Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САРҒАЙҒАН ПАРАҚТАРДАН...
Шандор Петөфи: өлең мен өмірдегі бостандық пен мах...

24.04.2020 4857

Шандор Петөфи: өлең мен өмірдегі бостандық пен махаббат 12+

Шандор Петөфи: өлең мен өмірдегі бостандық пен махаббат - adebiportal.kz

ПЕТӨФИДІҢ ӨМІРІ

Мажар ақыны Шандор Петөфидің өмірі жайлы не білеміз? 1822 жылдың 31 желтоқсанынан 1823 жылдың 1 қантарына қараған түні Кишкөрөште дүниеге келген. Көп жерде туған жылы 1822-1823 жж. деп жазылатыны сондықтан. Эвангеликтер шіркеуінде Александр Петрович деген атпен шоқындырылады, себебі сол кезде мажарлардың атын туу туралы куәлікке латын тілінде тіркейтін тәртіп болған. Александрдың мажар тіліндегі формасы ‒ Шандор, сондықтан ақын өзін кейін Шандор Петөфи деп атайды. Соңғы деректер әкесі Иштван Петровичтің тегі словак, кәсібі қасапшы болған дейді. Өз қожалығы болған, мал сатып күн көрген. Шешесі қарапайым адам екен, күйеуге шыққанша шіркеуде поптың қызметшісі, кір жуушысы болыпты. Шандор Петөфидің жалғыз інісі Иштван да өлең жазған.

Шандор мектеп табалдырығын бес жасында аттап, тоғыз мектеп ауыстырыпты. Себебі Петөфидің әкесі мектептен мектепті таңдап, баласын ең жақсы бірінде оқытпаққа ниеттенеді. Алайда 15 жасында әке-шешесі бар жиған-тергенінен айырылып, ары қарай ұлын демеуге шамалары келмейді. Ақынның осыдан кейін білім алуға мүмкіндігі болмай-ақ қояды. Мектеп қабырғасында өлең жазу мен сурет салудан таланты таныла бастаған Петөфи әуелде ақын болуды армандамапты. Оның бала күнгі арманы актёр болу екен. Сондықтан жаяу-жалпы Будапешке тартады. Ұлттық театрда қызметші болып жұмысқа орналасады. Алайда әкесі астанаға барып, ұлын кері алып қайтады. 1839 жылы жоқшылықтан әскерге сұранып, жаяу әскерлер гарнизонына қабылданады. Сол жерде тиф ауруына шалдығып, екі рет ауруханаға түседі. 1841 жылы әскерден қайтуға мәжбүр болып, оқуын Пападағы гимназияда жалғастырады. Әйгілі мажар жазушысы Мор Йокаи, суретші Шома Петричпен бірге оқиды. Сол кезде алғашқы өлеңдері жариялана бастайды. Пападағы „Athenaeum” газетінің редакторына жазған хатының мазмұны мынадай:

Қайырымды Редактор мырза!

Мына бір шағын жазбаларымды егер жариялауға тұрса, Athenaeum-ға бассаңыз. Шамам келсе, бұдан әрі де сізге қызмет етуге дайынмын.

Қайырымды мырзаға адал құлынан

Шандор Петрович

шәкірт

Пападан,

1842 жылдың мамыры

1842 жылы 21 мамырда Петөфидің „Шарап ішіп отырып…” деген алғашқы өлеңі басылады. Астына Шандор Петрович деп қол қойған. Алайда сол жылдың қарашасында шыққан „Отанымда” өлеңін Шандор Петөфи деген атпен жариялайды. Осы атпен әлем әдебиетіне енеді.

Петөфидің актерлікке ансары ауып болмайды. 1842-1843 жылдары Секешфехервардағы кезбе театрдың труппасына қабылданады. Неміс, француз, ағылшын тілдерінен пьесалар аударып, өзі де жазып, қаламақымен күн көреді.

Содан кейін Дебреценге келіп, көп қиыншылықтарды бастан кешіріп, ақыры қайта Будапешке оралады. Онда мажардың әйгілі ақыны Михаи Вөрөшмартидің ағалық қамқорлығымен алғаш өлендер жинағы жарық көреді. Ақынның „Елдің балғасы”, „Янош батыр” атты поэмалары да осы тұста жазылған. Ескі консервативті, жалған романтизмді жарып шыққан Петөфидің жалынды жырларын қарабайыр, дөрекі деп сынаушылар көп болғанына қарамастан, ақын жырларының күрескерлік рухы өзгерген жоқ.

1846 жылы Будапеште азат әдебиет үшін күрес жолында „Ондық қоғам” деген төңкерісшіл қоғам құрады. „Пешт дәптерлері” деген газет ашып, қоғамға мүше он ақын-жазушы жазғандарын тек осы басылымға басатын болып шешеді. 1847 жылы мажардың белгілі ақыны Янош Араньмен танысып, достасады. Осы жылы „Жас Мажарстан” деген ұйым құрып, соны басқарады. Төңкерісшіл белсенділігін жалғастырумен қатар, ұлт-азаттық жырларды мол жазады. 1848 жылғы Париж төңкерісінен кейін болған Мажарстанның 1848-1849 жылғы габсбургтерге қарсы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде Лайош Кошутпен бірге көтеріліс басшысы, оның рухани көсемі. Петөфидің „Марсельезамен” рухтас „Ұлттық жыр” өлеңі Будапеште листовка боп таратылады. Петөфи шешендік өнерін салып, биік мінберлерден халқын көтеріліске шақырады. Алайда күрескер ақын сөзден істі жөн көріп, 1849 жылы көтерілісті жаншушыларға қарсы халық гвардиясының құрамына кіреді. Мажар халқын азат ету жолында 1849 жылы шілдеде Трансильванияда Шегешварда көтерілісті басуға көмекке келген казактардың оғынан Фехередьхаза мен Шегешвардың арасында болған шайқаста оққа ұшқан деген тұспал айтылады. Бар болғаны 26 жасында мажар халқының азаттығы жолында ерлікпен қаза тапқан Петөфидің денесі әлі күнге табылған жоқ. Ақын әскери тұтқын болып Сібірге айдалыпты, тіпті сол жақта үйленіп, балалы болыпты деген де аңыздар айтылады. 1987 жылы көп сауалға нүкте қою мақсатында Сібірдегі Баргузинге арнайы экспедиция да ұйымдастырылады. Алайда Петөфи деп тұспалдаған мүрде онікі емес, белгісіз европалық әйелдікі болып шығады. Сонымен ақынның өлімі жұмбақ болып қалуда.

Петөфидің махаббаты

Мадақ саған, аруым! Балғын шағымнан сені іздедім. Әрбір қыздың алдына барып, ағымнан жарылдым. Сен екен деп ойлап едім. Алдарында тізерлеп тұрғанда ғана, сен емес екеніңді, нақ Тәңірдің орнына балбалға табынып тұрғанымды анғарып, орнымнан түрегеліп қайтадан сені іздеуге сапарға шықтым. Ақыры таптым-ау өзіңді!. Тағдырым уға шылаулы еді, Сен жанымның жалғыз тамшы дәруі болдың. Уға қарсы дәрудің дер кезінде табылғаны үшін Аллаға разымын”.

Бұл Петөфидің болашақ жары Юлия Сендреиге жазған ғашықтық хаты. 1847 жылдың 26-шы мамырында жазылған. Юлияның алдындағы „балбал” арулар кімдер еді?

1844 жылы Петөфи 15 жасар Етелка Чапоға құлай ғашық болады. „Алғашқы махаббат” деген поэма да жазады. Тіпті үйленуге де бел буады. Өкінішке орай, жас Етелка кенеттен қайтыс болып кетеді. Ақын ғашық аруын „Етелканың моласындағы кипарис жапырақтары” деген ұзақ жырымен жоқтайды.

Қаралы 1845 жылдың жазында Петөфидің жаралы көңілі ауқатты әрі сұлу әйел Берта Меднянскиді кездестіргенде жадырағандай болады. „Махаббат інжулері” өлеңдер топтамасы осы Бертаға ынтықтықтың әсерінен туған. Петөфи оған да үйленбекші болады. Алайда қыздың әке-шешесі ақын жігітке қыздарын бергілері келмейді.

Ержике Шаш, Роза Ердеи, Янка Кираи – барлығы Петөфидін жауһар жырларына арқау болған арулар.

Алайда, Петөфидің іздегені, тағдырының жұлдызы Юлия Сендреи еді. Оны ақын еркелетіп Юличка дейтін. Петөфи Юличкаға Надь Каройдағы балда кез болады: „Надькарой – сұр қала, тартымды ештеңесі жоқ, соған қарамастан мен бұл қаланы ұнатамын, себебі сонда Юличкаммен, әлемнің ең сұлу қызымен таныстым ”, - деп жазады Петөфи 1946 жылдың қыркүйегінде.

Юличка Петөфиді ұнатып қалғанын тек сіңілісіне ғана сыр ғып айтады. Қыздың күнделігіндегі жазбалар оның сенімінен гөрі күдігі мол екенін аңғартады: „Oл сонау биік ақын тұғырында тұрса, ал мен оны алыстан ғана шабыттандырып, рухтандырып жүрсем, бәрінен сол артық секілді”. Петөфидің еркіндігін байқаған ару ақыннан бойын аулақ ұстайды. Қыздар мектебінде алған тәрбиесінің ықпалы, әрине. 19 жасар Юлия кітаптардан оқығанындай Петөфимен де, басқалармен де әзіл жарыстырып, ақынды сынайды.

Бұған Петөфи шыдасын ба? Бірден Юлияға егесіп, Дебреценде сұлу актриса, Ұлттық театрдың мұрагері Корнелия Приеллаға сөз айтып жібереді. Бұл хабарды естіген Юлия күнделігінде Петөфидің тым алысқа кеткені туралы жазады. Гу-гу өсек, интригалар оның күдігін қоюлата түседі. Алайда Юлияға арнап жазған „Бұта дір етті” өлеңі қыздың күмәнін сейілтеді:

Бұта дір етті.

Құс қонды келіп.

Жүрегім дір етті,

Ойладым сені.

Ойладым сені,

Ғашықпын, расым.

Жарық дүниенің

Сен − гауһартасы.

Толқиды Дунай

Кетердей тасып.

Журегім тулай

Болдым мен ғашық.

O, раушангүлім,

Ойладың ба әр күн?

Сүймес дәл мендей,

Анаң да бәлкім.

Бір болған күнде

Сүйгенін анық,

Жаз еді, қазір

аяз тұр қaрып.

Ұмытсаң мені,

Алла оңдасын.

Ал сүйсең егер,

Мың мәрте қолдасын!

Разы болған қыз жауап ретінде бір танысы арқылы Петөфиге „Юлиядан мың сәлем” деп хат жазып жібереді. 1847 жылдың мамырында Петөфи ақ жағалы қара аттиласын (мажар еркектерінің дәстүрлі костюмі), қара сұр шалбар киіп Юлияның әкесі Игнац Сендреидің алдына келіп, қызын беруін сұрайды. İрі шонжар лауазымды қызметі мен жүйелі табысы жоқ жалаңаяқ ақынға қызын беруден бас тартады. Петөфи болашақ қайын атасының алдына екі рет барады, амал не, екі рет те тауы шағылып қайтады.

Алайда ғашықтар жеңілмеді. Петөфи ақын досы Янош Араньға Юлияның жазған хатын көрсетеді: „Сенің құлыңмын, себебі сүйемін; патшайыммын, себебі сен мені сүйесің. Осы екі күй де мені бақытты етеді, дүние − менін табанымның астында, жаратқан өзім секілдімін

Жастар қарт әкенің қарсылығына қарамастан бір жыл соңыра 1848 жылы қыркүйектің 8-інде үйленеді.Тойымыз орта ғасыр романдарындағыдай болды. Мен де, қалыңдығым да салмақты, салтанатты күйге лайық пішін жасауға қанша тырысқанымызбен, болмады. Бір-бірімізге қарап жымия бердік. Қалыңдығымның жымиысы суреттердегі періштенің жымиысындай еді. Тойдың ырду-дырдуы біткен соң, күймеге отырып, Колтоға қарай тарттық. Жолда доңғалағымыз сынып, Колтаға ертесінде бірақ жеттік. Сөйтіп, алғашқы түнімізді жолда Надьбаньада кішкене мейманханада өткіздік, мен бекерден-бекер „чарда ақыны” болмасам керек” („чарда” деген − мажарлардың трактирі), - деп жазады Петөфи естеліктерінде.

Жас жұбайлардың Колтада бақытты отбасылық өмірі басталып кетті. Петөфи жарына арнап жүрекжарды жырларын жазды. Бақытты отбасында 1848 жылдың желтоқсанында ұлы Золтан дүиеге келді. Отбасылық өмір қаншалықты мамыражай болғанмен, Петөфидің көңілі алабұртып, осынау идиллияның ұзаққа бармайтынын сезіпті. Ұлт-азаттық көтерілісте оққа ұшты.

Петөфидің өліміне жыл толмай күйеуге шығып кеткен Юлия Сендреиді бүкіл жұрт қаралады. Кейбіреулер тіпті ақынның ажалына да кінәлі Юлия деп тапты. Олар: „Петөфиге соншалықты ғашық болса, неге көтеріліске жіберді, неге тоқтатпады?” - десті.

Ал Юлия Сендреи күнделігін оқып, оның күйеуімен бірге ұлт-азаттық көтеріліске қатыспақ болғанын білеміз: „Шандорым онда жүргенде, мен мұнда не ғып отырмын. Намыстан өлердеймін. Істейтін амалым жоқ, махаббатым үшін бұдан артықты жасауға жағдайым жібермейді. Yйде отырып, тамақ пісіріп, тоқыма тоқуға мәжбүрмін”.

„Юлия Шандордың жылын күтпей екінші күйеуге тиді, демек ақынды шын жақсы көрмеген, тек атақ-даңқына қызығып тұрмысқа шыққан”, - деп жұрт күнкілдесті. Петөфидің жарын жамандыққа қимаған әділ сыншылар: „Юлия намысшыл, батыр, шынымен тұлға еді. Шандорды шын көңілімен сүйді, ешқандай мақсатты көздеген жоқ. Петөфидің соңғы Шегешвардағы шайқасқа баруына кедергі жасай алмайтын еді”, - деп жазды кейін. Ажалға кім кедергі бола алмақ?!

Петөфидің өлімі туралы хабар жеткеннен бірнеше ай соңыра, Юлия еркекше киініп алып, Трансильванияға аттанады. Адал жар сүйіктісінен үмітін үзбеді. Ең болмағанда ол туралы бір хабар естірмін деген ой жетеледі. Үміт пен күдіктің арасында арпалысты. „Бем капитанмен бірге сонда қашқан болар”, - деп, Түркияға баруға да бел байлады. Зор қиындықпен төлқұжат жасатып болғанда, кезіндегі жақын құрбылары осы мақсатта жоғары шенді австралиялық генерал Лихтенштейнмен көңіл қосты деп өсекке таңды. Бұны естіген Юлия жолға шығуға зауқы соқпай, өзіне қол жұмсағысы келді. Өсек өрті лаулап, ұлт ақынының жесірін тұншықтыра түсті. Әйел ақыры шексіз күрестен шаршап, ортадан жырақтай берді. Тыныштық іздеген жаны жеңіл мінезділіктен емес, әркімге бір теліген өсектен кезіндегі жас махаббатын қорғау үшін де, жесірліктің қара шәлісін осылайша тез серпіп тастап, бүкір бел, шау тартқан, бірақ бойында сабырлылық пен салиқалық тұнған профессор Арпад Хорваттың қасынан жай тапты. Юлияның бұл қылығын Петөфидің жан досы, атақты мажар ақыны Янош Арань жақтырмай, қатты ренжіпті. Хорваттан төрт бала туғанмен, отбасында бақытсыз болғаны, өмір бойы Шандор Петөфиді сүйіп өткені жазған күнделіктерінен кейін белгілі болады. Юлия 39 жасында айықпас дерттен көз жұмады. Ол өзі де жазуға қабілеті бар әйел еді, Ганс Христиан Андерсеннің ертегілері мажар тілінде алғаш рет осы Юлия Сендреидің аудармасында басылған екен.

Ал Петөфи мен Юлиядан Золтан атты ұл туған болатын. Ол әрі актёр, әрі ақын еді. Өлеңдері мен үш поэмасы жарық көрген. Алайда өкпе ауруынан ерте, 21 жасында, анасының соңынан дүние салған.

P.S.:

Шандор Петөфи − шын мәнінде заманға да, адамға да құл болмаған азат тұлға. Өміріне жалау еткен махаббатты да азаттық жолында құрбан етіп кете берген шексіз бостандықтың жыршысы. Мажар жұртында Петөфиге дейін де, одан кейін де дарынды ақын көп туды. Алайда Петөфи Мажарстанның мәңгілік бейнесі болып қалды.

Раушангүл Зақанқызы

Сегед, Мажарстан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар