Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Салауат Кәрім. Кемеңгердің соңғы сапары...

25.04.2022 4104

Салауат Кәрім. Кемеңгердің соңғы сапары 12+

Салауат Кәрім. Кемеңгердің соңғы сапары - adebiportal.kz

1910 жылғы қазан айының соңғы күндеріндегі осынау жаңалық орыс жұртшылығын дүр сілкіндірмей қоймады.

Қазанның 28-іне қараған түні сексен екіден асқан қарт адам – әлемге әйгілі жазушы, граф Лев Николаевич Толстой отбасынан, Ясная Полянадан қашып кетті. Сол кездегі «Diletant media» газеті бұған әйгілі жазушының отбасы ішіндегі кикілжің себеп болуы мүмкін деп жазды. Бұл оқиға орыс жұмысшыларынан бастап бүкіл орыс жұртшылығына ауыр соққы болды.

Ең ауыр соққы Лев Толстойдың жары Софья Андреевнаның абыройына ауыр тиді. Бүкіл ғұмырын күйеуінің көңіліне қарап өмір сүрген, балаларының тәрбиесі мен күйеуінің шығармашылығына арнаған Софья Андреевна ең жақын адамы – Левосының Ясная Полянадан жасырынып, қашқанын түсінбеді. Лев Толстой әйеліне жазған хатында: «Менің кетуім сені ренжітеді. Өкінішті, мен басқаша жасай алмаймын, мені түсінерсің. Менің үйдегі жағдайым төзгісіз болып барады. Бұдан басқа, мен қазіргі астамшылықта бұдан былай өмір сүре алмаймын, әдетте менің жасымдағы қарттар осылай істейді: өмірінің соңғы күндерін жалғыздық пен тыныштықта өмір сүру үшін дүниелік өмірден кетеді. Өтінемін, менің қайда екенімді білген күнде артымнан іздеме. Осында сенің келуің сен үшін де, мен үшін де тек істің жағдайын нашарлатады, менің шешімімді өзгертпейді. Бірге өмір сүрген 48 жыл ішінде маған адал болған өмірің үшін рахмет айтамын, мен сенің алдыңда кінәлі болған барлық нәрселерім үшін кешірім сұраймын, менде сенің кінәлі болуы мүмкін барлық нәрселерді шын жүрегіммен кешіремін. Саған менің кетуіммен байланысты жағдаймен келісуге және маған қарсы жаман ойламауға кеңес беремін. Егер маған хабарласқың келсе Сашаға хабар бер, ол менің қайда екенімді біледі, маған керегін салып жібереді; ал менің қайда екенімді саған айта алмайды, өйткені мен одан ешкімге айтпау туралы сөз алдым. Лев Толстой, 28 қазан, Ясная Поляна. Менің заттарым мен қолжазбаларымды жинап, Сашаға жіберуді тапсырдым», - деп хат қалдырады.

Л.Толстой өзінің соңғы сапарын Щекино станциясынан бастайды. Сол күні Горбачево станциясында басқа пойызға ауысып, Тула губерниясының Белев қаласына, содан соң Козельск станциясына барады, онда атқосшы жалдап Оптина Пустыньге жетеді, ал келесі күні Шамордин шіркеуіне барып, онда туған апасы Мария Николаевнамен кездеседі. Кейінірек Толстойдың қызы Александра (Саша) Львовна Шамординоға жасырын түрде келеді.

31 қазан күні таңертең (13 қараша) Л.Толстой мен қасында бірге жүрушілермен Шамординнен Козельскіге аттанды, сол жерде олар шығыс бағытта келе жатқан Смоленск-Раненбург бағытындағы № 12 пойызға отырады. Олар отырғызу кезінде билеттерді сатып ала алмайды, Белевке жетіп, Волово станциясына ғана билеттер сатып алады, онда олар оңтүстік бағытта келе жатқан пойызға ауысқысы келді. Кейінірек Толстоймен бірге жүргендер сапардың нақты мақсаты жоқ екенін айтады. Кездесуден кейін Л.Толстойдың жиені, Новочеркасскіде тұратын Елена Сергеевна Денисенкоға баруды шешеді, онда олар шетелдік төлқұжаттар алып, содан кейін Болгарияға барғысы келеді, егер бұл ойлары сәтсіз болса Кавказға баруды көздейді. Алайда, жолда Л.Толстой өзін нашар сезінеді, өкпесіне суық тиіп, қабынуға алып келеді, қасындағы еріп жүрушілер сол күні сапарды тоқтатып, ауру Лев Николаевичті елді мекен жанындағы алғашқы үлкен станция Астаповада шығып қалуға мәжбүр етеді. Сол Астапова станциясында (қазіргі Липецк облысында Лев Толстой станциясы) темір жол станциясының бастығының үйінде «өкпе қабынуы» диагнозымен Л.Толстой қал үстінде өмірінің соңғы күндерін өткізеді.

Біраздан кейін Софья Андреевна күнделігінде: «Не болғаны түсініксіз, ешқашанда ақылға сыймайтын нәрсе болды» деп жазады.

Л.Толстойдың Ясная Полянадан қашуы, оның «еркіндігі» 10 күнге созылды, ауруға шалдыққан әлем әдебиетінің классигі, әлемдегі ең ұлы жазушылардың бірі Л.Толстой жарық дүниемен қоштасады. Бұл оқиғаны, екі ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, хал үстіндегі күйеуінің қасына қырық сегіз жыл бірге өмір сүрген жары темір жол станциясының бастығы үйінің айналасында терезелерден сығалаумен болады, Л.Толстойға жіберілмеді.

Осы шиеленіскен күндерге қатысты «Пятницкая-12-дегі Толстой орталығы» мемлекеттік мұражайы бөлімінің меңгерушісі Ольга Голованова «Русский мир» журналына берген сұхбатында:

- Пойыз туыстарымен Астаповоға келгенде, қызы Татьяна әкесіне кіреді, сол кезде Лев Николаевич қызына егжей-тегжейлі сұрақ қоя бастайды: «Сонямен, кім қалды?» - деп сұрайды. Бірақ қызы Татьяна анасының Астаповаға бірге келгенін айтпайды. Қызы Лев Николаевичтен анасы туралы айту керек пе деп сұрайды. Л.Толстой: «Жоқ, жоқ, мен мұны білуім керек», - деп қана жауап береді. Л.Толстой әйелінің терезе жанында екенін білмеді. Татьяна «Бізге, әкеміз бұл күннен қорқатындай көрінді», - деп еске алады, яғни, балалары Толстой үшін өздері шешім қабылдайды, алайда Л.Толстой да Соняны шақыртыңдар деп айтпайды. Ал егер ол шақыртқан болса, онда балалары аналарын әкесіне кіргізген болар еді... Тек содан кейін, Толстой ес-түссіз жатқан кезде ғана жіберілді. Ал, ол кезде кеш болатын, оған Соня ештеңе айта алмады... Кейіннен екінші ұлы Илья әкесі мен анасының соңғы күндері бірге болмағанына, әкем хал үстінде жатқанда анамды жіберу керек еді деп қатты өкінеді. Софья Андреевна хал үстінде жатқан Лев Николаевичті соққылап, айқайлап кешірім сұрайды, оған жұбанышқа толы аянышты сөздерді айтып жылайды, бұл кезде Толстой әйелін мүлдем естімеді.., - деп мәлімет береді.

Лев Николаевич Толстой 1910 жылы 7 (20) қарашада, өмірінің 83-ші жылында қайтыс болды. Өлімнің себебі өкпесінің ісініп, ауыр асқынып, қабынуы болды. Жазушы өзі өсиет еткендей, Ясная Полянада ормандағы жартастың шетінде жерленді. Оның бақытты жылдары осында өтті, ол ағаларымен бірге балалық шағында барлық адамдарды бақытты ете алатын «жасыл таяқшаны» іздеді.

***

1910 жылдың қараша айындағы қаралы күндерде орыс басылымдары ұлы жазушының өлімінің соңғы он күнін жалғыздықта өткізді, Ясная Полянадан мәңгіге кетті, Толстойдың өлімінен бір жыл бұрын күнделігінде соңғы еркін білдіріп, оны қарапайым табытқа салып көмуді, ескерткіш қоймауды, қабірінің басында аза тұтпауды және сөздер айтылмасын деген соңғы тілектері туралы жазып жатты.

Толстойдың үйден қашып кетуіне қатысты Софья Андреевнаның атына айтылған айыптау сөздер тоқтамады. Отбасы қақ бөлінеді, біреулері анасы жағында болса, ал балаларының үлкендері әкесінің жағында болады, олар Лев Николаевич Толстой ілімінің алғашқы ізбасарлары ретінде оған еліктеді, әкелерін құрмет тұтты. Софья Андреевна бұл оқиғадан жапа шеккенін жасырмады.

Қазіргі кезде Л.Толстойдың жеке өмірін, Лев Николаевич пен Софья Андреевнаның арасындағы ерлі-зайыпты қарым- қатынастарын, олардың күнделіктерін зерделеген кейбір толстойтанушылар, әдебиетші филологтар мен тарихшылар, Толстой туралы жазушылар әдептен озбай, этикалық нормаларды сақтай отырып, өздерінің тұжырымдары мен көзқарастарын білдірді. Осы ғасырдың өткен жиырма жылы ішінде Толстойдың соңғы күндеріне арналған бірнеше кітап жарық көрді. Олар Лев Николаевич пен Софья Андреевна біріне-бірі сай еді, бірін бірі толықтырған адамдардың махаббаты еді, оларға да барлық сезімдер мен кемшіліктер, адам болғасын оларға да пендешілік тән екенін айтып жасырмады, ұлы кемеңгердің жеке өмірі де, ерлі-зайыпты өмірі мен олардың қарым-қатынастары совет кезінде моралдық-этикалық тұрғыдан қозғалмады, қазір Л.Толстойдың жеке өмірі туралы жиі айтылады, өйткені кемеңгер жазушының өмірі мен шығармашылығы онсыз толық болмас еді деген қағиданы ұстанған Толстой мұрасын зерттеушілер жазушының бүкіл адамшылық келбетін аша түсуде.

***

Жасында жер бетіндегі ең бай, ең ұлы және ең бақытты адам болуды армандаған Л.Толстой артынан өмірінің орта кезінде: «Айналаңда азап шеккен, бақытсыз көп адамдар жүргенде мен бақытты бола алмайды екенмін», - деп шешеді, бұл ойы оның қалған ғұмырын өзгертеді, ол адамзат үшін өмір сүруді, адамның рухани тірлігі мен ішкі жан дүниесін, оның ақиқатын ой қаламымен суреттеуді, өзі таңдаған тағдырдың жан қиналысы да, ауыртпалығы да толы екені біле тұра алдына қойған мақсатынан бас тартпады, өмірінің соңына дейін жетілсем деген көзғарастарынан айнымады.

1847 жылы Лев Толстойдың өмірінде бір маңызды оқиға болды: ол күнделік жазуды бастайды. Толстойтанушылар сол сәтте Толстойға күнделік жазу өзін тану үшін, өзін тәрбилеу үшін болған шара еді дейді. Толстой өзіне: «Мен кіммін?» - деген сұрақты қояды және мынаны анықтайды: «Бұл өмір, мен өмір сүріп жүрген өмір, маған арналмаған, мен үшін емес», - деп жазады, университетегі оқуын тастап, өзіне мұраға қалдырылған Ясная Полянаға жол тартады, оны ретке келтіру үшін ғана емес, ең бастысы – Толстой өздігінен жетілу үшін, өзін тәрбиелеу үшін, өзін байқау үшін жөнеледі.

Мүмкін, Толстой сол кезде жаза бастаған күнделік оның рухани байыпты өсуінің және ұзақ уақыт оның жетілуінің құралы болады деп ойламағанда шығар. Алайда, ол 64 жыл бойы күндесін күнде жазып, өмір бойы өзінің күнделігіне жүгінеді. 64 жыл күнделік беттерінде өміріндегі сыртқы және ішкі оқиғаларды жазып, үнемі өзінің моралдық бейнесі мен ақыл-ой жұмысы туралы, пікірлері мен ойларын, қоғам мен адамдарға, дінге, адамдардың тіршілігіне, өзінің өміріне қатысты ойларын қысқа жазып отырады. Бұл Толстойдың өмірде жетілсем деген мақсатының басы еді, Толстой бұл туралы «Исповедь» шығармасында былай жазады: «Енді сол кезді мен еске алсам, маған анық болғаны, мені билеп алған хайуандық түйсіктерден басқа жалғыз ғана сенім бар еді, ол өмірде жетілсем деген сенім болатын. Бірақ жетілудің не екенін, оның мақсаты неде, оны сол кезде түсіндіре алмайтынмын. Мен ақыл-ойымды жетілдіруге тырыстым, өмірде алдымда кездескеннің бәрінен сабақ алдым; мен өзімнің жігерімді жетілдіруге тырыстым, өзіме қағидалар орнаттым, сол қағидаларды бұзбауға тырыстым, еркімді жетілдірдім, әртүрлі жаттығулар арқылы күш- қуатымды, ептілігімді шыңдадым, өзімді қинап сабырға, төзімге үйреттім. Осының бәрін өзімнің жетілуім деп санадым. Әрине,басында рухани жетілу тұрды, артынан ол менің жалпы жетілуіме қатысты еді, яғни мен өзімнің алдымда, құдайдың алдында жақсы болу үшін емес, басқа адамдардан жақсы болсам деген тілегім тұрды. Ал соңында басқалардан жақсы болсам деген ойым басқалардан күшті болсам, артық болсам, бай болсам, атақты болсам деген тілегіме ұласты».

Л. Н. Толстой жастық, жетілу, кәрілік кезі

64 ішінде (!) өз күнделігінің беттерінде ол өзінің өмірін, жан дүниесін мазалайтын моралдық, ақыл-ой жұмысы туралы айтады. Күнделік беттерін оқи отырып, олардың көпшілігін қарт адам жазғанына сену қиын: сондықтан оның авторының ойлары бірде жаңа көзғарастарға толы, ерекше болып келсе, ал кейде қалыптасқан адам санасына қарсы, даулы болып келеді.

Толстой мұрасын зерттеуші ғалымдар: «Өмірді толғандыратын, өмірдегі адамға қажетті маңызды мәселелерге қатысты Толстой күнделік жазып, өмір бақи өзін - өзін тәрбиелеумен болды, көп оқыған Толстой өзіне биік мақсаттар қойды, олардың бір бөлігі іске асты, ал бір бөлігін жүзеге асыра алмады», - дейді.

Толстой жас кезінен бастап өмір туралы көп ойланады, өмірдің не екенін түсінуге тырысады, оның мәні туралы, адамдардың өмірде қалай сүретіні туралы Л.Толстой «Арылу» («Исповедь») шығармасында былай жазады:

«Өмір дегеннің не екенін білімдерден іздеп табалмаған соң, өмірдің өзінен, адамдардың өзінен іздей бастадым, жанымдағы өзім сияқты адамдар қалай өмір сүреді, бұған өмірге олар қалай қарайды екен деп оларды қадағалай бастадым, бұл мені қажытып жіберді.

Сонымен оқығандары, өмір салты бойынша өзіме ұқсас келетін, өзім сияқты адамдардан мынаны байқадым.

Менің білгенім, адамдардың осынау сұмдықтан шығудың төрт жолы бар екен.

Бірінші жол – өмірден бейхабар болу керек екен. Өмір – зұлымдық, қайғы-қасірет, бос сандырақ екені, оны білмеу керек екен, ол өмірді түсінбеуден тұрады. Бұндай адамдардың қатарына – көбіне әйелдер, не жас адамдар немесе өте топас адамдар жатады – олар Шопенгауэр, Соломон, Будда өмірлерінде кездестірген мүлдем өмірді түсінбейтін адамдар. Олар алдарында тұрған айдаһарды, олар жармасып, жалап жатқан бал шырыны бұтағының түбін кеміріп жатқан тышқандарды көрмейді. Бірақ олар бал шырынын белгілі бір уақытқа дейін жалайды: олардың назарын біреу-міреу айдаһар мен тышқанға аударатын болды – олар жалағанын тоқтатады. Олардан үйренетін ештеңе жоқ, оларға қарап білгенімнен айырылып қалам екен.

Екінші жол – эпикуршылдық жол. Бұлар өмірдің үмітсіз екенін біле тұра, өмірдің барлық игіліктерін уақытша болса да пайдаланып өмір сүру, олар айдаһарға, тышқандарға қарамайды, олар бал шырынын жақсылап тұрып жалайды, әсіресе, оның бұтағына бал шырыны көп жиналса болды, олар балды рахаттанып сорады. Соломон бұл жолды былай көрсетеді: «Мен шаттық сайран құрған өмірді айтқаным, адамдар үшін ішіп-жегеннен, көңіл көтергеннен басқа жақсы ештеңе жоқ: өйткені шаттықта өмір сүру оларға күн көрісінің құдай бұйыртқан күнделікті өмір тіршілігіне көмектеседі. Сонымен, тапқан наныңды барлық көңіліңмен ішіп же, сайран сал, шарабыңды іш... Мынау тынымсыз өмірде, өзің сүйген әйелден ләззат ал, ол сенің сыбағаң, қызығың, қалай еңбек етсең, солай қызық көресің деген. Қолыңнан келгенді істеп бақ, өлгенде сен қайда барасың, онда жұмыс жоқ, онда ешкім ойланып, толғанбайды, білім де, ғылым да жоқ, онда ақыл да жоқ».

Адамдардың көпшілігі осы екінші жолмен өмір сүреді. Олардың өмір сүру салты бойынша оларға өмірде жамандықтан гөрі жақсылық толып жатқан сияқты, ал олардың меңіреулігі олардың жағдайының мүшкіл екенін ұмыттырады» деп анықтаған Л. Толстой: «Сөйткенмен барлық адамзат, өмір сүріп жүрген адамдар, миллиондаған адамдар – өмірдің мәніне күмән келтірмейді. Шын мәнінде, бұрыннан бері, өмір болғаннан бері, өмірдің бос екені туралы ойлануы арқылы, оның мағынасыз екенін біле тұра біз өмірімізге қандай болмасын мән беріп өмір сүреміз», - деп өмірге арналған бөлімді осылай аяқтайды.

***

Л.Н. Толстой және тағы да басқа да тарихи тұлғалардың қазақ елімен әдеби байланыстарын ғылыми зерттеген ғалым Шәмшиябану Сәтбаева: «Лев Николаевич Толстой шығармаларын, оның әңгімелерін шығыс халықтарының ішінде өз ана тілінде алғаш оқыған қазақтар болды деп айтуға болады, Лев Толстой өзінің шығармашылығымен ғана емес, сондай-ақ қазақ шоғырланған Орынбор, Орал өңірлерінде болды, шығыс халқы, соның ішінде қазақ, башқұрт, татар ұлттарының салт дәстүрлері, оның сапарлары ұлы кемеңгер шығармашылығынан орын алғаны туралы зерттеулер, тарихи деректер бүгінде ұлы жазушының біздің де рухани дамуымызға серік болғанын айғақтайды», - деп жазады.

Л.Толстойдың шығармаларын қазақ тіліне алғаш болып ағартушы, педагог Ыбырай Алтынсарин аударды. Ы.Алтынсариннің педагогикалық қызметінің қарқынды кезеңі (Торғайда алғашқы халық мектептерінің ашылуы, семинариялар, орыс графикасы негізінде қазақ тіліндегі алғашқы оқулықтардың құрастырылуы) Л.Толстойдың педагогикалық қызметінің, оның Ясная Полянадағы шаруа балаларымен сабақ өткізуінің, оқу құралдарының шығарылуымен тұспа-тұс келгені белгілі.

Ыбырай Алтынсарин Л.Толстойдың шығыс аңыздары мен ертегілері негізінде жазған әңгімелерін аударды, ондағы мәселелерді қарапайым, ойы жағынан түсінікті, оқушыларға жақын етіп ұсынды. Олардың негізгі тақырыптары – еңбек пен білімге, туған-туысқандары мен жолдастарына деген сүйіспеншілік, білімқұмарлық, байқағыштық, сыпайылық, қарапайымдылық болды, Ыбырай Алтынсарин ұстаздың педагогикалық міндеттеріне сәйкес келді.

Л.Н.Толстойдың жеке кітапханасында Ы.Алтынсариннің «Қазақ әдет-ғұрыптары туралы» және Н.И.Ильминскийдің «Ы.Алтынсарин туралы естеліктер» атты жарияланымдары бар, 1870-1875 жылдардағы «Орыс географиялық қоғамының Орынбор бөлімінің жазбалары» атты бірнеше шығарылымның болуы Л.Н.Толстойдың қазақ ағартушысының қызметімен, қоғамдық және педагогикалық өмірімен таныс болғандығын көрсетеді. Ыбырай Алтынсарин көп жылдар бойы Орынбор губерниясында жұмыс істеді, онда Толстой бірнеше рет болды. Ясная Полянада Толстой мектебі мен Алтынсариннің алғашқы қазақ мектептері бір мезгілде ашылды. Патшалық Ресейдің езілген халықтары тағдырына жанашырлықпен, ықыласпен және сүйіспеншілікпен қараған Л.Толстой Ыбырай Алтынсариннің қызметі туралы білмей қалуы мүмкін емес.

Л.Толстой сол кездегі орыс және шетелдік саяхатшылардың әйгілі еңбектерін зерттеді, олардың ішінде М.Бекчуриннің «Түркістан облысы», «Орыс Географиялық қоғамының Орынбор бөлімінің жазбалары», «Хиуаға қысқы жорықтың сипаттамасы» және басқалары, олардың көпшілігі жазушының Ясная Полянадағы жеке кітапханасында сақталған. Атап айтқанда Л.Н.Толстой В.А.Перовскийдің жергілікті халықпен қарым-қатынасына қызығушылық танытты. Л.Н.Толстой жазушы және саяхатшы Е.Л.Марковпен таныс болған, оның «Ресей-Орта Азия» (1901) жол очерктерінде қазақтардың өмірі мен тұрмысын сипаттауға арналған көптеген беттер бар.

Абай, Шәкәрім, Әлихан Бөкейханов пен Мұхтар Әуезов және кейінгі ұлт мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті өкілдері, қазақ жазушылары Лев Толстойды ерекше құрметтеді, Толстой шығармаларын қазақ тіліне аударды. Шәкәрім Толстойды ұстаз санады:

Танбаймын, шәкіртімін Толстойдың,

Алдампаз, арам сопы кәпір қойдың.

Жанымен сүйді әділет, ардың жолын,

Сондықтан ол иесі терең ойдың .

Шәкәрімге Абай мен Толстойдың ғұламалығы қатты әсер етті, сондықтанда екеуінде өмірлік ұстанымында үлгі етті. Абай Құнанбаев Лев Толстойды жақсы білген. Ол туралы Мұхтар Омарханұлы Әуезов: «Абай мәдениетті адам баласының жалпы тарихы бағалаған Сократ, Аристотель, Пушкин, Салтыков, Толстойларды алдымен аузына алады» деп атап көрсетеді.

Л.Толстойдың шығармашылығымен М.Әуезов жастық шағында таныс болды. Өмір бойы жазушы Толстойдың шығармаларына жүгінді, өмірдің әр кезеңінде ол Толстойды өзіне басқа қырынан қайтадан ашып отырды. Жас кезінде, 1918 жылы, ол қазақ тіліне «Будда» әңгімесін, кейін «Балдан кейін», «Булка» әңгімелерін аударды. Толстой шығармаларының реалистік тереңдігі, эпостық кеңдігі, жалпы адамзаттық және философиялық мазмұны кемелді көркемдік түрінде көрініс тапты.

1978 жылы Л.Толстойдың екі томдық шығармалары жинағы қазақ тілінде жарық көрді, ал бұдан бұрын 1963 жылы аудармашы, ғалым, әдебиеттанушы Мұхтар Жанғалин «Соғыс және бейбітшілік» романын қазақ тіліне тәржімеледі.

Кемеңгердің соңғы күндері туралы 1978 жылы талантты сыншы, ақын Аян Нысаналин «Соңғы түн» өлеңінде:

Алыстан станция

Суық жұлдыздар. Түн іші.

Ақылман жатыр

(шытынап тағдыр шынысы)

Соғады әлсіз

Жұмыр жер сыйған жүрегі

Әлсін-әлсін тарылып,

Кеуде тынысы.

Қызылды-жасыл

Тіршілік сәуле жарқылы.

«Бәріңді сүйем»...

Сарқырама ойлар сарқыны.

Түс пен өң де емес

Поездар зулап барады.

Сыңсыған аппақ

Қайыңды өлке арқылы! –

деп едәуір символикалық мәні бар суреттерді кестелейді.

Лев Николаевич Толстой барша адамзат үшін ортақ тұлға, оның туындылары ортақ құндылық, Толстой әлеміне, оның көркем ой әлеміне деген құлшыныс өткен уақытта бірде бір бәсеңдеген емес, уақыт өткен сайын өрши түспесе кеміген емес. Бүгінде Л.Толстой әлемі, оның шығармалары адамдардың рухани өмірінде берік орын алды, көркем дамуының жарық шырағына айналды. (жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар