді естімей өттім-ау. Ей, қу-қу заман, әзелде тағдыр бұйрығы сол болса, қу сыбағам арпалыспен өтер болса, тым құрыса жыртқыш емес, адам ұлымен алыстырсаң етті...

Қ а й д а р (дауыстап). Абай атам қол сермемеген. Сермесе де дәл сенше сермемеген. 

Режиссер. Бұл қайдан шыққан ақылшы!.. 

С ә л м е н (түтігіп). Абаймен малдас тіресіп отырып па едің, сен сорлы. 

Қ а й д а р. Ондай бақытқа кешігіп туып қалыппыз. Абай атамыз білсе де білмегенсіп, жоқтан өзгеге таң қалып отырады екен. «Япырмай, а, қалай ғана жақсы айттың, тамырын тап басып зерттеген екенсің, ондайы да болады-екен-ау» деп тамсана беретін болған көрінеді. 

Режиссер (Қайдарға). Доғарыңыз!.. 

Сәлмен. «Құлға билік тисе, әулиесін ұмытады» деген осы. Бұны саған қай білгіш айтып жүр. 

Қ а й д а р. Ертеде апам айтып отыратын...

 

Бәрі күледі.

 

Режиссер. Болды бастаймыз... 

Сәлмен (ашулы). Мынаны театрға алған кім? Қырық жыл осы сахнаға адал ақы, маңдай теріміз сіңген біздің бетімізден алдырып отырғаның қайсының? Кімді үйретпек бұл өзі? Осы қылықты әдейі жасатып отырған біреу бар, мен білсем. Бұл театрға мынау қымбат па, әлде Отан соғысы жылдары осы театрға орманнан отын тасып аман сақтап қалған біз қымбатпыз ба? Әкетіңдер, құртыңдар мына наданды. 

Қ а й д а р (сабырлы). Сен мені бүйтіп жерлеме, Сәлмен. Күйіп-піспе. Солай ғой. Марқұм Ғазиза тірі болса айтар еді саған... 

Режиссер. Сәлмекең дұрыс айтады. Килік- пеңіз біздің жұмысқа. Сіз сахнадағы жұмысшысыз. 

Қ а й д а р. Оның рас, әкебас. Жұмысшымын. Тағы көрерменмін. Соңғы жиналыста өзің айтпап па едің, «Көрерменнің алдында ұяттымыз, керек десеңіз қарыздармыз», - деп. Солай ғой, солай! 

Ұ л т у ғ а н. Тауып айтты-ау, Қайдар ағам! 

Д а у ы с т а р

– Жөн сөз! 

– Шындықты бүркегенмен тұншықтыра алмайсың! 

– Қайдар аға, неде болса Абай атаңызды өзіңіз ойнап жіберіңіз. 

Сәлмен (қолын сермеп). Шұбар жылан іштен шыққаны ма? (Актерлерге.) Сендердің де қолдағандарың осы болды ма? Тілегендерің мазақ қой. (Қайдарға.) Бар, жөнел, сыпыр мына сахнаны. 

Қ а й д а р (режиссерге). Өзі қолын қалай сермесе, Абайды да солай серметіп тұр. Осы жөн бе екен? Солай ма, солай. 

С ә л м е н (төніп). Әй!..

А р ы с т а н. Жә, өршеленбе. Қайдар құрдас жөн сөз айтып тұр. Ұлық адам қолға ерік беруі мүмкін, ұлы адам ерік бермейді.

Қ а й д а р. Дәл айтады, Арыстанжан. Солай ғой, солай! 

С ә л м е н (сәл шегініп). Ендігі ісім сенімен болсын, қара құл! 

Режиссер (Қайдарға). Доғарыңыз. Килікпеңіз біздің іске. 

Сәлмен. Бұны неге репетицияға енгізесіңдер? 

Ұлтуған. Декорацияларды өзіңіз көтеремісіз. 

Режиссер. Сізсіз де бірдеме жасармыз. Әсия, мына кісіні репетицияға жолатпаңыз. Сахнаны босатыңыз. 

Қ а й д а р (режиссерге қарап қалады). Әкебас, маған бірдеңе жасаған ұнамайды. Өнерде бірдеме жасамайды. Өнер не бар, не жоқ. Екінің бірі. Солай ғой, солай. 

Режиссер (ашулы). Сахнаны босатыңыз. Болыңыз.

 

Қайдар сасқалақтап Арыстанға қарайды.

 

С ә л м е н. Қуыңдар жұмыстан. 

Р е ж и с с е р. Мен сізді тосып тұрмын.

 

Қайдар басын төмен салып шығып кетеді. 

 

А р ы с т а н. Шикарный поступок!

 

Музыка ақырын ойнайды.

 

Режиссер. Сәке, монологты қайтадан бастаңыз. Музыка.

Абай. ...Ей, қу-қу заман, әзелде тағдыр бұйрығы сол болса, қу сыбағам арпалыспен өтер болса, тым құрыса жыртқыш емес, адам ұлымен алыстырсаң етті. (Сәлмен бөгеліп тұрып қалады. Көңілі бұзылған түрі бар.) Сендер ме? Жақсылықпен кімді сүйсіндірдіңдер? Ендеше жаманшылықпен де кімді таң қалдырамын дейсіңдер? Бүксіп, бықсып өтерсің! Я күттім, тостым, тәңір бұйрығын! 

Р е ж и с с е р. Соңғы сөздерді өршіген өкінішпен жеткізбес пе?.. 

А б а й. ...Жақсылықпен кімді сүйсіндірдің? Ендеше жамандықпен де кімді таң қалдырамын дейсің? (Пауза.) Жақсылықпен кімді сүйсіндірдің? Ендеше... Жоқ, бүгінше болмады. Кешке көрейін.

 

Сәлмен ақырын басып шығып кетеді. Артистер де тарап кеткен.

 

КАФЕДЕ

 

Арыстан трубкасын тістеп жалғыз отыр. Алдында кітап жатыр. Ол соны оқу үстінде.

 

А р ы с т а н (оқиды). Мырзалар, мен сіздерді бір орасан жайсыз хабарды естіртуге шақыртып едім. Бізге ревизор келе жатыр... Құдай білдіргендей, бүгін түні бойы түрі жаман екі егеуқұйрық түсімнен кетсінші. Тіпті, өмірі мұндай тышқанды көрген емен, добалдай, қап-қара! Келді де, иіскеп-иіскеп кетіп қалды. Артемий Филиппович, әлгі өзіңіз білетін Андрей Иванович Чмыховтың жіберген хатын оқиын сіздерге. Оның жазып отырғаны мынау: «Сүйікті достым, замандасым және сүйеуішім... және сені де хабарландырайын деп» А! Міне: «Саған білдірмек асығыс хабарым: жоғарыдан жарлығы бар бір төре келді, бүкіл губернияны, әсіресе, біздің уезді қарамақшы. Ол өзін жай адаммын десе де, мен анық сенімді адамдардан естідім. Мен білем ғой, сен де жұрт қатарлы күнәдан мұнтаздай жан емес едің, өйткені ақылды адамсың ғой, құдайдың беріп тұрған несібесінен кім қашады...»

 

Кинорежиссер келіп, Арыстан оқып жатқан кітапқа төнеді.

 

Кинорежиссер. Гоголь... 

А р ы с т а н. Ұнамай ма? 

К и н о р е ж и с с е р. Ең сүйікті жазушым. 

А р ы с т а н. Күзетшіні таптың ба? 

Кинорежиссер. Тапқам жоқ. Театрдағы жұмысшы шалды түсіріп едім, болмады. Көзі ақылды, әттең, көзі ақылды. Менің бұл фильмім құрыды білем. Ендігәрі шала пысқан сценарий алмаймын. Дүмбілез дүние емес, өнер жасау керек. 

А р ы с т а н. Есті адамның сөзі... Кинорежиссер. Сен маған сенбейсің, білем.

 

Бір бөтелке су алып драматург келеді.

 

Драматург. Бұл шіркін ешкімге де сенбейді. Бұны сендіру үшін өлу керек. Асыламысың, атыламысың, бәрібір, өл, құры, жан тапсыр. Осыны сендіреміз деп жақсы қазақтың бәрі өле берсе не болғаны? (Кинорежиссерге.) Сценарийді оқып шықтың ба? 

Кинорежиссер. Қол тимей жатыр. Әуелі фильмді тапсырып алайын. 

Д р а м а т у р г. Алпыс беттік қолжазбаны алты ай оқитын қазақтар ғана шығар. Бір халықтың өнерін сендерге сеніп тапсырып жүрген өзіміз де оңбаспыз. Пьесаны қайта жазып жатырмын. Бас режиссердің сөзінің жаны бар секілді. 

А р ы с т а н. Саған сағат санап емес, секунд санап ақыл қосылайын деген екен. 

Драматург. Атанай шалға да пьесаны қалдырып кеттім. Ұмытпай тұрғанда айтып қалайын, саған ауруханаға соқсын деді. 

Кинорежиссер. Тәуір ме екен? 

Драматург. Дәрігерлер тұруға рұқсат етпепті. Әзір басын көтеріп отыр. Ал мен кеттім. Режиссерді тауып алуым керек.

 

Драматург кетеді.

 

Кинорежиссер. Атекеңді бас рольге салып қалайда бір фильм түсірсе. Қазақтың ұлы актері сол кісі. 

А р ы с т а н. Орысша ойлайтын саған да қазақы ұғым дариын деген екен. 

Кинорежиссер. Саған тартуға тырысып жүрміз ғой.

 

Қайдар имене басып екінші столға тақайды.

 

Қ а й д а р. Арыстан шырақ!.. 

А р ы с т а н (орындықты нұсқап). Кел, кел бері, Қайдар құрдас. 

Қайдар (қысылып). Оңаша сөзім бар еді... (Арыстан Қайдарға тақайды.) Бұйрықты оқыдың ба, Арыстан шырақ? 

А р ы с т а н. Сөйтіп жұмыстан қуылдым де, Қайдар құрдас. 

Қ а й д а р. Солай болды, қу жалған... Өмірі бір бастық жұмыстан қудалап көрмеп еді, енді қартайғанда басқа түскен мына қорлық сүйектен өтті-ау, Арыстанжан. Енді не істедім? Кімге барып шағынайын, кімнің аяғына бас ұрайын? Ақыл қос, Арыстанжан. 

А р ы с т а н. Бас ұрғаның не? Таста бұл сандырақты. Тақтан түскендей күңіренгені несі?.. (Иығынан құшақтап.) Жүр, бөлмеге барып күй тыңдатам. Сенің ауруыңның жалғыз емі күй тыңдау. 

Кинорежиссер (тақап келіп). Ақсақал фильмге енгізе алмадық. Өкпе артпаңыз. Ойнауын келістіріп-ақ едіңіз... 

Қайдар (қолын сілтеп). Мені алдағаның жөн, өзіңді алдап қайтесің? Қалсын тәйірі. Өздерің аман болыңдар. 

Арыстан (кинорежиссерге). Сау тұр.

 

Кинорежиссер кетеді. Қайдар мен Арыстан авансценаның екінші шетіне қозғалады. Орындыққа жайғасады.

 

Қайдар. Мені театрдан қуғанда қай құмарларын тарқатады бұл халық. Әйтеуір бір пендеге декорациялар тасу керек емес пе? Енді қайтып жұмған аузымды ашпадым, керек десем де режиссер бала илігер емес. 

А р ы с т а н. Өзі де көп мылқаудың қатарын көбейтейін деп пе едің? 

Қайдар (назар аудармай). Ендігі жерде ...театрсыз өмір сүруім неғайбыл... Құсадан өлетін шығармын...

 

Арыстан радиолаға күйтабақ қояды. Сахна жұмысшысы (жаңа жұмысшы) келесі көрініске керекті декорацияларды таси бастайды. Араарасында тоқтап темекі тартып алады. Қайдар оған қызғана қарап отыр. Шопеннің адам жанының нәзік қалтарысын дәл басатын ноктюрны ойналады.

 

Қ а й д а р. Бұл – өмір бойы жанды жеген арман еді ғой. Пенсияға шыққан күні театрға жетермін-ау деуші едім, жеттім. Театр да ұнады, сендер де ұнадыңдар. Ұнады деген сөз нәрсіз... Театр мен үшін бақыт еді ғой. Мен тіптен бұрынғы Қайдар емес, басқа Қайдар секілдімін... Түлеп, түрленіп кеткендеймін... Шіркін тойымсыз көңіл-ай! (Қайдар сөмкесінен бірнеше бөлке нан, тағы басқа тағамдар алып столға қояды.) Ұлтуғанды шақырып әкеп бер.

 

Бұл кезде Ұлтуғанның өзі келеді.

 

Ұ л т у ғ а н. Айналайын Қайдар аға, бізден түңілдіңіз-ау. Қолдан келер дәрмен болмады... 

Қ а й д а р. O не дегенің, қарағым?! Сендерге өкпе бар ма? Кел, отыр. Қоштасу банкетін жасаймыз. 

А р ы с т а н (енді ғана басын көтеріп). Банкет емес, а-ля-фуршет! 

Қайдар (жымиып). Атын құлпыртқаныңмен заты бір ғой, Арыстанжан.

 

Шопеннің ноктюрны ойнап тұр. Ұлтуған стакандарға арақ құяды. Олар үнсіз арақ ішіп отыр.

 

Қ а й д а р (жұлып алғандай). Ау, Арыстан құрдас, мен бір амалын тапқандаймын. (Жымиып.) Кемпір екеумізге пенсиямыз да жетіп тұр, осы жұмысты тегін істеймін десем қайта қабылдар, а? Неге қабылдамасын? Тегін істесем, а?.. 

А р ы с т а н. Сені қайтып алу үшін, режиссерге бір емес, екі бас керек. Біреуін халық артистеріне береді, екіншісін анда-санда пайдалану үшін өзіне қалдырады. 

Қайдар (ойланып). Келін түссе де қойдың соры, кісі өлсе де қойдың соры деуші еді атам қазақ. Режиссеріңе өкпем болса да, кегім жоқ, оны Сәлмендерге тірідей жұтқызбай-ақ қойдым. 

А р ы с т а н. Осы қыс жараңды жалап жата тұр. Жаз шықса бір реті болар. 

Қайдар (көңілденіп). Сүйдеші... Өстіп көңілімді бір көтеріп тасташы, Арыстанжан. Ал, құй, ана арағыңнан.

А р ы с т а н. Арақ емес, коньяк. Білместігіңді ұнатпағанмен, қарқыныңды ұнатып отырмын. 

Қ а й д а р. Ішімді өкініш өртеп барады ғой. (Пауза.) Ұлтуғанжан, жастарды шақырмадық-ау... 

А р ы с т а н. Өкінбе, құрдас. Ел түсінде ғана көрсететін жұдырықты сен өңіңде көрсетуден тайынбадың. Батыр құрдас, сен үшін ішеміз. 

Ұ л т у ғ а н. Антракт басталды мен қазір келемін.

 

Ұлтуған кетеді.

 

Қ а й д а р. «Отелло» деген кім, Арыстанжан? 

А р ы с т а н. Шекспирдің ұлы мавр туралы пьесасы. 

Қ а й д а р. Ендеше сол мықтыңды Сәлмен ойнаймын деп жүр. 

А р ы с т а н. Олар кімді ойнауды біледі, қалай ойнауды, неге ойнауды білмейді... Әуенді ұғып отырмысың? 

Қ а й д а р. Жоқ. Терең тартып жатыр екен... 

А р ы с т а н. Бұны мен де ұғып болғам жоқ. Қазір түсінушілер аз, дәлелдеушілер көп... Сәлменді көптен білемісің? 

Қ а й д а р (мүдіріп). Бір ауылданбыз. Ғазиза деген ұлы әйел еді-ау, шіркін! Бұл қазақта енді ондай әйел баласы туылмас... Сол ауылдың бетке ұстар әншісі мен болдым. Отызыншы жылдары елден оқуға бала жинады. Жалғыз шешем мен қарындастарымды тастап оқуға кете алмадым. Бір арбаға тиеліп ауылдың өнерлі деген балалары кете барды. Сол кеткендердің ішінде Ғазиза мен Сәлмен де болды. «Қайтсең де жет, күтем», - деп Ғазиза еңіреді. «Жетем» деп серт бердім. Оған болды ма?.. Ауыр жылдар басталып кетті. Несін айтасың?.. Шешей қайтыс болды... Шиеттей-шиеттей топты бала-шаға... Кезінде оқуын оқығанда, жаңағы маврыңды ойнап-ақ тастар едім. 

А р ы с т а н. Ойнай алмайсың... Ол асқан дүлдүл актердің ғана өресі жетер бейне. 

Қайдар. Көңілге қарамайсың-ау, Арыстанжан. Дүлдүлге қол жетпесе, бер жағындағысын оңдар едім ғой. 

А р ы с т а н. Дүлдүл болмаған соң, бер жағының шаңын жұтып күн кешу күнә емес пе? 

Қ а й д а р. Онда сенікі не, Арыстанжан?..

 

Бөлмеге дабырласқан жастар енеді.

 

Ұлтуған. Жастарыңыз жетті, Қайдар аға. Бәрі де Сізден кешірім өтіне келіпті. 

Қайдар. Пәле, сол да сөз бе екен?! Келіңдер, алыңдар! 

Ұ л т уғ а н. Қайдар аға, бата беріп кетіңіз. 

Қайдар (сасып). Қой, бата бергені несі? Қасиетті адам болсам бір жөн. 

Ұлтуған (күліп). Тост есебінде болсын. 

Қайдар (қулана жымиып.) Олай болса... Ел ішінде адам болыңдар, ит ішінде арлан болыңдар! Әумин!

 

Қайдар Қамсызовтың өзі бастап күле жөнеледі.

 

АУРУХАНАДА

 

Төсек үстінде Атанай жатыр. Жаңа ғана укол салып болған медсестра шығуға бет алған. Атанай есікке ұрлана көз тастап алып, төсек астына жасырған кітабын шығарады. Кітап беттерін парақтап, керек жеріне жеткенде оқуға кіріседі.

 

А т а н а й. «Зинаһар, сендерден бір сұрайын деп жүрген ісім бар: осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай? Қайраты қайтқан шал мен жастың бәрі бітім қылады, шалдар өздіөзі көп құрбыдан айрылып азайып отырса да, біріменен-бірінің бітім қылмайтұғыны қалай? 

Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, «жарықтық» деп жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам болса да, танымайтұғыны қалай? 

Екі жақсы бір елде сүйіскен достығында тұра алмайды. Кейбір антұрғанның тым-ақ тату бола қалатыны қалай? (Палатаға режиссер енеді. Атанайға бөгет жасағысы келмей бөгеле береді.) Көп кісі досым жетілсе екен демейді, егерде бір жетілсе, бағанағы досына бітімі жоқ дұшпан сол болатұғыны қалай? Елді пысық билегені несі?..»

 

Атанай режиссерді байқап қалып мүдіреді.

 

Режиссер. Сәлеметсіз бе, Атан аға! Көңіл күйіңіз қалай?

Атанай (қуанып). Кел, кел, отыр мұнда. Менің «қалайым» не дейсің, тірі жатқанда, мына Абай атамның «қалайларын» айтсаңшы? Неткен құдірет шіркін-ау, неткен аяусыз турашылдық, «атаның ұлы болма, адамның ұлы бол» деп қара қылды қақ жарып шындықты айтып тұр емес пе? «Дүниеде Абайлар барда несіне абайлап, жалтақтап күн кешкенбіз, құдай-ау» деп күңіреніп отырмын. Мың ісімнің біреуін Абайша бастап, Абайша аяқтай алмай өкінішпен кетердеймін. Солай кетсем, өмірімнің де зая болғанау... 

Режиссер. Атан аға... 

Атанай. Бәрін де ішім сезеді, қарағым. Қайтесің?.. (Пауза. Қолына кітапты алады.) «Қазақты иә қорқытпай, иә параламай ақылменен не жерлеп, не сырлап айтқанменен еш нәрсеге көндіру де мүмкін емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтіменен емген надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген. Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма – сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да, бұрылмайды, сөз айтсаң түгел тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап тұрады. Енді не қылдық, енді не болдық?» (Пауза. Кітапты сырып қояды.) Туған халқын Абайдан артық сүйіп көрген қазақты, сен, аташы маған? 

Р е ж и с с е р. Сынап көрген деңіз. 

Атанай. Сынап-мінеуге, өзгенің кемшінін көзі шалса шалып тастауға келгенде қай қазақтың да сиыр жорға әзіл-оспағы әзір. Абай сынап отырған жоқ, Абай қанға сіңген жаманшылықтан  жиіркеніп отыр. Оның оймақсаты бүгінгінің қалтарысында, болашақтың қойнауында, ол туған халқының ертеңіне алаңдау, оқу менен білімге ұмтылдыру. Қара шал Шыңғыстаудың бауырында жатып-ақ Шығыс пенен Батыстың ұлы ғұламаларындай бірер ғасырлық болашақ заманды ойымен кеше берген ғой... Сола-а-а-й-й!.. 

Режиссер. Атан аға, ауруханадан қашан шығармақ?.. 

А т а н а й. Тағы бір он-он бес күн ұстаймыз деп отыр. Жатудан мен де шаршадым. Маған кеше әлгі жұмысшы шал келіп кетті. Соны жұмысқа қайта алсаңдаршы. Бекер қуғансыңдар. Бекер болған. Мен бұныңды қостамаймын. Қосылмаймын. Мықты болсаңдар ана топырлап жүрген дарынсыздардан құтылыңдар. Өздерін де, елін де алдап жүрген солар емес пе? Сен өзі жұмысшы шалмен сөйлесіп көріп пе едің?.. 

Режиссер. Сөзін де, ақылын да естігем. 

А т а н а й. Ішті адам! Сонан кейін нағыз су жорға әңгімеші екен. Салдырлақ, мақтампаз емес, сабырлы, сыршыл әңгімеші... (Жымиып.) Сенің почеркіңе тиісіпті. 

Режиссер (жымиып). Оны да жасырмаған екен-ау!.. 

Атанай. Жасырып-жабуды білмеген ұрпақ қой бұлар. Айтқан сөзінде тұрған, кісі тыңдауды ұғынған, жек көрсе жасырмаған, жеркенген, жақсы көрсе достыққа иланып барын алдына жайған асылдар бұлар. (Авансценада Қайдар көрінеді. Қайдарға.) Мынауың бір мен естімеген есті әңгіме екен, Қайдеке. 

Қ а й д а р. Осы театрда айта беретін талант дегеніңнің бойға дарымағаны болмаса, әңгіме көп қой, Атеке! Ертеде Шыңғыстауда Байтөре деген асқан әнші, атақты балуан болды. Соның жанынан жақсы көретін Көкмоншақ деген қуса құтқармайтын, қашса жеткізбейтін аты бар еді. Байтөренің атын сыртынан білетін, әніне қанық, тіптен өз елінде атақты әншінің әндерін айтып жүретін өзі де сал-сері жас жігіт қарқаралылық Темір Шыңғыстауға арнайы іздеп келеді. Байтөре оны қонақ қылады, елін аралатады, ойын-тойға, аңға шыққанда қасынан қалдырмай сый-құрмет көрсетеді. Жас жігіттің өнеріне Байтөре де ырза болады. Аға мен інідей болып жарасады. Қандас бауырдай табысады. Сол Темір еліне кетер күні не қалайсың? дегенде, Көкмоншақты қалайды. Байтөре состиып отырып қалады. Ол бұны күтпесе керек. Байтөренің сән-салтанаты, қуанышы мен рақаты, тіптен бары сол Көкмоншақ қана еді. Жар сүймеген, нәресте иіскемеген Байтөренің бар ардақтысы осы Көкмоншақ емес пе еді?!. Соны қалап отыр. Көкмоншақтан айырғанша, өмірден айырсын дейтін Байтөре, атын Темірге мінгізіп жіберіп, үйінің төрінде тас бүркеніп жатып алады. Жеті күн аузына нәр салмайды. Құсадан өлермен болып қиналып күй кешеді. Кесек келбетті жүзі қуқылданып, аласы мол тостағандай өткір көздері қанталап, қақпақтай жауырыны еңкіш тартып кетіпті. Сегізінші күні Темір, Байтөренің аулына қайта оралыпты. Сонда Темір: «Саған еркелеп келіп едім, еркелігімді асырдың, сынап едім қасиетіңді дарыттың, елің ел екен, сен ер екенсің! Құдай берген көңілің бай екен, төрелігің терең екен, Көкмоншағыңды қайтып ал, аға» деген екен. Соны айтыпты да атын тебініп жүріп кетіпті. 

Режиссер. Ол кісінің... (Қайдар кетеді.) Ол кісінің почеркімді жамандағаны рас. (Күліп.) Қызық адам. 

Атанай. Бұл дүниеде адамнан қастерлі ештеңе жоқ. Артистеріңді бағала. Сыйла, құрмет тұт.

 

Сәлмен, Мәлике көрінеді.

 

Мәлике. Есіңде ме, Атанай, соғыс аяқталған жылы гастрольге шығып едік қой. Көкшетаудағы бір ауылда ойын қоюға дайындалып жатқанбыз. Сел жауын бұршақтатып құйды да кетті. Көрермен отырады деп дайындаған қой қорада жалғыз қойшының семьясы ғана бар. Ойынды не бастауға, не бастамауға білмей дағдарып қалдық. 

С ә л м е н. Қыр астындағы екі үйден де адамдар болған. 

М ә л и к е. Жиын саны оннан аспады, білем. Қой қораның іші суық. 

С ә л м е н. Қара күз еді, оның рас. Бірақ ойнадық қой. Жауын-шашынға қарамастан өнерді тамашалауға келген халыққа алғысымыз болды ма, білмедім. 

Атанай. Қалай ойнадық десейші! Барымызды салдық-ау деймін. Әсіресе, сен екеуің керемет ойнадыңдар. 

С ә л м е н. Қараңғы түсе жауын басылды. 

М ә л и к е. Жауын басылысымен ел ат арбаға отырып қойшының аулына ағылыпты. Біз ұйықтап қалғанбыз. 

С ә л м е н. Осы араңда шикілік бар. Сен ұйықтамаған шығарсың. Төрелігін сен айтшы, Атеке. 

Атанай. Шіркін, сол бірнеше түн ұйықтамай жүре беретін кездер қайтып айналып келсе. Әй, келмейді-ау. 

М ә л и к е. Әй, Сәлмен-ай, осы күдікшілдігің ғой, сенің түбіңе жететін. Ғазиза екен ғой, жарықтық, жақсыңды асырып, жаманыңды жасырып жүретін.

А т а н а й. Кемшін кімде жоқ дейсің, айта бер, Мәлике. 

М ә л и к е. Түн ортасында тұрып алып, жалғыз білте шамның жарығында ойнап бердік-ау. 

С ә л м е н. Екінші актінің соңында керосині таусылып шам сөніп қалды. 

А т а н а й. Қараңғы қой қорада Еңлік пен Кебек болып ойнаған сендердің дауыстарың саңқылдап тұрды.

 

Бір топ адаммен сахнаға Еспенбет шығады.

 

Е ң л ік (М ә л и к е). Ей, азаматтар, өлерде үш тілек бар емес пе? Үш-ақ түрлі тілек айтам. 

Д а у ы с т а р. Керегі жоқ. Тыңдамаймыз. 

Еспенбет (Тарпаң). Тоқта, айт не тілегің бар?

Еңлік. Кебекпен арыздасайын. Екінші, өлтірген соң, бір жерге көміңдер. Үшінші, соңғы тілегім, бізде жазық болса да, мына бейшара жетім сорлыда жазық жоқ қой. Ата-анамда ұрпақ жоқ, зарлап өтіп еді, енді мен екеш мен де жоқпын. Соларға табыс етіңдер. Жетім қозы, бұл зарлық зарласа, солардың бауырында зарласын. Бар айтарым осы еді. 

К е б е к (Сәлмен). Кең дүние деп едім, осылай ма едің, сен дүние. Еңлікжан, қимасым, құштарым, кеш мені. 

Е ң л і к. Жалғызым, өзің де кеш.

 

Қараңғылықта қатты атылған мылтық даусы естіледі.

 

Мәлике. Жұрт қалай қол соқты дейсің! Сахналық өмірімде сонша құрмет көрмеген шығармын.

 

Олар кетеді.

 

Режиссер. Актерге де, режиссерге де мол қиял керек. Мен сахнада өзімдік стиль тапқым келеді. Сахналық стиль. 

А т а н а й. Бұның дұрыс. Бірақ сенің қиялың ауа жайылып кетпесін, өйткені қиял белгілі бір көркемдік шешімге ұмтылуы керек. Сен театрға келген бетте сахнаға киноэлементтер енгіздің.

 

Арыстан мен Қуат келеді.

 

Арыстан. Кейін онысынан өзі айнып шықты.

Қ у а т. Театр жаңарып отыруы керек дейтін өзіңіз емес пе едіңіз, Атеке, өз сөзіңіз ғой. 

А т а н а й. Бір актер үшін сахна ессіз жатқан кеңістік. Декорация, тиісті сөзді айтып кетіп жатқан артистер. Бір актер үшін сахна бүкіл әлем, өмір. Сен сахнада да, көрермен отырар залда да жан қалмаған кезде болып көрдің бе? 

Қ у а т. Болғам. 

А т а н а й. Болғам... Күнде болу керек. Осы аурудан құтылсам, шаңы басылмаған сахнада ұзақ отырар едім. Сол күнге жеткізсін. Сахнаны сағынып қалыппын. 

Режиссер. Өнерде күрделілік қиын. Мен соған ұмтыламын. 

А р ы с т а н. Модернизм күрделілік емес. 

Режиссер. Ол сеніңше солай. 

Атанай. Өнерде не қиын деймісіз? Өнер- де күрделілік қиын емес, мен білсем, қарапайымдылық қиын. Майталман актердің үш ерекшелігі, үш құпиясы болады. Ол сөз, қимыл қозғалыс, образ әлемін игеру құпиялары. 

Қ у а т. Американың ертедегі индеецтері түк ауырмаған көрінеді. 

А р ы с т а н. Қырылып жатыр емес пе?

Қ у а т. Қырылғанын айтпаймын. Адамдары өз өлімінен ғана өлетін көрінеді. 

Режиссер. Жасы жеткенде десейші. 

Атанай. Білімі болмаса, заңы болмаса, бастығы мен режиссері болмаса солар өмір сүрмегенде кім өмір сүреді? Қатты айғай естісе, инфаркке құлап түсетін біз емес деші. 

А р ы с т а н. Менің аңшы ағамнан ақылды адам ілуде біреу ғана шығар. Өмір бойы оқу да оқыған жоқ, жұмыс та істеген жоқ. Аңын жайлап жүріп жатыр. Және сол кісіден бақытты да адам жоқ. 

Атанай. Солай де... (Қуатқа.) Сен маған Абайдың бүгінгі алфавитпен шыққан кітабын әкеп берші. 

Қ у а т. Сол менде жоқ. Бір үйге Абайдың бір кітабы керек-ақ еді.

А т а н а й (салқын). Осы сөзің үшін ғана сені көргісіз болуға болар. 

Д а у ы с. Қабылдау мерзімі бітті. Палатаны босатыңыздар.

 

ИНТЕРМЕДИЯ

 

Қайдар Қамсызов ғажап түс көріп жатыр. «Отеллодағы» Лодовико ролін ойнап жүр. Кіммен дейсіз ғой. Атанайдың өзімен.

 

O т е л л о (А т а н а й) O, мен ақымақ. 

К а с с и о (Ұ л т у ғ а н).

Родригоның хатындағы бір кінә 

Қарауылда меніменен ұрыстырған. 

Тағы да Яго болыпты. 

Менің істен қалуымның 

Себебі де осыдан. 

Жаңа Родриго есін жиып, 

Құтыртқан да, өлтірген де Яго деді.

Лодовико (Қайдар). 

Бұл үйден сіз бізбен бірге кетесіз

Әкімдігің алынды, 

Кассио білед Кипрді, 

Мынау құлға келер болсаң, 

Шебер жаза ойлап тауып, 

Ұзақ азап табар болсақ – 

Қолданамыз дәл соны. 

Республика қылмысымды білгенше 

Тұтқында бола тұрасың, 

Жүр, алып жүр! 

O т е л л о. 

Тоқта! Екі-ақ сөз бар кетерде, 

Жұрт біледі, біраз жүрдім, 

Венеция қызметінде. 

Жетті. 

Өтінішім – мынау сорды жазған кезде, 

Сол қағазға, жаманымды асырмай, 

Әлсіретпей барды да, 

Кім едім, соны айтыңыз, 

Айтыңыздар қатты сөгіп, 

Ессіз сүйген жанның жайын, 

Қызғанышқа онша бейім. 

Болмаса да, бір тұтанып, 

Шекке жетіп қалғаным, 

Есалаң индус секілді, 

Патшалықтан құны артық 

Гауһарын атқан дегейсіз. 

Бүгін көнбіс көзімен, 

Нәзік шерді білмесе де бұрында, 

Жастар ақты ем-дәрідей, 

Арабстан ағашынан ағатын. 

Барды айтыңыз, 

Қосымша жалғыз мынау-ақ:

Аллеппада бір күні 

Сәлделі жауыз бір түрік 

Ұрып жатып Венеция адамын, 

Боқтағанда мемлекетті –

Ұстай алып тамағынан, 

Кестірілген сол итті. 

Орып едім былайша, 

(Өзіне-өзі сапы салады.) 

Л о д о в и к о. Қанмен тынды-ау! 

O т е л л о. 

Өлтірмес бұрын сүйіп едім,                     

Ақыр бір сүйіп өлем.                     

(Төсекке құлап өледі.) 

К а с с и о. 

Сезіп ем – қаруы жоқ па деп ем –                     

Зор-ақ еді-ау жүрегі. 

Лодовико. 

Яго – Спартаның төбеті, 

Аштықтан, дауыл, теңізден, 

Сұмдығың сенің асып тұр, 

Көп қасірет жүктерің, 

Анау төсек үстінде. 

Сенің ісің – көрген көзді ұялтар, 

Жабыңыздар. Үйді күзет, Грациано. 

Маврдын мүлкін сіз аласыз. 

Мұрагері сізсіз ғой (Кассиоға.)

Әмірші мырза, 

Залымға сот белгілеп, 

Азап кезін атаңыз, 

Аямаңыз. Мен болсам, 

Жүрем, қасірет хабарын, 

Жеткізем сұмдық тамамын.

К е м п і р. Не дейді мынау? Сұмдық хабары несі? (Қайдарды жұлқылап оятады.) Жұмысқа бармаушы ма едің? 

Қ а й д а р (шошып). Не? Не болды? Қайда? 

К е м п і р. Қайдасы несі? Комбинатқа бармаушы ма едің? 

Қайдар (бетін уқалап). Таң атпай неғылып айғайлап кеттің? Барам ғой. Комбинатың қайда қашар дейсің? Барам. (Қайдар төсек үстінде ұзақ отырып қалады. Бұл кезде сахнаға актерлер жинала бастайды. Бәрі де көңілді. Режиссер артистерге бас изесіп, залға түсіп кетеді.

Режиссер. Сахнаға жарық беріңдер! (Сахнаға бірнеше пистолет сәулесі түседі.) Қуат, екінші сахнадағы Отеллоның монологынан баста! 

Қуат (Отелло гримінде).

Тәңірім маған түйіліп, 

Жіберер болса азабын, 

Төксе-дағы басыма, 

Қайғы, сордын нөсерін, 

Белшемнен батсам жоқтыққа... 

Р е ж и с с е р. Тоқта, басынан баста. 

М ә л и к е (Дездомона киіміндегі Күләшқа). Ең жақсы рольдер саған тиетін болды. Дударбас үшін театрды тастаймын дегенің есіңде ме? 

Күләш (таңырқай қарап). Солай деп пе едім? 

М ә л и к е. Ол жолы ойланып қалып едің. 

К ү л ә ш. Дударбастың не тілегі болса да орындаймын. Мен оны сүйемін ғой, апай. 

Қ у а т. 

Тәңір маған түйіліп,                       

Жіберер болса азабын... 

Арыстан (жүгіріп шығады). Тоқтаңдар, тоқтатыңдар! (Ол сөйлей алмай бөгеліп қалады.) 

Р е ж и с с е р. Не болды, не?

 

Арыстан жауап бере алмай бөгеледі. Телефон шырылдап қоя береді. Ұзақ шырылдайды. Трубканы көтеруге ешкімнің батылы бармайды. Режиссер саханаға өтіп, трубканы көтереді.

 

Режиссер (трубканы қойып, түрі бұзылған күйі). Таңға жақын Атанай ақсақал дүниеден қайтыпты...

 

Жұрт үн-түнсіз, сұлқ тұрып қалған. 

Қайғылы әуен баяу ойнайды. 

Драматург келеді.

 

Д р а м а т у р г (Арыстанға). Атанай шалдың сөзін тыңдап, пьесаны қайта жазғаным оң болды. Жайнап кетті білем, оқып шық. Енді дұрыс болған болса керек. (Қолтығындағы папканы Арыстанға ұсынады. Ол папканы алмайды.)

 

Драматург оның жүзіне қарайды да, жанжағына алақтайды. Еш нәрсені түсіне алмаған қалпы. Оңтай құлағына сыбырлағанда ғана селт етіп тұрып қалады. Самбырлап сөйлеп келе жатқан Гауһар да жайсыз жайды сезгендей, бөгеле береді. Елдің ең соңынан сахнаға Қайдар мен кинорежиссер көтеріледі. Олар да қаралы топқа үнсіз келіп қосылады. Қаралы музыка ойнайды.

 

Драматург. Қайран жақсы аға, қадіріңді кеш ұғынып қалдық қой. Тілдесетін, ақылдасатын жан сен екенсің. Солай екен. Сен ұмыт болмассың. Сен қашанда қазақ өнерінің ар- ожданы болып қаларсың. Сен туралы жазамыз. 

А р ы с т а н. Сен бе?.. Немен жазбақсың? 

Драматург (алая қарап). Бұл сәтте де омпасына түскен сақа құлжадай осқырынғаның не? Немен жазғаны несі? Сиямен жазамыз. 

А р ы с т а н (рампаға тақап). Жүрекпен жазу керек... 

Режиссер (рампаға тақап). Және қанмен. Шындық қанмен жазылады. 

Қ а й д а р (залдан көтеріліп). Табиғаттың тазалығындай тазалық бар-ау мына сөздеріңде. Халқының өнерін ардақтамаған ұлықта, өнерлісін аяламаған халықта не сән, не мағына бар? Айналдым сендерден! Осы адалдықтарыңнан айырмасын сендерді. Айырмасын халқымды!..

 

Қаралы музыка екпіні үдей түседі. 

 

Шымылдық

 

 

Мәскеу, 

1980 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар