Жазушы Әділбек Ыбырайымұлының
«Бейсауат кісі» әңгімесін оқығанда осындай ой түйесің
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасы жайында сөз қозғағанда сәл кібіртіктеп қалатынымыз жасырын емес. Кешегі кеңес заманындағы әдебиетті кісілігі мен парасаттылығы тұрғысынан либерал, бейтарап, біржақты деп бағаласақ та, сол уақыттың мұрасы қазақ прозасының көшін бермей тұр. Өрелі, межелі шығармалардың шаңына ілесе алмай жүрген егемен әдебиетіміздің бағыт-бағдары әлі де болса тыңнан сүрлеу салып кете алмай жүргені шындық.
Жаңа заманда жаңа әдебиеттің талап етілуі заңдылық. Сол сүрлеумен қазақ жазушылары біраз ізденіске бойлады. Яғни ізденіс, ұмтылыс бар. Эксперимент жақсы. Шығармашылық адамы өз жолын алай-дүлей боп буырқанып іздеп жатса, оның несі айып? Осы тұрғыдан келгенде санаулы, атаулы жазушылар там-тұмдап ағымдағы уақыттың сұранысына сай заманауи прозаның ауылына батыл бет-бұрыс жасап жүр десек, солардың қатарына Әділбек Ыбырайымұлын жатқызған болар едік. Сөзіміздің дәлелі ретінде автордың «Бейсауат кісі» атты әңгімесін қарастырып көрелік.
Әлемдік прозаның өкілі Станислав Лемнің «Солярис» атты фантастикалық романында қызықты детальдар кезігеді. Оқысаңыз, ғарыш станциясында тұрып жатқан ғарышкерлер нені ойласа – сол орындалады ғой. Станцияда баяғыда өліп қалған адамдар жүреді. Алайда ол аруақтар емес, автор ойының сюжетке арқау болған тікелей көрінісі болатын. Байқасаңыз, романның негізгі идеясында болашақ өмір мен саналы, есті Солярис атты ғаламшар адамдарының арасындағы қарым-қатынас турасында оқиға өрбиді. Әлемдік әдебиетте мұндай эксперименттік шығармалар сәтті шыққан.
Жазушы Әділбек Ыбырайымұлының фантастикалық қоспасы бар «Бейсауат кісі» деген әңгімесіндегі басты кейіпкер Жолдыбай Қиясбаев өткен ғасырдың азаматы ретінде бейнеленген. Ол біз өмір сүріп жатқан қоғамға кенеттен тап болады да, адамдар санасында түсініксіз ойлар қалыптастырады. Оқиға желісі фантастикалық сюжеттермен басталатын әңгіменің өзегі ақырындап әлеуметтік шындықты көрсетудің ығына жығыла бастайды. Автор кейіпкерді аңыз адам ретінде көрсете отырып, екі кеңістіктің, екі жүйенің суретін егіздей бейнелеп кеткен. Бұл тұрғыдан қарасақ, әңгімені шағын романға балауға да болатын еді. Бірақ, жазушы көпсөзділіктен қашып, оқиға желісінің басымырақ болуына күш жұмсаған. Біркелкі ырғақпен баяндалатын әңгіменің әр диалогынан бірнеше ойдың желісін ажыратып, саралауға болады.
Әңгіменің басында өзіне түсініксіз ортаға тап болған кейіпкер алдымен адамдардың жүріс-тұрысына, мінез-құлқына, сөйлеген тілдеріне таңырқап қарайды. Бұл деталь шығармада: «жан-жағына сезіктене көз тастады. Әне, топтанған 7-8 оқушы балалар келе жатты. Бір қызығы бұл түсіне қоймайтын қазақша сөйлейді», – деп суреттеледі. Бұл жерде оқырманға: «Кейіпкер не үшін қазақша түсінбеуі керек?» деген сұрақтың тууы заңдылық. «Мүмкін ол өзге ұлттың адамы шығар?» деген ой бірден басыңызға келуі мүмкін. Тіпті, қай ғаламшардан келгені де ынтықтыра түседі. Әңгімеде Жолдыбайдың бейнесі көпшілікке күмән тудырғаннан кейін, полиция қызметкерлерінің назарына ілігеді. Қадалған жерден қан алатын біздің тәртіпсақшылар бейтаныс кісіні сұрақтың астына алады.
«– Құжатыңыз бар ма?
– Қазір... – Төс қалтасынан қып-қызыл куәлік шығарды.
Лейтенант қолына алған құжатқа бір, оны ұсынған иесінің жүзіне бір көз жүгіртіп өтті. Құжатта «комсомол билеті» деп жазылған» дейді әңгімеде.
Осы диалогтан кейін кейіпкердің кеңес үкіметі тұсында өмір сүргенін аңғару қиын емес. Демек, жазушы жоғарыда келтіріп өткендей, «қызыл куәлікпен» жүретін заманда қазақ тілі «өзгеше» тіл болып қарастырылған. Шағын эпизодтың өзінен кешегі тоталитарлық жүйенің бүтін ұлтты езгілеп, жаншып ұстағанын оқырман аңғара алады. Нәзік қана келтірілген монологта қазақ халқының тілі қаншалықты күрделеніп күрмелгені, шұбарланғаны әшкереленіп кеткен. Бірақ, кейбір оқырман «таптаурын болған тіл мәселесін қайталап жаза бергеннен не шығады» деп уәж айтуы мүмкін. Автор әңгімеде тіл арқылы, бір адамның болмысы арқылы кешегі тарихымызды суреттеп, бүгінгі қоғамдық санамызға диагноз қояды.
Сонымен қатар әңгіменің тағы бір ұтымды жері, оқиға желісі – елордамыз Астанада өтеді. Жаңа заман жазушысына бір сәтке болса да агрономдық санадан шығып, қаланың ортасына қарай ойысуының өзі жаңашылдыққа деген талпыныс болып саналады. Себебі, қазіргі жаһандық мәдениеттегі бәсекелестік қаланың есебімен шешім шығарады. Әңгіменің шарықтау шегіндегі эпизодтар кешегі ой мен ағымдағы сананы салыстырады.
Мәселен, кеңестік кезеңнің адамы Жолдыбай Қиясбаев отырған жерде жұрттың сағаты үнемі тоқтап қалады. Хакім Абай айтпақшы, «сағаттың шықылдауы емес ермек». Қарапайым тұрмыстық құрал арқылы қоғамдық мәселені көтеру шеберлікті талап ететіні сөзсіз. Бұл жердегі сағат – уақытты, уақыт – сананы меңзейді.
Әңгімеде «Сіздің сағатыңыз тоқтап қалыпты. Уақыттың қанша болғанын айтыңызшы. Дәрігер сағатқа жанарын жалт бұрды. 12.32-іні көрсетіп тұрды. Қолындағы сағатқа үңілді – 12.32. Екеуінің әңгімелесіп отырғандарына, шамасы, 25-30 минуттай өтті. Қабырғадағы сағаттың тоқтап қалуы онша ойландырмайды, қолындағы швейцар сағатының мүдіруі күмән тудырды», – делінген.
Бұл диалог арасындағы сағаттың тоқтап қалуы ермек емес қой? Негізінен басты кейіпкер Жолдыбай өз заманының топтан озған білгірі, талантты маманы. Ол сол кездің өзінде болашақ жайлы болжап, нақты ұсыныстар айтып жүрген. Адамның мүмкіндігін арттыратын жаңа технологиялар болатынын айтқанда, жұрт оны жынды деп ойлайды. Болашақ заманға тап келіп, өзінің бұрынғы пікірлері расымен де жүзеге асқанын көріп, кейіпкер аң-таң хал кешеді. Әуелі, мына көрініс ақылына қонбайды. Үлкен өзгерістерді ескі замандық санасы қабылдай алмайды.
Сағаттың 25-30 минутқа қалып қоюы сананың кеш қабылдауын меңзейді. Бұл сөзімізді әңгіме барысындағы келесі сюжет нақтылай түседі. Кейіпкерде «қазір ешкім қолданбайтын мойнына ілген антикварлық фотоаппарат» болады. Соның ішіндегі суреттер оның өткен ғасырда өмір сүрген адам екенін дәлелдейді. Жазушы осы диалог арқылы бүгінгі мешел ахуалымызды сынап кеткен.
«Абай болыңыз, мұнда 55 жыл бұрын түсірілген пленка... ал ондағы көріністер біз үшін өте қымбат, – деді студия мамандарына.
– 55 жыл бұрын?! – Сары шашты жігіт бұған бажырайып, таңданысын жасыра алмады. – Мұндай мұраға қалған дүниемен бірінші рет жұмыс жасайын деп тұрмын. Әйтсе де алаңдамаңыз, өте мұқият боламын.
– Әлгінде 55 жыл дедіңіз бе?
– Иә.
– Қалай сақталған? Технология бойынша пленка 3 жылдан әрі сақталмайды. – Сенімсіз күйде басын шайқады.
– Бірдеме шығара алдыңыз ба?
– Шығарғанда қандай! 36 кадрдың 4-еуіне ғана түсірілген екен.
Бұл жердегі «сары шашты» студия маманы тәуелсіздікпен шамалас, құрдас жігіт. Ол ескі пленканың 55 жыл сол қалпында сақтаулы тұрғанына таңырқайды. Эксперимент бойынша бұндай пленкалар 3 жылдан артық сақталмауы тиіс. «36 кадрдың 4-еуіне ғана түсірілген екен» деген сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Бұғаулық жүйенің адамдар санасын тобырландырып, тұтастандырып, калькаға салып ұстағаны бәрімізге мәлім ғой. Ол заманда өзгеше ойлауға шектеу қойылған. «Адамның бәрі бірдей» деген Карл Маркстің тұжырымы осыны меңзейді. 36 кадрды – қоғамның не болмаса халықтың ой-өлшемінің жалпы көрсеткішіне балама, теңеу ретінде қарастыруға болады. Ал біздің ұлт сол кезде мүмкіндіктің «4 кадрын» ғана пайдаланған. Қалған кадрды игеруге рұқсат жоқ еді.
Бір қызығы сол – нұсқауға көнгеннен гөрі, сенгендер көп болған. 55 жыл бойы сақталып, осы заманға бүлінбей, ауытқымай келген пленка – біздің бүгінгі құлдық санаға бейімделуімізге балама ретінде қарастырылған. Ондай эксперименттік езгілер өзге ұлттарға да қолданылған. Бірақ, көп жағдайда санадан жойылып, жаңа бетбұрысқа ауысып отырған. Ал бізге таскенедей жабысып алған кезеңнің елесі арылар емес. Біздің үлкен ақсақалдарымыз, консерваторлық көзқарастағы ағаларымыз әңгімедегі кейіпкер сияқты жаңа замандағы өзгерістерді қабылдай алмайды. Жазушы мұны әңгімеде былай келтіреді ғой:
«– Доктор, айтыңызшы, денсаулығымда ауытқушылық бар ма?
– Көріп отырсыз, Жолдыбай, мен сізді науқас адам деп санамаймын. Бірақ... кейбір кілтипандардың кілтін табу керек. Мен сіздің көмегіңізге арқа сүйеймін.
– Мен мұнда бөгдемін, үйіме барғым келеді... өз уақытыма».
Автордың шығармашылық шеберлігі, логикалық құрылымдары осы диалогта кең ауқымда көрінеді. Заманауи әдебиетте әр шығарманың ойын көрсететін ұтымды блогтар болады. «Бейсауат кісі» әңгімесінің негізгі тұжырымы осы. Оқырманды құлдық санадан арылуға, нақты айтқанда ол кезеңнің «срогы» өтіп кеткенін түсіндіруге талпынған. Осы ойды қуаттайтын диалогтар көптеп кездеседі. Мәселен:
– Сәлеметсіз бе?
– Біздің учаскелік милициясыз ба?
– Жоқ, апай, полицияданмын.
– Бір кезде милиция деп аузымыз үйреніп қалған. Кіріңдер, дейді.
«Қысқалық – таланттың қарындасы» деген А. Чеховтың таптаурын сөзі бар еді ғой. Әңгіменің қиын жанр екені ежелден белгілі. Шағын прозаға үлкен ойларды сыйғызып жіберу – үлкен шеберлікті қажетсінеді. Көлемді шығармаларда жіберілген фальштарды келесі бір эпизодтар толықтырып, бүркемелеп отырады. Ал әңгімеде жазушының жіберген олқылығы бірден көзге ұрып тұрады. «Бейсауат кісі» әңгімесі өзінің нысанаға алған бағытын, идеясын толығымен жеткізген шығарма деп ойлаймыз. Сауатты адамды ойландырмай қоймайды.
Бағлан Оразалы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.