Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Салауат Кәрім. «Лев Толстойдың «Анна Каренинасы»...

13.11.2023 1902

Салауат Кәрім. «Лев Толстойдың «Анна Каренинасы» 12+

Салауат Кәрім. «Лев Толстойдың «Анна Каренинасы» - adebiportal.kz

«Барлық бақытты отбасылар бір-біріне ұқсайды, әрбір бақытсыз отбасы өзінше бақытсыз», -деп басталатын Лев Толстойдың «Анна Каренина» романы әлемдегі ең танымал көркем туындылардың бірі. Адамдар осынау романды күнге дейін әлі де құмартып оқиды, оқығаннан кейін нәзік сезімдер адал болмаса махаббат бақытсыздыққа ұшырайтынына, махаббатсыз – дүниенің бос екеніне көздерін жеткізеді. 

Лев Толстойдың осыдан жүз елу жыл бұрын мәңгілік адами құндылық, адам өмірін қуаттандыратын, бақытқа жетелейтін махаббат туралы, отбасылық неке, отбасылық өмір, еркек пен әйел арасындағы қатынастар психологиясына жазылған «Анна Каренина» романы оның алдындағы «Соғыс және бейбітшілік» романынан да асып түсті.

Толстойтанушылар ең қызығы Лев Николаевич осынау туындысын махаббат туралы кино сценарийлер үшін жазғандай дейді, роман негізінде бақытсыз әйел махаббатына құрылған кинофильмдер санында шек жоқ, әлемде 30-дан астам кино түсірілді, бұл да роман көтерген мәселенің өміршеңдігін көрсетеді, дегенмен барлық фильмдердің нұсқалары өзінше жақсы болғанымен, бірақ олар, әрине, Толстойдың романда жеткізейін деген ойынан өте алшақ жатыр.

Романның негізгі тақырыбы – махаббат және отбасы мәселесі. Жанры- әлеуметтік-философиялық роман. Лев Толстой осы туындысында адам өмірі туралы дүниетанымдық пайымдарын және ХІХ ғасырдағы орыс қоғамының маңызды мәселелеріне көзқарастарын қамтыды.

Толстой өмірінде отбасын, оның маңызын жоғары қойды, бұрында өзінің көркем шығармаларында басты назар аударды, ал «Анна Каренина» романында өмірге қажетті негізгі әлеуметтік-қоғамдық мәселені тұтастай бір шығарма бойында көтерді. Лев Толстой «Анна Каренина» романында махаббатсыз адам өмір сүре алмайтынын, махаббатсыз отбасы өмірі де мүмкін еместігін мәлімдеді. 

Романның идеялық, сюжеттік-көркемдік және композициялық желісі: махаббат, ғашықтық сезім, күрделі некелік қарым- қатынастар мен адам тағдырының шиеліністерінде өрбейді. Романда ғашық жандар сезімнің барлық тылсым сырлары шынайы және нәзік суреттеледі, аяғында махаббат құрбандыққа шалынады, сонымен бірге Толстой әр түрлі отбасындағы некелік қарым-қатынастарды, отбасылық өмірдің әр жақтарын өзек етеді.

ХІХғасырдың 60-шы жылдары Ресейдегі реформалар мен қиын саяси- экономикалық және әлеуметтік дағдарыс кезінде Толстойды «халық туралы» ой толғандырады, сол кезде «Соғыс және бейбітшілік» романын жазды, ал 70-ші жылдары Толстойды адам өміріндегі басты мәселе «отбасы туралы» ойландырды. Лев Николаевич өзін мазалаған осынау ойлары туралы әйелі Софья Андреевнаға «Анна Каренина» романын аяқтағаннан кейін жазған хатында: «Менің ойым енді маған өте түсінікті болды. Шығарма жақсы жазу үшін ондағы негізгі ойды жақсы көру керек. «Анна Каренинада» мен отбасы мәселесін жақсы көрдім, ал «Соғыс және бейбітшілікте» 1812-ші жылғы соғыстан кейінгі халық тағдырын жақсы көрдім...», - дейді. Толстойдың бұл сөзі оның романын түсінудің кілті десе болады. 

«Анна Каренина» романы жарық көргеннен кейін Ресейде әлеуметтік-философиялық романдар көптеп жазылды, оларда махаббатқа маңызды философиялық мазмұн берілді, адамдар қоғамында отбасы және некелік қатынастардың адалдық пен сенімге құрылуына, шынайы түсініктер мен отбасылық қағидалардың қалыптасуына ықпал ете бастады.

«Аяқ астынан келген ой – «амалсыздан» жазылған роман»

Лев Толстой «Анна Каренина» романын 1873 жылы 29 наурызда жазуды бастайды. 

Алайда толстойтанушылар Толстойдың күнделіктеріне сүйене отырып, 1870 жылдың басында Толстой замандастарының жеке өмірі мен қарым-қатынастары және «ақсүйек ортасынан шыққан, бірақ өзін жоғалтып алған әйел» туралы сюжет шығармашылық ойында болғаны және оның кейіпкері «аянышты және кінәсіз» көрінуі керек» - дегені туралы жазады, сондай-ақ мұны Толстойдың ұлы Сергей Львович күнделіктері жазбаларында да растайды.

Осы ғасырдың басынан Лев Толстойға арналған бірнеше циклдық кітаптар жазған жазушы, толстойтанушы Павел Басинский «Анна Каренинаның» шынайы тарихы» деген кезекті кітабы шығар алдында берген сұхбатында: «1873 жылы Лев Толстойдың «Анна Каренинаны» жазу туралы ешбір ойы болған емес. «Соғыс және бейбітшілік» эпикалық романы жарық көрді, оның танымал болған кезі. Келесі ойы Петр Бірінші туралы тарихи дүние жазу, сондай-ақ, Ресейде барлық сыныптарда, патша балаларынан бастап шаруа балаларын оқытатын «Азбука» хрестоматиясын жазу туралы болатын. Осы маңызды және басты істердің құшағында жүріп, ол кенеттен терезе алдында жатқан Пушкиннің «Белкин әңгімелері» кітабын оқи бастайды, онда аяқталмаған «Қонақтар саяжайға жинала бастады» деген сөз тіркесіне көңілі ауады, кітапты қайта оқып, жазу үстеліне отырады, үзіндіні жалғастыра түседі. Бұдан бұрын «Анна Каренина» романының сюжетіне ұқсас атақты Флобердің бұрын жазылған шығармасы да болған еді», - дейді. 

Толстой құлышыныспен романды жазуға кіріседі, жылдам жазып шығамын деп ойлайды, бірақ романды жазу төрт жылға созылады, роман түзетіліп 1878 жылы жеке кітап болып шыққанын ескерсек, Лев Толстой «Анна Каренина» романын 1873 жылдың 29 наурызынан бастап 1878 жылғы 17 сәуірге дейін бес жыл жазған. Романды жазу барысында Лев Николаевич қалжырап шаршағанда:«Не үшін осыны жазып отырмын?» деп өзіне абшыратын көрінеді, «Сюжеті де сондай керемет емесқарапайым, шенеуніктің әйелі күйеуін алдап, офицермен қашып кеткен, өзіне қол жұмсайды», - деп ашуланушы еді» - деп жақындары күнделіктерінде еске алады. 

Толстой қолжазбаларының соңғы зерттеулеріне сәйкес романның бастапқы жобасы «Екі неке» деген атаумен бастайды, артынан романды жазу барысында Толстой іс жүзінде жаңа кейіпкерлер, жаңа эпизодтар мен оқиғалар, өзге де жанама тақырыптар мен мотивтер енгізе отырып, негізгі кейіпкерлерінің бейнелерін қайта қарайды, басты кейіпкердің қандай болу керегін қайта нақтылайды, басты кейіпкерлердің бейнелерін тереңдетеді, кейбір кейіпкерлердің образдарын қайта қарап, олардың кейбір қырларын жағымды жақтарынан көрсетуге екпін түсіреді. Бұл романның сюжеті мен композициясын едәуір қиындатады, ақырында Толстой романның жанрлық және композициялық табиғатын түгелдей өзгертеді. 

Бастапқыда Толстой Аннаны Татьяна Ставрович (Анна Каренина деместен бұрын) деп атайды, алайда барлық жағынан сүйкімсіз әйелдің образы жасалады: әйел өзімшіл, қалай солай киінетін, қоғамда өзін ұстай білмейтін образ болып шығады, кейін Толстой басты кейіпкерінің ішінде, сыртында өзгертеді, нәтижесінде Аннаны сүйкімді әйел бейнесіне келтіреді. Сондай-ақ Аннаның шенеунік күйеуі де байғұс, момын, басқалардың күлкісін туғызатын адам ретінде жазылды; Аннаның сүйіктісі Балашов (Вронскиийге дейін) әйелдердің қиялындағы, әйелдерге үнемі көз қырын салатын образ ретінде қарастырылады.

Романды жазу кезінде Толстойға өте қиын түседі, өйткені бірнеше еркек пен әйел арасындағы қарым-қатынастарды, олардың сезімдерін, жан дүниесі мен олардың толғаныстарын, көзғарастары мен мінез-құлықтарының жиынтығын жасау, олардың көркемдік бейнелерін тудыру көркемдік ізденістерді, сондай-ақ композициялық-сюжеттік желісін құру, бір отбасынан екінші отбасы қатынастарына көшу, оларды шынайы үйлестіру үлкен шеберлікті қажет етті. Романды шиеленіске және драмалық сюжетке құруды көздеген Толстой жазу барысында роман кейіпкерлерін бірінен соң бірін енгізеді: бірінші Аннаны, содан соң Левинді, одан соң Каренинді және кейіпкерлеріне сипаттама береді. 

Содан кейін Толстой мынадай әрекетке барады: ол «Русский вестник» журналын шығарушысы, баспагер Михаил Катковпен келісімшарт жасап, одан әлі жазылмаған және аяқталмаған роман үшін «алдын ала» 10 000 рубль қаламақы алады. 1874 жылдың аяғында Толстой романның жазылып біткен бірнеше тарауларын «Русский вестник» журналында жариялай бастайды, осы сәттен бастап Лев Николаевич ай сайын журнал бетінде оқырмандардың оқуына үлгеру үшін «амалсыздан» жазуына тура келеді, кейде ол романға қуана-қуана отырады, ал кейде: «Менің Аннам әбден менің зығырымды қашырды, мені жалықтырды», - деп айқайлайды екен. Лев Толстой жазғандарын журналда біртіндеп жариялайды, оқырмандардың назарына ұсынады, журнал оқырмандары әрбір номерін асыға күтеді, жаңа тарауды оқыған сайын бірімен бірі пікір таластырады, дауласып талқылайды, олардың көзғарастары да әр түрлі болатын, бірақ роман оқырмандарға ұнайды, бірден үлкен жетістікке жетеді.

Толстойтанушы ғалымдар романды жазу кезінде алғашқы нұсқада Толстой Аннаны Нева өзенінде суға кетеді деп жазады, артынан поезд астына түсіру арқылы романға өзгеріс енгізеді. Бұл да ойдан туған дүние емес еді, романда поездың композициялық тұрғыда образ ретінде алынуы, поезбен келген Анна мен Алексейдің алғашқы кездесуі, сол жерде поезд астына түскен күзетшінің өлім, Аннаның күмән романды жазу барысында шешілгендігін жоғарыда айтқан жазушы, толстойтанушы Павел Басинский: «Толстой пойызды ойлап тапқан жоқ. Бұған өмірде болған Кочаков зиратында жерленген, бақытсыз әйел Анна Степановна Пирогованың қайғылы оқиғасы негіз болды, ол Ясная Полянадан шамамен 7 шақырым жерде болған оқиға еді. Толстойдың Бибиков есімді помещик көршісі және Анна Пирогова Бибиковтің көңілдесі болған. Анна Пирогова көңілдесі Бибиковтен кек алу үшін өзіне-өзі қол жұмсаған, Ясенки станциясында (қазіргі Тула облысындағы Щекино станциясы) жүк пойызының астына түскен», - десе, Толстойдың ұлы Сергей Львович естелігінде: «Мұның бәрі 1872 жылы Ясная Поляна маңында болды. Лев Толстой осынау бақытсыздықты көру үшін теміржол казармасына барды», - деп жазады.

Толтойтанушылар Толстой күнделіктеріне сүйене отырып, ондағы жазбаларды мұқият қарап, Толстойдың осындай шығарманы жазуға «Құдіретті Пушкин» итермелегенін және махаббатты суреттеуде Пушкин ықпалы туралы бір ғасыр бойы айтып келеді. 

Пушкин лирикалық өлеңдерінде, прозалық шығармаларында болмасын идеялық- көркемдік тұрғыды махаббатты адам өміріндегі, оның тіршілігіндегі ең құдіретті қуат ретінде көркемдік биікке көтерді, шығармаларында махаббаттық сезімдерді, ғашықтық сырларды көркем суреттеуде Пушкин алдына жан салмады, Пушкин лирикасы махаббат сезімдерінің сұлулығымен ерекшеленеді, оның әрбір өлеңі оқырмандар жанына махаббат нәрін сыйлап, адам жанында, көзінде ашатын көркем құбылыс, ол махаббатқа жан-тәнімен берілген әсем және сұлу көркем бейнелерді жасап, олардың сезімдерін тудыра білді, Пушкин махаббатты асқақтатты да және жырлай да білді.

Осы кезде Лев Николаевич Пушкиннің «Евгений Онегинін» қайта оқиды, «күйеуі бар, ақсүйектер қоғамнан шыққан, бірақ өзін жоғалтқан әйелді» көз алдына елестетеді. Яғни, Толстой өзінің шығармасында сүйген адамына қосыла алмаған Татьяна Ларина тағдырын ойлады ма, кемеңгер жазушы «Анна Каренина» туындысында мүмкін ойын жалғастырған шығар» (Б.М. Эйхенбаум) дегенді де айтады. 

«Толстой романды жазу барысында Пушкиннің махаббатты суреттеу дәстүрлерін қатаң ұстанды және оны керемет жалғастырды, өзінше дамытты, байытты, көптеген жаңа көркемдік құралдар мен әдістер енгізді» – дейді әдебиеттанушы ғалым Б.М. Эйхенбаум. 

Лев Николаевич 1877 жылғы 17 сәуірде «Анна Каренина» романның соңғы нүктесін қояды.

Романдағы махаббат пен отбасылық некелік қатынастар

Романда туыс, жақын, бірімен бірі таныс адамдардың өмірі, үш бірдей отбасы және олардың махаббаты, тағдырлары романның сюжеттік желісін құрайды, олардың қайсысын болмасын екінші деңгейде қарауға болмайды.

Романдағы Дарья мен Степан Облонскийдің отбасылық қатынастары, Анна Каренина мен Алексей Вронскийдің махаббаты, Левин мен Китидің отбасылық қалыптасуы романда бір жолға қойылады. Романда барлық отбасы оқиғалары романның идеялық ауыр жүгін көтереді, романда өткінші кейіпкерлер жоқ.

Дарья (Долли) өзін отбасы мен балаларға арнаған әйел, өйткені оның күйеуі – князь Степан (Стив) Аркадьевич Облонский әйелін сүймегендіктен алдаумен өмір сүріп келе жатқан еркек. Степанға өтірік айту, әйелін алдау әдетті нәрсе, солай бола тұра, Степан Облонский отбасылық қарым-қатынастарды өтірікке құру мүмкін емес екенін, өтірік жүрген жерде отбасы бақытты болмайтынын түсінбейді. Долли күйеуі оның намысын таптай берсе де отбасын сақтауға тырысады. Автор Степан – Стивті одан әрі өзгере ме, жоқ па, оның маңызды емес екенін айтады, өйткені бұл отбасындағы жұбайлар арасында ішкі рухани түсіністік пен бірлік бұзылған, олардың әрқайсысы өз өмірімен сүреді, өздері жүрегі қалауымен емес, не христиандық мораль қағидаларымен емес, адамшылыққа қайшы келетін заңдармен өмір сүреді.

Романда Толстой ең нәзік ғашықтық сезімдердің азапты оқиғасын суреттейді, оны жоғары лауазымды шенеуніктің әйелі Анна Каренинаның тағдырынан көрсетеді. Анна сүймейтін, қоғамда орны бар, жасы үлкен адамға күйеуге шыққан әйел. Анна жас офицер Алексей Вронскийдің ғашықтық сезімдеріне қарсы тұра алмайды, олардың махаббаты қоғамдық ортаның моралдық-этикалық әдептеріне, сол кездегі түсініктерге қайшы, Алексей Каренин әйелімен ажыраспақшы болады, алайда Аннаның босану кезіндегі азабын көріп, біржағынан «абыройын» сақтау үшін кешіруге дайын. Уақыт өте келе Анна мен Алексейдің арасы суып, бұрынғы сезімдері жоғалады, Каренин қоғам тарапынан күлкіге қалады, алты ай Каренин Аннаға ұлын көрсетпейді, Алексейдің еркі мен сүйіспеншілігіне тәуелді, оған қызғанышқа толы Анна өзінің махаббатынан жапа шегеді, үмітсіздікке душар болады, пойыз астына түседі. 

Лев Толстой «Анна Каренина» трагедиясында өмірдегі рухани және әлеуметтік қайшылықтардың табиғи көрінісін көрсетеді.

Сондай-ақ сырт қарағанда үйлесімді көрінетін Левин мен Киттидің (Щербацкая) отбасында да бақыт жоқ, дегенмен олардың өзара қарым - қатынастарында терең ішкі сезімдер және сүйіспеншілік сақталған. Некелік қатынастардың қатаң жабық әлемі Левинге де мынау өмірді толық сезінуге мүмкіндік бермейді, бірақ олар отбасы жауапкершілігін, махаббат сезімдерін жоғары санайды, әрменқарай өмір сүреді. 

 

 

 

Романда басқа да отбасылық оқиғаларға қатысты кейіпкерлер: Вронскийдің шешесі, Бетси ханшайым және тағы басқалар, олардың біреуінде «қарапайымдылық пен шынайылық» жоқ. Толстой ақсүйектердің жалған өмірін көрсетумен қатар Левин арқылы қара халықтың да рухани бұзылуын, олардың жан дүниесіне де арсыздық бойлағанын көрсетеді, шаруалар арасында өтірік айту, екіжүзділік өршігенін суреттейді. Лев Толстой бүкіл орыс қоғамының іштей азуына, адамшылық қасиеттерінің бұзылуына налиды, бұның бәрі шығарманың драмалық шешіміне алып келеді.

Романның композициялық ерекшелігі – оның ортасында қоса жүре дамитын екі әлеуметтік оқиға және тұлға: Анна Каренина махаббаты мен шаруалар өмірін жақсартуға ұмтылған, дворян Константин Левиннің тағдыры. Олардың жолдары шығарма соңында қиылысады, алайда бұл романның дамуына мүлдем әсер етпейді, Анна мен Левин бейнелері арасындағы ішкі байланыс қана. Осы бейнелердің байланысы романда әртүрлі қайшылықтар не ұқсастықтармен ғана бірін -бірі толықтырады. Бұл байланыс адамдар өмірінің біркелкі еместігін, өмірдің жалған екендігін тағы да көрсетеді.

Лев Николаевич Толстой барлық жағдайда оны толғандыратын сұрақтарға жауап іздейді: адам отбасында және қоғамда қалай өмір сүруі керек, адам бақытының құпиясы неде? –деген сұрақтар романда жауапсыз қалады.

Романдағы кейіпкерлер әлемі және олардың прототиптері

Жазушының ұлы Сергей Львович әкесінің шығармашылығы туралы жазған кітабында: «Толстой «Анна Каренина» романына керекті материалдарды оның айналасындағы таныс адамдар өмірінен алды, оның жақындары, біздер, кейін кітаптан таныс бейнелерді, эпизодтарды, тіпті өзімізді танитынбыз, мен романда сипатталған көптеген бейнелерді, эпизодтарды білемін. Романдағы кейіпкерлердің эпизодтары өмірде болған адамдар шындығынан басқаша суреттелген» - деп еске алады. 

Лев Толстойдың замандастары пікірінше, (Т.А.Кузминский естелігінде) Толстой басты кейіпкер Анна прототипіне, оның бейне келбетіне қажетті кейбір ерекшеліктерді А.С. Пушкиннің қызы Мария Александровна Гартунгтан алғанын айтады. Кездесулердің бірінде Толстой Мария Александровнаның қара шашының бұрымына, шаш үлгісінің құлаған бөлігіне көзі түскен, содан кейін бұл штрихтер Аннаның бойынан, оған беріліген келбеттік сипаттардан табылды дейді.

Карениннің прототипіне Мәскеу Сарай Палатасының кеңесшісі, камергер, «естияр адам» Михаил Сергеевич Сухотин алынған, 1868 жылы Сухотиннің әйелі Мария Алексеевна күйеуімен ажырасып, С.А. Ладыженскийге күйеуге шыққан. Лев Толстой Мария Алексеевнаның ағасымен жақын достық қарым-қатынаста болған, осы отбасының тарихын білген.

Степан Облонскийдің прототипіне Л.Толстойдың немере қарындасына үйленген уездік басшы, артынан Мәскеу қаласының губернаторы болған Василий Степанович Перфильев алынған.

Константин Левиннің прототипіне Лев Толстой жартылай өзінің көркемдік образын жасайды, сондай-ақ, Левиннің мінез құлқына және өмір салтына қатысты туған ағасы Дмитрийдің көптеген табиғи қасиеттерін алғанын Толстой өз жазбаларында растайды. 

 Романды жазу барысында Лев Николаевич күнделік жазуды бір уақытқа тоқтатады, өйткені помещик Левиннің бейнесін жасауға басты назар аударады – дейді романды зерттеген толтойтанушылар. Константин Левинді шаруаларға білім қажет пе, егер оларды оқытса, білім берсе, оларға не болады деген сұрақтар мазалайды, Толстойды да осы мәселелер алаңдатқан болатын. Левиннің басынан өткерген өмірлік күйзелістер Толстойдың да өмірлік дағдарысына ұқсас.

Сонымен қатар, Левин мен Китти арасындағы оқиғалар, олардың өмірдегі қарым-қатынасы, махаббаты мен сезімдері Толстойдың өмірін жақсы білгендер «Лев Николаевич пен Софья Андреевна өмірі мен некелеріне өте ұқсас», - дейді, толстойтанушыларда зерттеулерінде романдағы көптеген эпизодтар, мысалы, Константиннің Китиге ашылуы немесе Аннаның босану кезіндегі ауыр қиналыстары, Китидің әртүрлі жеңіл мінездерден арылып, сабырлы, мейірімді, түсіністік пен кішіпейілдікті бойына жиған отбасы жарына айналуы олардың өмірінен алынғанын дәлелдейді.

Толстойдың ұлы Сергей Толстойдың айтуы бойынша романда Анна мен Вронскийдің Римде суретші Михайловтың студиясында болған кейбір сәттері, суретші И.Н.Крамскийге ұқсайды, өйткені 1873 жылдың күзінде суретші И.Н.Крамский Ясная Полянада Л.Н.Толстойдың портретін салған. Суретші дүниетанымы мен шығармашылығы, ескі көркем сурет шеберлері туралы жазушы мен суретші арасындағы әңгімелер Толстойға романға «жаңа суретшінің» қатысуымен көріністер енгізу туралы ойы туды» дейді.

Негізінде нақты оқиғалар Толстойдың шығармашылық ой қиялынан туды, сондықтанда «Анна Каренина» кейіпкерлерін олардың прототиптерімен салыстырудың қажеті жоқ. «Белгілі бір бейнені жасау үшін көптеген ұқсас адамдар бейнесі зерделеніп, жасалды», — дейді Толстойдың өзі. 

Ең бастысы романда сол кездегі уақыт тынысы кейіпкерлердің санасынан гөрі олардың эмоциялары айқын көрінді. Толстой сол кездегі күрделі әлеуметтік, моральдық және отбасылық-тұрмыстық жағдайды шынайы және көркемдік жоғары деңгейде суреттеді, автор кейіпкерлерінің бойына тікелей, жанама және жасырын түрде олардың психикалық жай- күйін, субъективті әлемін, мінез -құлқы мен ойлау жүйесін жасап, адамдардың жалпы моральдық келбетін жасады.

Ф.М.Достоевский: «Соғыс және бейбітшілікке» қарағанда «Анна Каренинада» үлкен тарихи оқиғалар жоқ [22], бірақ ол әркімге жақын тақырыптарды көтеріп, жауапсыз қалады. Толстойдың жаңа романында «адам жанының орасан зор психологиялық жылжуын көрдім» [23], - деп жазды.

Гегельдің айтуы бойынша: «Роман шын мағынасында прозамен жазылған шындықты көрсетеді» [21], бірақ Л.Н.Толстой «Анна Каренинада» «адамшылық ынтымағына айырылған» ұсақталған адамдар әлемін» бейнелеген, онда жақсылық пен жамандық былығып билік құрады» деп бағалайды.

Толстойдың «Анна Каренина» романын қабылдамағандар арасында Михаил Салтыков-Щедрин мен Николай Некрасовтар болды, олар «шамадан тыс сентименталды роман және ұятсыздыққа құрылған» деп баға береді, Иван Тургенев: «Мен Толстойдың «Анна Каренинасын» оқып шықтым, күткенімдей болмады. Әрі қарай не болатынын білмеймін; бірақ әзірге - бұл сылап сипалған, ұсақ роман - тіпті (Айтуға ұят!) зеріктіріп жіберді.» (А.Ф.Онегинге 1875 жылғы 13(25) ақпанда жазған хаты, Париж).

Ал сол кездегі атақты өнер сыншысы Владимир Стасов: «Граф Лев Толстой орыс әдебиетін бұрын-соңды болмаған жоғары биікке көтерді, өйткені Пушкин мен Гогольдің өздері махаббат пен құмарлықты осынша терең және таңқалдыра шындықпен көрсетпеді, қазір Толстойдың «Анна Каренинасы» ғасырлар бойы таланттың жарқын, жарық жұлдызы болып қала береді!» -деп жазды. (В. В. Стасов, «Новое время» газеті, 1877 жыл, №433)

Толстойдың библиографиялық жинағында «Анна Каренина» романы әлем елдерінің 41 тіліне аударылып, 625 басылымы тіркелген. Романды ағылшын тіліне төрт аудармашы, ал неміс тіліне үш аудармашы аударғаны туралы да жазылған. Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» эпопеясы мен «Анна Каренина» романы қазақ тіліне өткен ғасырдың ортасында аударылып ұлттық әдебиеттің қуатын, көркемдік әлеуетін көрсетті. «Анна Каренина» романының бірінші кітабы қазақ тіліне 1953 жылы, екінші кітабы 1955 жылы талантты ақын, жазушы, аудармашы Ғали Ормановтың аударуымен тәржіміленді, өткен 2022 жылы ақын мерейтойы аясында «Анна Каренина» романы «Mazmundama» баспасынан жарық көріп, қазақ оқырманына тағы да жол тартты. 

Жүз елу жылдан кейінде оқырмандар пікірі де, тартысы да қақ жарылып тиылар емес, кейбіреулер Аннаға сүйсініп, аяныш білдірсе, енді біреулер «ақымақ әйел» деп жатады, енді біреулер ғашықтық сезімдер жоғалады, махаббат жо қ десе, енді біреулер сезімдеріне адал қалып, отбасында сүйіспеншілікпен ғұмыр кешіп жатады, дегенмен «Барлық бақытты отбасылар бір-біріне ұқсайды, әрбір бақытсыз отбасы өзінше бақытсыз» деген Толстой сөзінің растығын әркім өздерінің көзімен көріп жататына ешбір күмән жоқ.

 Салауат Кәрім

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар