Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

21.09.2021 5557

Сауытбек Әбдірахманов 12+

Сауытбек Әбдірахманов - adebiportal.kz

Әдебиет тарихында ықпалды жазушылардың болғаны белгілі. Мысалы, М. Әуезовке қамқорлық жасаған орыс жазушылары. Бұл жазушылардың талабын ұштап, кісілік келбетін де жетілдіріп отырады. «Кісілік келбетінің өлшемін – кішілік» деп ұғынған жазушыларды қоғам ілтипатпен қабылдары анық. Асылы, әлем қаламгерлері қауымында халықтың ортасынан шығып, жоғары билікте қызмет еткен, қызмет ете жүріп халықтың арын арлап, жоғын жоқтап, қамын күйттеп, халық пен үкімет арасындағы алтын көпірді жалғап, ортақ түсіністік тілін қалыптастырғандар аз емес. Сол секілді қаламгерлігі мен қайраткерлігін қатар сақтап, өз ұлтының мүддесі мен мақсаты жолында аянбай тер төгіп жүрген жазушылардың бірі – Сауытбек Әбдірахманов.

Мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиеттанушы, мәдениеттанушы, публицист, аудармашы, кино сыншысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сауытбек Әбдірахманов 1951 жылы, 7 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданында дүниеге келген. 1970 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің табалдырығын аттаған қаламгердің қызығы мен шыжығы мол студенттік жылдары газет-журнал редакцияларымен етене жақын байланыста болған. Сол уақытта «Социалистік Қазақстан» газетіндегі Зейнолла Серікқалиев, Болат Бодаубаев, «Лениншіл жас» газетіндегі Оралхан Бөкеев, Сағат Әшімбаев секілді аға буын өкілдері қамқорлық танытып, арқасынан қағып, әдебиет, өнер турасындағы тырнақалды мақалаларының газет беттеріне жариялануып тұруына көп көмектеседі.

Сауытбек Әбдірахманов университетте оқып жүрген бірінші курсының өзінде тәжірибелі тілшілердің тісі бата бермейтін, кино сыны тақырыбына қалам тартуы көпшілікті елең еткізеді. Алғашқы кинорецензиясы Алматы облыстық «Жетісу» газетінде («Чайковский», 1970 жылғы 24 желтоқсан) жарық көріп, ізді-ізінен жазылған мақалалары 1974 жылы Кинематографистер одағының кино сыны жүлдесін жеңіп алады. Университет қабырғасында ізденімпаз студенттердің бірі болған талапты жастың дипломдық жұмыста қорғаған тақырыбы: «Қазіргі қазақ киносы» болатын. 1975 жылы Лениндік сыйлықтың лауреаты Шыңғыс Айтматовпен әдеби шығармалардың экрандалуы жөнінде сүбелі сұхбат құрып, қырғыз жазушысының кино өнеріне қатысты тәжірибелі ой-түйіндеріне мол ақпар алады.

5 курсқа аяқ басқан шағында Кинемотография комитетінің ұжымында редактор міндетін атқарады. Комитеттің сол кездегі бас редакторы әйгілі драматург Қалтай Мұхамеджанов болса, киностудияның бас редакторы кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаев еді. Бұдан бөлек Әбдіжәміл Нұрпейісов, Тахауи Ахтанов Асқар Сүлеймен сынды қабырғалы қаламгерлерге іні болып, қасына еруі, насихатын тыңдауы Сауытбектің таным көкжиегін кеңейтіп, дүниетанымын арттырады. С.Әбдірахманов университет бітіргеннен (1975) кейін “Социалистік Қазақстан” газетіне қызметке шақырылады. Республикалық газетке жоғары оқу орнын жаңа тәмамдаған жас жігіттің шақыртылуы, талабы мен талантына артылған сенім болса керек. «Социалистік Қазақстан» ұжымындағы Б.Қыдырбекұлы, С.Ақтаев, М.Ілесов, М.Жақып, У.Қыдырханов, З.Сақиев, К.Юсуп, А.Сейдімбек, Қ.Салғараұлы, К.Мырзабеков тәрізді айтулы журналистердің ақжолтай ініге берген тәлім-тәрбиесі, ақыл-кеңесі қаламгер болмысының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Қаймана қазақтың ардақты перзенті Ақселеу Сейдімбекпен бес жылға жуық әріптес болуының өзі таптырмас олжа, бұйыра бермейтін бақ сияқты. Ақселеу Сейдімбек өз жазбасында: «Сауытбек! Егер менде іні болса, ол сендей болса, соған қанағат етер едім. Құрметпен – С.Ақселеу. 23.ХІ.81» деп інісінің тиянақты, мұқият атқарған жұмыстарына көңілі толып, ыстық ықыласын білдірген екен. «Социалистік Қазақстан» газетінде өткізген он екі жылға жуық уақытында мол тәжірибе алып, ұлт баспасөзі тарихында ең жас бөлім меңгерушісі атанып, біршама жыл партия бюросын басқарып, 1987 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне арнайы шақыртылып, еңбек жолын одан әрі жалғастырады.

Ел іші елең-алаң уақытта абыз ағасы Әбіш Кекілбаев інісінің қайраткерлігіне риясыз риза болып, бір жазбасында былай деген екен:

«Жаңа мемлекет, жаңа саясат оны сан салаға салып, сынап көрді. Мәдениет, баспа істері, ұлтаралық қатынастар, электронды ақпарат – қай-қайсысында да ол білікті маман, шебер ұйымдастырушы екендігін қапысыз мойындата алды. Қай қайсысында да ұлт пен мемлекет мүддесін бірінші орынға қойып еңбек етті. Мансап қумады, мақсат қуды. Мақсаты – енді ел болмақ халқына қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, қалтқысыз қолғабыс ету еді. Сол жолда ол майлық та бола білді, сулық та бола білді. Пысықтық пен пасықтыққа ырық бермей, бүтіндік пен түгелдікке қызмет етуде табандылық таныта алды».

Еңбек жолында осындай қым-қуыт кезеңдерді бастан кешіп, алағай да бұлағай уақытта ұлтының есесін түгендеп, ел үшін аянбай тер төгіп, потенциалы жоғары қаламгерлік қуатын қайраткерлігімен қоса алып жүрген Сауытбек Әбдірахманов орталық комитеттің идеология бөлімінің нұсқаушысы, мәдениет және өнер секторының меңгерушісі, Президент Кеңесінің кеңесшісі, Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары, ҚР Мәдениет министрінің бірінші орынбасары, «Қазақстан телевидениесі мен радиосы» республикалық корпорациясының бірінші вице-президенті лауазымдарын атқарған жылдарында бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет саласына қатысты маңызды мәселелердің шешілуіне белсене ат салысады.

Сауытбек Әбдірахмановтың «Елдік ерлігі» атты бес томдық публицистік мақалаларының, басқа да зерттеу еңбектерінің басы біріктірілген жинағына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алғысөз жазып, былай дейді:

«Сауытбектің қайраткерлік қарымы, қаламгерлік алымы қазақтың бас газеті «Егемен Қазақстанды» басқарған жылдарында айқара ашылды. Газетті 2000 жылы 38 мыңдық таралыммен қабылдап алған ол өзі жетекшілік еткен 16 жылдың ішінде таралым санын 212 мыңға жеткізіп, басылымды ойы орнықты, сөзі салмақты, берер бағасы беделді, шын мәніндегі елдік мінберіне айналдырды. Бас газет арқылы халқымыз тәуелсіздіктің қадір-қасиетін тереңірек түсіне, елдікті еңселендірудің жауапкершілігін сергек сезіне түсті, жүргізіліп жатқан реформалардың мәніне бойлай алды».

«Егемен Қазақстанды» басқарған жылдарында (2000–2016) журналисттік таланты, ұйымдастыру ісіндегі қарымды қабілеті тамаша танылды. Өз жұмысына білек түріп, бел шеше кіріскен алғашқы күні-ақ баспа газетінің беттеріндегі жоспарлылық, жүйелілік, мақсаттылық, нәтижелілік орныға түсті. Ел сөзін ұстайтын азаматтардың авторлыққа жаппай тартылуы, бірте-бірте өмірдің әр саласындағы елеулі тұлғалардың бас редакциядан тапсырыс алуды мәртебе санай бастауы, қаламгер қауымның газетке белсене араласуы, редакция журналистерінің тек өз мақалаларын жазумен шектелмей, қолға түскен дүниелердің тілін ұштауға, ойын дамытуға күш салуы, меншікті тілшілер белсенділігінің артуы, жер-жерден түсетін оқырман хаттарының көбеюі, олардың жаңа тақырыптарға арқау етілуі аз жылдың аясында-ақ «Егемен Қазақстанды» шын мәніндегі ел газетіне айналдырды. Газет таралымының 2000 жылғы 38 мың данадан 2002 жылы 75 мың данаға өсуі, яғни екі жылда екі есе артуы кеңінен ойластырылған, кешенді жұмыстың жемісі болатын. Басылым танымалдылығының артуына ұжым басшысының қаламгерлік қарымы да көп көмектесті. С.Әбдірахмановтың ай аралатпай, кейде тіпті апта сайын шығып жататын көлемді публицистикалық мақалалары, сұхбаттары, танымдық эсселері жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. 2000 жылдары республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде күнделікті жарияланып тұрған «Адамзат күнтізбесі» – қазақ баспасөзінде бұрын-соңды жазылмаған сом дүние. Өйткені, айдардың әр бөлімінде мәнді де маңызды тың ақпараттар тізбегі жарияланып тұратын. Адамзат жылнамасы қандай кезеңдерді бастан өткергенін, сатылап даму ғасырындағы әр түрлі қауымдардың қалдырған ен-таңбалары, уақыттың қайтып келмейтін мол қазына екендігі, өмірдің кез келген сәтін қадірлеуіміз хақында, жалпы алғанда ұрпақ алдындағы парызымызды ұмытпай, ақ адал өтеуіміз қажеттігін ұғындыратын. Осы айдар арқылы оқырман жанын жетілдіруге жұмыстануы, том-том кітаптардан ақпарат маржандары терудегі табанды ізденісі көрінетін.

Газет мазмұнын жылдан жылға жетілдіре отырып, редакция қызметкерлеріне де нақты қамқорлық жасады. Басылымның 90 жылдығына орай акционерлік қоғамның сегіз қабаттық ғимаратын тұрғызды. Оның сыртында ұжым мүшелері үшін екі көп пәтерлі тұрғын үй, екі жатақхана салынып, қызметкерлер толықтай баспаналы болған.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Әбдірахмановтың Пушкиннің өмірі мен өлеңі жайындағы «Біздің Пушкин» (1999), «Вер бана ат. Пушкинтану парақтары» (2006), «Коран и Пушкин» (2006), «Төлтума мен телтума» (2007), «Перевод поэзии и поэзия перевода» (2008), «Әдебиет әлемі» (2017), «Аударма алыбы» (2020) секілді жанкешті ізденістерінің нәтижесінде туған осындай еңбектері отандық әдебиеттануға қосқан қомақты үлесі болып саналады.

С.Әбдірахманов «Құран және Пушкин» атты мақаласында Пушкиннің «Пайғамбар» жырындағы әуезді иірімдер Тәураттан емес, Құраннан алынғанын нақпа-нақ ғылыми тұрғыда дәлелдей алды. Орыс әдебиетінің негізін қалаушы Пушкиннің тілінде түркі сөздерінің қолданылғанын тайға таңба басқандай етіп айғақтап берді. Әдебиеттанушыға осының құрметіне Ресей сөз өнері академиясының «Ревнителю просвещения» медалі табысталған. Ұлт ұстазы Абай Құнайбайұлының шығармашылығына қатысты зерттеу еңбектері Мәскеудің «Художественная литература», «Русский приоаритет» сияқты беделді баспаларында шығуы, «Литературная газета», «Независимая газета», «Аргументы и факты» басылымдарына жариялануы ресейлік ақын-жазушылардың қазақ әдебиеттану ғылымына деген оң көзқарасының қалыптасуына ықпал етті. Мәселенки, Андрей Белобородовтың «Могущество изменить мышление: как Абай обогатил казахский язык» атты мақаласы былай аяқталады: «Интеллектуал Сауытбек Абдрахманов призывает каждого казаха время от времени брать в руки томик Абая, перечитывать его стихи и внутренне держать перед ним своеобразный отчет: «Придерживаюсь ли советов Абая, сделал ли выводы и его критики, стремлюсь ли к высотам, которые указал великий поэт, и вообще, что сделал, чтобы соответствовать предназначению человека на земле?» Таким образом, мудрый наставник нации связал прошлое, настоящее и будущее Казахстана». Әрине, бұл сөздер мақала авторының өзін мадақтаудан бұрын, Абайдың ұлылығын ұлықтайды.

Мемлекетіміздегі алғаш рет үш тілде жазылған кітаптың бастамашысы да («Аударма алыбы. Конгениальность. Congeniality». – Нұр-Сұлтан. Фолиант. 2020) – Сауытбек Әбдірахманов. Кітапта һакім Абайдың аударма саласына сіңірген ересен еңбегі жайлы мақалалар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде топтастырылған. Аталмыш кітапты қазіргі таңда әлемнің ең әйгілі кітапханаларынан оқи аласыз. Өзі өмір сүретін қоғамнан, сағат санап дамып отыратын заманнан бір елі қалыс қалмайтын, жаһандық масштабта ойлануға қабілетті қаламгер барлық толғандырған туындысын академиялық тұрғыда әбден жіті зерттеп, жіліктеп, ғаламдық құбылыстармен матастыра отырып жазады. Ш.Айтматов, С.Михалков, О.Сүлейменов, Н.Анастасьев, В.Ганичев сықылды сұңғыла суреткерлермен жасаған сұхбатында журналистік болмысы, өзін ұстауы, арғы-бергі тарихты мол білетіндігі, әлемдік көркем әдебиеттен оқыған терең білімі анық байқалады. С.Әбдірахманов қазақ әдебиетінің, ұлт мәдениетінің мәселелерін Париж, Мәскеу, Санкт-Петербург, Абу-Даби, Ыстамбұл, Бішкек қалаларында өткен конференцияларда, халықаралық форумдарда, келелі бас қосуларда қозғап, өз пікірін парасат биігінде білдіріп отырды.

Біртуар айтыскер ақын Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығын Ресейде атап өту қажеттігін туралы ұсынысына Фариза Оңғарсынова пікірін былай білдірген екен: «Осы жолы Санкт-Петербургтің атақты Таврия сарайындағы Дума залында Жәкемнің атышулы «Ленинградтық өренім» жырымен басталған мәртебелі жиында Сауытбек ініміздің сөйлеген сөзі соншалықты әрлі де нәрлі болғаны сондай, кез келгенді менсіне қоймайтын ақсүйектер тұқымының тұяқтары қайта-қайта қол соғып қошемет көрсетумен болды. Президиумда отырған менің сүйсінгеннен жанарыма жас келіп, мына мінберден осыған дейін қазақ сөйлеп көрді ме екен деп толқып отырғаным есімде...»

Энциклопедиялық сипаттағы «Тәуелсіздік шежіресі», «Адамзат күнтізбесі», «Календарь человечества» кітаптары қаламгердің ғасырлар қойнауындағы қат-қабат тарихты көп білетіндігінен хабардар етеді. Осы уақытқа дейін еліміздің егемендігіне қатысты сарабдал сараптама жасаған, саясаттың сырына терең бойлаған талдамалар жазылып жүргені анық. Алайда, ұлтымыздың шежіресіне қатысты қаншалықты терең зерттеулер жазылса, соншалықты С. Әбдірахмановтың «Тәуелсіздік шежіресіне» негізделіп, осы еңбекті темірқазық ретінде ұстанғаны анық. Себебі, бұл еңбек – халқымыздың тәуелсіздікке қол жеткізіп, азаттықтың арайлы ақ таңында өткізген алғашқы он жылдығында кешкен хал-күйін хронологиялық қырынан зерттеп, жазылып шыққан төл туынды.

Қазақ музыка өнерін дәріптеуге тұтас ғұмырын арнаған ғалым, профессор Ахмет Жұбановтың мақалаларын, бұдан да басқа Дмитрий Кабалевскийдің музыкаға қатысты ғылыми шығармаларын, Владимир Солоухиннің ой-толғамдарын, араб халқының қыпшақтан шыққан Бейбарыс хан туралы романын (1999), классикалық әлем әдебиетінің әйгілі өкілі, француз жазушысы Виктор Гюгоның «Аласталғандар» романының екінші кітабын (2010) тәржімалап, аударма саласына сүбелі үлес қосты. Әлем әдебиеті ктапханасының сөресін Виктор Гюгоның романымен байытқан С. Әбдірахмановқа халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы табысталған.

Атыраудағы беріш руынан шығып, Мысырды 17 жыл қатарынан билеген, құлдықтан хандыққа көтеріліп, Шыңғыс ханның немересі Хулагудың әскерін жеңген, кресшілерді ығыстырып, мұқым дүниеге аты жайылған ассасиндерді тойтарған мәмлүктердің даңқты сұлтаны Бейбарыс ханға қатысты жазылған еңбегі елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен аударылған. Ұлтымыздың рухын көтеретін Бейбарыс ханның ғажап ғұмыры жайлы еңбек қазақ тіліне аударылып, ол Әбіш Кекілбаевтың алғысөзімен жарияланып, кейін сахналық нұсқасы қойылып, фильмі қазақ көрерменіне жол тартқан болатын. Тіптен Атырау шәрінде Бейбарыс сұлтанның ерек ескерткіші бой көтеріп, Каирдегі Бейбарыс сұлтанның мұрындық болуымен салынған мешіт мұнарасы мемлекетіміздің қамқорлығына алынып, жөндеу, жаңарту жұмыстары жүргізілді. Мұның бәрінің түпкі бастауында С. Әбдірахмановтың Бейбарыс сұлтанды ұлтымызға қайтару барысындағы түрткі болуы жатыр еді.

Мақаламыздың басында жазғандай С.Әбдірахманов кино, әдебиет, өнер ерте қалам тартады. Автордың өнер жайлы тың зерттеулері өзі 16 жыл қатарынан басқарған «Егемен Қазақстан» газетінің бетіне 200 мыңға жуық таралыммен басылып, оқырман қауымның ризашылығына ие боп келді. Дегенмен, өнер хақында жасалған қыруар еңбек бір кітаптық дүниеге жүк болып, 2019 жылы ғана топтастырылды. Тамырын тереңге тартқан қазақ өнерінің әлемдік мәдениеттің қатарынан ойып тұрып орын алатынын айғақтайтын кітапта, мақалалар, сұхбаттар архитектура, музыка, кино, театр, бейнелеу өнері жайында мол мағлұматтар жазылып, автордың баяндау, сұхбат құру стиліндегі айрықша қолтаңбасы оқырмандарына ғаламат әсер сыйлай алды.

«Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» атты қазақ поэзиясының екі томдық антологиясын (2007) құрастырушы С. Әбдірахмановтың бұл еңбегі «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды» жинақтарының үлгiсiнде шыққан. Аталмыш жинақты шашауын шығармай, жып-жинақы етіп құрастыруға бес жылын арнаған жазушы бұл топтамасын «Егемен Қазақстан» газетінің әр айдың «етжеңді» деп аталатын нөмiрінде жариялап келген.

«Тәуелсiздiгіміз өз тұғырына қонып, алаш жұртының ғасырлар бойы аңсаған арманына қол жеткізгелі бері рухымыз толысып, мүлгіген намысымызды қайта қайрап, қалғып кеткен ұйқымыздан ояту үшін ежелгі түп-болмысымызды қалпына келтіру жолында қыруар шаруа атқарылып жатқаны бәрімізге аян. Көшпенділердің дәурені жүріп, табиғат ананың тамырынан нәр алып, дархан даланың төсін кең жайлаған баһадүр бабаларымыздың ат тұяғының дүбірі мұқым дүниені дүр сілкіндіріп, үстемдік құрып тұрған шағында ешкімнің боданына көнбеген еркін халық болғанымызды тарих жасыра алмайды. Гуманизм тұрғысынан алғанда, әлбетте бұл біздің ұлтымыз басқа ұлттардан бір саты жоғары тұрады деген мақтангершілікті білдірмейді. Адамзат жаралғалы бері жан-мұңын әлдилеп, тағдырын жеңілдеткен бір нәрсе болса ол – өнер. Дәл осы өнерге деген ыстық махаббат қазақ халқының бойында мыңдаған ғасырлар бедерінде жоғалмай, сақталып келген асыл қасиет. Сол қасиет сөз бен саздың қалыбына құйылды. Домбыраның шанағында, сөздің мәйегінде сақталды. Осының нәтижесінде қазақ халқының рухани құндылығы, жүз томдық фольклор мен жүз мыңдаған күйлерге ие болып отыр. Соның ішіндегі дәстүрлі қазақ поэзиясы — бітімі бөлек, әсем әуезді, ойы оралымды, турасын айтқанда бас шайқатып, таңдай қақтыратын алтын қорға ие.

Кемел ойдың иесі, жазушы Әбіш Кекілбаевқа арнап жазылған, әдебиеттегі, өнердегі, саясаттағы тарихтағы, мәдениеттегі саласындағы бейнесін толық зерделеген «Абыз Әбіш» атты туындысы 2020 жылы «Әдебиет пен өнер» саласындағы мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы кітаптың алғысөзінде: «Сауытбек Әбдірахмановтың кітабы – Әбіш Кекілбаевтың ұланғайыр ойшылдығын кешенді түрде талдаған күрделі еңбек. Яғни, Кекілбаевтанудың аясын кеңейтетін кітап» деп жазған.

Өте еңбекқор, ізденімпаз қаламгер өзіне сенім артып тапсырылған қай жұмыста да елдің мүддесін назары мен қаламынан тыс қалдырмайды. Ақпарат министрі қызметіне тағайындалған кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарының тазалығы, турашылдығы, тиянақтылығы мәселелеріне қатты көңіл бөлді. Болашағын үміт күттіретін, тәжірибелі, іскер мамандарды шақыртып, ел ертеңінің баянды болуы үшін қызмет етуді басты парызы санады.

Жазушы, қоғам қайреткері сол кезеңдегі «Жас Алаш» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Көсемәлі Сәттібайұлы ақпарат министрі С. Әбдірахмановтың қабылдауында болып, қарапайымдылығына қайран қалып былай деп жазады:

Бұрын жазғандарын оқығаныммен, жүзбе-жүз отырып сөйлескен кісім емес, «Қалай қабылдар екен?» деген күдікпен қорқасоқтап кіргем. Бірақ, бақытыма орай, менің қиялымдағы кекірейген министрлердің ауылынан емес екен. Бөлмесі де сондай қарапайым. Сөзі де, ықыласы да жылы. Кәдімгі қыстан қалған қасат қарды сел-сел ғып жіберетін алтынкүректің лебіндей ізгі ілтипатқа тап болдым. Айтқан әңгімесі де, берген ақыл-кеңесі де ойымнан шықты. Ол кезде Жүсіпбек Қорғасбек, Қали Сәрсенбай бәріміз «Жас Алаштамыз», ал оның оппозициялық басылым ретінде енді-енді «азуын» ақсита бастаған тұсы болатын, сондықтан ағайымның ақылы: «есіміз барда «елімізді» табуымыз керектігіне» кеп сайды. Ол ақылын кейбір басшыларға тән айғаймен, аттанмен емес, өзіне тән сыпайы, сырбаз мінезімен басын бір жағына қисайтыңырай отырып, асықпай, аптықпай, нақты дәлелдермен майдан қыл суырғандай жеткізді...»

Осы аталған азаматтардың бәрі де қазіргі қазақ журналистикасының ірі өкілдері. Сауытбек Әбдірахманов – алтыншы және жетінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты. Осы күні Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясы депутаттық тобының жетекшісі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар