Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Рухтың жоқтаушысы – көркем шығарма...

15.07.2022 5326

Рухтың жоқтаушысы – көркем шығарма 12+

Рухтың жоқтаушысы – көркем шығарма - adebiportal.kz

(Рахымжан Отарбаев прозасы туралы)

Адам кітапты не үшін оқиды? Алдымен оқығаныңнан ләззат алу үшін. Жақсы шығарманы оқығанда миың ерекше қоректің дәмін алып, уақыт өте сол ғажайып дәм, бөлекше нәрді қайта аңсайды. Кейде ішінде өзің өмір сүріп жүрген осы кезеңге сыртынан көз салып, өзің қатарлас буынның ойында не барын түсіну үшін де кітапты қолға алатының бар. Кейде бірыңғай бірсарынды күндерден өзгеше мән ұққың келгеннен кітап дүкеніне барасың, бірнеше сөрені қатар алған сырты жып-жылтыр, «ақылы асқан», хайп үшін, танымалдық үшін жазылатын кітаптардың көптігінен басың айналады. Десе де, бізден кейін де адам баласы цифрлық-нанотехнологиялар дәуірінде отырып та көркем шығарманы іздей береді дегенге сенеміз. Себебі, келешекте адамзат өзінің көркем әдебиетсіз ешкім емес екенін анық түсінетін болады. Ия, бәрі өзгереді, тек қана классикалық әдебиеттегі жазушылар жеткізетін армандар мен уайымдар, эмоциялар, қарапайым адамға тән сезімдер ғана бұрынғыша қала бермек.

Тәуелсіздік алған жылдары бүгінгіден гөрі рухы үтіктелмеген еркіндеу кезіміз бе екен, әйтеуір, бұрын осы жердің, оның асты-үстіндегі байлықтың да иесі өзіміз деп еркін айта алатынбыз. Осыгүні осылай ойлағанның өзінде көңілімізде бір алаң тұратын болды. Өйткені, жер біздікі болғанымен, оның байлығын, қызығын орысы бар, түрігі бар, қытайы мен үндісі бар, әйтеуір, өзгелері көбірек көріп жатқанын көріп отырмыз. Жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Нобельден қалған мұра» атты шығармасында кім көрінгенді басымызға шығарып, ақыры келімсектердің сыйлағанды былай қойып, кейде біздің намысымызға да түкіре салатынын ашық жазылған. Оған өзімізден басқа кімді кінәлайық. Жазушының жазған шындығынан асырып не айта аламыз?

«Тамағы қыздың жиған текше көрпесіндей жиырылған» Джонсон мырза, оның «имек мұрын, сіліңгір қара» партнері, «ақшулан төс жүні иегіне жалғасып кеткен» супервайзері, «жатып-тұрып ақсайтын түймедей көк көзі шүңірейген ақсақ кемпір» «Нобельдің өз қолымен сызған картасы» бойынша «Доссорда 7-14 мың метр аралығында дүниежүзіне жететін мұнайдың жүз жылдық қоры жатыр» деп, содан үлесін алмаққа сонау Скандинавия түбегінен, бұғаздардың қасынан әдейі келген. Көкейін тескені қазақтың даласының астындағы мұнайы, үстіндегі кесірткесі. Шығармадан үзінді келтірейік.

«Сол мойны бір тұтам қортық қазақ бүгін оншақты мафия мүшесін жинаған-ды.

- Өңшең иісалмас, иттер! – деп салғаннан жерді екі теуіп жіберген.

- Мұнай өндіруге келген шетелдіктердің не бүлдіріп жүргенін білесіңдер ме?

- Мұнара маңында жүр ғой.

- Үш вагоны бар.

- Нью-Доссор деген жаңа қала салады дейді.

- Өй, нәлет! – деді бұл мына жауапты естігенде. – Менің ажырасып кеткен қатыным Айжан соларға бас аспаз боп алыпты.

- Естідік.

- Құтты болсын!

Мұны айтқан бір көзінің ағы бар, аузы жылдам қара жігіт тепкінің астында қалды.

- Сол қаншық әлгі супервайзермен қойындасып алыпты. Бұл – бір. Екіншіден ауылдағы селтеңдеген тоғыз қызды ертіп апарып жұмысқа тұрғызыпты.

- Не жұмыс екен?

- Күндіз ас пісіреді, кір жуады, түнде...

- Түн ортасында барамыз, – деп сөзді мойны бір тұтам қортық қазақ қысқа қайырды. – Көрейік әуселесін. Әзір тұрыңдар!

Бұл кезде өзге вагонда жатқан тоғыз шетелдік пен осы ауылдың селтеңдеген тоғыз қызына да топалаң тиіп жатқан. Доссорлық мафия «қыздарды алып кетеміз, сендерге тегін қатын қылмаймыз» десіп жағаласулы еді.

- Намыс қайда? – деп әлгі тепкі жеп тынған бір көзінің ағы бар, аузы жылдам қара жігіт бажылдап жатты.

- Ақша тауып, әйел қылсаңдар қой деппіз бе?

- Ұят қайда?

- Басыңа езіп жақ!

- Өңшең жәлап! Тапқандарыңды бізбен бөлісесіңдер.

Мафия мүшелері көзі-басы көгеріп, вагоннан қашып шыққанда мойны бір тұтам қортық қазақ та сыбағасын алып жатыр екен».

Осы эпизодтың өзі біздің жергілікті ұлт ретіндегі қадіріміздің қаншалықты екенін түсінуге жетіп жатыр. Жазушы осы қоғамның деформациясын аша отырып, өзі суреттеп отырған адамдардың ішкі әлеміне үңіліп, баяндалып отырған кейіпкерлердің ғана емес, бар ұлттың тағдырына қатысты сұрақтар қояды, сол арқылы айбары әжептәуір, ақшасы бары үстемдік етіп, өзі бүгежектегенді өзгелердің де басынуға дайын тұратын осы кезеңнің суретін қапысыз береді, сонымен бірге өзінің де жоғалған гуманистік құндылықтарды аңсап, сағынатындығын жасырмайды.

Психологизмнің ерекшелігін кейіпкердің ішкі әлемінен іздеу керек. «Біздің ауылдың амазонкаларындағы» Айман, Қарғаш, Бибі... мұндағы драма бірінші кезекте олардың ішкі сезімдерінің зақымдануынан басталғанын көреміз. Кейіпкерлердің көзқарасы арқылы осы кезеңнің қарама-қайшы қоғамдық санасын көрінеді. Жазушы осы жазықсыз, қорғансыз адамдарға қалай жанашыр болуды ойлайтындай. Оқырманды осы тұрғыдан ойлауға жетелейді. Мысалы, «Тоқтышақ» деген әңгімесіндегі майкөзді ұмытпайсың. Араны ашылғаны сондай, обал-сауапты білмейді. Ғұмырында бейнеттен басқаны көрмеген бейшара шалды колхоздың шаруасына жұмсағанда жақсы атын мінгізуге қимай, құтырынған бураны берген. Ақыры бура шалды шайнап тапап өлтіреді. Ал осы сұмдық оқиғаны көзімен көрген шалдың жалғыз ұлын шалық ұрып, ауру болады. Бұл шынында сол құм арасындағы төрт-бес үйден тұратын шағын ауылдың ғана трагедиясы емес, түсінсек... Адамға жаны ашымаудың, оның өміріне кесірім тимесін, қиянат болмасын деп ойланбаудың артында дүние-әлемді тітіркендірмей қоймас саналы қатыгездіктің барын меңзейді.

Сол «Тоқтышақ» әңгімесінде бір ит бар. Өте сезімтал ит. Ерлі-зайыптылар ажырасып кетеді, ал ит неге бұлай болғанын түсіне алмастан, екеуін де қимаған күйі, көзі мөлт-мөлт етіп... біресе оған, біресе бұған жүгіріп, екі ауылдың арасын шаң қылған. Екеуін де жақсы көреді. Тоқтышақтың әжесі айтпақшы «сағыныштан өлуге айналған». Ал біз өзіміз адам бола тұрып, адамның қадірін білеміз бе? Қайсыбірде ит құрлым болмай қаларымызды да мойындауға бірдеңеміз жібермейді. Осы әңгімеде «ертең жауға шабамыз» деп қардан соғып қойған «батырлары» еріп кеткенде Тоқтышақ-бала ебіл-дебілі шығып жылайтыны бар, оның неге жылағанын түсінесің, бұл еріп кеткен жай қардан илеп жасай салған «батырлар» емес еді, нәзік жаны жараланғыш баланың күл-талқан болған арманы мен сенімі еді. Тағдырдан таяқ жеп жылағандарды көріп өскен бала әділеттілік үшін жорыққа шықпақ еді...

Рахымжан Отарбаевтың метафоралары ерекше әрі тосын, сөздік қоры соншама мол болғандықтан да оқырман өз қиялында ғажайып әңгімешінің қаламымен салынған тірі суретті көріп қана қоймай, суреттелетін оқиғаны толық сезінеді. Кейбір езу тартқызатын әңгімелердегі кейіпкерлердің басында болатын метаморфоз күлкі шақырғанымен, мұндағы иронияның өз кейіпкерлерді ішінара жылы және шынайы түрде көрсететін әсерін байқаймыз.

Мысалы, «Соңғы спектакль» әңгімесінің: «Бұл өзіміздің Тасемен ғой» деп басталуында алақандай ауылдың бір тентегін өзімсіну бар. Тасемен жай біреу емес, кәсіпкер. Кәсібі ешкімге ұқсамайды – кісісі өлген үйден табылып, марқұмды соңғы сапарға шығарып салу қызметін көрсетеді.

Былайша айтқанда, қаладағыдай «жерлеу бюросы» деуге болар, тек одан гөрі көрсетер қызметі ауқымдырақ. Марқұм болған адамның соңғы қонақтығын бастан-аяқ жүргізіп, мақтап, жоқтап береді. Жазушының өз сөзімен берсек: «Байғыздай сайраған ақын еңку-еңку жер шалдырып келіп фәни мен бақидың, уақытшалық пен мәңгіліктің, сынақ пен жауаптың, туһ, тіпті жұмақ пен тозақтың бәрін бір басынан өткізген жандай жаназаға жиналған елдің қойны-қонышын құрт-құмырсқаға толтырып жіберген. Осылай бусанып, бұлқынып, тіпті жұлқынып барып жырын аяқтағанда, жеңілтек біреулер концертте тұрғандай шапалақ ұрысты. Әне, өнердің құдіреті!». Бірақ, осындай айтқыштық мінезімен шалдардың қошеметіне бөленіп, кемпірлерді кемсеңдетіп, аңқау елдің сүйіктісіне айналған Тасеменнің кәсібі бір-ақ күнде тас-талқаны шықты. Және анау-мынау емес, дөкейдің әкесінің жаназасында абыройдан жұрдай болғанын айтсайшы!

Бәріне кінәлі Бағила. Жаназа намазы оқылып, жоқтау айтылайын деп жатқанда түнде тойдан шығып, шалабурыл мас болып келген әртіс әйелді құдай атып: – Қуаныш құтты болсын! Ұзағынан сүйіндірсін! – деп, аңырған жұртқа қарамастан Шәмшінің әйгілі махаббат әнін бастап жібереді! Бұл «кісісі өліп, қаралы болған» жұртты қорлау емес пе, намыстан дүр еткен тентек жігіттер Тасеменге шүйлігіп, арты жанжал-төбелеске айналады. Мұнда комедия да, трагедия да бар. Болып жатқан оқиға, іс-әрекеттер күлкі шақырғанымен, мұның бәрінің бізге қатысы жоқ дей алмайсыз. Астанада үлкен қызметте отырған, төбесімен көкті тірей жаздап тұрған адамның әйелі атасын қазақша жоқтап жылай алмайй, біреуге ақша төлеп жоқтау айтқызады, өлімді жерден пайда табуды арсынбайтындар үшін сайқымазақ болу түк емес, өлімде де қасиет бар деп қарайтын қазақы мінез айдалада қалып, қазаның арты даңғазаға, айқай-төбелеске ұласқаны ешқандай ақтап алуға келмейтін көрініс.

«Болған оқиға» әңгімесінде де қазақтың дарақылығы, жағымпаздығы бейнеленген. Жаубас деген кісі қайтыс болып, астанадан інісі Дәубас келеді.

Ол жай біреу емес, мансабы зор, қалтасы мол, болып-толған біреу. Жаубасты жерлейтін кезде дау-дамай туады, дүние біткеннің ең қымбатын, ең сәндісін алып үйренген қалталы Дәубас үй жанындағы қорымды кіл кедей-кепшіктікі екен деп менсінбей, әріректегі қорымнан орын сайлап, ағасының жамбасы тиер орынды жайғастырып келгенде жеңгесі шалқасынан түседі. Сөйтсе ол орын Жаубастың көңілдесінің моласына жақын екен де, жеңгесінің шат-шәлекейі шыққаны содан екен. Тәуір жерде отырған дөкейге жарамсақтанатындар әр жерден табылады және бұл мінезді жазушы «ондыққа тигізіп» отырып суреттейді.

– Дәу көке, мен таптым. Ағамызды ауыл сыртындағы ең биік төбенің басына жерлейік. Жаңа қоныс, таза ауа. Ол жерге тіпті түйе де аунамайды, – десін ауыл әкімі жас жігіт жылтың қағып. – Оны ертең бәріміз «Жаубас қыраты» деп атаймыз. Мереке сайын оқушыларды басына апарып тәу еткіземіз. Музыка ойнатамыз. Міне, табылған ақыл!» Күлесіз. Артынша еріксіз күрсініп қалғаныңызды да байқайсыз...

«Аяқталмаған хикая» әңгімесінде баяндаудың бірінші жақтағы формасында ретроспекция (өткенге оралу) бар, сюжет пен толық композиция болмаса да, жазушының өткенге орала отырып, өз ауылы, ондағы адамдардың тағдыры туралы ойлайтын сәттері ішіңді қозғап өтеді. Маң далада өзімен-өзі бұйығы жатқан ауылдағы жесірлердің мұңын өзіңше түсінгендей болып отырасың да, «оншақты жәутеңкөз жетім бала, сол некесіз туған көрдемшелердің бәрі де Қашқынбаевтар...» деген жерге келгенде селк ете түсесің. Жазушы әуелі ел арасында айтылатын «баяғы бір жылы әлдеқайдан қашқын пайда болған, ол қашқын сол ауылдың тезек теріп, не бұзау көздеп ауылдан әудем жер ұзап кеткен қыз-келіншектерін ұрлап кетіп, жүкті қылған» деген ел аузындағы әңгімені айтады да, ауылдағы жетім балалардың бәрінің әкесі сол қашқын қалмақ дейді. Бірақ, жеме-жемге келгенде жазушы шындықты басқаша жазбақ болады, өйткені «өсектен сау жері жоқ» бейшара жеңгелерін ақтап алғысы келіп ет-бауыры езіліп-барады. Бұл басты кейіпкерді күйзеліске түсіреді, осы әңгіменің негізгі тірегі – оның ішкі қақтығысы. Кейіпкер-баяндаушы соншалықты поляризацияланған, біздің алдымызда екі кейіпкер бар сияқты: біреуі – адам (өз ауылын, адамдарын жақсы көретін, өсекке қимайтын), ал екіншісі – тек қана шындықты жазамын дейтін жазушы (бәрінен бұрын сөзді және оның шындыққа қызмет етуін жоғары бағалайды), ол шығармашылық қиял туғызған идеал мен шынайы ішкі дүниетанымның сәйкес келмеуінен қиналады. «Сол қимас жеңгелер қайдағы бір қашқын қалмаққа жем болған» деген ойдан қашып, ақырында «...Көрдемшелердің бәрі ауданнан келген уәкілдің, шолақ басқарманың, ақсақ қоймашының балалары...» деп нүкте қояды. Бірақ, ең соңында ешқандай қашқын болмаған болып шықты. Бұл ой оқып отырған бізге де жеңілдік беретін сияқты көрінетіні несі? Шындықтың ауыр болғанынан ба? Жеңгенің аяулы болғанынан ба? Әлде ұлттың бастан өткен, қиянат шеккен жәбір-жапасын, тарихтың қатпарланған бауырына еніп бара жатқан көңілсіз сәттерін сол күйі ұмытқымыз келгеннен бе...

Қазақтың сөзіне шаң қондырмай ұстаған ұқыптылықты көргіңіз келсе Рахымжан Отарбаев шығармаларын оқыңыз. Ондағы тілдің тазалығы дегеніңіз, мысалы, таудың ықпыл-жықпыл тастарының арасынан атқылап жатқан тас бұлақтың суын көрген шығарсыз, дәл сондай таза. Қазақтың тілі әрқилы сурет беруде осынша түрленіп, құбылып, шешіліп, сөздер ерекше магиямен қиюласып, жымдасып образға айналады. Рахымжан Отарбаев этимологияның көп жұмбағын шешкен, соған күш жұмсаған суреткер. Әңгімелерінде негізгі детальдың болуы, жазу стилі, қарапайым өмір сюжеті, көлемінің шағын болуы, ерекше ирониясы Рахымжан Отарбаевтың әңгімелерін оқуды жеңілдетеді, бірақ оқығаныңды талдай бастағанда, жазушының қаншалықты терең екенін түсінесің. Оның бірі мұңшыл, бірі әпенді, бірі ақкөңіл де аңғал, бірі қорғансыз, бірі надандау әрі мақтаншақ кейіпкерлерінің әрқайсысы дараланып тұрады. Мона Лиза – Моншақ пен жастай ақ кебінге оранған Әлиманың тағдырын уайымдап, Тоқтышаққа жанашыр болатының содан. Жазушының бүгінгі күнді ақ, қара, сұрқай, әлеміш бояуларымен қосып, мысқылмен бейнелей отырып, қазақты құтқаруды (надандықтан, кежірліктен, қамсыздықтан...) армандағанын байқайсың.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар