Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

17.04.2021 8485

Шерхан Мұртаза 12+

Шерхан Мұртаза - adebiportal.kz

Есімі көзі тірісінде аңызға айналған тұлғалар өте аз. Сол аздың бірі - Шерхан Мұртаза. Журналистика саласында қалам ұстағандар арасында «Шерағаңның шекпенінен шықтым» деп мақтанатындар көп.

Қан сорғалаған 1932-жылы өмірге келген нәрестеге Шерхан деген есімді әкесі Мұртаза берген екен. Қазақ аштықтан бұралып, шер көзінен жас боп тарамдалған кезінде қабыландай қайратты, барыстай батыл болсын деп армандаған болса керек. «Қарашешек қынадай қырған отызыншы жылы туғандардың тірі қалғаны кемде-кем. Қанша миллион бала ауру мен аштықтың салдарынан ажал тырнағына ілікті. Сондықтан да болар өте азбыз» - деп жазушы жиі еске алыпты.

Қазақ даласына қара шеңгелін аямай салған қарашешек Мұртаза перзентіне жуымапты. Әжесі арша бесікке салып өсірген екен. Соның да қасиеті болар. 1937-жылы әкесі Мұртаза шолақ белсенділердің қырына ілініп, қамауға алынды. Өстіп жазушының мойнына жетімдік қамыты киіледі. 5-жасар баланың есінде қалғаны түн ішінде түнеріп келген адамдардың әкесін ертіп кете барғаны. Олардың қара жендеттер екенін кейін бірақ біледі.

Одан кейін соғыс басталды. Азаматтары майданға аттанып азап арқалаған әйелдер мен қара сирақтардың да көрген күні қасіретті еді. Бригадирлер ала таңнан айқайлап қара жұмысқа салады. Егіс алқабында өмірі өтеді. Қолдары қалт етсе бір жауынгер келіп қалар деп қара жолға телміреді.

Тағы да есінде өмір бойы сақталған бір дүние - сықсаң су шығатын интернаттың қара наны. Қаламгердің аузынан оны дәмі ешқашан кетпеген екен. Нанның қасиетін ұмытып бара жатқан ұрпақтың есіне салып «Интернат наны» шығармасын жазды.

Қаламгерге тән суреткерлік қасиет адамға тумысынан дарыса керек. Сол табиғи талантын шыңдап, жазушылық жасампаздыққа ұштастыру әрбір жанның өмір жолы мен ұстанымына байланысты. Әйгілі жазушы Э.Хемингуэй: «Бақытсыз балалық шақ, кешкен қиындықтар қаламгер ретіде қалыптастырады. Қосалқы тақырыптар мен жаңа идеяларға жол ашады», - деп түсінеді. Әрине, бұл пікірді қолдауға да, теріске шығаруға да болады. Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры саналатын ХХ ғасыр шығармаларынан бұған дәлел болатын туындыларды көптеп кездестіре аламыз. Әдебиетіміздің алыптары Бердібек Соқпақбаев, Сайын Мұратбеков, Шерхан Мұртазаның өмір жолы мен шығармалары ортасында жалғасқан нәзік көпір бар. Халқымыздың басынан кешкен соғыс қасіретін, сол кезеңдегі адамдар тағдырын бала жүрегінен өткізіп, көкірегіне шер боп байланған тағдырды арқау еткен ғажап шығармаларды өмірге әкелді. «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді», «Жусан исі», «Жабайы алма», «Бұлтсыз күнгі найзағай», «41-жылғы келіншек», «Ай мен Айша», «Интернат наны» т.б. шығармалар жазушының өз өмір жолынан алынып бүкіл ұлттың тағдырын көркемдікпен бейнелеген құнды мұралар.

Тағдыр тезге салып, шер ширатпаған адам қалам ұстап та мандытпас. Жанына жегі түскен ғана өзгенің жүрегіне жететін дүние жазады. Замандастары сияқты Шерағаңның да шығармашылығына үңілсең қазақтың тауқыметті тағдырын көресің. Ол сол тағдырдың бір бөлшегі. Өз халқының қасіретін айтып аяқтай алмады.

Шерхан Мұртазаның шығармашылығы дегенде бірден «Ай мен Айша», «Қызыл жебе» оқырман ойына оралады. Мұхтар Әуезовтың «Қараш-қараш оқиғасымен» үндес шығарма «Қызыл жебе». Бұған Сталин «Шыңғысхан» деп атаған Тұрар Рысқұловтың өмірі арқау болған.

Жуалыда туып, Алматыда жұмыс іздеген Шерағаңның «Лениншіл жастың» шеберханасына тап болуына Момышұлылар отбасы қол ұшын созады. «Лениншіл жастың» тізгінін ұстаған шағында қаламгер қазақ даласының түкпір-түкпірінен талантты жастарды жинай бастайды. Олардың әрқайсы бүгінде қазақ журналистикасында, әдебиетінде қарағайдай тұлғалар. Алтайдан Оралханды, Атыраудан Фаризаны, Арқадан Ақселеуді, Шымкенттен Шахановты алдыртады.

Ол терең саясаткер. Жоғары Кеңес депутаты болғаннан кейін, тәуелсіз Қазақстан Парламентінің де креслосында отырды. Үкімет жер кодексін қабылдар шақта «Жерді сату – анаңды сату» деп ақырғаны елдің есінде. Халық мүддесіне келгенде салғырттыққа күйінді. «Жауапсыздықтан асқан жау жоқ» деп билікті ыждахаттылыққа шақырды.

Ұлылықты, адамға бағаны беретін - өмірдің өзі. Қазақтың қарымды қаламгері, халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртаза қай кезеңде де айтарын ашып айтып, іріліктің үлгісін көрсетіп өтті. Ол ағалықтан даналыққа, даналықтан абыздыққа көтерілді. Қазақтың қоғамдық өмірінде Шерағаң араласпаған мәселе жоқ. Әсіресе ел, жер, адам, тіл тағдырында қатысты айтқан сөздері ел жадында мәңгілік сақталады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар