Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Серік Сағынтай. БАС (Моноспектакль)...

04.08.2015 3517

Серік Сағынтай. БАС (Моноспектакль)

Серік Сағынтай. БАС  (Моноспектакль) - adebiportal.kz


Қатысатын кейіпкерлер:

БАС – әлдебір мұражайдағы адамның басы.

ҚАЗАҚ – мұражай аралауға келген қазақ жігіті.

БАССЫЗ ТӘН – мұражай экспонаты, сауыт киінген, жарақ асынған жауынгер, бассыз.



Манекен бастар, дауыстар.

Қазіргі заман. Жеңіл ырғақты музыка ойнап тұрады. Сахна алакөлеңке. Заманауи сәнмен, жәдігерлері тәртіппен тізілген әлдебір мұражай. Оң жақ шеттегі тумбаларға бірер экспонат қойылған. Ерекше көзге түсетіні – қызыл барқыт жабылған тумбаға қойылған адамның басы*. Бастың кескін-келбетіне қарап, ұлты қазақ екені аңғарылады. Сахна ортасында, бастан сәл шегініңкі тұста, биіктеу мінберде қылыш асынған көшпелі жауынгер киімі қойылған: жеңді берен*, шығыршықты торғайкөз сауыт. Жығасы* иығын жапқан дулығасымен*. Құлын жарғақ кең шалбар*. Оның сол жағында қорамсақты садақ. Бес қару.


Сахнаның сол жағынан мұражай аралауға келген қазақ шығады. Оң жақ құлағына құлаққап таққан, оның сымын шұбалта құлатып, қысқа балақты жұқа шалбарының қалтасындағы телефонға жалғаған. Қағылез қимылдап, садаққа, қару-жараққа аңтарыла қарап, жауынгер киіміне сұқтанады.


Қазақ:

- О, ғажап! Ғаламат! Қандай алып болған екен бұл киімді киген батыр! Кемі жүзбасы, жо-жоқ, мыңбасы болған шығар. Мүмкін, әскербасы сардар?! Генералиссимус киетін киім екен. (Жауынгер киіміне тақап тұрып, тұрқына шақтамақ болады. Қолын созып, бойын өлшейді. Өзінен бір бас еңселі екенін байқайды). - Қап, жалғыз келгенімді қарашы! Балаларды ерте келуім керек еді. Келер жолы ала келейін!


Киімді ұстап көріп, таңырқап қалады. Ойлы жүзбен, басын еңкейте сәл оңға қарай жүріп, Бас орналасқан тумбаға соғылып қала жаздайды. Тумбаға қолын соза, тоқтай қалады.


ҚАЗАҚ:

- Астапыралла! (Сәл шегініңкіреп, ес жиған боп қайыра алға жылжиды. Басты айналып өтіп, оң жағынан шығады.) - Оу, мынау қазақ қой! Қазақтың басы ғой! Қалай керемет сақталған! Біздің мұражайларда болса, әлдеқашан еті ағып, терісі жидіп кетер еді. Ал, мынау тамаша сақталған! (Жазуға үңіліп, дауыстап оқиды) - «Азиялық көшпелі бұратана халық өкілі. ХІХ ғасыр». «Бұратана»?! Кім болды екен, ә?! Ұстап көрсе қайтеді екен?! Әлде, балауыздан құйылған бас па?! Жоқ, мынау шынымен бас қой! (Шошына) - Қай атамның басы екен?! Атамның басы?! (Өз басын ұстайды) - Жо-жоқ, менің аталарымның басы ақ жуып, аруланып тәнімен қоса қойылған. Ал, мынау... мынау?! Шынымен-ақ... (үзіліспен) - Кенесары... Махамбет... Кейкі... (Басын ұстап қатып қалады).


Жеңіл ырғақты музыка ауыр ноталарға ауыса бере, сахна қараңғыланады. Сол сәтте тумбада тұрған Басқа оймақтай жарық түсіріліп (пушка), қатып тұрған бас оңға-солға бұрыла қарап алып, кірпігін қағып қалып, сөйлей жөнеледі.


БАС:

Е-е, дәл таптың, балам! Қайсысын атасаң – мен солмын! Қазағымның басын қосам деп, қапияда өз басынан айырылып қалған ханың да мен, батырың да мен, ақының да мен! Алашымның Айға шарпылған арманы үшін басымызды бәйгеге тігіп, қан майданға кірдік. Қырғын соғыста кеңірдектеп қан кештік, ырғын аста бас оздырып, бәс ұттық. (Күрсіне) - Сона-а-ау, аруағыңнан айналайын аталарымыз заманында – Алтын Орданың шалқыған буы мажырық пен мағұрыпты, шын-машын мен орман орысты да жылытар дәуренде – талай ханның басы кеткен иықтан. Одан бері нелер заман өтті басымыздан. Қайсыбірін түгендейсің?! Өз бастарыңа ие болыңдар! Ал, мен осы мұражайда тұрып-ақ, елім жайлы талай түс көрдім. (Тебіреніп кетеді) - ...Адамның ғазиз басы кешкен ғұмырлық оқиғасы да бір түс қой. Бірақ, ол түс секілді болғанымен, бір заманда ұрпағына тағдыр боп, пешене боп қайтып оралады-мыс. Өр басыңды ешкімге имей, құлдық қамытын кимей өз ғасырыңды еркін өткізсең ғана пешенеңдегі шимайды түгесесің. Ал, азат басын құл ғып өмір сүрген пенденің ғұмырын жалғар бақсыз ұрпағы аталары кешкен пешенені қайыра жүріп өтеді... Құл құлдан туады! Тұлғалар ғана тұтас ұлт-ұлысы, тұтас халқы кешкен дәуірлерді басынан өткізеді. Ақыл-санасымен жімле ғаламның ғұмыр ырғағын түйсініп, жалғыз басы бір ғаламға татырлық нелер даңғайыр өтті өмірден! Адамның өмірі деген... (толғанып) - Өзінің санасында жүріп өткен жолы ғана екен. Санаң жеткен жерге дейін ғана сапар шегесің! Кім барады менімен бұл сапарға?.. (алысқа көзін қадап, терең күрсініп) - Е-ей, Еділден Ерен қабырғаға дейін аралықты ен жайлаған елім аман ба екен?! Мысырдан Мұз мұхитқа дейін найқала көшкен көшім сапарлы ма екен?! Көктегі Тәңірі мен көрдегі тәнге дейін түсіме енеді! Көшіңнің шаңы басылмағай...


Сахна қараңғыланады. Жарық қайта жанған кезде төрде тұрған Бассыз тән кенет қозғалып, мінберінен түсіп ортаға келеді. Бетіне көлденеңдеп қайқы қылыш ұстаған. (Басының жоқ екені білінбейді. Дулыға манекенге киіліп, манекен жапсырма мата арқылы мойын орнына бекуі керек. Жүзіне перде тұтқан). Адымдай басып ортаға келеді де, қасқайып тұра қалады. Қылышты еппен түсіреді. Сол қолымен ұстап тұрып, сәл басынан асыра бұлғайды. Сәл ырғалып, ауыр демалған сыңай танытады. Ұран шақырғысы келген қалыппен үн шығарады. (Алтайлықтардың көмейден шығаратын гүріл-әні естіледі, күңіреніп. Алыстан жылқының кісінегені талып жетеді. Шыңғырған адамдар үні, өкіре өлім құшқан жанның үндері естіледі. Дабыл қағылып, ұран тасталады). Кенет Бассыз тәннің екі қолы қылышқа таласып кетеді. Әрі ырғасып, бері ырғасып, жеңісе алмайды. Жанталасып, түрлі ишара-қимылдар жасайды. Тағы да қылышқа таласады. Бір сәт оң қолы жүрек тұсына барып дамылдап қалған. Сол мезетте қылыш ұстаған сол қолы шалт қимылдап, өз басын шауып жібереді. Оң қол сол қолды ұстап қатып қалған. Дулыға жерге домалап түсті. Қос қол қыса ұстап тұрған қылыш та жерге құлап қадалды. Бірақ, Бассыз тән құламай тұрып қалады. Сәлден соң сол жақ қолы кенет дірілдей-қалшылдай көтеріліп, Бассыз тән біраз қадам жасайды алға. Оң жақ қолы болса жүрек тұсын сығымдаған қалпы қатып қалған. Бассыз тән теңселіп тұрады. Құлап қала жаздайды да. Тәлтіректеп барып, тіктеліп кетеді. Бір кезде сол қолы қалшылдап, қалтырай барып, кесілген басының орнын ұстап көреді. Бас болса жоқ. Мойынның орнын сипап көрген сол жақ қол қанға малынып шыға келеді. (Сахнаға қан қызыл бояу құйылады). Оң жақ қол болса – аппақ. Бассыз тән сахнада біресе оңға, біресе солға қарай жүріп, қос қолын созып қарманып, ақыры барар жол таппаған соң, тізерлеп жүреді біраз. Бір сәт басы есіне түскендей қалт тоқтап, жер сипалап, дулығаны тауып алады. Дулығаны қос қолымен көкке көтеріп, жалбарынған ишара қимылдар жасайды. Кеудесінен күңіренген үн шығарады (алтайлықтардың көмейін күркірететін әні естіледі алыстан. Тағы да дабыл, ұран. Адамдар үні). Ақыры дулығаны иығына қондырып, жайлап бұрылып барып, мінбердегі орнына тұрады. Сахна қараңғыланады. Жарық қайыра жанған, мұражай аралауға келген Қазақ аң-таң боп, түсінен шошып оянған қалыппен Басқа қарап, басын ұстап сілейіп тұр. (Бірінші жарық сөнген қалыпта қатып қалған. Қимылды сол позадан бастап кетеді). Бассыз тән өз орнында.


ҚАЗАҚ:

- О, Тәңірім!!! Менің санам сансырай бастаған сыңайлы! Көз алдыма неше түрлі елес келді ме?! Жансыз, кесілген бас сөйлеуші ме еді? Мұражайдағы экспонат қозғалушы ма еді?! (Басты айнала қарап, төрдегі жауынгер киімін ұстағансып, айналып өтеді). - Қозғалмаған сыңайлы. Ә, менің ойым ғой. Ылғи осындай бір елестерге тап болам. (Күледі). - Анау жылы да көшедегі ескерткішпен сөйлесем деп, көліктен қап кетіп ем. (Қалтасынан жалпақ телефонын алып, жарқ-жұрқ еткізіп жауынгер киімі мен басты суретке түсіріп алады, бастың қарсысына тұра қалып және бір мәрте өзін баспен бірге түсіп те үлгереді – селфи. Жан-жағына алаңдап қарап тұрады.)


Сол сәтте сахна қызыл, қара-ала бояулармен сапырылысып, оған фотоаппарат шамының жарқыл-жұрқылы араласып, күңгірттене береді де жарық жалп етіп өшіп қалады. Күңгірт сахнада Басқа ғана оймақтай сәуле түсіп тұрады (пушка). Бас қабағын қағып, оңға-солға байыппен қарап, алыс көкжиекке көз тігеді.


БАС: (тебіреніспен)

- Қамалған қараңғыда қайран, қазақ!.. Көз алдымнан көрікті дүние өтті ғой дөңгеленіп, нелер заман аумады басымыздан! Осында мені көрмекке келген әр адамның, әр қазақтың жүрегінде мен бармын! Менің арманым бар, менің қасірет-қайғым бар әр қазақтың көкірегінде. Бірақ... Әр қазақтың басы жоқ! Жүрегі бар! Басы жоқ! Бас керек саған, қазағым! Өз басың болмаса, өзгенің басы сені ертеңге апара алмайды. Адастырады, жаныңды қинайды, тәніңді былғайды! Ақылды аяғыңа маза бермес, Алланың аянын әжуаға айналдырар! (Күрсіне) - Бір заманда сенің басыңа алты жасар атанның көн терісін де кигізіп, Мәңгүрт атандырды. Одан да аман қалдың. Бір заманда басыңа темір қалпақ кигізіп, батысқа қарай қанды қырғынға аттандың. Контужен боп оралдың мәңгіріп. Бір дәуірде төбе шашыңа дейін тықырлап, абақтыға қамалдың, енді бір заманда иегіңе қаба сақал жіберіп, мұртыңды бастырдың... (Дауысы бәсеңсіп, оймен) - Түс көріп келем. Түс емес-ау өңімде, өмірде болып жатады. Өз өмірім. Осы сапар. Қара жерге қазықша қадалғаннан басталған жорық. Әлі жортып келемін: ғасырлардың тінін көктей өтіп... Кім жүреді менімен бұл сапарда? Елім-ау, сен қайда барасың?! Бір балаң басына сәлде таққан, бір басың батыстың қара қалпағын киген. Біреудің басы – сәждеде, біреудің басы – ет табақта... (Мұңайып, тұнжырап қатып қалады)


Сахна қараңғыланады. Сол сәт төрдегі жауынгер киімі қозғалақтап, орнынан түсіп, авансценаға шығады. Қылышсыз. Ортаға кеп тұрған соң, сәлден кейін сол қолы жайлап көтеріле береді. Оны аңдып тұрғандай оң қол шап беріп ұстап алады сол қолды. Екі қол ары ырғасып, бері ырғасып, ақыры бір қапылыста сол қол иықта тұрған дулығаны жерге лақтырып жібереді. Сол сәт оң қол да шарасыздық ишарасымен, сылқ ете түседі. Сахна шетінен темір құрсау шандыған, болат шеге қағылған Мәңгүрттің басы* домалап кеп, ортаға тоқтайды. Бассыз тәннің басының орнында қолдар түрлі пішін-қалыптар жасап, сәл тұрады да, тізесі бүгіліп, төрт аяқтап басын іздейді. Бір кезде Мәңгүрттің басын тауып алып, иығына қондырады. Сол-ақ екен, өз басын өзі ұрғыштап, есінен тана қимылдап кетеді. Сахнада әрі-бері жүреді. (Алыстан ат тұяғының дүрсілі естіледі. Аласұрған әлдебір дауыстар естіледі.) Бір сәтте Мәңгүрттің басын киген Бассыз тән қорамсақта тұрған садақты қарманып тауып алып оқтап, аспанға жебе атады. Бассыз тән садақты аспаға қарата көздеп атып-атып, қалжырап құлаңқырап барып, бірер жебені сындырып, өкіре айғайлап біреуін өзінің оң жақ құлағына қадап алады. Сәл тітіркене қалшылдап, құламай тік тұра береді. Ақыры оң қолымен Мәңгүрттің басын жұлып алып, лақтырып жібереді. Сосын, қайыра садақты алып, адырнаны шірей тартып, қайқая тұрып, жебе атады аспанға. Сәлден соң баяу ілбіп барып, мінбердегі орнына тұрады. Сахна қараңғыланады. Сахнада қызыл, қара бояулар сапырылысып, жарық қайыра жанады. Бастың маңында жүрелей отырып, аң-таң боп қалған Қазақ жарық сөнердегі позада қимылсыз қатып қалған.


ҚАЗАҚ:

- Мынау... әлгі аңыздағы мәңгүрт қой. Әлгі романдағы... Осының бәрі қазақтың басынан өткен ғой. Менің басымнан өткен ғой! (Қос қолымен басын ұстай береді) - Басым-ай! Бір заманда бір білгір айтып еді: «Адамның бассүйегі жерге жасырылмай, аңғалағына көр топырағы толмай тыншу таппайды» деп. Абай еді ғой... Ескендірді жырлаған... Қанша атамыздың басының қайда қалғанын білмейміз... Тауға да, тасқа да ұрып келеміз басымызды... (Күрсініп ойға батып, оң қолын көтере қатып қалады)

Сахна тағы қараңғыланып, жарық Басқа ғана түседі.


БАС: (ойлы)

- Бірақ, басы жоқ адамның мойнына құл қамыты киілмейді. Тәнің бұғауда болғанмен, басың азат қой: көрден де, шірік топырақтан да... Сен кімнің ұрпағысың, балам?! Менің басымды алған жұрттан емеспісің?! Әлде, әлде, сен мені түмен қолмен тастай қашқан Сыпатайдың ұрпағымысың?! Әлде, сен менің басымды бір дорба ақшаға сатқан Ықыластың ұрпағымысың?! Сен... сен менің ұрпағым емессің-ау деймін! Мен тәнімнен ажыраған соң, соңымда қандай ұрпақ қалғанын да болжай алмай қалдым ғой! Сен кімсің, ей, қазақ?! (Даусына ашу-айбар араласқан) - Шығысыңда – жеті басты айдаһардай ысылдап қаптаған қалың қытай, батысыңда – адамы түгіл қарақұсының өзі екі басты алпауыт ел отыр. Сенің басың қайда, менің басым қайда?! Сен өзі... (күмәндана, сұраулы жүзбен) - Анық қазақсың ба?! (Баяу ғана күрсініп) - Кім барады менімен бұл сапарға?!.


Сахна қараңғыланады. Мінберден Бассыз тән түсіп келе жатады. Аса ауыр ырғақты музыка. Бассыз тән манағыдай қарманбайды, ештеңені көрмесе де әр қадамын сенімді басады. Тіпті, марш екпінімен салтанатты қадам тіктейді. Әскери ишара-қимылдар жасап кетеді. Музыка ауысқанда қазіргі заманғы әулекі билерге де салып қояды. Кенет музыка қалт тоқтап, ауыр ырғақтармен лықсығанда, Бассыз тән сылқ етіп отыра кетеді. Сахнаның тұс-тұсынан түрлі бастар домалап шығады, әуеден салбырап түсетіндері де бар. Бірі – қызыл әскердің басы, бірі – каска кигізілген жауынгердің басы. Енді бірі – сәлделенген бас, бірі – базардағы манекен. Бастардың бәрінің беттері шүберекпен тұтылған. Бассыз тән соның әрқайсын бір таңдап, басына шақтап көреді. Бір басты иығына қондырып, екінші басты қолымен ұстап, таңырқаған пішінмен үңіле қарап тұрады. Бір басты иығына қойып, екінші басты қолтығына қысып, теңселіп жүреді. Ешқайсы сай келмеген соң ақыры, өзінің дулығасын іздеп, шарқ ұрады. Дулығалы бас болса, әуеден салбыраған бастар арасында – Бассыз тәннің қолы жетпес тұста ілініп тұрады. Оған ерекше жарық түсіріледі. Бассыз тән сол дулығаға қолын созып, ұмсынып жете алмай лажсыз күй танытады. Сәлден соң сахна қараңғыланып, Бассыз тән дулығасын іздеп шығып кетеді. Сахнадағы бастардың бәрі алынып тасталған. Жарық Басқа түсіріледі.


БАС: (ауыр оймен, қамыға)

- Сенің басың құздан құлап өлетін құлжаның басы ма? Сенің басың қарағайдай мүйізінен қан аққан маралдың басы ма? Сенің басың жәдігөй заман мүйізі үшін қағып тастаған ақбөкеннің басы ма? Әлде, қанды көзін тесірейтіп, азу тісін ақситып, құрқылтайдың ұясындай құжыраңның қабырғасына шегеленген қасқырдың басы ма? Жо-жоқ! Сенің басың иығыңда тұр ғой, балам! Көкжиектен көзіңді асырып қараймын десең, дүрбі де керек емес! Айдарыңнан жел еседі, кекіліңді Күн тараған. Оңға бұрсаң Айың туған, солға қарасаң, жұлдызың жанған. Құлағыңа сым тығып, әулекі елдің әуенімен миыңды ашыта берме, балам! Өйте берсең, мәңгүрт боп кетесің, мәңгүрт!.. Ал, мен! Мен дүниені дүбірлеткен көшпелі ер қазақтың басымын! Сұрқия заман тақым сүйген тұлпарымнан айырды. Тұлпарым кеткен соң, астымнан тақ кетті, басымнан бақ кетті. Табанымды тіреген қара жер де кетті жаттың олжасы боп. Басым ғана қалды. Басым...


Сахна тағы алакөлеңке тартып, бояулар сапырылысып кетеді. Алыстан ат тұяғының дүбірі естіледі.


Қазақ: (басқа қарап, залға қарап, тебірене, ойлана)

- Баяғы өткен заманда дұшпанының қамалын алып, қаласын қиратқан қандықол жаугершілер бейбіт тұрғындардың басын кесіп, мұнара тұрғызыпты! Неткен зұлымдық десеңші! Ал, біз ше?! Жоғалтқан бірнеше басты таба алмай, сандалып жүрміз. (Аңтарыла жан-жағына қарап, ойға шомады) - Бірақ, ақын жырлап еді ғой:


Өмірде өстіп жүремін бе мен

Тағдырдың тартып азабын?

«Өзекті жанға – бір өлім!» - деген

Өр едің неткен, қазағым!..


«Күрес!» дейтұғын жүр күш қанымда,

Құдайым – жырым, құлыным.

Зұлмат күштермен жұлқысқанымда,

Жұлынсын менің жұлыным!


Қаскөйді таптым қандастарымнан

Қасіреттің кешіп сүренін.

Махаббат жыры марқасқа қылған

Тәкаппар – менің жүрегім!


Қайралды қылыш қайнаған кекке,

Ханның қанына тоймаспын!

Басымды берем – Баймағанбетке!

Жүректі бере қоймаспын!!!*


Махамбет қой бұл! Махамбет...

Көктей өткен, Жаһан, сені

Көк Түркінің көзі боп –

Қазақ деген – Ақан сері.


Өлеңі – бар. Өзі – жоқ.

Ертеңгі күн елес әлі.

Бұлдырап тұр шашып от.

Қазақ деген – Кенесары.

Денесі – бар. Басы – жоқ...*


Денесі – бар, басы – жоқ... (Өз басын, денесін сипаланып, Басқа қарап, ойға шомады) - Қазақта осы Кейкіден өткен мерген болды ма екен?! Қырағы көзі нысанасын бір шалса болғаны, шалт қимылдап, садақты бір ғана оқтап, кідіртпей заулатады екен жебесін. (Бір тізесін бүгіп, қолын көтере садақ атқан адамның іс-қимылын келтіреді. Манағы Мәңгүрттің де қимыл-қозғалысын ишаралап қайталайды. Көрермендерді де көздеп қояды қолымен) - Мүлт кеткен сәті болмапты! Қол мерген дейді ғой. Кейкінің де басын алды-ау сұм заман...


Сахна тағы қараңғыланады. Сәлден соң күңгірт жарық түсіріледі. Сол сәт сахнаның бір шетінен адамның басының үлкендігіндей қапшық* домалап шыға келеді. Оның соңынан ілбіп, Бассыз тән келе жатыр. Бассыз тән әлгі қапшықты қармап, ұстап алып иығына қондырады. Қондырады да, елге қарап тұрып, сыртқы қапшығын шешіп кеп қалады. Қапшық шешілген бетте адамның иығынан будырап, теңге-тиыны аралас ақша шашылады. Бассыз тән өкіре шайқалып, қапшықты лақтырып жіберіп, тәлтіректей басып сахна түкпіріне еніп кетеді. Жарық сөнеді. Шағын, оймақтай жарық Басқа түсіп тұрады.


БАС: (салмақты, шаршаңқы жүзбен)

- Тағдыр... Жалған... Жазмыш... Осының бәрі адамның маңдайына жазылған пешенеден! Тас маңдайыңа Тәңір нені жазса, соны кешесің тірлігіңде! Одан асып кету мүмкін емес. Сондықтан, оған мойынсұнбақ керек шығар... Ия, бір адамның басынан өткен оқиға бір заманда тұтас ұлттың басынан да өтеді! Бір ұлттың басындағы тағдырды Бір ғана тұлға басынан кешеді. Бір елдің жүгін бір-ақ бас көтереді. Мойыны мықты, жүрегі түкті болса ғана, әрине... Сол тағдыр үшін – әу баста өзіңнің де, халқыңның да маңдайына таңбаланған пешене үшін кімді жазғырасың? Кімнен құн даулайсың? Ақиқаттың соңына кім жетіп еді?! Жалған деген осы да! ...Түс көрем ылғи. Қилы-қилы іс көрем. (Алыстан ат тұяғының дүбірі мен жүрек қағысының ырғағы қоса-қабат естіліп тұрады) - Тұсымнан дүбірлетіп, қалың қол өтіп баратады. Қалың қолдың басында тағы сол Бассыз салт атты. Таң бозында қырдан асқан әлгі қол қасқыр қуып келе жатыр екен дейм. Бөрліккен жаудан қашқан қасқыр түлкі қуып келеді екен. (Даусына үрей араластырып) - Түлкі болса, қоянды қуып барады. Қоян саршұнақ тышқанды, саршұнақ тышқан бақа-шаян, құрт-құмырсқаны қуып бара жатады. Апыр-ай!.. Кім-кімді қуып жетер екен?! Қайсына тілекші болайын?!. Тағы түс көрем! Жанарым жабылғанша, ессіз тәнім табылғанша, қашанғы түс көрем?! Түсімде самал ойнаған Сарыарқада, аспан тіреген Алатауда, Бетпақтың құмында ел адақтап жүрем. Елмен есендесейін десем, қолым қайда?! Төс қағысып, табысар ем, кеудем қайда?! Тәнім талыққаны ма, жаным ғана ма елмен бірге?! Кейде алыс белден арудың салған әнін естимін. Менің рухым ұран боп ұшып, жыр боп жанып, кімнің кеудесіне қонған екен?! Менің жүрегім әйтеуір бір замандарда елмен бірге соғып, мәңгілікке бірге барар... Өмір артта қалмайды, артта тек өлім ғана қалады. Ал, өмір алда ғой, алда... Ей, жалған, кім барады менімен бұл сапарға?!. (Алыстан қыздар шырқаған мұңлы ән естіледі. Бассыз тәннің үніне де себезгі мұң жарықшақтана араласқан) - Бұл жалған кімнің басынан аумаған... Батыстың жатақ жұрты патшаларының басын кетіру үшін эшафот деген жын-пері құрылғы ойлап тауыпты. Француздың корольдері мен патшайымдарының біразының кәлласын қиып тастады сонымен. Бір заманда Мысырдан төмен, Нілдің жазирасын, сахара салқар құмын жайлаған қаптаған зәңгі ұлысының патшаларының да басын кетірген сұм жалған. Біздің елде батыры мен ақынының, ханының басына бәйге тігіп, ақшаға бағалапты бір дәуірде! О, Тәңірім, адамның ғазиз басына дүние жалғанның құны жете ме! Ақынның ар мен иманға тұнған кәлласын кессе де, тілін кесе ала ма! Батырдың дулығалы марқасқа басын иығынан кетірсе де, рухын жерге жасыра ала ма! Ханның басын күлсалғыш етсе де, жұртын жермен-жексен жоя алмас! Махамбеттен кейін бұ қазақтың маңдайына өзі батыр, өзі ақын ер бітті ме? Әй, қайдам! Хан Кенеден кейін мына жұртқа басы бар хан бұйырмапты!.. Түс көрем, түсімде қиын іс көрем. Біреудің басы күлсалғыш, шақша екен де, біреудің басы толы будыраған ақша екен... Түс көрем... Тұсымнан ел көшіп баратады түсімде. Олардың жорығы басқа тарапқа ма, әлде?!.


Сахнада бояулар шарпысып, кескілесіп кеткенде сахна тереңінен Бассыз тән шығып келе жатады. Қажыған, жүрісі ауыр. Ортаға кеп тұрады.


Бассыз тән (қос қолын жайып жіберіп, зор қасіретпен, күңірене):

- Уа, дүния! Cонда менің басым өзіме де керек болмағаны ма?! Кім табады менің басымды, кім табады сенің басыңды, қазағым?! (Теңселіп кетеді) - Алдымды көрейін десем, шыққыр көзім жоқ! Соңыма қарайын десем, сере мойыным қоса қиылған! Еңкейейін десем, жүрегім жібермейді, жүрегім! (Үні қалтырап) - Тізем ғана бүгілген... Жауыма емес, құбылаға! Хақты танымаққа. Бірақ, басым болмаса, ақиқат маған не керек?! (Қос қолын көтеріп, бас орнына әкеп, түрлі пішіндер жасайды) - Ақиқат баста ма, жүректе ме?!


Заман-ай, суық сұр-өңің,

Отқа да, суға саласың.

Кенесарының басын ап, түкті жүрегін –

Жүрегіме жерлеп,

Қай жаққа қаңғып барасың?!

Неңді іздеп жүрсің төрткүл дүниені түтіп жеп,

Осынау қырғын-сүргіннен?

...Кеудемде әлі түкті жүрегім лүпілдеп,

Басымды іздеп жүрмін мен.

Кім барады менімен бұл сапарға?..

(Сахнадан кетеді. Қараңғыланады. Жарық қайта жанғанда қазақ тұрады орнында.)


Қазақ:

- Ояу жүріп тәубеңе келтірер түс көрген, жаяу жүріп ғасырларға сапар шеккен заманда тұрмыз-ау! Басым-ай! Басым-ай! (қос қолымен басын қыса ұстап) - ...Дәрі ішуім керек шығар үйге барып. Түс көрдім бе, әлде өңім бе бұл?!


Сахна қараңғыланып барып, қайыра күңгірттеу сәулеге малынғанда, оң жақ шеттен қос қолын алға соза дулыға ұстаған Бассыз тән шығады. Бастың тұсына келіп бұрылып, дулығаны кигізеді де, кеудесін еңкейтіп, иілу ишаратын жасайды. Баяу ғана музыка алтайлықтардың кеуде күркіретер үнімен астасып, шымылдық түсіріле береді...


СОҢЫ.


Кей реквизиттердің сипаты

һәм Түсініктемелер:


*Адамның басы – сахнада жалғыз актер болатындықтан, Қазақтың түр-келбетіне мейлінше ұқсас жасалған, гримделген бас болуы шарт. Әрі қойылған тумбадан оңай алынып, жасыруға ыңғайлы болуы керек.


*жарғақ шалбар – көшпелінің кәдімгі жарғақ шалбары. Белінен буылып, балағының әр тұсынан шандылады. Балақтары қазіргі шалбарша ышқырдан киілмейді. Алды бүтін, арты жарылған, жарғақ. Белдік те, буындар тұсынан ұстап тұратын жапсырма-қапсырмалары да болуы керек. Актерге жылдам киім айырбастау үшін де керек.


*жыға – дулығаның етегіне қоса тігілген, мойынды қылыш соққысынан қорғайтын болат шығыршықты тор сауыт.


*жеңді берен – торғайкөз сауытқа қалың матадан жалғана тігілген жеңді киім. (Киімдердің барлығы актер тез киіп-шешу үшін алды бүтін, арқасы жарылған, екі жеңіне ғана қолын сұғып киіп, артынан жапсырғыш, қапсырмалармен ұстатылатын жеңіл жамылғылар болуы керек).


*дулыға – жауынгер киіміне мойыны тұсынан арнайы жапсырма-қапсырма арқылы ұсталатын, түспейтін қалыпты орналасуы керек. Базар манекендерін пайдаланған ыңғайлы. Манекенді шүберекпен орап, мойны бекілетін тұсына жапсырылатын мата тігіп қоюға болады. Актердің басы ойын кезінде әрдайым жеңді береннің ішінде, кеуде тұсында жасырынып тұруы керек. Әрі жауынгердің тұлғасы да зорайтылып көрінеді. Сауыттың кеуде тұсынан актер үшін қос көз ұясы ойылып, алды көрініп тұруы шарт.


*Мәңгүрттің басы – Ә.Кекілбаев пен Ш.Айтматов шығармаларындағы Мәңгүрт образының қазіргі «дамытылған» нұсқасы.


*адам басындай қапшық – бір-біріне қарсы кигізілген қос қапшық. Ішіне ақша толтырылған. Махамбет Өтемісұлының басы үшін ақ патшаның жергілікті билігі 1000 сом ақша тіккен. Соған ишара емеуірін іспетті алынып отыр. Бассыз тәннің иығына қондыру үшін қапшықтың табанына жапсырылатын мата тігіп қою керек.


*ақын С.Ақсұңқарұлының «Махамбеттің монологы» өлеңі.


*С.Ақсұңқарұлының екі-ақ шумақ өлеңі.



11-21 желтоқсан. 2014.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар