Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Сахна төрінде – «Атжалман ғасыр»...

21.11.2022 1942

Сахна төрінде – «Атжалман ғасыр» 14+

Сахна төрінде – «Атжалман ғасыр» - adebiportal.kz

Елі үшін еш ойланбастан жанын  оққа да, отқа да тосқан ірі өкілдерінің бірі – Жұмат Шанин.  Қазақтың аса талантты ұлы -  драматург те, актер де, режиссер де, музыкант та және театр сыншысы да болды. Мәдени салаға белсенді қызмет етуінің себебі, ол бала кезінен ән-күйге, бәйге-күреске өте жақын жүрді. Қоянды жәрмеңкесін көріп өскен жасөспірім, сахнаның қыр-сырын білу мақсатында Семейде 1920 жылы ашылған драмалық «Ес аймақ» үйірмесінің көркемдік жағын басқарды. 


Кейін Қызылордаға шақырылып, тұңғыш ашылған театрдың директоры әрі көркемдік жағын басқарушысы болды. Ол жай басқарушысы болған жоқ, ол дала абыздарының бас қолбасшысы әрі рух берушісі болды. Ең зәру мәселелерді жедел шешіп отыратын Жұматтың режиссурасымен М.Әуезовтің «Еңлік – Кебегі», С.Сейфулиннің «Қызыл сұңқарлары», У.Шекспирдің «Гамлетін», А.С.Пушкиннің «Тас мейманын», «Сараң серісін», Б.Майлиннің «Майданын», I.Жансүгіровтің «Кегін» басқа да спектакльдер қойылды. Ал, «Жалбыр», «Қыз Жібек» халқымыздың рухани байлығын кең дүниеге танытқаны бәрімізге мәлім. Оның драматургия, режиссура проблемаларын қозғайтын ондаған мақалалары жарық көрді. Екі тілде де еркін сөйлеген Жұмат театр төңірегіндегі барлық кемшілікті бірінші көріп, оны батыл айтатын. Қырғыз мемлекеттік драма театрының ашылуына мұрындық болған және оның көркемдік жағын да басқарған Жұмат Шанин жайлы бірнеше таңды атырып айта беруге болады. Өйткені, бар білімін бір мүддеге жұмылдыра білген Жұматтың зор мақтанышпен айтатын еңбектері ұшан-теңіз. 

Осынау ұлтаралық деңгейде белді қызметтерге көтерілген көрнекті қайраткерге биыл 130 жыл толып отыр. Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры ұйымдастырған айтулы мерейтойға арнайы қарашаның үші күні Шымкент қаласына бардық. Күндіз Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханада өткен іс-шарада Жұмат Тұрғынбайұлының ұрпақтары қатысты. Немерелері Болат аға мен Жанат апай аталарының рухани қасиеттерінің тағдыры төңірегінде тамаша ой толғады. Келген құрметті қонақтардан тың ақпараттармен, мол мағлұматтармен қаныққаннан кейін театр алаңында орналасқан Ж.Шаниннің ескерткішіне гүл шоғымызды қойып, сосын шығармашылық ұжымының жұмысын көруге залға кірдік.

Әрине, телехикаяға арқау боларлық оның өнерді өркендету жолындағы елеулі еңбектерін бір-екі сағаттың көлемінде көрсету мүмкін емес екені белгілі. Дей тұрғанымен, сталинизмнің қанды құрығына ілінген Ж.Шаниннің соңғы жылдарындағы өмірі сахна төріне жол тартты. Белгілі драматург Сая Қасымбек «Атжалман ғасыр» атты тарихи қасіретті жазса, ал, сиясы кеуіп үлгермеген саяси жүйені білікті режиссер Бекболат Құрманғожаев сахнаға алып шықты. Тарихи тақырыпқа шығарма жазу, оның ішінде драма жазу дәуір жүгін өз қолымен көтеріп көрмеген авторға сол заманның тынысын беру, сол дәуірде өмір сүрген ұлы тұлғалардың, қайраткерлердің бейнесін жасау және оны сахнаға шығару қаншалықты қиын екенін әркім анық біледі. Білсек те, ел жадындағы олардың ғибратты ғұмырына көңіл бөлудің орайын еш тоқтатпауымыз керек. 

Ұлт мақтанышының жүрек дүрсілі дүйім жұртқа дұрыс жетсе екен деген ниетпен шымылдықтың арғы жағында қобалжып тұрған артистерге іштей сәттілік тілеуіміз орынды еді. Сонымен, залда отырмыз. Көрсетілген уақыттан біршама асып барады, ал, шымылдық ашылар емес. Әуен ойнап тұр. Не болып қалды екен деп демімді жиілдете бастадым. Білегімдегі сағатқа қарағандай болып жан-жағыма ұрлана қарап қоям, олар да ала көлеңкеде көзін ашып-жұмып түсінбей отыр. Кезек-кезек арқа-мойнымызды бұрып отырғанымызды бір қатарда отырған Асхат Максимұлы байқап қалды ма, әйтеуір, біз жаққа қарап: «12 минутқа байланысты шығар» деп сыбырлай қойды, сонда ғана ол жайт есіме түсіп, есімді бірден жинай қойдым. Бір уақытта: «Бұлар әдейі істеп жатыр, алдын-ала ойластырылған» деп залдан өре көтерілген жігіттер улап-шулап сахнаға қарай бет алды. Сөйтсек, Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде сахна шымылдығы 12 минутқа кешіккені үшін ату жазасына кесілген тұсын оқиға мазмұнының кіріспесі ретінде алған екен. Онысы ұтымды шыққан. Осылайша, көрушінің аяқ-қолын бір мұздатып алып, қызуы жоғары қойылымға гүмп еткізді.

Шымылдық ашылған бетте көзге түсетін сахнаның көркемделуі болғандықтан, алдымен жасаулануы жайында бір-екі ауыз сөз айтқымыз келеді. Сахнаның эскизін сызған Е.Тұяқов пен қоюшы суретші Қ.Жұмақұловтың ойлап тапқан тәсілдері ұтқыр болғандығын атап өтуіміз қажет. Сахналық нұсқасын жасау жолында суретшінің сәтті безендіруі мен режиссердің мағыналы мизансценалары орындаушылар тарапынан зор қолдау тапты деуге толық негіз бар. Сахнаның бір жағында скрипка, бір жағында трубка, ортасында бес жұлдызды әдеттегідей үлкейтіп емес, кішкене формада ортада тұруы өзінше әдемі оқылып тұрды. Екі жақтан жоғарыға шығып-түсіп жүрген қиянатшыл залымдар мен төмендегі көсемдердің арасындағы қанды қақтығыстарды шебер орналастырған. Әсіресе, «халық жауларының жарлары» деп әйелдерді біртіндеп темір торға тоғытқандығы және ол тордың ақырындап артқа жылжып жоқ боп кетуі – ішкі жандүниеңнің астан-кестенін шығаратын әсерлі көрініс болды. Сахнада жыртыққа жамау боп, бадырайып тұрған өрескелдікті байқамайсың. Бәрі орнымен «кірпіштей»  қаланып тұр. Оқиға атмосферасын берумен бірге әуеннің де сезім тегершіктеріне дәл тиіп отырды. Музыкасы қойылым идеясының ойдағыдай жүзеге асуына, жұрттың жүрегі тебіреніске түсуіне көп көмектесті.

Вышинский (О.Мұсабеков), Берия (Е.Тұрымбеков),  Голощекин (М.Тауасар), Мирзоян (Е.Дүйсебаев) Сталиннің жеке басына табынушылығын және әрқайсысы қауіпті жан екенін жақсы көрсетулерінің арқасында, олардың әрбір әрекетінен жанымыз жиіркене тұшырқанып отырды. Карлик - С.Әзімқұлов тергеу ісін жүргізудегі жымысқы мінезін, зорлық көрсетудегі ұрда-жық бірбеткейлігін әжептеуір сәтті шығарған.  Тартысты күшейтіп отыратын Карликтің жағымсыз бейнесін актер жақсы жасай алды. Ал, Жанбикенің өміріне  көз  жүгіртсек, Жұматпен кездесу сәтінде - жазықсыз жанның жан айқайын, трагедиялық толғанысын М.Зияева сенімді жасағандығы байқалады. Актриса Мөлдір бұл бейнеге өнерпаздық бар бояуын, жылуын салған. 

Ендігі кезек, көзсіз ерлікке барған – Ж.Шанин. Өнер тарихында ерекше құбылыс болған күрделі тұлғаны алып шығу оңай соқпасы хақ. Актер Е.Аманғалиев Жұматтың соңғы кезеңіндегі қайғылы тағдырын беруге күш салып жүргендігімен көрушіні қуантты. Басты кейіпкер болғаннан кейін әлбетте оның бітім-болмысына көбірек үңілеріміз заңды. Бірақ, оның болмысын актер қанша өзіндік ерекшелігімен көрсетуге тырысса да, басты кейіпкердің келбеті түбегейлі ашылды деуге келмейді. Мысалы, азапты күндерді өткізіп жүрген Жұмат қаралы күнін келерін білсе де, ол сөзі мен ісіндегі табандылығына өте берік болды. Сондықтан, оның өткірлігі әр тергеуде көрініп тұруы керек еді, бірақ, актердің ойынында ол көмескіленіп жатты. Түсіндіруден гөрі ақталу көп. Қорлану басым. Шындығын айтар болсақ, ұлт жанашырларын жаппай қырып-жоюдың басты себебі, 12 минут ашылмағаны үшін кінәлау былай тұрсын, жай ғана көзі ашық адамдардан олар қатты қорықты. Білімді адам қашан да өз пікірін білдіре алады, ал, өз дегені жоқ ойсыз адамдар жоғары не айтса соны бұлжытпай орындауға қашан да дайын. Сол себепті, жан-жақты білім иесін барынша басып-жаншыды. Ертелі-кеш пе өз ажалынан кетпейтінін анық білген Жұматтың өмірбаянын актер Ерсін әлі де зерделей түссе, нағыз қаһарманның туа біткен қабілет-қарымы ашылары сөзсіз. Тағы да айта кетейік, Ж.Шанин секілді ірі қайраткерлердің күрескерлік рухын толық танып және таныту үшін кез келген сауатты актер өз бетінше олардың өмір жолына тереңдеп зер салу керек. Әділдіктің  айғайшысы екенін дәлелдеу керек! Әрине, жеке қалғандағы көңіл күрсінісі мен тергеуге келгендегі батыл қимылын жеткізуде Ерсіннің кейбір кем соғып қалатын тұстарын ескермесек, жалпы шығармашылық ізденістің бар екені даусыз. Әсіресе, режиссердің актерлермен жеке-дара жұмыс істегені көрініп тұр. Сахнаның көркі - тіл демекші, актерлердің көркем сөзді дұрыс, анық жеткізуінен шығармашылық тұрғыдағы күрделі еңбектің бағы жанғанын мойындаймыз.

Жалпы, бұл ғана емес, басқа да қойылымдарда режиссер мен суретшілердің арасындағы өзара түсінік көркем спектакльдің ажарлана түсуіне мұрындық болуы – байыпты Бекболаттың, алқын-жұлқыны жоқ Құрманғожаевтің интеллектісі ме деп ойлаймын. Ақыл-ой танымы арқылы өзінің шығармасының формасын айқындап, көрермен назарына таза күйінде ұсынып қана қоймай, өнбойына тартылған желісі бір қойылым болуына да даңғыл жол таба алады. Ол рас! Міне, өзі жетекшілік ететін театрда қойылған жаңа туындысын көріп, режиссердің өнердегі табысын жоғары бағалап қайттық. Өнер ұжымының өсу деңгейін көрсеткен бұл қойылымның театр репертуарында тұрақталуына, тіпті, тұрақты төлқұжатына айналуына толық құқығы бар екенін байқадық. Өйткені, мұнда сталиндік саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған бір адамның тағдыры ғана емес, елдің мұңы, зары, тарихы жатыр. Сондықтан, жеткіншек ұрпаққа берері бар «Атжалман ғасырдың» ғұмыры ұзақ болсын!

Айзат ҚАДЫРАЛИЕВА

                                                                                                                                                   Театртанушы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар