Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан қазақтың аса көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 80 жылдығына орай «Олжас және мен. Екінші кітап» жинағы жарық көрді. Аңдатпада: «Бұл басылымды екі жыл бұрын шығарылған «Олжас және мен» кітабының қисынды жалғасы деп санауға болады. Бірінші кітапта біздің ұлы замандасымыз Олжас Сүлейменов туралы өз ойларын ақынның Қазақстаннан тысқары жерлерде тұратын достары мен әріптестері ортаға салған еді. «Олжас және мен. Екінші кітап» жинағында негізінен Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылыми һәм шығармашылық элита өкілдерінің, прозашылары мен ақындарының О.Сүлейменов шығармашылығы мен тұлғасы хақындағы пайымдары мен ой-толғаныстары қамтылды», деп жазылған.
Ермек Алданов құрастырған бұл кітап көрнекті әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахмановтың «Айқын» газетінің оқырмандарының назарына ұсынып, басылымның 18 мамырдағы санында жарияланған мақаласымен ашылған. Белгілі ақын Қорғанбек Аманжол аударып берген мақаладағы қазақ көзімен қарағанда қажетсіз көрінетін кейбір жайлар («Әбіш – біздің ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың сүйікті ұлы. Қаныш – атақты геолог, академик, Ленин сыйлығының лауреаты Қаныш Сәтбаев», «Мұрат Әуезов (Мұхтар Әуезовтің ұлы)») ресейлік оқырмандардың біздің мәдениетімізден хабардарлық деңгейін ескеруден туғанын айта кету де артықтық етпейді деп ойлаймыз.
Поэзияның авторлық антологиялары бүкіл әлем бойынша бұрыннан белгілі. Бізге неғұрлым жақын бертінгі уақыттан Жорж Помпиду құрастырған француз поэзиясының бір томдық антологиясын және Евгений Евтушенконың «Строфы века» атты көптомдық орыс поэзиясы антологиясын еске түсіре аламыз. Біз 2007 жылы бастырып шығарған «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» қос томдығы қазақ әдебиетіндегі тұңғыш авторлық антология болды. Антологияның газеттік нұсқасында Олжас Сүлейменов өлеңдерінен құралған бөлімде төменгідей кіріспе айшықтаған.
«Әлемде бір ұлт өкілінің екінші тілде жазып, сол ұлт әдебиетінің өкілі болып кеткен мысалдары аз емес. Мысалы, молдаван Антиох Кантемир орыс поэзиясының бастауында тұрған тұлғалардың бірі саналады, поляк Юзеф Теодор Конрад Коженевский болса, Джозеф Конрад деген атпен ағылшын прозасының шебері ретінде мәлім, тағы бір поляк азаматы Гийом Альбер Владимир Александр Аполлинарий Костровицкий француз поэзиясының даңқын Гийом Аполлинарий деген атпен шығарған, украин Николай Гогольдің туындылары орыс прозасының мақтанышы, тіпті бертінге түссек, Булат Окуджаваның да, Фазиль Искандердің де жазғандары орыс әдебиетінің игілігі делінеді… Алайда ұлттық әдебиет ұғымын екшеудің классикалық өлшемдері солай сөйлей тұрғанымен, ешкім де орыс тілінде жазатын Олжас Сүлейменов жырларын орыс әдебиетіне теліп көрген емес. Олжас Сүлейменов – орыс тілінде жазатын қазақ ақыны деген байламға жұрттың бәрі тақ тұрады. Тақ тұрғызған – Олжас өлеңдеріндегі көне дәуірлерден жетіп жатқан қыпшақы қайырым-қағыстар, ұлттық қанық бояулар, жер-жаһандағы құбылыстың қай-қайсысына да тек қазақтың көзімен қарайтын қымбат қасиеті, ең бастысы – қай кезеңде де алтын басының азаттығын сақтай алған алаштық асқақ айбыны, өршіл рухы. Ұлы ақын, ұлы редактор Твардовскийді «Новый мирден» кетіріп, бір жылдан кейін көрге тығып тынған сұр кардинал Сусловтың өзі Сүлейменовтің сағын сындыра алған жоқ. Ақын досы Андрей Вознесенскийге арнаған өлеңінде: «Аз и Я» – Азия деп оқталып, Жаңылдым ба? Жатпаймын мен ақталып… Танып-біліп өзімізді өзгеден, Көшеміз біз өзімізді бетке алып», – деп жазғанындай, Олжас жырының көші өзімізге өзімізді бетке алдыртқан күйі бір ғасырдан бір ғасырға ауысып барады. Олжастың кешегі кеңестік кезеңде бір одаққа біріккен халықтар арасын-дағы бадырайтылмағанымен байқалмай да тұрмайтын бәйге-бәсекеде алғашқы «Арғымақтарымен»-ақ арындап шығып, «Қазақтар осындай болады екен ғой» дегізген, ұлтымызды мойындамасқа, құрметтемеске қойғызбаған еңбегін біз ешқашан ұмытпауға тиіспіз».
Осы жолдар жазылғаннан бері он жылдан астам уақыт өтті.
Олжас Сүлейменов сексеннің сеңгіріне шықты... Бұған, әрине, сену де қиын-ау. Олжекеңнің есімін «ол жас» деген астарлы мағынамен аттастырып жүргеніміз күні кеше ғана сияқты еді ғой. Уақыт дегеніңіз – осылай. Уақыттың арғымағына тоқтау жоқ.
Айтқандай, оның есімін тағы бір жағдайға байланысты атай кетуге әбден болады. 2010 жылы Олжас Омарұлынан газеттің айқарма қос бетін алып жатқан көлемді сұхбат алдым. Сонда ақын былай деп еді: «Әрине, қазақ болған соң сол кездің өзінде бері қойғанда жеті атамның шежіресін тәп-тәуір білетінмін. Менің бойыма біткен қасиеттердің бәрі аталарымнан ауысқан дей аламын. Біздің әулетімізде ақындар, әнші-күйшілер, батырлар көп болған. Солардың бірі – Жаяу Мұса. Менің жетінші атам – атақты Олжабай батыр. Атымды да әкем сол бабамыздың құрметіне қойған. Ибраһимнің Абайға, Әбдірахманның Әбішке, Қанафияның Қанышқа айналғаны сияқты, Олжабай да Олжасқа айналып кеткен». Әбіш біздің ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың сүйікті ұлы, Қаныш – атақты геолог, академик, Ленин сыйлығының лауреаты Қаныш Сәтбаев. «Сүйгенін шұнағым дейді» дегендей, қазақта еркелетіп қойылған аттардың толыққанды есімдерге айналған мысалдары аз емес. Міне, жарты ғасырдан бері еліміздегі мыңдаған адам ұлдарына Олжас деген ат қояды.
Қазақтар үшін Олжас – жалпыұлттық байлық. Оның бастапқы есімінің өзі «олжа» және «бай» сөздерінен құралған. Нақ Олжас арқылы халқымыздың шын мәнісінде бай олжаға кенелгені анық.
Ол олжаға біздің халқымыз ғана кенелген жоқ. Олжас Сүлейменов – бүкіл адамзаттың рухани қазынасына кеңестік қоғамның қосқан зияткерлік үлесі туралы айтқанда алдымен аталатын есімдердің бірі.
Өзім оның атышулы «Аз и Я» кітабы шыққаннан кейін ақынның даңқы керемет өрлегенінің куәсі болдым. Ол кезде университеттің соңғы курсында оқып жүргенмін. Бұл оқиға ашық күнде аспаннан жай түскендей әсерге бөледі. Жұрттың бәрінің айтатын әңгімесі тек сол еді.
Рас-өтірігін қайдам, бірақ сол кезде дау-дамайы басынан асқан кітапты шығарған «Жазушы» баспасының редакция меңгерушісі болып істеген белгілі журналист Геннадий Толмачев «Кітап тудырған дауыл» мақаласында былай деп жазды: «Менің архивімде Бакуде бағанадан жұлынып алынған қайталанбас «хабарландыру» бар: «Москвич» автомобилін Олжас Сүлейменовтің «Аз и Я» кітабына айырбастаймын». Тіпті мұндай жайт шындығында болмаған күннің өзінде бәрібір ол кітаптың даңқы ғаламат биіктерге шарықтағаны рас. Сол кезде жасы әлі қырыққа да толмаған ақын ой-толғамының ғаламдық ауқымы жұртты шетінен қайран қалдырды. «Аз и Я» авторы паш еткен қасиеттердің сан алуан қырларын біздің белгілі зияткерлеріміздің бірі Мұрат Әуезов (Мұхтар Әуезовтің ұлы) өзінің 1976 жылы жазылған, бірақ ол жылдарда ақыры жарияланбаған «Мәңгіліктің демінен шабыт алған сөз» атты мақаласында бір сөйлемге сыйғызып айта білді: «О.Сүлейменов бұл кітапта сан қырлы тұрпатта танылған, оларды жай ғана санап шығудың өзі көп жайды аңғартады: бірінде – славист, түрколог, шумертанушы; екіншісінде – тарихшы, лингвист, әдебиеттанушы, философ; үшіншісінде – этнограф, палеограф, жылнамалар білгірі; төртіншісінде – ақын, драматург, көсемсөзші; ерекше бағанда – азамат, қайраткер және т.б». Осы тұрғыдан келгенде, Олжас Сүлейменов шын мәнінде Қайта өрлеу дәуірінің алыптарын еске түсіреді.
1986 жылғы «Проблемы коммунизма» журналы мақалаларының бірінде «Аз и Я» кеңестік қоғамдағы демократиялық реформалар қарсаңында біздің санамызды өзгерту үшін қолайлы арқауға айналған бес кітаптың қатарында аталды. Бір қарағанда, «Игорь жасағы жайындағы жырға» арналған таза филологиялық еңбектің тарих пен әдебиетті сүйетін ортадан тыс қандай да бір нәрсеге ықпал етуі неғайбыл дерсіз. Бірақ бұл жердегі гәп басқада. Олжастың кітабы қоғамдық сана-сезімді дүр сілкіндірді. Ол өзгеше ойлауға, батыл сөйлеуге және өткір жазуға үйретті. Сөздің, тіпті, тұтас жүйенің іргетасын шайқалта алатынын көрсетті. Шындықтың ашық айтыс, пікірталаста шыңдалатынын дәлелдеді. Жалпы жұрт мойындаған биік бедел иелеріне ашық қарсы тұрудың үлгісін ұсынды. Қазақтың ғұлама ғалымы Ахмет Байтұрсыновтың «Маркс айтты екен деп тоқтарым жоқ» дегеніндей, Олжас Сүлейменов те өзі қозғаған тақырыптарда докторлық түгілі, кандидаттық та диссертация жазбағанына, оны айтасыз, осы салалардағы журналдарда бірде-бір мақала бастырмағанына қарамастан академиялық «арыстандармен» ашық айтыс айқасына түсуден айбынған жоқ. О.Сүлейменовтің өнегесімен бүкіл ұлан-байтақ ел ауқымында зиялы қауымның қоғамдық белсенділігі артты десек, бұл қыздырманың қызыл сөзі емес.
Көп адамдар айта бермейтін тағы бір жайт бар. КОКП Орталық Комитетінде оның мәселесін қарауды қолға алып, ғалымдардың үлкен тобы оған қарсы («Қазақстаннан шыққан дилетанттың орыс «Жырының» жағасына жармасқаны қалай?») топтасты, ал көпшілігі, тіпті кітапты «ұлтшылдықтың ашық бой көрсетуі» ретінде кәдімгідей қаралады. Міне, дәл осы жағдайда «Аз и Я» авторының аман қалып қана қоймай, оның үстіне өз республикасы Компартиясының Орталық Комитетіне сайлануы, оның Жоғарғы Кеңесінің депутаты болуы қалың жұртшылыққа ел өмірінде қайткенде де жақсылыққа қарай азды-көпті өзгерістер болғалы жатқанын көрнекі түрде айшықтап көрсетті, сөйтіп, дүние жүзінде өріс алған демократиялық үдерістер түптің түбінде Кеңес Одағын да айналып өтпейтініне үміт отын тұтатты.
Сүлейменовтің кітабы көкірек көзі ояу, ойлы адамдарды рухтандырды, жалпақ жұртқа шабыт пен жігер берді, неғұрлым батыл болуға шақырды. Жылдар бойы қордаланған проблемалар әдебиеттің, тарих пен мәдениеттің шегінен шығып, біртіндеп саяси санаттарды да қозғаған талқылауларға ұласты. Шын мәнінде, ол кезде халықтардың ақиқат теңдігі туралы жан-жүрегімен жалындап, соншама сендіріп айтатындар аз еді. Мұны Евгений Евтушенкодан асыра бағалау қиын: «Ол шет тілдерді білмесе де, жусанмен немесе қаңбақпен, өзін айтпай түсінетін жылқысымен сөйлесе алатын дала адамдарының жақсы қасиеттерін көрсете отырып, өзі де даланың рухани ақсүйегі болып қана қойған жоқ. Ол сонымен бірге бүкіләлемдік самғауға көтерілген қазақтардың қандай болатынын өз үлгісімен танытты, планеталық шар шеңберіндегі емес, жер-жаһандық ойлау жүйесін игерген ол өзі де нақ сондай болды. Ол Ресей империясының Азиясына мәдениетті құдды тек орыстар әкелді дейтіннің қасаң құрсауын қиратып, орыстардың Азиядан да аз нәрсе алмағанын, әрі лингвистикалық, әрі философиялық тұрғыдан да көп нәрсе үйренгенін кәміл айғақтады. Сөйтіп, қара сөзбен жырланған «Аз и Я» деген өжет те өршіл поэма жазып, «үлкен аға» теориясы мен практикасын пір тұтушылардың ашу-ызасын тудырды, ал «үлкен ағалықты» барлық мәдениеттердің тең бауырластығы орнайтын болашаққа деген мызғымас сеніммен алмастырды. Бұл оның жасаған ерлігі еді». Ия, тура осылай.
Қырық жылдың арысында бүгінде бекіген қағидат болып табылатын нәрсені талқылаудың өзі айтарлықтай азаматтық қайтпас қайсарлықты талап етті. Ал қазір мұндай зерттеулер әдеттегі әдебиеттанушылық, филологиялық ізденістер қатарында қарастырылады.
Осыған байланысты өз тәжірибемнен мысал келтірейін. 2006 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған және Қазақстандағы Пушкин жылы мен Ресейдегі Абай жылына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда мен Пушкин шығармаларындағы түркизмдер хақында баяндама жасадым. Үзілісте менімен «31 арнаның» журналисі сөйлесті. «Осы тақырыпты зерттеуге бекінген кезде имену сезімі болған жоқ па?» деген сұрақ қойды. «Әрине, болды, – деп жауап бердім мен. – Өйткені бұған дейін этимология мәселелерімен арнайы айналысқан емеспін. Ұлы ақынның шығармаларын оқыған кезде – ал мен оны әр кез қолыма қалам алып оқыдым – кездескен түркі текті сөздерді белгілеп отырдым. Біртіндеп Пушкинде мұндай сөздердің аз емес екеніне көзім жетті. Кейінірек оларды жүйелеп, жеке зерделеуді ұйғардым. Бүгінгі баяндама – ғалым-филологтың зерттеуі емес, әдебиетшінің бұған дейін назардан тыс қалып келген тақырыпқа өзіндік қөзқарасы».
Бірақ журналист мәселенің саяси астарын меңзеп тұр екен. «Жоқ, менің айтпағым басқа. Кезінде Олжас Сүлейменов орыс тіліндегі түркизмдерді зерттеуге әрекеттеніп, соңы үлкен дау-шарға ұласты емес пе?».
Жалпы, баяндамаға дайындала жүріп, мұның аяғы белгілі бір тәуекелге байланысты болуы мүмкін-ау дегенді ойға да алмаппын. Сірә, мұндай алаңдаушылықтың жоқтығы – қазіргі бостан сананың бір белгісі шығар. Ал осы еркіндік үшін біз белгілі дәрежеде Сүлейменовке де қарыздармыз.
Айтқандай, Пушкин шығармаларындағы түркизмдер туралы сол зерттеуім үшін Ресей сөз өнері академиясының «Ревнителю просвещения» медалімен марапатталдым. Бұл үшін де әдебиеттанушы-билингвистің талассыз артықшылығын нақты көрсеткен Олжас Омарұлына алғысым зор. Осы арада Валерий Ганичевтің маған бірнеше жыл бұрын берген сұхбатынан үзінді келтіруге болар еді. Онда «Жырдағы» түркизмдер туралы қызғылықты пайымдар бар деп ойлаймын.
« – Сізді қазақ әдебиетімен не байланыстырады?
– Қазақтың көптеген жазушыларымен тікелей таныс болдым. Әуезовтің, Нұрпейісовтің тамаша шығармаларын жақсы білемін. «Молодая гвардияда» Кекілбаевтың кітабы басылған. Шолоховпен Вешенскаядағы кездесуге ол кезде жап-жас Олжас Сүлейменов қатысқан еді. Олжастың даңқы дүрілдеп, аты аспандап тұрған кезі. Ол Евтушенко, Вознесенский, Рождественский сияқты ақындармен бір қатарда болатын. Рас, оның қазір онша еске түсіргім келмейтін «Аз и Я» деген кітабы да бар. Ол өзі ресми көзқарас тұрғысынан онша үйлесе бермейтін, бәлкім, бірқатар фактілері ашылмаған кітап. Дегенмен қызғылықты болатын. Дәл сол кезде Гумилев те отандық тарихтағы даланың рөлі деген мәселеге назар салып жатты ғой.
– Сіздің «Аз и Я» кітабына көзқарасыңыз жылдар өте келе өзгерді ме?
– Меніңше, өзгерді. Тегінде, жазғыру тұрғысынан әлдеқайда сақтықпен қарау, кейбір тұстарды ескеру тұрғысынан әлдеқайда қызығушылықпен қарау басым болуға айналды дегенім дұрыс шығар. Идеологиялық, тарихи мәселелер бойынша рұқсат етілген жайлардың шеңберлері де тым шектеулі еді ғой. Сонымен бірге, сол идеологиялық шеңберлерді айыптай отырып, олар белгілі бір бірлікті жасайтынын да айтуға болады. Олар біздің халықтарымыздың рухани бірлігін құрап тұратын.
– «Жырда» түркизмдер болуының өзін біздің халықтарымыздың арасында атам заманнан жақындық орнағанының мысалы ретінде де пайымдауға болар еді ғой…
– Әбден болар еді. Неге болмасқа?».
Шынында да, неге олай болмасқа? Ықылым замандардан бері Еуразия кеңістігінде көршілес тұрып келе жатқан халықтардың тілдерінде мұндай өзара кірігулер болмауының мүмкін еместігі айдан анық қой.
Сергей Марков былай жазды емес пе?! «Игорь жайлы өшпес жырда, Қаулап өскен шөптердей, Славяндық ырғақтарға Қыпшақсөз сіңіп кеткендей». Міне, бұл ғажап! Олжастың меңзегені осы. Бізді біріктіретін де осы. Нақ сол себептен де «Аз и Я» кітабы шығардан көп бұрын дәл сол Сергей Марков: «Жалынды бұл жыр туралы, Жарқыратып жазар әлі, Жап-жас досым – қыпшақ Олжас, Орыс тілді ғазалдарын!» деп болжаған еді. Айтқаны айдай келді. Жазды және қалай жазды! Ежелгі орыс әдебиетінің ұлы жәдігерін Олжасша оқудың феномені сол, ол «Жырдың» тұңғыш қостілді зерттеушісі болды.
Оның өлеңдерін қайталай оқи отырып, автордың сөзге сыналап сіңірген астарлы ойларына қайран қалудан әсте жалықпайсыз. Мысалы, мінеки.
Вблизи Чингизских гор его могила,
Исколотая желтыми цветами;
Голодными, немилыми, нагими
К могиле приходили на свидание.
И пили, усмехаясь, горечь песен,
И, колыхаясь, колебались травы,
Цветы желтеют грустно,
Как отрава...
Вблизи Чингизских гор его могила.
Абайдың қабірі Шыңғыстаудың маңында. Әлемдегі аса ірі Семей ядролық полигоны да сонда болды. Жастар оңаша кездесуге де сол араға келетін. Ішетін. Ол кезде бұл төңіректе жұрттың талайы ішетін. Радиациядан қорғанудың жалғыз амалы сол деп саналатын. «Мұңды гүлдер сарғаяды заһардай....». Өлең 1962 жылы жазылған. Он үш жылдан бері жер астындағы да, жер бетіндегі де сынақтар жүргізіліп жатқан.
Ал 1989 жылдың ақпанындағы кезекті жарылыстан кейін атмосфераға радиоактивті заттардың таралуы халық шыдамын шарасынан асырған соңғы тамшыға айналып, сын сағаты соққан кезде Олжабай батырдың ұрпағы Олжас Сүлейменов ядролық қаруға қарсы «Невада – Семей» қозғалысын бастады. Ол Кремльдегі әскери лоббидің жойқын қысымына қарамастан өзінің Жарлығымен ядролық полигонды жапқан Нұрсұлтан Назарбаевқа қуатты қолдау жасады.
Кезінде елдің қазақтілді бас газеті «Егемен Қазақстанды» басқара жүріп, 2015 жылы Қазақстан Президентінің «Өмір өткелдері» сұхбат кітабын баспаға дайындадым, соның «Тажалды тұншықтыру» атты тарауында Н.Назарбаев былай дейді: «Невада –Семей қозғалысының белсенділігі, Олжастың өзінің жеке басының биік беделі маған республикадағы қоғамдық пікірді Семей ядролық полигонын жабуға дайындауға ерекше жәрдемдесті. Олжастың: «Біздің жерімізде бейбітшілік деп ойлаушы едік, сөйтсек міне қырық жылдан бері соғыс жүріп жатыр екен. Ол соғыстың аты – өз халқыңа қарсы тыныш жүріп жатқан атом соғысы....» деп сөйлейтіні де асырып айтатын ақынға жарасып тұратын».
2016 жылдың 17 мамырында Олжас Сүлейменовке ел Президентінің Жарлығымен тәуелсіз мемлекеттің ең жоғары марапаты – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілуі парасатты әділдік салтанатының паш етілуі және қазақ жерінің сайыпқыран перзентінің, өз халқын барша әлемге әйгілеген адамның тарихи еңбегін бүкіл халықтың бағалауы болғаны анық.
Ия, ол – Ер. Қай жағынан алғанда да нағыз Ер.
Aikyn.kz
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.