Мағжан Жұмабаевтың творчестволық жолы – буырқанған шабытты ізденістері мол, нағыз поэзия биігіне самғаған, оның нелер асқақ асуларынан асқан жемісті жол.
Ақындық сапарының ілкі қадамында ол ағартушылық дүниетанымының аясында толғанды. Мұның өзі түсінікті де еді. Лермонтов Пушкиннің ізін баса келгені сияқты, Мағжан Абайдың ізін басты. Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы 1909 жылы шыққанда ол 16 жаста болатын. Ол бір сөзі мың жыл жүрсе дәмі кетпес Абай поэзиясына ғашық. Алтын хаким Абайға атты Шолпан жинағында жарияланған өлеңінде ұстазына сендей ақынды дүние қолын жайып енді күтпес дей келе, тыныш ұйықта, сенің ісіңді алға апарар мына біз, жастармыз, деген ой айтады. Өзі де ағартушылық арнада жазылған өлеңдерінде надандықты түйрейді, өнер-білімге шақырады.
Бұдан туатын қорытынды: қазақ халқының былайғы дамуында, рухани өсу, өркендеу жолында Абай творчествосының өшпес маңызын барша әлеуметтен ерте, дұрыс та терең таныған жап-жас Мағжан еді. Осы байламға Абайтану ғылымы негізін қалаушы, Мағжанды сүйемін, Европалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін дейтін Мұхтар Әуезов те қол қояр ма еді деп ойлаймын.
Жас ақын ел жайын көп толғайды. Ойлаған бір күн бұрын таңдағы істі қазақ арасында кім бар? – деген ренішті сауал қоя отырып, әлеуметтік мәселелерге ой жібереді. Жас ақын тілегі әдетте еңбекші бұқара жағында Шын сорлы деген өлеңінде:
Күн суық, қатты аяз шыдар емес,
Қар борап, соққан желмен қылып егес.
Кедейлер үсып-тоңып, дір қалтырар,
Жылы үйде байлар жатар уайым жемес,
- деп өмірдің шындық суретін алға тартады. Осы реттегі бір ұдай өлеңдерінде ол әйел теңдігі тақырыбын қозғайды (Жас келін, Жас қыз, Тілегім, т.б.). Ол қазақ әйелінің ауыр халін патриархалдық – феодалдық қоғамның қатыгездігінен деп біледі.
Мағжан поэзиясында әуел бастан-ақ ұлт-азаттық сарыны басым болды. Қай ақын әрдайым халқының жоғын жоқтайды. Халқы зар жыласа, ақын қан жылайды. Мағжан да сөйтті. Халқымен қосылып күйзелді, торығуға да салынды. Кейде мал ашуы – жан ашуы үстінде отаршылдыққа қарсы тартқан жебесін көздеген нысанасына дәл тигізе алмай қапы соқты. Туған жерім Сасықкөл өлеңінде саяси олақтығын танытты, орыс пен патшалық самодержавие деген түсініктерді араластыра сапырып, жаза басты. Шын мәнінде М.Жұмабаевтың шүйіліп шенеп отырған қазақты ең қоңды жерінен айырған царизмнің аз ұлттарды кемсіту саясаты еді.
Жастық шақ үшін өршілдік, ақ жарқын арайлы мінез тән. Оған жас Мағжан да сырт берген жоқ. Абай ағасының үлгісімен жылдың төрт мезгіліне арнап өлең туғызды. Енді ғана жиырмаға иек артқан жас ақын Жазғытұрым өлеңінде:
Май кірді, жер құлпырды, гүлдер жайнап,
Жібектей, көкорайлар жатқан жайрап,
Сұлудай бұраңдаған бұтақтарда,
Ән қосып әртүрлі құс тұрған сайрап, - деп шалқиды, табиғат лирикасын өмірге сүйіспендік, құштардық әуеніне бөлейді.
Мағжанның алғашқы өлеңдерінен бас алатын бұл ағыс кейін де толастаған жоқ. Ақын енді бар гәп оқуда емес екендігін түсінген. Ел бақыты жолында әрекет, қажыр-қайрат, күрес қажеттілігіне көзі жеткен. Мағжан енді осы көңіл-күйіне тіл бітіруге тырысты. Оған дәлел – Қазақ газетінің 1915 жылғы 9,25 июнь күндеріндегі санында жарияланған Дін үйреткенге, Есімде ... тек таң атсын! өлеңдері. Ақын бұл туындыларының аясына Жаңа таңның желі есіп келеді деген жүрек жарды ел қуанышын да, оның Сұр жылан өзі оятар, қатты шақсын дейтін қайтпас қайсар мінезін де, жауға Жолбарыстай ұмтылармыз дейтін жігер-қайратын да сыйғыза алған. Осы себепті де ол 1916 жылғы халық көтерілісін кейбір қазақ оқығандарындай осқырына қарсы алған жоқ. Орамал атты өлең тудырып, бұқара мұңын мұңдады.
Сөйтіп, елдегі революциялық процестің даму барысында Мағжан қаламы да өткірленіп, бауырын жаза түседі. Лирикалық сезімі тереңдеп, эпикалық құлашы кеңейеді. Ақын творчествосының жаңа, екінші кезеңі басталады. Ол 1917 жылғы февральды арқа тіреп, 1924 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Олай жіктеуге себеп – осы кезеңде жазылған дүниелердің өткінші сипатын ескергендік еді. Мағжан поэзиясындағы ағартушылық реализм сыни реализмге толық ауысады, бірте-бірте жаңа өмір платформасына ойыса бастайды. Осы кезеңде ақын творчествосындағы символизм шегіне жеткенше көтеріліп, ақыры мүлде толастайды. Сондай-ақ дүниетанымының идеологиялық жүйесі елеулі өзгеріске ұшырайды. Замана рухына бейімделе түседі, идеялық – саяси кінәраттан бірте-бірте арылып, социалистік реализмге қарай бет бұрады.
Осы өзгерістердің бастамасы деп, 1918 жылы туған, Мағжанның өзі Сібірде реакция дәуірінде жазылды дейтін Бостандық өлеңін атар едім. Мұнда Октябрь революциясы мифологиялық бейнеде суреттелген. Дегенмен, өлеңде бұлдыр ештеңе жоқ. Шындық дүние келбеті көмескіленбеген. Не туралы сөз болып отырғаны айқын.
Қызыл қанға мас болып,
Жүрегі қара тас болып,
Айрылып естен адамзат
тұрған кезде көк есігі ашылып, жұмақтың ізгі елшісі, ғарыш нұры жүзі бар, кәусар жібек сөзі бар, әдемі алмас қанатты Босиандық жерге ұшып келеді.
Бұл көркемсөз кестесін публицистика тіліне аударсақ, әңгіме 1917 жылғы Февраль революциясынан кейінгі ірі-ірі оқиғалар туралы болып отыр. Дүние жүзін қан сасытып жіберген империалистік соғыс толастар емес. Уақытша үкімет халық үмітін ақтамады. Соғыс өртін басады десе, лаулатып өршітіп жіберді. Міне, осы уақытта нағыз бостандық таңы атты. Ұлы Октябрь социалистік революциясы жеңді, Бейбітшілік ұранын көтерді. Бұл кәусар жібек сөзге қуанысып күліскен, әрине, өмірінде сәуле көрмей зар шегіп жүрген аш-жалаңаш сорлылар еді.
Алайда, қыбырлаған қоңыздар, қорсылдаған доңыздар бір сәттен соң қайта бас көтереді. Бостандықты елемей, баяғысын бастағысы келеді. Қасиетті қонақтың ақ қанатын кірлетеді. Енді қоймасаңдар Бостандық қайта Ғарышқа ұшпаққа ақ қанатын қомдап тұр, - деп аяқталады өлең. Контрреволюцияшыл ақ гвардияның, шет ел интервенттерінің жас Совет республикасын бесігінде тұншықтыру үшін жасаған әрекеттерін еске түсірсек, шығарманың идеялық мағынасы зор екендігіне көз жеткіземіз.
Бостандықтың ақ періште символында көрінуі сол кездегі Мағжан поэзиясының эстетикасы үшін табиғи нәрсе еді.
Өткен ғасырдың аяқ шенінде орыс әдебиетінде декаденттік ағым күшейді. Оның көрнекті өкілдері К.Бальмонт, В.Брюсов, Д.Мережковский, Ф.Сологуб, жас А.Блок өз туындыларына символизм айдарын тақты. Символистер ақиқат ауылын реалды дүниеден іздеу адасқандық деп жар салды. Олардың пікірінше, көркем шығарма шындықтың құпия сырын ашуға тиісті. Ол үшін мистикалық о дүниені ой көзімен елестету керек. Жалт берген тылсым түйсіктерді ұстап, тілін тауып сөз кестесіне түсіре алсаң, - міне нағыз поэзия сол. Шындықты интуициямен, емеурінмен сезіп, белгі, символмен жеткізе алатын суреткер ғана нағыз ақын болмақ.
Қазақ ақыны берісі орыс, арысы француз символистерімен үн қосқанда ол да образ жасаудан тартынып, оның босаған орнына белгілі бір таңба, символ қоямын деп жанын салды. Өмір дегеніміз күрес. Күн мен түн, қыс пен жаз, жақсылық пен жамандық, махаббат пен ғадауат майдандасса, мұның мәнісі дүние өңшең келісім-үйлесімнен құралмайды деген сөз. Және ақ пен қарадан өзге де бояу мың сан реңді келетіні белгілі. Адамның сезімі де сондай. Қуаныш бар жерде қайғы да бар. Керісінше, бірде қамыққан көңілің енді бір күні алтайы түлкідей жайнап шыға келуі де мүмкін. Демек, ақынның өмірді бар бояуымен суреттеуге хақы бар, деп есептеген Мағжан.
Мәселен, Сарғайдым деген өлеңінде ақын:
Сарғайдым, күннен күнге қуат кеміп,
Қалың ой, қара жылан жүректі еміп.
Ақырын бітіп барам жанған шамдай,
Көзіме ыстық жастар мөлт-мөлт келіп, - десе, Мағжан сыншылары: осы да шындық па екен, сары уайым совет поэзиясының объектісіне жатпас болар деп морт сынған. Мүмкін, солай да шығар. Қалмады көздің нұры, көрге айналдым деп тым құлазыған сезімге берілмеу де керек шығар. Бірақ, Сарғайдым өлеңінің Мағжанның түрмеде отырғандағы күй-жайын толғайтынын да ұмытпау керек қой. Солнце всходит и заходит, а в моей тюрьме темно деп ең оптимист жазушы Горький де налымап па еді бір кезде. Тұтқын адам масайрап, қуанышы қойнына сыймайыржақтап отырса, көлденең көз оны сөзсіз жынданып кеттіге саяр еді.
Жалпы, М.Жұмабаевтың символизм арнасында жазған өлеңдерін қателескен деп қолды бір-ақ сермемей, байыппен оқу қажет.
Бетімнен тәтті бір сүйіп,
Алдыңа алшы әлдилеп,
Келші, өлім, тезірек ...
дегенде, ақын тап қазір жер томпайтқысы келіп отыр екен деп сөзбе-сөз түсінбеу керек. Символизм дүние жүзі әдебиеті дамуының белгілі сатысы екенін де естен шығармау керек. Бұл ағымды мансұқтай бергенше, келтірген пайдасы бар ма, болса қандай? – сол жағына зер салған ләзім. Символистер поэзияда бұған дейін кезікпеген, қолданылмаған үйлесімдерін іздестірді. Айталық, қазақ поэзиясының әуезділігін (музыкальность) күшейткен қай ақын десек, символист деп талай кінә тағылған Мағжан Жұмабаев есімін атамасқа амал жоқ.
Сылдыр, сылдыр, сылдыр,
Қанымды қайнатты құрғыр.
Шық-шық жүрекке тиеді,
Күлпәрә талқан боп сыңғыр.
Сылдыр, сылдыр, сылдыр,
Өзекті өртеді құрғыр.
Әдейі іргеден жүреді,
Сұлу қыз санадан солғыр.
Үзінді атақты Шолпы өлеңінен алынып отыр. Шолпының сыңғыры, ойнатқан күйі сан ақын жырлаған бұлбұл әуезінен несі кем? Бұлбұл сайраса, өмірге асық. Соған шат. Ал шолпы сылдыры құмарлық сезім пердесін аша ма қалай? Күннің жібек сәулесінен тоқылған осы жыр, астарында қандай сыр бүккен? Сұлулыққа табыну ма? Әлде жер басып жүргеніңе тәубе еткізетін өмір күйі ме? Меніңше, осы өлеңде соның бәрі өрнектелген.
Мағжан махаббат лирикасын сезім тасқынына құрған.
Сүй, жан сәулем, тағы да сүй, тағы да,
Жылы, тәтті у тарады қаныма.
Бұл ләззаттың бір минутын бермеймін,
Патша тағы, бүкіл дүние малына.
Ақынның ғашықтық тақырыбына жазған осындай өлеңдерін нәпсіқұмарлыққа жатқызғандар да болды. Расында солай ма еді? Абай тіпті қыз аузынан: Салмағыңнан жаншылып, қалсын құмар бір қанып деген сөздерді айтқызған ғой. Бір минуты мың жылға бергісіз ләззатті жырлау қашаннан тағылық мінез көрініпті? Ол да өмірдің саған тартқан сыйы, олжаң. Ендеше, ақын жаңылысқан жоқ. Жан мен тән жарастығын жырлады. Соны нәзік сезімге бөледі. Жүрек дірілін, қан қайнауын, ес кетуін, - бар сезімнің июін өлең кестесіне тайға таңба басқандай етіп түсірді.
М.Жұмабаев – интимдік лириканың шебері. Бірақ сонымен бірге ол эпикалық құлашы да кең ақын еді. Өз заманының толғағын алдыңғы тарихын еске ала отырып толғады. Сол үшін талай теперіш көрді. Кезінде Абылай, Кенесарыны жырлағаны үшін сыналды. Монархияны көксейді деушілер болды. Бұл сынның да дұрыс-бұрыстығына көз жеткізуге тиістіміз. Артта қалған қазақ елін алға сүйреу үшін зор күш-қуат керек болса, оны алдымен халықтың өз күш қорынан, потенциалынан іздеу керек еді. Сондай күш-жігер алатын қайнардың бірі тарих екені мәлім. Сол себепті ол ата-бабаларымыздың ел қорғаудағы ерлігін, күресін көп өлеңдеріне арқау етті. Біз, кейінгі ұрпақ сынға алатынымызды қайдан білсін, қазір көзімізді алартып жүрген кейбір қайраткерлерді аспанға көтерді. Сондықтан бұл шығармаларын да сын көзімен зерттеп, бағалау қажет болар.
Оқжетпестің қиясында поэмасы жазылғанда хан Кене ұлт-азаттығы қозғалысы басшыларының бірі есептелетін. Қазақты құтқарам деп қалың өрттен, Бір кезде Кенекемді ойлар билеп, Бір өзі Бурабайды кезіп кеткен дейтіні ақынның сондықтан болатын.
М.Жұмабаевтың ең күшті поэмасы – Батыр Баяндағы Абылай күрделі характер. Ол хан есебінде дәріптеліп отырған жоқ. Ел шетіне тиген қалмақ тайшыларын түріп тастауға қол жинайды. Мұнда Абылай бейнесі патриоттық қырынан көрінеді. Ал әуелгі алған бетінен айнуы,дұшпанның сый-сауқатына қызығып, жорығынан орта жолда қайтуы, Батыр Баянның шағын жасақпен қалың жау ортасына түсіп мерт болуы – міне, бұл тұста Абылай бейнесі бауырмалдық, адамгершілік тұрғысынан қарағанда оңды образ санатына жатпайды. Өзімен ерегісуге дейін барған Батыр Баянды құрмалдыққа шалды ма, кім білсін ....
Мағжан ақын қоғам дамуымен бірге ілгеріледі. Бір орында тұрақтап қалған жоқ. Уақыт әміріне құлақ тосты. Жуылды. Жаңарды. Сөйтіп бар идеялық кінәратын артқа тастап, 1924 жылы творчествосының жаңа, үшінші кезеңіне көтерілді. Советтік заманның жыршысы болуға белін бекем буды.
Жалындай жалау кімдікі?
Тұрағы тарғыл, тас қия.
Арбаңдаған Азия,
Жалындай жалау соныкі,
Ендеше, қазақ, сенікі!
..............................................
Қанды жас жалау кімдікі?
Кімнің ұлы құл болса,
Тұлымдысы тұл болса,
Қанды жас жалау соныкі.
Ендеше, қазақ, сенікі!
Бұл өлеңнің лирикалық геройы бұрынғы Адастым, Жолдасқа деген сияқты өлеңдердегіден мүлде өзге. Бұрынғысындай енді ол жердің жүзін түн басты, немесе тапсыз бүтін бір елмін деп адаспайды. Партиялық Еңбекші қазақ газетінде жарияланған Тоқсанның тобы 1927) атты өлеңінде Мағжан Жұмабаев таптсық көзқарасын бекіте түсіп, өзінің ат төбеліндей азшылық он жағында емес, тоқсан, яки көпшілік еңбекші бұқарасы жағында екенін, халықтың осы басым бөлегінің сойылын соғатынын паш етеді. Тоқсанды көрдім тойдағы. Теңдікке жеткен тап көрдім деп жаңаша жар салады.
М.Жұмабаевтың осы тұстағы бір алуан өлеңдерінен (Жердің жұмырлығы, Алатау, Оқудағы қарындас, т.б.) жаңа өмірөркендерін аңғарамыз. Ол күні кеше ғана амандасқанда шүкірлік деген сөзді айта алмай Шү-ү-ү деп тұтығатын қазақ қызының енді советтік трибунадан баяндама жасап тұрғанын көріп сүйсінеді.
Шойын жол өлеңінде ақын ұлттың озық дәстүрлерін сақтап қалу проблемасын алға тартты. Ол темір жол атаулыға қарсы емес-ті. Тек ол басып өткен жерден ата-баба мирасы аяқ асты етілмесін деп ескертті.
Кемпір, шал, бала, азамат,
Станция біткенді аралап,
Көзін сүзіп жүр ме екен?
Сұр кетіп қарттың жүзінен,
Сары қымыз көзінен
Бір-бір ұшып жүр ме екен?
Қымызды жасық су ғой... деп
Ендігі жас жеткіншек
Ащы су ішіп жүр ме екен? ...
Ақын көрегендігіне қайран қаласың. Ащы суды судай сіміріп, алқаш атанған қазақ жасы бүгіндері аз ба? Сары қымыз ай-жылында ерінге тие ме, тимей ме?
Жылдар белесінен аттап өтіп, Мағжан, міне, осылай біздің бүгінгі проблемаларымызды шешісу үшін атсалысуға келді. Өлмейтұғын өлең жазғандар әрқашан халқымен бірге. Солай болды да. Оны мына жайдан да айқын көреміз. Мағжан поэзиясы жарты ғасырдан аса ел көзінен таса жерде ұсталды. Тіпті, Қазақстаннан да әрі ұзатылып жіберілді. Олай дейтінім: ақынның үш жинағының үшеуін де Алматы кітапханаларынан таба алмай, Москва, Ленинград кітапханаларына баруға тура келді. Тілеуің бергір, солар ғана ақын мұрасын сақтап қалыпты.
Мағжан поэзиясы туған өлкесіне Жаңа жыл қарсаңында оралып отыр. Жыл құсындай сағынышты жыр мерекенің сәніне сән, әніне ән қосады. Сол үшін де бір-бірімізді құттықтап қояйық!
Арсының ақыны
Мағжанның рәміздік ізденістері хақында
Арсы — небір аузы дуалылардан да естімеген сөзім. Кітап беттерін парақтай жүре де көзіме ілікпепті. Бұл көне сөзді алғаш рет кезіктіруім — Мағжан ақын өлеңдерінен. Арсы сөзі Алланың тағы деген ұғым берсе керек. Аяқ басып Арсыға, Жүгіріп барып қарсыға, Тәңірінің тілін ұғамын, — депті Мағжан Көкшетау атты өлеңінде. Өлеңді оқып отырғаныңда ойыңа сұрақ оралады: Жаратқан Иеге не сырын ақтарғысы келді екен ақын?
— деген. Ихсаны жібімейтін, бауыры тастан қатты қайырымсыз заманының қиянатын айтып шағынуды ойлады ма, кім білсін...
Көңіл шымылдығының арасынан күмән сығалайды. Хақ тағаладан жасырын қандай қоймаң болуы мүмкін. Санадан өзге тұпсана деген рухият дүниесі бар. Соңғысында не ; болып, не қойып жатқаны бір Құдайға ғана аян. Саған беймәлім. Құлыптаулы сырсандық іспетті. Кілті көп-көп жағдайда иесінің өзіне де таптыртпайды.
Ол кілтті табу мүмкін бе? Ізденіп көрсе қайтеді? Өзге жұрт поэзиясында ондай талап бар ма? Болса, қандай?
Мағжанның бір алуан өлең шоғыры осы сауалдардың жауабын табуға зор шабытпен кіріскендігін аңғартады. От, Пайғамбар, Күншығыс, Бостандық, Мені де, өлім, әлдиле, Берниязға, Шолпы секілді өлеңдері бұл ақыннын өзіне дейінгілерге де, өзінен кейінгілерге де, тіпті өз тұстарына да (Бернияз Күлеев пен Сәбит Дөнентаевтың қайсыбір өлеңдерінен басқа) ұқсамайтын ерекшеліктеріне қол қойғызады. Өйткені Мағжан бұрауын тапқан кілті — символизм болса, бұл өзге қазақ ақындарының қолына түспеген нәрсе. Басқа сөзбен айтқднда, Мағжан Жұмабаевтың қазақ әдебиеті тарихында оқшау тұратын ақындығы хақында ой тербеткенде байқайтынымыз: ол бұрынғы әдеби сарыжұрт дәстүрлерді сағалай беруден сақтанды. Өзі басып өткен ізді де қайтып шиырламауға тырысты. Үнемі жатпай-тұрмай ізденген ақын жеке басына түскен зіл батпан ауыртпалықтарға қарамастан, поэзиямызға жаңа өріс ашып, тынысын кеңейту үшін барын салды. Әлбетте, замана қарқынына ілесудің жөні сол екен деп, жылт еткен жаңалықтың бәріне талғаусыз жармаса берген жоқ. Өзен бетіне шыққан көбік, шөп-шаламды терең ағыспен шатастырып алмауға тырысты. Атап айтсақ, саясат айқайына айқай қосып, ел ішін таптық қан-жоса қырғынға шақырып, тамағы қарлыққанша өзеуреп ұрандайтын үгіт өлең дейтінге сырт берді. Есесіне әлем әдебиеті жаңалықтарына көз тікті. Әсіресе өзіне тосын жаңалық көрінген символизм ағымына бой ұрды. Өзге бір саясат дәртесіне жегілейін дегендіктен емес, бұл ағымның ұлттық әдебиетімізге тигізетін шарапатын ойлады.
Әдебиет заманының қас-қабағына қарап өсе алмайды. Ол — ай мен күн секілді ортақ игілік. Бірде қас, бірде дос заман әдебиетке әділ қазы бола ала ма? Бұрын Мағжан социалистік революцияның қас дұшпаны саналды. Солай санағандардың айтағы салдарынан ақын сыналды, мінелді, ақыры қаза тапты, ондаған жылдар бойы әдебиет тарихынан аты өшірілді. Амал қанша, ортақ игілікті саясат құралына айналдыру ауруынан әлі ада-күде айыққанымыз жоқ. Енді бақсақ, Мағжан кеңестің жауы есебінде мадақтала бастапты. Бұл жөніндегі даурықпалардың күмәнділігі өз алдына (Мағжан — Кеңес өкіметінің тәртіптерін қатаң сынаумен бірге, жиырмасыншы жылдардың орта белінде кеңестік ағынға ілесу мақсатында нақтылы әрекет жасағанын, Қызыл жалау өлеңін, Тоқсанның тобы, Толғау поэмаларын жазғанын неге аяқасты етеміз?). Шын әдебиет саясат шылауына айналмақ емес. Суреткер дүниетанымы кіл саяси көзқарастан тұрмайды. Көп жағдайларда әдебиетші қаламгердің саяси көзқарасынан гөрі оның философиялық, эстетикалық, этикалық көзқарастары әлдеқайда басым түсіп жатады. Әр өлеңнен саясат иіс-қоңысын іздеп әурелену, конъюнктураға салыну — бәз-баяғы тұрпайы социологизмнің әлегі. Көркем образ идеясы әлдеқайда бай келеді. Жинақтау жолдары алуан-алуан. Суреткердің өз тұлғасы ше? Шығарма тағдырын, сайып келгенде, қиыннан қиыстырар ер данасы (Абай) — суреткер шешпек.
Символизм дүниеге келгенде Кеңес өкіметінің ұрығы да себілген жоқ. Бұл әдеби ағым XIX ғасырдың аяғы, XX ғасырдың бас кезінде өрістеді. Іргесін қалаушылар — Францияда Поль Верлен, Стефан Малларме, Ресейде орыс әдебиетінің күміс ғасырының көшбастаушылары Валерий Брюсов, Дмитрий Мережковский, Константин Бальмонт, Вячеслав Иванов, Александр Блок, т. б.
Символизм көктен түскен жоқ. Әдебиетте ежелден өз арнасы бар романтизмнің сүтімен қоректенген. Соның бір бұтағы есепті. Өз мұрат, идеалына сәйкес өмір шындығын қорыта отырып, символист ақын сана түйіндеген әсерлермен шектелмейді. Айнала қоршаған дүниені айнаға түсіріп жырға қосу бір мәселе де, сезімнің өзінің бұрқаған құбылыстарына зер салып бейнелеу екінші мәселе. Символизм соңғысына құштар. Адам сезімі дүние құбылыстарының бәрінің ішіне еніп тоқи алмаса керек. Өңін бермейтін мәңгі сұлулық, Дүниенің идеалды мәні біз үшін жабық. Символизм сол арғы беттегі жабық шындықты, тылсымдарды рәміз арқылы, логикамен түсініп жетпейтін нәрселерді санқилы ауыстырулар құралымен, интуиция, аңдау, аңғару жолымен бейнелеуге тырысады. Өмір негізі – күй, саз. Сол әуез поэзия ырғағына айналады.
Символизмнің табан тірейтін философиясы – фрейдизм. Фрейд ілімі.
Зигмунд Фрейд (1856-1939) – Вена университетінің профессоры, дәрігер. XX ғасырдың сүбелі ғылыми табысы саналатын психоанализ атты ілімнің атасы. Бұл ғалым адам жанының, рухани дүниесінің жайшылық көзге түсе бермейтін жасырын, құпия қозғаушы күштерін ашқан деп есептеледі. Ол қандай қозғаушы күштер? Фрейд бойынша, ол – зауық әуейіліктері: сексуалдық нәпсіқұмарлық және жауыздық (агрессивтілік). Адамның өмір сүретін ортасы – қоғам. Қоғам белгілі заң, тәртіп бойынша өмір сүреді. Мәдениеті, әдет-ғұрпы, менталитеті бар. Адам соның бәрімен санасуға мәжбүр. Сондықтан зауықәуейіліктері де жүген киеді. Бірақ әрекеті тоқталмайды, басылмайды, тек басқа күйге ауысады. Ол күйі адамның өзіне сезілмейді, санасына жетпейді. Фрейд адамның мұндай күйін бейсаналық (бессознательное) деп атаған. Бейсаналық күй адамның өзіне сезілмегенмен, сыртқа теппей тұрмайды, әртүрлі киім киіп, рәміздік (символдық) сипат алады.
Бейсаналық процесті Фрейд былайша көзге елестетеді. Адам жан дүниесі үш сатылы. Бірінші саты – ОЛ (0Н0). ОЛ дейтіні – адамның сексуалдық және жауыздық әуейіліктерінің аласұрып қанағат тілейтіндігі. Оған қоғамдық тәртіппен бойына сіңген күй-жай қарсы тұрады.Бұл үшінші сатыны Фрейд үстем МЕН (сверх — Я) деп атаған. Адам жан дүниесі, іші осы екеуінің айқас алаңына айналады. Міне, осы жағдайда төбеби рөлін ортаңғы саты, инстанция — МЕН атқарады.
Адамды нақтылы жағдайға бейімдейді. Зауықшыл әуейілікті ноқталайтын түрлі амалдар ойлап табады, қорғаныс шараларын жүзеге асырады. Әуейілікті басып, тұншықтырады. Ал қорғаныс шаралары жеткіліксіз жүргізілсе, адам түрлі жүйке сырқатына ұшырайды. Рәміздік белгілер дейтіні солар. Жүйке ауруын емдеу бейсаналықты саналық жолға түсіру арқылы іске асады.
Понимание бессознательной душевной деятельности впервые дало возможность получить представление о сущности творческой деятельности поэта..., — деп жазды Зигмунд Фрейд.
Мен бұл цитатаны Михаил Храпченконың Творческая индивидуальность писателя и развитие литературы (СП М., 1972, с. 4) деген еңбегі бойынша келтіріп отырмын. Храпченко кітабында австралиялық ғалымды творчестволық процестегі ақыл-ой, интеллект рөлін тым тұқыртып жіберді деп сынайды.
Социалистік реализм тұрғысынан кеңес әдебиет теоретигінің сыны дұрыс. Оған шәк келтіруге болмайды. Храпченконың қателігі – әр әдеби ағым өз заңдылығы бойынша дамитынын ескермеуінде.
Символистік поэзия тәсілдері социалистік реализм ақындарының қолданатын әдістеріне ұқсамайды. Жоғарыда ескерткеніміздей, рәміздік ақындар өз ізденістерінде фрейдизм іліміне сүйенеді. Соцреализм әдебиетінің теориясы материалистік диалектиканы, марксизм-ленинизмді басшылыққа алады.
Интуитивизм — көркем сананың ажырамас құрамды бөлігі. Оны маркстік философия да жоққа шығармайды. Храпченко фрейдизм мен символизмді жан тылсымдарына тіл бітіретіндігі үшін емес, басқа міні үшін сынайды.
Өмірден мүлде жырақтұрады деп, бұл ағымды іске алғысыз етеді. Символистік поэзия уақытын өзінше бейнелейтінін, заманына рәміздік келбет беретінін ескермейді. Мағжан кезінде Бостандық рәмізі — алмас қднат періште. Кеңес-рәмізі — жалындап желбіреген қызыл жалау. Сұлулық рәмізі — қыз бұрымына тағылған шолпы деген сияқты. Бұл жөніндегі әнгімені әрі қарай өрістету алдында қазақ ақынының Фрейд іліміне қатысы хақында бірер сөз айтуға тиістіміз.
Мағжан Жұмабаев Педагогика атты еңбегінде (Алматы, Ана тілі, 1992) жан, ішкі сезім, көңіл көріністерін жүйелеп тап-тапқа бөлгенде, психоанализ, бейсаналық мәселелеріне тоқталмаған. Бірақ бұдан ол Фрейдті білмеген деген мағына тумауы керек. Тумайтынына үш бірдей дәлел бар.
Бірінші дәлел, өткен ғасырдың жиырманшы жылдарының бас кезінде большевиктер Фрейд ілімінің басынан құс ұшырмады. Әлеуметке, қоғамға қарсы күштердің бейсаналығын жоюға көмектеседі деп ойлады. Соның негізінде социалистік жаңа адам өсіп жетілмек. Троцкийдің дәлелдері тіптен қызық Марксизм капиталистік өндіріс анархиясын жоюдың айқын жолын сызып берсе, фрейдизм адам жан дүниесіндегі бейберекет, ойран-топан құбылыстарды тәртіпке келтіреді деп жазды.
Екінші дәлел, Мағжанның орыс символизмі қайраткерлерімен тікелей байланысы. Мәскеудегі Жоғары көркем әдебиет институтында оқи жүре, сол институттың директоры, орыстың ең мәдениетті жазушысы атанған Валерий Брюсовтен қазақ ақыны дәріс тыңдамады, онда фрейдизм мен символизмнің тонның ішкі бауындай байланысы сөз етілмеді деп айта алмайсың. Ондай байланыстардың болғаны күні бүгінге дейін айтылып келеді. Орыс символизмінің білгір зерттеушісі Александр Эткинд Эрос невозможного. История психоанализа в России деген кітабында (Санкт-Петербург. Медуза, 1993) бұл жөнінде былай деп кесіп айтады:
Русский символизм пытался выполнять приблизительно те же роли, те же социально-культурные и психологические функции, которые в немецко и англоязычных странах примерно в те же годы стал выполнять психоанализ... Устремления символистов совпадали с устремлениями и методами психоаналитиков в нескольких важных моментах. Оба эти интеллектуальные движения пытались описать невыразимое, осознать бессознательное. В них обоих преобладала интуиция второй реальности, находящейся внутри человека и глубоко отличной от того, что знает здравый смысл.
Қысқасы, Ресейде символизм Орейд ілімінің тілімен сөйлеген.
Үшінші дәлел, Мағжанның символистік арнадағы ізденулері. Ақынның символистік поэзиясын дұрыс ұғынғысы келетін адам фрейдизм қисындарынан да хабардар болуы тиіс. Мәселен, Мағжан өлеңдерінде жиі ұшырасатын өмір мен өлім проблемасын алайық. Бұл проблеманы толғау үстінде Фрейдтің Танатос инстинкті дейтінге байланысты пікірлері қазақ ақынына қатты әсер еткендігі байқалады. Оны қаперімізде ұстамасақ, Мағжан өлеңдеріндегі аһылау, уһілеулерді, улану, күйінулерді құр сандырақ деп үстірт, жаңылыс түсінген соцреализм айқайларын қайталап күйіс қайыруымыз әбден мүмкін. Сондай шығармаларының бірі — Константин Бальмонттың Убаюкивай меня, смерть деген туындысына еліктеп жазылған Мені де, өлім, әлдиле деген өлеңі. Өлең қажыдым енді, күш бітті деп басталады да, өңшең ажалына кезіккендерді тізбектей жөнеледі. Бейтаныс адам о дүниеге аттанса да, жас қайың құласа да, майдандағы ұлан оққа ұшса да, Бетпақшөлде адасқан сорлы опат болса да, он бестегі сұлу көз жасына тұншығып жан тапсырса да, жас жігіт айдын көл астындағы толқын шаш жалаңаш сұлуларды құшқан бойда жантәсілім етсе де, – бәрінің рефрені, қайырмасы біреу: өлім әрдайым ақынға тәтті күй болып естіледі. Ежелгі дәстүр бойынша сұм ажалға лағнет айтылмайды. Ақын жаны тітіренбейді, қайта балқиды. Қорытынды шумақ былайша түзіледі:
Бетімнен тәтті бір сүйіп,
Алдыңа алшы әлдилеп...
Келші, өлім, тезірек.
Жан ұшудан тоқтады,
Жынданып енді соқпайды.
Кешегі асау жас жүрек,
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле...
Әлдиле, өлім, әлдиле!..
Ақын шынымен-ақ қара басына өлім тіледі ме, жоқ әлде... не ойы болды екен бүккен? Өнердің үнемі түсінікті болуы шарт емес шығар. Мүмкін өнерді бір уақ түсіну де керек шығар? Заманы ондай дүдәмалға барған жоқ. Үзілді-кесілді үкім шығарды. Кеңес ақыны, жас пері Әбділда Тәжібаев 1927 жылы сол үкімді айбынды өлең жолдарына түсіріп, дабыл ұрды:
Мағжандай іздемеймін Қорқыт көрін,
Қобызбен сарнамаймын сұрап өлім.
Кезбеймін есуас боп ен даланы,
Қуатты орыс, қазақ еңбекші елім.
Көр де аулақ, өз басымнан өлім де аулақ,
Көрсетем Мағжандарға көрдің төрін.
(Ә.Тәжібаев. Жаңа ырғақ. 1934, 28-29-беттер).
Кейіндер Әбекең ғылыми диссертациясында бұл кесімінің бұлжымайтынын социалистік реализм тұрғысынан дәлелдеп, Мағжан лирикаларының барша мерезін пышақтап отырып көрсетті. Мағжан тұрсын, әлемнің күллі декаденттік, символистік ағымның жұқпалы, зиянды ауруларын әшкерелеп, шіріген тамырына балта шапқандай әсер қалдырды. ...Пессимизм – дүниеден торығу, табыт пен көрден басқаны көрмеу, өлім күйін ғана есту, қандай тілде жазылса да, символизмнің ортақ ауруы. Өліп бара жатқан капитализммен бірге өлу белгісі. Мағжан осы топта, осы тапта. (Ә.Тәжібаев. Бестомдық шығармалар жинағы. 4-том, 68-бет. Алматы, 1981.).
Әбден хатталған, жатталған қағида. Күн сәулелі болашақ – пролетарийдікі. Буржуазия — дәурені бітіп, өшіп бара жатқан тап. Байшыл Мағжан Жұмабаев өлім тілегенде, сол таптың сөніп бара жатқднынан хабар береді.
Бәрі де оп-оңай, түсінікті секілді еді ол кезде. Ал қазір ше? Ұйқыдан жаңа оянғандай көзіңді тырналап ашасың. Ашқанда көргеніңе таңданбайсың да. Жаңа қазақ, жаңа орыс деген атпен кешегі келмеске кетті дейтін буржуйың, байың енді, міне, қақтөріңде шалжиып отыр. Оның шет жағасын Әбекең де көріп кетті. Қайтқан малдан береке деді ме, үнсіз ымыраласты. Жаңа қазақ, орысқа арнап өлең шығарған жоқ. О дүниеге аттанарынан біраз күн бұрын Тұманбай ақын екеуміз таудағы дачасына кіріп шыққанымызда бұл жайында жақ ашпады. Аузынан соңғы естігендерім – Тұмашты алғаумен, мадақтаумен болды. Оны таспаға түсіріп алғамын. Артынан Тұманбайға табыс еттім. Одан бұрынырақ кездесіп жүргенде естігенім - Мағжан ақын жөніндегі пікірін өзгерткені. Айтқан естелігін Мағжан атты монографияма енгіздім.
Әбекең Мағжанға арнаған соңғы сөзін тасқа басып қалдырды. Еңбекші қазақ газетінде ақын ағасын кіналаған ғайбат сөзі туралы: Бұл менің де, мені тәрбиелеп, сөйлеткен ағаларымныңда кешірілмейтін күнәсі еді1 деп қапаланып, қатты ширықты.
Ол Мені де, өлім, әлдиле өлеңі жөніндегі бұрынғы пікірінен де айныды. Бұрын мерез көрінген өлең, енді көз тоқтатып анықтап қараса, гауһар тастай жайнап тұр екен. Әсіресе композициясындағы тазалық пен сұлулыққа сүйсінді. Ондай әдемілік мазмұннан тебіндейтінін абыз ақынымыз әрі филология ғылымының ыспар докторы түсінбейді емес, түсінетін. Бірақ ол жөнінде ой тербетпеген.Мұның өз себептері бар еді.
Мағжан Жұмабаев 1988 жылдың аяғында, Кеңес өкіметі тұсында ақталды. Социалистік реализм енді ақын жөнінде нағыз шындықты ашуға көшті. Ақын шығармагерлігі хақында ақ сөйлеуге ұмтылды. Амал қанша, символистік мұрасының нәрін, қуатын жеріне жеткізіп ашып бере алмады. Символистік өлеңдердің қайсыбірін ақынның жеке тағдырындағы қайғылы ахуалдармен түсіндіруге әрекет жасалды. Бірақ көңілге қонымды нәтижеге жете алмадық. Кейбіреулеріміз өлім күйіне балқыған ақын сезімін сүйген жарынан, жас нәрестесінен бірден айырылған шақтағы күңіренуімен түсіндірдік. Күңірену сезімі өлеңнің ішкі иірімдеріне сәйкеспейді.
Бір ғажабы, жас нәресте Гражданның өліміне арналған Баланың қабір тасына өлеңінде жаңағы күңірену әуені мүлде естілмейді. Өлең жанашыр жұртқа қайғырмаңдар! деген өтініштен басталады (қайғырмаңдар бұл бөбекті деп). Өлең осы алған бетінен жазбайды. Өлгені емес, жерді тастап кеткені, Шын бақытқа ерте бастан жеткені деп, жаннат төрін аңсау арманымен тынады. Яғни өмір күйі - тәтті күй сарыны жеке басына қатысты қайғылы фактіні еске алғанда да қайталанып отыр. Екі өлеңнің екеуі де қазақтың қазаға қайғыратын жоқтау дәстүріне мүлде ұқсамайды.
Ендеше, бұл және бұдан басқа да символистік сипатты өлеңдерді қалай түсінуге болады? Символизмнің Фрейд ілімімен байланысы бар екендігіне көз жеткіздік қой. Жұмбақтың шешуін осы төңіректен іздестіріп көрсе қайтеді?..
* * *
Өлім тақырыбына Абай да талай рет қалам тартқан. Бұл тараптағы ұлы ақынның лирикалық толғаулары екі айырық жолға түседі. Біріншісі, қазақтың жоқтау дәстүрімен ағайындас. Екіншісі, күнделік пен мәңгіліктің арақатынасы туралы философиялық ой тербетулер.
Ақыл мен жан — мен өзім, тән — менікі,
Мен мен менікінің мағынасы — екі.
Мен өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
Менікі өлсе, өлсін, оған бекі.
Шумақ мәнісі түсінікті. Ислам дінінің мүбәрәк нанымы бойынша, адам баласының бұ дүниедегі өлшеулі өмірі біткен соң, о дүниедегі мәңгі өмірі басталады. Адам денесі фәниде қалады, жаны бақидағы Ахиретке кіреді. Кірген бойда жан иесі дүниедегі жақсы-жаман істерінің нәтижесін көреді. Жақсылығы басымдары Жаннат табалдырығын аттайды. Жаманшылығы ауыр тартқандар Тозақта тиісті жазасын тартады.
Мағжан өлімнен алдыңа алшы әлдилеп деп сұрануында Исламнан, ынталарың менікінде болмасын, менде болсын дейтін ұстазы Абайдан пәлендей ауытқымайды. Ал енді Тәңірі Жаратқаннан өмір тілемей, өлім тілеу дегенді қалай түсінуге керек? Міне, бұл мәселеде гәп бар. Оны қарастыру үшін өзге бір философтардың ұғымдарына үңілуімізге тура келеді.
Адамның ішкі жан дүниесі әлемтапырық Жан көріністерінің негізгі таптары ақыл, жүрек, қайрат болғанда, Фрейд оған эпос, нарциссизм (адамның өзін сүюі), Танатос (өлім инстинкті) таптарын қосады. Танатос — грек мифологиясының кейіпкері - жан алғыш. Бізше — Әзірейіл. Фрейд Танатосқа қатысты ойларын былайша түзеді. Адамға өмір сүру оңайға түспейді. Жылап туасың, жылап өлесің. Екі арасы қиямет қиын жол. Сол күшке түсетін қяындық жүктерін жеңілдейтуге тырыспайтын пенде кезікпейді. Көп адам оңайына ұмтылады. Шіркін, баланың бейғамдылығын берсе екен деп армандайды. Ауырдың үсті, жеңілдің асты, тыныштықты тілейді. Тыныштық атаулының түпкі мұраты белгілі. Фрейдше, бұл әрекетсіздікке, жанаярлыққа әкеліп соғады. Соңы айтпаса да түсінікті: қатып-сему яки өлім.
Орыс символистері Фрейд ілімін өздерінше пернеледі. Олар Танатос орнына Дионисті (Вакх) дәріптеді. Өлімді михнатпен емес, рахатпен байланыстырады. Дионис — грек құдайы. Грек мифологиясында ол адамзатты өмірдің қу бейнетінен, күнделік күйбең, сұрқайы тірлік бұғауынан құтқарушы азаткер бейнесінде мадақталады. Дионис адамдарды жүзім бағын отырғызуға, жүзім шарабын баптауға үйретіпті-міс.
Құдайлардың бұл сал-серісінің жүрген жерінің бәрі күнде той, күнде думан. Айналасындағылар өңшең уайым-қайғысыз, шарапқа елтіген, ләззатқа мас тойшылдар — бәрі бір-бірінен айнымайтын, бір қалыптан шыққандай мінездері бейғам тобыр. Ал адамның тобыр ішіне сіңіп кетуі, бет-әлпетін, даралық сипатын жоғалтуы - өзін жоғалтуы, өлдіге саналуы.
Енді осы пәлсәпаның Мағжан поэзиясына түсірген сәулесіне үңіліп көрелік.
Мағжанның еуропалығын, жарқырағын сүйемін деп Мұхаң, Мұхтар Әуезов тегін айтпаған. Еуропалығы деп отырғаны — символизм. Осы ағымның ұшқындаған жаңалық шоқтары. Өлең кестесінің келісімі мен күйшілдігіне сүйсінген ол ағынан жарылады. Бүгінгі күнннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз — Мағжан сөзі, — деп түйеді.
Екі сөз зергерінің символизм ағымы төңірегінде өрістеткен әңгімесінің ұзын-ырғасын жорамалдағанда, былайша қисын табатын сияқты.
Көлдария білімді інісімен пікір алмасуды әрқашан қалт жібермейтін Мағжан баяу үнмен күлімсірей тіл қатты:
— Жұрт көзінде символизмді қазақ әдебиетіне мен әкелген сияқты көрінемін. Ойлансаң, бұл — сырт белгі ғана. Иә, мен байырғы қазақ өлеңіне жанаспайтын да, жанасатын да біраз соны сарын енгізуге әрекеттенгенім рас. Одан бас тартпаймын. Дегенмен, символизм деп ат қойып, айдар тақпай-ақ, сол іспетті сарын әр ақын жүрегінде ұялап, атқи жөнелетін, көкіректі жарып шығатын сияқты көрінеді де тұрады. Өлең ой жүйесінде қдтталып, тәртіптеліп, параграфталып тастайтын құбылысқа жатпайды. Қан қайнатып, жүрек жұлқылайтын өлең сөзді қалайша оған өбістіріп жөрмелейсің? Ақынның ереже атаулыдан аза бойы қаза тұратыны, тәртіп дегеннің ноқтасын киюден қашқалақтайтыны, жан әлемінде ұйытқып соққан әлдене елестерге елтитіні ол сорлының табиғатына ана сүтімен бірге сіңген. Оған мысал жетерлік. Біреуін атайын. Ол кім десеңіз, — өмірі, бар болмысы жұртқа ерсі де таң көрінетін даламыздың еркесі, серкесі, бас білмейтін Ақан сері. Осыған не дерің бар, Мұхтаржан?
Жас Мұхтар ақын ағасының шашы сияқты бұйра дударын бір сілкіп тастап, жөткірініп алып, ағыла жөнелді:
— Пәлі, Мағасы, Сіздің Ақан сері деген Сана журналының 1923 жылғы бірінші санында жариялаған мақалаңызды көзіме түсе салысымен дәс қойып, ыждағаттап оқып шыққанмын. Пікіріңізді толық қуаттаймын. Әдебиет әдебиет үшін. Осы таңба төңірегінде соны сөз айтыпсыз. Апырау, шынында да, бас білмейтін алыпқашпа ақын мінезі, оқыс қылық-әрекеттері, жоқтан-бардан тапқыштықтары нағыз символистік мінез екен-ау! Тілдеріңіз сайрататын таң-тамаша әбиатты Құдай тағала, періштелеріңіз сыбырлай ма деймін...
Бұл қиялы диалогты доғара тұрып, енді ондағы пікірлерге тиек болған мақаланың өзіне сөз берелік.
Ақынның өмірі, — деп жазады Мағжан Жұмабаев, — ертегі өмір. Судай сұлу, желдей екпінді, жалпақ жұртқа жат, жұмбақ өмір (Мағжан Жұмабаев. Шығармалары. Алматы, 1989, 318-6.).
Жұмбақ өмір бейнесінен Мағжанның өз ақындық тұлғасы, символистік тебіреністері танылады. Жан сөзі өлеңінде (1920) бұл халін өлең кестесіне төгеді. Ессіз жүрекке көп ергенін, жынды жүрегі ақыл сорлыға ерік бермей, өз жөнімен тартқандықтан, тірі күйінде-ақ күлден кебін киіп жүргенін шағынады. Бұл жерде ақыл сорлы деп отырғаны — рационализм де, ессізі — иррационализм.
Есті ақылдан гөрі ессіз (бейсаналық) сезім стихиясына, тасқынына берілу ақынға тән мінез болса, ондай мінезден, құлықтан туған символистік Мені де, өлім, әлдиле өлеңінің сын-сымбаты кандай болмақ? Жырдың дәстүрлі қазақ өлеңінде машық құлаққа тосаң естілетіні өз алдына. Өлеңді қалай бағалаймыз? Тура мағынасында түсінеміз бе әлде шығарманың астары бар ма? Социалистік реализмнің төтесінен кеткені жоғарыда айтылды. Бұл әдістің эпигондары Өлімнің күйі — тәтті күй деу өмірді талақ еткендік, адам жанын, санасын қорлап, өшіргендік деп, Мағжан байғұсты жерден алып, жерден салғанын білеміз.
Көзге ұрып тұрған оңай нәрсе кейде ойға қиын соғып, алдамыш жалған әсерге ұрындырады.
Сондайдан сақтану үшін, меніңше, асықпай-аптықпай, жерден жеті қоян тапқандай елеуремей, байыз тауып, өлеңнің өзегіне бойлай түскеніміз тиімдірек. Символизмнің философиялық астарын және ақын жанының ерекшеліктерін есепке алғанда, Мағжан өлеңінің мағынасын күңгірттеп, көлегейлейтін шымылдық ысырыла бастайтындай. Тіпті Ақан сері атты мақаланың өзінен-ақ Мағжан ақындығының қырларын тануға бастайтын әжептәуір жол ашылып қалады.
Мағжан талдауында Ақан жүрегі де жалпақ жұртқа беймәлім, ессіз жүрек. Ақан өмірінің соңғы жылдарында бұқпалау, елден жырақ өмір сүрген. Ессіз дегенді осы мағынада, жұрттан оқшау білгенін істейтін еріктілік тұрғыда түсінуіміз керек.
Өмірден безінгендік, талақ еткендік дегеннен шығады. Ақанның елден іргесін аулақ салып, жапан түздегі көлді сағалауы сері жанының, санасының өшкенін куәландыра ала ма? Жоқ, олай дей алмайсың. Сері өле-өлгенше сұлулықка табынып өткен жан. Керек десеңіз, ол жасы ұлғайған шағында Жамал дейтін он алты жасар уыз аруға ғашық болып, Сырымбет атты әйгілі ән туғызған. Ақан сері әмірден емес, Сұлулығы жоқ былық тұрмыстан безген, — дейді Мағжан. Бұл сөздердің Мағжан ақынның өзіне тікелей қатысы бар. Зерттеуін ол жайдан-жай жазбаған, өз хал-ахуалын сынау үшін де калам тербеген бе деген ойға келесің. Менің күрмеуі күрделі өлеңдерімнің шиелі түйінінің бір ұшығын осы мақаладан іздеңдер дегісі бар ма, қалай? Қалай болғанда да, ол аққу әннің төресі Ақанмен рухани туыстас екенін жасырмай, тура айтады.
— Ақан серінің жұмбақ өмірінің шешуін іздей бастасаң, — деп түйіндейді Мағжан мақаласының бірінші бөлімін, — еліңнін, заулаған оттай баяғысы, қап-қара түндей кешегісі, жалпылдаған жындай бүгінгісі, қара тұман келешегі көз алдыңа келіп, Ереймен тауының бауырында өлген Құлагердің басын құшақтап отырған Ақан серінің қасіретіндей жаныңды терең қасірет билеп алып кетеді....
Демек, сахарамыздың екі саңлағының мұң-зары орайлас, ұқсас. Ұқсас емес-ау, бір. Бір болатыны — әңгіме олардың өздерінің жеке-дара көз жасы ғана емес, қазақ ұлтының 9 мұң-зары туралы болып отыр. Ендеше, Мағжан ақынның өлім туралы тақырыпты қаузаған әралуан өлеңдерінен біз елім, жерім деп аһ ұрған жүрек даусын да естуге міндеттіміз. Бұны бір дейік.
Екінші, о дүниеге сапар тартқандармен бірге, мені де ала кет, әлдиле дегеннің шын астарында; өмірге деген махаббат керіқалаң әдіспен көрсетілген дейміз. Тек өмір сұлу болсын, былық тұрмысқа айналғанынан без деген мағынаны көңіл көзімен оқуымыз керек.
Үшінші, өлім хақындағы өлеңдердің философиялық тамырлары бар екендігін де естен шығармауға тиістіміз. Неге өлімнің күйі тәтті күй? Өлім мен өмір тақырыбы — мәңгілік һәм әлемдік тақырып. Адамзаттың көрікті ойы — әдебиет дәл осы тақырыпты қаузауға жаратылғандай. Символизм ағымының тапқан жаңалығы — Танатос инстинктін үрейсіз, жалған дүние деп сарнаусыз жырлауы. Бұл ретте орыс символизмінін Диониске — шарап құдайына табынуы табиғи нәрсе. Мағжанның пір тұтқан ұстазы, оқыған институтының директоры Валерий Брюсов болғанда, бұл қазақ ақынының символистік өрісінің қай тұста екенін, қай ауданды жайлайтынын бағдарлау оншама қиынға соқпаса керек.
Мағжан ақын өлеңдерінің лирикалық кейіпкері символистік талаптарға сай алдымен өз менінен даралығынан айырылады. Оның өзі — символ, адам рәмізі. Ол өмір сүретін дүние біздің мына тауқыметті былық тұрмысымызға мүлде ұқсамайды. Мағжанның Өлімнің күйі — тәтті күй, Балқиды жаным бұл күйге деген тебіреністерінің түп төркіні орыс символизмінің арнасынан табылатындығына, ақынның өлімнен әлдилеуін сұрағанда ажал сұрамағанына енді шәк келтірмеуіміз керек.
Мағжан Жұмабаевтың тағы да бір символистік өлеңі Берниязға деп аталады. Бернияз Кұлеев (1889-1923) — Мағжанның акын шәкірттерінің бірі. _ Қазақ Автономиялы Кеңес Республикасы Халық Ағарту комиссариатында жауапты қызмет істеген білімді жас жігіт. Сонда жүріп әдебиетіміз үшін естен кетпес тарихи қызмет істеген, Мағжан Жұмабаевтың өлеңдер жинағын (1922, қазан) бастыртып шығарған. Әттең, ғұмыры аз болды. Сүйген қызымен қосыла алмай, өмірін қияды. Әдебиетіміздің берік бағанасы болады деп үміт артып жүрген ақын інісінің қазасына Мағжан қатты қайғырып, некролог жазады. Күнә сенікі емес, көптікі. Жаның тыныш болғай еді, жас ұлан деп аяқтайды қазанамасын.
Бұл хабар жалғасын тауып, Берниязға атты өлеңнің шекесіне эпиграф боп қонады. ...Ұлан өлді батып қанға, Тыныштық тапты асау жан да, — деп дерткен мұңмен тебіренеді. Осы бетпен қамшы басқанда, сөз жоқ, қыршынынан қиылған жас ақынның асыл қасиеттерін жарқырата жырлап, сұм ажалға қылар қайран жоқ екенін мойындап, бел қайыстырып аңырататын жоқтау жанрының бір шығармасы дүниеге келетін еді.
Алайда Берниязға өлеңі күтпеген жерден жоқтаудың дәстүрлі соқпағынан ажырайды. Қазақтың бұл тұрмыс-салт жырында ешқашан кезікпеген кеңес бастайды. Кеңес иесі қарт адам бұған дейін құлақ естіп, көз көрмеген ғажайып дүние суреттерін көз алдыңда көлеңдетеді. Дарияның асты. Алтын уық жібек баулы алпыс ақ отау елестейді су толқынына сәл тербеліп тұрған. Солардың әрқайсысынан естілген ару қыздардың шырқаған әндері, сиқырлы күміс күлкілері шерлі жүректі жас ақынның құлағына жетеді. Ақын — бөбек. Нәресте пәк, аңғал. Өмір көбігін шын ағысынан айыра бермейді. Су астынан естілген әлдиге бөбектейін елтіген шерлі жүрек дарияға күмп беріп қойып кетеді. Сол бойда өлім мен өмірдің қанды айқасына тап болып, садақ тартады. Атқан оғы тасқа тиіп қайта ыршып, өзіне қадалады. Мұны көрген мәңгілік қас дұшпан — өлім мен өмір ішек-сілелері қатып күліп, мазақ етеді. Дәл осы тұста Мағжан ақын — өлең авторы өзі үн қатады. Ақын інісін қан майданға неге кірдің деп сөкпейді. Өзіне өзі қол жұмсаған ауыр күнәсін кешеді. Албырт, арбалғыш, алданғыш ақын ісіне өкінеді. Өкініш үстінде және бір тосын ойларға беріледі. Ол ойлары әдеби ағым — символизмге байланысты өрбиді. Бернияз Күлеев те кезінде символизмге құлақ түрген. Жаңа тақырыпта қаламын да безеп көрген. Бірақ қазақ поэзиясы үшін мүлде соны ағым сырына толық қанып үлгермеген-ді. Мағжан өкінішіне күдік сұрақтар араласады. Бернияз, айналайын, сен түсініп жетпеп пе едің символизм қыр-сырын? Өмір мен өлім хақында толғау дегеніміз — ажалға сұрану деп саған кім айтып жүр? Онан да көз жасыңа шомылып жырласаң, тұңғиық түбіндегі тамаша өзі-ақ көшіп келмес пе еді қасыңа? — деп қатты толқыған секілді.
Өмір, өлім - мәңгі аңдысқан екі жау,
Екі жауды бауыр қылар жыр бар-ау.
Сол жыр тыңдай, садақ тартпай,
сабыр ғып, Қан майданда күніренсең еді, сор бала-ау!
Міне, бұл тұста символист қазақ ақыны тіптен шырқап, бас айналар биіктерден табылады. Шешілуі мүмкін емес, қиямет проблемаларға бой ұрады. Өлім мен өмір, күн мен түн, мұз бен от, махаббат пен зұлымдық секілді мәңгілік шайқан керіқалаң күштер ымыраға келуші ме еді? Мағжан өлеңінің астарындағы бұл сұраққа жайшылықтағы сана (обыденное сознание) бас шайқайды. Жоқ! деп үзілді-кесілді жауап қайтарады. Ал бейсаналықтан сыр тартқан, Арсыға көтеріліп, Тәнірімен тіл қатысатын поэзия олай күрт кетпейді. Өлең сөз қүдіретіне берік сенім өзгеше түйін түйгізеді. Жыр иесі күңіренсін, қанды жасын ағызсын, барын сарықсын, — сонда жан балқытатын күй табылып, адам жүрегінде мәңгі аңдысқан қас дұшпандар ымыраға келеді, — дейді символист ақын Мағжан Жұмабаев.
* * *
Адам рухының құбылыстарына, жасырын сырларына үңілгенде, Мағжан бұл әрекетін сөз өнері тұтынатын бірден-бір мақсұт деп білген. Адам күнделікті өмірінде нанын да жейді, жанын де жейді Көркем әдебиет соңғысына, адам жанының өмір әсері туғызған құпия құбылыстарына ден қояды, ішкі шерін тарқатып, тылсым ой-сезімдеріне тіл бітіреді.
Әр ақын жүрегінің өз жұмбағы бар. Соны ой-сезім тылсым кенішінен табуға тырысады. Абай: Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла, — деп тегін айтпаған. Символизмнің бұған косары: ақын жұмбақ адам болса, сол жұмбағын сындарлы жүйеге салатын ақыл қуатымен емес, сезім қуатымен шешеді дейді. Дүние-айналамның бәрінің сыр-сипатын бес саусағымдай білемін, түйіп жүрген түйінім, шешілуге тиісті жұмбағым жоқ дейтін кісіден ақын шықпайды.
Искусство только там, где дерзновение за грань, где прорывание за пределы познаваемого, в жажде зачерпнуть хоть каплю:
Стихии чуждой, запредельной, деп жазады орыс символизмінің кіндік атасы Валерий Брюсов.
Ақын жүрегіндегі сезім, түйсік жұмбақтарын шешу жолымен биіктейді. Тек қоғамдық ортасы қыспасын, еріктілігін берсін. Романтизм, реализм, символизм – осы жолдағы еріктілік сатылары.
Символистердің, олардың ішінен суырылып шығып, революцияны жақтаған Валерий Брюсовтың бостандықтан күткен үміті ақталмады. Еріктілік далада қалды. Қазақ символисі Батыр Баян поэмасының кіріспесінде ренішін жасырмай, турасын айтты: тілге кісен салынды деді. Әсіресе Қазақстан секілді шет аймақтарда тұрпайы социологизм Мағжандай нағыз талант иелерін басқа-көзге ұрғылап, көркем әдебиет ерекшеліктерін аяқасты етті, әдебиеттің заманына, уақытына қызмет етуі, мазмұны мен пішіні, тақырыбы, т. б. мәселелерін көрінеу бұрмалады. Мұның кесірі аз тиген жоқ. Аярлыққа, зымиян жалғандыққа бастады.
Тілегі бір, мұңы бір
Шет елдегі бауырдың,
Астында өткен өмірі
Ағылшын қара тауының.
Жалаң аяқ, жалаң бас,
Бір күні тойса, бір күн аш.
Өткен күнді ойласақ,
Бізбен мұңдас, қарындас —
Ағылшынның жарлысы...
Шала хат білетін Қалмақанның осы өлеңі пішіні сұлу болмаса да, мазмұнға бай деп бағаланды. Қалмақаннан сауаты сәл қалқыңқы ҚазАПП-тың қарадүрсін жайдақ сынының ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып, дәуірлеп тұрған кезі. Әйтпесе, ағылшын ашығып жатыр деп, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай ететін Қалмақанның сөзі ұлтшылдардан әлдеқайда дәмді дегенде, жоғарыдан: Қой, шырақ, аузың қисайып кетер! демес пе еді?
Жалғаншыл құрты жайлап алған тоталитаризм өзі дұшпаным деп санайтындарға әділ еместігі өз алдына.
Мағжан бір поэмасында былай деп тебіренеді:
Хан Абылай немересі Кене хан
Аспанға ұшып лаулап жанған өрт екен.
Сол ерінен айырылған
Алты алаштың жүрегінде дерт екен.
Ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған осы өлеңге қарадүрсін сын атой салып қарсы шығады. Сырты сұлу болғанмен, мазмұн жағы у дейді. Мұнда да еш шімірікпейді, өтірігін жалаға айналдырады. Кене, Сыздық — қазақ халқының ұлт-азаттығы жолындағы жанқиярлық күресінің қаһармандары болса да, жыбырлақ сын өзгеше гөй-гөй соғады, Сыздық — орыс еңбекшілерінің жауы деп жарияланады. Сыздықтың ақылын алып, орыс еңбекшілерімен соғыспайды қазақ еңбекшілері деп даурығады. Айтылмағанды айтты дегізіп, ұяттан кешкен сын аузына келгенін соға береді. Мағжан өлеңінде Сыздықтай ел ісін бел шешпей, қайыспай қорғайтын ерлер тууын көксейді. Ал жалақор сын оған: Сыздық өлді, енді қазақ та өледі дегенсің, — деп еш негізсіз айып тағады.
Сын шын болсын дейтін Мұхаң, Мұхтар Әуезов, талабын енді-енді түсініп жеткендейміз.
Бұл талап қайткенде орындалмақ? Гәп сыншының жеке басының шыншылдық қасиетінде болса бір сәрі. Шын мәнінде, бұл проблеманың жүзеге асу шарттары күрделірек пе дейміз. Шыншылдық принципі алдымен қоғамдық құрылыстың өзінің жетекші принципіне айналуы тиіс. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде. Алдамшы жүйе адал сынның жолын кескестейтінін біз өткен жетпіс жылдың тәжірибесінен әбден қанық білеміз.
Шеберлік, мазмұн мен түр сәйкестігі, мұраға көзқарас, дәстүр мен жаңашылдық, әдеби шығармалардың осы замандығы (современность литературы) секілді мәселелер өткен XX ғасырдың жиырмасыншы жылдары қызу талқыланды. Үкімет қолдауына сүйенген ҚазАПП сыны бәрін саясатқа, Кеңес өкіметінің досы, қасы мәселесіне тіреп, бермеді. Көркем әдебиеттен, әсіресе Мағжан шығармаларынан кертартпа, зиянды шығармалар көптеп табылды. Мағжанға жасалған қиянат бұл ақынның өз басына ғана емес, туған әдебиетімізге жасалған қиянат екені енді анықталып отыр.
Қазір әдебиетіміздің тарихы қайта жазыла бастады. Концепциясы түзіліп талқыланбаса да, XX ғасырдағы кезеңін жаңа заман биігінен тексеруге кірісіп те кетті. Істің әсіресе теориялық жағы қатты қинайды, айталық, социалистік реализм әдісі тұрғысынан жазылған көркем шығармалар бүгіндер қалай бағаланбақ? Соцреализмнен өзге көркем әдіспен жазылған шығармалар қалай жүйеленуі тиіс? Тереңдеп пайымдайтын теориялық мәселелер шаш етектен.
Мысалға, әдебиеттің осы замандық проблемасын алайық Мағжандарды қазақ әдебиетінен шеттету мақсатында дөрекі социологизм ақын қаламынан туған шығармалардың бәрін қайта басын көтермейтін дәуірді жырлайды деп мансұқтады. ҚазАПП сыны әдебиетті саясатқа бағындырды. Тап күресі принципіне сай келмейтін шығармаларды әдебиет тарихына жолатпауға тырысты, фольклор, ауыз әдебиеті шығармаларына дейін күстәналады, олардың басым бөлегін ғылыми айналымнан алып тастауға дейін барды. Тұрпайы социологизм біздегі тақырыптардың ең күштісі, ең керектісі еңбекшілердің таптық сезіміне әсер етіп, тез оятатын тақырыптар деп, поэзияны, жалпы әдебиетті шаруашылық-саяси науқандардың шылауына айналдыруға тырысты. Ұсынған тақырыптары ағымдағы саясаттан аспайтын (байдың егіндік, пішендік жерлерін кедейге алып беру, сот, кеңес, милициялардың үлгілі істері, сауатсыздықты жою, елдегі мектеп ашу ісін күшейту, т. б.). Нәтижеде көп жылдар бойы әдебиетімізде лирика жанрының арнасы тартылып қалды.
Ал символизм ше? Рәміздік поэзия өз заманының көкейтесті мәселелеріне көңіл бөлді ме?Бұл сұраққа жауабымыз кесімді: уақыт, замана істеріне Мағжан өлеңімен де, өзге қызметімен де мидай араласып отырды. Революцияға дейін алаш қозғалысына атсалысты. Кейін педагогтық қызмет атқарды, оқулықтар жазды, газет редакциясын басқарды, Елдегі ұлан-асыр оқиғалар жан тебірентерлік сауалдарға айналды. Символист ақын поэзиясы оларға өзінше тіл тапты. Түр мен мазмұн жарастығын мұқияттаса, Мағжан мұқияттасын. Ол саяси ұрандарды ұйқастыратын пысықай өлеңге жуыған жоқ. Ау, жарандар, тоқтатыңдар мына селдей аққан қанды. Өтірік, талау, өлтірістен тыйылыңдар! деп жан ұшырды. Бостандық — ізгі періште кетпекке ұшып ғарышқа ақ қанатын қомдап тұр деп жар салды. Оқиғалардың арғы жағындағы тылсымдарға зер салу деп, міне, осыны айтсақ керек. Революция жемісін үсік шалды. Тоталитаризм қыспағынан Бостандық періштесі елімізді тастап ұшып кетті...
Саяси лирикасын солай дейік. Басқа өлеңдері, поэмалары ше? Мені де, өлім, әлдиле дейді, бұл туындысының ақын өмір сүрген дәуірге қандай қатысы бар?
Мұнда сұрақтар туа қалған жағдайда, жауабы қиын болмауға керек. Өлім мен өмір, махаббат, жамандық пен жақсылық, ізгілік пензұлымдық т. б. мәңгілік тақырыптар — бұлар да осы заман, әрқашан актуальді, замана күйін күйттейді, қай уақытта да соны. Мысалы, махаббат тақырыбы. Оның жырланбаған кезін, әдебиет күн тәртібінен түсіп қалған уақытын ешкім де атай алмаса керек. Өмір көнереді деп кім айтты? Өлім жөнінде де соны айтуға тиістіміз. Жаңасы ма, ескісі ме, — тірі кісінің жанын ауыртпайтын күні болмайды.
Мағжанның тарихи тақырыпта толғаған толғаулары, нешеме ғасырларды аралап кететін шығармалары өз заманының рухани қажетсінулерінен туындады. Олардың келер замандарға қызмет ететіндігінде күмән жоқ. Символистік мәнерде өрнектелген От, Пайғамбар, Күншығыс секілді ұзақ өлеңдері оқыған кісісін бұрын қазақ әдебиеті көтеріле қоймаған биіктерге самғатады. Жазылу стилінде төтенше өзгешеліктер бірден көзге ұрады. Ол алдымен өлең аспанының кеңеюінен көрінеді. Алтайдан Альпа тауларына дейін апарады. Ақыры жер шары, қала берді ғарышты қамтиды. Арсыдан бір-ақ шығады. Жырлаған кейіпкерлері жойқындығы жағынан бірінен бірі өтеді: От, Күн мен Түн, Шығыс пен Батыс, шұбырған сансыз соқырлар тобыры, жал-жал қара қан толқындары... Міне, бұлардың бәрі — рәміздік бейнелер. Рәміздік бейне тікелей өмір суреті емес. Ақын жүрегіндегі лепті, күпті толқыныстар. Тереңде тұнып жатқан жан құбылыстары әлдебір ірі тарихи оқиғалардың, астан-кестеңі шыққан дүниенің әсерінен бетке шығатындай. Бетке шыққан рәміздік нысандардың лексикасы, сөз қолданысы, өлең сазы, назы тіптен айрықша. Рәміздік поэтикалық өрнектің ерекшеліктерін кезінде В.Жирмунский ғылыми тұрғыдан былай деп тұжырымдады: Особенности символистской поэтики проявились в следующих его особенностях: 1) в неясности словоупотребления, затемнение логического и вещественного смысла к слов; 2) в особенности синтаксического построения и композиции; 3) в богатстве звуковой выразительности в рифмах, внешних и внутренних, аллитерации, словесной инструментовке и т. д. (В.М.Жирмунский. Теория литературы. Поэтика. Стилистика. Л., 1977, с. 174).
Мағжаннан осы аталған айшықтардың бәрін табамыз. Петербург шаһарындағы Вячеслав Ивановтың мұнарасында бас қосатын Өлең академиясы мәжілістеріне қатыспаса да, Иннокентий Анненский, Александр Блок, Валерий Брюсов, Михаил Кузмин, секілді орыс поэзиясының күміс ғасыры жұлдыздарына өлеңін сынатпаса да, қазақ ақынының символистік өрнектеу өнеріне тез қанығып төселгені, оған өз ұлт бояуын қосып үлгергені байқалады. Әңгіме қазақ поэзиясы қорына символистік сөз тіркестерінің (жұмақсуы, алмас қанат періште, Тәңірі оты, қараңғылық қаптаған Күнбатыс, қысық көзді Күншығыс, т. б.) қосылуы туралы ғана болып отырған жоқ. Мағжан символистік өлеңнің ишаралау, мезгеу, астарлау, ұтымды тіркесті қайталау арқылы негізгі ой-әсерге екпін түсіру тәсілдерін шебер пайдаланғанын атап көрсетуіміз керек.
Сазды, үнді поэзия қалай туады? Сөздердің тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімінен де (Абай), олардың қақтығысынан да туындайды. Анненский бір өлеңіне түн қатып қысқы жолда келе жатқан жолаушыға атының доғасына ілінген қоңырау арқылы әлдене хабар жеткізуге талпынады.
Динь-динь-динь,
Дини-дини...
Дидо Ладо, Дидо Ладо,
Лиду диду ладили,
Ладили, не сладили,
Қазақ ақыны Мағжан орыс символистерінің осынау тәсілін өз жаңалығымен жетілдірді. Сырт әсермен, қоңыраулы үнге тікелей еліктеумен шектелмей, дыбысқа әдемі әр беруге, сазды үннен поэзиялық мағына тауып еселеуге тырысты. Шолпы, Сылдырмақ тәрізді таңғажайып інжу-маржандарын дүниеге әкеліп, поэзиямызға баға жеткісіз олжа салды.
Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң, Сылдырап шашбауың мен алтын сырғаң деп әндеткенімізде біз арудың аяқ басысына, бүкіл келісті келбетіне ынтыға, еміне қараймыз. Ал Мағжанның лирикалық кейіпкері ынтық арудың бітім, пошымы көрінбейді. Оның жүріс-тұрысын бұрымына тағылған шолпысының сыңғырынан ғана аңғарамыз. Шолпысы былдырлаған тілімен қыздың жігіт жатқан үйдің сыртынан өтіп бара жатқанын сыбырлайды. Жігіт үйге кіре кетпес пе екен деп дәметеді. Бірақ қызы құрғыр үйге бас сұғар емес. Шолпы сылдыры барған сайын алыстап, талып естілуге айналды. Жігіт қапа, есінен ауа жаздайды.
Сылдыр, сылдыр, сылдыр,
Талдым, қалды сүлдер.
Сыбырға айналды сылдыр,
Сылдыр, сылдыр, сылдыр.
Осы шолпыны тағы да бір суреткеріміз ұлы Мұхтар Әуезов Абай жолы роман-эпопеясындағы Тоғжан бұрымына тақты. Жас Абайдың Тоғжан шолпысының сыңғырына елтігенін енді бір шетел жазушысы қызықтайды. Ол — Луи Арагон, француз жазушысы. Бұл эпизодта бас қаһарман өз рухының ең биік шыңына көтерілді, өйткені оның жүрегінде махаббат оты жанды, - дейді Луи Арагон. Осы мысалға сүйене отырып, ол: Әуезов өнері — реализм үлгісі деген қорытындыға келеді.
Реалист Мұхтар Әуезовке берілген бұл баға — шолпы сылдырын жырға қосқан Мағжан ақынға да берілген баға. Реализм мен символизм арасын қақ айыратын қытай қорғаны жоқ. Сылдырмақ өлеңін алайық. Бұл шығарма балаларға арналған. Сылдырмақтың сылдыры бөбектің былдырымен, шұнаңдаған құлдыр лақтың ойнап-қарғып секіруімен астасады. Көз алдымызда сұлу реалистік көрініс орнайды.
Антон Чеховтан асқан реалист жазушы әлем әдебиетінде кем де кем. Ал осы суреткердің де кадентшілдікті сынап-мінеп, реализмді көкке көтеріп дәріптейтін Шағала пьесасы, менін пікірімше, ол да символизмнен құр алақан емес. Олай дегізетін — пьесаға атын берген құсқа байланысты ой. Кездейсоқ адам жазығы да, еш құны да жоқ бейшараны ерігіп жүріп атып түсіреді. Пьесаның бір кейіпкері атылған шағаланы көріп, осының өзі де көзіме символ боп көрінеді дейді. Ермек құрбаны ақшағала — рәміз болғанда, жәй көз бен көңіл көзі арасын жалғастырып, дәнекер есепті. Социалистік реализмнің атасы Максим Горький де романтикалық символизмге бой ұрған. Кезінде Мағжан қазақшалаған Сұңқар туралы жыр туындысының орыс революциясы тағдырымен тығыз байланыстырылғаны тектен тек емес шығар. Горькийге еліктеп Мағжан Балапан қанат қақты деп ат қойып, қара сөзбен өлең жазды. Соцреализм жазушылары болмаса, жалпы суреткерлер қауымының бір көркемдік әдіске басыбайлы байланып қалуы сирек ұшырасатын жәйт.
Мағжан Жұмабаев символизмнің құлақ күйін келтіргенде оны өз жүрегінің ән-күйін салуға, ежелден өлеңінің өзегіне айналған ұлттық сарындарға қарай бейімдеуге ұмтылады. Әрине, бұл — жан тыңын тыңдау — күрделі процесс. Ой-сезім тасқындарына тіл бітіру оңай іске жатпайды. Өлеңдерін ресми саясат ұранын ұйқастыратын жолдарға айналдыратын Қалмақан (Әбдікадыров), Демьян (Бедный) оған үлгі бола алмайды. Мағжан ессіз жүрегінің әміріне бағынады. Жүрегі белгілі бір құбылыстардың, өмірлік әсерлердің дәнін аршуды қалайды. Міне, осындай жағдайларда символистік поэзия әлеуметтік-қоғамдық даму беталысын бағдарлаудан, шамалаудан тартынбайды. Жүрек әсерлерінен туған рәміздік нысандарда әлсін-әлі қоғамдық, идеялық сипатта жауапты қорытындылар бой көрсетіп қалады.
Қап-қара түн. Толқынданған қара қан,
Қара түнде өңшең соқыр шұбырған.
Сол шұбырған сансыз соқыр алдында
Ентелеген кәдімгі Иван есалаң.
Бұл шумақ Мағжанның Пайғамбар атты өлеңінен алынды. Күтпеген қорытынды қынабынан суырған қылыштай жарқ ете түседі. Ондайға бойы үйренбеген адам құлағына тосаң естілетін қорытынды хақында миынан көп ой керуенін өткізеді. Сол ой керуенінен біреуі мына төмендегі теориялық ақиқатты еске түсіре отырып ұйтқиды. Ол көбіміз жастайымыздан жаттап өскен қағида. Еске түсірейік: ленинизм дегеніміз — империализм және пролетар революциялары заманындағы марксизм. Бұлай делінетіні — революция орталығы Батыс Еуропадан Ресейге ауған... Енді бүгіндер тың тыңдасақ, Ресей жақтан мүлде өзге әуен естіледі. Ресейдің XX ғасырдан XXI ғасырға ауысқандағы басым күштері өзге қисын соғады. Әлемге көрік орнатқан Ресей емес, нарық қатынасындағы өркениетті елдер. Ресей 1917—1991 жылдары сол өркениет жолынан шығып кетіп, әттегене, санамыз шарға екен, енді бармағымызды тістеудеміз. Кеңестік тоталитаризм көзімізге көк шыбын үймелетті ғой... деген сияқты. Қазақ символист ақыны Мағжан Жұмабаев осындай әңгіменің шығатынын білгендей-ақ, орыс революциясы битін салып басқарған қозғалысты не деп отыр?!
* * *
Мағжанның жоғарыда аталған символистік өлеңдерінде қосымша және екі жетекші идея ұшқындайды. Біріншісі, Мағжан тұсында жиі ауызға алынатын қағида: езілген Шығыстың революциялық қуаты ерен. Адамзатты отарлық бұғаудан бір құтқарса, Шығыс құтқарады деген тұжырымдама. Мағжан ұлттық жігерге жігер қосудың бір көзін тарихтан іздеп, Аттила заманына дейін шарлайды. Орыстың символист ақындарының азаншысы Вячеслав Ивановтың Топчи их рай, Аттила! деген ұранын қуана-қуана үстемелейді. Ол ұранға қомақты ой қосады: Батыстың құлын ұл етейік, қаласын құл қылмайық, гүл қылайық! дейді.
Үшінші идея жалпы адамзатқа қатысты. Бүгінгі адамзат жол айырығында тұр. Батысты қараңғылық неге қдптайды? Себебі, қарнын ғана күйттейді. Жан азығын ойлауға құлқы кем.
Символизм — жүрек сөзі. Және оның жүйеленбеген, мүшеленбеген бұлдыр сана бақылауынан тыс тылсымдары. Фрейдистік ілім бойынша — бейсаналық (бессознательное). Мағжан бұл сөздің мағынасын ессіздік деп қазақшалаған ба деп те қаласың. 1920 жылы жиырма, жиырма жеті жасқа толуына бір ай қалғанда жазған Жан сөзі деген өлеңінде ессіз жүрек деген тіркесті жиі қолданады (Ессіз жүрек аспанға қол сермеді, Ессіз жүрек ақылға жол бермеді). Жынды жүректің дегенін мүлт жібермей орындасам да, опа таппадым, үмітім ақталмады, алдандым, — деп шағынады.
Ақындық борышын ол өлеңімен ғана өтеген жоқ. Өмірінің кесе-кесе кезеңінің бәр-бәрін жүрегінің дегеніне сарп етті. Шабыт үстінде, өмір өрінде арындаған шағында ғана емес, қай уақытта да шайырлық биігінен, ел тілегінен табылып отырды.
Жан сөзі - Мағжанның мұңлы-зарлы өсиеті де. Отыз, қырық... қартаям, сөнем, өлем, Еліме есебімді не деп берем?! деп халық алдындағы парыз, қарызын қатты сезіне отырып, сол есебінің ұзын-ырғасын шамалап та байқайды. Жорамал түрінде айтылып, жауабы да бірге жүретін риторикалық сипатты сұрақтар қояды. Сол сұрақ іспетінде қойылған бұл қалайы жоқ орынды бағаға бас шұлғисың. Иә, айға шапқан арыстан да,түнді емес күнді сүйген ақ, адал жан да, жүрек жұмбағын шешер сыршыл да, сұлулықтың асығы жыршы да өзіңіз деп, Мағжан ақынның асқақ –тұлғасына сүйініп, мақтаныш етесің. Ұстазы Валерий Брюсов: Ақын атаулы құрбандыққа өз басын байлайды деген еді. Ақыры солай болды. Шырағы шұғыл сөнді. Уақыты озып, мүжілгендіктен емес. Сталиндік ұйытқи соққан зәрлі желден жалп етіп сөнген. Алаш үшін өстіп шейіт кеткенде қырықты орталап қалып еді. Ессіз жүрегінің кесімі де сол қырықтың іші... Мұңлы-зарлы өсиетінде және бір армандағаны: келер ұрпақ жапан түзде қарайған жалғыз молаға көз қырын салмас па екен деген тілек. Ондай моланы тағдыры бұйыртпады. Әйтеуір Алматының солтүстік беті болар деп долбарлап, қолыңды жаясың:
— Арсының ақыны, жан аға, Абай хакімге арнаған сөзіңізді енді өзіңізге бағыштап дұға қыламыз:
Тыныш ұйықта қабіріңде, уайым жеме:
Қор болды қайран сөзім босқа! деме.
Артыңда қазақтың жас балалары
Сөзіңді көсем қылып жүрер жөнге
Шериаздан Елеукенов
"Мағжан әлемі" кітабынан алынған
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.