Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҚСЫНЫҢ КӨЗІ
Шайыр өтті өмірден......

16.04.2021 4764

Шайыр өтті өмірден... 12+

Шайыр өтті өмірден... - adebiportal.kz

Қазақ поэзиясының көшбасшысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ұлы шайыр Есенғали Раушанның алпыс төрт жасында өмірден озғаны туралы қайғылы хабар көкектің он алтыншы жұлдызы күні таңертеңнен ақпарат әлемі арқылы таралып, қазақ аспанын қайғының бұлты жапқандай, өкінішті бір мұң қабыздап тұр. Кеше ғана дарабоз жазушы Қабдеш ақсақал, бүгін міне, ерек дарын Есенғали ақын – «қамшының сабындай» дейтін бес күндік пәни жалғандағы татар дәмі таусылып, бақиға бет түзегені осы. Жезтаңдай әнші Жәнібек Кәрменовтің: «Өтіп кеткен сұм жалған, Қайтіп бір мойнын бұрмайды, Адам – қонақ өмірге, Бір күні қолын бұлғайды», - деп шыңыраудан шымырлата шырқаған үні құлаққа келгендей. «Тозбасты ұста соқпайды», амал бар ма?

Қоштасам аспаныммен, асқарыммен,

Басынан бұлт асырмас асқағыммен.

Оралам бір күндері, мүмкін, қайтып,

Ол бірақ басқа әңгіме, басқа... мүлдем...

басқа... мүлдем! –

деп өзі жырлағанындай, Есенғали ақынның тіршіліктен татар дәмі таусылғанымен, мәңгілік рухани ғұмыры басталмақ. Талантты ұл-қыздарын халқы ешқашан ұмытпақ емес. Құдайға шүкір, қазақ поэзиясы қашанда таланттарға кенде болмаған. Кейде қадау-қадау, кейде түйдек-түйдек туып шығып, ұлттық әдебиеттің көгіне жарқырай көтеріліп, нәзік те нұрлы жырдың шуағымен жылытып, арқалы өлеңнің қуатымен қайраттандырып отыратын, құбылыс деп бағаланатын ақындардың бірі де бірегейі Есенғали Раушан еді. Ол қазақ поэзиясындағы шын мәніндегі құбылыс деп мойындалған ақындардың бірі. Есенғали Раушан – қаһарлы хандардың заманындағы абыз жыраулардың романтикалық сарыны мен ақылмандық жырдың таусылмас кені болған кешегі сүлейлер мен қарағайға қарсы біткен бұтақтай қасқая жыр төккен қайқылардың дәстүрін бүгінгі заманның ойлам жүйесімен кіріктіре отырып өлеңнен өрнек тоқыған хас шебердің өзі болды.

Тасырқағанда тас жауған,

Тау болды ұйықтар айлағым.

Қасқырдан анау, қас жаудан

Тартып ап апан жайладым, -

деп көсілте жырлаған ақынның кейбір қарапайым қара өлеңнің ұйқасымен шиырып қана тастай салған шумақтары астарында айтылар ойда атан түйе тарта алмас ауыр жүк жатқанын аңдаймыз, мүмкін тіпті кейде аңдауға парқымыз да жетпес-ау.

Мен қайрылдым, сендағы бұрылшы, інім,

Қалай не деп ұғамыз мұның сырын.

Аяғыма қараймын – шідерім жоқ,

Неге қақсай береді жіліншігім?

Қарапайымдық, қысқалық пен нұсқалық. Ауыр да болса ащы шындық, Ғасырлардан ғасырларға жалғасып сананы сансыратып, рухты жаншыған бодандық қамытын шын сыпырдық па, өтірік сыпырдық па дегенде, көңілдің көкжиегін торлаған беймаза хал, әлдебір қоңылтақтықты ақын қалай ғана берген десеңізші! Осыдан артық не айтуға болады?

Қазақ халқы Есенғали ақынын әрдайым арқа тұтты. Сонау сексен алтының қайғылы да қаһарлы күндерін, сол шақтың арман-мұңын, мақсат-мүддесін Есенғали ақынның «Қара бауыр қасқалдағынсыз» елестетудің өзі мүмкін емес. «Ұя қалса иесіз – айдын үшін сол қайғы, Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды», - деген екі-ақ тармаққа сыйған мазмұн мен идея қаншама роман мен хикаятқа жүк болған жоқ па?

Қасқалдақ демекші, Есенғали ақын қазақтың кеңбайтақ даласындағы өсімдіктер мен құстар әлемі туралы терең танымдық мағлұматтарды аса бір сезімталдықпен қағазға түсіріп ұсынуды мақсұт тұтты. Есағаңның бұл еңбектері жаһандану, урбанданудың жетегінде төл табиғатынан еркісзі ажырап бара жатқан бүгінгі буынға арнап жазған ұлттық энциклопедиялық анықтама десек болады.

Уақыт дейтін тоқтаусыз құдіреттің заңы бойынша ескінің орнына жаңаның келуі, көне дәстүрдің жаңаланып жалғасуы, буын алмасуы дейтін үдеріс әдебиет әлеміне де тән. «Әдеби жыл қорытындысының баяндамасына қосымша» атты өлеңіне осы мәселе арқау болған. «Мына шалдар кетеді ертең, дау бар ма? Біз өзіміз айналамыз «тауларға». Бүгіндері сексеннің сеңгіріндегі, немесе жетпістің жотасындағы абыз буынның өзі андыздап қалған бүгінгі тұста, алпыстың асқарындағы Есенғали ақынның буынының өзі де расымен самаладай «тауларға» айналып үлгерген еді ғой. Осы өлеңде есімдері аталатын ағалары мен тұстастарының да біразы бұл күндері қатары сиреп, "Жұлдыздардай самсап өлі тұрамыз, Жұлдыздардай сирейміз біз содан соң», - деп Есағаңның өзі жазғанындай келместің кемесіне мініп, бақиға аттанып үлгерген екен-ау.

Содан соң ба? Күледі жел жындана,

Күрсінеді жасыл қала, гүл қала.

Содан кейін… отырады ойланып,

Біздер жайлы өлең жазып бір бала…

Иә, өкінішке қарай қазіргі қазақ әдебиетінің асқар тауы, алып бәйтерегі, ғажап болмысты ақыны Есенғали Раушанның ғұмырбаяны мен шығармашылығы туралы өткен шақпен жазылатын дәуір де бүгіннен басталып кетті. Есенғали ақынның өлеңдеріндегі ұлттық ойлам, патриоттық сарын, қазақы қалып туралы талай буын қазақ баласы өз дәуірінің өлшемімен толғана отырып қалам тербететін болады. Мұны ақынның өзі сезгендіктен, анық сенгендіктен де осылай жазған болар, сірә!

Бiзде нендей алысқа самғар күш бар,

Бәрi өтпелi – арзу, ой, арман құштар.

Қалатыны түк те емес – бiр құлпытас,

Қонып ұшар қанаты талған құстар.

Мынау фәни жалғанда ұзақ өмір сүріп, алдағы алыс жылдарға самғап ұшып жетуге тағдыр жазбаса да, ақынның ұлттық рухани қазынамызға кесек табыс ретінде қосылған ойлы жырлары мен танымдық жазбалары халқымен бірге жасай беретіндігі анық.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар