Әуесқой кенші ақын Шерияздан Тайконұлының бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Өзгерген өмір – өзгеше ән
Басталған соқпақ,
Бай Алтай таудан.
Бөркіңен аппақ.
Бал жырлар сауғам.
Бақытты күндер,
Балауса құрақ,
Барқыт бір түндер,
Болмадың тұрақ.
Сағым боп көшкен,
Сан жылдар жырақ.
Санамнан өшпес,
Самсаған шырақ.
Бозторғай үйір,
Бозала таңдар.
Болсаңда қиыр,
Болмысым таңдар.
Өзгеше әнім,
Өршілдік жетпес,
Өлшеулі сәнім,
Өрнегі өтпес.
Қиял бар асқақ,
Құз-қия шалған.
Қадамым қашқақ,
Қасқая салман.
Жорғалық кеткен,
Желіспен жортақ.
Жараспас шекпен,
Жастарға ортақ.
Абыз да емен,
Ақылдың кені.
Аспаны төмен,
Аңсайды нені.
Салмақты жырым,
Саралап айтар,
Сан түрлі сырым,
Санаңды байытар.
Жетіөткел – туған жер
Керімсің, неткен керімсің,
Жетіөткел – туған жерімсің.
Желкілдеп жүрген кездерді,
Сағынды бүгін серің шын.
Көмкерген төрін ақбас шың,
Бестәңір тұр асқақ тым.
Жетісу, Арқа кезсем де,
Жақынды сендей таппаппын.
Сағаңның суы толыда,
Сүт шаштың аппақ жолыма.
Тұрғандай әкем қағырда,
Қыранын ұстап қолына.
Қол создық анау көк белге,
Ескі жұрт жатыр бөктерде.
Тұрғандай анам көз салып,
Жолаушы келер өткелге.
Желмая көңіл желбіреп,
Жыр төгер кей сәт елжіреп.
Жырақтап сенен кетсем де,
Сенімен мына телі жүрек.
Шабытын сыйлап әр таңым,
Сыр шумақ қанша тарқадың.
Сағыныш әнін шертемін.
Төсінде жатып Арқаның.
Құлазу
(Байлығы сарқылған «Тур» кенішін көргенде)
Сарқылған ба қайнап жатқан қазынаң,
Жатушы еді ұлы еңбекпен тасып ән.
Қайран «Тур» көрінбейді бұл күнде,
«БелАЗдарың» кен арқалап жосыған.
Қаншама жас арқалады несібе,
Сенде ілесіп ұлы еңбектің көшіне.
Армандары алдамаған талайы,
Жарқыратып орден тақты төсіне.
Қоңыр белден қотарылды байлығың,
Үзіліссіз жалғасатын жыл, ай күнің.
Таңды таңға ұластырған дүбір жоқ,
Иен қалып бастан байлық тайды шын.
Бүгін көріп мұңаяды көңілім,
Менің дағы үндес саған өмірім.
Қызық думан сарқылған ба төсіңен?
Ырыс толған қайран құтты өңірім.
Бас Ақтұма* базарлы сен өлке едің,
Боз даланың қайнар көзі көркі едің.
Керейсайым Желдіадырмен желпініп,
Байлық көзін сыйла тағы ертеңім.
* Бас Ақтұма – Кеніш басындағы тұма бұлақ, Керей өзенінің басы.
Керейсай, Желдіадыр – екі қапталдағы жоталар.
Мешіт сайы
Куәсі боп сонау бір жырақтардың,
Мешіт сайым аз ғана сыр ақтарғын.
Жақсы менен жайсаңды қойныңа алып,
Мұң көрпесін жамылған қыраттарың.
Болса дағы шағын сай қарағайлы,
Аңғартады бұл мекен талай жайды.
Шерушінің ғұлама діндарлары,
Алла үйін сап көтерді мұнара айды.
Қобда өзеннен қаншама сулар ақты,
Бірде баяу, бір кездер тулап ақты.
Алтай асып келгенде аталарым,
Қоныс қылған өзіңдей нұр жәннатты.
Талас-тартыс бір сәтке тоқтамаған,
Кедей күнін байлары жоқтамаған.
Көре алмайтын бөгделер ақыры өртеп,
Аманатын бабалар ақтамаған.
Өрлегенде жайлауға, құлдағанда,
Көкек сайрап боз торғай жырлағанда.
Өтіп кетпей бұл жерден әжем тоқтап,
Аят оқып кететін бір табанда.
Көз алдымда сол елес қалғандықтан,
Өнеге боп дарыды бұл маған да.
Тыныш қазақ бүгінде мекенісің,
Тарихымның бұрышы екенің шын.
Ұрпақтарға өткенін түгендеген,
Әлі талай деректер жетеді тың.
Жастық шақ толғауы
Обь өзен тулап,
Уақыт зулап.
Новода* өткен кездерім.
Кештерде ән сап,
көрмесек аңсап.
Тоғысқан достар өздерің.
Оралмас жас шақ,
армандар асқақ,
Қалдырып кеттік жағаңа.
Толқындай жырлар,
таусылмас сырлар,
Сыймай бір ақты сағаңа.
Бір болған дәйім,
ақ балтыр қайың,
Мекені жастық дәуреннің.
Күндерде бұлғаң,
құлақта тұнған,
Қалды әні сұлу сәулемнің.
Құс қайтса күзде,
асығып біз де,
Төріне Сібір оралдық,
Күрең бір күзде,
күлкі ойнап жүзге.
Қауышып қайта қол алдық.
Боз қырау шалса,
тағынып алқа,
Орман бір күйге енетін.
Көңілдер аппақ,
Ақ қысты мақтап,
Аязды солай жеңетін.
Күркіреп көктем,
нөсерін төккен,
Сағынтып ол да жететін.
Айнала думан,
Көбелек қуған,
Күндерің солай өтетін.
Ілесіп жазбен,
Әсем бір сазбен,
Ауылды бетке алғанбыз.
Туған жер: «Кел!» - деп
Сағыныш кернеп,
Жастықтың әнін салғанбыз.
** Ново – Новосибирск қаласы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.