Кез келген туындыға жан бітіретін жазушы кейіпкерлері. Оқиғаның тууы, оның жаңа оқиғалармен ұштасуы, оқиға барысында түрлі қақтығыстар мен кедергілердің орын алуы, т.б. жағдайлар сол шығарма кейіпкерінің қатысуымен жасалады. Кейіпкердің ішкі әлемі, оқиға барысындағы қуанышы мен сүйініші, қиындығы мен қайғысы жазушы суреттеуімен оқырманға жетеді. Алайда, көркем шығармада жазушылар өз кейіпкерлеріне толыққанды психологиялық мінездеме беруді мақсат тұтпайды. Солай бола тұра кейіпкер болмысы мен табиғатын танытатын портрет, характер, монолог, диалог, көркем детальдарсыз шығарма жансызданады. Сондықтан кез келген туындының көркемдігі мен образ түріне түсінік беруде психологизмге соқпай өте алмаймыз.
Қазақ әдебиетіне Н. Ғабдуллиннің аудармасы арқылы кеңінен танымал Э. Хэмингуэйдің «Шал мен теңіз» повесіне үңілгенімізде балықшы шалдың психологиялық жай-күйі шығармада шебер бейнеленгенін байқаймыз. Алғашқы абзацта-ақ, балықшы шалдың қайығымен Гольфстримге күнде жалғыз шығып жүргені, шалдың теңізде сексен төрт күн бойы қармағына ештеңе іліктіре алмағаны баяндалады. Алғашқыда бір жарым айдай жанына бір бала серік болған еді, қолға балық түспеген соң баланың ата-анасы «жолын қырсық шалған сорлы-бейбақ» шалдың жанында жүргенін қаламай, басқа қайыққа ауыстырды. Сонда да, үмітін үзбеген шалдың ұшы қиыры көрінбейтін теңізге балық аулауға жалғыз шығуы - шығармадағы ситуациялық жағдайдан гөрі психологиялық күйді көрсетуге бағытталған туынды екенін аңғартады.
Көркем шығармадағы кейіпкер саны да көп емес. Шығарманың өн бойына өзек болатын оқиға – балықшы шалдың теңіздегі хикаясынан тұрады. Шалдың тұрмыс-тіршілігін «Қарттың қайығының үстінде шиыршықталып жататын, өн бойына кенеп жамау жапсырылған қырық құрақ желкен - бейне тас-талқаны шыққан жасақтың құлаған туы сияқтанып елестейтін көзге» - деп, сипаттауынан шалдың дәурені баяғыда өткенін түсінеміз. Әйтсе де, шалдың қырық құрақ желкенінің қайықта жатқанына қарағанда әлі де балықшының балықтан дәмелі, үміті үзілмегенін көруге болады. Тіршілік иесінің күші сарқылғаны туралы автордың «жасақтың құлаған туы» дейтін көркем детальмен бейнелеуі – шығарма соңының да «жеңіліспен» аяқталатыны туралы оқырманды хабардар етеді. Әрбір детальдар мен штрихтардан автордың кейіпкер психологиясын терең ашуға тырысқанын көруге болады.
Жазушы кейіпкердің атын атаудан гөрі «шал» дегенді қолайлы көреді. Содан болар шығарманың басынан аяғына дейін шалдың есімі - Сантьяго екенін екі-ақ жерден көруге болады. Шалдың образын оқырманға шығарма басталысымен-ақ портретін беріп, таныстырады: «Шал - титықтаған арық кісі еді; маңдайы, мойыны арса-арса... Шалдың бетін басқан таңдақ мойынға дейін жайылып тараған; екі қолы тілім-тілім, бұл - қармаққа ілінген ірі балықты судан сүйреп шығарған кездерінде алақанды тіліп кеткен қармақбаудың іздері. Жақында түскен жараның орны емес, талайдан қаңсып жатқан қуаң жердің жарығындай ескі жарықтар.
Шалдың өңі де, киімі де - бәрі де тозған, көнерген, тек көзінде ғана ерекше бір нұр бар, теңіз суы түстес жанары қайсар адамның қалпын танытады». Кейіпкер портретінен шалдың ғұмыр бойы еңбектің соңында жүргенін, қолындағы қуаң жердің жарығындай болған ескі жарықтардан аңғарамыз. Тұтас ғұмыры бейнетпен өткен шалдың қайсар адам қалпын шалдың көзіндегі ерекше нұр сипатындағы деталь айқындайды.
Оның жанындағы көмекші бала – шалдың алдағы үмітіне жетелеуші күш. Ұшы көрінбейтін теңізде алып жайынмен арпалысқанда да «Қасымда серік баламның жоғын-ай!» деп, жиі қайталауы оның жалғыздыққа деген өкініші болса, екінші жағынан шалдың өз-өзіне күш алып, жеңіс жолына жетуге жанталасуы. Шеберлікпен өрілген шығарманың тұтас атмосферасы, қаһарман аурасы оқырманды үнемі рухтандырып, жігерлендіріп отырады. Жалғыздықта ғұмыр сүрген жан болса да, шалдың теңіздегі тағдыры оқырманын жалғыздықта қалдырмайды, қайта жалғыздықтың қадір-қасиеті мен қасірет-кесапатын таныта түсетіндей. Жалпы, автор осы бір шығарма арқылы жалғыздық психологиясы мен жалғыздық философиясы секілді күрделі ұғымдарға терең бойлауға күш салған. Ол шығарма табиғатынан авторлық ремаркамен анық сезіліп отырады.
Шал теңізде жалғыз адам кейпінде бейнеленгенімен, шалдың өз ойлары жанына серік болып, жалғыздықтан құтқарады. Көркем бейненің оңашаланып, даралануы әдебиеттегі философиялық категория – жатсынуға апарып соғады. Алайда, балықшы шалдың өмір бойы теңіз жағалап мекен етуі, лашықта жалғыз тұрмыс кешуі – қоғамдағы рационалдық сипаттан бас тартып, әлемді адамның жатсынуы емес.
Шалдың теңізден үміт үзбей сексен төрт күн қатарынан өзі құрған ауға (ауы баяғыда құрыған болса да) үлкен балық түсіремін деген сеніммен алға ұмтылуы, сенім жетегінде жүріп үлкен теңізге қайықпен жалғыз шығуы, оның айналасындағы балықшылардың ешқайсысы аулап көрмеген алып жайынды қолға түсіруі, қартаң шал мен кішкентай қайықтың жайынға шамасы келмейтіндіктен жайынның жетегімен теңіз ортасына кетіп қалуы, шалдың үш күн қатарынан шикі балықтың етін нәпақа етіп, құмырадағы азғантай суды өлшеп ішіп, көп бейнетпен арпалысуы шығарма сюжетін ширата түскен. Оқырман кейіпкерімен бірге сапар шегіп, бірге теңіз жыртқыштарымен арпалысып, жайынның тамағана ілінген жемтік байланған кендір жіптің арқаға батқан салмағын да бірге сезеді. Шығарманы оқып отырып, өзің де шалдың жанында отырғандай күй кешуің, шығарма бояуының қанықтығынан.
Балықшы шалдың мінезіндегі төзімділік пен қайсарлықтың баламасын қазақ әдебиетіндегі Ә.Кекілбаевтың «Шыңырауынан» көруге болады. Э.Хэмингуэйдің туындысынан отыз жыл кейін жазылса да, қазақ әдебиетіндегі көркем психологизмге құрылған туындылардың алғы шебінде. Біреуі - теңізде жүріп, бұл аймақта әлі ешкім ұстап көрмеген алып акуланы бағындыруды көздесе, екіншісі – «Еңсеп қазған» дейтін шыңырау құдық қазып, елдің есінде қалуды мақсат тұтады. Екі шығарма да кейіпкер мінезіндегі психологиялық күш – рухының биіктігімен бағаланады. Бұған дейін сол маңайдағы малы көп байлардың ғана құдығын қазып, қорасы малға толып, үсті бүтінделгелі құдық қаздырушыларды да таңдайтын халге жеткен Еңсеп образы оның монологтарынан таныла түседі. Бұл атырапта құдықшы Еңсептің беделі мен еңсесін түсірген жайт, кірме Қалпақтың көрінгенге құдық қазып беріп атының елге жайыла бастауы. Қалпақтың тереңдігі жүз елу қадам болатын құдық қазуы, оған қоса елдің қаңқу әңгімесі Еңсепті тыныш жатқыза қоймады. Енді Еңсептің ішкі толқынысы тыныштық бермей, өз-өзін жігерлендіріп, ең терең құдық қазуды бастады. Түбі терең құдықтың іші үрейлі болса да, жоғарыдан сығырайып көрінетін жарықтың сәулесі мұның көңіл түкпіріндегі үмітімен қарайлас. Еңсеп үшін, құдықтардың бәрі де тұңғиық тереңдегі теңізге құятын арна іспетті, бірақ бұл маңайда оған жеткен ешкім жоқ. Қанша күнді сарп еткенін кім білсін, қара атан тартқан арқанның ұзындығы екі жүз қадамды бойлағанда құлағына сылдыраған судың дыбысындай бірдеңенің естілуі көңілін жан-жаққа алаңдатты. Мұнда да автор шығарма оқиғасын кейіпкерінің ішкі ойларымен ширықтыра түседі. Өзінің әрекеті қай жерге дейін апарарын білмесе де, қазуын тоқтатпай, арасында тың тыңдап еппен қимыл етуі – балықшы шал Сантьягоның қолға түсірген алып жайынды шошытып алмайын деп, қолындағы арқанды біресе босатып, біресе тарта түсіп қимыл еткеніндей.
Көркем прозада авторлық идеяның жазушы еркінен тыс, сәл өзгеше түрде жүзеге асуы жиі кездеседі. Мұндай үрдісте композициялық элементтер қарым-қатынасының рөлі зор. Өйткені әдеби туынды жазылып біткенде ғана творчестволық еңбек стихиясы айқын көрініс ала бастайтыны мәлім.
Әдебиеттегі психологизм туралы Г. Пірәлі шығарманың эстетикалық әлемін құрайтын кейіпкердің ішкі ойын, толғанысын, рухани күйзелісін терең әрі детальді түрде бейнелеу - деп түсіндіреді. Қаһарманның тек өзіне тән дара характері оның сөйлеу мәнерінен көрінеді. Бұл, әрине, диалогтың эстетикалық мәнін анықтайды. Монолог арқылы да мінездер ерекшелігі, ойлау сипаттары, образдың дүниетанымдық арналары өрнектеледі. Басқадай көркемдік мәтін түрлерімен салыстырғанда ішкі монологтың даму тарихы тым ықшам. Дау жоқ, авторлық төл сөз әрдайым сүбелі үлеске ие. Оны ішкі монологта, диалог сияқты идеялық-композициялық қажеттіліктерге байланысты әр эпизодтарда алмастырып отырады. Көркем шығармадағы ішкі монолог – бұл адамның көңіл-күйіндегі ішкі тербелісті, кейіпкердің ой ағысын бейнелеу және оны кейіпкер арқылы беру автордың асқан шеберлігінен туатын дүние. Ішкі монологты зерттеушілер «сана асқыны» принципін алғы шарт етіп қояды.
Ішкі монологтың авторлық түрінің екінші бірі – бұл автордың өз атынан айтылған ішкі монолог. Автордың шығарма кейіпкеріне айнала отырып баяндауы, әрбір детальды қалт жібермей, жиі-жиі монолог арқылы ендігі атқарар ісі мен алдағы уақытты болжау қасиеті қарт балықшының өмірлік тәжірибесінің тереңдігінде болса керек. Шал, ұшы қиыры көрінбейтін теңіздегі ең ұзақ сапарында жанына серік болған ойларымен ғана бірнеше күнді жалықпай, жалғызсырамай өткізді. Тек арасында «серік баланың қасымда жоғын қарашы» - деп, өзінің жалғызыдығын еске салмаса, оның теңіз балықтарының әрқайсысына мінездеме беріп, олардан жауап күтпесе де риторикалық сұрақ қоюын жалғастыра берді. Балықшы шалдың әр сәті мен қимылын оқырман кейіпкерімен қабат бастан өткереді. Балықшы мен балықтар әлеміндегі психологиялық дәлдікті қатар сезінеді. Ұлттық болмысымызда атқа бас білдіру арқылы атбегі болашақ тұлпарын өзіне бағындыру үшін қолындағы тізгінімен айқасатыны сияқты, шал да өзі ұстаған алып жайынды қармаққа түсіргенімен оны «бағындыруға» көп күш қана емес, бірнеше күнді арнады. Мұндай жанкештілік балықшының ұзақ күткен олжасы ғана емес, ұшы қиырсыз теңізде өзін де алып балықты да жағаға аман алып шығу болатын. Ал, балықтың тұрқы сіз ойлағандай жай ғана үлкен балық емес, оның жоғары көтерілген сәтінде кейіпкер бұл балықтың үлкендігі өзінің қайғынан екі фут ұзын екенін байқайды. Оның су бетіне көтерілгенде алдымен жон арқасы көрінеді. Арқасының екі шетінен су сырғанап, одан да жоғары көтерілгенде басы мен арқасы көкпеңбек болып, бүйіріндегі жалпақ жолақтар күн көзіне шағылысып, жалт-жұлт етеді. Жоғары көтеріліп бауырын жаза шалқая түсіп, қайта сүңгігенде үлкен айыр құйрығы ирек-ирек болып суға әрең батты. Шал мен алып жайын бетпе-бет кездескенде бір-бірінен шошынған кейіпкерлердің жағдайы қалай өрбиді деп оқиғаға құныға түсесіз. Автордың болмыс пен бетпе-бетті образды бере білуі шығарма табиғатын одан әрі күрделендіре түседі. Кез келген шығарма оқиғасындағы байланыс шиеленіске түсуі үшін түрлі жағдайлардың куәсі болып, ондағы кейіпкерлердің жан сезімі түрліше баяндалатын. Бұл туындының өзге шығармалардан биік тұруы – адамдар арасында өтетін шиеленісті психологиялық параллелизм арқылы шал мен балық арасындағы процесспен бере білуінде. Екеуінде ашық айқас та жоқ. Бар болғаны екеуі де үнсіз, тоқтаусыз тартысқа түседі. Мұндай монологпен жалғасқан шиеленіс бұрын соңды әдебиетте орын алмаған. Шығарманың соңына дейін екеуі тартысқа түседі.
Сөйлеушінің өз өмірі мен ішкі жан дүниесіне тереңдей түсуі оның өз психологиясынан хабар береді. Жазушы кейіпкерін өз-өзімен сөйлестіру кезінде басқаға сездіргісі келмейтін сырларымен де бөліседі. Шығармадағы шал өз ғұмырында небір алып балықты көріп, салмағы екі мың қадақтан да асатын талай балықты кезіктірген. Тіпті, осындай балықтың екеуін өзі де ұстаған, бірақ онда жалғыз емес-ті, жанында серігі бар болатын. Ал қазір жарқыраған теңіз үстінде соншалық ғаламат алып балықпен шал жалғыз алысып келеді. Өзінің бұған дейін Құдайға сенбеймін деп жүрсе де, балық ұстау кезінде «жасаған жар бола гөр» деп, дұға сөзін сан рет қайталайды. Алып жайынмен тіресіп келе жатып та бұл балықты ұстаса, Құдайға құлшылық қылуға серт беріп, шал арасында дұға оқи бастады. Бірақ, дұғаның кейбір сөздерін ұмытып қалса да, ұмытылған сөздері ауызға оралуы үшін дұғаны жылдам оқыды. Бұл әрекеттер, шалдың мінезіндегі қалтарыстарды айқындай түседі.
Шал шығармада ақылы тасыған данагөй де емес, автор кейіпкерінің аузына философиялық ой салып әсірелемейді де. Шалдың бар ғұмыры өзінің кішкентай лашығы мен ұшы көрінбейтін теңіз аралығында өтіп жатыр. Шалдың бар байлығы да бары да лашық пен теңіз. «Лашықта бір кереует, бір үстел, жалғыз орындық және от жағып, тамақ пісіру үшін балшық еденнен қазылған жер ошақ бар еді. Престелген жапырақ тақтайлардан қаланған қоңыр қабырғаға тәңірінің бейнесі мен Сайта Мариа дел Кобренің суреті ілінген; түрлі-түсті бояумен әшекейлеп салынған бұл суреттер - шалдың әйелінен қалған мұра болатын. Қабырғада бір кезде оның әйелінің де сәнді жасалған фотосуреті ілулі тұратын-ды, қараған сайын көңілі босай беретін болған соң, шал ол суретті тығып тастаған еді. Қазір бұл фотосурет бұрыштағы сөреде, жуылған таза көйлектің астында жатыр» - дейтін жолдар шалдың мінезіне тән жұмсақтық, әйелінің суретін көрген кездегі көңілінің босай беретіндігі, оның өткен өміріндегі жаймашуақ күндердің белгісін елестетіндей. Жазушының суретті жай ғана тығып тастамай, жуылған таза көйлектің астына қоюы да тәтті естеліктеріне көрсеткен құрметіндей.
Шығармада шалдың өткен өміріне үлкен шегініс жасалмайды. Автор шығармада өзі бас кейіпкерге айнала отырып, оқиғаны бүге-шігесіне дейін баяндайды. «Қармақты дәл-ақ серпіп саламын. Тек жолым болмай жүр», - деп ойлайтын шалдың бүгін болмаса келер күні жолы болып, бір ырыздық бұйырарына сенімді. Болашақта ғайыптан тайып, байып кетіп жатса да осы мінезден айнымайтыны туралы да «Мен өзім дандайсымайтын кісімін. Бақыт қонса, оған шалқып-тасып кетпес ем»-деп ескертуді де ұмытпайды. Балықшы шалдың ойларын оқып отырып, оның жылдар бойы жалғыз өмір сүріп жүрсе де бойындағы мінезден жалғыздық феноменін байқамаймыз. Ойын серік еткен балықшы шалдың осы мінезі бойындағы табандылық пен ертеңге деген сенімін жоғалтпаған жанның тіршілігі. Оның алып жайынды қармаққа ілгенге дейін теңіз құсы фрегаттің жемін көргенде теңізге шүйіле түскеніне қарап, оның іздеген жемі жақында жүргенін, жемтігі қанатты балық макрель екенін көргенде шалдың көзі жайнап, макрельді фрагеттің оңайлықпен іле алмайтыны, алайда үйірінен алыстап қалған бірлі-жарым макрель болса өзі қолға түсіруге ыңғайланған сәтін образды бере білген. Балықшының су бетіне бір шығып, бір батып жүзіп жүрген теңіз «тұрғындарының» әрқайсысы туралы әңгімелерінің бәрі де кейіпкер ойымен жалғасады. Оның әңгімелері жалғасқан сайын шалмен етене бола бастайсыз. Шал әңгіме арасында қармаққа шаншуға келісті Альбакоремен де, бағасы құнды теңіз тасбақасымен де өте таныс. Ал қармаққа алып жайын ілінгенде шал өзінің «асау үйреткен бапкерлігіне» салып, қолындағы қармақ бауды әрқилы ептеп, біресе босатып, біресе өзіне тарта түсіп отырды. Қолға түскен жайынды да, өзін де қинамай, қайығын ағысқа қарсы бұрмай, жайынның ыңғайымен ағыс бойлап жүзе беруі - шалдың мінезін одан әрі шиеленістіре түседі. Автор кейіпкер мінезін танытуда шебер баяндауды ғана емес, кейіпкерге бойында өтіп жатқан құбылысты жеткізуге тырысқан. Бірде кейіпкерінің қай істе де көнбіс, жуас кейпін сипаттаса, енді бірде теңіз балықтарын бағындыруда айлакер шалға ауысқанын көреміз. Ұзақ күткен жайыннан айырылмау үшін оның теңіз шошқасымен де, қаптаған теңіз жыртқыштары акуламен де алысуы - бір кездері Сантьягоның қол күрестен чемпион болған сәтімен байланыстыра отырып, психологиялық параллелизммен өре білген.
Қос жазушы да психологиялық көріністі бейнелеуде үлкен шеберлік танытқан. Э. Хемингуэйде Террассаға келген бір топ туристердің жағалауға шығып қалған акуланың қаңқасына қарап, «Tiburon» (теңіз қасқыры) - деп, таңқалуы, қарт балықшының қандай күшті бағындырғанын айқын колоритпен сипаттаған. Бұл көрініс Ә. Кекілбаевта Еңсептің қазған құдығы жер асты теңізіне құятын арнаны тауып, өзінен өзге ешкім білмесе де мақсатына қол жеткізгенін байқауға болады. Сюжет шешімінде, «Еңсеп қазғаннан» таусылмайтын тұщы судың жаңбырсыз жылдары да тартылмастан лықылдап жатуы – Еңсеп образын биіктете түскендей. Шығарманың шарықтау шегінде жеңіс пен жеңілісті қатар сипаттап, антитезалық қорытынды жасау - біз сөз еткен екі туындының да қайталанбас жетістігі.
Бейнелі образ символдық мәнге, көркем идеяға ұласып әлемдік әдебиеттен орын алды. Шедевр атанып жүрген туындылардың бәрінде ортақ құбылыс – тамшыдан теңіз бейнесін жасағандай, кейіпкерлер тағдыры мен болмысын, көрген қиындықтары мен қуанышын азғантай бояумен көзге елестете алуы. Әсіресе, прозадағы психологизмнің белең алуы – адамдардың дара сипаты танылып, мінез құбылыстарының айрықша дәлдікпен бейнеленуіне жол ашады .
Жоғарыда бейнеленген құбылыстар мен детальдар шығарма жанрының повеске тән қасиеттерін түрлендіріп, кейіпкер бойындағы ішкі болмыстың қыр-сырын ашуға арналған монолог жанрын биік деңгейге жеткізген. Сондықтан, бұл туындының жанрын повесть-монолог деп атаған жөн. Әдебиетте кейіпкер монологы арқылы логикалық түйін жасап, интерпретациялық ой қорыту кез келген көркем туындыдан орын алуы мүмкін. Алайда тұтас шығарманың логикалық монолог арқылы өрбіп, әлем әдебиетінен орын алуы - автордың философиялық, психологиялық ойларының жемісінен. Э.Хэмингуэйдің «Шал мен теңіз» повесі Н. Ғабдуллиннің аударуымен қазақ әдебиетінің қорына еніп, әдеби жанрлар қатары повесть-монологпен толықты.
Р.Ж. ЕСБАЛАЕВА
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті,
Түркология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері
Сурет llibre.ru сайтынан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.